Будь умным!


У вас вопросы?
У нас ответы:) SamZan.net

і Олар ~здеріні~ жаратылу ма~сатынан бейхабар

Работа добавлена на сайт samzan.net:

Поможем написать учебную работу

Если у вас возникли сложности с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой - мы готовы помочь.

Предоплата всего

от 25%

Подписываем

договор

Выберите тип работы:

Скидка 25% при заказе до 9.11.2024

Құлшылыққа құлшыну – құтылу

Немесе құлшылық етпеуге сылтау бар ма?

*** Алматы – 2010 ***

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!

Кіріспе

Әссәләму `аләйкум уә рахмәтуллаһи уә баракәтуһ!

Сізге Аллаһтың сәлемі, рахметі және берекесі болсын!

Құрметті оқырман! Көп адамдар бұл дүниеге не үшін келгенін білмейді. Олар өздерінің жаратылу мақсатынан бейхабар. Өкінішке орай, олардың ішінде өздерін мұсылман деп cанайтындар да аз емес. Аллаһқа құлшылық етуге шақырсаңыз, бет бұрады. Аллаһтан қорқу керек екендігін  ескертсеңіз, құлақ аспайды. Сондай кісілердің кейбір күдіктері мен түрлі-түрлі сылтаулары бар. Алайда, Аллаһқа шүкір, негізсіз сылтаулардың ешқайсысы жауапсыз қалдырылмаған. Аллаһ Тағала былай деген:

«Елшілерді қуандырушы, ескертуші ретінде жібердік, олардан соң адамдардың Аллаһқа қарсы айтар еш сылтаулары болмас үшін». (Ниса сүресі, 165-аят)

Құлшылық етпейтіндердің насихаттарға нанбайтындары аздай, олар Аллаһтың мейіріміне ұмтылып, Оның азабынан қорқып жүрген бауырларымыз бен әпке-қарындастарымызға түрлі сын айтып, тіл тигізеді. Аллаһ Тағала тура жолға бет бұрған құлдарына табандылық нәсіп етсін!  

Сонымен кітапшамыздың басты мақсаттары:

  •  Адамдарға өмірге не үшін келгендерін еске түсіру;
  •  Құлшылықтың маңыздылығын түсіндіру;
  •  Құлшылықтан бас тартатындай сылтау жоқ екенін айқындау;
  •  Құлшылық етушілерге жабылған жалаға жауап беру.

Аллаһ Тағала біздің осы шағын ғана еңбегімізді Өзінің разылығы үшін істелген ықыласты істерден етсін! Барлық қандастарымыз бен жерлестерімізге тура жолды нәсіп етсін! Расында, Ол  - әр нәрсеге күші жетуші!

Автор: Анаралиев Данияр

* * *

1 - Біз не үшін жаратылдық? Әрі біз еш мақсатсыз және босқа дүниеге келдік деген ой дұрыс па?

Аллаһ Тағала былай дейді:

«Көктерді де, жерді де әрі екі арасындағы нәрселерді де ермек үшін жаратпадық. Екеуін ақиқат бойынша жараттық. Бірақ олардың көбі білмейді»; (Духан, 38-39)

«Көк пен жерді әрі екі арасындағыларды босқа жаратпадық. Ол қарсы келгендердің ойы»; (Сад, 27)

«Біз сендерді босқа жараттық, әрі Бізге қайтарылмаймыз деп ойлайсыңдар ма? Шынайы Ие (болған Аллаһ) – Пәк (Таза)!» (Муминун сүресі, 115-аят)

Аллаһ Тағала адамды бір мақсатпен жаратты. Ол құлдарын еш мақсатсыз, еш даналықсыз, бостан-босқа жаратпады. Алайда біздің бұл тіршілікте пайда болуымыздың бір мақсаты бар.

Аллаһ Тағала былай деді:

«(Аллаһ) өлім мен өмірді, қайсыларың амалдарыңмен жақсырақ боласыңдар деп сынау үшін жаратты». (Мүлк сүресі, 2-аят )

«Мен жындар мен адамзатты, тек Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым». (Зәрият сүресі, 56).

Демек, біз босқа жаратылмадық. Жаратылуымыздың мақсаты – Аллаһқа құлшылық ету.  

2 – Құлшылық (ғибадат) дегеніміз не?

Құлшылық (ғибадат) дегеніміз – бұл Аллаһ жақсы көретін, разы болатын жария және жасырын сөздер мен істер. Мысалға, егер сіз: «Лә иләһә илләЛлаһ», немесе «Субханаллаһ!» - деп айтсаңыз, онда құлшылық еткен болып саналасыз. Себебі, ол сөздерге Аллаһ разы болады. Егер сіз намаз оқысаңыз, онда құлшылық еткен болып табыласыз. Өйткені, намаз – Аллаһтың ең сүйікті істерінің бірі. Осылай анықтала береді.

Демек, егер Аллаһ бір сөзді немесе бір амалды жақсы көретін болса, онда оны орындау, құлшылық (ғибадат) болып табылады.

Ал енді кез-келген құлшылық деп жасалған амал Аллаһтың алдында қабыл болуы үшін ол біріншіден, тек Аллаһқа ғана және одан өзге ешкімге де, ешнәрсеге де арналмауы керек.

Екіншіден, кез-келген құлшылық Пайғамбарымыздың ғана (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) көрсеткен өнегесі бойынша жасалуы қажет. Ақылы бар адамға мұны түсіну қиын емес. Аллаһтан өзгегеге арналған құлшылықты Аллаһ қалайша қабыл етпек, ал пайғамбардан (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзге біреудің өнегесімен жасалатын құлшылыққа   Аллаһ қалайша разы болады?

3 - Құлшылықты кімге арнау керек?

Құлшылыққа лайықты – бір ғана Аллаһ! Не үшін? Өйткені барлығымызды жаратқан – Бір Аллаһ. Ризық беретін де – Бір Аллаһ, науқасымызға шипа беретін де – Бір Аллаһ,  өмір беретін де – Бір Аллаһ, аспаннан жаңбыр жаудыратын да – Бір Аллаһ, жерден өсімдіктерді шығаратын да – Бір Аллаһ, күн мен түнді ауыстыратын да – Бір Аллаһ  және  т.б. осы сияқты әлемдегі істерді басқаратын – Бір Аллаһ! Демек, біз сол Бір Аллаһқа ғана құлшылық етуіміз керек. Басқа ешкім де, ешнәрсе де құлшылыққа лайықты емес. Ол періште болсын, пайғамбар болсын, әулие болсын – бұлардың барлығы жаратылыстар. Ал біз құлшылықтарымызды, әлемдердің Жаратушысы – Аллаһқа ғана арнауымыз қажет!

Аллаһ Тағала Қасиетті Құранда былай деді:

«Әй, адамдар! Сендерді және сендерден бұрыңғыларды жаратқан Раббыларыңа құлшылық етіңдер! Сол арқылы тақуа болысыңдар. Ол сондай Аллаһ: сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әртүрлі өсімдіктен, ризық шығарды. Сондықтан, біле тұра Аллаһқа серік қоспаңдар!». (Бақара сүресі, 21-22-аят)

Ал Аллаһтан өзге құлшылық етілетін нәрселер, ештеңені жаратпаған, еш нәрсеге ие емес. Аллаһ Тағала бұл туралы:

«(Әй, Мұхаммед! Оларға) айт: “Аллаһтан өзге құлшылық ететін нәрселеріңді шақырыңдар! Олар аспанда да, жерде де кішкентай құмырсқаның салмағындай да еш нәрсеге ие бола алмайды. Олардың онда ешқандай серіктестігі жоқ, сондай-ақ Аллаһқа  олардың ешбіреуі көмекші де емес”», - деді. (Сәбә сүресі, 22-аят)

Ең ұлы сөз, ең маңызды куәлік – бұл «Лә иләһә илләЛлаһ!», ал оның мағынасы: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ!».

Аллаһ Тағала былай деді:

«Аллаһтан басқа ешкімге құлшылық та етпеңдер , дұға да жасамаңдар!» (Жын, 18-аят)

4 – Құлшылық ету тек Исламның бес парызын орындаумен, мешітке барумен ғана шектеле ме?

Исламның бес тірегі бар. Олар: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ және Мухаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) - Оның елшісі», - деп куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, рамазан айында ораза тұту және қажылыққа бару. Халық арасында Исламның осы тіректері «Исламның бес парызы» деген атаумен кең тараған.

