Будь умным!


У вас вопросы?
У нас ответы:) SamZan.net

~АЗА~ АРУЫ П~НІ Ж~НЕ ОНЫ~ МА~ЫЗЫ МЕН М~НІ Б~гінгі ~аза~ ~ызы ~ ерте~гі ана бір отбасыны~ ~йыт~ысы

Работа добавлена на сайт samzan.net: 2015-07-05

Поможем написать учебную работу

Если у вас возникли сложности с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой - мы готовы помочь.

Предоплата всего

от 25%

Подписываем

договор

Выберите тип работы:

Скидка 25% при заказе до 21.5.2024

1-ДӘРІС. «ҚАЗАҚ АРУЫ» ПӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ МАҢЫЗЫ МЕН МӘНІ

 

Бүгінгі қазақ қызы – ертеңгі ана, бір отбасының ұйытқысы. Мемлекетіміздің іргесін қазақ отбасылары құрайтынын ескерсек, ұлттық қалпымыз бен салтымызды, ұлттық санамыз бен рухымызды, діліміз бен дінімізді сақтайтын, ең бастысы, ұрпағымызды тәрбиелеп-өсіретін қазақ қызының болашағына немқұрайлы қарамауымыз керек.

Қытай жазбаларындағы тарихтан да, ақын-жыраулардың жырларынан да қызға қатысты айтылатын “ару” деген ұғымды көп кездестіруімізге болады. Ол теңеу немесе атау ХҮ, ХҮШ ғасырларға ұласты. Бұл сөзді біз де қолданамыз. Біз тек қыз деген атауға синонимді түрде қарастырамыз. Алайда, “ару” сөзінің мағынасын қажеттігін аңғардық. “Батыр болған бабамнан ел қорғауды үйренгем, ару болған анамнан ар қорғауды үйренгем” деген мақалға бойлап жүрген жоқпыз. “Қызға қырық үйден тыю” дегендіктен болар, кім-кімнің де қыз тәрбиесіне қатысты, қыз тақырыбына тиісті пікірлерді жиі айтатындығын ұлт тәрбиесіне жанашырлық деп түсінеміз. “О, қазіргі заманның сұлулары! О заман да бұ заман жігіттер етегін жел ашпаған қызға үйленуге құмар екенін ескерсеңіз керек-ті! О, қазіргі заманның сұлулары! Қазақы үйлену тойының “ақ неке түні” рәсімі тұсында арулық абырой сынға түсетінін есте сақтағайсыздар!” деп қыздарға қарата айтылған үндеу-ойдан “арулықтың” тазалық пен пәктік екенін аңғарамыз. Тағы бір мысал, қайтыс болған адамды жер қойнына берерде, “ақ жауып, арулап аттандыру” немесе “өлікті пәктеу” дегенді естиміз. Мұндағы “арулау” мен “пәктеу” ұғымдары шариғаттың тазалық талабына сай өлшем екендігін білдірсе керек. Сонымен, АРУ  –  арлы да ұятты, пәк те таза, намысты да құрметті жан.

Ар мен ұятты сақтау, көрінгенге қолжаулық болып намысты аяқ асты етпеу, ар тазалығы, пәктік деген ұғымдарды аясына сыйғыза білетін “Ару” атауына бұл күнде жұбайлық өмірге даярлайтын қыздарымыз лайық болуы қажет.

Қазақ қыздарына лайықты теңеу өзіміздің әдеби тілімізде де өте көп баламаларға ие. Сөздің сұлуын қолдана білетін дана Абайдан бүгінгі Исраил ақынға дейінгі толқындардың ішінде қызды жырламаған ақын жоққа тән. Исраил Сапарбаевтың қызға арнаған мына анықтамасына назар аударайықшы: «Бет пішіні, дене мүсіні келіскен, сөзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы, терең ойлы қыз – ару. Жүзі  жылы, өзі ұяң, тәні нәзік қыз - әсем. Сөзі өткір, өзі пысық, өрескелдікті сүймейтін, болмашыға пісіп-күймейтін, келбетті қыз – сұлу. Істесе үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатын, өзі бірден көзге түсе қоймайтын қыз – көрікті. Баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы-жаманның жөнін біліп тұратын қыз – әдемі. Дене бітісі жинақты – тығыршық, сөзі салмақты, ісі тиянақты қыз – ажарлы. Көз жанары өткір, бет әлпеті бал-бұл жанған, тәні шымыр қыз –- шырайлы».  

Осыған орай, «ару» сөзінің түпкі мағынасын ашуды мақсат еткенімізде, «Қазақтың түсіндірме сөздігінде»(Алматы. Дайк-Пресс. 1999ж.): Ару (экспрессивті сөз)1. Асқан сұлу, керім, кербез (әйел, қыз). Қолаң шашты, қой көзді, Әйелде ару сен едің (Батырлар жыры). 2. (Ауыспалы мағынада) Көрікті, сәнді, әдемі (ай, күн). Айдан ару нәрсе жоқ, Түнде бар да күндіз жоқ (Үш ғасыр), - деген анықтама берілген екен. Ару – сырты нұрлы, іші сырлы әйел затының сұлулығы мен әдемілігіне, адалдығы мен пәктігіне, ақылы мен парасатына, адамгершілігі мен ізгілігіне теңестіріле айтылатын өлшем.  Сондықтан, бай мағынаға ие «ару» сөзін мақтаулы қазақ қызына тұмар еткенді жөн санадық.

Тағы бір қызық дерек, «қыз» сөзінің этимологиясы жайында. «Ғұн баянында»  Сүбүк қыз туралы түсінік бергенде: «Сүбүк – ғұнның текті руының аты. Қыз (гиасы) – «ханша» дегеннің орнына қолданылатын сөз. Ежелден хан-патша, тегін-тектілердің қыздары «қыз» деп аталып, қара халықтың қыздары «қырқын» делінген» - деп анықтама береді.

Енді осы қытай тарихнамасындағы қазаққа қатысты деректер ішінен әйелдер атауларын қарастырсақ: «Құйғыр бірте-бірте әлсіреп, Аз өзін қаған деп жариялады. Оның шешесі түргеш қызы еді. Шешесі қатұн деп аталды, әйелі қарлық иабғұсының қызына қатұн атағын берді», - деген баяндаулар арқылы «қатұн» атауының қағандардың құрметіне әйелдеріне берілетін атақ екендігін байқаймыз. Күні бүгінге дейін тілімізде қолданыста жүрген “қыз-қырқын, қатын-қалаш” тіркесті қоссөз арнайы атаулар болғандығынан хабар береді. «Ханша Таң патшалығының асыл текті аруы болғандықтан, Аз оған сарайға жеткізіп салуға елшісін қосты». Қыз балаға «ару» атауы ресми қолданылмаса да сыйластықтың өлшемі ретінде айтылғандығы байқалады.

Тарихымыздың әлеуметтік педагогикалық тағылымдарын зерделей келе, отбасылық өмірге даярлауда өзіндік ұстанымы, талаптары, әдістері мен әдістемелері болғаны анық. Өз алдына оқулық болып қалдырылмағанымен, оны халық тағылымдарынан, этномәдени құндылықтардан аңғара білу қиын емес.

Сонымен қатар, қазақтың ұрпақ тәрбиесінде құндылық өлшем саналатын ұғымдар көптеп саналады. Қыздар тәрбиесінде басшылыққа алатын түрлерін білу парыз.

“Тектілік” ұғымы да жас ұрпақты жұбайлық өмірге даярлау тәрбиесінде ескерерлік мәселе. «Тек» сөзі «тектіліктің» түбірі екені айқын. ҮШ ғасырдағы Орхон-Енисей жазбаларынан белгілі «тек» сөзінің төркінін Олжас Сүлейменов былай талдайды: «Тюркских: тек-род (каз), тик-род (тат.) и т.д. Производное теги, тегин – потомок, принц (др.тюрк). Самые ранние значения отложились в древногреческом: тек – 1) «дитя», 2) «род».  

Қазақтың жар таңдау мәселесінде даралық қасиетке жататын тектілік көшпелі қазақ мәдениетінде батыстың “элитарлық” ұғымынан да тереңірек. “Ортағасырлық еуропада элитарлық сословиялық жікшілдікті білдірсе, біздің халықта тектілікті ұрпақтар сабақтастығымен тереңірек байланыстырады” – дейді, Г.Омарова “Дәстүрлі қазақ мәдениеті” атты мақаласында.

Тектілік пен тексіздік жайлы жоғарыда жыраулар поэзиясынан кездестірдік. Тектіліктің сипаттары: әке-шешесі бар, ақ некеден туылған, отбасында тәрбие алған, жаман іспен әке-шешесінің, әулетінің аты шықпаған, ар-ұяты бар, намысты дегенге саяды. Нақысбек шешеннің “Тексізді досым деме, олар ер емес, пенде болады” деген сөзі, Бауыржан Момышұлының “Тексізден тезек артық, арсыздан айуан артық” деген мәтелге айналған қағидасы қазақты жаман сападан қашуға насихаттайды. Сондай-ақ, тексіздік “некесіздік” ұғымымен де қатар жүреді. Оны кейде “жолдан туған” немесе “көрдемше”, кейде “арамзададеп атап жатады. Қазаққа: бала – байлық. Сондықтан, ел ішінде “олжатай” деп асырап алып жататындар да кездеседі. Белгілі этнограф С.Кенжеахметұлы некесіз туылған баланы “көлденең туған”, “жолдан туған”, “затсыз”, “арамза” сияқты бірнеше атауын берген.

Қалай десек те, ата тегі дұрыс адамнан тараған, дұрыс тілек, дұрыс әрекеттегі, нәпсі үшін емес, өмірге дұрыс бала әкелу мақсатында қосылған адамнан туылған ұрпақтан жақсы адам шығарды деп күтілген. Осы орайда, С. Нелидовтің «Егерде балаңыз 100% сіздікі болсын десеңіз, етегін жел ашпаған қызға үйленіңіз» деген ойын айдар еткен мақалада Феликс Ледантектің «Жеке адам, эволюция, ұрпақ жалғастығы және жаңа дарвинистер» деген еңбегінің «Телегония немесе алғашқы айғырдың әсері» атты тарауында әйелдің дүниеге әкелер ұрпағының қандай болмағына ол төсектес болған бірінші еркектің ықпалы зор болатынын, ұрпақтың генефондын баланың өз әкесі емес, сол алқашқы еркек қалайтынын мәлімдеді. Алғашқы еркек белгілі бір әйелдің пәктігін бұзу арқылы оның келешекте туатын барлық балаларының генетикалық әкесі болатынын айтады. Себебі, алғашқы жанасқан еркектің шауһатының табы бір бұрышта мәңгі қалып, кейін әсерін тигізеді екен. Бұрынғы еуропалық ел басқарғандар алғашқы түн құқығы деген артықшылықты пайдаланып, асылдандыруға атсалысқан.

Тексіздік – әдеп пен кісілік аймағынан шығып, нәпсі мен пенделіктің құлдарына тән атау. Сонымен қатар, халықта “жетесіз”, “көргенсіз” деген тәрбиенің өлшемі бар. “Жеті атасын білмеген - жетесіз”, “көргенсіздің баласы дегізбе” деген деген тұжырымнан туатын ой: жетесіздік – баладан, көргенсіздік – ата-анадан, тексіздік – атабабадан қалыптасады. “Тектінің ұрпағы”, “көргендінің баласы”, “жетелі ұрпақ” деген өлшем бала тәрбиесіндегі ұлттық өлшем болып қала бермек.

Сол сияқты “қылықтылық” ұғымы да ашылмаған, анықталмаған деуге болады. Баласағұни мен Қайкаус, Бұхар мен Ақтамберді ұсынатын қылықты қыз қандай? Қазақ психология ғылымының өкілі С.Балаубаев психологиядағы “поведение” деген терминді “қылық” деп [64] аударған.  “Поведение” бір жағынан жүріс-тұрыс, іс-әрекет деген түсінікті де береді. Егер “поведениені” “тәртіп” деп аударар болсақ, онда қылықтылық – тәртіптілік те. Қылықтылық – тартымдылық, сүйкімділік, мінезділік. Қыз бойында қанша асыл сапалар болғанымен, тартымды жеткізе білмесе, сүйкімді қылық арқылы көрсетілмесе, қабылданбайды. Сонымен, қылық қандай іс-әрекеттерде көрініс тауып, қылықтылыққа ауысады? Біздіңше, қыздың қылығы:

  •  қарым-қатынастық іс-әрекетте;
  •  өзін-өзі ұстауда;
  •  әзілді түсінуде;
  •  шындықты мойындауда;
  •  ұрыс-керістен қашуда;
  •  сезімін білдіруде;
  •  сырласқанда;
  •  көп алдында сөйлегенде;
  •  өзі қалаған ісімен айналысуда;

- эмоциялық жағдаяттарға түскен жағдайларда сыналып, ұлттық мінез бітісіндегі қыздың қылықтылық сапасын байыта түседі.

Осы күнгі біздің білімді қыздарымыздың бойында тәртіптілік, пәктік, төзімділік, т.б. жақсы қасиеттер болғанымен, оны мінез толымсыздығы арқылы жеткізе білмейді. Яғни, қылықтылық жетіспейді. Сондықтан, қылықтылық аса қажет, жанұялық өмірге өзін бейімдейтін қыздар меңгеруге тиісті біліктілік болса керек. Осы орайда, Домалақ ана атанған Нұриланы өз қолында өсірген атасы – ислами тәрбиені сүйегіне сіңірген Қожа Ахмет Яссауидің ұрпағы Имам Ағзамның “білегіңнен алғаш ұстаған адамға тұрмысқа берем” деуі де қыздарға қойылатын шариғаттан туындаған талап.

Халқымыздағы қыздың “он екіде бір гүлі ашылмаған” тұрақты тіркесті сипаты бар. Этнопедагогикалық еңбектерде бұл ұғым ретінде қарастырылып, өлшем ретінде ашылған емес. Этнограф С.Кенжеахметұлы “гүлі ашылмаған” деген айшықты сөз деп көрсетіп, “жас, пәк, таза” деген анықтама береді. Жыраулардың суреттеулеріне сүйене отырып, төмендегіше ашсақ деген ой келді:

  1.  ешкім білегінен ұстамаған (Домалақ ана аңызында);
  2.  шашынан ешкім сипамаған(Доспамбет);
  3.  маңдайы күнге тимеген (Доспамбет);
  4.  ешкімге көзін салмаған (Шал ақын: “екі көзі ел көшсе төңіректе”);
  5.  түймесін ешкім ағытпаған (Доспамбет);
  6.  адам бетін көрмеген (Доспамбет)
  7.  белін ешкім шешпеген (Доспамбет);
  8.  көркін құлыпқа сақтаған (Ақтамберді)
  9.   назыменен күйдірген (Бұхар)
  10.   құлқыменен сүйдірген (Бұхар)
  11.   омыраулы жұпарлы (Бұхар);
  12.   ұяты бар (Көтеш)

Алайда, “он екіде бір гүлі ашылмаған” – өлшем өз қызметін бұл күнде жойған сынды. Жазушы һәм халық педагогикасының жанашыры З. Ахметова “Қазақ тәлімінің кәусары” атты мақалада қазақ қызының қытығы кетеді деп алақанын ешкімге ұстатпаған, “қыз бала қолын әркімге ұстата берсе, бойынан ұяты кетеді” деуі жоғарыдағы өлшемді нақтылай түседі.

Бірақ, бұл күнде ол мүмкін емес талап болып отыр. Себебі, балабақшадан бастап, ер баламен қатар отыру, бірге жүріп бірге ойнау, хауыздарға бірге шомылу еркіндігі бар. Біздің қоғамда бастауыш сыныптарда байқалмағанымен, өсе келе қыз балалар биязылық, ибалылықтан гөрі еркіндікті меңгеріп кетеді. Еркіндік және ұл балаға қарағанда тән-тұрпаттық дамудың ертелігінен де өздерін ересек сезінеді. Ұлдарға үлкендік таныта, үстемдік жүргізе бастайды. Ер балалар физиологиялық дамуы жағынан да кешеуілдеуі бар, қыздардың үстемдігінен басылып қалады. Жоғары сыныптарда тіпті, сабаққа да, қоғамдық жұмыстарға да белсенділігін шектейді. Демек, қыз балалардағы осы өлшемді сақтамау арқылы қыз тәрбиесін ғана емес, ер бала тәрбиесін де ақсатып отырған сыңайлымыз.

Қазақ халқының отбасы жағдайында өз ұрпағын жұбайлық өмірге даярлаудағы қолданылған өлшемдерінің мағынасын ашу қажеттігі ғылым үшін де,  ұрпақтар сабақтастығы  мақсатында ұлттық тәрбиенің тереңіне бойлау үшін де маңызды.

Тарихтағы тағылымды мұраларды оқып талдау арқылы біз осыған қол жеткіздік. Бір жағынан, халқымыз «ұлтты қыз сақтайды» дегенді басты санағандығынан болар, тәрбие туралы айтар болса, қыз бала тәрбиесіне қатысты, жар таңдау мәселесі болса көбіне, қыз таңдауға аса мән бергендігіне көз жеткіздік.

2-ДӘРІС: ЕЖЕЛГІ ДӘУІРДЕН ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ КЕЗЕҢІНЕ ДЕЙІНГІ ТАРИХТАҒЫ АРУЛАР БЕЙНЕСІ

Әр заманның өзіне тән ұрпақ тәрбиелеу мүмкіндігі болды. Оны ешкім жоққа шығармақ емес. Әркім өз баласына жеке тәрбие беруі отбасында орын алғанымен, халық болып қалыптасқан ділінде ұрпақ қамын көп болып ойлау және соған әрекет ету болды. «Қызға қырық үйден тыю, ұлға отыз үйден тыю» қағидасы тегіннен тегін шықпағаны белгілі. Аузы дуалы абыз, сөзі өтімді шешен, данышпан-даналардың өзі әрқайсысы бір-бір мектеп рөлін атқарды. Тыңдаған жан сөзін өміріне, тәрбиеге үлгі етті. Сол сияқты заманында тағылымды ойымен артына із қалдырған тарихта өткен «дала педагогтарының» мұраларына ғылыми шолу жасағанды жөн көрдік.

Орта ғасырда  қазақ жерінде тайпалық, рулық дәуір болды. Ежелгі түркі жазба ескерткіштері – қазақ тарихына да ортақ түркі қағанаты билік құрған дәуірінен қалған тағылымды, тарихи мұра. Шамамен ҮІІІ ғасырдың орта шенінде өмір сүрген Йолық тегін – тас жазбалардың авторы (бір зерттеулерде Білге қағанның ұлы, екінші бір зерттеулерде туысқаны делінген). Күллі түркі елінің бас қағаны болып тарихта қалған Білге қағанның ықпалымен тасқа қашап жазылып, Күлтегіннің құрметіне қойылған ескерткіш. Йолық тегін түркілер тарихын олардың саяси майданға шыққан кезі – ҮІ ғасыр ортасынан бастайды, яғни түркі қағанатын құрған заманнан бергі 200 жылдық тарихты ескерткішке сыйдырады. Орхон-Енисей жазбалары – «Күлтегін» ескерткіші мазмұны жағынан екі бөлімге саяды. Бірінші бөлімі: түркі халқының тарихы жайында болса, екінші бөлім: мемлекет тарихының негізгі бөлімі – халыққа бағышталған өсиет іспеттес. Тас жазулардағы халықты ел қорғау мен жер қорғауға, адами жақсы мінез-құлық, әрекеттерге баулу тарапынан айтылған сөздердің тағылымдық-танымдық, тәлім-тәрбиелік мәні зор.

Тастағы жазуларда тарихта аты қалған Білге, Күлтегін, Тоныкөк  сықылды батырлардың ерлігі баяндалады. Осы батырлардың арқасында Түрік қағанаты халықтың отбасына бірігуіне мүмкіндік жасады, отбасылық қарым-қатынас реттелді, ел тұрмысы түзелді дегенді суреттейді:

Ол кезде құл – құлды болған еді, Күң – күңді болған еді. Інісі ағасын білмес еді, Ұлы әкесін білмес еді. Білге қаған өзі туралы баяндай келіп, әке-шешесі Елтеріс қаған пен Елбілге туралы «әкем қағанды, шешем қатынды» деп атайды. Бұл сол кездегі лауазымды атаулар. Қаған – хан ретіндегі ел басқарушы болса, қатын (хатұн) – қағанның әйелдеріне берілетін дәреже болса керек. Тағы бір ескерерлік жайт отбасындағы әйелдердің өз атаулары яғни өз рөлдері болғандығын байқаймыз:

 Шешем – қатын, (онан) соңғы аналар, Жеңгелерім, келіндерім, ханымдар... Сондай-ақ, «ата-тек» ұғымы да сол кезде болғандығынан, «Адам баласы үстіне (билік жүргізу үшін) ата-тегім Бумын қаған, Істеми қаған отырған»  деген жолдардан байқаймыз.

Ел тәуелсіздігі жолындағы күресте жеңіліс табуын отбасында әке мен ағаның берген тағылымын, ерлігін, өсиетін орындамағандықтан көретіндігі жырда анық жазылған: «Соңындағы інісі ағасындай болмады. Ұлдары әкесіндей болмады», деген жолдар бар. Отбасындағы қарым-қатынастың мемлекетке ықпалының тікелей екендігін «...Інілі-ағалының дауласқандығынан, ... түркі халқы елдігін жойды, қағандығынан айырылды» - деп, күйзеле баяндайды. Қазақ үшін намысқа тиюдің үлкені – оң жақта әлпештеп отырған қызының жау қолында кетуі, өмірін жалғастыратын ұлдың жатқа құл ретінде бодан болуының отбасына үлкен қайғы әкелетіндігіне қиналғандығын жырда: «Тауғаш халқына бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды», - деп қалдырған.  Демек, отбасында ардақтап, қыз баланы пәк күйінде сақтау, оның күңдікке емес, еркін де бақытты өмірге лайықты екендігін айқын аңғартады. «Менің ағам мені адам етті...» деп-ақ туысқандық сыйластық, қарым-қатынас, үлкенді тыңдаудың отбасында, әулетте қалыптасқанын, ағаның рөлінің жоғары екендігін байқатады.

Тәңірлік дінге иланушы халықтың атынан Білге қаған өз жұртына өсиет айтады: «Тағдырды тәңірі жасар, Адам баласы өлу үшін туады... Егер сен, түркі халқы өз қағаныңнан, өз бектеріңнен, өз Отаныңнан жырақ кетпей, бірге жүрсең, сен өзің де бақытты өмір сүресің, өзіңнің отбасыңда  еш нәрседен мұқтаждық көрмейсің...». «Отан отбасынан басталады» деген бүгінгі қағидамыздың бастауын көрсетіп тұрғандай.

Отбасында мұқтаждық көрмеу, ұл-қызыңның жат қолында қор болмауы, ата-ана сыйлап, үлкеннен өнеге алып, өз халқыңмен бірге туған Отан аясында болу, бақытты ғұмыр кешу – қай заманда да адамзаттың басты арманы. Жырдан осындай гуманизмге өмірін арнаған батырлардың тарихи өсиетіне қанық боламыз. «Жұқаны бүктеу оңай, жіңішкені үзу оңай. Жұқа қалыңдаса, оны тек алып бүктейді. Жіңішке жуандаса, оны тек алып үзеді.» Қазақ үшін «тек», «тектілік» ұғымы отбасы тәрбиесінің негізгі өзегі болмақ. Бұл мысалдан соң, «тек» сөзі тамырының тереңде екендігін аңғарамыз.

