Будь умным!


У вас вопросы?
У нас ответы:) SamZan.net

Лекция V Б~лім

Работа добавлена на сайт samzan.net:

Поможем написать учебную работу

Если у вас возникли сложности с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой - мы готовы помочь.

Предоплата всего

от 25%

Подписываем

договор

Выберите тип работы:

Скидка 25% при заказе до 2.11.2024

4-Лекция

                                                  V - Бөлім

                                              Аллаһқа иман

 1. Аллаһтың бар және бір екендігіне сену

Адамзат тарихына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, ең алғашқы қауымдық құрылыстан бастап, бүгінгі күнге дейін өмір сүрген барлық қауымдар бүкіл әлемді жаратқан Жаратушы Жаппар Иеге сеніп, өз танымының шама-шарқынша құлшылық еткен. Өйткені адам жер бетіндегі тіршілік ішіндегі сана сезімі бар жалғыз жаратылыс иесі болып табылады. Міне, сондықтан адам баласы өмірге келген соң, теңдесі жоқ бұл таңғажайып әлем жайында бір мезет ойланбауы мүмкін емес. Ешқандай ақауы жоқ бұл әлемді жаратқан Құдіретті күштің бар екендігіне көз жеткізген адам баласы, сол құдіреті күшті Жаратушыға сиынған, табынған.

Аллаһ Тағала адамдардың бір Жаратушыға, яғни жалғыз өзіне табынуын қалағандықтан, бірнеше пайғамбарлар жіберіп, өзіне қалай сену мен қалай құлшылық ету қағидаларын білдірді. Және адамды өте көркем бейнеде жаратып, кәміл жаратылыс иесі ретінде оған түрлі қасиеттер мен қабілеттерді бойына сіңірді. Ғаламдағы бүкіл нығмет пен рызық атаулыны адамның игілігіне ұсынды, ақ пен қараны ажырату үшін ақыл беріп, мұның өтемі ретінде Жаратушыны танып, соған ғана құлшылық етуді әмір етті. Мысалы, сізге бір кісі еш ақы талап етпей күніне 24 алтын ақша беріп тұрса, және оның бірін ғана сол кісіге жұмсайтын болсаңыз, ондай шартты әлбетте қуана-қуана қабылдар едіңіз. Міне, сол сияқты Аллаһ Тағала адамға бір күнде 24 сағатты тарту етсе, сол 24 сағаттың бір сағатын Аллаһқа құлшылық етумен өткізуге болады ғой? Аллаһ Тағаланың пенделерінен талап ететіні сол бір сағаттық құлшылық қана. Күнделікті бес уақыт намазыңызды жинақтап есептесеңіз 1 сағаттан аспайды. Қалған 23 сағаты әлбетте, сіздің басқа да тіршілік, һарекеттеріңізге жетіп артылатыны шүбәсіз жайт.

Бүтін әлемдердің Жаратушысы болған, барлық нәрсені жоқтан бар еткен, барлық нәрсені жаратуға құдіреті жететін бір Аллаһқа сену балағитқа жеткен әрбір ақыл есі дұрыс пендеге парыз. Ғалымдарымыздың пікірі бойынша пайғамбар келмесе де адамдар Аллаһтың бар және бір екендігін ақылдарымен табуы - уәжіп. Себебі, адамның қабілеті мен ақылы бұған жететіндей деңгейде жаратылған2.

Бізді қоршаған әлем, аспан мен жердегі қаншама теңдесі жоқ жаратылыстың баршасы Ұлы Жаратушымыз Аллаһтың бар екендігіне толықтай айғақ бола алады. Бұл жөнінде Қасиетті ҚұранКәрімде: «Жер мен көктің жаратылуында және күн мен түннің алма-кезек өзара алмасуында ақыл иелері үшін (Аллаһтың бірлігін, барлығын білдіретін) айқын дәлелдер бар» (3.Али Имран-190) – деп нақты баян етілген. Және бір аятта Аллаһ Тағала: «Жер мен көктің жаратушысы болған Аллаһтың бар екендігіне күмәнданасыңдар ма?» (14.Ибраһим-10) – деп бұлтартпас айғақпен ұғындырады.

Алайда, бір айта кетер жайт, аспан мен жердің арасындағы тіршілікті жоқтан бар еткен, бүкіл әлемдердің жаратушысы Аллаһ Тағаланы толық мәнмағынасында қамтып түсінуге адамның ақылсанасы жетпейді. Себебі, адамның болмысы шектеулі. Мысалы, қос жанарыңыздың барлық нәрсені көруге құдіреті жетпейді. Сол себепті микроскоп, дүрбі тәрізді аспаптарды көзімізге көмекші ретінде қолданамыз. Құлақпен тек жақын дыбысты ғана ести аламыз және осы секілді өзге де мүшелеріміздің қабілеттері шектеулі екені белгілі. Олай болса, шектеулі тіршілік иесі адамның шексіз құдірет Иесі Аллаһты толық көріп, біліп тани алмайтыны анық. Аллаһ Тағаланың өзін толық танып, білу былай тұрсын, Аллаһтың жаратқан тіршіліктегі заттар мен құбылыстардың да қырсырына үңілуде ақыл шарасыздық танытып жатады. Бізге Аллаһты толық білуді емес, ең бастысы Оның барлығы мен құдіретіне сеніп, құлшылық ету бұйырылған. Әрине, мәселенің бұлай болуы да бекерден бекер болмаса керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадис шәрифте: «Сендер Аллаһтың нығметтерін (жаратқандарын, құдіретін, ұлылығын) ойлаңыздар. Бірақ Аллаһтың заты жайында ойланбаңыздар» (Китабул әрбайн, 1 т. 90 б.)3  дейді.

Негізінде адам баласы қандай да бір нәрсені ойлаған кезде, алдымен оны салыстырып, таразылап алады. Мәселен, адам өмірінде көрмеген нәрсені алғаш көргенде таңырқап, оның не екендігін білместен тек соған ұқсас, өзіне белгілі нәрсеге теңеумен ғана шектеледі. Қарды алғаш көрген бала қатты таңырқап әкесіне: «Әкешім! Аспаннан мақта жауып жатыр», - деген екен. Сол секілді адам Аллаһқа сенген соң әлбетте Оның болмысы жайлы ойланады. Аллаһ қандай? Ол қалай пайда болған? Оны кім жаратты? дегендей сан алуан сұрақтар әрбір пенденің ойын мазалап, оған өз деңгейлерінде жауап іздетеді. Мұндай сәтті шайтан әсте мүлт жібермейді. Басыңыздағы жүйесіз сұрақтар мен қиял, күмәндарды одан сайын үдете түседі. Мұндайда ең абзалы, сұрақ мазалап, ә дегеннен ойға шабуылдай бастағанда дереу сол жерден кері қайтқан жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларына Аллаһты түсіндіргенде Оның заты, жаратылысы, болмысы жайлы ойланбауды бұйырған. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз шайтан адамға ананы кім жаратты, мынаны кім жаратты деген сұрақты сұрататындығын айта келіп, мұндай жағдайға түскен кісіге сол сәтте «Кәлимә-и шахадатты» айтуы керек екенін ескерткен.

Олай болса, Ұлы Жаратушыға сенім мәселесінде ешқандай күмән мен жаңсақ пікірге бой алдырмай, Аллаһ Тағаланы жалғыз, әрі жаратылғандарға мүлдем ұқсамайтын нұқсан сипаттардан пәк деген нақты пайымды ұстанғанымыз жөн.

2. Аллаһтың барлығы мен бірлігін растайтын діни және қисындық (ақли)  дәлелдер

Аллаһ Тағаланың бар және бір екендігінің  ең басты дәлелі қасиетті Құран Кәрім болып саналады. Құранда Аллаһтың жалғыз екендігі, Өзінен басқа тәңірі жоқ екендігі мен құлшылық иесі екендігі, әуелі мен ақыры жоқ екендігі және бар болу үшін ешнәрсеге мұқтаж емес екендігі көптеген аяттарда кездеседі. Таһа сүресінің 14-аятында Аллаһ өзінің шынайы тәңірі екендігін былай деп келтіреді: «Рас мен Аллаһпын, Менен басқа тәңірі жоқ. Сондықтан маған құлшылық қыл. Сондай-ақ Мені еске алу үшін намазды толық орында».

«Ол сондай Аллаһ көктерді тірексіз көтерді, көріп тұрсыңдар. Содан соң ғаршыны меңгеріп күн мен айды іске қосты. Олардың әрбірі белгілі бір мерзім үшін жүреді. Бүкіл істерді Ол жолға қойып, аяттарды ашық баян етеді. Әрине Раббыларыңа кездесетіндеріңе нанарсыңдар» (13.Рағыд-2).

«Ол сондай Аллаһ сендерге көктен жаңбыр жаудырып, одан сусын және ол арқылы малдарыңды жаятын орман шығарды» (16.Нахыл-10).

«Көктер мен жердің жаратылуы және ондағы жәндіктердің таралуы Оның белгілерінен. Ол оларды қашан қаласа да жинауға күші толық жетеді» (42.Шура – 29).

Міне, Құранда осыған ұқсас аяттар жеткілікті. Мұның бәрі Аллаһ Тағаланың бар екендігіне айқын дәлел болып табылады. Дегенмен, кейбір адамдар Аллаһтың жалғыз екендігіне күмәнданып, санасында бірнеше құдайға деген сенім қалыптастырады. Бірақ, сенімнің бұл түрі  күпірлік болып саналады. Құранда Аллаһтың серігі жоқ жалғыз екендігі Ықылас сүресінде анық баяндалады: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Оларға айт: Ол Аллаһ біреу-ақ. Аллаһ ешнәрсеге мұқтаж емес. Ол тумады және туылмады. Әрі оған ешкім тең емес».

«Егер жер мен көкте Аллаһтан басқа да тәңірлер болғанда әлбетте жер мен көк екеуі де бұзылып кетер еді. Ғаршының Раббы Аллаһ олардың жасанды сипаттарынан пәк» (21.Әнбия – 22).

Ал мына аят христиандардың Аллаһты үшеу дейтін түсінігін жоққа шығарады: «Әрі Аллаһты үшеу демеңдер, одан тыйылыңдар. Сендер үшін жақсы. Шынайы түрде Аллаһ бір-ақ Тәңірі» (4.Ниса-171).

Кімде-кім христиандар секілді Аллаһ Тағаланы үшеу десе, ол кәпір болады деп, Аллаһ қатаң түрде ескертеді: «Расында Аллаһ үштің үшіншісі дегендер кәпір болады. Бір Тәңірден басқа тәңірі жоқ. Егер олар бұл айтқандарынан тыйылмаса, олардан сондай қарсы келгендерге күйзелтуші азап кездеседі» (4.Ниса – 73).