Алайда, құлшылық деген түсінік мұнымен шектелмейді. Ол одан да ауқымдырақ нәрсе. Мысалы,   ата-анаға игілік жасау, егер ол Аллаһтың разылығы үшін және Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көрсеткендей үлгіде жасалған болса, құлшылық болып табылады. Өйткені, Аллаһ бұл істі жақсы көреді. Бірақ, құлшылықтың бұл түрі әлгі бес тіректің ішінде жоқ. Тура сол сияқты, туыстық қарым-қатынастарды нығайту да ғибадат етудің бір түрі болып есептеледі, алайда оның «бес парыздың» қатарында аталғанын таппаймыз. Жалпы, Аллаһ үшін жасалатын және Аллаһ жақсы көретін кез-келген іс құлшылық болып есептеледі, әрі адамның бүкіл өмірін қамтиды.

5 - Құлшылық еткен адам, өмірдің бар қызығынан қалады деген ой дұрыс па?

Әрине, дұрыс емес! Біз олай айтатын кісілерден: «Құлшылық етіп жүрген адам өмірдің қандай қызықтарынан қапы қалып жүр екен?» - деп сұрайық. Олар не деп жауап бере алады?!

Олар тек: «Арақ іше алмай қаласың! Әйелдерге  бара алмайсың!», - деп қана жауап береді.

Осы ма өмірдің қызығы?! Арақ ішіп, мас болып, сосын шошқа сияқты өлу – бұл өмірдің қызығы ма? Заңды неке қиюдан, үлгілі жанұя құрудан бас тартып, тәнін сатқан әйелдерге барып құмарын қанағаттандыру - өмірдің қызығы болып табылады ма? Уа, ұяты мен намысы бар адамдар, бұндай қызық көргенше, өлген артық емес пе?!  

Арақты адамдар не үшін ішеді?

Жауабы: денсаулық үшін, достық үшін, бақыт үшін, өмір жасы ұзақ болу үшін.

Енді ойланайық, денсаулық үшін у ішкен адамның ақыл-есін дұрыс деп санауға бола ма? Мас болып, бір-бірін өлтіретін маскүнемдердің достық үшін «алып қояйықтары» таңқаларлық нәрсе емес пе?  Қанша отбасылардың қирауына, қанша балалардың жетім болып қалуына, қанша әйелдердің жесір болып қалуына себеп болған мына арақты бақыт үшін ішу - ақымақтық емес пе?

Ал некесіз әйел-қыздарға барып жүрген адамға келсек, онда оған айтарымыз: «Сенің анаңа, сенің әпкеңе немесе қарындасыңа, сенің қызыңа түрлі оңбағандардың келіп жүргені сені қуантатын еді ме? Әлде бұл саған ұнамай ма?! Егер ұнамаса, онда әлгі сен барып, немесе бармақ болып жүрген әйел-қыздар да - біреулердің аялап өсірген қыздары екенін, біреулердің сүйікті аналары екенін естен шығарма. Ал егер де, Аллаһ одан сақтасын, жүрегіңде жақындарыңа деген қызғаныш оты сөнген болса, онда біздің саған еш айтарымыз жоқ.

Бір күні Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір жас жігіт келеді де: «Уа, Аллаһтың елшісі, маған зина жасауды рұқсат етші!» - дейді. Сонда Мухаммед пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары (шәкірттері) жігіттің бұл өтінішін ауыр қабылдап, ызаланады. Ал Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан былай деп сұрайды: «Бері жақындашы! Анаңмен біреу зина жасаса, разы болатын ба едің?». Әлгі жігіт: «Жоқ!» - деп жауап береді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Тура солай, адамдар да аналарымен зина жасалса, разы болмайды!» - деп айтады. Сосын пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған әпкесі, қызы, тағы да басқа оған ең жақын болған әйелдер туралы да осындай сұрақтар қояды. Жігіт әр сауалға әуелгідей: «Жоқ! Разы болмайтын едім!» - деп жауап берді. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның кеудесіне қолын қойды да: «Уа, Аллаһ! Оның жүрегін тазарт, күнәларын кешір және зина жасаудан сақта!», - деп дұға етті (Ахмад 5/256).

Бір ақын былай деді:

Айтшы, қане, әйел деген өзі кім?

Әйел деген – дәл өзіңдей адам,

Әйел деген – кеше сені мәпелеген анаң.

Әйел деген – намысың мен арың,

Әйел деген – қойныңдағы сүйдім деген жарың.

Бесігінде жатқанда бөпелеген,

Тәй-тәй басса, мәз болып жетелеген.

Әйел деген – қызың ғой еркелеген,

Әйел деген – қызың ғой әке деген.

Әйел деген – қарындас аға деген

Бір өзіңді қорғаныш, пана көрген.

Әйел деген – әпкең ғой алдыңдағы

Сен қуансаң, қуанар алтын жаны

Аталғандар – туыстық жақындарың

Дәл осындай қатынаста елдің бәрі.

Жоқ олардың керексіз жаралғаны,

Ойын, күлкі, зинаға арналғаны.

Айтшы енді,

Зинасымен мақтанған қайран ерім,

Сол күнәні жақындарға қалар ма едің?

Қалар ма едің анаңның қор болғанын,

Зинақорға қызыңның қол болғанын.

Қалар ма едің астында өгіздердің

Қарындас пен әпкеңнің егіз езілгенін.

Жүрегінде дерті бар надандардың

Әйеліңнен дәм етіп көз ілгенін.

Қаламасаң өзіңе бұл істерді

Өзге үшін оны да қылмыс деп біл!

Сондықтан, өмірдің қызығы деп адамдар, арақ ішу мен зина жасауды меңзейтін болса, онда әрине ол «қызықтармен» алтын уақытымызды өткізіп алмағанымыз жөн.  

Ал жалпы айтар болсақ, онда құлшылық ету жақсы өмір сүруге ешқандай кедергі болмайды. Адам қалаған сусынын ішеді, қалаған тағамын жейді, қалаған киімін киеді, тек қана Аллаһ тыйым салған сусындар мен тағамдарды және киімдерді тұрмыста қолдануға болмайды. Мысалы, сол сусындарды алсақ, шабдалыдан, алмадан, шиеден сығылған неше түрлі шырындар, неше түрлі сулар: газдысы бар, газсызы бар, минералдысы және т.б. толып жатыр ғой. Міне солардың ішінде тек мас қылатын ішімдіктер ғана тыйым салынған.

Ал енді Аллаһтың бұйырғандарын орындап, тыйымдарынан аулақ жүру адамның дүние қызықтарын көруіне кедергі болады деп айтуға бола ма?

5 – Құлшылық етуге ерте емес пе? Біз әлі жаспыз ғой! Мүмкін, оған пенсияға шыққан соң кірісерміз?

Аллаһ Тағала былай деді:

«Ешкім ертең не істейтінін білмейді әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді. Күдіксіз, Аллаһ - толық Білуші, Хабардар». (Лұқман сүресі, 34-аят)

Шынында да, бүгін бармыз – ертен жоқ! Ешкім ажалы қашан жетіп келетінін білмейді. Ал солай бола тұра, қалайша біз құлшылық етуге лайықты тек Аллаһ Тағала екендігін және оның ешқандай серігі жоқ екендігін ұғынуды, намаз, ораза және т.б. ізгі амалдарды кейінге қалдыра аламыз?! «Пенсияға шыққан соң, намаз оқимын», -  дейтін адамның тіпті ертеңге дейін тірі болып жүруге деген кепілдеме хаты жоқ қой. Сондықтан, уақыттың әрбір сәтін бағалауымыз керек, әйтпесе өлім келгенде өкініп қалауымыз алыс емес, Аллаһ бізді бұдан сақтасын!

Аллаһ Тағала былай деді:

«Соңында олардың әрбіріне өлім келген сәтте: "Раббым! Мені дүниеге қайтар! Мүмкін, мен қалдырған дүниеде жақсы амал істермін", - дейді. Әсте олай емес! Рас, бұл - олардың бір айтқан бос сөзі». (Муминун сүресі, 99-100 аят)

Ең қызығы – адам қолындағы ең қымбат нәрсесіне, яғни уақытқа соншалықты немқұрайлы қарауы. Қазір уақыт ең арзан нәрсе болып кеткен. Өкінішке орай, мұсылмандардың көбісі оған лайықты көңіл бөлмей жүр.

Уақытты бізге берген – Аллаһ Тағала. Бізді Өзіне ғана құлшылық етулеріміз үшін жаратқан да – Ол. Баланы жеті жасынан бастап намаз оқытыңдар деп Исламда бекіткен де сол – Жаратушымыз. Ендеше, қалайша біреу: «Әлі ерте, кейін құлшылық етерсің», - дей алады.