«Орхон-Енисей ескерткіштері» – тағылымдық халық мұрасының бірегейі. Тарихта өткен бабалардың ұрпақ қамы үшін күресіп, келешегі үшін дұрыс өсиет айта алатындығына тәнті боласыз. Адами асыл қасиеттерді дәріптейтін елдің ұрпағы болу – мақтаныш қана емес, ұлт тәрбиесінің қайнар көзі.

Қорқыт бабаның ІХ ғасырда өмір сүргені жөнінде тарихи деректер бар. Басты дерек  бізге жеткен «Қорқыт ата кітабы» –  қазақ халқының ғана емес, Орта Азия халықтарының да жазба ескерткіші һәм тәлімдік мәні жоғары ұстаздық ұлағаты. «Қорқыт – жыр мен күйдің атасы, ерте кезде оғыз, қыпшақ және қаңлы тайпаларын басқарған данышпан кісі бейнесінде ҮІІІ-ІХ ғасырларда-ақ аңыз кейіпкері болған жан» - дейді әдебиетші-ғалым Н.Келімбетов .

Қорқыт бабаның нақылдарының ішінде жалпы адамзатты тәрбиелейтін ғақлиятты ойлар көп-ақ. Біз отбасындағы бала тәрбиесі қатыстысын ғана алдық. Отбасы педагогикасының ғұмырлық маңызын, қыз бала тәрбиесі мен ер бала тәрбиесіне жауапты ата-ананың рөлін, тәрбиенің ұрпақ сабақтастығындағы нәтижесін тұжырымды сөйлемдермен түйіндейді. «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамайды. Ананың көңілі балада болар. Жақсы ана үшін бала – екі көздің сыңары. Ұлың өсіп жетілсе, ол – отбасының мерейі, бас-көзі. Атадан қалған малы болмаса, баланың күні қараң. Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ. ...Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып, тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді». Бұл жердегі «тегін қуу» дегенді атаның қанымен берілген генетикалық ерекшелікті жоғалтпай, жақсы қасиеттерін дамытып, жақсы істерімен көріну дегенге саяды.

Қорқыт заманынан қазаққа мұра болып қалыптасқан діл – кез келген отбасының қонақ күтуге дайын болуы. Арнайы болсын, кездейсоқ болсын қазақ «отбасылық несібемізде қонақтың бөлінбеген еншісі бар» деген түсінікпен жүреді. Осыны дәстүрлі ұстанған үйге қонақ үйір, дәстүр сақтамайтын үйге ешкім жоламайды. «Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық» – деуі, қалыптасқан талапты орынмадаған жанның адамдар арасында беделінің де жоқтығын, өзінің де жоқ есебінде екенін аңғартады.

Өз заманының ойшылы адамзаттық талап – мұсылмандық талап, ата-ана талабы – ұрпақ талабы екендігін және оны орындаған жандардың құрметке лайықты екендігін: «Тізелерін бүгіп, намаз оқыған ерлі-зайыпты жұбайларға – құрмет! Талай жылды басынан кешіріп, шашы аппақ қудай болған қарт-қарияларға – құрмет! Кеудесіндегі ақ сүтін бөбегіне емізіп тойғызған асыл аналарға – құрмет! Солар үшін ақ отау тіккен аға-інілерге құрмет! Некелі сағатта куәлік еткендерге, жаңа туған ұлға – құрмет!» - деп білдіреді.

«Ұлдың кімнен туғанын ана білер» - деп табиғи шындықты айтушы абыз, әйелдер жайлы көбірек тоқталып айтқанда ананың адамзат арасындағы орнын, отбасындағы мәйекті маңыздың әйел арқылы ұйитынын білгендіктен, «Әйел төрт түрлі болады: Оның бірі – ниеті құрыған әйел, екіншісі – ынсапсыз әйел, үшіншісі – үйдің құты болған әйел, төртіншісі – кесір әйел. Әйел біткеннің ең жаманы осы», - депті Қорқыт.

«Қорқыт ата кітабында» сюжеті жағынан қазақ эпосымен үндес, сарындас болып келетін хикаялар көп кездеседі. Ана мен бала арасындағы махаббат, әйел-ананы зор құрмет тұту, бала тәрбиесіне мән беру, жұбайлық өмірдің салтына адалдық сияқты отбасы тәрбиесінің маңызды мәселелері оқиғаның негізгі өзегі болады. Қорқыт баба - өзін қоршаған орта-отбасылардың жанашыры һәм ұлағатты ақылшысы. Өз ғақлиятты хикаяларымен, нақыл сөздерімен, жырларымен отбасындағы жұбайлық өмірге бағыт береді, тәрбиелейді.

«Тоқа баласы ержүрек Домрул туралы жыры» қазақ жастарын жұбайлық өмірге даярлау оқулығына арналған дидактикалық материал іспеттес. ІХ ғасырда Қорқыт өмір сүрген кезеңдегі отбасыларға үлгі боларлық жұбайлар сүйіспеншілігі, қамқорлығы, бірі үшін екіншісінің жанын беруге даярлығы  – бүгінгі  күн жастарының махаббат тәрбиесіне өнегелік сипаты басым. Қара сөзбен баяндалған жырдың басты идеясы – жұбайлар сүйіспеншілігі. Жұбайлық сертке адалдықты ардақтауды көздеген дана, әке-шешенің беделін түсіруді мақсат етіп тұрған жоқ, керісінше, біреу үшін біреудің жан бере алмайтын - өмір шындығын айтады. Халқымызда «бірге тумақ бар да, бірге өлмек жоқ» деген қағида да осыған дәлел.

ІХ ғасырда Қорқыт бабамызбен қатар білім мен ғылым жолына өзіндік із салып шығыстың ұлы ойшылы атанған отырарлық Әбу Насыр әл-Фараби ойшыл дана бабамыз ғылымның сан саласына теориялық білімнің негізін қалады. Тәрбие мен білім, педагогика мен психология, сондай-ақ әдістеменің теориялық-тәжірибелік мәселелерін қарастыру әйгілі ғалымның ғылыми-философиясының құрамдас бөлігі болды. Дана ойшылдың тұжырымында ұстаз бен жұртқа танымал басшы бойында туа біткен он екі қасиеті бар, алты жүре бара қалыптасатын қасиеттерді меңгерген адам – нағыз тәрбиеші.

Отбасы тәрбиесіндегі әке-шешенің әрекеті ел басқарған басшының қызметіндей жауапты, ықпалды да нәтижелі болатындығын, «Мұның өзі отбасы басшыларының, балалар мен жасөспірімдер ұстаздарының арасында болып отыратын жағдай тәрізді. Отбасы басшысының отбасы мүшелерінің  тәрбиешісі де, оқытушысы, балалар мен жас өрендер ұстазының оларға тәрбиешісі де оқытушысы болатыны сияқты  әкім де халықтардың тәрбиешісі мен оқытушысы» - деп салыстырмалы баға берген. Қала әкіміне қарата айтылғанмен, отбасында бала тәрбиелеуші ата-ананың педагогикалық рөлін көтеріп, оның жан-жақтылықты керек ететіндігіне баса маңыз береді.

Әл-Фараби адамзаттың басынан өтетін түрлі мінез кеселдері, шектен тыс құмарлық қуып, нәпсіге берілушіліктің (арақ, наша, темекі, құмар ойындарына әуестік, көзге шөп салушылық пен жезөкшелік т.б.) кесірінен отбасының шайқалуы немесе сезімнің жетіспеушілігінен адами мүмкіндіктердің тоқырауға ұшырауы, мысалы, жігіттердің сүрбойдақ боп үйленбей жүруі мен қыздардың тұрмыс құрмай отырып қалушылығы сезімнің дұрыс дамымауы немесе нәпсіге берілушіліктен екендігін, «Рақатты шамамен пайдалану, нәпсіге ұстамдылық жасау арқылы келеді: ішіп-жемге, әйел жынысына ұстамдылық. Осы рақатқа шектен тыс берілу тойымсыздыққа, қомағайлыққа соқтырады, ал бұлардың жетімсіз болуы рақатшылық сезімінің жоқтығын көрсетеді, мұның өзі жазғыруға лайық қасиеттер. Адам басындағы осындай қасиеттерден тиісті әрекеттер туады», - деп көрсетеді. «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» трактатында «...Үй белгілі бір бөлшектерден және бірлестіктерден құралады, солардың арқасында гүлденеді. Бұлар саны жағынан төртеу: ері мен әйелі; қожайыны мен қызметшісі; әке-шешесі мен баласы; мүлкі мен мүлік иесі. Кімде-кім бұл бөлшектер мен бірлестіктерді басқарса, кімде-кім оларды бір-бірімен біріктіріп, сөйтіп олар әр түрлі әрекетке қатысып, бір мақсатқа жету үшін, үйді әр түрлі игілікпен толтырса, кімді-кім бұл игілікті сақтау үшін, бір-біріне көмектесуі үшін олардың бәрінің арасында байланыс орнатса, ол адам үйдің билеушісі және әкімі болады. Оны «қожайын» деп атайды, қалада әкім қандай болса, ол үйде сондай болады» - деп, «шағын мемлекеттің» иесі – «отағаның» отбасын басқарудағы рөлін анықтап берген.  

Қазіргі Жетісу өлкесіндегі Шу өзенінің жағасында, Шығыс Түркістан мен Орта Азияның талай жылдар төңірегін билеп тұрған Қарахан әулеттері мемлекетінің бір орталығы болып саналатын Баласағұн (Құз Орла) шаһарда өмір сүрген ойшыл, данышпан ақын, білікті қоғам қайраткері, ХІ ғасырдың өкілі (1015-1016ж. туылған) Хас-Хаджиб атанған Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білік» еңбегі – дүнияуи әдебиеттің алғашқысы ғана емес, моральдық кодекс іспеттес тағылымды мұра. Мағынасы «құт әкелетін білім» деп аталатын, тәлім-тәрбиелік ой-толғамдарға негізделген бұл шығарма – отбасы тәрбиесіне арналған оқулық ретінде қарауға болады. Себебі, бала мінез-құлқының үлгілі тәрбиеден туындайтыны, жақсы бала – жақсы тәрбиенің кепілі екендігі, өзің білімдар болып, балаңды да білім мен өмірлік әдет-дағдыларға бейімдеу қажеттігі және ол ата-ананың парызы екендігі тұжырымды  айтылады. Қыз бала мен ер баланың тәрбиесінің ерекшелігі және оларды болашақ жұбайлық өмірге даярлаудағы әке мен шешенің біліктілігі қандай болуы қажеттігін ата-анаға салмақ арта айтады.

Жүсіп Баласағұни шығармасы филологиялық қана емес, педагогикалық маңызының да жоғарылығымен талай педагогикалық ғылыми-зерттеулер мен ғылыми еңбектерде, оқулықтарда дидактикалық материал ретінде қарастырылып жүр. Әркім өз зерттеу нысанасы тұрғысынан қарастыруы заңды.

Хас хаджип өзінің оқулық іспеттес «Құт әкелетін білім» кітабында ер адамның әйелге деген көзқарасының дұрыс болуы, өмірлік серік – әйел таңдаудың маңыздылығына мән беріп, «Қандай әйел алуы керек екендігін айтады». Баласағұнидің «әйел таңдаудағы» әлеуметтік-педагогикалық көзқарастарын реттеп қарастырар болсақ, ер-азаматқа әйел таңдауды төмендегіше өлшеммен көрсетеді:

  •  тегінің таза болуы;
    •  қатарың болуы;
    •  әлеуметтік жағдайының өзіңнен төмен болуы;
    •  бұрын «есік көрмеген» болуы;
    •  бұрын еркекпен байланыста болмауы;
    •  жаман қылық, жат істен алыс;
    •  өзіңді сүйетін болуы;
    •  ұяты мол, инабатты болуы;
    •  ойы түзу, жүзі жарқын болуы;
    •  қылықты болуы;
    •  мінезді болуы;
    •  зерделі болуы;
    •  ардақты болуы.

Осылай айта келіп, жалпы «жар таңдаудағы» көпшілік пікірімен де санасады және оған да өз ойын ұсынады. Жұрт негізінен төрт түрлі: «бай қыз», «көрікті қыз», «текті қыз», «ақылды қыз» іздеуді басшылыққа алатынын айтады да оның да кереғар жақтарына ұрынып, опық жеп қалатындығы болатынын ескертеді:

  •  Бай әйелді алған адам өмір бойы соған құл болып өтеді.

-   Сұлу әйелді алған күйеуі өмір бойы қарауыл болып өтеді.

  •  «Үстем сөйлер қолы ұзын тектілер, сен өзіңді құл етуді бек тілер».

-  «Ізде досым, ақылды әйел – парасат, соны тапсаң – төрт құбылаң жарасад. Ақылды әйел көрікті де текті ғой: «Әйел көркі - қылығында» депті ғой!».

Жүсіп Баласағұни отбасы педагогикасына өз заманы талабының деңгейінен ұсыныс айтып, пікір қосады. Бір қарағанда, өркениет талабына қайшылықты болып көрінгенмен, оның да жауабын табуға болады. Отбасында ата мен анаға ер бала мен қыз баланың тәрбиесіндегі ерекшеліктерді ескере отырып, «Ұл мен қызды қалай тәрбиелеу керек екендігін айтады». Жалпы өзіңнен бала туылар болса:

  •  өз балаңды өз қолыңда өсір;
    •  мейіріммен таза тәрбие бер;
    •  әдеп, білім, өнер үйрет.

Ұлыңа:

  •  бос жүрмесін ақыл бер;
    •  білім беріп, оқыт;
    •  өмірлік амал үйрет;
    •  қолына «құс қондыр».

Қызыңды:

  •  қадір тұт, көңілін суытпа;
    •  үйде ұста;
    •  ерлерден бөлек ұста;
    •  қыз баланы күту керек;
    •  ерге бермей, үйде көп ұстама;
    •  тезірек ұзат.

Сондай-ақ, ақын қыз тәрбиесіне өте ықтиятты болуды қатаңырақ айтады. Отбасының абыройы қыз арқылы жиналып, қызы арқылы төгілетінін, жат адамдардың көзінен таса етуді, тіпті «ішіп-жегенде» де орны бөлек болғанын қалайды. Бұл жағынан мұсылмандық талаптарға сай келеді. Қыз жолының жіңішке екенін, егер тыйым көрмесе, «арам ағаш өсіріп, у болар жемісінен» татудан сақтандыру мақсатында айтады. Шындығында, еркіндікті ерікті түрде меңгерген бүгінгі қыздар арасынан жезөкшелер шығып немесе жасанды түсіктер мен тастанды балалардың обалына қалып жатқандар ешкімге жаңалық емес. Және ондай қыздардың болашақ отбасында бақытты болып кетуіне де күмән бар. Сондықтан, «әйелдің жалғыз жетістігі бар: ол – дақ түспеген ары», - дейді. Ал, жар таңдауда «тектіден» қыз алам дегеннен гөрі, «тегі таза» қыз алған дұрыс деген ой айтады. Бұл – ата-бабасының аты шыққан тәрбиелі жандар болғанынан гөрі, некелі туылған, отбасында тәрбие көрген, әке-шешесі дұрыс адамдар болғанына көбірек мән беру.

Жүсіп Баласағұни сияқты Махмұд Қашқаридан қалған көрнекті ғылыми еңбек «Диуани лұғат ат-түрк» (Түркі сөздерінің жинағы) – педагогикалық маңызы ерекше туынды. ХІ ғасырда өмір сүрген, Ыстықкөлге жақын маңдағы Барысхан ауылында дүниеге келіп, Қашқар қаласында оқып, қызмет еткен Махмұд Қашқари «Сөздігінде» әдеп, тәлім-тәрбие, мәдениет мәселесі Қорқыт, әл-Фараби, Баласағұни идеяларымен астарласып жатады. Отбасылық тәрбие және оның талаптары төмендегіше қарастырылады:

«Атасынан ақыл алса, тентек ұл да жөнделер»

Қонақ күту, үйге келген кісіні мейман етіп сыйлау, ғаріп-қасерлерді де тойындырып, қажетін өтеу – ер азаматқа сын екендігі отбасының иесі – ерлерге «Ұлым!» дей отырып, ғибратталады:

«Қонақ келсе, ер жігіт құт келді деп ұғады, Қонақ келсе жауыздар тігулі үйін жығады. ...Дәмді тағам болады өзгеге сый – Құрмет қылсаң қонақты, асады даңқың халқыңа... ... Ғаріп келсе – күт оны, ас-суыңа қандыр да, Қума үйіңнен, бірақ та сапарынан қалдырма.»

«Махаббат құпиясы айрылысарда ашылады... Ұлым менің, ақыл сенің серігің... Ақылымды ал, ұлым менің, рақымшыл бол, әулетіңнің ағасы бол, ақылшы данасы бол, білгеніңді ортақтас... Туысқан-туған хақында: «Дүние-мүлкі үшін құдайына қарамаған, туысқанын тұл етер... Туғаныңның мәртебесін өсіргің келсе, сый-сияпат көрсет...» .

«Хибатул хақайк» (Ақиқат сыйы) атты өзіндік демократиялық бағыты бар дидактикалық дастан жазған Ахмет Игүнеки (ХІІ ғ.) алдыңғы даналардың ойларына сай адами асыл қасиеттер мен білім-тәлімнің адамзат үшін игілік екенін айта білген ақын. Дидактикалық сипаттағы 504 өлең жолынан тұратын дастанда жамандықтан қашу мен жақсылыққа тәрбиелеуге қалай жетуге болатынын бейнелі салыстырулар мен теңеулерге, нақылдар мен мақал-мәтелдерге негізделген ұлағатты оймен ұсынады. Әр тұжырымы таратып мақала етуге болатындай Ахмет Игүнеки: «Білімді әйел – ер, надан еркек –  әйел» - дегенде өмірде, отбасы жағдайында өз орнын, өз рөлін білмеген еркектің әйелдің тірлігіне араласуын, өз мәртебесін түсіріп алуын айтады. Ал білім алған, жақсы мен жаманды айыра білетін әйел, отбасында және ортада басшылық жасай алатындығын мойындайды.  Игүнеки ердің рөлінің төмендемеуін, білім мен ақыл иесі болын қалайды: «Ердің көркі – ақыл, сүйектің көркі – май», - деп бейнелі салыстыру жасайды. Отбасының берекесі сыйластықта екенін, сыйластық - әдеп екендігін, «үлкен-кішіге сыпайы сөйле», - деп білдіреді.

Ислам әлеміндегі жеті сұлтанның бірі – Хазірет сұлтан атанған Қожа Ахмет Яссауи (ХІІ ғ.) сопылық поэзия өкілі. Ол өзінің «Диуани хикмет» (Даналық кітабы) атты еңбегінде діни-сопылық қағидалармен қатар, бұл дүниелік жайттар: оқып білім алу, иманды, адал, ізгі қасиетті болуға үндейді.

Құмар болма ей, достар нәпсіге еріп,

Ертелі кеш жалған айтып, бейғам жүріп...

Мәжнүндерге Ләйлі керек...

ХІІІ-ХҮ ғасырларда моңғол шапқыншылығына ұшыраған Қазақстан мен Орта Азия мәдениеті мен экономикасы мейлінше құлдырап кеткен еді. Тарихтан белгілі бұл шапқыншылықта бейбіт ел - қазақ жері қанша қарсылық көрсеткеніне қарамастан, монғол әскерінен түгелге жуық жойылып, қалалар қирап, әбден күйзеліске түсті. Басқаны айтпағанда, мәдениеттің ошағы болған, бай кітапханасы бар Отырар қаласы, түгі қалмай жермен-жексен болды. Шыңғыс хан балаларының үлесіне тиген қазақ даласы қарудың күшімен, өзгенің жерін зорлықпен қаратып алу арқылы құрылған Алтын Орда мемлекеті қайта жандана бастады. Біртіндеп Алтын Орда көрші елдермен: Батыс Еуропамен, Мысырмен, Үндістанмен, Кіші Азиямен, Қытаймен экономикалық және мәдени байланыс қарым-қатынас жасайтын болды. Соның нәтижесінде Алтын Ордада сәулетті қалалар салынып, түрлі өнер мен әдебиет, ғылым біршама қайта өркендеді.

«Қабуснама» 1082-1083 жылы жазылған туынды. Бұл кезеңдерде Орта Азия мен Иран өлкесінің мейлінше мәдениеті дамып, кемелдене түскен болатын. Мұны Баласағұни ойларымен салыстыра отырып та аңғаруға болады. Алтын Орданың басқа елдермен байланыс жасай бастаған тұсында, қазақ жеріне Каспий теңізінің оңтүстік жағалауын мекендеген Гилан ру-тайпасында (1021-1022 жылдары) туылған Кайкаустың «Қабуснамасы» жеткен. Бұл аса бағалы педагогикалық туынды. Кайкаустың 63 жасында өз ұлы Гиланшахқа арнап жазған үгіт-насихат кітабы. Біздің бабаларымыздың бұл кітапты оқығанына «Бұрынғы өткендер араб, парсы, шағатай, татар тілінде сусындаса, бүгінгі ұрпақ ана тілінде оқуға тұңғыш рет мүмкіндік алып отыр» - деген алғысөздегі пікір куә. Демек, қазақ отбасында ер-азаматтарды тәрбиелеуде бұл кітаптың ықпалы болғаны анық.

«Қабуснама» 44 тараудан яғни, 44 тақырыптың көлемінде тағылымдық насихат айтылады. Жиырма алтыншы тарауда «Үйлену туралы» тәлімдік ойлар бар. Кайкаус өз перзентіне қандай әйел алу қажеттігін айтқанда төмендегі өлшемдерді ұсынады:

  •  тәрбиелі;
    •  табиғаты таза;
    •  жан-дүниесі пәк;
    •  өзіңе дос;
    •  уақытты бағалайтын;
    •  дүние-малды жақсы сақтайтын;
    •  көргенді;
    •  көрікті;
    •  үй-ішін тәртіптеп ұстай білетін;
    •  көршілерге азарсыз;
    •  балиғатқа жасы жеткен;
    •  басқа ру, басқа тайпа, жат елден ал.

Қандай әйелге үйленбеген жақсы:

  •  жұрттан асқан сұлу болмасын;
    •  дәрежесі өзіңнен жоғары болмасын;
    •  бай болмасын;
    •  бойжетпеген өте жас қыз алмау керек;
    •  бала таппайтын тұл әйел болмасын.

Сондай-ақ, «әйеліңді жақсы құрметтеу, перзентіңді тәртіпті тәрбиелеп өсіру – сенің қолыңдағы іс» немесе «білімді қатынның іс-әрекетіне тыйым салушы болма. Егер қызғаншақтық жасамасаң, кемсінбесең, қатының саған ата-анаңнан да мейірімді болады. Саған одан дос кісі болмайды» деген пікір айтады. Әйелді қызғанудың да жөні бар, қызғанбаған жасықтарды ер жігіт деуге бола ма деген сынды ойлар айта келіп, тапқан табысыңның бәрін әйелдің алақанына салып, оның қолына  қарап отырар болсаң, өз тапқаныңды өзің жұмсай алмасаң – қайратсыздық, шарасыздық. Тіпті, «яғни қатының – ер кісі, сен – қатын кісінің орнында болып міндетін атқарасың» - дейді.

«Перзентті тәрбиелеу туралы» тарауда перзент көрсең:

  •  жақсы ат қою;
    •  мейірімді тәрбиешіге тапсыру;
    •  есейген соң, өнеркәсіпке үйрету;

Ер бала болса:

  •  өзің қай өнерді білсең, бірінші балаңа үйрет;
    •  дене шынықтыру;
    •  суда жүзу;
    •  атқа міну;
    •  ат үстінде найзаласу, бұғалық тастау;
    •  доп ойнау;
    •  ұстаз қолымен жазала;
    •  өнер-әдеп, білім үйрет.