Құран Кәрімде Аллаһ Тағаланың бар және бір екендігін баян еткен аяттардың көпшілігі Оны сипаттау арқылы түсіндіреді. Бұл аяттар әсіресе таухид мәселесіне көбірек тоқталып, Аллаһтың серігі мен ұқсасы жоқ екендігін тайға таңба басқандай етіп дәлелдеп береді.

Құран аяттарына назар салып қарайтын болсақ, аяттардың Аллаһты тану тұрғысындағы методологиясынан төмендегідей маңызды мәселелерді бөлежара келтіріп кетуге болады:

- Ұлы құдірет пен хикметтің жемісі болып табылатын адамның жаратылысы арқылы, оны осылай кемшіліксіз етіп жаратқан Аллаһтың бар екендігіне сену.

- Айналамыздағы өмір сүріп жатқан өзге де тіршілік иелеріне көз жүгіртіп, олардың жаратылысындағы шексіз құдірет иесінің шеберлігін мойындап, Оған сену.

- Табиғаттағы таңғажайып үйлесімге, жалпы жер бетіндегі тіршілік атаулыға қарай отырып, оларды жаратқан құдіреті күшті Аллаһтың бар екендігін мойындау.

- Көктегі жұлдыздар әлеміне, ай мен күннің жаратылысы мен аспан әлеміндегі планеталардың айналымына, күн мен түннің адам игілігі үшін ауысуына қарап, ойлану арқылы Аллаһтың бар екендігіне сену4.

Міне, бұл Аллаһтың бар екендігі жайындағы мол дәлелдердің аз ғана бір бөлігі болып табылады. Негізінде бұл тақырыпқа байланысты дәлелдерді тізбектей берсек таусылмайды.

Енді қисындық дәлелдерге жалпылама шолу жасап көрейік:

а) Адамның жаратылысы: Адам тән мен жаннан тұратындығы мәлім. Осы тән мен жан адамды ізденіс пен зерттеуге итермелеп, өзін жаратқан Жаратушыны табуға бағыт береді. Сонымен қатар адам бойында құдіреті күшті тылсым күшке сену сезімі бар. Сол сезім арқылы адам баласы қысылтаяң кезде құдайға сиынып, өзін жұбатуға тырысады. Бұл санамызға әбден сіңген сезім.

ә) Адам ақылымен айналадағы тіршілік атаулының алғашқы бастамасын ойлау арқылы Аллаһты табады. Мысалы, бір сағатты алатын болсақ, ол сағатты кім жасады, қалай жасады? Әлде сол күйінде бар болған зат пе еді, деп таразылаймыз. Асылында, сағатты өздігінен жаратылған деп ешкім айта алмайды. Әлбетте, оны жасаған бір шебердің бар екені анық. Сол секілді мына әлемді де жаратқан құдіреті күшті Шебердің бар екендігіне көз жеткізіп, Аллаһты еріксіз мойындаймыз.

б) Біздің өмір сүруіміз үшін өте тамаша, рет-ретімен, ешқандай кемшіліксіз жаратылған табиғатқа қарай отырып, оның ішіндегі түрлі заңдылықтардың бар екендігіне көз жеткіземіз. Міне сол заңдылықтардың өздігінен, кездейсоқтықтан пайда болуы мүмкін емес екендігі белгілі. Мысалы, физика ғылымындағы атом ең кішкентай ретінде заттарды құрайды. Ал заттар атомнан тұрса, сол атом қайдан пайда болды? Өздігінен бе, әлде біреу жаратты ма? Әлбетте, оның өздігінен болмайтындығын физиктер кәсіптік тұрғыдан дәлелдеп береді. Олай болса табиғаттағы заңдылықтарды ешқандай қатесіз, ретпен, өлшеммен, есеппен жаратқан Аллаһтың бар екендігіне де күмән жоқ.

в) Адамзатты ойландырып, ақылын сан-саққа жүгіртетін  және бір мәселе ол  әлемдегі тіршілік атаулының өмір сүруі мен әрекет етуі. Айналамыздағы жанды заттарға тіршілікті кім берді, олар қалай өмір сүруде деген сұрақтың жауабы тізбектеле келіп, ең соңғы нүктесі Аллаһ Тағалаға барып тіреледі де, Оған сенуге мәжбүр етеді5.

г) Аспан әлеміндегі сансыз планеталар жұлдыздар бір-бірімен қақтығыспай дәлме-дәл есеппен милиардтаған жылдар бойы орасан жылдамдықпен үнемі қозғалыс үстінде. Сондай тамаша жүйенің өздігінен болуы мүмкін емес. Жер бетіндегі тіршілікті асқан шеберлікпен жаратқан Аллаһ аспан әлемін де солай шебер түрде жаратқанын ақыл еріксіз мойындайды. (Қаф сүресінің 6-8 аяты бұл тұжырымды айғақтай түседі).

д) Дарвиннің айтқанындай, жануарлар мен жәндіктер шынында да эволюциялық даму немесе өзара күрестің нәтижесінде жаратылды ма? Адам маймылдан, маймыл бауырмен жорғалаушыдан, бауырмен жорғалаушы балықтан шықты деген қорытындыны ақылға салып көрейікші? Олар бір-біріне ұқсай ма? Әрине, олар бірбіріне мүлде ұқсамайды және әрбірі жеке бір әлем. Бұл жерде әрбір тіршілік иесі өз алдына Ұлы Жаратушының бар, бір екендігін, Оның Шебер Жаратушы екендігіне айқын дәлел болады. Әрине, мұнда байыппен ойланған жандар үшін үлкен ғибрат бар6.

е) Бүгінде ғылым мен технология дамып, шарықтау шегіне жетті. Бірқатар ғылыми жаңалықтар ашылып, ғалымдар Аллаһ Тағаланың бар екендігін қабылдап, еріксіз мойындай бастады. Жаратылыста кездейсоқтыққа орын жоқ екені ғылыми тұрғыдан дәлелденді. Мысалы, бүкіл тіршілік атаулының негізін құрайтын протейнді алайық. Бір протейнді алып зерттегенде оның 5 элементтен, яғни: көміртегі, сутегі, оттегі, азот және күкірттен тұратындығы анықталған. Сонымен қатар, бір протейнде 40 мың молекула болады. Осы бір протейннің өздігінен пайда болуы үшін жоғарыдағы 5 элементтің бір жерге жиналып, протейнді құрауының ықтималдығын ойланып көрелік. Иә, математиктердің есебі бойынша, бір протейннің өздігінен жаратылуы үшін 5 элементтің бір жерге жиналу ықтималы 10160 дәрежесінде 1 ғана екен. Демек, бір протейннің өздігінен жаратылуы үшін қанша жыл керек екендігін ойласаңыз, таңданбасқа шараңыз қалмайды: ол  10243 дәрежесіндей жылға тең. Бір протейн үшін осынша миллиондаған жыл керек болса, бүкіл тіршілік атаулы үшін қанша уақыт керек екендігін өзіңіз ойлана беріңіз. Әрине, мұндай қиялы жүйесіздіктен гөрі, бүкіл әлемді жаратқан Аллаһ Тағалаға сену саналық тұрғыдан әлдеқайда ақылға қонымды екені айқын.

3. Бір ғалымды Аллаһтың бар екендігіне сендірген жеті себеп

Нью-Иорк ғылым академиясы төрағасының бірі болып қызмет еткен А. Гресси Моррисон (A.Gressy Morrison) өзінің ғылыми зерттеуінің нәтижесінде Аллаһтың бар екендігін мойындап, өзге де әріптестеріне Аллаһтың бар екендігіне сендіретін жеті себеп атты мақаласын жариялады. Гресси Моррисон: «Ғылым мен технология құдіретті Жаратушының заңдылықтарын біртіндеп ашуда. Ғылыми жетістіктер көбейген сайын Аллаһтың бар екендігі дәлелденіп, Оған сенуге мәжбүр болудамыз. Мені мына жеті себеп Жаратушының бар екендігіне сендірді»,- деді.

1. Математикалық, физикалық заңдылықтар тұрғысынан ғаламның жоспарын жасаған және сол жоспар бойынша тіршілікті жаратқан ұлы бір Сананың бар екеніндігін дәлелдей аламыз.

Қалтаңызда бірден онға дейін нөмірленген он дана тиын салыңыз да, оларды жақсылап араластырыңыз. Енді сол тиындарды біртіндеп ретретімен нөмірі бойынша бірден онға дейін кезегімен қалтаңыздан шығарыңыз. Бірақ, алған тиынды қалтаңызға салыңыз да, қайтып араластырып шығыңыз. Яғни біріншіде 1 тиынды алып, кезегімен 2 санды тиынды шығаруыңыз керек. Осылай бірінен кейін бірін кезегімен шығаруға тырысыңыз. Алғашқы 1 тиынды қалтаңыздан шығару мүмкіндігіңіз онда бір болса, 1 мен 2 санды тиынды кезегімен шығару мүмкіндігіңіз жүзде бір болады. Ал 1, 2 және 3 санды тиынды кезегімен шығару мүмкіндігіңіз мыңда бір ықтималда жүзеге асса, 10 тиынды ретретімен шығару мүмкіндігіңіз миллионда бірге тең келуі мүмкін. Бұл ең алдымен, әлемдегі кездейсоқтық заңдылығын жоққа шығарады.

Жер өз жүйесінде сағатына мың милдік жылдамдықпен қозғалуда. Егер сағатына жүз милдік жылдамдықпен қозғалса, күндізгі уақыт пен түнгі мезгілдің мерзімі қазіргіден әлдеқайда ұзақ болар еді. Ал күннің ондай ұзақтығы өсімдіктер атаулының күлін көкке ұшырады. Ал түннің ұзақ болуынан қалған тіршілік атаулы суықтан қатып қалады.

Жер планетасы негізінен 230 қисайып қиғаш тұрады. Мұның өзі жер бетіндегі жыл мезгілдердің ретімен келуіне мүмкіншілік жасайды. Егер жер планетасы 23 градустық өлшеммен қисаймай, түптүзу тұрған болса мұхиттардан көтерілген булар солтүстік пен оңтүстікке ығысып, құрлықтарды мұз басар еді (Оқырмандарымызға жердің қисайып тұруы деген сөзіміз түсініксіз келуі мүмкін. Егер қолыңызға глобусты алып қарасаңыз бәрі де бірден түсінікті болады: глобус түзу тұр ма, әлде қисайып тұр ма?).

Ал ай жерге қазіргі қалыпты қашықтығынан 50 мың миль (1 мильде 1848 метр бар) ғана алысырақ болса, жер бетіндегі тіршілік астаң-кестеңі шығып, барлық құрлық атаулы күніне екі реттен су астында қалып, таулар көпке шыдамай үгітіліп кеткен болар еді.