Тілді «Лә иләһә иллә-Ллаһ», яғни «Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты тәңір жоқ!» - деген кәлимаға келтіріп, оның мағынасын толық түсініп, жүректе осы сенімді мығым бекітіп, намаз оқу, ораза тұту, мүмкіндік болса, зекет беріп, қажылықты орындау – бұл тек зейнетке шыққандардың, немесе жұмыссыз бос адамның, немесе кемпір-шалдардың ғана ісі емес. Ол – мұсылмандықтың тірегі, іргетасы, тамыры. Ал іргетассыз бекем үй, ғимарат болмақ па? Рухани іргетасы болмаған адам да – тамырсыз ағаш сияқты семеді. Біз ата-анаға бағыну, туысқандармен байланысу деген құлшылықтарды жақсы ұғынамыз ғой. Өйткені олар – жақындарымыздың хақысына байланысты ғой, ия? Ал бізді Жаратып, өмір, ризық, дүние игіліктерін  берген және біз міндетті түрде Оның алдына қайтатын Аллаһтың хақысы – Оған ғана құлшылық етуміз және Одан өзге ешкімге құлшылық етпеуіміз бәрінен де жоғары екендігін білсек және оған лайықты орын берсек, қалған істеріміздің барлығын Аллаһ ретке келтіріп қояды. Хәкім Абай атамыз бұл жөнінде: «Иман өзі адамға ашады жол», - деп айтқанындай. Енді біз ата-анамыз не туысқандарымыздың қақысын беріп, оларға лайықты құрметін көрсету жөнінде: «Әлі ерте! Пенсияға шыққан соң істермін оларды», - десек, дұрыс бола ма? Әрине жоқ!

Біреу: «Пенсияға шыққаныңша әке-шешең өліп кетеді ғой», - деп айтуы мүмкін. Ал біз оған былай жауап береміз: «Ал әңгіме кез-келген сәтте үзіліп кетуі мүмкін болған сенің өмірің жайында болса, неге уайымдамайсың?!».

«Сен әлі жассың ғой!», - деп Раббысы – бір-ақ Аллаһ, діні – Ислам, Пайғамбары – Мұхаммед (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) екендігін танудан, намаз оқудан тосатындардың сөздері өте қызық. Жастық шақтың Аллаһты танып, дінін біліп, намаз оқуға не бөгеті бар? Мысалға, егер мен: «Маған қарама, әйтпесе аяғым ауырады», - десем, ақылды адам: «Менің қарағанымның сенің аяғына не қатысы бар», - деп сұрайды ғой. Тура сол сияқты: «Жас адамға намаз оқуға ерте!» - дейтіндер де ақылға сыймайтын сөздер айтады. «Сен ауырып жатырсың ғой, намазды оқымай ақ қойсай», - десе де, не үшін уайымдап жатқанын түсінер едік ғой!

Бір ақын былай айтқан:

Төбеде күн, жерге жарық таратқан,

Көк аспанды жер үстінен қаратқан.

Серігі жоқ бір Тәңірге табынам,

Жалғыз Аллаһ бар әлемді жаратқан.

Көз алмайсың мына әсем ғажаптан,

«Қасиетін ұғынам» – деп талаптан!

Жалғыз Аллаһ адамдар мен жындарды,

Бұл дүниеге құлшылыққа жаратқан.

Адам болып өз ортаңда таныл да,

Бұ дүниенің у-шуынан дамылда.

Табынуға жалғыз Аллаһ лайықты ед,

Пайғамбардың Сүннетінен жаңылма!

Қиналасың, ақша, мансап – бағыңдай,

Бірақ бәрі тек алдамшы сағымдай.

Шын мәнінде ойлаңдаршы, бұл өмір –

Өте шолақ, қу қамшының сабындай.

Біріміз – құл, біріміз – бай, төреміз,

Бірақ біздер бір күндері өлеміз.

Біріміз – жас, біріміз – қарт, әйтеуір,

Бір Аллаһтың жазған күнін көреміз.

Бұл өмірге кімдер келіп, кетпеген?

Аллаһ біздер көрер күнді шектеген.

«Қанша керім, ұлы болам!» – десе де,

Дінсіз адам мақсатына жетпеген.

6 – Адамның жүрегі таза болса жеткілікті емес пе?

Жүрек таза болу керек! Ал жүректің таза болуы деген не өзі? Осыны ойға салып көрейік ші! Таза жүрек – ол иманды жүрек. Әрі жүректегі иман, адамның амалдарына  өз  нұрын шашады. Егер адам жүректегі сенімін істерінде дәлелдесе, сонда ғана шыншыл болады. Бұл жөнінде Аллаһ Тағала:

«Адамдардың арасында: “Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірдік”, - дейтіндер бар, бірақ олар (негізінде) иман келтірмеген. Олар Аллаһты және иман келтіргендерді алдамақшы болады, бірақ (шынында) олар өздерін ғана алдап жүр, алайда (өздері) оны сезбейді. Олардың жүректерінде дерт бар, сонда Аллаһ дерттерін арттыра түседі. Өтірік айтқандары үшін, оларға ұлы азап болады», - деді. (Бақара сүресі, 8-10-аяттар)

Тағы да ол былай айтты:

«Адамдар: “Иман келдірдік”, - деумен, тасталып қоямыз деп ойлай ма?» (`Анкәбут сүресі, 2-аят)

Адам өзінің жүрегінде құлшылыққа лайықты – тек жалғыз Аллаһ деген сенімді алып жүріп, соған сәйкес ізгі амал жасап, күнәлардан аулақ болса, міне осы - жүрек тазалығының белгісі болып табылады. Сүтке толған ыдыстан, тек сүт қана төгіледі! Сол сияқты, тот басқан жүректен күнәлар, ал иманға толған жүректен тек ізгілік қана көрінеді. Сол үшін, үлкен күнәлар жасап жүрген адамның: «Менің жүрегім таза! Ең бастысы сол!» - деген сөздері өтірік болып табылады. Өйткені, жүрегі тазаның - істері де  таза!

Ойланайықшы! Егер адам өз анасын мойындамай, оның тілін алмаса, керісінше оны ызыландырып, мүлдем аямайтын болса, ондай адамның жүрегін таза деуге болады ма? Сіз: «Жоқ!» - дейсіз. Онда әлемдердің Раббысы – Аллаһты танымай, оның біздегі қақысы – Өзіне ғана құлшылық етуіміз және құлшылығымызда Оған ешбір серік қоспауымыз екендігін мойындамай, әмір етілген құлшылықтарды орындамаған, соның себебімен Ұлы Жаратушының ашуына ұшыраған адамның жүрегі таза деп ойлайсыңдар ма?!

Арақ ішу, адам өлтіру үлкен күнәлар. Бірақ, Аллаһ қаласа ол күнәларды тәубесіз де кешіріп жібереді, өйткені оларды істеумен адам не өзіне-өзі зұлымдық жасайды, не өзге адамдардың қақысын бұзады. Ал Аллаһ кешірмейтін бір күнә бар. Оны істеген адам Аллаһтың да хақысын бұзады, әрі өзіне-өзі де зұлымдық жасайды. Ол – ширк, яғни  Аллаһқа ғана тән қасиеттерді «тағы басқа біреуде де бар» деп сену. Мысалы біреу: «Аллаһтан басқа тағы Құдай бар», немесе: «Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты біреу бар», - деп, оларға құлшылық етсе, не болмаса олардан Аллаһтан қорыққандай қорықса, не оларды Аллаһты жақсы көргендей жақсы көрсе, не олардан тілесе, онда ол ширк жасаған, яғни Аллаһқа ортақ қосқан болып табылады. Аллаһқа ортақ қосқан адамдардың Аллаһ Тағала ешбір амалын қабылдамайды. Амалдардың қабыл болуының ең басты шарты - жасалған амалдардың тек қана Аллаһ Тағалаға арналуы. Аллаһ Тағала өзінің Кітабында былай дейді: «(Әй, Мұхаммед,  былай айт:) “Шынында, мен де - сендер сияқты адаммын. Маған тәңірлерің - Бір-ақ тәңір екендігі уахи (хабар) етілуде. Сондай-ақ, кім Раббысына жолығуды үміт етсе, түзу іс істеп, Раббысына істеген құлшылығында Оған ешкімді ортақ етпесін». (Кәһф сүресі, 110-аят)

Аллаһқа серік қосу - кешірілмейтін күнә. Бұған дәлел Аллаһ Тағаланың Құранда айтқан сөздері: «Аллаh өзіне ортақ қосуды жарылқамайды (яғни кешірмейді), бұдан өзге қалаған кісісін жарылқайды. Сондай-ақ, кім Аллаhқа ортақ қосса, расында, жала жауып зор күнәлі болады». (Нисә сүресі, 48-аят)

Аллаһқа серік қосушылар Жәннәтқа кірмейді, олардың баратын жері - Тозақ. Бұл туралы Аллаһ Тағала «әл-Мәида» сүресінде былай деді: « ... Өйткені, кім Аллаhқа ортақ қосса, расында Аллаh оған Жәннәтті харам етеді. Оның орны тозақ оты, сондай-ақ  залымдар үшін жәрдемші жоқ». (Мәида сүресі, 72-аят)

Осы үлгімен салыстырар болсақ, намазды орындамай қалдыру  мен адам өлтіру – екеуі де ауыр күнәлар! Алайда олардың қайсысы үлкенірек екенін көп адамдар, тіпті өзін мұсылман деп санайтын кісілер де, біле бермейді.  Намазды қалдыру адам өлтіруден де, зина жасаудан да, өтірік айтудан да, ұрлық жасаудан да ауыр болып табылады.