Қызың болса:

  •  таза тәбет тәрбиешілерге тапсыр;
    •  үлкейген соң мұғалімге тапсыр;
    •  оған мейірім-шапағат жаса;
    •  қолыңа не түссе алдымен қызыңа бер;
    •  жағдайын түзет;
    •  тезірек теңіне қос;
    •  ерге шықпаған болса, бойдаққа бер;
    •  кәнизаққа ұқсатып сатпа;
    •  қызыңның қадір-құрметін көтере бер.

Күйеу балаң:

  •  сүйкімді болсын, қызыңды көріксіз адамға берме;
    •  жүзі де, сөзі де таза болсын;
    •  намысты, қожалықты билейтін кісі болсын;
    •  дәрежесі, қызмет бабы сенен төмен болсын;
    •  ол сенен пайдалансын;
    •  сен күйеу балаңнан пайдаланба;
    •  күйеу балаңнан көп нәрсе талап етпе;
    •  қызыңның да қайғы-қасіретінен құтыласың дейді.

Жоғары лауазымдағы адамдар перзентіне:

  •  әдеп пен тәрбие мирас етсін.

Қарапайым қатардағы халық перзентіне:

  •  өнеркәсіп үйретсін.

Кайкаус ер адамға қажетті ойларды оның ішінде отбасылық тәрбиеге ықпалды мәселелерді, ер мен әйелдің қарым-қатынасы жөнінде «Ата-ананы құрметтеу туралы», «Мал, дүние жинау туралы», «Үй, жер сатып алу туралы», «Қарттық және жігіттік туралы», «Махаббат және оның дәстүрлері туралы», «Жыныс қатынасы. Оның пайда, зияны туралы», «Дос таңдау туралы» т.б. айта отырып ер азаматтың қоғамдық-әлеуметтік рөлінің төмендемеуіне ақыл-кеңес береді. «Қабуснама» - педагогикалық ойларының көрнекілігі тұрғысынан шығыс мәдениетінің қазақ мәдениетіне ықпалды үлгісі деп атауға болады.

Тарихта қазақ жерін Жошыхан билеген тұста Ақ Орданың төңірегінде дүниеге келген Реванди Хорезмидің (ХІІІ ғ.) Сырдария жағасындағы Сығанақта жазған «Мұхаббат-наме» атты шығармасы – кезінде ел басқарған Өзбек ханның баласы, Алтын Орданың билеушісі (бір зерттеулерде, Алтын Орда ханы Жәнібектің әкімдерінің бірі деп айтылады) Мұхаммед Қожабекке арналған туынды. Дастан жас жігіттің сүйген қызына жазған сүйіспеншілік хаттарынан тұрады. Бұл дастанның ерекшелігі адами асыл сезім –махаббатты сезіну, сүйіспеншілікті қадір тұту, дүниенің барлық қызығынан артық ақыл-парасатты қастерлеу, жақсы дәстүр мен салтты жаңғырту, адамгершілік пен қанағатты дәріптеу, жастық пен махаббат психологиясы жөнінде көптеген тәлім-тәрбиелік ойлар бар.

Жігіттің сүйген қызының Баласағұни өлшемдеріне сай екендігін  профессор Н.Келімбетовтің пікірінен байқаймыз: «Дастанның бас қаһарманы ғашық болған қыз көрікті ғана емес, сонымен бірге, ақылына Аплотон таңданатын данышпан әрі сүйгеніне адам, адамгершілігі жоғары, инабатты жан. Міне, сол арқылы автор махаббат жайын әлеуметтік мәселе дәрежесіне дейін көтере білген», - деп баға береді. Жырды оқыған оқырман немесе тыңдарман әрдайым жігіттің жар таңдаудағы өлшемдерін көкірегіне сақтай отырады. Жалпы алғанда, «Мұхаббат-наме» әдеби, тарихи тұрғыдан ғана маңызды емес, сұлулықты бағалай білу – эстетикалық санаға, жастарды махаббатқа тәрбиелейтін тамаша тәрбие құралы. Сезім тазалығы – ар тазалығы, сүйгеніңе қандай жағдайда да жақсылық тілеу – биік адамгершілік. Дастан осыған тәрбиелейді.

Алтын Орданы Өзбек хан билеп тұрған кезде, оның астанасы Сарай қаласында өмір сүрген Сайф Сараи (ХІҮ ғ.) түркі тіліне парсы ақыны Маслахаддин Саадидің (Н.Келімбетов Сағди Ширазидің деген) «Гүлстан» дастанын «Гүлстан бит-турки» (Түркіше Гүлстан) деп атаған еркін аудармасы. Сайф Сараи арқылы «Түркіше Гүлстан» қазақ жеріне ұлағатты ғақлия ретінде тарады. Шығыс ғұламасының ғибратты ойы қазақ жеріндегі ұрпақ тәрбиесіне айтарлықтай үлес қосты деп айтуға болады. Көптеген тәлімдік ойлардың мақал-мәтелге күйінде біздің сөзіміздің мәйегіне, тәрбие құралына айналғанын байқаймыз. [50].

ҮІІІ-ХҮІІІ ғасыр аралығындағы мыңжылдықтағы этномәдени мұралардан байқарымыз: отбасылық өмірдің адам баласы үшін маңыздылығы, отбасындағы ер мен әйелдің орны, атқаратын қызметі, ұрпақ тәрбиесінің өзектілігі, ер бала мен қыз бала тәрбиесінің ерекшеліктері: “тектілік” пен “қылықтылық”, отбасылық өмір салтының – отбасы тәрбиесінің талаптары:  имандылық, бақытты отбасын құрудағы жар таңдау мәселесі: махаббат, ғашықтық, сүйіспеншілік, жауапкершілік, жастарды биік сезімге тәрбиелеу, тәрбиелік ғақлиялар – отбасылық өмірге ұрпақ даярлаудағы рухани құндылығымыз.

Қоғамның дамуы барысында тарихи жинақталған тағылымды мұралар ұмытылмақ емес. Ұлттың ділі, діні, рух-психологиясы тәрбие арқылы қалыптасады. Оған алғашқы тәрбиенің қайнар көзі отбасы болмақ. Отбасылық өмірге, жұбайлық өмірге тәрбиеленуде өз ұлтымыздың салып кеткен жолы бар. Ұлттық ерекшелігімізді ескере отырып, әлеуметтендірудің барлық құралдарын пайдалануымыз қажет. Ал, тарихи тағылымды шығармалар біздің ұрпақ тәрбиесінің тарихына іргетас болып қаланары анық.

 

ҮШ-ХҮШ ғғ. әдеби-тағылымдық мұралардағы ұрпақты отбасылық өмірге даярлауға ықпалы

Рет саны

Ғасыр

Туындыгер

Шығармалары

Негізгі идеялары

1

ҮШ

Йолық тегін

Орхон-Енисей жазбалары

“Күлтегін” жазбалары

Отбасылық қарым-қатынастың реттелуі;

Отбасындағы әйелдердің әлеуметтік рөлдері;

Ұлды ардақтау;

Қызды пәк күйінде сақтау;

“Тек” ұғымы

2

ІХ

Қорқыт

Қорқыт ата кітабы

Отбасының негізгі қызметі;

Ер бала мен қыз бала тәрбиесінің әке мен шешеге тікелей қатыстылығы;

“тегін қуып” атаның атын шығару;

отбасындағы имандылық ислами тәрбие;

әйелдердің түрлері;

жұбайлар сүйіспеншілігі;

3

ХҮІІ ғасыр

Әбілғазы Баһадүрхан

Түрік шежіресі

Адам атаның жаратылуы туралы аңыз желісі;

Шыңғыс ханнан басталатын хандар мен төрелер шежіресі;

4

ІХ ғасыр

Әбу Насыр әл-Фараби

Философиялық трактаттар

Отағасының отбасын басқарудағы рөлі;

Мінез кеселдерінің отбасының шалқалуына тікелей әсері;

Сезім жетіспеушілігі мен нәпсіге берілушіліктің тұрмыс құруға кері ықпалы;

5

ХІ ғасыр

Ж.Баласағұни

Құдатғу білік

Қандай әйел алу керек екендігін айтады;

Ұлдар мен қыздарды қалай тәрбиелеу екендігі;

“Текті қыз”, “қылықты қыз” т.б. ұғымдар.

6

ХІ ғасыр

М. Қашқари

Диуани лүғат ат-түрк

Отбасылық тәрбиенің талаптарын қарастырады:

Қонақ күту;

Туысқан-туғанды құрметтеу;

Ер адамның отбасындағы рөлі,

7

ХІІ ғасыр

А. Игүнеки

Хибатул хақайк

Отбасы тәрбиесі туралы тұжырымды ойлар:

Білімді әйел – ер, надан еркек – әйел;

Ердің көркі – ақыл.

Отбасының берекесі – сыйластық.

8

ХІІ ғасыр

А. Яссауи

Диуани хикмет

Иманды, адал, ізгі қасиеттерге үндеу:

Нәпсіге құмар болмау;

Ғашықтық сипаттары.

9

ХШ-ХҮ ғғ.

Кайкаус

Қабуснама

(1082-1083)

Қандай әйел алу қажеттігі;

Қандай әйелге үйленбеу керектігі;

Перзентті тәрбиелеу туралы:

Ер бала болса;

Қызың болса;

Күйеу бала таңдау.

Ата-ананы құрметтеу;

Махаббат және оның дәстүрлері;

Жыныс қатынасы және оның пайда-зияны туралы;

10

ХШ ғасыр

Р.Хорезми

Мұхаббат-наме

Асыл текті, мырза, көреген жігіт сипаты;

Жігіттің қызға сүйіспеншілігі;

Көрікті, сұлу қызға арналған ғашықтық сипаттар;

Жастарды асыл сезімге тәрбиелеу.

11

ХІҮ ғасыр

С.Сараи

Гүлстан бит-турки

Ұлағатты ғақлия;

Тәрбиеге ықпалды мақал-мәтелдер.

3-ДӘРІС: ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНЕН КЕҢЕС ДӘУІРІНЕ ДЕЙІНГІ КЕЗЕҢДЕРІНДЕГІ ДАРА ТҰЛҒА ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ

ХҮ-ХҮІІІ ғасырды қамтитын қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет – ел мүддесін, ел мұратын бірінші орынға қойды. Ұрпақ үшін ескірмес жырлар көркемдік сапасымен ғана емес, отбасылық өмірге даярлайтын педагогикалық тұрғыдағы өресі биік шығармалар екендігіне де дәлелдер келтірмекпіз.

ХҮ ғасыр әдебиетінің беташары Асан қайғымен (шын есімі Хасан Сәбитұлы 1361-1370) ашылады. Алтын Орда ханы Ұлұғ-Мұхамедтің ықпалды билерінің бірі болған ол Қазақ Ордасы құрылған кезде жаңа мемлекеттің ұраншысына айналған Асан қайғы өлеңдерінен фәлсафалық ойлар мен қара менен ханды да тәлімге шақырар ұранды жырлар табылады.

“Атадан алтау тудым деп, асқынып жауап айтпаңыз. Алғаным асыл ару деп, күн шығарып жатпаңыз” – деп, ер-азаматқа отағасылық сипатқа сай болу тұрғысынан ақыл айтады. Ар тазалығының анықтамасы - “ару” ұғымының құнын жоймағанын көреміз. Асан қайғы ханның да жар таңдаудағы талғамына, өміріне пікір қосқандығын: Ай, хан, мен айтпасам білмейсің... Қатын алдың қарадан, Айрылдың хандық жорадан, Ел ұстайтын ұл таппас, Айрылар ата мұрадан! – деген өткір сөздері арқылы байқауға болады. Сондай-ақ, қазақ халқының отбасылық, жұбайлық өмірге даярлық мектептерінде жеңгелер институтының өте ықпалды болғанына Асан қайғының: “Қадірін жеңге білмесе, бойға жеткен қыз ғаріп” – деп айтылып, мақалға айналып кеткен тіркестері негіз бола алады.

Өз ғалымдарымыз Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, қарақалпақ ғалымы Ө.Әлеуов зерттеулерінде Асан қайғының тайпалы одақтар шежіре генеологиясын, халықтың әдет-ғұрып дәстүрлерін дәріптеп, оны жас өскіндерге өнеге етіп ұсынатындығы айтылады.

Қазтуған Сүйінішұлының (ХҮ ғасыр) өзі туралы мадақ жырын қазақ жігітінің тұлғалық сипатын аңғарсақ, “Алаң да алаң, алаң жұрт” деп басталатын өлеңінен отбасылық тарихтың туған жермен байланыстылығын ғана емес, “күйеу”, “келіншек” атаулары тарихының да тереңдігін аңғарамыз.

Доспамбет жыраудың (ХҮІ ғасыр) Кіші Орданы билеуші әскери шонжарлар тұқымынан шыққаны белгілі. Жауынгер жырау жырларының өзегіне жігіттің жақсы жар табуы арқау болады. “...Жұпарын қардай боратып, арулар сүйген өкінбес... Үйде қалған арудың, ал иіндігін аудырып”  деген тіркестен кез  келген жігіттің арманы екендігін білуге болады.

Қазақта қыз сипатына тән “он екі де бір гүлі ашылмаған” деген анықтама бар. Тіркесті түрде айтылғанымен, осы сипаттар нақты ашылған емес.

Алғаным Әли ағаның қызы еді,

Қас арудың өзі еді.

Маңдайы күнге тимеген,

Желге шашын үрмеген.

Серпіліп адам бетін көрмеген,

Қалай күні кешті екен!

Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы

Хан қызындай сұлтанның

Айдандықтай ақ білегін жастанып,

Ерең үйін тіктіріп,

Омыраудағы он түймесін ағытып,

Кейінгі қалған көпекке

Қалай да белін шешті екен!

Осы “он екі гүлдің” төрт-бес сипаты Доспамбет жыраудың жарына арналған теңеулерінен көрініс береді. Жырау жырларынан жұбайлық өмір мектебін тектілерге тән өткергендігін: “ Зерлі орындық үстінде, Ал шымылдық ішінде,

Тұлымшағын төгілтіп, Ару сүйдім өкінбен”- деген өлеңдерінен байқауға болады.

Шалкиіз жырау (1465-1560) – жыраулық поэзияның атасы. Шалкиіз жырларының әдеби шұрайлылығы өз алдына, шындығында жұбайлық өмірге даярлау мектебінің ықпалды оқулығы іспетті. “Алғаным ару болмаса, Алдыма алып сүймен-ді!”, “Тең атаның ұлы едің...”, “Атаның ұлы жақсыға, Малыңды бер де босың қос”, “Жағына жалаң жібек байлаған, Арулар кімнен қалмаған”  дейді жырау. Бұл ары таза аруды сүю, текті жерден қыз беріп, қыз алу, құдандалы боп сыйласу, жұбайлық өмірді берекелі етудің бірден-бір жолы деп қарастырылатындығын көрсетеді. Қанша талапқа сай жүрсең де кейде нәтиже басқаша болатындығы да рас. Ол туралы:

Жаманнан туған жақсы бар,

Адам айтса нанғысыз.

Жақсыдан туған жаман бар

Күндердің күні болғанда

Бір аяқ асқа алғысыз – десе де бәрібір адамның өзінен туған перзентке қойылар талаптың жоғары болатындығын да меңзейді: “Өзден болмай би болмай, Атаның батыр туған ұлына,  Ойда жатмақ ұсар ма!”

Қыз баланың өз отбасында туған-туыс, бауырларына ерекше бауырмалдық танытары қыз табиғатына тән екендігін білдіреді. “Жайыңды білген қарындас, Ол қарындас һәм жолдас, Жайыңды білмес қарындас, Өзі дұспан, өзі қас – десе, “Атаның ұлы ер жігітке...” де қойылар талап ерекше екендігін, ата-тегіне лайықты болу қажеттігін ескертеді. Шалкиіз жырларында «ару» сөзін қыздарға да, ер азаматқа да, арғымақтарға да теңеу етеді. Демек, Шалкиіздің жыр мектебі тектілік пен арулықты қатар қояды.

Жолымбет жырау (ХҮІІ ғасыр) жырларында да қыз бен жігіт тақырыбы айтылмай қалмайды: “Жас болжалы жеткенде, Қыздар менен жігіт мас...” деп жас ерекшелік тұрғысынан пікір айтады. Жаудан қыз барымталап келіп, үйлену тарихтан жеткен шындық. Оның да генеологиялық сипаты бар екендігін білеміз. “Қыз қалмақты құшқан ер...” деген тіркес соның айғағы. Жырау өз басынан өткен жағдайды айта келіп, “Қашырды бүйтіп елімнен, Күйеуден қашқан қатындай” деген жолдар сол кезеңде де жұбайлық одақта келіспеушілік болатындығын білдіреді.

Отбасылық өмірде баланың орны ерекше екендігін жырына көркемдеп қоса білген Ақтамберді жырауды (1675-1768) өміріңді жалғайтын ұрпақ және оның тәрбиесі жөнінде өзіндік мектеп десе, аса айтқандық емес. Қыз бала мен жігіттің ерекшелік сипаттарынан тұжырымды түйін жасай біледі: “Қыздың көркі құлпыда, Жігіттің көркі жылқыда”, “Түйе мойнын тұз кесер, жігіт мойнын қыз кесер”. Қазақтың “қыз жауға да кетеді” деп мойындай сөйлеуінің сыры жаугершілік заманда қолға түскен қыздың тегін олжаға айналатындығы екендігін білеміз. Сырт елден жар сүюдің де өзіндік факторлары бар. Бірі қыз алған соң, түбі татулықты, достасуды қажет етсе, екіншісі ұрпақтың тектілігін арттыру болар. Сондықтан да жігіт көңілінде:

Айттырса бермес сұлуын

Аппақ қылып маңдайын,

Бұғақ қылып таңдайын,

Қиылдырып қастарын,

Төгілдіріп шаштарын,

Күнінде аламанға

Тегін олжа қылар ма екенбіз!? – деген де арман жоқ емес. Бұл: “Әлпештеген ханшасын, Ат артына мінгізіп, Тегін бір олжа қылар ма екенбіз?!” – деп те қайталанады. Ақтамберді өмір сүруде өзіндік әлем, ерекше сыйластық, отбасы жағдайында өркениетті қалайды, әлеуметтік институт құруды армандайды:

...Тектіден текті саралап,

Беглердің қызын айттырсам,

Нұсқасын байқап шамалап.

...Бала берсе тезінен,

Пірлердің бітсе демінен,

Шілтеннің тиіп шылауы

Артылып туса өзімнен! “Тектілік” Ақтамбердінің тәрбиелік-жыр мектебінен де көрініс тапқанын байқаймыз. Жырау бабалар дәстүріне сай, өмір жалғастығын да қолдайтындығын “Ұрын келген күйеу қайда, Жесір қайда сөз өтпес?” деген сөзінен байқаймыз. Мінезді болса жолдасың, Күнде сонар қызбен тең”, бұл жолдардан қалап алған жарының мінезді, қылықты болуын қалайды, сонда шынымен де тартымдылық болатындығын жасырмайды. “Ботакөзді бойжеткен, Жарсыз болар деймісің...”, әрине, жар таңдауда сұлулықтың да бір өлшем бірлігі ретінде кіретіндігінен хабардар етеді.

Үмбетей жырау (1706-1778) жырларында да қазақ отбасының бақыты болатын жұбайға ақыл айтады: “Кісіні көрсең есікке, Жүгіре шық кешікпе, Қарсы алмасаң мейманды, Кесір болар несіпке! – деп, қонақ күте білу де отбасын құрғандар үшін бір талап болатындығын аңғартады. Жырау ер баланың тәрбиесіне немқұрайлы қарауға болмайтындығын:

Ұл он беске келгенше

Қолға ұстаған қобызың,

Ұл он бестен асқан соң,

Тіл алмаса – доңызың - деп, көрсетеді. Отбасылық өмірдің дұрыс құрылмауын, жаудың ортасында жүргенмен бірдей деген түсінікпен тоқайластырады. Бұған:

Ұрысқақ болса ұлың жау,

Керіскек болса келін жау,

Үйіңдегі ұлың жаман болса,

Есіктегі құлмен тең,

Қойныңдағы қатының жаман болса,

Қаңтардағы мұзбен тең.

Кей сорлының қатыны

Күндіз ауру, түнде сау, -

Арқаңа артқан тұзбен тең! – деген өлең жолдары дәлел. Шындығында да өзіңнің жанұяңнан жылу кетсе, қайда барып паналарсың. Қазіргі ажырасулардың себептері осындай жарасымсыздықтан туатындығы белгілі.

Дүниенің жүзінде осы қиын –

Жаман деп өз үйіңнен кете алмассың.

Бәйбішең аю болса аса алмассың,

Қарау болса әй деуге бата алмассың,

Мейманға отың басы болса суық

Еліңе жақсы жігіт атанбассың.

Қосағың қоса ағармас қосақ екен,

Құдайым осылай да қосады екен,

Тотықұс жарқанатқа пенде бопты,

Бұқарым айтар мінің осы-ақ екен – деген сықылды ер жігіттің құты емес, жұтына айналған әйел еркектің өмірін мешелдікке апарады. Ерді билейтін әйелдердің көбінен бұл күнде де отбасының бай да болса берекесі кетіп, ердің беделін түсіріп қана емес, ұрпақты да адастырып барады. Жұбын таппаудың бақытсыздығын жырау айқын аңғартады.

Абылайханның заманында атағы елге мәшһүр болған Бұхар жырау Қалқаманұлы (1668-1781) ақындығына ақылмандығы сай тұлға еді. Оның жастарды отбасылық өмірге даярлауға, жар таңдау мәселелесі мен бала тәрбиесі хақындағы өлең-жырлары үлкен беделді мектептердің бірі болды. Себебі, жыраудың ханның қабылдауына өтімді жырларын қараша халық та немқұрайлы тыңдамайды. Оның ата мен ана, өмір туралы толғауларын бүгінгі ұрпақ терме ретінде асыл ой деңгейінде қабылдайды. Жұбайлық өмірдің маңыздылығы жайлы:

Он бірінші тілек тілеңіз

Он бармағы қыналы,

Омырауы жұпарлы,

Исі жұпар аңқыған,

Даусы қудай саңқыған,

Назыменен күйдірген,

Құлқыменен сүйдірген,

Ардақтап жүрген бикешің

Жылай да жесір қалмасқа – деп толғайды. Отбасының бақыты – бала. “Келіншекке жарасар емшектегі баласы” деген жырау: “Баласы жоқ қатыннан, лақтаған ешкі артық” деп түйіндейді. Заманының әлеуметтік ортасына сай, сол кездегі жұбайлық өмірге дайындау психологиясын “Төркіндеген бикешің, тіркеусіз қайтар малдан соң...”, “Жігіт жақсы бола алмас, алғаны жаман болған соң”, “...Төсі аршынды сұлуың, сілкіп төсек салмас малдан соң” деген анықтамалармен береді.

Толық отбасында өскен баланың мінез-құлқы мен психологиясы толымдылықты көрсететіндігін:

Әкелі бала жау жүрек,

Әкесіз бала сұм жүрек

Жиын болса бара алмас,

Барғанмен орын ала алмас.

...Әкелі бала жау жүрек

Жиын болса барады,

Барса орын алады,

Бітірер сенің дауыңды,

Қайтарар сенің жауыңды,

Күнінде тастан өтер жебесі, - деп көрсетеді. Ал, қыз бала тәрбиесі хақында да халқымыздың ерекше ықыластылығын “Қыздарына қызыл ала тон кигізіп, қырмызыға малдырып, көшке жорға мінеді” деп білдірсе, “Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда...” деп қыздарға талапты күрделендіре қояды. “Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы” деп қыз өсірудің қиындығын тілге тиек етеді.