Егер жердің сыртқы қабаты 10 қарыс қалың болғанда, оттегі жетпей өсімдік атаулыдан жұрдай боламыз. Ал енді керісінше ғаламшардың сыртын қоршап тұрған атмосфера қабаты қазіргісіне қарағанда жұқа болғанда күніне миллиондаған метеориттар жер планетасына қақтығысып, жер бетінің түкпір-түкпірінде өрт қаптар еді.

Міне, осы айтылған мысалдарды негізге ала отырып жердің кездейсоқтықтан, не өздігінен жаратылмаған деген қорытынды шғарамыз.

2) Жан деген не нәрсе? Қазірге дейін жанды ешкім толық түсіне алмады. Оның «салмағы», «бойы», «ені», қандай екендігі беймәлім. Бірақ, оның бар екендігіне ешкім күмәнданбайды. Мысалы, жанның құдіреттілігі соншалық жартас арасынан өмір дәнегі бұйырған өсімдік жартасты жарып шығып, өсуін жалғастыра береді. Бір құдіретті күштің ықпалымен айналадағы жансыз заттар мен денелерге сый ретінде берілген тіршілік  осылай түрлі-түсті бейнеде таңғажайып шеберлікпен көрініс табуда. Мәселен, көзге көрінбейтін бір плазманы алайық. Өзі мөпмөлдір, жыбырлап қана әрекет етеді. Бір қызығы бұл клетка осы әрекеті арқылы «өмір» деген ұғымды паш етуде. Осы титтей ғана тамшыдағы күш-қуат бүкіл өсімдік, жануарлар мен адамдардың күш-қуатынан да орасан. Себебі, бүкіл тіршілік содан шығады. Ал бұл тіршілікті жаратқан табиғат емес. Өйткені  тау-тастың, теңіздің мұндай нәрсені жаратуға күші жетпейді. Мұны тек бүтін әлемдерді жоқтан бар еткен Ұлы Жаратушы ғана жарата алады.

3) Жануарларда өзінің туып өскен жеріне қайта оралу сезімі бар. Аздап ойланып көрсеңіз бұл адам таң қаларлық құбылыс. Оларға бұл сезім қайдан келді? Ойды ой қуып, қисынды қисын қуып, оларға бұл түйсік әлмисақтан берілген, яғни оны беруші де бар болғаны ғой деген тұжырымға келіп, Ұлы жаратушының бар екендігіне көз жеткізесіз.

Мысалы жыланбалықты алалық. Дүниенің төрт бұрышындағы теңіздер мен өзенкөлдерде тіршілік ететін жыланбалықтар ұрық шашатын шаққа келгенде қаншама шақырым қашықтықты шарлап, мұхиттардан өтіп, Бермуд аралдарына жақын маңдағы тұңғиыққа келіп ұрық шашады да, сонда өледі. Бұған қалайша таңданбайсың!? Сол тұңғиықтағы шашылған ұрықтардан шыққан шабақ жылан балықтар ата-аналарының келген мекеніне кері қайтады. Біреуі Қара теңізге, біреуі Жерорта теңізіне дегендей, келген отанына қайта оралып, ары қарай өмірлерін жалғастырады. Міне сол шабақтарға сондай сезімді берген кім? Әлбетте, мұндай сезімді табиғат бере алмасы анық. Қазірге дейінгі зерттеулер нәтижесінде Еуропа теңіздері мен Америка өзенкөлдерінде өмір сүретін жыланбалықтар кездеспеген.

Осындай таңқаларлық жағдаятты жабайы араның балаларына қорек дайындауынан да байқаймыз. Жердің астын қазып ұя салған жабайы аралар балалары үшін азық дайындардан бұрын шегірткені шағып шұжықтайды. Бір ғажабы ара шегірткені шаққанда өлтірмей тек талдырып, шала жансар етіп тастайды екен. Уланған шегіртке жәйлап-жәйлап консервіленген ет халіне келеді де, жұмыртқадан шыққан араның балаларына азық болады. Негізінде ара баласы өлген жәндіктің етін жесе өліп қалады екен.

4. Адамның жануарлардан ерекшеленетін қасиеттің бірі - салыстыру, таразылау қабілеті. Адамнан басқа тіршіліктің бірде-бірі санай алмайды. Он санының ұғымын түсінбейді. Адам санасының ойлану мен салыстыру, таразылау қабілетіне ие болуының өзі оның кәміл жаратылғандығын көрсетеді.

5. Дарвиннің қателескен нәрсесі  өмір сүруге қажетті алғышарттың бірі тіршілік иесінің бойындағы ген. Мұның таңғажайып қасиетін айтып жеткізу мүмкін емес. Микроскоппен әзер көрінетін бұл мысқалдай гендер әрбір тіршілік иесінің өзіндік ерекшеліктеріне ие.

Генге мұндай қасиетті Ұлы Ғылым иесінен басқа ешкім бере алмайды. Мысалы, бір CD-ге том-том кітаптарды сыйдырып жіберген адамға мұндай қабілетті берген Аллаһ микроскоппен әзер көрінетін генге адамның бүкіл ерекшеліктерін оп-оңай сыйдырып жіберері сөзсіз. Бұған ешкімнің күмәні болмас.

6. Тіршіліктегі кейбір әрекеттер мен құбылыстар келешекте болар нәрсеге арналған дайындық ретінде жүзеге асып жатады.

Біраз жылдар бұрын Австралияда қоршау жасамақ болып кактус егеді. Алайда, кактус бірден көбейіп етек алып кетеді де, тез арада көптеген жерлерді жайлап, жергілікті тұрғындарды мазалап, тіпті мекендерін тастап көшуге мәжбүр болады. Кактус жайылған үстіне жайылып, Англияның аумағындай алып жерді алып, қаптап өседі. Кактус мәселесі Австралиялық ғалымдарды шұғыл шара қолдануға итермелейді. Ақырында ғалымдар тек кактуспен өмір сүретін, кактустан басқа өсімдікті қорек етпейтін қоңызды табады. Бұл қоңыздардың азығы тек кактустар болғандықтан, олар әлгі қаптаған кактустарды көп ұзатпай жеп азайтады. Бір қызығы, қоңыздар кактусты түгелімен жымжылас етпей, аз ғана алаңқайды қалдырады...

Осы қоңыздарға қарап: «Тез арада жылдам көбейіп кететін қоңыздар неліктен үлкен болып кетпейді?» деген ойға келесіз. Өйткені, қоңыздарда жануарлар мен адамдардың өкпесі секілді өкпе болмайды және тыныс алу жолдары тар болады. Олардың өсу қарқынына тыныс алу жолдары кедергі болғандықтан дене бітімдері үнемі кішкентай болып қалады. Осылайша қоңыздардың өсіп, үлкейіп кетулеріне шектеу қойылған. Шынында да қоңыздар өздеріне тән даму қарқынымен өсетін болса, жер бетінде адам деген атау қалмас еді.

7. Адам баласының Ұлы Жаратушы туралы ойлай алуының өзі өз алдына бір дәлел7.

4. Аллаһтың  көркем  есімдері

а) «Аллаһ» сөзі – қайталанбас ұғым

«Аллаһ» "الله" сөзі жеке бір есім болып, ешқандай тілге аударылмайды және ешбір тілде «Аллаһ» сөзінің орнына қолданылатын сөз жоқ. Себебі, «Аллаһ» сөзі тек Аллаһ үшін қолданылады, және бұл сөздің көпше түрі не мағналық басқа да нақты баламасы болмайды. Құрандағы Аллаһ ұғымын білдіретін «Иләһ», «Мәулә», «Рабб» сөздерінің өзі Аллаһ сөзінің тікелей мағынасын бермейді. Сол секілді қазақ тіліндегі «Құдай», «Тәңірі», сөздері де Аллаһ атауының орнына дәлмедәл келмейді. Ал бұл терминнің араб тіліндегі баламасы ретінде - «Иләһ», «Рабб», «Мәулә» сөздерін айтуға болады. Әрине, жоғарыда айтқанымыздай бұл сөздер де «Аллаһ» сөзінің орнын қай тұрғыдан да болсын (семантикалық не грамматикалық) алмастыра алмайды.

б) Аллаһтың ұлық есімдері (Исмул-Ағзам)

Аят пен хадистерде Аллаһ Тағаланың көптеген есімдері айтылған. Бұл есімдердің әрбірі Аллаһтың сипаттарымен тікелей байланысты, әрі мағыналары сол сипаттардан алынған. Ал, Пайғамбарымыз (с.а.у.) кейбір хадистерінде Аллаһтың ең ұлық есімдерін айтып, егер осы есімдер арқылы дұға жасалатын болса, ол дұғатілектердің міндетті түрде қабыл болатындығын ескерткен. Ислам ғұламалары осы ұлы есімдер жайында нақты бір шешімге келе алмаған. Өйткені, Аллаһтың барлық есімдері бірдей, бір есім өзге бір есімнен артық, жоғары бола алмайды және ең ұлы есім деп кейбір есімдерді бөле-жарып қарауға тағы болмайды дейді бір топ ғалымдарымыз.

Ал ғалымдардың және бір тобы Аллаһ Тағаланың ең ұлы есімдерінің саны үшеу дейді. Мұндай шешімге келудің себебін олар мына хадиспен түсіндіреді:

«Әсмә бинти Язид Хазіреті Пайғамбарымыздың былай дегенін риуаят етеді: Аллаһтың ең ұлы есімдері мына екі аятта айтылған: «Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол аса қамқор (Рахман), ерекше мейірімді (Рахим)» (2.Бақара – 163).

«Әлиф, Ләм, Мим. Аллаһ, Ол сондай Аллаһ. Одан басқа ешқандай тәңірі жоқ. Ол тірі (хай), толық меңгеруші (қойюм)» (3.Әли-Имран, 1-2). (Ахмед б. Ханбал, Әбу Дәуіт, Тирмизи).

Келесі бір хадисте былай делінеді: «Әнәстан (р.а.) риуаят етіледі. Расулуллаһпен (с.а.у.) бірге мешітте отырған болатынбыз. Бір мұсылман намаз оқып жатыр еді. Намаздан кейін ол былай деп дұға етті: «Аллаһым, мен мақтаудың саған тән екендігін және Сенен басқа тәңірі болмағандықтан Сенен тілеймін. Нығметті берген Сенсің, аспан мен жерді жаратқан Сенсің. Әй, Зул-жәләли уәл-икрам, әл-Хай және Қайюм болған Аллаһым...». Расулуллаһ (с.а.у.) бұдан кейін былай дейді: «Ол адам Аллаһ Тағалаға ең ұлы есімдерімен дұға етті. Ол исми ағзам, сол есіммен дұға етілген кезде қабыл болады. Ол есімдермен сұралған кезде Аллаһ сұрағанын береді» (Әбу Дәуіт, Тирмизи, Таж, 5-97).

Міне осы айтылған хадис аясында ғұламалар Аллаһтың ұлы есімдерінен төмендегі үшеуін бөлекше атайды:

1) әл-Хайюл-Қайюм – таухидтің барлық негізі осы екі есімге байланысты.