Енді мынаны елестетейікші: Бір адам күніне бес уақыт адам өлтіріп жүрген екен. Ешқандай насихаттарға түсінбеген. Егер осындай кісі сізге: «Менің жүрегім таза, ешкімге арам ойым жоқ! Осы жеткілікті емес пе?», - деп айтса, сіз оған сенесіз бе? Сіз оның жауабын қабылдайсыз ба? Әрине, жоқ! Онда одан әлде қайда ұлы күнәны жасаған, яғни намазды оқымаған адам туралы не айтсақ болады?

Аллаһтың елшісі Мухаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Адамның денесінде жұдырықтай бір ет бар. Егер ол ізгі болса, бүкіл дене де ізгі болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене де бұзылады. Ол – жүрек!». (әл-Бухари 52, Муслим 1599)

Айтпақшы, сол Мухаммед пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жүрегі ең таза адам еді ғой. Соған қарамастан, оның әйелдерінің бірі, Пайғамбарымыздың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) құлшылық етіп жатқанда аяқтары ісіп кеткенін көріп, оның осындай тырысуына таң қалғанда ол былай деді: «Мен шүкір етуші құлдардан бола алмаймын ба?!». (әл-Бухари, Муслим)

7 – Құлшылық ете бастаған адам, оны ешқашан тастамау керек қой. Ал мен оны қалдырып қоямын ба деп қорқамын. Осы қауіпім мені құлшылық етуден тосып тұр.

Шын мәніне келер болсақ, осыған ұқсас сөздерді айтатын адам құлшылықты тастап қоюдан қорықпайды. Әрине, біз оның жүрегіне кіріп шықпадық, алайда оның сыртқы халі осыған дәлел болып тұр. Дәл қазір ол өзінен басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ және ешбір серігі жоқ Жаратушы Аллаһқа құлшылық етпей жүр; оған қанша уағыз айтылса да, құлақ аспай жүр; намаз оқымаудың немесе ораза тұтпаудың қауіптілігі мен жаман салдары жайында көп естіген болса да, қорқатын түрі жоқ. Енді осының бәрін ескере отырып, оның құлшылықты бастаса, кейін тастап қояды деп қорқатынына қалай сенуге болады?!

Өзі де аздап ойланса, құлшылықты кейде орындап, кейде тастайтын адам, оны мүлдем жасамайтын кісіден жақсырақ екенін түсінеді ғой. Бірақ, бұл сөздерімізбен біз құлшылықты үнемі орындамаудың еш айыбы жоқ екенін айтқымыз келіп тұрған жоқ.

Құлшылық ету – біздің міндетіміз. Оны, әлбетте, кешіктірмей бастау керек. Ал құлшылықты тастап қоямын деп қорқу, бәрінде де болады. Сол үшін әрқашан Аллаһтан көмек сұрау керек. «Фатиха» сүресінде: «Саған ғана құлшылық етеміз, Сенен ғана жәрдем тілейміз» - делінген. (Фатиха сүресі, 4-аят) Егер осы аятты мұқият оқып шықсақ, онда Аллаһ Тағала: «Саған ғана құлшылық етеміз...» - деген сөздермен шектелмегенін көре аламыз. Аяттың жалғасында Ол: «...Сенен ғана жәрдем тілейміз», - деді. Осыдан түсінетініміз, адам құлшылық еткенде, әрқашан Аллаһтан жәрдем тілеуі керек. Расында, Аллаһтан басқа ешкімде күш те, қуат та жоқ!

Құлшылықты ең кемел түрде орындаған, Аллаһтың ең сүйікті құлы – Мухаммед пайғамбардың өзі де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрдайым: «Уа, жүректерді құбылтып тұрушы Аллаһым! Менің жүрегімді Өз дініңде берік қыла гөр!» - деп дұға жасайтын еді (Муслим, әт-Тирмизи 2066).

Сондықтан, біздің айтарымыз: құлшылықты бастаңыз да, оны тастаушы болмаңыз! Ал егер тастап қоюдан қорықсаңыз, онда оны мүлдем бастамау да - ауыр күнә екенін ұмытпаңыз!

8 – Көп адамдардың айтуы бойынша, оларға құлшылық етуге, күнәларының көптігі кедергі болып табылады. Соған қандай жауап айтуға болады?

Құлшылық етіп жүрген көптеген адамдар, бұл жолға кішкентай жасынан-ақ түскен жоқ. Олардың қаншасы күнәлар жасап жүрді, Аллаһқа мойынұсынудан қашқан еді. Бірақ, Аллаһтың мейірімімен, олар тура жолға түсті, Аллаһқа бағыну керек екендігін түсінді. Ал енді жасап жүрген құлшылықтары олардың өмірлерінің ажырамас бір бөлігіне айналды. Сондықтан, күнәһар адамның жасап жүрген жамандықтары оған Аллаһқа құлшылық (ғибадат) етуіне бөгет бола аламайды.

Егер де күнә жасаған адамның құлшылық етуіне болмайтын болса, онда басқа дін өкілдері Аллаһтың алдында жалғыз хақ (шынайы) дін болған Исламға келуіне болмайтын еді ғой. Алайда, Мухаммед пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шәкірттерінің (сахабаларының) көбісі Исламға жат діндерден келген еді. Және олардың, бұрыннан жасап жүрген ауыр күнәлары, Исламды қабылдауға кедергі болмады.

Құлшылықты тек қана таза, күнә жасамаған адамдар ғана орындау керек деген ой – жалған. Өйткені, егер ол ақиқат болғанда, Аллаһ Тағала: «Расында, намаз арсыздықтар мен қайтарылған істерден тазартады», - деп айтпайтын еді. (`Анкәбут сүресі, 45-аят)

Осы жерде маңызды бір нәрсе айтқымыз келіп тұр. Көптеген адамдар намаз оқитын, немесе хиджап киіп жүрген адамның күнә, немесе жағымсыз бір қылық жасап қойғанын көретін болса, бірден Ислам дінін немесе бүкіл мұсылмандарды жамандауға кіріседі. Олардың ойы бойынша, егер адам дін жолына түссе, онда оның бүкіл істері күнә атаулыдан түгелдей таза болуы керек, әйтпесе дінді ұстанбау керек. Бірақ, әрине, бұл сөздерді тек Аллаһтың бұйырғандарын орындап, Оның тыйым салғанынан аулақ жүруді қаламайтын, одан қашатын адам ғана айтады. Ол: «Мен дініме салғырт қарап жүрмін. Менікі дұрыс емес!» - дей алмайды, бірақ соның орнына Аллаһқа бойұсыну жолына енді-енді тұрып келе жатқан адамды аяғынан шалып, әр қадамын аңдып жүреді.

Бір мұсылманның қате ісіне қарап, Ислам дініне тіл тигізуге болмайды. Өйткені, Исламды ұстану бір бөлек, ал оны ұстанамын деп мәлімдеу мүлдем басқа нәрсе. Өзін мұсылман деп атап, сөйте тұра оның қандай мағына беретінін де білмей жүрген адамдар көп емес пе? Ал енді қандай дін ұстанып жүргенін де білмеген адамнан діннің үкімдері мен қағидаттарын біледі деп күтуге болады ма екен? Сондықтан, ол өз дініне қайшы келетін істерді жасап жүргені ғажап емес. Қысқаша айтқанда, Ислам – бұл кемшіліксіз, пәк дін, алайда оның ұстанушылары кемшіліксіз емес!