Жар таңдау – әлеуметтік ғана емес, педагогикалық та мәселе. Себебі, ұрпақ тәрбиесі үшін ата-ананың кім екендігі маңызды. Бұл жөнінде Бұхар:

Қалың малы арзан деп,

Жаман қатын алмаңыз!

...Жаман қатын алсаңыз,

Топқа кірер ұл тумас.

Жаман қатын алғаның –

Төркініне бере алмай,

Төсегіне жата алмай,

Тең құрбысы келгенде,

Оңды жауап қата алмай,

Жалғанда қор болғаның, - дейді. Және де “...Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да, тартпай қоймас негізге”, деп түйіндейді. “Атаңның тегін сұрасаң...” дегендіктен-ақ, тектілік мәселесін де басты санағанын білеміз. Бұхар хан сарайының бас ақыны ретінде елдің бірлігі мен туысқандықты, ауызбірлікті, үлкенді сыйлауды, үлкендердің жас ұрпақты тәрбиелеуін жырына арқау етеді. Адамның жас күніндегі әсерлері,  сезім күші туралы да, есейгендегі ағайынмен сыйласуы үй болып отау құрудың машақаты, ата-ененің сый көруі жайлы да аз айтпайды. Ақсақалдың аталық рөлге сай болуы туралы “Келін бала келгенде, ауызыңды аша алмай...” десе, “Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер, күндердің күні болғанда, кімдер де кімнің дейсің белі бүгілмес” деп жастарға дүниенің кезектігінен парасатты ой айтады. Бұхар төре тұқымы, ел билеуші Абылайға да жар таңдаудағы өзінің халықтық тәжірибеден жинақтаған педагогикалық-психологиялық талабын қояды:

Қатын алма қарадан,

Қара тумас сарадан.

Қатын алсаң қарадан,

Алды кетпес баладан,

Арты кетпес жаладан.

Қатын алма төреден,

Еркегі болар жау жанды,

Ұрғашысы ер жанды,

Төре берер ұл туса,

Аузы кетпес парадан.

...Қатының болсын қалмақтан,

Қосының болсын қазақтан. Бұл Бұхар жыраудың ықпалды ортада жүргендігін, ойларының салмақтылығын, мемлекеттік деңгейде сөз өткізе алғандығын көрсетеді.

Көтеш ақын (1745-1818) өлеңдері де жігіттерді жар таңдау мәселесіне пікір өткізгендігімен ерекшеленеді. “Ұяты бар бойында қымсынған қыз” деп, ұяты бар қыздың иманы бар екендігін бағалайды. “Көрінгенге былқ етіп құлай кететін” қыздардың да болатындығы туралы да айтпай қалмайды. Қазақ қызына қарағанда, қалмақ қызының арзандығы  жайлы: “Атам ата болмады, қалмақ болды, қызын берсе атымды алмақ болды” дейді. Бұдан түйетін ой: қазаққа қыз беруден қалмақтардың аса қаша қоймағандығы. Ата-ананы бір баланың қолына қарайтындығы жайлы: “Атадан алтау, жетеу туғанменен, соның ішінде біреуі-ақ сүтін ақтар” деп қорытады. Көтеш ақын отбасы деген әлеуметтік институттың ішкі қызметін, түрлі қарым-қатынастардың реттелуін, қартайғандағы ата-ана беделінің кетуі жайында, отбасындағы келіннің рөлінің дұрыс жолға қойылмауынан туындап отырғандығын көрсетеді.

Хандық дәуір әдебиеті өкілдерінің ішінде Шал ақынды (1748-1819) қазақ жастарын отбасылық өмірге даярлау мектебін ұйымдастырушы ретінде өзінше дербес педагогикалық-психологиялық тұрғыда зерттеудің дерек көзі деп қарастыруға әбден болады. Шал ақын жырларында отбасылық өмір өрнектері, жанұялық өмірге даярлық мәселелері, жар таңдау жайлы, ата-ана бақыты туралы, қыз бала мен ер бала тәрбиесі хақында, әйел мен келін тақырыптық негіз болады. Шал ақын өз өмірімен сабақтастыра отырып, ой түйеді. Жігіттік кезеңі, үйленіп жар сүюі, перзентсіздіктен өмірдің қиындығын сезіне түсуі, екі әйел алудың машақаты, т.б. жұбайлық өмірдің ыстық-суығы жырмен өрнектеледі.

Шал ақынның ойынша жақсы әйел алсаңыз, “Алладан нұр жауғандай”, “...тойы үйінде”, “ердің атын шығарар”, “ерін күліп шаттандырар”, “шаруасын күйзелтпес”, “жылы жүзбен ерін қарсы алар”, “өз байынан басқаны ұнатпайды”, бойын түзеп сылақтайды”, “дәулетіңді жөн келтірер”, “айтқаныңды кектемейді”, “иманыңнан басқадан жақын”, “жұмақтағы хормен тең” дейді. Ал жаман әйел алсаңыз: “...жауы, соры үйінде”, “ерін жаман атқа қалдырады”, “кедейдіктің бір түрі”, “байымен ұрысады”, “долы болса күнде өлтірер”, “мейман келсе қабағы тырысады”, “қабаған ит сияқты ер жігіттің түбіне жетпей қоймас”, “қаншық иттей тақымдар, кәпір”, “маңдайға біткен сормен тең” деп анықтама береді. Және де әйелді үш түрге бөледі: үйге қарауыл – белсенділігі төмен, ашып атар, жатып ішер – салақ әрі кесір, қыналы бармақ – берекелі жақсы әйел. Әйел таңдау  үшін жігіттерге пікір қосады:

Уа, жігіттер,

Әйел алсаң қарап ал ақылдысын,

Ол сенің ахиреттік жақын кісің.

Келген мейманыңды және туғаныңды

Бірдей тәрбиелеп,

Ол және ұмытпасын хақтың ісін.

...Жақсы қатын алсаңыз,

Жақсылығын білдірер,

Ерін жөнге көндірер,

Анық осы, бозбала,

Жұмақтан шыққан хормен тең. Тағы да “Жігіттер, қатын алма көргенсізден, ғазиз басың қор болар тергеусізден” деп қосады.

Шал ақынның әлеуметтік-педагогикалық көзқарастары арқылы ұл баланың отбасындағы орны мен ерекшелігін, тәрбиесін аңғаруға болады. Жігітті де үш түрге бөліп қарастырады: құр жан – ештеңе бітіру қолынан келмейтін жігіт, тірі жан – өз қара басының құлы, жігіт жан – сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. “Кедейлік ер жігітке намыс емес” деген мақалға айналған сөз тіркесі барша жігітті ынталандыру мен жігерлендірудің ұраны іспеттес. “...Ер жігіт қапалықпен қартаяды, Қатын жаман, мінген ат қырсау болса” деп, нәтижесінде ер жігіттің өмірі қор болатындығынан хабардар етеді.

Қыздар тақырыбы Шал ақын шығармашылығының өзегі деп айтуға болады. “...Ақ бетіне қан құйған, Ерініне бал құйған, Қылықты туған қыз да өтер” деп қыздардың сапалық өлшемдерін жырға арқау етеді. Қыздың қылықтылығы жайында адамға бақ-дәулет, ырыс қонарда “қыз қылықты болар, келін епті болар” деген сөзі бұл өте жақсы сапалық көрсеткіш екендігін білдіреді.

Отбасындағы қыз бала тәрбиесі, қыздардың жас ерекшелік психологиясына өз заманының тұрғысынан тоқталады. Қазақ “он үште отау иесі” десе де Шал ақын қыз бала үшін он бес жастың ерекше кезең екенін айтады: “Қыз он бесте келеді түзелгісі...”, “Қыз он беске жеткенде кесте алады, Жаман менен жақсыны еске алады”, “Қыз он беске келгенде мау тартады, Ата менен енеге жау тартады...”, “Қыз он беске келгенде талма мойын”. Ал қыз бала он алты жаста пісіп-жетіледі деген пікірге тоқтайды: “Он алтыда қыздардың қылса тойын” “Он алтыдан асқан соң, болмайды ойын”. Шал ақын заманында жиырмадағы қыз кәрі саналды: “Жиырмаға жеткен қыз кәрі болар”, “Жиырмаға жеткенде тәйке деген, аюша жиған майын төске алады” халықтық психологиялық көзқарас бойынша, физиологиялық ерекшелік арқылы да қыз баланың тұрмыс құруының реттелуінің маңыздылығын сөз етеді.

Екі әйел алу мәселесінің қай кезеңде де өзіндік қиыншылығы болғандығына “Тоқалменен болмайсың махаббатты” деген сөзі дәлел. Сондай-ақ, келін тақырыбында да әлеуметтік институт қағидасы болардай ойлары бар.

Жалпы қай ақынды алсақ та жар таңдау, отбасы бақыты мәселесіне тек ер адамның ғана көзімен ғана қарайды. “Өзінің теңін тауып қосылмаған әйел жетім” деген пікірді Шал ақын ғана айтады. “... Құдая, жаманыңмен теңді қылма, құрбымнан өзім теңді кемді қылма” – бұл жар таңдаудан үміті бар әр жастың үкілі үміті.

Бұл дәуірдің өкілдері шығармаларындағы көтерілген мәселелердегі өзара ұқсастық өз заманының құндылығына сай екендігін аңғару қиын емес.

Сонымен, хандық дәуірдегі халықтың тәрбие мектебіне айналған, этномәдениеттің негізін салушы – ақын-жыраулар жақсы жар таңдауда қандай басты өлшемдерге тоқталады?

ХҮ-ХҮШ ғасырларда жұбайлыққа қыз таңдаудың басты өлшемдері

Хан әулеті жұбайлыққа қыз таңдар болса...

Қараша жұбайлыққа қыз таңдар болса...

  •  қарадан қыз алмау (егер, қарашадан қыз алса, бағынышты халықтан туысқан табылып, ел іші екіге жарылады);
  •  төреден алмау (төрелер қазақ ішінде аз, өз қандастары);
  •  қалмақтан қыз алу (бұл бір жағынан, алыстан қыз алып, ұрпақты асылдандыру, екіншіден, жаудан қыз алып, жақын мемлекетпен тату тұру);
  •  “он екіде бір гүлі ашылмаған”;
  •  тектіден текті таңдау;
  •  негізінің дұрыс болуы;
  •  ары таза, пәк, ару қыз алу;
  •  қылықты қыз таңдау.
  •  жаудың қызын алу (бір жағынан қалың малсыз тегін, екіншіден ұрпақты асылдандыру);
  •  алыстан қыз алу (жеті атадан ары);
  •  жасы он бес-он алтыдан аспаған;
  •  “он екіде бір гүлі ашылмаған”;
  •  текті қыз алу;
  •  ару қыз алу;
  •  қылықты, мінезді қыз алу;
  •  тең атаның қызына үйлену;
  •  мейман күте білетіндігіне көңіл бөлу;
  •  көңілшек емес.

Көшпелі елдің мәдениетінде қалыптасқан жұбайлық өмірге даярлық, жар таңдау мәселелері сол заманның әлеуметтік тұрғысынан сай проблематикалық ой қозғайды. Жыраулар шығармаларын зерделей келе, көңілдегі көп ойларға тұжырымды сөзбен жауапқа мүмкіндік таптық.

4-ДӘРІС. КЕҢЕСТІК ДӘУІРДЕГІ ҚАЙРАТКЕР ҚЫЗДАР

Нәзипа Құлжанова

Партия қатарында болмаса да  ХХ  ғасырдың басында-ақ өзінің қайраткерлігімен көзге түскен қазақтың қаламгер қыздарының бірі – Нәзипа Құлжанова.

Нәзипаның орысша білім алып, өз пікірімен сүйген азаматына тұрмысқа шығуы жайлы деректерді 1982 жылы Ленинградтағы Орталық Мемлекеттік архивтен тауып алдық. Ішкі істер министріне қазақ даласындағы әйелдер оқу орны жайын баяндаған бұл архив қағазы қазақ қыздарының аянышты өмірін бейнелеумен бірге, Нәзипа Сағызбаеваның (қыз кезіндегі фамилиясы) өмірінен сыр шертеді.

Енді сол архив қағаздарының аударма нұсқасының өзімен танысып көрейік:

«Торғай облысындағы бірден – бір оқу орны – Қостанайдағы орыс – қазақ әйелдер прогимназиясы, өзінің аз ғана, сегіз жылдық шамалы уақыттың ішінде алдағы уақытта қызмет істей алатынын көрсетті. 14 адамды халық мұғалімі етіп оқытты. Осы гимназияда жиыны 5 қазақ қызы оқыды.

Сағызбаева Нәзипа прогимназияның барлық төрт жылдық курсын бітіріп шықты. Сабақты өте жақсы оқыды, тәртібі де сондай тамаша болды. Курсты бірінші оқушы болып аяқтады. Прогимназияны бітірген соң ол өткен жылдың июнь айынан бастап Торғайдағы әйелдер училищесіне көмекші мұғалім етіп тағайындалды. Оның ата-анасы кәрі және кедей адамдар еді, қазақтың әдепкі салтымен, ертерек қызын айттырып, қалыңмалын алып қойған екен. Оған, әрине Сағызбаева, сатылған адам ретінде, өзі тіпті танып білмеген адамға күйеуге шыққысы келмеді, қалыңмалын қайтарып беруге қаражаты болмады. Сол себептен Нәзипа облыстық әскери губернаторға арызданып, осы жағдайдан құтылуға көмек сұрады. Бұндай көмекті алды да қазірде Сағызбаева ерікті түрде Жетіғара – Шұбар болыстық мектебінің мұғалімі, мұғалімдер мектебінде орысша білім алған, оқу орнына белгілі, интеллигенттер қауымына мәлім Құлжановпен сөз байласып, тұрмысқа шықты.

Сағызбаева туралы ерекше айтуға болады. Болашақ мұғалім, ол өзі сүймеген адамнан өз басын арашалап сатып алу үшін қазынадан қарыз сұрап әрекеттенді және орысша білім алған, мұғалім болып істейтін адамға тұрмыстануға талпынды. Осы жағдайдан көрініп отырғандай, орыс білімі – қазақ әйелдерінің ой-санасына әсер етіп қаншалықты өзгеріс енгізгенін дәлелдейді».

Семей қаласына келіп орналасқан Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар мұғалімдер семинариясында қазақ тілінен сабақ береді. Георгий Михайлович Хомутов 1906–1908 жылдары Құлжановтардың үйінде тұрып семинарияда оқығанын, Құлжановтардың өте жоғары мәдениетті, білімді адамдар екенін айта келіп, мен қазақ тілін жақсы оқыдым, маған Құлжанов бестік бағасын қоюшы еді. Семинарияны бітірген соң маған өздерінің бірге түскен суреттерін өз қолтаңбаларымен ескерткішке беріп еді деп есіне алады.

Нәзипа Құлжанова 1923-25 жылдары «Қызыл Қазақстан» (кейін «Қазақстан коммунисі»), қазіргі «Ақиқат» журналының жауапты хатшысы болды. Нәзипа «Қызыл Қазақстанның» 1922 жылғы 12-санында жарияланған «Октябрь төңкерісі және қазақ әйелі» атты мақаласында: «Бұрынғы қазақ халқының ешкімге бағынбай өз күнін өзі көріп, кең сахарада мал бағып, еркін жүрген заманында қазақтың әйелдері еркін, қайратты тіршілік күресінде ерлерге шын жолдас болған. Қандай қиын-қыстау жерлерде ақыл беріп, айла тапқан әйелдер болған. Әсіресе, бұрынғы заманда сол қиын шаруаның ыстық-суығына бірдей төзіп, сол заманның әйелі еркекпен қатар қол ұстасып қызмет еткен: «Алып – анадан, ат – биеден» деген мақал осы сөздерді тірілтсе керек, – деп жазады. Осы бір үзіндінің өзінен-ақ Нәзипаның тереңнен толғайтын, байыпты да байсалды сөз саптауын аңғаруға болады. Ол  қазақ әйелінің өткен тарихына біржолата топырақ шашпай, оның қоғамдағы үлкен беделінің де болғандығын атап көрсетеді».

«Қызыл Қазақстанның» 1922 жылғы 13-санындағы «Қазақ әйелдеріне» деген мақаласында Нәзипа бостандық, теңдікке қолы жеткен қазақ қыздарын серпілуге шақырады. Автор әйелдердің халықаралық мейрамы 8 наурызды айт мерекесімен салыстырады. Екі қолды бірдей төбеге қойып діннен, дәстүрден безген заманда мұндай салыстыру жасау автордан азаматтық өжеттікті талап етеді. Нәзипа қазақ әйелінің ұғымына жеңіл болу үшін 8 наурызды қасиетті айт мерекесіне теңейді. Осы мақаласында ол бірнеше рет данышпан Абайға жүгініп, оның өлеңдерінен мысал келтіреді. Абайды «байшыл, феодалдық заман ақыны» деп қаралап жатқан кезде Нәзипаның ұлы ақынды дәріптеуі де, оның қаламгерлік, қайраткерлік позициясының айқындығын, беріктігін дәлелдейді. Осы журналдың 1924 жылғы 10-санында жарияланған «Октябрь төңкерісі құрбандарына» деген мақаласында Нәзипа: «Қазақстан үкіметі қаз тұрған баладай жаңа аяқ басып келе жатқан кездерінде түрлі-түрлі қиындық кеселдер көп кездесті. Кеңестер одағының бастан кешкен формалдылықтарының бәрін де өз әлінше көтерді», - деп Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды да ашып көрсетеді.

Нәзипа Құлжанованың бала тәрбиесіне байланысты педагогикалық тұрғыда жазған бірнеше кітаптары бар екені де анықталып отыр. Қазақстан өлкелік әйелдер бөлімі мен Қазақстан Оқу комиссариатының тәрбие бөлімінің тапсыруымен 1923 жылы «Мектепке дейінгі тәрбие» деген кітабы Орынборда 4000 дана тиражбен басылып шығыпты.

Кітаптың «Сөз басы» деген алғысөзінің оралымды ой толғанысының сілтемесінен-ақ Нәзипа Құлжанованың адамзат тарихының арғы-бергі даму процесіне көз жүгірте отырып, жаңа қоғамдық формацияның адам тәрбиесіне жаңаша мән беріп, зор қоғамдық мақсат қойып отырғанын дұрыс баяндайды:

«Адам баласының дүниеде өмір шеккен тарихына қарасақ, бұрынғы адамдардың тіршілік етуінің түрі мен қазіргі адамдардың тіршілігінің айырмасы жер мен көктей. Қазіргі баланы бастан тәрбиелеу керек, өнер-білімге тәрбиелеу керек деп отыр. Бала дұрыс тәрбиемен өссе, тіршілік ісіне икем, бейнесіне бекем болады», - дейді Нәзипа.

Нәзипа кітабының құндылығы – сөз басында айтқанымыздай, кеңес өкіметі орнасымен жаңа адамды өсіріп, тәрбиелеу ісі туралы Коммунистік партия алға қойған саясатты қазақ еліне, халық ортасына бірінші болып таратуы. Бүгінгі қолданылып отырған тәрбие түрлерінің алғашқы бастамасының негізін ана тілінде сөз етіп, түсіндіріп, жол көрсетіп кеткен – Құлжанова. Нәзипа бүгін де еліне сол еңбегімен құнды. Сол еңбегімен ұмтылмайтын қадірлі қалпында есте сақталады.

Нәзипа – сан қырлы талант иесі. Ол қазақтың алғашқы педагог қыздарының бірі ғана емес, сонымен бірге тұңғыш педагог – ғалым қызы да. Ол аудармашылық өнермен де айналысты. Оның бұл саладағы сүбелі еңбектері ретінде Г.В. Короленконың «Күн тұтылғанда» және В. Лавреневтің «Қырық бірінші» атты повестерінің аудармасын атауға болады. Нәзипаның өзі көркем проза саласында еңбек етіп, «Есіл қыз-ай», «Маржан» атты әңгімелер жазды. Ол орыс географиялық қоғамының мүшесі ретінде қазақ халқының тұрмыс-салт, әдет-ғұрыптарын, ауыз әдебиеті мен фольклорлық шығармаларын зерттеп, оларды кеңінен насихаттаумен айналысты. Ол 1920-24 жылдары А. Бимбоэс пен қазақ музыкасының әйгілі зерттеушісі А. Затаевичке Абайдың бірнеше әндері мен қазақтың халық әндерін айтып, нотаға да түсірткен. Мұның бәрі Нәзипаның шын мәніндегі сан қырлы талант иесі болғандығының айқын айғағы.

   

Алма Оразбаева

1923 жылдың сәуірі. Москвада РКП(б) съезі өтіп жатқан. Кезекті шешенге сөз берілгенде съездің мінбесіне қараторы өңді, талдырмаш, өткір қара көзді қыз көтерілді. Ол алдымен залға бір қарап, жылы шыраймен жымиып алды да сөзін бастап кетті. Сөйлеушінің іркілмей, қағазға да қарамай сөйлеуі, мазмұнды, орысша ұста келген жалынды сөздері жиналған қауымға оның өмірді жақсы білетін, мәселеге таптық тұрғыдан қарайтын принципті коммунист екенін аңғартты.

Үлкен форумда сөйлеген бұл адам – қазақтың қадірмен қызы Шығыс әйелдерінен шыққан тұңғыш коммунист, белгілі партия және мемлекет қайраткері Алма Оразбаева еді.  Қазақ әйелдерінің, жалпы бүкіл Шығыс әйелдерінің негізгі қалың бұқарасы ғасырлар бойы өздерін езіп, еңсесін көтертпей келген ескіліктің шырмауын үзіп, жаңа өмірге әлі де болса ілесіп келе алмай жатқан сол бір тұста Алманың бұлай жарқ етіп шығуы қараңғы түнді жарып шыққан жарық жұлдыздай болып көрінді.

Алғашқы өзінің дәріс алған мектебі туралы әңгімелегенде Алма: «кейбір ата-аналар қыздарын мектепке бергенде оқып білім алу үшін емес, үйдегі ас ішетін артық ауыздан құтылу мақсатымен толық пансионаты үшін беретін. Ал қыздары 13-14 жасқа келсе болды, оларды қалың малға сатып, зорлап күйеуге беріп жіберетін еді», - деп жазды.

Алманың алғашқы ұстаздарының бірі Разия Дүйсенғалиқызы Меңдешева: «Алма өзінің оқып білім алуына алдымен алғашқы ұстазы, орыс-қазақ қыздары мектебінің сол кездегі меңгерушісі Г.А. Воскресенскаяға борышты еді. Шәкіртінің қабілеттілігін, оқуға деген құштарлығы мен зор талабын бірден аңғарған ол Алмаға жанын салып көмектесті. Мен сол жылдары осы кісінің көмекшісі болып істедім. Глафира Андреевна Алманы маған да тапсырып қойды. Алма әсіресе, көркем әдебиетті сүйіп оқыды. Оны кітаппен достасуға үйреткен де осы кісі еді», деген болатын.

Білімді аңсаған Алманы Симбирскіге жіберу Бөкей ағартушыларына оңай түспейді. 1909 жылдың 6 қамалында Ішкі Қырғыз (Қазақ) ордасындағы халық училищелерінің  инспекторы М. Филиппов чуваштың белгілі ағартушысы И.Я. Яковлевке мынандай хат жолдайды: «Биыл Ордадағы орыс-қырғыз училищесінің әйелдер курсын 13 жасар қазақ қызы (хатта қате кеткен, Алма ол жылы 11 жаста) Алмабет Оразбаева бітіреді, - деп басталады бұл хат. ...Ауылдағы әйелдер мектептеріне сабақ беретін мұғалималардың орнын басатындай азды-көпті білімі бар қазақ қыздарына зәру бола отырып, мен оның білімін жалғастыру үшін Сізге сеніп тапсырылған Симбирск мұғалімдер мектебіне жібергім келер еді. Алмабет Оразбаеваның өзі де Симбирскіге баруға тілек білдіріп отыр. Бас иіп өтінемін... маған бір хабарын берсеңіз екен, аталған Оразбаеваның қабылдануынан сірә де үміт етуге бола ма?» Болашағынан зор үміті бар оқушының Симбирск мектебіне түскеніне әсіресе, өзіне дәріс берген ұстаздары мықтап қуанады.