2) Зул-Жәләли уәл-Икром – яғни, Аллаһтың Жәләл есімі Оның бүкіл нұқсан сипаттардан пәк екендігін білдірсе, Икрам есімі бүкіл кәміл сипаттардың Жаратушыға тән екендігін білдіреді.

3) Аллаһ – бұл есім Аллаһ Тағаланың бүкіл есімдерін құрайды. Мысалы, Рахман, Рахим, Алим, Қадир сипаттарына иесі кім деп сұралса, әлбетте Аллаһ деп жауап беріледі8.

в) Аллаһтың ең көркем есімдері (әсмәул - хусна)

Құран Кәрімде Аллаһ Тағаланы сипаттаушы есімдер айтылғандай және бұл есімдермен қоса өзге де есімдерге «әсмәул хусна» (ең көркем есімдер) деп атаймыз. Есімдердің ең әдемісі, ең көркемі әлбетте Аллаһтың есімдері болып табылады. Себебі, Аллаһтан басқа ешбір нәрсе кәміл, кемшіліксіз емес. Құран бұл жайында: «Ол Аллаһ. Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ең көркем аттар Оған тән» (20.Таһа-8).  Және бір сүреде: «Ол Аллаһ, жаратушы, жоқтан бар етуші және бейнелеуші. Аттардың ең көркемі Оған тән. Көктер мен жердегі әр нәрсе Оны дәріптейді. Ол өте үстем, Аса дана» (59.Хашыр-24) – дейді.

Құран Кәрім мен сахих хадистерде Аллаһ Тағаланың көптеген есімдері айтылған. Біз осы есімдер арқылы Аллаһты танимыз. Ал сол есімдер арқылы дұға жасаудың абзал болатыны мына аятта айқын байқалады: «Ең жақсы атаулар Аллаһқа тән. Оған сол аттарымен жалбарыныңдар» (7.Али Имран-180). Осы мәселе тұрғысында келесі бір аятта былай делінеді: «(Мұхаммед (с.а.у.)) оларға айт: Мейлі Аллаһ деп, немесе Рахман деп дұға етсін. Қайсысымен дұға етсеңдер, атасаңдар да ең көркем аттар оған тән» (17.Исра-110).

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні Хазіреті Айша (р.а.) анамызға:

- Я, Айша! Аллаһ Тағала маған қабыл болу тұрғысынан қай есімімен дұға жасаудың абзал екенін үйреткенін білетін бе едің?, – деп сұрайды. Хазіреті Айша (р.а.):

- Әке-шешем саған пида болсын, уа Аллаһтың Елшісі! Соны маған үйретіңіз, - деген кезде Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Әй, Айша! Ол есім саған үйретілмегені дұрыс, - деп жауап береді.

Бұдан кейін Хазіреті Айша (р.а.) анамыз ол жерден тұрып кетеді де, біраз уақыттан кейін қайтып келіп Хазіреті Пайғамбардың (с.а.у.) басын сүйіп:

- Я, Расулуллаһ! Өтінем, маған сол дұғаны үйретіңізші, - дейді. Расулуллаһ тағы да:

- Әй, Айша! Ол есімді саған үйрете алмаймын. Өйткені сен ол есіммен дүниелік бір нәрсе сұрайтын болсаң, дұрыс болмайды, - деп жауап береді. Хазіреті Айша (р.а.) анамыз осы жауаптан кейін тұрып кетеді де, дәрет алып екі рекат намаз оқиды. Артынан Аллаһ Тағалаға былай деп дұға етеді:

- Уа, Раббым! Мен Сені «Аллаһ» деп шақырамын, дұға етемін.  Әр-Рахман, әл-Бәрр және әр-Рахим деп шақырамын. Білетін білмейтін бүкіл ең әдемі есімдеріңмен Сені шақырамын. Мені кешіруің және маған мархамат етуің үшін саған дұға етіп жатырмын!

Хазіреті Айша (р.а.) анамыздың осылай дұға еткенін естіген Расулуллаһ (с.а.у.) күлімсіреп былай дейді:

  1.  Шынында да әлгі есімдер сенің жасаған дұғаңның ішіндегі есімдер! (Ибн Мажа, Дуа – 9)9.

Жоғарыда келтірілген аят пен хадистерден түйгеніміз – дұға жасау барысында ең бастысы Аллаһтың ең көркем есімдері арқылы барынша шынайы, терең ықыласпен жалбарыну болмақ.

Аллаһ Тағаланың есімдері өте көп, бірақ сол есімдердің ішіндегі 99-ы мәшһур есімдер болып танылады. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисшәріпте: «Аллаһ Тағаланың 99 есімі бар. Кімде кім сол есімдерді санап айтатын болса, жәннәтқа кіреді» (Бухари, Китабул шурут – 1193)10  дейді.

Міне, бұдан Аллаһтың 99 есімін санап айтудың өзі жәннәтқа апаратын бірденбір амал екендігі мәлім болып тұр. Бұның өзі бір жағынан аз амалмен көп сауап алудың жолын көрсетеді.

  1.  Аллаһ
  2.  әр-Рахман – аса қамқор
  3.  әр-Рахим – аса мейірімді
  4.  әл-Мәлик – бүкіл әлемдердің егесі, әміршісі
  5.  әл-Қуддус – барша кемшіліктен пәк, қасиетті
  6.  әс-Сәлам – жаратқандарын амандықта ұстаушы
  7.  әл-Мумин – жүрекке иман беруші, азаптан қорғаушы
  8.  әл-Мухаймин – әр уақыт өз саясына алушы, үкімінің астына алушы
  9.  әл-Азиз – ұлы, жеңілуі мүмкін емес жеңімпаз
  10.  әл-Жаббар – өзінің үкімін барша әлемге жеткізуші, қалағанын күштеп жасатушы
  11.  әл-Мутәкәббир – барлық нәрседе ұлылығын көрсетуші
  12.  әл-Халиқ – барлық нәрсені жаратушы, жоқтан жаратушы
  13.  әл-Бари – кемшіліксіз жаратушы
  14.  әл-Мұсаууир - әрбір қалаған нәрсесіне бейне беруші
  15.  әл-Ғаффар – күнәларды кешіруші, жарылқаушы
  16.  әл-Қаһһар - қалаған нәрсесіне үстем болушы
  17.  әл-Уаһһаб – түрлі нығметтерді қайтарымсыз беруші
  18.  әр-Раззақ – жаратылғандардың рызық несібесін беруші
  19.  әл-Фаттах – хайыр есіктерін ашушы
  20.  әл-Алим – барлық нәрсені өте жақсы білуші
  21.  әл-Қабид – рухтарды алып қалушы, жан алушы
  22.  әл-Басит – рызықты молайтушы, өмірді ұзартушы
  23.  әл-Хафид – кәпірлердің беделін түсіруші
  24.  әр-Рафиғ – муминдерді көтеруші, жоғарылатушы
  25.  әл-Муиз – ұлықтаған, ізеттілік пен күш беруші
  26.  әл-Музил – қиыншылықпен сынаушы
  27.  әс-Сәмиғ – барлық нәрсені естуші
  28.  әл-Басир – барлық нәрсені көруші
  29.  әл-Хакәм – үкім беруші, жақсыны жаманнан айырушы
  30.  әл-Адил - әділетті
  31.  әл-Латиф – құлдарына Лұтуф етуші, түрлі пайдаларға кенелтуші
  32.  әл-Хабир – барлық нәрседен хабардар
  33.  әл-Халим - пенделерге жаза берерде жұмсақ болушы
  34.  әл-Азим – заты мен сипаттарында өте ұлық
  35.  әл-Ғафур – аса кешірімді, жарылқаушы
  36.  әш-Шәкур – аз амалға көп сауап беруші, шүкіршілік иесі
  37.  әл-Алии – өте жоғары
  38.  әл-Кәбир - өте үлкен
  39.  әл-Хафиз – сақтаушы, бәлекеттерден қорғаушы
  40.  әл-Муқит – әрбір жаратылғандардың азығын беруші
  41.  әл-Хасиб - әрбір пенденің ғұмырлық һарекетінен есеп алушы
  42.  әл-Жәлил – ұлылық иесі
  43.  әл-Кәрим – өте жомарт
  44.  әр-Рақиб – барлық жаратылысты бақылаушы
  45.  әл-Мужиб – дұғаларды қабыл етуші
  46.  әл-Уасиғ – ілімі мен мейірімі кең
  47.  әл-Хаким – хикмет иесі, бүкіл ісінің хикметі бар
  48.  әл-Уәдуд – ізгі құлдарын жақсы көруші
  49.  әл-Мәжиид – беделі, аты өте жоғары және есімдері әдемі
  50.  әл-Баъис – өлгеннен кейін тірілтуші, пайғамбар жіберуші
  51.  әш-Шахид – әрбір нәрсеге куә болушы
  52.  әл-Хақ – бар екендігінде ешқандай өзгермеген, ақиқат, шынайы
  53.  әл-Уәкил – құлдарының істерін орындаушы
  54.  әл-Қауи – өте күшті
  55.  әл-Мәтин – өте берік, күшті
  56.  әл-Уәли – муминдерге дос және жәрдемші
  57.  әл-Хамид – мақтау мен мадаққа лайық
  58.  әл-Мухси – әрбір нәрсенің санын білуші
  59.  әл-Мубди – тіршілікті жоқтан бар етуші
  60.  әл-Муид – жаратылғандарды өлтіріп, қайта тірілтуші
  61.  әл-Мухи – тірілтіп, өмір беруші
  62.  әл-Мумит – жанды бір мақлұқтың жанын алушы
  63.  әл-Хай – тірі
  64.  әл-Қайюм – барлық нәрсені ұстап тұрушы
  65.  әл-Уәжид – қалағанын қалаған уақытта табушы
  66.  әл-Маажид – барлық есімдерімен жоғары, ұлық пәк болған
  67.  әл-Уахид – затында, сипаттарында, есімдерінде жалғыз
  68.  әс-Самад – ешнәрсеге мұқтаж емес
  69.  әл-Қадир – қалаған нәрсені істеуге құдіреті жетеді
  70.  әл-Муқтадир – барлық нәрсеге күші жетуші
  71.  әл-Муқаддим – қалаған нәрсесін қалауы бойынша бірінші кезекке қоюшы
  72.  әл-Муаххир – қалаған нәрсесін кейінге шегеруші
  73.  әл-Әууәл – бастауы болмаған
  74.  әл-Ахир – соңы болмаған
  75.  әз-Захир – бар болуы ашық болған
  76.  әл-Батин – заты мен болмысы жасырын болған
  77.  әл-Уали - әлемді жалғыз өзі басқарып иелік етуші
  78.  әл-Мутәали – нұқсандықтардан пәк
  79.  әл-Бәрр – құлдарына деген жақсылығы көп
  80.  әт-Таууаб – тәубелерді қабыл етуші
  81.  әл-Мунтақим – күнәні әділ түрде жазаландырушы
  82.  әл-Афуу – кешірімшіл
  83.  әр-Рауф – мейірімі көп
  84.  Маликул–мулк – мүліктің, дүниенің шынайы егесі
  85.  Зул-жәләли уәл-Икрам – ұлылық пен жомарттықтың иесі
  86.  әл-Муқсит – әрбір істі ретімен, уақытымен жасаушы
  87.  әл-Жамиғ – қалаған нәрсені қалаған уақытта бір жерге жинаушы
  88.  әл-Ғани – өте бай, ешкімге мұқтаж емес
  89.  әл-Муғни – қалаған пендесін бай етуші
  90.  әл-Мани – қалаған нәрсеге кедергі бола алушы
  91.  әд-Дзарр – қалағанын зиянға душар етуші
  92.  ән-Нафи – қалағанына көп пайда беруші
  93.  ән-Нур – нұрландырушы, нұр беруші
  94.  әл-Хади – дұрыс жолға салушы, хидаят беруші
  95.  әл-Бадиғ – ешқандай үлгісіз, мысалсыз жаратушы
  96.  әл-Бақи – мәңгілік, соңы болмайтын
  97.  әл-Уарис – мүліктің шынайы иесі
  98.  әр-Рашид – жол көрсетуші
  99.  әс-Сабур - асқан сабыр иесі11