Тіпті егер біреу: «Жоқ! Ислам таза болса, оны таза, кемшіліксіз адамдар ғана ұстанулары керек», - деген жағдайда да, біз олардан былай деп сұраймыз: «Ал сен өзіңді мұсылманмын деп санамайсың ба?». Егер ол: «Астағфируллаһ! Әрине мұсылманмын», - деп жауап беретін болса, онда біз оған: «Намаз оқып, ораза тұтып, зекет беріп, қажылығыңа барып кел, сосын ғана жаман сөз айтқан адамды сөгесің! Ал өзің намазды да, оразаны да орындамай, оған қоса жаман сөз айтасың. Сонда мүлдем ұятын жоқ па сенің?! Өзі ауыр күнәларға батып кеткен адам біреудің байқаусыздан немесе шыдамсыздықтан істеп қойған қателігін түзетуге қалайша қысылмайды?!» - деп айтамыз.

Ал егер адам: «Мұсылмансың ба?» - деген сұраққа: «Жоқ! Мен Құдайға сенбеймін», - деп жауап берсе, онда біз оған былай дейміз: «Құдайын тыңдамаған адамды біз не үшін тыңдауымыз керек?».

Сондай-ақ, кейбіреулер бір мұсылманның қателігін көріп, бүкіл Ислам үмметін (халқын) сол қателікте айыптайды да: «Намаз оқитындарың осындай... Хиджап киіп, қымтанып алатындар осындай... Сақалдыларың пәленше... Молдаларың түгенше...», - дейді.

Бір адамның күнәсі үшін жұрттын бәрін кінәлауға болмайтынын кез-келген ақыл иесі мойындайды. Сол үшін адасып кеткен мұсылман ағымдарын көріп, бүкіл мұсылмандардың бәрін де экстремист, террорист, «хизбут-тахрир» деуге болмайды. Өйткені, олар да - мұсылман, адасып кеткен болса да, сен де - мұсылмансың, алайда бірдей емесссіңдер ғой! Қазақтың біреуі арақ ішсе, қазақтардың барлығын «маскүнем» деп айыптауға бола ма екен? Әрине, жоқ! Неге? Өйткені барлық адам бірдей емес.

Кейбіреулер бүгін бір теледидардан «сақалдылар түрмеден қашты...», «хиджаптағылар үйлерінен қашып кетті...» деген әңгімелерді естіп алады да, көшеде кетіп бара жатқан орамал киген қызды: «Әке-шешесін жылатқан, оңбаған!» - деп кінәлайды. Басқа біреуі намаз оқып жүрген жігітке: «Сендер уаххабисіңдер! Сендерден ешқандай жақсылық күтуге болмайды. Пәлен қаланың түрмесінен қашқан кісілер - дәл өзің сияқтылар. Олар сенің сыбайластарын», - деп ұрысып, айқай салады. Бұл әділетсіз сөздер екенін кез-келген ақыл-парасат иесі түсінеді ғой. Өздерін мұсылман деп атап жүрген, немесе сақал өсірген, немесе басына орамал байлаған біреудің ісі үшін, сыртқы кейіпімен оларға ұқсайтындардың барлығын айыптауға бола ма?! Әрине, ақыл иелері бұған: «Жоқ! Өйткені, адамдардың барлығы бірдей емес!» - деп жауап береді.

Дін ұстанып жүрген бауырларымызға, өздерінше мысал келтіріп «намаз оқитындарың мынандай...», «хиджап киетіндерің анандай...» деп ұрсатындарға біздің келесі сұрақтарымыз бар:

  •  Әлем бойынша кісі өлтіргендердің  90 пайызы намаз оқымайтындар екенін білесіз бе?
  •  Түрмелерде отырғандардың бәрі сақалсыздар екенін білесіз бе?
  •  Гомосексуализммен айналысып жүргендердің ешқайсысы ораза тұтпайтынын естігенсіз бе?
  •  Мешітке бармай жүрген жастардың арақ ішіп, темекі шегіп, нашақорлықпен айналысып жүргенін байқап көрмедіңіз бе?
  •  Дүние жүзіне таңылған Чикатило (52 адам өлтірген), Джек-Потрошитель (1888 жылы бүкіл Лондонның тыныштығын бұзған), Гарольд Шимпан (215 адамды о дүниеге аттандырған) және тағы да өте көп маньяктардың намаз оқымайтынын білесіз бе?
  •  Шыңғысхан, Гитлер, Сталин – барлығы мешітке бармайтын, ораза тұтпайтын кісілер болғанымен келісесіз бе?
  •  Хиджап кимейтін мыңдаған жас қыздардың, өкінішке орай олардың іштерінде қара көз қазақтарымыз да бар, жезөкше болып кеткенін естіп жүрген жоқсыз ба?
  •  Ал жақында ғана жаңалықтардан өз анасын қарттар үйіне тапсырып, оның үйін өз меншігіне тартып алған әйел туралы айтылған болатын. Соның да намаз оқымай, орамал кимейтінін көрмеп пе едіңіз?

Уа, адамдардың барлығын бір шалғымен шабатын «ақылды» ағамыз, енді жауап беріңізіші: Намаз оқымайтындардың барлығы осындай ма? Ораза тұтпайтындардың барлығы осындай ма? Хиджап кимейтіндердің барлығы осындай ма? Әрине жоқ!

Түсініңіз, адамдардың барлығы бірдей емес!!!

Тағы да бір данышпансымақ: «Ата-анаңның тілін алмасаң, онда намаз оқығаның не керек?» - дейді. Немесе: «Мешітте үйрететіні осы ма?» - деп айтады.

Жауап: Жоқ, мешітте мұндайды үйретпейді. Әрі мұны өзіңіз де білесіз. «Әке-шешелеріңді тыңдаушы болмаңдар!» - деген мешіт имамын елестетуге болады ма екен?! Мүмкін сіз: «Енді мына бала мешітке жиі барып жүр, ал мінезі өте жаман. Басқа қайдан үйренеді?» - деп сұрайтын шығарсыз. Бірақ егер сіздің балаңыздың мектепте тәртібі нашар болса, сонысы үшін мұғалім оны: «Сен тәрбие көрмегенсің! Ата-анаң саған ештеңені үйретпеген!» - деп ұрысса, сіз разы болатын едіңіз бе? Онда неге сіз мешітке барған балаңыздың жаман қылықтарын көріп, оны мешіттен үйренді дейсіз?! Ол мүмкін үйден үйренген шығар барлығын. Адамның тәрбиесіне әсерін тигізетін түрлі факторлар бар: ата-ана, достар, теледидар, мектеп және т.б. Не үшін сіз, мысалы, өзіңіз: «Баламды бұзып алдым», - демей, мешітке айып тағасыз? Сіз: «Енді мен оған жамандықты үйретпеймін ғой!» - деп айтсаңыз, біз: «Ал мешітте оны жамандыққа үйреткенін өзіңіз көрдіңіз бе?» - деп сұраймыз.  

Керісінше, намаз оқып жүрген, бірақ ата-анасына жаман мінез көрсететін балаға біз: «Намаз оқы әрі ата-атаңмен де жақсы қарым-қатынаста бол!» - деп кеңес беруіміз керек.

9 – Құлшылыққа уақыт табылмаса не істеуге болады?

Құлшылыққа уақыт табылмайды деген сөз – қате. Бұны біз бірнеше сұрақ арқылы дәлелдей аламыз:

Уақыт – бұл Аллаһ Тағала берген ең ұлы нығметтердің бірі. Ол нығметті біз орынды істерге жұмсауымыз қажет. Пайғамбарымыз Мухаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Екі нығметтен көп адамдар құр қалуда: денсаулық пен бос уақыттан».  (әл-Бухари 6412)

Бос уақыт ешқашан бос болып қалмайды. Ол міндетті түрде не жақсылыққа, не жамандыққа толады. Әрі кім өз жанын ізгі істерге еліктіре алмаса, оны зиян әкелетін істерге еліктіреді.

Осы уақытты адам баласына кім берді? Оны не үшін, не мақсатпен берді?

Жауабы: Аллаһ бізге бұл уақытты Оған құлшылық етуіміз үшін берді. Ендеше, қалайша біреу келіп: «Менің уақытым жоқ!» - дей алады?! Егер сен біреуге ақша беріп: «Маған нан ала келші», - деп дүкенге жіберсең, ал ол өзіне түрлі сусындар мен тәтті тамақтар сатып алып: «Нанға ақшам болмады!» - деп сылтауратып тұрса, сіз оған не айтар едіңіз?

