Поможем написать учебную работу
Если у вас возникли сложности с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой - мы готовы помочь.
Если у вас возникли сложности с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой - мы готовы помочь.
Гүлнар МАМАЕВА филология ғылымдарының кандидаты. ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының доценті. Термин алмасу мәселесі
27-Қыркүйек, 2010 | 703 рет қаралған
Тіл атаулыда басқа тілден сөз, термин алмаған тілді кездестіру өте қиын. Рас, ғалымдардың кейбір термин алмасуы өте аз бірлі-жарым тілдерді көрсетуі ғылымда кездеседі. Мәселен, И. М. Ошанин қытай тілінің терминологиясы туралы мынадай пікір айтқан: «Многотысячелетнее развитие китайской культуры с ее материальным и духовным богатством, с ее развитой теоретической мыслью отраженной в многочисленных сочинениях по философии, истории, экономике, медицине, математике и т.д. обусловило огромные словообразовательные возможности, позволяющие передавать средствами своего языка любые понятия, заимствованные у других народов. «Поэтому удельный вес прямых заимствованных и иностранных слов в китайском языке чрезвычайно мал…» [1].
Халықтардың арасындағы қарым-қатынас дамымаған кезеңде де сөз алмасу болатынын ғалымдар түрколог Н. Баскаков, қазақ тіл білімі ғалымдары Н. Т. Сауранбаев, С. Аманжолов, Ә. Қайдар, Ө. Айтбаевтың дәлелдеп келгені белгілі. Бұл мәселе туралы академик Ө. Айтбаевтың сөзін келтірейік: «Ал көне иран кірме сөздерінің қатарына арна (arna) жер суландыру үшін жасалған үлкен канал, кент (kent) қала, бөз (bőz) мақтадан жасалған материал тәрізді бірнеше сөз жатқызылып жүр.
Сондай-ақ қазіргі қазақ тілінің құрамындағы заң, шай, шанақ сөздерінің бір кезде қытай тілінен ауысқанын бұл күнде ескере де бермейміз.
Бұлар, яғни санскрит, ескі иран және қытай тілінің элементтері, өте көне дәуірлер жемісі болып есептеледі, біз сөзбен айтқанда, бұлар көне дәуірде пайда болған кірме сөздер» [2, 61].
Лексикология ғылымының маманы Ғ. Мұсабаев араб, иран тілдерінен енген кірме сөздер деп мына сөздерді келтірген: 1) шаруашылық, үй тұрмысына байланысты бұйымдардың атаулары: айна, таға, атырап, торап, шырақ, байрақ, базар, таба, орамал, бадам, перде, батпан (4-тен 6 пұтқа дейін); 2) мәдени-ғылыми ұғымдарды білдіретін сөздер: қалам, дәуіт, қағаз, мектеп, медресе, мәлім, мағлұмат, мереке, емтихан, ғалым, ғылым, пән, мешіт, кітап, тарих, тағы сол сияқтылар; 3) діни қызметті білдіретін сөздер: ораза, намаз, дәрет, парыз, аруақ, құдай, құдірет, аят, күнә, мәйіт, өсиет, бейіт, тағысын тағылар [3, 154].
Бұл сөздердің бәрі Л. З. Рүстемовтің «Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы кірме сөздері» деген еңбегінде де беріліп толықтырылған. Л. Рүстемов парсы сөздерінің араб сөздерінен түркі халықтары тілдеріне кіруін бұрын деп санайды, оны ғалымның өз сөзімен берейік: «…түп-төркіні иран тілдес болып келетін сөздердің түркі халықтарының тіліне ауысуы, парсы және түркі тілдерінің өзара инфильтрация жасау процесі ертеректе, арабтар мұнда келмей тұрған кезде, араб мәдениетінің гүлденуінен әлдеқайда бұрын басталған» [4, 45].
Ғалым С. Исаев та осындай пікір айтқан: «…араб, иран тілдерінің әсері дегенде иран тілдерінің әсері араб тілдерінен гөрі ертерек басталатынын да жоққа шығармаймыз» [5, 112].
Қазақ тіліне араб-парсы сөздері тікелей қарым-қатыс арқылы емес басқа тілдер арқылы сатылап кірген деп саналады. Бұл сөздердің кейбіреулері кейін термин сөздерге ауысқан. Осы араб-парсы тілінен қазақ тіліне ауысқан сөздердің ерекшелігі олар қазақ тілінің айтылуы бойынша қазақ тілінде қалыптасқан. Сондықтан қазір олардың басқа тілдің сөздері екенін ажырату қиын.