Алма қанша талаптанса да оқығаны үшін төлейтін ақшаны толық тапсырмағаны үшін 1911 жылдың 11 қамалында оқудан шығарылады. Тек И.Я. Яковлевтің бүкіл жауапкершілікті өзіне алып, әкелік қамқор жасағанының арқасында ғана Алма оқуын аяқтап шығады.

Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Қазан төңкерісін қуана қарсы алған А.Д. Оразбаева 1918 жылдың күзінде Ордаға қайта оралады. Оған кедей балалары үшін әдейі арнап осында ашылған мектепті басқару және онда сабақ беру қызметі жүктеледі. Ол Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату күресіне белсене араласқан тұңғыш қайраткерлеріміздің бірі. 20-жылдары ел өміріндегі қоғамдық-саяси қызметке белсене араласқан А. Оразбаева әйелдер арасындағы одақтық дәрежедегі көрнекті қайраткерге айналады. Алма сияқты қазақтың аса көрнекті қайраткер қызы Голощекин тұсында Қазақстанға шақырылмады. Халқымызды танытқан көптеген қайраткер қыздарымыздың тағдыры осыған ұқсас.

Өзі тікелей қатысып, талай қызды қалың малдың құрығынан құтқарып қалды. Талайын оқуға тартып, саналы күрескер болып шығуына көмектесті. Тағдыры кезінде Оразбаеваның болысуымен оң басталған Жарлықамышова Қамаш апай кейін аудандық партия комитетінің (Бостандық ауданы) бірінші хатшысы дәрежесіне дейін өсті. Сәналиева Нұржамал апай республикамыздың әлеуметтік қамсыздандыру министрінің орынбасары дәрежесіне жетті. Алманың мұндай қамқорлығы мен көмегін көргендер көп болған.

1920 жылдың 28 декабрінде Қазақ ССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Советі Шығыс республикаларынан бірінші болып қалың малды жою туралы декрет қабылдады. Алма Оразбаеваның ұсынысы бойынша қалың малды жойған күн 1924-1930 жылдары республикада мереке ретінде атап өтіліп келді.

Алма Оразбаева мәдениетке, білімге ұмтылған қазақ жастарының талабын жоғары бағалады. Оларға қолынан келген жәрдем-көмегін жасап, бағыт-бағдар беріп отырды. Әйелдерді саяси, экономикалық және мәдени өмірге араластыру республикада қауырт жүрді. Осы қозғалыстың көрігінде Алма Оразбаеваның коммунистік бейнесі де шыңдала өсті. Қазақстан коммунистері оны Ленин партиясының  XII, XIII, XIV съездеріне делегат етіп сайлады.

1926 жылы Алма Қазақстанның сол кездегі басшы қызметкерлерінің бірі, азамат соғысы жылдары Совет өкіметін қорғауда үлкен қайрат көрсеткен Орынбор қызыл казактарының ержүрек командирінің бірі И.Д. Каширинге тұрмысқа шықты.

Иван Дмитриевич Алманы баласындай  еркелетіп, абайы мен сыйына бөлеп тұрмыс еткен. Зайыбының есімін де ол біраз өзгертіп өзінше «Альма» деп атапты. «Бұныңыз қалай?» дегенде ол: «жаны да, өзі де нәзік, сыпайы адамға кілең ашық дауысты әріптен тұратын Алма дегенде құлаққа тым қатты естілетін сияқты, ал ана «ь» - жіңішкелік белгісі оның есіміне нәзіктік береді», деген екен.

Өзі қалап қосылған жұбайына Алма адал, қамқорлығы мол, мейірімді жар бола білген. Олардың бірге тұрған тұрмыстарын көре қалған замандастары: «қашан көрсең де Алма сабырлы мінезбен, Иван Дмитриевич, деп оған наздана сөйлеп, сызылып тұрушы еді», - дейді.

Алма Оразбаеваның жеке өмірі мен мінез-құлқы туралы өте құнды естелік жазғандардың бірі С.А. Арықова – Н.И. Арықованың сіңлісі. «...Алманың пәтері ұядай жылы, тап-тұйнақтай жинаулы тұратын – депті Сәруар апай, – Алманың талғамы биік және ол өзінің сүйіспеншілік сезімдерінде ақын жанды нәзік болатын. 1926 жылы болуы керек, Алма мен Иван Дмитриевич Каширин Москвада «Тироль» қонақ үйінде тұрып жатты. Бір күні И. Каширин Семей губерниясына командировкаға жүретін болды.  Ол Қиыршығыс экспресіне отырды. Поезд қозғалып, вагондар зымырай бастағанда Алма мен Каширин бірін-бірі сүйетіндерін ыммен білдіріп жатты. Сосын Алма менің иығыма басын қойып, жылап жіберді. Олар жиі хат жазысып тұрды. Маржандай әдемі жазумен жазылған Алманың ыстық сәлемге толы хаттары әрдайым «Сүйіктім менің!» деген сөздермен басталатын».

Қазіргі кезде халқына қызмет еткен адамдардың адал есімдері қалпына келтіріп жатқан Алма Оразбаеваның өмірбаянындағы осы күнге дейін белгісіз болып отырған тағы бір жәйтті айтқан жөн. Жеке басқа табыну зардаптары А. Оразбаеваға да кесірін тигізді. Мәселен, қазірге дейін оның қай жерде, қашан қайтыс болғаны туралы ресми құжаттың табылмай отырғандығы қынжылтады. Олай дейтін себебіміз: оған 1937 жылы ұсталып, «халық жауы» деген жалған айыппен атылып кеткен И.Д. Кашириннің әйелі деп біреулердің қастандық жасауы да мүмкін ғой. Сондықтан да тиісті органдар осынау ардақты азаматтың сүйегі қай жерде жатқанын анықтап беруге жәрдемдескені жөн болар еді. Сондай-ақ, республика астанасында Алма Оразбаева және ол секілді басқа да аяулы қыздарымызға арнап бір ескерткіш орнататын уақыт жеткен сияқты. Бүгінгі бақытты ұрпақ олардың алдында қарыздар екенін ұмытпаған жөн.

5-ДӘРІС. ЕЛЖАНДЫ БАТЫР ТҰЛҒАЛАР

Бопай

Бопай ханым (шын аты Бәтима шамамен 1690 – 31.5.1780 жылдары Батыс Қазақстан облысы, Елек өзені бойында өмір сүрген), Әбілқайыр ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан қайраткер, мәмілегер. Төре тұқымынан тараған. Бопай күйеуі Әбілқайырдың түпкі мақсаты Жайық казактарының, орыс бодандығындағы башқұрттар мен Еділ қалмақтарының шапқыншылықтарын тоқтату, жоңғарларды түпкілікті талқандау екендігін және бұл күрделі мәселелерді уақытша болса да, Ресей империясына бодан болу арқылы шешуге тырысқандығын терең ұғынған. Сондықтан да Әбілқайырдың осы бағыттағы саяси қадамдарына қолдау көрсеткен. Ол ханымның 1731 жылы 22 қарашада орыс патшайымы Анна Иоанновнаға, 1748 жылы 5 қазанда Елизавета Петровнаға, әр уақытта Орынбор әкімшілігінің басшыларына жазған хаттарынан айқын көрінеді.  

Күйеуінің қазасынан кейін де Бопай өзінің ұстанған бағытынан таймайды. Әбілқайыр саясатының өз жалғасын табуы баласы Нұралының әке орнын басуына байланысты екендігін терең ұғынған Бопай батыл әрі ойлап-пішілген қадамдар жасайды.

Орта жүз бен Кіші жүздің беделді билері мен батырларының Нұралыны хан көтеруге келісімін алғаннан кейін ғана, Бопай патшайым Елизавета Петровнаға, келесі күні бригадалық генерал А.И. Тевкелев пен Орынбор губернаторы И. Неплюевке қисынды өтініш хаттар жолдайды. Осы хаттарды жеткізу үшін аталмыш екі жүздің 8 беделді биі Орынборға, одан кейін Санкт-Петербургке аттанады. Нұралыны “қырғыз-қайсақ ханы” етіп бекіту туралы Елизавета Петровнаның 1749 жылғы 2 мамырдағы жарлығы, онда Бопай ханымның хатына да сілтеме жасалуы, канцлер А.П. Бестужев-Рюминнің Бопайға арнайы хат жазып, патшайым атынан сыйлық жолдауы ханым саясатының жеңісі еді.

Бопай Әбілқайыр әулетінің дәрежесі мен беделін көтеруге ұмтыла отырып, орынсыз қантөгістің болмауын, ел іргесінің сөгілмеуін қалады. Сол үшін де ол күйеуінің кегін алуға “аттандатпай”, Барақ сұлтанды жазалауды орыс әкімшілігі арқылы заңдастырып алуға тырысты. Қоғам дамуының негізгі көзі тыныштық өмір екендігін, тірлігін ат үстінде өткізген халықтың болашағы бұлдырлығын ұғынған ханым орыс әкімшілігін Елек өз. бойында қала салдыртуға да үгіттейді.

Қазақ-жоңғар қатынастарына тигізген әсері, Қайып хан мен Нұралы ханды бітістіруге бағытталған әрекеттері Бопайдың ел бірлігін қамтамасыз етуге тырысқан мәмілегерлік ниетін аңғартады. Бопай орыс-қазақ қатынастарындағы және сол кездегі қазақ қоғамындағы шешімін таппай жүрген кейбір мәселелерді талқылау үшін Орынбор әкімшілігінің басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізгісі келеді.

1740 жылы Санкт-Петербургке ресми сапармен барып, Анна Иоановнаға жолығу ниеті де болған. Бопайдың зеректігі мен тапқырлығы жөнінде ағылшын суретшісі Дж. Кэстльдің, Әбілқайыр ордасында болған орыс шенеуніктерінің жазбаларында біршама деректер келтіріледі. Тарихи құжаттармен жақсы таныс А.И. Левшин ХІХ ғасырдың 30-жылдарында: “Бопай… өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті” деп жазды. Бопай Елекке құятын Жосалы өзенінің жоғарғы жағындағы қорымда жерленген.

Казахско-русские отношения в ХVІ — ХVІІІ веках, А.-А., 1961; Кэстль Дж., 1736ж.  Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы, А., 1996.

Бопай

Бопай (т.-ө.ж.б.) — Кенесары Қасымұлы көтерілісіне белсене қатысушылардың бірі, Кенесарының қарындасы. Көкшетауда дүниеге келген. Қасым төренің Санжар, Есенкелді, Ағатай, Көшек, Кенесары және Наурызбай атты алты ұлының арасындағы жалғыз қызы. Деректерде Бопы болып та кездеседі. Бопай бойжеткен шағында Әбілқайырдың Сәмеке деген ұлына ұзатылады. Жастайынан сұлулығымен, өжеттігімен көзге түскен. Өзінің күйеуі мен оның туыстары сұлтан Сартеке, Досан Әбілқайыровтарды көтеріліске қосылуға тартады. Олардан келісім ала алмаған соң, 1837 жылы өзінің алты баласын ертіп, көтерілісшілерге қосылады. Бопай 600 адамнан тұратын ерекше топты басқарады. Көтерілісшілердің бұл тобы Кенесары әскерлерін жабдықтаумен шұғылданып, елден зекет, көтеріліске қосылмаған сұлтандардан мал-мүлік жинады. Бопай қатысқан шайқастардың ішіндегі ең ірісі – 1838 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторлығының терістік батыс аудандарына бағытталған Аманқарағай дуанына шабуылы. 1840 жылы Қасым төре, балалары Көшек, Бопай қолдау іздеп, Хиуаға барар жолда (Созақ маңында) Ташкент бегінің қолына түсіп, Бопай Әзірет бекінісіне қамауға алынады. Көшек Ташкентке жіберіледі. Тұтқында жүріп Бопай Кенесары әскерінің құрамындағы ұлы Нұрқанның Ақтөбе жасағының қолына тұтқынға түскенін естиді. Бопай 1847 жылы қырғыз манаптарына қарсы шабуылда Кенесарымен бірге болған. Дүние салған жері Ақтөбе облысы, Ырғыз бойы. Әйтеке би ауданында Бопайдың атында ауыл бар. Зираты осы ауылдың тұсындағы төбешік басында орналасқан.

Мәншүк Мәметова

Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова (шын есімі Мәнсия) — 1922, Орал облысы Орда ауданы, 1943ж. қазанның 16-ы — қаһарман қазақ қызы, Кеңес одағының Батыры (1944).

Ата-анасынан ерте айырылған Мәншүк балалық, жастық шағын Алматыда Ә. Мәметованың тәрбиесінде өткізеді. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Алматы медициналық институтында оқып жүрді.

1942 ж. тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты.

Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты.

Павлодар облысының колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құруға қаражат жинады. Туған жерінде оған ескерткіш орнатылған, Невель, Алматы, Орал, т.б. қалаларда Мәншүк атында көшелер бар. Республиканың ондаған мектептері, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесі Мәншүк есімімен аталады. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы жыр» (авторы — А. Михалков-Кончаловский, режиссері М. Бегалин) көркем фильм түсірілді. 

 Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 

Әлия Молдағұлова 

Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова (шын есімі Ілия, майдандас достары «Лия» деп атапты) (1925ж. 15 маусым (кейбір деректерде 25 қазан, 20 сәуір), Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Қаз КСР – 1944 ж. 14 қаңтар, Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники, Казачиха ауылы, РКСФР) – Кеңес Одағының Батыры (1944), снайпер, ефрейтор.

1925 ж. 25 қазанда Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында дүниеге келген. Бала кезінде анасынан айырылып (1933 ж.), кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 ж. бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Санкт-Петербургтегі 9-орта мектебінде оқыды.[1] Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері – Артекке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзесияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті енгізілген. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярослав облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді.

1943 ж. Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 ж. бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 ж. 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты.

Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 ж. 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды.

Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген.

Әлия есімімен көшелер, ондаған мектептер (Мәскеудегі № 891 орта мектебі, Шымкенттегі № 29 орта мектебі, Новосокольники № 72 орта мектебі, Оралдағы № 38 орта мектебі), Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербор, Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде облыстық мемориалды музей жұмыс жасайды.

Хиуаз Қайырқызы Доспанова (15 мамыр 1922 Ганюшкин Атырау облысы 21 мамыр 2008, Алматы қаласы) — Екінші дүниежүзілік соғысының жауынгері, батыр, ұшқыш, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы.

Өмірбаяны

Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы мамырдың 15 Ганюшкин селосында (қазір Атырау облысы) дүниеге келген. Әкесi — Қайыр балықшы, анасы — Меруерт мұғалiм болып еңбек еткен.

Ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқастарына қатысқан Хиуаз Доспанова сол кездің өзінде теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанған еді. Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Хиуаз Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілген болатын.

2008 жылы мамырдың 21 Алматы қаласында 86 жасында дүниеден озды.

Қанатты қыз

Ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқастарына қатысқан Хиуаз Доспанова сол кездің өзінде теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанған еді. Әлия, Мәншүк, Хиуаз... Олардың есімдерін тек Қазақстан ғана емес, кезіндегі КСРО халықтары да жақсы біледі.

Хиуаз Астрахандағы балық кәсіпшілігімен айналысқан жұмысшы отбасынан шыққан. Ол кісінің кезінде Мәншүк Мәметовамен бір көшеде тұрып, көрші болғанының өзі өмірінің естен кетпес бір сәті іспеттес. Есімдері тарихта мәңгі қалатын бір көшенің батыр қыздарының мінездерінде де ұқсастық бар. Алғырлық, қайсарлық, адалдық. Екеуіне ортақ қасиет. Мектеп қабырғасын үздік бағамен тәмамдаған талдырмаш жас қыз ұшқыш болуды армандайды. Алға қойған мақсатын қайтсе де орындауға дағдыланған ол, соғыс басталған жылдары Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе Академиясына қабылданбай қалса да, медицина институтынан алған білімімен тылда еңбек етіп, кейін ұшқыштар дайындайтын училищеге түседі. Өрімдей жас қыздың қайсарлығына тәнті болған атақты ұшқыш әйел Марина Раскова сол кезде-ақ оған зор үміт артқан екен. Есімдері кең тараған ұшқыш әйелдер Гризобудова, Осипенко, Расковаларға еліктеген Хиуаз Доспанова үмітті ақтайды.

«Арада ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, алғашқы әскери операцияға барғаным көз алдымда кеше ғана болғандай сайрап тұр» дейді Хиуаз апай. ...Даланы түн қараңғылығы жайлаған кез. Алдымен жарық бергіш бомба тастапты. Себебі жау әскері мен техникасының қай жерде орналасқанын анықтап алу қажет болған. Сол сәт төңірек жап-жарық болып кетеді. Звено командирі Е.Пескова мен Х.Доспанова бұйрық түсісімен жаудың атыс ұясын бомбалай бастайды. Қашанда сақ отыратын жау әскері естерін жинап та үлгермепті. Неше мәрте бомбалап, даланың астаң-кестеңі шығып жатқанда ұшқыш қыздар аққан жұлдыздай көзден ғайып болады. Алғашқы әскери тапсырманы осылай сәтті орындаған қос қыз жан-жақтан қаумалап алған майдандастарының қошеметіне емес, өздерінің осындай маңызды іске дайын екендіктерін сезініп, қуанғанды.

Жаумен аспандағы шайқаста 300 рет болып қайтқан Хиуаз ұшақтан 14 рет құлапты. Төрт мәрте ауыр жарақат алып, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған. Жаумен шайқаста асқан ерлік көрсете білді. Қазақтың жас қызы Ұлы Отан соғысы жылдары Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы – ұшқыштар полкінде штурман қызметін атқарған. Майдандағы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ал төсіндегі «Еңбек Қызыл Ту» ордені соғыстан кейінгі жылдардағы елеулі еңбегінің жемісі.

Соғыстан кейінгі жылдар. Хиуаз Доспанова «Абай» операсы мен «Шоқан Уәлиханов» драмасын сахналауға, «Медеу» спорт кешенін салуға және көптеген тарихи маңызы бар еңселі ғимараттардың құрылысына ер азаматтармен иық тірестіре жүріп араласып, көптеген игі жұмыстардың ортасынан табылды. Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Х. Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілген болатын  

 Айбын. Энциклопедия. / Бас редакторы Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011.

6-ДӘРІС. ҚАСИЕТТІ ҚОЛБАСШЫ, ЕЛ БАСҚАРҒАН АРУЛАР

Сақ патшасы – Зарина сұлу (б.з.б Ү ғ.)

Зарина – біздің заманымызға дейінгі ғасырларда өмір сүрген, ежелгі сақ  тайпаларының бірін басқарған жауынгер әйел. Қазақ ұғымында бұл әйел ерлік пен өрліктің белгісіндей сақталған. Зарина билік құрған кезеңде көршілес жатқан Табғаш елі мен Славяндар әйел басқарып отырса да, Заринаның иелігіндегі жерге қарай қадам басуға жүрексінгені жайлы айтады. Заринаның әскерінде сонымен қатар қыздардан құрылған әскер де болған. Геродоттың жазбаларында бұлар: «сақ тайпасының қыздардан құралған әскері – кез келген қолына қару ұстаған ер адамнан кем емес, олардың атқа мінісі мен ұрысу өнерін меңгергені және батырлықтарының өзі ер адамдарға үлгі боларлық» деп жазады.

Бүгінгі жеткен аңыздар осы Зарина ханым басқарған жауынгер қыздар тобы (амазонка) болып саналады. Тарихшылардың айтуынша, Зарина басқарған тұста елде ешбір қиыншылық болмай, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман болды деседі, көршілес елдермен бейбіт қарым-қатынас жүргізіп, елдің көркеюін қамтамасыз еткен ол бұл істерін тек өзге елдің өзіне ашуынан сақтануы үшін емес, өзінің де мыңдаған қол жауынгері сақадай-сай дайын тұрғандықтан болатын. Бұл оның барлығында елдің бейбіт өмірі үшін жасалды дейді.

Заринамен байланысты айтылатын бізге жеткен деректердің барлығы да оның Отаны мен еліне деген адалдығын дәлелдейді. Соның бірі де бірегейі Тағбаш ханымен болған кездесуі. Көршілес Тағбаш ханы Заринаның өзіне ғашық болып, көңіл білдіріп, сөз салады. Бірақ тарихшылардың айтуынша, мұнда ешқандай да есеп пен сол елдің билігіне, ханымына үйлену арқылы жетсем деген ой болмағаны, шынайы ғашық болғаны жайлы айтылады. Десе де, бір ұлысты уысында ұстаған ақылды ханды кім жек көрсін, Зарина ханымның да бұл жүрек қалауы болса керек. Екі жақта келісім жүріп, енді үйлену мәселесі қалғанда өзіне тоқтау салған Сақ патшасы Зарина ханым «Егер мен Табғаш ханына тұрмысқа шықсам, менің артымдағы қалың еліме де ол иелік жасайды, мұның ақырында менің халқым, сол елдің халқына құл болады» деп, Табғаш ханына тұрмысқа шығудан бас тартады. Мұның өзі Зарина ханымның ерлігін көрсетсе керек-ті.

Зарина ханымның аты сол кезеңдерде Эгей теңізіне дейін жетіп отырғаны тарихи жазбалардан аян. Оның соғыс даласы үшін өсірілген аттары, соғыс салу өнеріне жаттыққан әскерлеріне қарап, басқарушысы әйел екеніне кейде жаудың өзі де сенбей қалатын. Бірақ аңдыған дұшпан алмай қоя ма? Зарина тым жас қалпында жыланға қастандықпен шақтырылып, аңшылықта жүріп қаза табады.

Зарина ханымның құрған ұлысы ханым өлген соң да жылдар бойы гүлденген жағдайда өмір сүрді.

Тұмар патша (Томирис) (б. д.б. ҮІ ғ. )

Тұмар біздің жыл санауымызға дейінгі ҮІ ғасырда сақ-массагеттердің әйел патшасы болып салтанат құрады. Сақ тайпалары Тұмар патшалық құрып тұрған кезде Ассириямен, Мидиямен жақсы қарым-қатынаста болған.

Тарихқа назар аударсақ, патшалықтың гүлденген тұсы патшайым  билік жүргізген уақыт екеніне көз жеткіземіз. Сол кезеңде сақтардың қару-жарағы мен жүйрік аттарына тең келер құнды нәрселер болмағанын бүгінгі жеткен деректер әйгілейді.

Патшайым туралы бізге жеткен деректер аз. Соның бірі соғыс даласында өткен ІІ Кир есімімен байланысты әңгіме саналады. Достастық елдерде сонымен қатар Парсы патшасы атақты ІІ Кирдің өзі достық, соғыс одағын жасасқан. Алайда, асып-тасқан Кир бұл одақты місе тұтпай, Орта Азия мен Қазақстан жерін жайлаған сақ-массагеттер елін кіріптар етіп, жаулап алуға ұмтылады.