Ал енді құлшылықтарды орындау қанша уақытты алады екен?

Жауабы: Мысалы, намаз 24 сағаттың ішінде, тек 25 минут алады. Себебі бір намаз бес минуттай, ал тәулікте бес уақыт намаз оқылу керек. Ораза тіптен ешқандай уақыт алмайды.

Ал уақыттың көбі не үшін жұмсалуда және неге уақыт таба алмай жүрсіз?

Жауабы: Мүмкін, дастарханға әр отырғанда бір сағат тамақтанған соң шығар... Әр «перекурға» жарты сағаттай кеткендіктен шығар... Мүмкін, уақытыңызды гороскоп оқып, кроссворд шешіп, күні бойы бос сөз айтып не тыңдап жүргеннен шығар... Мүмкін, түні бойы теледидар көріп, немесе компьютер ойындарына уақыт тауып жүргендіктен шығар... Мүмкін, тәуліктің жартысын ұйықтап шыққан соң шығар... Егер өзіңіз ойлансаңыз,  тағы да көп себептер табасыз ғой!

Ойланайықшы: Құлшылық үшін өмірге келтірген Аллаһқа: «Уақытым жоқ», - деп айтуға бола ма?!

10 – «Құлшылыққа әлі дайын емеспін», - деп жүрген адамдарға не айта аласыз?

Адам әуелден-ақ Бір Аллаһқа ғана құлшылық үшін жаратылды. Оның құлақ-көздері, қол-аяқтары бар. Сол үшін: «Мен дайын емеспін», - деп айту орынсыз болып табылады. Ия, білімсіз ешқандай іс қабыл болмайды. Ия, бәріміз надан болып туылдық. Алайда, ғалымдар айтқандай: «Білмеу - айып емес, алайда білмей жүре беру  - айып!». Сондықтан, «Мен білмеймін ғой, мен дайын емеспін ғой!» - деп жата беруге болмайды. Аллаһ Тағала былай деді: 

«Ол,  сендерді аналарының құрсақтарынан шығарды, сонда сендер ештеңені білмейтін едіңдер. Ол сендерге құлақ, көз және жүрек берді. Мүмкін сендер шүкір етесіңдер!» (Нәхл сүресі, 78-аят)

Дайын еместігін айтып, құлшылықтан бас тартатын адамға мынадай сұрақтарымыз бар:

  •  Құлшылық ету үшін не дайындық керек? Алғашқы әскери дайындық па?
  •  Құлшылықты білімсіз жасауға қорқасыз ба? Онда білім алыңыз!

Елестетіңізші, ауыр жұмыстан шаршап келген шешесі үйдегі жалғыз баласына: «Айналайын, жұмыс істеші! Маған көмектесші!» - дейді. Ал ол болса: «Анашым, мен дайын емеспін. Дайын болған соң істермін»,  - деп киносын әрі қарай жалғастырып көреді.  

«Құлшылық етуге бәрібір дайын емеспін әлі», - деп қоймасаңыз, сізге шешуші сұрақ қояйық: Дайындалып жүрсіз бе?

Егер: «Ия!», - десеңіз, сіз үшін: «Аллаһ ісіңізді жеңілдетсін!», - деп дұға етеміз. Ал егер «Жоқ! Дайындалып жүрген жоқпын», - деп жауап берсеңіз, онда не үшін дайын емеспін деп сылтауратасыз?

11 -  Құлшылық ету адамның жұмысына кедергі жасайды ма? Біреулер құлшылық еткісі келеді, алайда бала-шағасын кім асырайды деп уайымдайды.

Бұл уайым – бос уайым. Біз бала-шағасының қамын ойлау - бос нәрсе деп жатқан жоқпыз, бірақ намаз соған кедергі болады деген ойдың шындыққа сай еместігін түсіндірмекшіміз.  Алдында біз құлшылықтың қызық өмір сүруге де, уақыттың барлығын тиімді пайдаланудан да құр қалдырмайтынын айтқан едік. Ал бұл жерде құлшылықтың жұмыстан, дүние табудан айырмайтынын, керісінше оны арттырып, берекеге кенелуге себеп болатынын нақтырақ баяндаймыз, инша-Аллаһ!

Аллаһ Тағала былай деді:

«Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені Ол - өте Жарылқаушы. Ол сендерге аспаннан мол-мол жаңбыр жібереді. Әрі өздеріңді малдармен, балалармен қамдайды. Және сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады. Аллаһтың ұлықтығын ойламайтын сендерге не болды?» (Нұх сұресі, 10-13-аяттар)

Аллаһтың Елшісі Мухаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Жаратушының сөзін жеткізіп: «Ей, адам, маған құлшылық қылуға уақыт бөл. Мен сенің жүрегіңді байлыққа толтырып, сені кедейліктен сақтаймын. Ал егер мұны жасамасаң, жұмысыңды көбейтемін де, сені кедейліктен құтқармаймын», - деген. (Тирмизи 2466)

12 – Сақал мен хиджаптың не қажеті бар?

Біріншіден, көп адамдар сақал мен хиджапты көретін болса ала көздерімен қарап, шошып, мұсылман бауырларымызға түрлі сөздер айтады. Алайда, осы жерде бір сұрақ туады, әрі оны қоймау мүмкін емес: Хиджап пен сақалдың қандай проблемасы бар? Мысалы, менің сақал өсіргенімнің, немесе әйелімнің хиджап кигені сізге («екі туып, бір қалған» емес бір кісіге) не зияны бар? Сіз тамақ ішіп жатқаныңызда ешкім сақалын ыдысыңызға батырып жатқан жоқ қой! Онда несіне біреудің сақалына ашуланасыз?

Мүмкін сіз: «Сен әлі жассың ғой. Сақалды шал болғанда өсіресің», - деп айтарсыз, онда біз жауап ретінде: «Сіз үлкен кісі болдыңыз ғой, неге әлі күнге дейін сақал өсірмедіңіз? Көрдіңіз бе, мәселе жаста емес ғой, демек сіздің жас адамның сақалына қарсы болуыңыздың басқа себептері бар. Ал менің жастығым туралы айтар болсақ, онда не үшін сақалым қартайғанда өспей, дәл қазір өсіп жатыр? Не үшін? Оны қырып тастау үшін бе?» - дейміз.

Мүмкін сіз: «Сақалың түк те жараспайды ғой өзіңе, қарағым», - деп пікіріңізді айтарсыз, ал бірақ: «О вкусах не спорят (Талғам жайында тартыспайды)», немесе: «На вкус и цвет товарища нет (Әркімге әр нәрсе ұнайды)», - деген мәтелдерді ұмытуға болмайды ғой. Егер сіздің ойыңыз бойынша менің сақалым маған жараспайтын болса, онда менің ойымша - жарасады, ол маған қатты ұнайды. Егер мен сізге: «Сіздің киім үлгіңіз маған ұнамайды. Сіздің шашыңыздың түсі сізге жараспайды», - десем, сіз бұған қалай қарайтын едіңіз?... Келіссеңіз пікірімді қабылдайсыз, ал сөздерім ұнамаса: «Өзім білемін!» - дейсіз ғой.

Осы «өзім білемін» деген сөзді сіздің: «Намаз оқыма!... Ораза тұтпа!... Арақ іш!... Сақалыңды қыр!.. Орамалыңды шешіп таста!..» - сөздеріңізге жауап ретінде айтса, не болар еді. Ашуға берілетін едіңіз ғой! Сіз шындық пен өтірікті ажыратып, бәрін әділ шешуге келісетін бе едіңіз? Бірақ еститініміз тек: «Сен бе мені туған?! Сен кімсің маған олай сөйлейтін?!» және т.с.с. сөздер ғана...

Бір ақын былай деп жазған:

Рас, сіз менен гөрі дұрыстаусыз,

Сүрудесіз өмірді ұрыс-даусыз.

Менен артық жаратқан Аллаңызға,

Сәжде жасап қоюға тырыспаусыз.

Менен гөрі қамқорсыз, бауырмалсыз,

Түтіні түзу ұшқан ауылдансыз.

«Шүкірліктің үлкені – намаз» деген,

Қалайша шүкірі жоқ қауымнансыз?

Дәуірлеп тұрған жансыз баста бағы,

Армандарға жеттіңіз асқаралы.

«Құдай деп жүрміз!» - деген құрғақ сөзбен,

Тәкәппарлық тұмауы басталады.