А. Байтұрсынұлы және алаш зиялылары тілде баламасы жоқ жағдайда шетел терминдерін қабылдауға болады, бірақ шетел терминдерін қазақ тілінің дыбыстық заңдарына сәйкестендіріп алу керек деп санаған. Е. Омарұлы: «Пән сөзді өз тілімізден таба алмаған күнде иаурыпа қолданған латынша пән сөздерді алуға болады. Бірақ ондай жат сөздерді алғанда, - оны тіліміздің заңына келтіріп өзгертіп алу керек». «Тілдің заңына келмейтұн жат сөздер көбейіп кетсе, тіл бұзылады, - тілдің негізгі қасиеттері тұрлаулы заңдары бұзылады» - дейді [6, 97]. Ал Х. Досмұхамедұлы термин сөздерді қабылдау тұрғысында мынадай тұжырымдар айтқан: «Тілге кірген жат сөздер сіңу үшін тілге өзілік болуы үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек». «Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады» дейді [7, 148].
Қазақ халқы кеңес саясатының тіліміздегі зардабын әлі ұмытқан жоқ. Орыс тілі арқылы тілімізге кірген терминдер тіліміздегі ең көп кірме сөздер. Оларды ғалымдар түрлі себептерге байланысты әр кезеңде көрсетіп келеді. Сондықтан қазақ тіліндегі кірме сөздердің көбі орыс тілінен келген сөздер және олар орыс тілінен қазақ тіліне тікелей қарым-қатыс арқылы ауысқан сөздер болып саналады. Ол туралы Ғ. Мұсабаев былай деп жазған: «Қазақ тіліне орыс сөздері басқа бір үшінші тіл арқылы емес, тікелей ауысады, өйткені қазақтар орыс халқымен көрші тұрып, тығыз қарым-қатынаста болды» [3, 162].
Орыс тілінен қазақ тіліне ауысқан сөздердің тілде қалыптасу ерекшелігіне қарап екі топқа бөлуге болады: 1) қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі бойынша өзгеріп қалыптасқан орыс сөздері; 2) орыс тіліндегі дыбыстық құрамын толық сақтап қалыптасқан орыс сөздері.
1. Қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі бойынша өзгеріп қалыптасқан орыс сөздері саны жағынан 2-топтағы сөздерден әлдеқайда аз және олар алғашқы ауысқан сөздер, ауысу мезгілі жағынан ертерек кезеңге жатады. Олар төмендегідей: самауыр (самовар), кереует (кровать), зәйімке (зимовка), шәйнек (чайник), болыс (волостной управитель), ояз (уезд), поштабай (почтальон), сот (суд), станса (станция), шәй (чай), божы (вожжи), ауылнай (аульный), мүк (мох), картоп (картофель), жандарал (генерал), атпекет (адвокат), жарма (ярмо), бүбірнай (выборный), кінеге (қойын дәптер), жағырафия (география), т. б. Бұл сөздердің тарихы әр түрлі: 1. Бірсыпырасы қазір қолданыстан шығып қалды: зайімке, атпекет, бүбірнай т. б.
Келесі бір тобы қазір де қолданыста жүр: самауыр, мүк, картоп, жарма, ауылнай т.б.
2. Бұлардың біразы терминге айналған: сот, мүк.
3. Кейбіреулері архаизм сөздерге айналған: болыс, ояз, ауылнай.
4. Кейбір сөздер ауызекі тілде қолданылады: шәйнек, станса, картоп, жағырафия.
Орыс тілінен кірген сөздердің 2-тобы орыс тіліндегі дыбыстық құрамын сақтап кірген сөздер негізінен термин сөздер. Термин алмасу дүниежүзі тілдеріне ең көп тараған тілдік құбылыс. Бұл мәселе туралы ғалым Ш. Құрманбайұлы сөзін келтірейік: «Өзге тілдерден термин қабылдау барлық тілдерге тән құбылыс. Басқа халықтардың тілдерінен сөз алмайтын тіл болмайды деуге болады» [8, 76]. Бұл жалпы Ш. Құрманбайұлының ғана пікірі емес, ол әсіресе, терминолог ғалымдарға қатысты. Термин мамандарының бәрі термин алмасу заңды құбылыс деп санайды. Олардың кейбірін атаған орынды. Мәселен, А. В. Суперанская, Н. В. Подольская, Н. В. Васильева, Д. С. Лотте, В. В. Иванов, Е. П. Фомиченко, Л. Блумфильд, М. Н. Володина, H. Zulfіkar, К. Я. Авербух, В. П. Даниленко, К. Мұсаев.