Тұмар ханым – билік басына отыз жеті жасында, ерінің орнына келеді. Десе де, өмірінің соңғы жылдары елдің жеріне көз алартушылықтардан көп жапа шегіп, шапқыншылық көбейіп, жеті жыл тақта отырады да, қырық төрт жасында көз жұмады. Патшайымның жалғыз он алтыдан асқан ұлы бар еді. Ол бүкіл әскердің үштен бірін алып келе жатып, Кирдің адамдарына кездесіп оны жеңеді. Алғашқы жорығының жеңіспен аяқталғанына қуанған жігіт, сол жерде той тойлап, шарап ішіп, әскерімен алаңсыз ұйқыға кетеді. Мұны білген Кир қайтып келіп, ұйқыдағы әскерді тас-талқан етеді. Тұмардың баласы қолға түсті.

Тұмар патша Кирге жаушы жіберіп, баласын босатып, еліне тыныштықпен қайтаруды талап етеді. Тұмар Кирге былай деп сәлем айтады: «Сен менің тұтқындағы ұлымды қайтар да, аман-сауыңда еліңе кет. Бұл айтқанымды тыңдамасаң, қанға тоймас басыңды қанға тұншықтырамын!».

Кир баланы босатпайды. Кирдің жібермейтініне көзі жеткен жас жігіт өзін-өзі өлтіреді. Баласының қазасы Тұмар патшаны есеңгіретіп кетті. Көзі жасқа толып, бауыры езіліп, іштей еңіреді. Сонда да бауырын жазып атқа мінді. Ата-бабаның жерін таптатпауға, қанға-қан алуға бел байлады.

Қанды шайқас басталды. Қиян-кескі соғыста парсы әскері тас талқан болып жеңіліп, ІІ Кирдің өзі майдан даласында қаза тапқан. Осы ұрыс жайында грек тарихшысы Геродот: «Массагеттердің әйел патшасы Томирис шайқаста парсыларды жеңгеннен кейін Кир патшасының басын кесіп алып, қан толтырған тұлыпқа салады. Сосын, «өмір бойы аңсағаның қан еді, құмарың қанғанша іш» деп тұлыпты дарияға лақтырды, деп жазады. Себебі, бұл соғыста Томирис баласынан айырылған еді...

Тойымсыз Кирді жеңген сақтың қызы Тұмар патша осылай тарихта қалыпты. Бұл оқиғаны сол заманда өмір сүрген тарихшысы Геродот «Тарих» атты кітабында жазып кеткен. Онда Томирис деп аталады.

Айғаным ханым

Кезінде халқының тарихында елеулі орын алған, ер-азаматқа пара-пар еңбегі сіңген қазақ әйелдері аз болмаған.

Айғаным Сарғалдаққызы Уәлиева – XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ тарихынан айрықша орын алатын әйелден шыққан тұңғыш қайраткер. Ол – қазақтың үш жүзін біріктіруге бар ақыл-ой, күш-қайратын аямай жұмсаған хан Абылайдың ұлы Уәлидің кіші әйелі, Шыңғыстың шешесі, Шоқанның әжесі. Ел өмірінде осы ұлы адамдардың біріне жар, біріне ана, біріне әже болуымен де айтулы із қалдырғаны сөзсіз. Бір адамның басына осыншама қасиеттерді үйіп-төгіп бере салған табиғаттың жомарттылығы ғажап!   

Алдымен Айғаным дүниеге ұл-қыздарын әкелген әйел ана, өз балаларын білімді азамат етіп шығаруға ұмтылған, ұлы Шыңғыстан бастап басқа да перзенттерін оқуға орналастырған, білім дәрежесіне қарай белгілі қызметке де жайғастырған, сондай-ақ немересі Шоқанды оқытуға күш салған, міне осы әрекеттерінің бәрі күрескердің ғана қолынан келетін қайсарлықтар. Ұлы Шыңғыстың ағартушылық пен ғылым жолын қуаттауына да анасының әсер-ықпалы зор болған.

Төре тұқымында орныққан дағдының бірі – әр адамның бірнеше тілді меңгеруі міндетті саналған. Осы ұлағатты ұстау Айғаным шаңырағына да ырыс әкелген ғой. Анамыздың  қазақ және орыс тілдеріне жетіктігіне ешкім таласа алмаған. Бұған дәлел қызмет бабындағы ресми хаттар мен түрліше мәліметтер беріліп отыратын жазба құжаттардың жүргізілу тәртібі. Сол кездегі қазақ даласы ауқымындағы саяси іс-әрекеттер және орыс тіліндегі мәлімдемелер де сол кісінің тексеруінен отіп отырған. Қазақ тіліндегі іс-қағаздарды оқып, қол қойған соң, мөр басқан. Орыс тілдегісінің аудармасын барынша қадағалап, өзі қолдан өткерген. Соған қарағанда Айғаным екі тілде сауатты болған.

Шоқан Уәлиханов пен осы әулеттің өміріне көбірек үңілген Ә.Марғұлан,  әсіресе, Айғанымға қатысты дүниені қалт жібермеген. Ғалым сондай деректерді іріктеп, әбден сала-салаға ажыратқан. Қазақ публицистикалық тарихын зерттеуді Айғанымнан бастау керек деді.

Айғаным Сырымбет мекен-жайын салдырған кезде төңірегіндегілердің хал-жағдайын да көздеді. Сол арқылы әлеуметтік проблемалардың көпшілігін шешуге тырысып бақты. Мұнда жер өңдеу мәдениетін игеру ісіндегі сіңірген еңбегі қисапсыз, бұл сияқты архивтік құжаттардың аздаған бөлігі Шоқанның 5 томдығына енген. Осындай тарихи мәліметтердің ішіндегі ең құндылары – Батыс Сібір Бас басқармасының  генерал-губернаторы Вильяминов пен Омбының облыстық басшылығының атарына жолдаған қағаздары. Айғаным бұл қағазды Тобылға барып қайтқан сапарында 1831 жылы 9 сәуірде жазып, жедел жіберген. Хаттың алғашқы жағы саяси мәселелерге арналады. Ол кісінің батырлығы мен іскерлігі, басшы адамдардан ойындағысын талап ете алатын саяси қайраткер екендігі осы хатта ерекше көрінеді.

Айғанымның ақыл-парасатымен хан әулетіне жасаған ықпалы, үлгі-өнегесімен, өзіндік дара тұлғалы бейнесімен ерекшеленеді. Сол кездегі үлкен мәселелердің бірі қазақтардың тұрмысына лайықты заң ережелерін шығарды. Мысалы, М.М.Сперанскийдің басқаруымен тұңғыш рет қазақтардың солтүстік-шығыс аудандарында «Сібір қырғыздары туралы уставтың жобасы» заң ережесі жарық көрді. Жарлықта қазақ елінде мектептер ашу, жергілікті халықтың тікелей өзін-өзі басқару мен сайлау правосы деген мәселелер қарастырады.

Айғаным 1824 жылы Сырымбет өзінің иелігіндегі жеріне өзіне арналған зәулім үй, үйдің жанынан мектеп, медресе, мешіт, монша, қонақ үй, диірмен т.б. салдырды.

Айғаным халықтың оқу-білімге бейімделуіне ерекше күш салып, елдің өзін-өзі басқаруын ашық мәселе етіп, халық сенімінен шыға білді. Сөйтіп, Сырымбетте ұйымдастырылған мектепке ел балаларын оқытып, тәрбиелеуге жол ашты. Мектептгі  негізгі тұлға мұғалімге деген көзқарасы жоғары болып, олардың жан-жақтылығын қатаң талап етті.

Айғаным Петропавловск қорғанының коменданты, генерал-майор С.Б. Броневскиймен тығыз байланыста болып, ол туралы «Записки о киргиз-кайсаках Средней Орды» атты дүние жазып, 1830 жылы «Отечественные записки» журналының санында жарияланған. Айғаным оқу бағдарламасын өзі бірге жасасып, оның барысын қадағалап, басшылық жасап отырды.

Айғаным ордасының маңайын мұқият зерттеп, топырағының малға жайлы, жайылымды, құнарлы, егіншілікке тиімді отырықшы тұрмысқа ыңғайлы болуына қатты көңіл аударғаны Айғаным білгірлігінің тағы бір үлгісін көрсетеді. Айғаным өзі де көркем сөзге шебер, тілі өткір, ақын жанды адам болған.

Айғаным мұрасына екі тілде жазылған әр түрлі құжаттар мен хаттар жатады. Қазақ поэзиясына енгізген үлгісіне жырлары мен жоқтаулары қосылады. Айғаным анамыз туралы көбірек дерек беріп жүрген С.Өтениязовтың өзі де Әлкей Марғұланмен қосылып жазғандарында да осы төңіректегі біраз жайларды қамтыған.

Ұлпан

Қазақ халқының әлеуметтік тарихында да, көркем әдебиетінде де осындай келелі ісімен ел аузында қалған әйел есімдері аз емес. Халықтың басына ауыр күн түскенде өзінің ақыл-парасатымен жол тапқан дана аналар, елдің елдігін сақтап қалар кезең келгенде қолына қару алып, жауға аттанған батыр қыздар, сөз құдіретін меңгеріп, салт-сана майданында сайысқа түскен ақын әйелдер...Тіпті басқаны былай қойғанда, әйел теңдігі деген дәстүр түгіл, жеке ойдың өзі ақылға сыймайтын заманда да алғашқы айқасты өзінің бас бостандығы, сезім бостандығы жолында бастап, соған өмірлерін құрбан ете алған ержүрек қыздар болған ғой. Әріде қыз Жібек, Баяндар, орта тұста –Сара, Ақтотылар, тіпті күні кешегі Шұға, Қайша, Қамарлар...

Ал енді одан кейінгіде, жаңа заманда біздің білетініміз- қазақ жеріне жаңа өмір лебі ескенде, әлеуметтік биіктің қырқасына еркектермен бірге көтерілген алған күрескер апаларымыз.Олар алдымен ауыл тіршілігіне араласты, оқыды, қоғамдық қызметке тартылды. Жаңа дүние жасампаздарының алдыңғы қатарында болды

Сонда осы екі буынның екі түрлі күрескер легінің арасын жалғастырар буын қайда? Болса ол кімнің бейнесі еді? Ол-Ұлпан бейнесі еді.

«Ұлпан- күрескер» (күрескер, қайраткер аналар туралы)

Өмірге өз заманынан бұрын келіп, тағдыр талқысына түскен, тарих толғағының заңсыз перзентіндей зар кешіп өткен жандар аз болған ба? Қай заманда, қай халықтың тарихында болсын, ондайлар аз болмаған. Қасіреті бар да қарекеті жоқ, күрсінуі мен күңіренуі бар да кәдеге жарарлық күрескерлігі жоқ шарасыз бейбақтарға өмір өз құрсағынан арамза туған тексіздей қарап, оларды бойынан ысырып тастап отырған. Ондайлар тағдырдың зар кешті ащы запыранын көтере алмай, құсалық пен құсталықта өтетін. Ал енді әлгіндей «мезгілсіздердің» бір парасы- әділетсіздікке әрекетпен жауап беретін, қиындыққа қарсы қимыл көрсететін, ерлігі жеткен жерде есесін алып, жетпеген жерде жеңіліске қасқайып көкірегін тосатын ер қайраткерлер болған. Әрине олар да өмірді өзгерте алмаған, бірақ жастығын алып өліп, өр арманын өздерімен бірге ала кеткен. Сонысымен-ақ олар өмірге өшпес із қалдырып отырған.Міне романдағы Ұлпан бейнесі - сондай бейне.

Ұлпан өзі өмір сүрген дәуірдегі өзі теңдес құрбылары сияқты заманының тұтқыны. Әке шешесі қанша еркелетіп өсіргенімен жоқшылық, қорғансыздық оның да қалың малға басын байлайды. Сондықтан тағдырға қарсы күресудің жолы - атастырып қойған таз,ақылсыз,ауру күйеуге бару емес,жасы келсе де ақылды, елді билеген,қадірін түсінетін, қолында билігі бар адамға шығып, әке-шешесіне ,туғандарына көмек беру деп таниды.Өз халінің шарасыздығын санадан гөрі бала сезімімен түйсінген бір беткей қыздың Есенейге келісім беруінде сондай ерлік бар еді. Ол неде болса өмірмен күресуді ойлады. Ал енді шындап келгенде, Ұлпанның орнында қандай әулие қыз болса да, Есеней сияқты кәрі арыстанның тырнағына бір іліккен соң таңдау онша көп болмайтын. Сіңірі білеудей шалдың аяғын сипап қана отыратын тілсіз күң, немесе бай малының буына пісіп тасыраңдаған адуын тоқал, бүкіл жан дүниесін ішіне бүгіп алып бүк түскен әйел тағдыры күтіп тұрған... Мұның қай-қайсысы да Ұлпан табиғатына жат еді.

Ұлпанның тұла бойы- тұнып тұрған ерлік пен парасат, әділдік пен адамгершілік.Оның бірінші рет батылдығы ,ерлігі алғаш Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы Есенеймен кездесуде көрінеді: Артықбай батырдың жайылымына жылқысын байқамай қаптата жайып келе жатқанда, оның алдынан еркекше киінген кесек тұлғалы, батырдың қызы Ұлпан қарсы шығып, Есенейді еселі сөзбен жеңіп, айып төлетеді. Ол бұдан он үш жыл бұрынғы әкесі Артықбай батырдың үйінде Есеней намаз оқып отырғанда еркелеп мойнына асылып, «Мен түйеге мініп кеттім! Әке, сен үйде қалдың!» деп маза бермейтін қара қыз. Бүгінде аңшы, құсбегі, жылқышы болып ат құлағында ойнап өскен батыр қыз. Аз ғана кедей аулының арызын айта келген албырт мінез жас жігіт кейпіндегі қыз бейнесі қандай ыстық.Дәулеті мен қайраты қатар қайтқан батырдың жалғыз таянышы өзі екенін сезінген есті де еркін қыздың бойында мінез адуындығы мен ақылы қатар көрінеді.

«Ұлпан-қоғам қайраткері»

Ұлпан - сол кездегі соны өмірдің жаңалығын түсіне қабылдап, болашағын дұрыс аңғара білген қайраткер. Ол алдымен әлеуметтік теңсіздікке қарсы. Ол өз тегі кедей болғандықтан, жоқшылық зарын тартып өскендіктен, Есеней ауылына келгеннен кейін, талай жыл бойы төбе бидің төлеңгітіндей ақысыз-пұлсыз жоқшылықта жан кешті болып тіршілік еткен жарлы ауылдардың талай жылғы ақысын қайтартып береді, иесіз жатқан шұрайлы жерлерді де соларға бөліп береді. Тағы бір биікке шыққан жері -Ұлпанның ел билеген болыс-билер мен патшаның сары ала шекпен, маңғаз төрелері алдында, келелі жиын үстінде кеңінен толғап, қазақ халқының әлеуметтік өміріндегі ғасырлар бойы шешілмей келе жатқан түйінді мәселелер, ескі тәртіптер жөнінде ширыға сөйлейтін жері. Ұлпанның Ақнар есімі тек сибан елінде емес,оязға да мәлім болады. Оған дәлел патша әкімі орыстың ауылға кеңес өткізуге келген кездегі уақиғадан көруге болады:

—   Жоқ, Ұлпан — шын аты. Акнар — ақ аруана дегеннен аз ғана өзгертіп алынған, ақ ана деген мағына береді. Есеней — ерінің аты ғой. Ендігі басшыларың осы болады деп, Есеней өз атын әйеліне беріпті.

—   Бұл жерде «Есеней» әйелдің аты емес, атағы. Сим-вол... Бұрын бұл елдің көсемі мен едім, енді сен болдың дегенді аңғартады.

—   Көсем болып алған соң, бұл әйел не істей алды?

—   О, істемегені жоқ! Әуелі Александр II патшамыздың реформасын жасады. Есенейдің барлық  жерін еліне бөліп берді. Бөліп бергеңде, біздегідей біреуге ана жақтан, біреуге мына жақтан аттамалатып берген жоқ, ауыл-ауылға қыстауды да, егінді-шабындық жерді де тұтас берді. Бүл араның қазағына егін салдырды, шөп шаптырды, қыстау салғызды. Бүл елді қазір жартылай отырықшы дей аламыз.

Қазақ даласында бірінші болып монша салдырған да осы әйел.

 Медресенің ірге тасы қаланып жатқанын өзіңіз көрдіңіз. Тап осы өзіміз отырған қонақ үй Омбының қай көшесіне жараспас еді,- деп Ояз Ұлпанның ел үшін атқарған істеріне баға береді. Ұлпанға сыртын алтындатқан жазуы бар, генерал-губернатордың қолы қойылған мақтау қағазын тапсырады..

Ұлпан қайраткерлігі ауыл өміріндегі күнкөріс мәселелерімен де шектеліп қалмай, ірі-ірі әлеуметтік мәселелерге дейін көтеріледі. Ұлпан ұсынысымен қазақ әйелінің қоғамдық жағдайын жақсарту бағытында, жесір туралы, әйелдің мүліктік правосы туралы заңдар қабылданады.

8-ДӘРІС: ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ. ОТБАСЫ МЕН НЕКЕ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢДАР МЕН ТАРИХИ НЕГІЗДЕРІ

«Отбасы - әлеуметтік қауымдастықтың түрі, ерлі-зайыпты одаққа және туыстық байланыстарға яғни ері мен әйелінің, ата-аналар мен балалардың, аға-інілер мен апа-қарындастардың және бірге тұрып ортақ шаруашылық жүргізетін туыстардың арасындағы сан-алуан қатынастарға негізделген жеке тұрмысты ұйымдастырудың маңызды формасы. Отбасы өмірі әртүрлі материалдық (биологиялық, шаруашылық) және рухани (адамгершілік, құқықтық, психологиялық, эстетикалық) процестермен сипатталады.

Отбасының әлеуметтік рөлі адамның өзін өсіруге, адам тегін ұзартуға тікелей қатысымен анықталады. Отбасы – тарихи категория» деп философиялық тұрғыда анықтама берілген. Және де отбасының типтері мен формалары, функцияларына, қоғамдық қатынастардың сипатына, қоғамның мәдени дамуының отбасына ықпалына, отбасы тарихына қысқаша шолу жасай отырып, зерттеушілердің көзқарастық ойларына да тоқталады да «...адамгершілік, эстетикалық және психологиялық қатынастар алдыңғы қатарға шығып, олар жеке адамның жарасымды дамуына сәйкес жетілдіріледі»  деген оймен қорытындылайды.

Соңғы педагогикалық зерттеудің жетілген тұсында жарық көрген педагогикалық және психологиялық сөздікте «Отбасы – үйелмендердің жанұялық бірлігі. Отбасы тәрбиесі – ұлттық тәрбиенің негізі болып табылады» деген қысқаша анықтама бар.

Отбасына нақты анықтама беріп және оның негізгі қызметі жайында Қ.Р. Неке және отбасы туралы заңында "Отбасы - некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың  өзге де нысандарынан туындайтын мүліктік және мүліктік емес және жеке құқықтар мен міндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиісті адамдар тобы" - деп, ал неке туралы "неке - ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасы құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіп пен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықты одақ" - деп, толығырақ айтылады. Этнопсихологиялық тұрғыдан отбасына «бірін-бірі туысқандық қарым-қатынас байланыстырған, бірге тұратын, ортақ шаруашылығы пен бюджеті бар, адамдар тобы» - деген, некеге «мемлекеттің, шіркеудің, тұтас қоғамның реттеуімен және талабымен ер мен әйелдің қарым-қатынасының арасындағы қарым-қатынастың түрі» деген анықтамалар бар.

Елімізде білім беру және тәрбие процесін жүзеге асыратын дамыған, қызмет етіп тұрған құқықтық негіз бар, отбасының дамуына кепіл беретін және отбасы өмірінің, отбасы мүшелерінің өзара байланысын жан-жақты демократиялы қамтамасыз ететін құқықтық нормалардың жүйесі жетілгендігінің көрінісі.

Отбасы мен некеге, жұбайлық өмірге қатысты заңнамалар және оларда қарастырылған мәселелер

Рет саны

Кезеңі

Жарғылар мен заңдар

Отбасы мен некеге, жұбайлық өмірге қатыстылығы

Дерек көздері

1

ХШ ғасыр

Майқы бидің жарғысы

Адам құны туралы

Жесірлер мен неке туралы

Алты аталымды тергемдеу

Монғолдың құпия шежіресі “Алтын топшы”, “Их Яса (Ұлы жаза – ұлы жарғы)”, “Шипагерлік баян”

2

ХҮ ғасыр

Әз Жәнібектің жарғысы

Некесіздіктен тыйылу,

Жеті атаға дейін қыз алыспау,

Беттен сүюге тыйым.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы “Шипагерлік баян”

3

ХҮ ғасыр

Қасымханның қасқа жолы (1445-1523)

Мүлік заңы,

Жұртшылық заңы

Н.Мыңжан (М.Қани)

“Қазақ халқының тарихы”

4

ХҮІ ғасыр

Есімханның ескі жолы (1598-1645)

“хан болсын, ханға лайық заң болсын”,

“абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын”,

“би болсын, би түсетін үй болсын”

Қазақтың ата заңдары (құжаттар, деректер және зерттеулер. 2-томы

5

ХҮІІ, ХҮШ ғасыр

Тәуке ханның (1680-1718) Жеті жарғысы

  •  әйелі ерінің көзіне шөп салса, өлтірілуге хақылы;
  •  біреудің әйелін алып қашса, құн төлеу;
  •  әйелді ренжіткен адамға айып салынады;
  •  жеті ата ішінде қан алмастыруға жаза;
  •  ата-анасына тіл тигізгендерді жазалау.

Жеті жарғы: Бұрынғы қазақтардың ел билеу заңы

6

1820 жыл

М Сперанский жасаған “Сібір қазақтары туралы устав”

Ел билігіне орыстар араласты;

Жердің рулық бөлінісі ескерілмеді;

Билік үстемдігі арқылы өмір салтына ықпал етті.

Американың Колгейт университетінің проф. М.Б. Олкотт “Қазақтар” еңбегінде;

Д.Мәсімханның, М.Құл-Мұхаммедтің (174-б) зерттеулерінде

7

1870 жылы 26 наурыз

Ресей оқу-ағарту министрлігінің “Ресейді мекендейтін бұратаналарға білім беру шаралары туралы” заңы

Осындай мектептерге мұғалімдер дайындайтын оқу орны ашылды.

1914-15 жж. Қазақстанда 2006 мектепте 105000-нан астам оқушы білім алды.

(Н.А. Константинов и др. История педагогики. М., 1974, стр.270.) М.Мырзахметовтың “Қазақ қалай орыстандырылды” еңбегінде

8

1885 жыл

мамыр

Қарамолада жазылған ереже

25, 26, 29, 30, 31, 41, 42, 43, 44, 45, 46, 47, 48, 49, 50, 61, 65, 72-баптар

“Абай” журналы

1992 жыл № 3

9

1918 жыл

“Ер мен әйелдің тең дәрежеде еңбек етуі мен тең еңбекақы алуын ендіру” туралы Лениндік декрет

әйелдерді кемсітушілікке жол бермеу;

әйелдердің ерлермен тең құқылы болуы;

тең дәрежеде еңбек етіп, бірдей еңбекақы алуы.

Ленин В.И. Полн. Собр. Соч., т.39. с. 23.

10

1959 жыл

қараша

Балалар құқықтары декларациясы

11

КСРО Конституциясы

34, 35, 53, 55, 56, 66-баптар

Конституция (Основной Закон) Союза Советских Социалистических Республик. М.: Политиздат, 1977, с.16, 23, 25.

12

1986 жыл

25 ақпан

СОКП Отбасы туралы бағдарламасы

Отбасына қамқорлықты күшейту

Балалардың денсаулығы мен тәрбиесін нығайту,

Демографиялық үрдісті жақсарту,

Адам сипаты негіздерін жан-жақты қалыптастыру,

Отбасының үй-жайы мен тұрмысын жақсарту,

Әйел-аналардың жағдайын жақсарту,

Отбасылық өмірге жастарды даярлау қажет.