Тәңіріне тәжімін тәрк еткендер,

Тереңіне Тозақтың тасталады.

Сондай сойқан сұмдыққа жетпесе деп,

Шырылдасам – көзімнен жас тамады.

Сізге әлбетте сүйкімсіз көрінеді,

Біздей бейбақ жөн айтып қақсағаны.

Құнды кеңес айтсақ деп құлшынғанда,

Бір бұл емес жақсының жат санауы.

Ала көзбен атпаңыз алаңдасақ,

Алла алдында болса деп жақсы амалы.

Ал енді хиджап туралы айтар болсақ, онда оны жақтырмайтындардың мынадай шағымдары бар:

«Не керегі бар жап-жас қыздың үсті-басын қымтап алғаны?!... Жүрегі таза болса болды ғой, көзбояушылықтың қажеті не?!... Менің әжем де намаз оқыған, жұмыста да түрік бір қыз бар намаз оқитын, бірақ олар хиджап кимейді. Не, олардың өздері  - ақымақ, ал істегендері дұрыс емес пе?!... Арабтардың салтына еліктеу ол!...»

Міне осы шағымдар мен айыптауларға қисынды жауап беріп көрейік , иншааллаһ!

  1.  «...Не керегі бар жап-жас қыздың үсті-басын қымтитып алғаны?!...»

Жауап:

Аллаһ Тағала былай деді:

«(Әй, Мухаммед!) Иман келтірген әйелдерге айт: (бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ, зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (яғни, беті мен алақандары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін. Бірақ: күйеулеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңідерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй иман келтіргендер, түгел Аллаһқа тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар». (Нұр сүресі, 31-аят)

Не үшін екені осы аяттан түсінікті болған шығар. Аллаһ Тағаланың осы бұйрығына қандай қарсылық білдіруге болады екен, уа, мұсылмандар?!

Оранудың не керегі бар екенін түсінбей қойғандардан сұрайық: Ол керек болмаса, онда не керек? Мини юбка кигені керек болып тұр ма? Зейнеттерін жылтыратып жүргені керек болып тұр ма?

  1.  «...Жүрегі таза болса болды ғой, көзбояушылықтың қажеті не?!...»

Жауап:

Біріншіден, жүрек таза болса жеткілікті деген сөз қате болып табылады. Біз мұны жоғарыда баяндап кеттік.

Екіншіден, көзбояушылық – бұл адамның ниеті. Ал ниет жүректе болады. Сіз хиджап киген қыздың ниетін қайдан біліп қойдыңыз?! Керісінше, өзіңізді көзбоуяшылықпен айналысып жүр деуге болады. Ал егер сіз: «Сонда сен менің жүрегіме кіріп шықтың ба? Ниетімді қайдан білдің?» - деп сұрасаңыз, біз: «Жүрегіңізге кірген жоқпыз. Сіз өзіңіз айтасыз ғой үнемі: «Менің жүрегім таза. Сол жеткілікті!» - деп. Солай мақтана берген соң білдік!» - деп жауап береміз. Ал егер сіз қарсыласып: «Уа, балам, мен мақтанған жоқпын, Құдай сақтасын, мен жәй ғана Аллаһқа сенетінімді түсіндіргім келді», - десеңіз, онда біз: «Дәл солай, орамал таққан қарындасыңыз да, мақтанып та, көзбояушылықпен айналысып та жүрген жоқ. Ол – тек Аллаһтың бұйрығын орындап жүр!» - дейміз.

Үшіншіден, Ислам дінінде хиджаптан басқа да сырттай жасалатын құлшылықтар толып жатыр. Мысалы, намаз оқу, мешіт салу, құрбандық шалу және т.б. Сонда сіздің ойыңыз бойынша, бұлардың барлығы көзбояушылық па?

  1.   «...Менің әжем де намаз оқыған, жұмыста да түрік бір қыз бар намаз оқитын, бірақ олар хиджап кимейді. Не олардың өздері -  ақымақ, ал істегендері дұрыс емес пе?!...»

Біріншіден, Аллаһ Тағала әйел адамға беті мен қолдарынан басқа жерлерін жабуды бұйырды. Ал сіз Аллаһты қойып, әжеңіз бен түрік қызға ересіз бе?

Екіншіден, әлгі түрік қыз үлгі болатындай кім? Мүмкін, ол «хизбут-тахрир» сектасының өкілі шығар. Көрінген адамды үлгі тұтуға бола ма екен?!

Үшіншіден, егер әжеңіз намаз оқыған болса, сіз неге намаз оқымайсыз? Хиджап кимеді деп оны үлгі етсеңіз, неліктен: «Ол намаз оқыған ғой, мен неге намазға салғырт қараймын», - деп ойланбайсыз. Сонда әжеңіз, өзіңіз сұрағандай-ақ, ақымақ болған ба?

  1.  «...Хиджап арабтардың салтына еру...»

Біріншіден, хиджапты Аллаһ әмір етті. Оның арабтардың салтына не қатысы бар?! Мүмкін ертен, намазды да арабтардың салты деп кетерсіз, Аллаһ одан сақтасын?!

Екіншіден, «шығыс биі» деген - арабтардың салттарындағы нәрсе, енді хиджаппен сол биді  билеп жүрген қызды елестете аласыз ба? Ол би үшін басқа киім кию керек. Сонда арабтардың салты хиджап па?! Ал егер сіз: «Жоқ! Ол киімді олар билегенде ғана киген. Ал хиджапты арабтар күнделікті өмірде киіп жүрген. Ол жақтарда күн ыстық, сол үшін толығымен оранып алады», - десеңіз, онда біз сізден сұраймыз: «Егер айтқаныңыз рас болса, неге жаз мезгілінде хиджаптағы қызды көріп: «Осындай қапырықта неге оранып алған?!» - деп таң қаласыз?».

Үшіншіден, жастардың батыс мәдениетіне еріп, арақ, сыра ішіп, немесе темекі шегіп, немесе жартылай жалаңаш жүргенін, немесе көшеде көрер көзге құшақтасып тұрғанын көріп, үндемейсіз, ал ұятты жерлерін көрсетпей жүрген қызға, арабтардың дәстүріне ерген деп айқайлайсыз. Бұл дұрыс па? Бұл әділдік пе?

Бір ақын былай деген:

Айтпа дейсің орамал жайлы мүлде,

Қымтанған болып еді қайғы кімге?

Тақымын көріп епті жігіттердің,

Талай қыз үйретілген тай күнінде.

Көзге ұрып тұрса ашық құлын мүсін,

Дәметіп қарар небір зұлым кісің.

Жалаңаш жарнамаға көз үйреніп,

Арсыздық жайлап, елім, бүлінді ішің.

Қызыңда қызғанатын не қалып ед,

Ұяты он жасында жоғалып ед.

Намысы он бесінде тоналып ед,

Оңаша қалып бөтен бозбаламен,

Үйіне түнделетіп оралып ед.

Кісіге тік қарамас ұятты қыз,

Нұрымен сүйсіндірер шуақты жүз.

Қорғаған абыройын ару көрсек,

Біз надан сұмпай көрген сияқтымыз.

Байыпсыз байбаламын салады ақыр,

Дінменен бір келердей заман ақыр.

Ашық қыз көшеде өскен жеміс сынды,

Көрінген қолын созып ала алатын.

Санасы кім бар бүгін уланбаған,

Қурап бір қалатындай қу болмаған?

Қызыңның бетін сүйіп белін ұстар,

Суық қол су жыландай сумаңдаған.

Көп қазақ хиджап көрсе қапаланар,

Күйініп, отты көзбен атады олар.

Аңырар ақыретте азап көріп,

Қыздарын қызғанбаған ата-аналар.

Құранға қарсы шығып халқым оңбас,

Өзен боп жанарлардан сарқырар жас.

Орамал тарту – жат ел дәстүрі емес,

Алланың бұйрығы бұл талқыланбас.

Қазағым, қашан сенің ойының оңған?

Ойнасты дәстүр қылдың айнығаннан.

Жездесі балдызының төсін мыжып,

Жеңгесі қайындарын қойнына алған.

Жексұрын мінезің көп, ырбаңдайтын,

Нәпсіңе кезің бар ма құл болмайтын?

Құрдасың әйеліңе қол жүгіртіп,

Құдасы құдашадан құр қалмайтын.

Байқап ал байлайтынын кім бағыңды,

Бұрған жөн жақсылыққа тіл-жағыңды.

Біл, қазақ, орамалды сөккеніңде,

Шайтанның сөзін сөйлеп тұрғаныңды.