Термин алмасу қандай дәрежеде қандай жағдайда, қалай жүзеге асуы орынды деген мәселеде пікір алалығы өте күшті және ол әр кезеңде өзгеріп отырды. Мәселен, 1930 жылдарға дейінгі кезеңдегі қазақ зиялыларының пікірін Ш. Құрманбайұлы алғашқы бағытқа жатқызып, ол туралы былай дейді: «Біріншісі жат сөздерді жалпы халықтың айту мәнеріне сәйкестендіріп жазу… Ахмет Байтұрсынұлы кезеңіндегі алаш зиялылары да өзге тілдердің сөздерін қабылдауда осы жолды ұстанды» [8, 80].
Кейін бұл ұстаным бұзылып, терминдерді орыс тіліндегі қалыпта барлық ұлт республика халықтары қолдануы керек деген ұстаным үстемдік алды. Ол терминдерді біріздендіру, идентификациялау, реттеу, т. б. ұсыныстардың бәрі орыс тіліндегі қалпын сақтауға апарды. Сондықтан да қазақ тілінің терминологиясының 70-80 пайызы орыс тілі арқылы кірген терминдер болды дейді ғалымдар. Бұл өз тіліміздің мол мүмкіндігін пайдаланбау деген сөз. Ол туралы Ш. Құрманбайұлы сөзін келтіру орынды: «Өз тіліміздің мол лексикалық байлығы, сөз тудырушы жұрнақтары, сөзжасам тәсілдері бола тұра кірме сөздерді осынша көп мөлшерде және орыс өз тіліне қалай алса, біз де солай айнытпай қабылдағанымызды басқаша түсіндіру қиын деп Ахмет Байтұрсынұлының «… өзімізге қолайлы нәрсені істеп алуға жалқаумыз» деген сөзіне сілтеме жасаған [8, 100]. Әрине, тек жалқаулық қана емес, кеңес кезіндегі орыс халқының күшті ықпалы болғаны да белгілі.
Еліміз егемендік алғалы жағдай өзгерді. Қазір терминжасамды Ахмет Байтұрсынұлының, Елдес Омарұлының, Нәзір Төреқұлұлының, Мағжан Жұмабайұлының, Жүсіпбек Аймауытұлының, Халел Досмұхамедұлының, Жұмахан Күдериннің, Сұлтанбек Қожанұлының, Телжан Шонанұлының т. б. алаш азаматтарының терминжасам ұстанымдарын іске асыруға ғалымдар бағыт алды. Бұған көп томдық терминологиялық сөздік дәлел. Әрине, бұл бағыт толық іске асты деп айта алмаймыз. Бірақ «сең қозғалды» дегендей алғашқы адымды ғалымдар жасады, барған сайын идеяның дамитынына сеніміміз мол.
Алайда, ғылымның орасан зор дамуы жаңа терминдер тасқынын күшейтуде, ол даму тоқтамақ емес. Демек, жаңа терминдер де көбейе бермек, оның бәріне өз тілінен балама табу мүмкін бола бермейді. Сондықтан дүние жүзінде термин алмасу проблемасы пайда болған. Ол объективті заңдылық. Жаңа терминдерге өз тілінде балама табылмаған жағдайда тілдерде термин алмасу жүзеге асады. Мәселен, компьютер, интернет, атом, азимут, ксерокс, оптика, электр, ядро, физика, микроб, геология, геометрия, дивергенция, т.б. осы тектес терминдер көп томдық сөздікте осы қалыпта берілген. Демек, көп томдық сөздік жасаған ғалымдар, мамандар олардың қазақша баламасын таппаған. Бұл терминдерді қабылдауға тілдік жағдай мүмкіндік бергенін білдіреді. Олай болса, жаңа терминдерге балама болатын сөздерді табу мүмкіндігі қай тілде де үнемі бола бермейтін жағдайлар да болады. Сондықтан дүние жүзі тілдеріне термин алмасу ортақ құбылыс. Бірақ терминді қабылдаған тілде ол қабылданған термин өмірлік болып қатып қалады деген пікір тумау керек. Термин өмір заңына бағынатын тілдік құбылыс, бұл өмір жаңалықтары терминге әсер ете алады дегенді білдіреді. Оған елімізде болған қазақ тілінің терминологиялық қорына кіргізген өзгерістері дәлел. Бірсыпыра орасан көп терминдер қазір қолданыстан шықты. Демек, терминологиялық қор өзгеріске бейім тілдік құбылыс. Бұл айтылғандардан термин алмасуды болдырмау мүмкін емес екенін байқаймыз, тек ол орынды жүзеге асуы керек.