5. Аллаһ Тағаланың сипаттары

Мұсылман кісі Аллаһқа иман еткен кезде Оның затына тән кәміл сипаттарына сеніп және де нұқсан сипаттардан пәк екендігін де білуі тиіс. Аллаһ Тағаланың бүкіл сипаттарының басы мен соңы жоқ және өзге жандылардың ешбірінің сипатына ұқсамайды. Аллаһтың сипаттары айтылған кезде, бізге ол сипаттарға ұқсастық бар секілді көрінгенімен, ақиқатында ол сипаттарға ешбір ұқсастық жоқ. Себебі, Аллаһ өзін құлдарына танытқанда біздің түсіне алатын қабілетімізге сай түсіндіреді. Мысалы, Аллаһтың көру, есту, білу сипаттары туралы сөз болғанда, ол сипаттардың ұғымы біздің түсінігімізге аса қиындық тудырмайды. Адам санасында бұл сөздердің ұғымы әу бастан қалыптасқандықтан дереу Аллаһтың өзі секілді көре алатындығын, ести алатындығын түсінеді. Бірақ адам жарық дүниені екі көзімен көрсе, Аллаһты көру мына дүниеде біз үшін құпия. Асылында бұл жайында ойланудың өзі қажетсіз іс ескендігі  белгілі. Өйткені біз Аллаһты заты тұрғысынан емес, тек есімдері мен сипаттары тұрғысынан ғана танимыз және солай иман етеміз. Біздің шектеулі ақылымыз шексіз құдіреті күшті Аллаһты толық меңгере алмай тек сипаттарымен ғана танығандықтан, иман етумен шектелеміз.

Аллаһ Тағаланың затына тән сипаттарды екіге бөліп қарастыруға болады: зати сипаттар және субути сипаттар. Енді осы сипаттарын ашып, талдап түсіндірейік:

а) Зати сипаттар (Аллаһқа тән сипаттар)

Зати сипаттар Аллаһтың затымен бірге болып, одан бөле-жарып қаралмайтын сипаттарға айтылады. Зати сипаттар – Аллаһтың ұлылығын, кәмілдігін, бүкіл нұқсан сипаттардан пәк екендігін білдіреді. Зати сипаттардың төмендегідей алты түрі бар:

1) Уужуд (бар болу)

Уужуд сөзі – бар болу деген мағынаны білдіреді. Яғни, Аллаһ Тағала бар және сол бар болуы да өздігінен, әрі Ол бар болуында ешбір нәрсеге мұқтаж емес. Бар болмау ұғымы Аллаһ Тағала үшін мүмкін емес түсінік. Уужуд (бар болу) Аллаһтың бүкіл сипаттарының негізі болып табылады. Жоғарыдағы Аллаһтың бар екендігіне қатысты дәлелдер мен мысалдарды осы уужуд сипатына жатқызуға әбден болады. Сөзімізді мына аятпен тұжырымдасақ: «Ол Аллаһтан басқа тәңір жоқ. Ол тірі, әр нәрсені толық басқарып тұр. Ол қалғымайды да ұйықтамайды. Көктер мен жерлердің барлығы Соныкі...» (2.Бақара-255).

2) Қидәм (әуелі, бастауы жоқ)

Қидәм дегеніміз - бастауы жоқ дегенді білдіреді. Яғни, Жаратушы белгілі бір уақытта пайда болмаған, Ол әу бастан бар. Егер Ол әуелде болмай кейіннен пайда болған болса, онда хадис (кейіннен жаратылған) деген сипатқа ие болған болар еді. Кейіннен пайда болған әрбір нәрсенің бір жаратушысы болады. Ал Жаратушыға тән сипат Оның әуел бастан бар болуы12. Аятта бұл жайында былай дейді: «Ол Аллаһ әуелгі әрі соңғы, Ол ашық (дәлелдермен білінеді), әрі ақыл жетпес құпия» (57.Хадид-3).

3) Бәқа  (мәңгілік)

Бәқа дегеніміз соңы жоқ, яғни мәңгілік деген ұғымды білдіреді. Аллаһ Тағала  мәңгілік иесі. Әуелгі бастауы болмағанның әлбетте соңы да болмауы заңды. Аллаһтың сипаты үшін ақырғы деген түсінік жоқ. Өзге бүкіл мақлұқаттардың бәрі пәни, қайқайсысының болса да ақыры мен соңы бар. Тек Аллаһ қана әрі әуелден бар және мәңгілік болады. Бұл жайында аяттарда былай деп келтіреді: «Ол Аллаһ әуелгі,  әрі соңғы» (57.Хадид-3).

«Аллаһ пен бірге басқа тәңір шақырма! Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Оның өзінен басқа әр нәрсе жоқ болады» (28.Қасас-88).

«Бүкіл жер бетіндегілер бітеді. Ұлы дәрежеге ие әрі жомарт Раббың өзі ғана қалады» (55.Рахман, 26-27).

4) Уахданият (жалғыз, бір болу)

Уахданият дегеніміз - Аллаһ Тағаланың затында, сипаттарында және істерінде жалғыз екендігін, серігі мен ұқсасы жоқ екендігін білдіреді. Қандай да бір нәрсені алып қарайтын болсақ, бірнеше элементтен тұрады, яки оны бөлуге, бөлшектеуге болады. Ал, Аллаһ Тағала ешқандай нәрседен тұрмайды, құралмайды және бөлінбейді. Себебі Ол – заты мен сипатында жалғыз. Жаратушының жалғыз екендігі жөнінде көптеген аяттар бар. Солардың бірерін мысал ретінде келтірсек: «Аллаһ бұйырады: Екі тәңір жасап алмаңдар. Шын мәнінде Ол жалғыз бір-ақ Тәңір. Ендеше Менен ғана қорқыңдар» (16.Нахыл-51).  «(Мұхаммед (с.а.у.)) Оларға айт: Егер Аллаһ пен бірге олардың айтқандарындай тәңірлер болса еді. Онда бұл тәңірлер Аршының иесі Аллаһқа жету үшін шаралар іздейтін еді» (17.Исра-42).

«Егер жер мен көкте Аллаһтан басқа тәңірлер болса, онда жер мен көк сөзсіз бұзылып кететін еді. Демек, Аршының Раббысы Аллаһ олар жарастырған сипаттардан пәк» (21.Әнбия-22).

«Аллаһ еш бала иемденбеді. Онымен бірге тәңір де жоқ. Ондай болғанда әрине, әр тәңір өз жаратқанын бағыттап басқарар еді және сөзсіз бір-біріне үстемдік құрар еді. Аллаһ олар жарастырған нәрселерден пәк» (23.Муминун-91).

Міне осы аяттармен қоса, басқа да көптеген аяттарда Аллаһтың жалғыз екендігі анық, әрі ашық түрде айтылған. Адам қанша дегенмен түрлі ойға шомады да, санасында Аллаһтан басқа өзге де табынуға лайықты күшті іздейді. Біреулер қасиетті етіп дәстүрден қалған әдетті ұстанады, кейбіреулер тауға, тасқа, әулие тал деп санасында орнықтырған ағашқа шүберек байлау, оны зиярат ету секілді исламға жат қателіктерге бой алдырып, ақырында Аллаһқа серік қосып қойғанын білмей қалады. Аллаһ өзіне серік қосқанды ешқашан кешірмейтіндігін бірнеше аятта айтып өтеді. Соның бір төмендегі аятта былай дейді: «...Кімде кім Аллаһқа серік қосатын болса, Аллаһ оған жұмақты сөзсіз харам етеді де, оның барар жері тозақ оты болады. Зұлымдық жасағандардың жәрдемшілері де жоқ» (5.Майда-72). (қараңыз: 4.Ниса-48; 39.Зумәр-65).

5) Мухаләфәтун лил-хауадис (кейіннен жаратылған нәрсеге ұқсамау)

Мухаләфәтун лил-хауадис дегеніміз - кейіннен пайда болған, жаратылған нәрсеге ұқсамау. Яғни, бұл ұғымды Аллаһ Тағаланың затына қатысты қолданғанда Аллаһ кейіннен болған, кейіннен шыққан  ешбір мақлұқатқа ұқсамайды деген мағынаны білдіреді. Себебі, әуелде Аллаһтан басқа ешбір күш, құдірет болмаған, және бүтін жаратылыс кейіннен жаратылды. Аллаһ мақлұқатты түрлі сипат пен ерекшеліктерге ие етіп жаратса, олар қайтіп Жаратушыға ұқсасын? Яғни, заттар мен мақлұқатар негізінен элементтерден тұрады, мүшелері бар, заман мен мекенде тіршілік етеді. Ал, Аллаһ Тағала мұндай ұғымдарға мұқтаж емес. Уақыт пен мекенді жаратқан Аллаһ Тағалаға заман мен мекеннің не қажеті бар? Мысалы, Аллаһ мәңгілік, ал тіршілік атауы мәңгілік емес. Өледі, жоқ болады. Сол үшін тіршілік өз кезегінде уақыт пен мекенге мұқтаж болып табылады.

Аллаһ Тағаланың ешбір жаратылысқа ұқсамайтындығы мына аятта анық айтылған: «Еш нәрсе Ол сияқты емес» (42.Шура-11). «Әрі Оның ешқандай теңдесі жоқ» (112.Ықылас-4). Демек, Аллаһ Тағала ешбір нәрсеге ұқсамайды және ешбір нәрсе Аллаһ Тағала секілді бола алмайды.