13 – Неге Аллаһқа құлшылық ететіндер адамдарға бөтен болып көрінеді?

Бұл – Аллаһтың осы болмыстағы заңы! Тура жолға түскен адам әрқашан бөгде елден келген адам сияқты көрінеді. Бірақ ең қызығы: сен орыстарға емес, христиандарға да емес, бірақ өзіңнің қандас мұсылман деп санайтын қазақтарыңа бөтенсің.

Бір ақын айтқандай:

Мен де кеше бірі едім осылардың,

Ғибадат десе тулап, шошығанмын.

Құранды кітап деуші ем ескіретін,

Хадистер ертек болып естілетін.

Иманды керек деппін өлгендерге,

Қойдай ғып адамды ажал өңгергенде.

Думан мен дүрмекті іздеп кісінедім,

Дін деген діндарлардың ісі дедім.

Өзімше тәуір едім, білгіш едім,

Надандықтың тамаша үлгісі едім.

Ал бүгін хақты танып, ұға бердім,

Маңыма «бөтен» болып шыға келдім...

Олар құлшылық етіп жүргендерге: «Сендер қандай діндесіңдер?» - деп бізді басқа дін өкіліне кіріп кетті деп ойлап шошынады. Алайда біз оларға сұрақ қояйық, сонда олардың өздерінің қандай дінде екенін анықтауға болады:

  •  Сіздер өздеріңді мұсылман деп санайсыңдар, онда «мұсылман» деген сөздің мағынасы не?

Білетіндері мұсылман сөзінің мағынасы – бағынушы, бойұсынушы екенін айтады.

  •  Онда Аллаһқа неге бойұсынбайсыңдар? Ал біз мұсылман екенімізге куәлік береміз, әрі мағынасын да білеміз, оған қоса затымыз атымызға сай келсін деп тырысамыз. Ал, айтыңдаршы, сендер қандай діндесіңдер?
  •  Біз бес уақыт намаз оқимыз, ораза тұтамыз, шамалары келгендеріміз зекет беріп, қажылыққа барамыз, ал сіз ше? Айтыңдаршы, сендер қандай діндесіңдер?
  •  Біз мешітке барамыз, ал сіздің қолыңыз ресторандардан босамайды. Біз адал тамаққа жүгірсек, сіздер әдейі қарсыласып жатқандай, арақ ішіп, шошқаның етін жейсіңдер. Айтыңдаршы, сіздер қандай діндесіңдер?
  •  Біз күніге Құран оқимыз, күніге қол жайып Аллаһтан дұға тілейміз, бірақ «жетісі» мен «қырқына» бармаған үшін ғана бізді жек көресіңдер. Айтыңдаршы, сіздер қандай діндесіңдер?
  •  Біз: «Аллаһқа қарсы шықпа», - дейміз, ал сіз: «Неге маған ақыл үйретесің!» - деп ашуланасыз. Айтыңдаршы, сіздер қандай діндесіңдер?

Осылай, өте ұзақ жалғастыруға болар еді. Әділдік танытсақ, онда әрине кімнің дінді ұстанатынын, ал кімнің одан қашатынын анықтауға болады.

Сенің шайтан көзіңе,

Сұмпай болып көрінген,

Сақалымда не кінә?

«Көсені үйге кіргізбе,

Дүмін жерге тигізбе»,

Деп айтатын аталар

Мақалында не кінә?

Орамалын байлаған,

Жайнамазын сайлаған,

Қарындастан үркесің,

Тікен тілмен түртесің.

Құранды ұқпас саңырау,

Хадистерге жаны жау,

Ездігіңнің белгісі,

Өз дініңді танымау.

Сайтан айтса - сенесің,

Айтақтаса – ересің.

Көрді-жерді тересің,

Көкіректі кересің.

Сөзіңе айтқан тіріңде,

Қияметтің күнінде,

Қайтіп жауап бересің?

Шошымайсың көргенде,

Кемпір беті сымпиған,

Коньяк ішіп, сылқиған,

Колбаса жеп тыңқиған,

Қыз-келіншек дегенде,

Жылмаң қағып жыртиған,

Ұяты жоқ шалдарды.

Жетпіске жасы таяған,

Намазхандарды «аяған»,

Қастарын теріп тауысып,

Қаламмен орнын бояған.

Парик киіп басына,

Итін ерткен қасына,

Кемпірлерді көрсең де,

Қарамайсың шошына.

Мұсылмандығың осы ма?

Көрінген төсі көйлектен,

Кіндігін ашқан бойжеткен.

Етегін тіліп шыққанда,

Айта алмайсың-ау «қой» деп сен.

Әйелдің көріп сайқалын,

Еркектің көріп сойқанын,

Қозбайды неге сайтаның?

Осыны ойлап байқағын.

Алдына Хақтың барғанда,

Болуы керек айтарың!

* * *

Қорытынды

Құрметті ағайын! Қазақта жақсы бір сөз бар: «Өлімге барсаң, өлді деп жылама, өлемін деп жыла» - деген. Кез-келген адамның ажалы жетіп келеді. Біз соған дейін дайын болуымыз керек. Өйткені, Аллаһқа қайтар сәт келгенде, ештеңені өзгертуге мүмкіншілігі болмайды!

Аллаһ Тағала былай деді:

«Жоқ! Жан алқымға келген кезде (адамдар): “Кім оған дем салады?” - деп айтады. Сонда (өліп бара жатқан адам) мұның қоштасу екенін анық түсінеді! Балтыры, балтырына қосылады (немесе, қиыншылықа қиыншылық қосылады). Ол күні (адам) Раббысына қайта оралады».

Бұл – осы дүниедегі ең ақырғы сәт. Соған дейін адам не істеп жүрген екен? Қандай мақсатқа ұмтылған?

Аллаһ Тағала былай деп жалғастырады:

«Ол сенбеді де, намаз да оқымады. Керісінше, теріске шығарып, бет бұрды. Сосын мүлде уайымдамай, менменсіп жанұясына қайтты. Өкініш болсын саған, өкініш! Тағы да, өкініш болсын саған, өкініш! Адам баласы бос қоя берілеміз деп ойлады ма?».

Адам босқа жаратылмаған. Осы өмірге келген соң, бір мақсат орындауымыз керек. Ол – жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық ету! Ал кейбіреулер одан бас тартады. Оны артта қалушылық, төмендік деп санайды да, дандайсынады. Бірақ шын мәнінде ол өзінің кім екенін біледі ме?

Абай атамыз айтқандай:

Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең тағы.

«Мені мен сен тең бе?!» - деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі – ол баяғы.

Аллаһ Тағала сөздерін былай аяқтады:

«Ол ағылған бір судың тамшысы емес пе еді?! Сосын ол ұйыған қан болды. Аллаһ оны жаратып, бейнеледі. Кейін одан жұп жаратты: еркек пен әйелді. Енді (бұлардың бәрін жасаған Аллаһ) өліктерді қайта тірілтуге шамасы жетпей ме?!». (Қиямет сүресі, 26-40-аят)

Соңында, әлемдердің Раббысы – Аллаһқа, мақтаулар мен мадақтар болсын!

Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына, сахабаларына және Қияметке дейін оған ілескендердің барлығына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!




1. Підприємство відображає повну назву підприємства відповідно до засновницьких доку
2. з курсу Історія української літератури 4060і рр
3. Экономическое содержание кредита В буквальном смысле кредит означает доверие от латинского creditere вер
4. Репродуктивный ~ воспроизведение.html
5. Бухгольц Иван Дмитриевич
6. Тема 1 Философия в системе культуры
7. Сварка корпуса газотурбинного двигателя
8. Реферат- Двигатели внутреннего сгорания
9. Преступления против авторитета органов государственной власти
10. 1213 Современные ч-б фильмы
11. Восточной Азии. История Китая насчитывает более чем 3000 лет и они полны различными воспоминаниями.
12. Сердце Хаоса По мотивам Morrowind Готовиться игра 2013г
13. Основы земельного права
14. com-p1164 Работа с энергетикой
15. Мініінвазивні хірургічні втручання хворих холедохолітіазом
16. Конституционно-правовой статус Государственной Думы Российской Федерации
17. Естествознание Физика Уравнение прямолинейного равнопеременного движения Равномерное вращател.html
18. Интеллектуальные технологии проектирования информационных систем. Методика проектирования программных продуктов в условиях наличия прототипа
19. Имя числительное ИЧ как часть речи
20. а оборона Умані загонами Івана Богуна перебіг битви під Охматовомр