Программа Коммунистической партии Советского Союза: Новая редакция. Принята ХХҮІІ съездом КПСС. М.: Политиздат, 1986, с. 41, 64-66.

13

1990 жыл

2 қараша

Бала құқықтары туралы конвенция

Бала өмiрi мен денсаулығы, бiлiм алуы мен тәрбиесi жан-жақты қаралған: «Балаға дене жағынан және ақыл-ойының  жетілмегендігінен, арнайы қорғау мен қамқорлық, соның ішінде, туылғанға дейін және туылғаннан кейін тиісті құқықтық қорғау керек»;

28-бап: «мектептегі тәртіп баланың адами қадір-қасиетіне құрмет көрсететін әдістер арқылы жүргізілуі тиіс».

Конвенция о правах ребенка. Unicef. Детский фонд ООН.

14

1995 жыл 30 тамыз

Қазақстан Республикасының Конституциясы

27-бап: 

Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында;

Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрi парызы;

Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.

Қазақстан Республикасының Конституциясы

15

Адам құқығы жалпыға ортақ декларациясы

1-бап: Теңдік құқығы;

16-бап: Некеге тұрып, отбасылы болу құқығы.

16

1998ж 12 желтоқсан

2001 ж 24 желтоқсан

Қ.Р. Неке және отбасы туралы заңы

9-тарауда 8 бап “Бала құқықтары”;

10-тарауда 7 бап “Ата-аналардың құқықтары мен мiндеттерi”;    

62-бап. Ата-аналардың балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру жөніндегі құқықтары мен міндеттері

Қ.Р. Неке және отбасы туралы заңы

17

2002 жыл  8 тамыз

Қазақстан Республикасы баланың құқықтары туралы №345 заңы

4-бап:

Тегіне, нәсіліне, қай ұлтқа жататындығына;

әлеуметтік және мүліктік жағдайына;

жынысына, тіліне, біліміне, дінге көзқарасына;

тұрғылықты жеріне, денсаулық жағдайына бала құқылы.

некеден және некесіз туған балалар құқығы тең.

18

1999 жыл 7 маусым

№ 389

Қ.Р. “Білім туралы” заңы

38- бап:

Ата-аналардың өз балаларына, қамқорлыққа алынған балаларға қамқор заңды өкiлдер-қамқоршылардың алдындағы тәрбиелеу мен бiлiм беру жөнiндегi құқықтары мен мiндеттерi

Қазақстан Республикасының “Білім туралы” заңы (баптары бойынша түсіндірмелерімен) және оны жүзеге асыру жөніндегі негізгі құжаттар. Астана, 2000 ж.

19

1999 жыл 10 желтоқсан

Қ.Р. Еңбек туралы заңы

23, 48, 49, 66, 67, 85, 86-бап:

әйелдің жүктілігі және оның еңбек етудегі жеңілдіктері мен жәрдемақы түрлері қарастырылған.

Қазақ отбасының ұстанар бағыты – дені сау, тәрбиелі, көргенді, білімді ұрпақ өсіру. Бұл барлық халыққа да тән. Бірақ, қазақ халқы үшін осы сапалардың арғы түкпірінде тектілік ұғымының жатқанын айту керек. Тектіліктің зерттелуі, оның мысалдары мен өлшемдерінің анықталуы дербес ғылыми тақырыпты қажет етуі мүмкін. Біздің зерттеу мақсатымыз да осының аясында болмақ.  Сондықтан, ұлттық ерекшеліктерімізді айғақтайтын тарихи дәлелдерге жүгіну - елдігіміздің негізі – деп, ауыз толтырып айтуға болады.

9-ДӘРІС. ЖҰБАЙЛЫҚ ӨМІРГЕ ДАЯРЛЫҚ. НЕКЕ САЛТЫ МЕН НЕКЕ ТӘРБИЕСІ

Қазақ отбасында өмірдің негізі – жұбайлық өмір болғандықтан, «жұбай» ұғымының мәнін білгеніміз жөн. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Жұбай – ерлі-зайыпты екі адамның бірі. Жұбайлан – бірігу, қосақтасу, жұптасу. Жұбайлас – І. Бір үйдегі ерлі-зайыпты адам. ІІ. Қосылу, қосақтасу» деген мағынаны береді екен. Жаңа үйленген екі жасқа үлкендер тарапынан «Қосағыңмен қоса ағар» деген бата беріліп жатады. Ал, «дайындық – І. Белгілі бір шаруаға қам жасаушылық, әзірлік» деп түсіндірмелік мәнге ие.

Этнограф-жазушы С.Кенжеахметұлы “Туыстық атаулар сыры”  атты кітабында “Жұбай. Жар. (ер, әйел) – ер адамның әйелі, әйелдің күйеуі – оның жары немесе жұбайы деп аталады. Көбінесе әйелім, күйеуім деудің орнына сыпайылап жарым, жұбайым деп те айта береді. Сол сияқты зайып деген да жұбайлық ұғымды білдіреді. Бұл сөз көбінесе әйелге қатысты айтылады”, - дейді.

Профессор С.Қалиев «Отбасы – бір үйде тұратын адамдар жиынтығы. Жүйенің элементіне отбасы мүшелерінің күнделікті тұрмысында қолданатын заттары енеді. Яғни олардың үй-мүлкі, баспанасы, ыдыс-аяғы, киім-кешегі, көрпе-жастығы, құрал-сайманы т.б. тұрмыстық тұтыну заттары түгел кіреді. Отбасы мүшелерінің қарым-қатынасы, бір-біріне көзқарасы, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы да жүйенің элементі болып есептеледі. Ал отбасылық жүйе этностық жүйенің қайталанатын атрибуты болып саналады» - деп, этностың пайда болуы тұрғысынан қарастырады.

Мұхтар Арын отбасына “ұлт рухының айнасы” деп айдар бере келіп: “Отбасы – жұртты жақындастырушы, жыныс пен жынысты жұптастырушы, ұрпақ пен ұрпақты табыстырушы, адамаралық туысқандық ұғымдар тудырушы, олардың бір-біріне деген махаббат, сүйіспеншілігін тұтатушы, ғаламат күшті жері – ұрпақ өрбітуші, рухани бірліктің ұрпақаралық тұтастықтың отын жағушы ерекше ұя. Сондықтан да отбасы барша адамзатқа ең жақын, ең қасиетті ұғым”, - деп отбасының қызметін аша, анықтама береді.

Әрине, бүгінгі білгеніңді зерделеу тарихтағы тамырын қазғанда ғана жүйелі болмақ. Біздің мақсатымыз да осы. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі кеңестік империя сыналап кіргізген көптеген сөздерді жаңаша сөздермен ауыстырып алдық. Мысалы, әнұран, елтаңба, төңкеріс сияқты т.б. сөздер қандай дәл атаулар. Ал, «жанұя» жоғарыдағы ғалым айтқандай тек «душаның» тұрақтайтын жерін меңзеп тұр деп бір жақты қарауға болмайды. Қазақ «мал-жаның аман ба?» - дейді, бұл «жан» - жан иесі адамды айтып тұрған жоқ па? Бір-біріне жақын жандар отандасқан ортаны неге «жанұя» деп атамасқа? Оның үстіне «жанұя» сөзі құлаққа да жағымды естіледі. Өткеніміз деп орынсыз жабыса бермей, отаршылдықтың санадағы таңбасынан серпіліс керек те шығар.

Сол сияқты “үйелмен” сөзі отбасы мен жанұяның синонимдік қызметін атқарады. “Үй-ел-мен” – тіркескен түбірлер арқылы берілген мағыналы атау.  Қалайда, “отбасы” сөзі елімізде заң болып бекіп кеткендіктен, тақырыбымыздың да қамтитын аумағынан да ауытқи алмадық.

 Араб тілінде отбасын «усра» деп атайды. Усра сөзінің тілдік мағынасы: «ер кісінің отбасы, қызығушылығы ортақ болған бір топ адам». Шарғи сөзінің мағынасы: «қоғамның кіші әрі негізгі түйіні» деген түсінікті береді екен. Бір қарағанда, араб тілінде де біздің тіліміздегідей “отбасы” мен “отағасы” сөзінің жақындығы сияқты отбасы сөзі ер адамға жақындастыра айтылады. Қазақ  тіліндегі “отбасы”, “жанұя” атаулары сияқты араб тілінде де “усра” мен “шарғи” синонимді қолданылады.

Қазақтың отбасы тәрбиесі де басқа халықтардағы сияқты өз халқының тарихымен тығыз байланысты. Қоғамдық-экономикалық кезеңдердің қайсысында болсын, ол дамып-жетіліп, өзіндік тәжірибелер жинақтап отырды. Кез келген халыққа, ұлтқа қатысты тарих адамзат тарихынан бастау алатыны белгілі.

Ежелгі, ортағасырлық және тіпті жаңа заман философтары да қоғамдық қатынастарды отбасылық қарым-қатынастардан шығарады, оның маңызды әлеуметтік институт ретіндегі сипатына емес, отбасының мемлекетке деген ықыласына баса назар аударады. Неміс философтарының да отбасы туралы қалыптастырған көзқарастары бар. Кант отбасы құрылымының негізі құқықтық тәртіпте десе, ал Гегель абсолюттік мақсат-мұратында дейді. Француз ағартушысы Жан-Жак Руссо: «Барлық қоғамның ежелгіден де ежелгісі, бірегейден де дарасы – бұл отбасы... Осылайша, отбасы – бұл, саяси қоғамның құрылуы, басқарушы – әке болғанда, балалар – халық...» деп, отбасына анықтама береді.

Әлемдік деңгейде отбасын зерттеуге алғаш қалам тартқан Америка этнографы Л.Г. Морганның отбасы тарихы туралы жазған «Көне қоғам» атты  аса құнды ғылыми еңбегінің ХІХ ғасырдың екінші жартысында жарық көруіне байланысты  Ф.Энгельс өзінің кітабында Морган ашқан жаңалықтың тарих үшін маңыздылығын жоғары бағалай отырып, алғашқы қауымдық құрылыстағы отбасы түрлерінің даму жолын өз идеясының аясында, материалистік тұрғыда түсіндіреді.

Морганның дәуірлерге бөліп ұсынып: тағылық, варварлық, өркениеттік замандардың ішінен алғашқы екеуі мен үшіншісіне өту кезеңіне айрықша назар аударғаны белгілі. Әр заманды төменгі, орта, және жоғарғы сатыларға бөлу себебінің өзін «адам баласының табиғаттан басым болу, оған үстемдік ету дәрежесі үшін бұл өндірісте шебер болудың шешуші маңызы бар; ішім-жем өнімдерін өндіру ісіне шексіз дерлік үстем болуға барлық тіршілік иелерінің ішінен тек адамның ғана қолы жетті. Адамзат прогресінің барлық ұлы замандары күн көру қорларының көбею замандарымен азды-көпті тікелей тұстас келіп отырады», - деп түсіндірді.

Морган: «Семья – пәрменді бастама; ол еш уақытта өзгермей қалмайды, қайта, қоғамның төменгі сатыдан жоғары сатыға дамуына қарай, төменгі формадан жоғары формаға көшіп отырады. Бұған керісінше, туысқандық жүйелері самарқау нәрсе;  екі арада өте ұзақ уақыт өткеннен кейін ғана бұл жүйелер семьяның сол кезде жасаған прогресін есепке алады, сөйтіп семья түбегейлі өзгерген кезде ғана түбегейлі өзгерістерге ұшырайды» - деді. Осы пікірге толықтырмалы түрде Ф.Энгельс «Семья одан әрі дами бергенімен, туысқандық жүйесі бір орында қатып қалады, бұл жүйе әдетке айналғандықтан өмір сүре беретін болса, семья оның шегінен шығып кетеді. ...біз де туысқандықтың тарих арқылы бізге шейін келген жүйесінен: семьяның соған сай келетін, қазірде құрып біткен формасы болған деп солай анық қорытынды жасай аламыз» деп отбасы тарихының әр уақыттың деңгейінен қарастырылып, оның түрлері мен құрылымының жан-жақтылығына ғылыми тұрғыда зерттеу жасалатындығын айтты. Сондай-ақ, Ф.Энгельс «Семьяның, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы» атты еңбегінде өзіне дейінгі адамзат баласының отбасын құрып некелесу тарихы туралы жазған Бахофеннің, Летурноның, Эспинастың, Вестермарктың, Жиро-Телонның ой-пікірлерін де өз еңбегінде қарастырып, көзқарастарын айқындайды. Энгельс Морганның айтуына көбірек мойын бұрады, ал Морган отбасылық өмірдің тарихи түрлерін төмендегіше таратады:

  •  қандас туыс отбасы;
    •  пуналуалы отбасы;
      •  жұп отбасы;
      •  моногамиялы отбасы.

Отбасының тарихтағы алғашқы сатысына жататын – қандас туыс отбасы немесе топтық неке. Алғашқы қауымдық құрылыстағы алғашқы отбасылар түрі топтық некеге негізделген. Ондағы некелер тобы рулар ішіндегі бірімен-бірі тұстас ұрпақтар жігі арқылы бөлінетін. Мұндай отбасыларға жалпылық тән. Барлық еркектер мен әйелдер біріне бірі ері мен әйелінің міндетін атқара береді. Бұлардың балалары да осы дәстүр жалғастығында болады. Бірге туысып ағалы-қарындасты, апалы-інілі, немерелес-шөберелес туысқан бола тұра бірі біріне ерлі-зайыпты бола береді. Бұл жөнінде К. Маркс: «Алғашқы заманда қарындасы ағасының әйелі болған, мұның өзі адамгершілікке жататын да еді» – дейді.

Аңыздардағы Адам ата мен Хауа ананың ұлдары Қабыл мен Абылдың әйелдікке өз қарындастарына таласып, ақыры өшпенділікпен бірін-бірі өлтіріп алуы, адамзаттың алғашқы азғындығы болып табылғандығымен, отбасын құруда жар таңдаудың да адамның ішкі сезімдеріне қатысты екендігін, өзіндік проблемалар туындайтынын байқатады.

Отбасын ұйымдастырудың екінші сатысы да уақыт туғызған талаптарды орындаудан пайда болды деуге болады. Пуналуалы отбасы бір анадан туғандардың бір-бірімен жыныстық қатынастарына тыйым салынғандығынан басталды. Бұл алғашқы қоғамдық тәртіптің дүниеге келіп, рудың пайда болуына негіз болды.  Пуналуалы отбасының айырмашылығы бір анадан туылғандар бір-бірімен жыныстық жақындықта болмайды. Жалпы балалардың шешелері белгілі де әкелерінің кім екені белгісіз. Мұндай топтық некеде бір шешеден таралғандар анық болады. Демек, варварлық дәуірде өз тегін шеше жағынан ғана мойындайтындар бірте-бірте өрби келе мұралану қарым-қатынастарына аналық тек үстемдік етті. Яғни, рубасы әйелдер болды. Пуналуалы отбасы топтық некенің классикалық жоғары формасы болып қана қоймай, сол кезеңдерде: алғаш рет бір анадан туылғандардың неке құрмай, аға-апа, іні-қарындас деп аталатын туыстық сипат беріп, аналық тек үстемдігі – матриархатқа негізделген рудың немесе тайпаның пайда болуына әкелді.

Алғашқы қауымдық құрылыстың жабайылық дәуіріндегі, варварлық дәуірдегі топтық неке бір тайпаның ортасында дамыды. Некенің бұл түрі – эндогамия деп аталды. Ал, тайпалардың өз ішінде некелесуге тыйым салынуы – экзогамия.  Тағылық дәуірдегі топтық некенің бірнеше түрлері: полигамия (көп некелілік), оның ішінде полигиния (көп әйел алушылық) және полиандрия (көп ерге шығушылық) болды. Полигиния – еркектің қатарынан бірнеше әйел алып, некелік одақта бәрімен бірге болуы. Бұл патриархаттық үстемдікке тән деп есептелінді. Полиандрия –  әйелдің  қатарынан бірнеше әр түрлі еркектермен некеде болуы.

Эндогамияны терістеп, экзогамияның шығуына көзқарастар төмендегіше қалыптасты:

  •  қандас-ұрпақтардың үздіксіз сабақтасты түрде жыныстық жақындасуынан жарымжан балалар туылды;
    •  басқа да адамдармен жақын байланыс жасауға әлеуметтік сұраныстардың тууынан;
      •  тайпалар арасындағы болатын қақтығыстарды жойып, бейбітшілікті орнықтыруға мүмкіндік жасау.

Әйтсе де бұл отбасылық одақ құруға бірден әкелген жоқ. Туылған балалар тайпаның немесе әулеттің ортақ баласы болып саналып, ортақ тәрбиеленіп өсті. Топтық некенің ақырында кластар бір топтың екінші топпен немесе бір тайпа мен екінші тайпаның арасындағы некелесу сияқты күрделенген түріне ауысу австралиялықтар мен гавайялықтарда кең тараған еді. Көп әйелді еркектер мен көп еркекті әйелдер арасында өзіне жақын яки жақсы көретін ер немесе әйел болғаны анық. Әйелдерді алып қашудың осы дәуірде бастау алғандығы бұл дара некеге көшудің белгілері болатын.

Патриархалды қоғам ғалымдардың пайымдауынша, ғылыми тілімізде әр түрлі қолданыста: профессор Т.Ғабитов «ата-тек» десе, М.Бұлұтай матриархалды қоғамды «анаханды қоғам» дейді. Біздіңше, матрихатты аналық қоғам деген дұрыс тәрізді.

Алғаш өзінен туған балаларды басқару арқылы үстемдігін басқаларға да жүргізген  аналық қоғам өзінен өзі әлсіреп, еркектердің үстемдік алуына жол берілді. Себебі, бұл кезеңдерде адамдар жетілу дәуірінде еді. Әр түрлі жағдаяттарға тап болып, әр түрлі тіршілік атқарған адам тезірек дамиды да алгоритмді тірлік адамды тоқыратады. Таңертеңнен кешке дейін баланы бағып-қағып өсіру мен тамақ пісіру сияқты қайталанбалы тірлік істеу мен күнделікті бір тірлік қайталанбайтын, әр түрлі ауа-райы, аң-құс аулаудың ерекшелігі шығармашылық жұмыстар атқаруға ықпал еткендіктен, ерлердің өз-өзіне сенімділік туғызғандықтан, басқару, үстемдік жасау, қоғамды игеру сияқты мүмкіншіліктерге бірте-бірте ие болды. Өзіне әйелдерден меншікті күңдер ұстап, бара-бара жұбайлық жұп таңдауға іштей сұраныс пайда болған.

Жекелеген жұптардың азды-көпті уақыт ішінде жұбайлық жұп болуға ұмтылысы жұптық отбасының бастамасы еді. Отбасының бұрынғы формаларында еркектерден әйелдер көбірек болса, әйелдер сирексуіне байланысты олардың бағасы арта бастады. Сондықтан да жұптық неке шыққаннан бастап, әйелдерді ұрлап алып қашу, сатып алу басталды. «Сатып әкеліп некелесу», «ұрлап әкеліп некелесу» сияқты неке түрлері пайда болды. Мұның өзі біздің заманымыздағы некеге жақындап келе жатқан сыңайлы. Ерлі-зайыптылардың тілегі бойынша неке бұзылып отырды, бірақ ру арасында ажырасуға теріс пікірлер қалыптаса бастады. Ру немесе тайпа арасында некенің бұзылмауы үшін жұмыстар жүргізетін. Қайта жарастыру жүзеге аспаған жағдайда неке бұзылып, екеуіне басқамен қайта некелесуіне мүмкіндік берілді. Балалар аналарында қалатын.

Варварлықтың ортадан жоғары сатысында жұп отбасы арқылы моногамиялы отбасы деген жаңа түр пайда болды. Бұл өзі өркениеттің басталуының белгісі болатын. Бала тудыруды мақсат ететін ердің үстемдік етуіне (патриархат) негізделген. Балалардың белгілі әкеден тарайтындығына күмән болмады және әкеден балаға мұрагерлік тән болды. Мұның жұптық некеден артықшылығы ерлі-зайыптының біреуінің тілегі бойынша ажырасып кете бермейді. Бірақ, жұбайлардың бір-біріне адал болу құқығы тек еркектің мүддесіне шешілді. Әйелге осының бәріне көніп, тек күйеуіне адал болу қатаң талап етілді. Моногамиялы отбасындағы ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты Гомер, Плутарх, Еврипид шығармаларынан кездестіруге болады.

«Моногамия мол байлықтың бір қолға, - оның үстіне еркектің қолына, - жиналуы себепті және бұл байлықтарды басқа еркектің емес, нақ әлгі еркектің балаларына мұра етіп қалдыру қажеттігінен туды. Бұл үшін ерінің емес, әйелінің моногамиялы болуы керек болды, сондықтан әйелдің моногамиялы болуы ерінің ашықтан-ашық немесе жасырын түрле полигамиялы болуына әсте бөгет жасамады. » .

Бірте-бірте дүнияуи құндылықтармен (құлдық пен жеке меншік байлықтарын ашумен) қатар дара некенің өмірге келуі зор тарихи прогресс болды. Моногамия дара неке арқылы бүгінімізге жол ашты.  Бір қарағанда өркениетке бет бұрған дамудың бұл сатысында дүниеге келген дара неке ерлі-зайыптылық жұпты сақтау, отбасын бұзбау болып саналғанымен, еркектердің басы бос әйелдерге баруы – гетеризм немесе бүкіл өркениеттің өн бойына неше құбылып өршіп әйелдердің жезөкшелігі қалмады. Махаббат құдайының ғибадатханаларында ақшаға тәнін сатып, көңіл аулау діни рәсім деп қабылданды. Армениядағы Анантис, Коринфтегі Афродита гетеризмі, Үнді ғибадатханаларындағы  әрекеттер жезөкшеліктің қайнар көзі еді. Мүлік теңсіздігі кезінде бұл өзі кәсіп болып саналды. Сонымен, топтық некенің өркениетке ұсынған жұптық некесімен бірге жанама жезөкшелік пен гетеризм қоғамдық институт ретінде дамып отырды.

Рулар мен тайпаларды, гректер мен афиналықтарды, немістер мен француздарды некеге қатысты мысалға ала отырып, дара некеге дейінгі үш мың жылдық тарихты жүйелеген пролетариат көсемдерінің бірі ғылыми-философиялық тұрғыдан мемлекеттің, жеке меншіктің шығу тарихын зерттеуін отбасының  түрлері мен шығу тарихынан бастап, түйіндей келе,  «Жыныс махаббаты өзінің табиғатынан ерекше болғандықтан, - бұл ерекшелікті бүгінде тек әйел ғана сақтайтын болса да жыныс махаббатына негізделген неке өзінің табиғатынан дара неке болып табылады»  деген анықтамалық пікір келтірді.

Демек, күшпен болса да жұбайлық өмірдегі адалдық жолымен күйеуі бар әйелдер жүріп отырған. Әйелдерге қарағанда еркектердің тазалық жолында жүрмеуіне патриархалдық үстемдік, меншік билігінің пайда болуы итермелеген сыңайлы. Әйелдердің отбасында үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысуына әсер еткен де осы факторлар болса керек.