6) Қиям бинәфсихи (өздігінен бар болу, мұқтаж болмау)

Қиям бинәфсихи дегеніміз - бар болуы өздігінен, яғни бар болу үшін ешнәрсеге мұқтаж болмау (уақытқа, себепке, жаратушыға, мекенге т.б.).

Мұқтаждық жаратылысы кәміл емес тіршілік иелеріне тән қасиет. Сондықтан Аллаһтан басқа күллі тіршілік иесі көп нәрсеге мұқтаж13. Мысалы, адам ішіп-жеуге, ұйықтауға, тыныс алуға мұқтаж. Алайда Аллаһ Тағала мұндай мұқтаждықтардан пәк:: «Айт: Аллаһ біреу, Ол Аллаһ самад – еш нәрсеге мұқтаж емес» (112.Ықылас,1-2).

«Әй, адам баласы! Сендер Аллаһқа мұқтажсыңдар. Аллаһ ешнәрсеге мұқтаж емес, өте мақтаулы» (35.Фатыр-15), - деп келтіреді.

б) Субути сипаттар (тұрақты сипаттар)

Субути сипаттар Аллаһтың зати болмысы болмағанымен, затымен, болмысымен бірге болатын сипаттар. Бірақ, олар Жаратушының зати сипаттарынан бөлек қарастырылмайды. Матуридилер бойынша субути сипаттардың саны 8, Әшғарилер бойынша 7. 1. Хаят; 2. Ілім; 3. Сәмиғ; 4. Басар; 5. Ирада; 6. Құдірет; 7. Кәлам; 8. Тәкуин. Әшғарилер 8-ші Тәкуин сипатын Құдірет сипатына жатқызып, субути сипаттарды жетеу деп есептейді. Енді осы сипаттарға тоқталып өтейік.

1) Хаят (тірі болу)

Аллаһ тірі әрі тіршілік иесі және Оның бұл сыпаты өз болмысымен тұрақты. Ол әуелден тірі, өмір иесі және мәңгілік тірі қалпында болады. Мақлұқаттар әлемінің тіршілігі тән мен жаннан тұрғандықтан дәм-тұзы таусылған соң, бұл пәниден кетеді. Сол себепті олардың өмірі мәңгілік бола алмайды.

Құранда бұл тақырып жөнінде дәлелдер жеткілікті:

«Сондай еш өлмейтін тірі Аллаһқа тәуекел ет» (25.Фурқан-58).

«Аллаһтан басқа ешбір Тәңірі жоқ. Ол тірі толық меңгеруші» (3.Али Имран-2).

«Ол тірі, Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ» (40.Ғафыр-65).

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ей, тірі болған, Ей, Қайюм болған Раббым! Рахметің арқылы жәрдеміңді сұраймын» (Тирмизи, Дауаат-91) – деп дұға еткен.

2) Ілім (білуші)

Ілім сипаты Аллаһ Тағаланың барша құбылыс пен табиғатты білетіндігін, бүкіл ғылымның Иесі екендігін білдіреді. Аллаһ өткен, кеткенді, болғанды, болатынды, жарияны, жасырынды, бүтінді, бөлшекті, мысқалдай сыбырды т.б. болатын һәм болуы мүмкін әрекеттер мен құбылыстарды біледі. Яғни, алып қара тастар мен жеті қабат жердің астындағы тіршілік иесінің не істеп жатқанын да айна қатесіз біледі. Себебі, барлық нәрсе Аллаһ Тағалаға әуел бастан белгілі.

Құранда Аллаһтың білімі жайлы былай деп баян етеді:

«Көместің кілттері Оның жанында. Оны Ол өзі ғана біледі. Құрлықтағы, теңіздегі нәрселерді біледі. Бір жапырақ түссе де, Аллаһ оны біледі» (6.Әнғам-59).

«Сөздеріңді жасырсаңдар немесе әшкерелесеңдер де шәксіз Аллаһ көкіректегіні, көңілдегіні толық біледі. Жаратқан білмей ме? Ол тым жұмсақ, әр нәрсені толық білуші» (67.Мулк, 13-14).

«Расында Аллаһ барлық нәрсені толық біледі» (8.Әнфал-75).

«Мұхаммед (с.а.у.) көрмедің  бе? Шәксіз Аллаһ көктер мен жердегі нәрселерді біледі. Үш кісі сыбырласса, сөз жоқ төртіншісі, әлбетте бестің алтыншысы Аллаһ. Тағы бұлардан аз, я көп тіпті қайда болса да, әрине Ол, олармен бірге болады. Сонан кейін қиямет күні оларға не істегендерін білдіреді. Шүбәсіз Аллаһ әр нәрсені толық білуші» (58.Мужадәлә - 7).

«Ол ғайыпты, көрінгенді біледі. Аса ұлы өте жоғары. Сендерден кім сөзді жасырса да, жарияласа да және кім түнде жасырынып, күндіз шықса да Аллаһқа бәрі бірдей» (13.Рағыд, 9-10). (қосымша қараңыз: 3.Али Имран, 5-9; 6. Әнғам-3; 2.Бақара-255; 34.Сәбә - 3).

3) Сәмиғ (естуші)

Аллаһ Тағаланың субути сипаттарының бірі – самиғ, яғни есту сипаты. Аллаһ Тағала мейлі ашық, мейлі жасырын дыбыс болсын естиді. Және Оның бір нәрсені есту барысында екінші бір нәрсені естуіне ешбір кедергі жоқ болғандықтан, бүтін дыбыс атаулыны бір мезетте естиді. Бұл есту сипатында да Жаратушы ешбір нәрсеге мұқтаж емес (жаратылыстағы тіршілік иелері секілді көмекші құралға, есту мүшелеріне т.б.).

Құранда Аллаһтың сәмиғ сипаты көбінесе «басир» және «алим» сипатымен бірге қолданылады. Төмендегі мысалдар соның дәлелі: «Сен тілекті тым естуші, толық білушісің» (2.Бақара-127); «Ол Аллаһ естуші, әр нәрсені білуші» (2.Бақара-137, 181, 224, 227, 256), (3.Али-Имран, 34, 35, 38). «Күдіксіз Аллаһ әр нәрсені естиді, көреді» (22.Хаж-61).

4) Басир (көруші)

Аллаһ тіршілік атаулының бәрін, бүтін ғаламшарды (планеталар мен жұлдыздар т.б. бізге беймәлім әлемдерді) түгелдей көреді. Аллаһтың бұл көру сипатынан ешбір нәрсе тыс қалмайды. «Күдіксіз Аллаһ толық естуші тым қырағы» (40.Ғафыр-20).

Бұл мәселеге байланысты Жүнейд Бағдадидің мысалын айта кеткен орынды болар. Жүнейд бала кезінде діни сауатын жетілдіру үшін медреседе оқиды. Оның алғырлығы, ақылдылығы ұстазының көңілінен шығып, ұстазы оны өзге шәкірттеріне қарағанда жақсы көретін болады. Әлбетте, шәкірттердің Жүнейдке деген қызғаныш пен көре алмаушылық пиғылдары артады. Бірде мұны ұстаздары сезіп, шәкірттерінің бәрін шақырып алып: «Әрқайсысың бір тауықты алып, ешкім көрмейтін жерге барып, сойып әкеліңдер», - дейді. Шәкірттер жан-жаққа кетіп, біраз уақыттан кейін келеді де, тауықты қалай сойғандығын айта бастайды. Біреуі сайда, біреуі қорада, біреуі үңгірде дегендей өздерінше ешкім көрмейтін жерде сойдық деп келеді. Ал, Жүнейд тауықты тірі күйінде ұстазының алдына алып келеді. Ұстазы оған: «Әй, Жүнейд сен неге айтқанымды істемедің? Тауықты соятын жер таппадың ба?», - дейді. Сонда Жүнейд: «Сіз ешкім көрмейтін жерге барып сойып әкеліңдер дедіңіз. Бірақ мен ешкім көрмейтін жерді таппадым. Өйткені Аллаһ Тағала барлық жерде және бәрін көріп тұр. Сол себепті тауықты соя алмай қайтып келдім», - дейді. Сол кезде ұстазы өзге шәкірттеріне қарап: «Міне, көрдіңдер ме? Жүнейдті сендерге қарағанда не үшін жақсы көретінімді енді түсінген шығарсыңдар?»,  - деп жөн айтады.

5) Ирада (қалаушы)

Аллаһ бір нәрсенің қашан, қайда, қай уақытта болатындығын Өз қалауы бойынша жасайды. Аллаһтың қалағаны болып, қаламағаны болмайды және ешбір күш те, құдірет те бұл істе шарасыз, яғни ешнәрсе Оның қалауындағы нәрсеге әсер ете алмайды. Бүтін ғаламшардың және бізге беймәлім басқа да әлемдердің басқарылуы мен ішінде болып жатқан әрбір іс тек Аллаһ Тағаланың қалауымен жүзеге асады. «Шынында Раббың қалағанын толық орындаушы» (11.Худ-107) аяты бұған толық дәлел.

Аллаһ қалаған нәрсеге «бол» әмірін берген мезет, сол нәрсе болады. «Шын мәнінде Ол бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған «бол» деу, сонда ол бола қалады» (36.Ясин-82) аяты Жаратуышның бұл сипатының қаншалықты құдіретті екендігін паш етеді.

Жер бетіндегі тіршілік иелеріне Аллаһ қалауы бойынша рызық несібе беретіндігін аятта былай деп келтіреді: «Әй, мүлік иесі Аллаһ! Кімге қаласаң мүлік бересің де, кімнен қаласаң дәулетті аласың. Сондай-ақ кімді қаласаң ардақтайсың да, кімді қаласаң қорлайсың. Шәксіз әр нәрсеге күшің жетеді, - деп айт. Түнді күндізге айналдырасың да, күндізді түнге айналдырасың. Сондай-ақ өліден тіріні шығарып, тіріден өліні шығарасың. Кімді қаласаң сансыз несібе бересің» (3.Али Имран, 26-27).

6) Құдірет (құдіреті күшті Жаратушы)

Аллаһтың құдірет сипаты оның шексіз күш пен құдірет иесі екендігін білдіреді. Аллаһ Тағаланың күшқұдіреті жетпейтін ештеңе жоқ – Ол кезкелген нәрсені құдіретімен іске асырады немесе жоқ етеді. Бүкіл әлем Аллаһтың құдіреті, ілімі мен қалауына бағынышты.

Бұл жөнінде Құран Кәрім былай дейді: «Аллаһ әр жандыны судан жаратты. Сонда кейбіреуі бауырымен жүреді, кейбіреулері екі аяғымен жүреді және кейбіреулері төрт аяқтап жүреді. Аллаһ қалағанын жаратады. Рас Аллаһтың әр нәрсеге толық күші жетуші» (24.Нұр-15).

«Көктердегі және жердегі нәрселер Аллаһты осалдата алмайды. Шексіз Ол толық білуші, аса күшті» (35.Фатыр-44).