Академик Ә.Қайдар терминологиялық қор үнемі дамытылып отыруы керек деген. Бұл әрине, заңды талап. Оны тек қазақ тілі ғана іске асыруға міндетті емес. Сондықтан да ғалым Ш.Құрманбайұлы терминологиялық қордың түзілуінің екі көзін көрсетуі, оның бірі ретінде өзге халықтардың терминдерін қабылдау деп санауы бұл құбылыстың заңды екенін білдіреді. Оны өз сөзімен келтірейік: «Жалпы кез келген тілдің терминологиялық лексикасының түзілуіне негіз болатын екі көзі бар. Оның бірі ұлттың өз тілі де, екіншісі өзге халықтардың тілдері. Алғашқысы терминологияның ішкі көзі, ал кейінгісі сыртқы көзі деп аталады» [8, 40].
Ғалымның бұл пікірі біздің термин алмасу тілдерге ортақ құбылыс деген пікірімізді растайды және оның біздің тілімізге де қатысын білдіреді.
Қазақ тілі терминологиясының құрамы қазір кеңес кезіндегіден өзге тіл терминдерінен көп тазартылды. Алайда, әлі де тілімізде термин алмасу ретімен келген терминдер баршылық және ол терминология салаларының бәріне қатысты. Сала-сала бойынша кейбіреулеріне тоқталайық. Мәселен, акварель, актер, актриса, анонс, аншлаг, ассисент, балет, гармония, гобелен, диалог, директор, дублер, интернет, интервал, кабаре, кадр, картина, клуб, концерт, прима, реализм, режиссер, экран, эпилог, эффект т.б. осы сияқты термин алмасу жолымен келген шетел терминдері 2000 жылғы мәдениет және өнер сөздігінде берілген. Осы келтірілген терминдерді қазақ тілінің байырғы сөздерімен беруге болмады дегенге сенгіміз келмейді. Осындағы акварель, актер, балет, диалог, директор, картина, клуб, концерт, эффект тағы басқаларының халық арасында қолданылып жүрген баламалары бар. Мысалы, бояу, әртіс, би, пікірлесу, бастық, сурет, ойын-сауық үйі, ән-күй, күшті әсер т.б. Әрине, біз осы терминдерді дәл осылай ауыстыруды ұсынбаймыз бірақ мамандар ойланып, оларға баламаны тілден табуға болады деген пікірдеміз. Оған басқа түркі тілдерінің тәжірибесі түрткі болып тұр. Мәселен, түрік тілінде yenetmen, yapіm, режиссер, оператор мәнінде қолданылатын терминдер. Бұлар қазақ тілінде қанша уақыттан бері режиссер, оператор түрінде қолданылып келеді, оларды аудару туралы сөз болған емес. Өз тілін сыйлайтын халықтар оларды аударған.
Осындай жағдай терминологияның басқа салаларында да баршылық. Мәселен, географияны бірсыпыра уақыт жағырафия, математиканы есеп пәні деп келдік.
Бұл жағдайлардың бәрі алмасқан терминдер жөнінде әлі де ойланатын жайлар барын аңғартады. Бірақ бұл ойлар термин алмасу қажет емес дегенді білдірмейді. Термин алмасу қашан да болады, тек орынды болуы керек. Орынсыз термин алмасу тілді шұбарлау болатыны сөзсіз. Біз бұл жағдайды кеңес кезеңінде басымыздан өткіздік. Қазір орынсыз алынған шетел терминдерінен арылу кезеңіндеміз. Бұл әрекет әлі де жүргізіле береді деуге болады.
Осы бағытта көп томдық сериялы сөздіктер 2000 жылдарда шығарылып, ол Мемлекеттік сыйлық алғаны белгілі. Бұл сөздіктер бірсыпыра терминдерді байырғы сөздермен ауыстырғанын да баспа бетінде пікір айтушылар атап жатты. Сонымен бірге кемшіліктер ішінде тілдің толық пайдаланбағаны да көрсетілді.
Бұдан шығатын қорытынды термин алмасу заңды құбылыс. Өмірде, ғылымда, техникада әр елде болып жатқан жаңалықтарды әкелетін термин сөздерден қашуға болмайды. Бірақ оның мазмұнын жақсы түсініп, тілден оған лайықты сөзді тауып, сөзжасам мүмкіндіктерін толық пайдалану керек. Әрине, тілдің жаңа терминді білдірерліктей еш мүмкіндігі жоғы анықталса, онда шетел терминін қолдану орынды. Қазіргі мақсат орынсыз қолданылып жүрген шетел терминдерінен арылу.
Пайдаланған әдебиеттер
1.Ошанин И.М. Китайский язык - БСЭ. 2-е изд. Т21
2.Айтбаев Ө. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы: Арыс, 2007. - 627б.
3.Мұсабаев Ғ. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы: Арыс, 2008. 472 б.