Егер сәл ғана ой жүгіртіп қарасақ, жоғарыдағы қос аяттың мағынасы, бізді Аллаһтың шексіз құдіретіне еріксіз барша ықыласымызбен және бүтін мейірмахаббатымызбен бас идіреді.

7) Кәләм (сөйлеуші)

Аллаһ Тағала сөз Иесі болғандықтан – «сөйлейді». Әрине, Ол дыбысқа, әріптерге және әріптерден құралған сөздер мен сөйлемдерді құрастыруға мұқтаж емес (және Жаратушының сөйлеуі әріптер мен дыбыстардан құралмайды да). Сондықтан Оның сөйлеуі біздің ұғымымыздағы сөйлеуге мүлде ұқсамайды.

Аллаһ Тағала Кәләм сипаты арқылы пайғамбарларына кітаптар түсіріп, әмір мен тыйымдарын жеткізді. Кәләм сипаты Аллаһтың затымен бірге әзәли (әуелгі). Аллаһ Тағаланың кәләм сипаты арқылы кей пайғамбарымен тікелей тілдескендігі жайында аятта былай дейді: «Мұса белгілі уәдемізде келгенде, Раббы оған сөйледі» (7.Ағраф-143), «Аллаһ Мұсамен тікелей сөйлескен» (4.Ниса-164).

Аллаһ жіберген дінін, әмірін, тыйымдарын уахи арқылы пайғамбарына жіберіп отырды. Уахи - Аллаһтың «сөйлеуі» деген мағынаны береді. Бұл тақырыпқа байланысты аятта: «Аллаһ адаммен тек қана уахи арқылы немесе перденің ар жағынан сөйлеседі немесе бір елші жіберіп рұқсатымен оған қалағанын уахи етеді. Ол ұлы хаким болған Аллаһ» (42.Шура-51)  дейді.

Біздің ұғымыздағы және одан тыс бүтін сөз атаулы  Аллаһтың кәләм сипатының бірденбір көрінісі. Аллаһ кәләм сипатының шексіз құдіретін көрсету арқылы тіршілікке тілдесу қабілетін сыйлаған. Жаратушының кәләмы ешқашан таусылмайды, ол шексіз: «(Әй, Пайғамбар! Оларға) айт: Раббымның сөздері үшін теңіз сия болса, тағы бір сондайды көмекке әкелсек те, әлбетте Раббымның сөздері таусылудан бұрын теңіз таусылар еді» (18.Кәһф-109).

«Егер жер бетіндегі ағаш атаулы қалам, теңіз де артынан тағы жеті теңіз қосылып сия болса, сонда да Аллаһтың сөздері таусылмайды. Күдіксіз Аллаһ өте үстем, хикмет иесі» (31 Луқман-27).

Айналамыздағы жанды-жансыз тіршілік әлемі Ұлы Жаратушының сыйлаған сөйлеу, тілдесу қабілеті арқылы өзін жаратқан Раббысын тасбих етіп жатқанын біле бермейміз. Олардың сөйлейтіндігін естігенде таңданамыз. Шындығында бүкіл тіршілік атаулы өзін жаратқан Аллаһ Тағаланы тасбих (мадақтау) етеді. Құран Кәрімде бұл мәселе былай деп баян етіледі: «Жеті көк және жер, сондай-ақ ондағы болғандар, Аллаһты пәктейді (тасбих айтады). Оны пәктеп, мақтамайтын еш нәрсе жоқ. Бірақ, сендер олардың тасбихтарын түсіне алмайсыңдар» (17.Исра – 44).

8) Тәкуин (жаратушы)

Тәкуин - жоқтан бар ету деген мағынаны білдіреді. Шексіз құдірет иесі Аллаһ Тағала тәкуин сипатымен қалаған нәрсесін жаратады, жоқтан бар етеді. Әлемде Аллаһтың жаратуынсыз пайда болған ешбір нәрсе жоқ. Тәкуин сипаты - жарату, рызық беру, азап беру, тірілту, өлтіру, нығмет беру секілді т.б. сипаттарды қамтитын аса ауқымды ұғым болып табылады.

Тәкуин сипатының өзге сипаттардан айырмашылығы бар. Аллаһ Тағала ілім сипатымен барлық нәрсені толық білсе, құдірет сипатымен мақлұқтардың бар болуы мен жоқ болуын қалап реттейді. Ал, ирада сипаты арқылы кез келген нәрсені қалайды. Ал осы қалаған нәрсені жарату тәкуин сипатымен жүзеге асады14. Тәкуин сипатының көрінісі аятта былайша беріледі:

«Ол сондай Аллаһ жер бетіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты» (2.Бақара-29).

«Ол Аллаһ әр нәрсенің жаратылысын көркемдестірді. Адам баласын жаратуды балшықтан бастайды» (32.Сәжде-7).

6. Аллаһтың о дүниеде мумин пенделеріне көрінуі

Әһли сүннет бойынша ақыретте муминдер Аллаһ Тағаланың көрінуін әрі ақли тұрғыдан, әрі нақли тұрғыдан уәжіп деп есептейді15. Олай болса, ақыретте муминдер Аллаһты көретін болса, қалай, немен көреді деген сауал еріксіз ойға келері анық. Ғалымдарымыз бұл сұрауға былай деп жауап беруге тырысады: «Аллаһ бір мекенде, бір бағытта, бір жерде болмастан, бетпе-бет те болмастан, көзге шағылыспастан және  көруші мен Аллаһ Тағала арасында белгілі бір қашықтық болмастан көрінеді». Сонымен қатар, Аллаһты көру үшін осы дүниедегі тіршілік әлемін көрудегі шарттар қажет емес дейді 16.

Әһли сүннет ғалымдары Аллаһ Тағаланың мүмин пенделеріне көрінетіндігіне мынадай дәлелдерді келтіреді:

1. Құранда: «Қиямет күні кейбір жүздер жарқылдап, Раббына қарайды» (75.Қиямет, 22–23) мағынасында айтылған аят муминдердің қиямет күні жәннәтта Аллаһты көре алатындығының дәлелі.

2. «Сондай жақсы іс істегендерге жақсылық әрі артығы да бар» (10.Юнус-26) аятында айтылған артық – сөзінің екінші бір мағынасы Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқаны секілді Аллаһты көру. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Жәннәттықтар жәннәтқа кірген кезде Аллаһ Тағала жәннәттықтарға: Тағы да беруімізді қалаған бір нәрсе бар ма? – дейді. Олар: Сен біздің жүзімізді ағартпадың ба? Бізді жәннәтқа кіргізіп, оттан құтқармадың ба? Тағы не сұраймыз? – дейді. Осыдан кейін Аллаһ пердені ашады. Бұдан кейін жәннәттықтарға Раббыларына қараудан да ұнамды болатын бір нәрсе берілгендей болмайды», деп айтып болған соң, жоғарыда айтылған аятты оқыған» (Муслим, Иман – 80; Тирмизи, Жәннәт – 16)17.

3. Бұл тақырыпқа келесі бір дәлел  Хазіреті Мұсаның (а.с.) Аллаһ Тағаладан өзіне көрінуін өтінуі. Ағраф сүресінің 143-ші аятында Хазіреті Мұса (а.с.): «Раббым маған өзіңді көрсет. Сені көрейін» дейді. Шындығында Хазіреті Мұса (а.с.) Аллаһтың ең ұлы елшілерінің бірі болғандықтан Аллаһты жетік біліп, жаратылғандарға ұқсаудан пәк екендігін айдан анық білетін. Сонда да ол Аллаһтың көріну сипатына сеніп, өзіне көрінуін өтінеді. Егер Аллаһты көру мүмкін болмағанда, Хазіреті Мұса (а.с.) мұндай тілек білдірмес еді. Аллаһты көре алмайтындығын біле тұра Хазіреті Мұсаның бұлай деуі, Аллаһты толық білмейді, білімі жетпейді қала берсе, Аллаһтың заты мен сипаттарын білмейді деген ұғымға келеді. Пайғамбарға мұндай кемшілік айтудан Аллаһ сақтасын. Асылында пайғамбарлар ақылды, алғыр, білімді болады. Олай болса, уахи келген пайғамбар Аллаһтың сипаттарын білмейді деп айту дұрыс болмас.

4. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Аллаһтың ақыретте көрінетіндігі жайлы басқа бір хадисте былай дейді: «Жәрир б. Абдуллаһтан (р.а.) риуаят бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір толған ай түнінде айға қарап былай дейді: «Әлбетте, сіздер мына айды көрген сияқты Раббыңызды да осылай көресіздер. Оны көруде қиыншылыққа кездеспейсіздер. Күн шықпастан және батпастан бұрын сіздерге ауырлық келтірмейінше, күшіңіз жетсе, намаздарыңызды уақытында оқыңыз, уақытын жіберіп алмаңыздар». Жәрир: «Аллаһтың Елшісі осыдан кейін мына аятты оқыды», - дейді. «Күн шығудан бұрын да, батудан бұрын да Раббыңды мадақта» (Таһа-130). (Бухари, Мәуақит-6, 26; Муслим, Мәсәжид-211)18.

5. Сүннит кәламшыларының көпшілігі бұл жайында «уужуд» дәлелі деген дәлелді алға тарта отырып, Аллаһтың ақыретте көрінетіндігін айтады. Бұл дәлел бойынша, бір нәрсенің көрінуінің басты себебі, оның бар болуында. Аллаһ Тағала бар болғандықтан Оның көрінуі хақ19.

6. Сахабалар Хазіреті Пайғамбардың (с.а.у.) Миғражда Аллаһты көріп-көрмегендігі жайында тартысады. Бұл дегеніміз Аллаһтың көрінетіндігіне дәлел бола алады. Себебі ақылды кісілер тек мүмкін болатын нәрсе жайында ғана тартысады20.

7. Бір күні Имам Шафииге қолдарында қағаз ұстаған бірнеше адам келеді де, имамнан мына аят жайлы сұрайды: «Жоқ олай емес. Негізінде олар ол күні Раббыларының дидарынан махрұм қалады» (83.Мутаффифин-15). Имам Шафии олардың қолдарындағы қағазына былай деп жаздырады: «Олай болса кейбіреулер азапқа душар болғандықтан, Оны көруге күнәләрі кедергі болады. Ал Оның разылығын алғандар Оны көретіндігі осы мағынадан шығып тұр».  Сонда әлгілер имамнан: «Тақсыр, сіз осыған сенесіз бе?» деп сұрайды. Имам Шафии: «Аллаһқа ант етемін. Мұхаммед б. Идрис (Шафии) қиямет күні Раббысын көретіндігіне толық сенбегенде, дүниеде Оған ешқандай құлшылық пен ғибадат етпес еді»,- деп жауап береді21.

Қорыта айтар болсақ, Аллаһ Тағаланы екі көзімізбен бе әлде жүрек көзімен бе көретіндігіміз беймәлім. Оған біздің ақылымыз жетпейді. Дегенмен сеніміміз мол.

Кейбір адасқан мәзхабтар әһли сүннеттің бұл сеніміне қарсы шығып, Аллаһ Тағала ақыретте көрінбейді дейді. Бұл пікірді айтушылар Муғтазила мен Жәхмия мәзхабының өкілдері. Олардың пікірі бойынша Аллаһтың көрінетіндігін қабыл ету, Аллаһты жаратылғандарға ұқсатумен тең. Негізінде Аллаһ жаратылғандарға мүлдем ұқсамайды. Олар өздерінің пікірлерін қуаттау үшін: «Көздер Оған жете алмайды» (6.Әнғам-103) аяты мен Хазіреті Мұсаның (а.с.) талабы мен сұранысына қарсылық ретінде Аллаһтың: «Мені ешқашан көре алмайсың» (7.Ағраф-143) деген аятты дәлел ретінде келтіреді. Яғни, Аллаһ Тағала Хазіреті Мұсаға (а.с.) аятта «Лән тәрони», «Мені ешқашан көре алмайсың» деуі бұл дүние мен о дүниені бірдей қамтиды. Сондықтан адамның екі дүниеде де Аллаһ Тағаланы көруі мүмкін емес деп, сенімдерін жариялайды.

Бұл мәзхабтардың келтірген дәлелдерін әһли сүннет ғалымдары былайша түсіндіреді: бірінші аяттың мағынасы көздің көрмейтіндігі емес, меңгере алмайтындығы туралы болса, екінші аятта Аллаһ Хазіреті Мұсаның (а.с.) бұл өмірдегі сұранысына жауап берген. Сол үшін мумин осы дүниеде Жаратушысын көре алмайды. Матуриди мектебінің ғалымдарынан Нуреддин әс-Сабуни былай дейді: «Аяттағы «Лән» сөзі мәңгілік деген ұғымға келмейді, тек тәкид (қуаттау) мағынасын береді. Бұған дәлел ретінде ол Мариям анамыздың яттағы уәдесінде қолданған мына сөзін негіз ретінде келтіреді: «Лән укәллимәл яумә инсия» (19.Мариям-26), «Бүгін ешбір адаммен сөйлеспеймін». Аллаһ бұл аятта «лән» сөзін «әл-яум» сөзімен бірге қолданып, шектеулі уақыт үшін айтып отыр. Олай болса, «мәңгілік» пен «шектеулі» бір-біріне қарамақарсы түсінік болып тұр. Сондықтан «лән» сөзі мәңгілік мағынасын білдіргенімен тек осы дүниеде деген ұғымға келеді22.

Аллаһтың ең соңғы Елшісі Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар Миғражда Аллаһ Тағаланы көре алмай тек перде арқылы сөйлеседі. Пайғамбарымыз ең ұлы пайғамбар бола тұра мұндай мүмкіншілікке ие бола алмады. Ал Хазіреті Мұса (а.с.) Аллаһтың нұры тауға түсіп, тауды түтілген жүндей етіп бытыратып жібергенде, қос жанары оған қарауға шыдай алмай есінен танып құлаған еді.

Иә, Аллаһ Тағаланы бұл дүниеде ешкім көре алмайтындығы анық. Алайда кейбір мұсылман бауырларымыз Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Миғражда Раббысын көргендігіне сенеді. Әрине, бұл мәселе адамды сан сұраққа жетелейтіні рас. Дегенмен мына хадиске назар аударсақ:

«Бірде бірнеше кісімен бірге Мәсруқ деген кісі Хазіреті Айшадан (р.анһа): «Әй, анашым! Мұхаммед (с.а.у.) Раббысын көрді ме?» - деп сұрадық. Хазіреті Айша (р.анһа) анамыз: «Айтқан сөзіңнен денем тітіркеніп кетті. Сенің үш қателі сөзден хабарың жоқ па еді? Кім оларды айтса өтірік айтқан болады.

1. Кім саған: «Мұхаммед (с.а.у.) Раббысын көрді десе, өтірік айтқан болады, деп «Көздер Оған жете алмайды, Ол көздерді көреді» (6.Әнғам-103) аятын оқыды.

2. Кім саған: «Мұхаммед (с.а.у.) ертең болатын нәрсені біледі десе, өтірік айтқан болады, деп «Ешкім ертең не істейтінін білмейді» (31.Луқман-34) аятын оқыды.

3. Кім саған: «Мұхаммед (с.а.у.) уахиден бір нәрсе жасырып қалғанын айтса, ол өтірік айтқан болады. Себебі аятта: «Әй, Пайғамбар! Раббың тарапынан түсірілгенді жалғастыр. Егер оны істемесең, елшілік міндетті жалғастырмаған боласың» (5.Майда-67) деп жауап береді» (Муслим, Иман-287)23 деді.

Олай болса, біз де Хазіреті Пайғамбарымыздың Миғражда Раббысын тікелей көре алмай, тек перде арқылы нұрын ғана көргендігі жайында айта аламыз. Бірақ, Пайғамбарымыздың Миғражда Аллаһтан Жәбірейл періштенің көмегінсіз тікелей уахи алғандығы рас. Бір күні Әбу Зәр әл-Ғыффари (р.а.) Хазіреті Пайғамбарымызға (с.а.у.): «Сен Рабб Тағаланы миғражда көрдің бе?», - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Ол нұр ғой! Мен Оны қалай көремін»,- деп жауап береді (Муслим, Иман-291)24.

Иә, қалай болғанда да Аллаһ Тағаланың пенделері үшін қайырлы болатын жағын нәсіп ететініне иманымыз кәміл.

Кейбір жандар: «Аллаһты бұл дүниеде адам баласы не үшін көре алмайды?», - деп сұрауы мүмкін. Бұған жауап ретінде ислам әлемінің әйгілі ойшылы әл-Фарабидің мына сөзін келтіруге болады: «Адам баласы Аллаһтың жаратқан күніне тіке қарап тұруға күші жетпейді және екі жанары оған қарауға дәрменсіз. Ал, Аллаһтың нұры күн нұрынан сансыз дәрежеде қуатты болғандықтан біздің сезім мүшелеріміздің Оны меңгеруге мүлде күші жетпейді»25. Расында адам баласы Аллаһтың жаратқан күніне тіке қарауға күші жетпесе, бұл дүниеде Аллаһтың Өзін қалайша көрмек?

2 Нуреддин әс-Сабуни. әл-Бидаят фи усулуд-дин, 85-бет;

3 Осман Нұри Топбаш. Ислам, иман ғибадат, аударған: Хайреддин Өзтүрк, Алматы, 2003, 60-бет.

4 Метин Юрдагүр. Аллаһын сыфатлары, Истанбул, 39-40-бет.

5 Имам Газали. Иһиау улумид-дин, мутержим; Ахмет Сердароглу, Истанбул, 1-том, 269-270-бет; Сайм Клавуз, Акиф Көтен, Осман Четин, Хүсейн Алгүл, ж.к.е., 122-123-бет.

6 кеңірек мағлұмат үшін қараңыз: Қайрат Жолдыбайұлы, Ұлы Жаратушыға иман, Алматы, 2003.

7 Рахми Балабан, Илим-Ахлак-Иман, Анкара, 186-191-бет.

8 А.Лүтфи Казанжы, ж.к.е., 64-65 бет; Сайм Клавуз, ж.к.е., 70-бет.

9 Осман Нури Топбаш, Имандан ихсана тасаввуф, Истанбул, 2002, 407-408-бет.

10 Мухтасар Сахихи Бухари, ж.к.е., 272-бет.

11 Метин Юрдагүр. Аллаһын сыфатлары, 58-119-бет; Али Осман Татлысу. Есмаул-хусна, Истанбул, 1990, 19-264 –бет;  Ислам және өркениет // №8, тамыз, 2002 жыл.

12 Сайд Рамазан әл-Бути. Яратжынын варлыы яратанын гөреви Ислам акаиди, Истанбул, 1986, 120-бет.

13 Сайд Рамазан әл-Бути, ж.к.е., 118-125-бет; Осман Нұри Топбаш, Ислам иман ғибадат, 63-83-бет; Хамди Дөндүрен, ж.к.е., 80-85-бет.

14 Имам Газали, Ихияу улумид-дин, 1-том, 276-281-бет; Осман Нұри Топбаш, ж.к.е., 83-106-бет

15 Нуреддин әс-Сабуни, әл-Бидаятул фи усулид-дин, 38-бет.

16 Мәтуну акайди ли-Умари ән-Нәсәфи, 5-бет,  Сайм Клавуз, ж.к.е., 231-бет.

17 Ибраһим Жанан, Хадис ансиклопедиси, Кутубус ситте,  Истанбул, 1998, 14-том, 286-бет.

18 Ибрахим Жанан, Хадис ансиклопедиси, Кутубус ситте, 14-том, 285-бет.

19 Сайм Клавуз, ж.к.е., 230-232-бет.

20 Нуреддин әс-Сабуни, әл-Бидаятул фи усулид-дин, 39-41-бет;

21 Сайд Рамазан, ел-Бути, ж.к.е., 181-бет.

22 Нуреддин әс-Сабуни, әл-Бидаяту фи усулид-дин, 39-бет.

23

24

25




1. Практичний розрахунок ефективності системи електронного документообігу
2. 20 км верхняя граница в атмосфере 3
3. либо тел представляет собой меру отклонения этих тел от состояния теплового равновесия друг с другом то оч
4. Тема 1. Понятие гражданского процесса
5. Мировая экономика и международные экономические отношения Япония в мировой экономике
6. Атрезия пищевода
7. Вариант Стандарт- 7
8. і. Без використання матеріал пам~яті поступово забувається.
9. модуль 03 Организация процесса приготовления и приготовление сложной горячей кулинарной продукции
10. Гора или холм это возвышенность конусообразной формы
11. СЛОЖНЫЕ ЛЮДИ Несвоевременное рождение В тот субботний день 1 июля 1961 года погода в графстве Норфолк на
12. V~HHAB~ F~TN~S~
13. Реферат- Место и роль малого бизнеса в системе рыночных отношений
14. тема борьбы с коррупцией перед государствами встали такие вопросы что такое коррупция какими мето
15. Эскипулас2 содержащего перечень мер по установлению мира было насыщено событиями радикально изменившими
16. Инструкция или инструкции по делопроизводству раскрывает вопросы документирования делопроизводства либ
17. Реферат- Теорія фірми
18. Стратегія Студентська рада ЗАТВЕРДЖЕНО- Проректор з науковопедагогічної роботи Га
19. СЕРТИФИКАЦИЯ АУДИТОРОВ Общие моменты сертификации аудиторов Итак первым из обязательных условий для з
20. Лабораторная работа 3 Тема- Дослідження роботи пристроїв пам~яті