Ф.Энгельстің пайымдауынша, отбасы тарихының бұдан былайғы даму кезеңдері  топтық некенің ішінде жұптық отбасының қалыптаса бастауымен, яғни қандас туысқандар арасындағы некелесу ғұрпына тыйым салуынан басталған. Міне осыдан бастап, бірі-бірімен некелеспейтін «ағалы-інілілер», «апалы-сіңлілер» топтары қалыптасады да тағылық дәуірдегі топтық неке бірте-бірте ығысып, оның орнына жұптық отбасы дүниеге келді. Жұп отбасы тағылық жабайы дәуірдің соңында қалыптасып, варварлық дәуірде әбден кемеліне келіп, қоғамдағы басты отбасы түріне айналады. Бірақ, мұндағы неке беріктігі онша мығым болмағандықтан, отбасының ыдырап, ажырасуы тым оңай болған.

Моногамиялық отбасының шығуы алғашқы қауымдық қоғамда өндіруші күштердің дамып, еңбек бөлінісінің шығуына байланысты қауымдық ортақ меншік орнына жеке меншіктің пайда болуы әсер еткен деп көрсетеді. Бұл тек моногамиялық отбасының ғана емес, таптың, мемлекеттің қалыптасуына тікелей әсер еткен іспетті. Және де үстемдік те күші жағынан мықты жыныс – еркектердің үлесінде болды. Отбасы тарихының бұл кезеңінде некелесу немесе ажырасу тек қана еркектердің билігінде болғандықтан моногамиялық отбасындағы өзара жұпты неке топтық некеге қарағанда әлдеқайда мықтырақ боп, нығайып, беки түсті.

Сонымен, Ф.Энгельс адамзат дамуының басты-басты үш сатысына сай келетін некенің басты-басты үш түрін анықтап берді: «Тағылыққа – топты неке, варварлыққа – жұп неке, цивилизацияға – жұбайлық адалдықты бұзушылық пен жезөкшелік толықтырып отыратын моногамия сәйкес келеді.

Қазақ отбасын тарихи-этнографиялық тұрғыда зерттеген Х.Арғынбаевтың «Қазақ отбасы» атты еңбегі – ғылыми-танымы маңызды, тәлім-тәрбиелік мәні жоғары мұра. Онда адамзаттың отбасы тарихынан бастап бүгінгі қазақ отбасына дейінгі аралықты ғылыми дәлелдермен, тарихи деректермен, салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен байыта зерттеліп, жүйеленген.

Х.Арғынбаев өз еңбегінде Л.Морганның пікірінің тарихи шындыққа жатпайтындығына белгілі ғалым Ю.И.Семеновтың дәлелдеуін ұсынады. «Қандас туыс отбасы мен пуналуал отбасына алғашқы рудың шығуынан бұрынғы кезеңдер деп қарау этнография ғылымының даму барысында ысырылып тасталды. Отбасы және неке қатынастарының пайда болу қарсаңындағы бірден-бір кезең ретінде күшінде қалып, түбегейлі дәлелденген жай – промискуитет туралы айтылған пікір. Қазіргі кезде кеңес ғалымдарының дені рудың тікелей ретсіз жыныстық қатынаста болған адамдар ұжымынан шыққандығын қолдап отыр» деген пікірді келтіреді. Рудың пайда болуына патриархалды отбасы қауымынан бастау алған деген сипатта көптеген ғалымдардың зерттеулерінен мысалдар қарастырады.

Ал, педагогика ғылымдарының докторы С.Ғаббасов отбасы тарихын адамзат дамуымен байланыстыра зерттеп, педагогикалық тұрғыда өзіндік идеяларымен 1995 жылы жарық көрген «Халық педагогикасының негіздері» атты монографиялық еңбегінде жүйелесе, 2005 жылы қайта толықтырылған «Халық педагогикасы мен психологиясының негіздері» атты кітабында зерттеу жұмыстарын отбасына тәрбиесіне қатысты таратып жазады.

С.Ғаббасов қазақ халқының тәрбие мәселесіне ежелгі тіршілік дамуы арқылы келеді. Адамның шығу тегін Ф.Энгельс сияқты, «Адамның шыққан тегін іздестіру жолында, ең әуелі алғашқы маймылдардың тегі бірнеше салаларға жіктеліп, ... екінші тармағы – адам тегінің бастау алуына себепкер болған. Міне, біздің қысқаша «өмірбаянымыздың» бейнесі осындай?! Дегенмен, адам тегі жайындағы ғылыми сайыстар әлі де жүріп жатыр», - деп орнықсыздау ой қорытады. Сондай-ақ, Л.Г.Морганның  классификациясына  кесте жасау барысында ғалым: 1-кезең – тағылық кезең, 2-варварлықты – жабайы кезең, 3-цивилизациялық кезеңді – мәдениеттілік кезең деп көрсетеді.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Н.Күнхожаев «Адамтану» атты еңбегінде адамзаттың қалыптасуын дарвинизм ілімінен байланыстырып, Ч.Дарвиннің пікіріне жүгінеді. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.Мүтәліпов: «Алғашқы қауымдық құрылыс мәдениеті қашан және қай жерде пайда болды? Бұл сұрақтарға нақты жауап беру оңайлыққа соқпайды, өйткені адамның қалыптасу процесінің тарихы тереңде, сонау көне заманда жатыр. Ақиқатқа жүгінсек, қазіргі антропология ғылымының өзі де адамзат баласының қалыптасып, дамуына байланысты туындайтын көкейкесті мәселелерге егжей-тегжейлі жауап бере алмайды», - дейді.

Біздің ойымызша, адам, ол – адам. Ерекше жаратылыстағы болмыс иесі. Оның тағы немесе жабайы атануы мүмкін емес. Сондықтан, Л.Морган, Ф.Энгельс, кеңестік дәуірдегі күллі ғалымдар мен бүгінгі осы тақылеттес пікірде болған С.Ғаббасов т.б. пікірлерін салыстыра отырып, адамзаттың даму кезеңдерін: жетілмеген кезең, жетілу кезеңі, мәдени кезең деп қарастырғанымыз жөн.

Адамзат өркениетінің өркендеп, жаһандану кезеңі алдында тұрған ХХІ ғасырда адам баласы әлі өзінің қалай, қайдан жаратылғанын білуде адасқан түсінікте жүрсе, материалистік идеяның аясында рухани әлемінен бейхабар, технократтық соқыр сезім орға жығары анық. Педагогика ғылымы басқа да дамыған ғылымдардың жетістігін мойындап, қатар дамып отыруы тиіс.

Қазақ отбасы жайында айту үшін, адамзат тарихындағы отбасы туралы, әрине, еріксіз адамның шығу тегіне баруға тура келеді. ХХІ ғасыр – адамзаттың мейлінше өркендеген ғасыры. Адамзат тарихында адам баласының бүгінгіше өркендеп дамуы болған емес. Ғылыми прогресс жетіліп, адам баласы өз мүмкіндігін барынша дамытып, сананы өсіріп жатқан тұста әлі де шыққан тегіміздің маймыл екендігіне мойынсұну – ғылым ақиқаты ма әлде атеистік сананы жеңе алмауымыз ба?

Соншалықты адам баласына сенім болып ұялаған дарвинизм нақты дәлелденген ғылыми жетістік емес, тек қана теориялы түрдегі болжам ғана. Теория ғылыми дәлелденгенде ғана теориялық болжамнан шығып ғылым болары заңды. Дарвинизм теориясынан бастау алған «адам маймылдан пайда болды» деген пікірі бір ғасырдан астам уақыт өтсе де ғылыми нақтылық деңгейіне көтеріле алмады. Оған дінтанушы-теолог ғалымдардың соңғы кезде шығып жатқан ғылыми дәлелдері жетерлік. Бұл жөнінде көптеген мысалдар келтіруге болады. Бірақ, біз тақырыбымыздың аясынан шығып кеткенді жөн санамадық.

Сонымен, атеистік ойларды басшылыққа алатын Ф.Энгельс еңбектері гуманизмге негізделуімен ғана құнды. Отбасын құруда некеге де осы деңгейде талап қояды.  «Өзара жыныс махаббаты  мен жұбайлардың нағыз ықтиярлы келісіміне негізделмеген неке атаулының адамгершілік емес деп танылғаны сияқты ережедей мызғымас берік орныққан еш нәрсе қағаз жүзінде де, теория жүзіндегі моральда да, поэзиялық бейнелеуде де болған емес. Қысқасы, махаббатқа негізделген неке – адамның правосы...» деп ой қорытады пролетариат көсемі. Бірақ, мұның келісетін де, келіспейтін де жақтары бар. Әрине, махаббат – ұлы сезім. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде «Махаббат (Любовь) – бүкіл адамзатқа тән сезімнің жоғары түрі. Бұл кең мағынада қолданылатын ұғым. Оның негізгі көрініс беретін жерлері - ... еркек пен әйелдің арасындағы махаббат, балаларына деген сүйіспеншілік және т.б. Бұлардың әрқайсысының өзіндік психологиясы бар екендігі белгілі». Екі жыныстың ортасында махаббат сезімі болып қосылса, отбасылық одақтың мықты болуы, ерекшелігі болуы мүмкін. «Махаббатқа негізделген неке – адамның құқығы» болуы заңды. Бірақ, махаббат – отбасын құрудың негізгі өлшемі емес, бір факторы ғана. Ал, отбасын құру - әлеуметтік қажеттілік.

Отбасы некеге қарағанда қарым-қатынастың күрделі жүйесін мойнына алған, сондықтан да жұбайларды ғана емес, олардың балаларын да, сондай-ақ басқа да туысқандарын немесе жұбайына жақын жандарды біріктіруге тиісті.  

Педагогика ғылымындағы отбасы тәрбиесі және жұбайлық өмірге жастарды дайындау мәселелерімен айналысқан орыс ғалымы И.В. Гребенников «Отбасы – қоғамның ажырамас бөлшегі және оның маңызын төмендету қиын. Бірде бір ұлт, бірде бір қандай да өркениетті қоғам отбасысыз болмайды. Қоғамның болашақ бейнесін де отбасысыз елестету мүмкін емес. Отбасы әрбір адам үшін – бәрінің бастауы. Бақыт ұғымын тіпті  әрбір адам ең бірінші отбасымен байланыстырады. Кім де кім отбасында бақытты болса, шын мәнінде бақытты – сол» дейді

Халқымыздың өмір салты мұсылмандық талаптарға негізделген. Шариғатта да неке қию мәселесінде ердің де, әйелдің де некеге тұруға ризалығын сұрайды. Және де некеде бақытсыз болып өмір кешуді қаламайды. Ажырасу мәселесі де қарастырылған. Бұл жөнінде Құран кәрімде арнайы “Талақ”сүресі бар.

Неке” – арабтың “никах” сөзінен шыққан. Неке сөзінің қазаққа сіңісті боп енуінің өзі әділетті де гуманды қабылданғандығының дәлелі болса керек. Дін – өмір сүру мәдениеті, сондықтан, Ислам діні де – біздің этномәдениетіміздің құрамдас бөлігі, басты құндылықтарымыздың бірі.

Алғашқы қауымдық құрылыстың құрып бітуі нәтижесінде идеологияда да ірі өзгерістер болып, мәдени  дамумен қатар, қалыптасқан діни көзқарастар пайда бола бастады.

Адамзат – материалдық және рухани болмыс иесі. Оның отбасылық өміріне діннің де ықпалы зор болды. Діндегі әйелдер мен еркектердің өмірдегі, отбасындағы әлеуметтік рөлі, орны наным-сенімдеріне байланысты әр түрлі болды. Үнділердің дінінде әйелдер мүлік қатарында қаралып, ерлердің жеке меншілігіне саналды. Сати атты заң нормаларында өлген ерімен бірге әйелдері де өртелген. Мұндай өлім қасиетті, еріне шын берілу тұрғысында саналғанымен, кімнің өлгісі келеді? Болса да оларды күшпен өртеп отырғаны талассыз. Оның үстіне жесір қалған әйелдерге тұрмыс құруға тыйым салынған заңы тағы бар. Индустар арасындағы бұл тағылық заң тек ХІХ ғасырдың ортасында ғана жойылды. Үнділердің ежелгі заң білімдары Ману шығарған заң нормалары бойынша әйелдер мұрагерлік түгіл, әке-шешесі, ерінің мүліктеріне иелік етуден махрұм қалған еді.

Ал, иудейлерде әйелдер «пәк емес» зат есебінде қаралды. Тауратта әйелдерді шайтанның дем берушісі ретінде, Адам-Атаның пейіштен қуылуы әйелінің күнәсінен деп санайды. Иудейлер заңында да әйелдер құқықсыз, өз әке-шешесі үйінде де күң іспеттес болған, әкесі өлсе, ұлдары зат есебінде қыз балаларды сата алған. Қыздар мирасқорлық ете алмаған. Христиандар да мұнан кем түспеген.

Басқа елдерде де мысалы, жапон елінде әйелдерге көпшілік табынатын орындарда табынуға тыйым салған. Қытайда да храмдарға әйелдерді енгізбеген. Риз заңы бойынша әйел еріне басыбайлы болып, өзіне тиісті дүние-мүлікке ие бола алмаған, куәлік те бере алмаған. Ұл не қыз асырап алуға құқы болмаған. Әйелдер жасаған келісім қағаздар қажетке жарамаған. Мұның бәрі рас.

Ал, Ислам енгенге дейінгі араб қоғамындағы әйелдер құқықсыздығын айтып жеткізу өте қиын. Олар құрметтен тыс қалып, пәк емес, арам жаратылыс есебінде қаралған. Әйел ерінің не әкесінің мүлкі есебінде саналып, сатуға да, өлтіруге де, алмастыруға да бола берген. Ең сорақысы туған қыздарын тірідей көмген.

Ежелгі арабтар тайпа-тайпа болып көшіп-қонған. Тұрмыс-тіршілігі, тағдырларында біздің қазақ қоғамына ұқсастық болды. Ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптары бойынша арабтарға некелесу не ажырасу да неше түрлі болған. Некелесіп тұрмыс құрудың бірінші жолы – ер жағы қыз жағының үлкендеріне елші жіберіп, келісіп, қалың мал, тойлық әр түрлі сыйлықтар дайындау арқылы құда түскен. Бұлай некелесудің жолы қазақтарда да болды. Сондықтан да қазақтар «құда – мың жылдық, күйеу – жүз жылдық» деп құдаласуға ерекше мән берген. Басқа тайпалармен құдалық жасаған. Кейінгі кезде қазақтарға ұқсаған алыстан құда болу дәстүрінен арабтар айырылып, өз жақын қандастарымен құда болып, қыз беріп, қыз алып жатыр. «Бұл, әрине, қолдауды қажет етпейтін дәстүр», - дейді арабтанушы-ғалым Н.Өсерұлы талдау жасай келе.

Исламға дейінгі арабтарда құдаласып некелесуден басқа, некелесудің екінші түрі – кейбіреулер қыз жағына біршама мал төлеп, белгілі бір мезгілге дейін некелесіп тұра беретін. Мұндай некені «көңіл ашар» немесе «уақытша неке» дейтін. Үшінші бір түрі: біреу өз әйелін екінші біреудің әйеліне ауыстыратын. Мұндайды «айырбас неке» деп атаған. Төртінші сорақы түрі – «көңіл аулау» некесі. Бұл некенің түрі жомарттық, батылдық іс көрсеткені үшін көңілін аулап оған өз әйеліне жақындасуына рұқсат еткен, сый ретінде ұсынған.

Бұл айтылғандардан да басқа бір туған қарындасын өз бауырына некелеу бар еді. Әкесі өлсе, ұлдарының бірі өгей шешесін ала беретін. Бұл жөнінде ереже болатын: әкесі қайтыс болған соң, өгей шешесін алуға алуға ең бірінші үлкен ұл құқылы. Ол үйленгісі келсе, белгі ретінде бір киімін шешесінің үстіне тастауы керек. Бұл белгі бойынша өгей ана қалың мал немесе сыйлық дәметпестен, сол ұлдың әйелі болады. Егер үлкен ұл алғысы келмесе одан кейінгі ұлдардың қайсысы алғысы келсе, сонысы ала берген. Тек олар қалың мал төлеп, сыйлық беріп, той жасауға міндетті болған. Мұндай неке арабтарда сирек те болса кездесіп тұрған, бірақ мұны «сүйкімсіз неке» деп атап, осы некеден туған баланы «жексұрын» деп атаған. Бізде де кедей-кепшіктер арасында осындай жағдайлар өте сирек болса да кездескен.

Арабтарда құл ұстау, оны адам төзгісіз ауыр жұмыстарға жегу бар болатын. Күңдерін жезөкше етіп ақша табатын. Ислам діні ғана бұл дәстүрлермен ашық күресіп, тыйым салды. Көп әйел алушылық арабтарда да болды. Сол сияқты біздің ата-бабаларымыздың көп әйел алғаны белгілі. Көп әйел алудағы негізгі мақсат: көңілдің қалауын қанағаттандыру болса, жақынынан қалған баланың тегінен аулақ кетпеуі, жесір әйелдің мал-мүлкін басқаға жібермеу болатын. Ислам көп әйел алуды да шектеді. «Кімде кім рухани күш және дәулеті жағынан мықты болса, төрт әйелге дейін алуға құқылы. Үстіне әйел алуға әйелі рұқсат берген жағдайда және барлық әйеліне бірдей қарап, тұрмыс жағдайын әділетті шешкенде ғана мүмкін болады. Бұған шамасы келмегендер бір әйелді қанағат тұтуы тиіс. Алла тағаланың өзі Адам Атаға жалғыз-ақ Хауа ананы жаратқан. Егер төрт әйелге үйленіп, бірінен-бірін кем тұтса, не некелі әйелінің рұқсатынсыз басқаға үйленсе, онда ең ауыр жазаға душар болады делінген» .

Ғалым Н.Өсерұлы Ислам діні келгенге дейінгі арабтардың некесі мен отбасылық өміріне қатысты мәселелерді қазақтардың әдет-ғұрпы, салт-санасымен салыстыра отырып мұсылмандықтың шариғат заңдарының отбасы мен некеге қатысты жақтарын зерделеп ашып берген.

 Қазақ халқының отбасылық өмірі, әдеп-ғұрпы туралы сөз еткенде ислам дінінің заңы – шариғатқа және оның әдет-ғұрпымызға тигізген әсеріне соқпай өту мүмкін болмас еді. Әрине, шариғат заңдарының көптеген ғасырлар халқымыздың тұрмыстық өмір-салтына ықпалын тигізіп, ұлттық мәдениеті мен отбасы тәрбиесінде өзіндік із қалдырғаны белгілі. Мәдениеттанушы, дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты М. Бұлұтай Ислам дініне дейінгі арабтардағы некенің небір жиіркенішті де сорақы түрлерін тізіп айтады да әйел затының соншалықты қорланып келгенін көрсете отырып, Ислам діні әйелдер құқығын ала келген дін дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ұсынған некелесудің шарттары:

  •  Қыз баланың тегіне, әсемділігіне, мүлкі мен ұстанған дініне көңіл бөлу;
    •  Неке қиярдан бұрын екі жас бір-бірін көріп, білуі шарт;
      •  Күйеу бала болашақ жарына мәһр (сыйлық) беру т.с.с.

Қазақ халқы тарихында сан ғасырлар атадан балаға мирас болып келе жатқан тағылым – отбасы тәрбиесі арқылы ықпалды болып, әулет, ру, тайпа, этнос бойынша әдет-ғұрыптық сипат алып, ұлттық деңгейде қалыптасты. Сондықтан да қазақ халқы өз ұрпағын отбасын құруға және жұбайлық өмірге даярлауында өзіндік педагогикалық мәдениеті болған деп айта аламыз.

Алайда, еліміз соңғы ғасырда ұзақ жылдар орыс халқының ықпалында болса, егемендік алғалы бері дамыған мемлекеттердің жаңаша сипат алған өмірлік салты да қазақ жастарының жар таңдауына, отбасын құруына, жұбайлық өміріне айтарлықтай әсер ете бастады. Соның негізінде некенің: азаматтық неке, аралас неке, жалған неке, біржынысты неке деген түрлері пайда болды.

Азаматтық неке – бүгінгі күннің түсінігінде арнайы некеге отырмастан, уақытша ерлі-зайыпты болып бірге тұру. Мұнда өмірге бала әкелу мәселесі шешілмеген. Өмірге бала келген жағдайда да оның әлеуметтік ахуалы заңнан тыс. Азаматтық некенің жауапкершілігі беймәлім. Сондықтан, бұл да қазақ мемлекеті үшін мұндай некенің теріс жақтарын баса айтып, жастардың көзін жеткізу керек.

Бұрын кеңестік кезеңде «Азаматтық неке» ұғымы басқаша түсінік беретін. Ресейде ХХ ғасырдың басында қазан төңкерісінен кейін билік тізгінін алған большевиктер ескілікке қарсы көзсіз күрес жүргізе бастады. Атеистік идея барлық діннің жолын жаппақшы болды. Жаңаша рәсімдер ойлап шығарылды. Православ діндарларының таратуынша, бұрыннан қалыптасқан заңды бұзып, «бүйректен сирақ шығарып» ең алғаш азаматтық некеге отырған - әйел комиссар Александр Коллонтай болған. Рас, жұртты шошытқан сол жолғы неке өте сәтсіз аяқталған көрінеді. Бірақ 70 жыл бойғы Коммунистік партияның үстемдігі кезінде атеистік ілімнің пәрменімен адамдардың көбі некесін Алланың үйі – мешітте дін қызметкерінің қатысуымен емес, азаматтық хал актілерін жазатын мемлекеттік мекемеде тіркетуге мәжбүр болды. Бұл әлі күнге дейін күшінде. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» заңының 3-бөлімінің, 2-бабында да «мемлекеттік АХАЖ мекемелерінде тіркелген неке – азаматтық неке» болып саналатындығы жазылған. Зайырлы мемлекетіміздің ұстанған этикалық ұстанымы осындай.

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының қызметкері Қ.Жолдыбайдың айтуынша, Мемлекеттік Неке сарайларындағы некені тіркеу рәсімінде де шариғаттың кейбір талаптары орындалады; куәлары болады, екі жас бір-біріне жар болуға ризашылықтарын білдіреді. Бірақ, қосылғалы жатқан жас жұбайлар имандылыққа бет бұрған жандар болса, мешітке келіп Алланың алдында куәлік келтіріп, шариғат бойынша неке қидырғаны дұрыс.

Міне қарап отырсақ, шариғат жолындағы неке қию рәсімі мен біздің заңда қарастырған «азаматтық некенің» арасында аса алшақтық жоқ екен. Ал біздің қарастырып отырған, бүгінгі күнгі некеге көзқарас бойынша ауызекі тағылған «азаматтық неке» - діни некені де, мемлекеттік тіркеуді де қолдамайды. «Азаматтық неке» сөзін тырнақша ішінде жазуды ұсынғандықтан, мұсылман талабын орындамайтын «зинақорлар», ресми тілде «заңсыз» неке өзіне осындай «азаматтық неке» деген бетперде киген.

ХХ ғасырдың басында қазақ жеріне азаматтық неке Ресейдегі қазан төңкерісі арқылы келсе, ғасырдың соңын ала бере батыстық «сексуалды төңкеріс» арқылы да жаңаша «азаматтық неке» келді. «Еркін махаббатты» қолдаушылар да бар. Бұл да еркін дами отырып, некенің тағы бір түрін өмірге әкелді.

Аралас неке – басқа ұлт немесе ұлыс өкілімен некеде болу. Бұл аса қауіпті емес. Бірақ, сақтанатын жағы да бар. Соғыс кезінде ата-бабаларымыз қалмақ қыздарына үйленген. Дініміз ұлтына емес, мұсылмандығына қарап, үйленуге рұқсат береді. Ұлтына да, дініне де қарамастан үйлену махаббат бостандығы берілген соңғы ғасырда кең етек алып келеді. Сондықтан да “метис”, “шала қазақ”, “маргинал” т.б. өз ұлтын білмейтін немесе керек етпейтін ұрпақ пайда болды. Сондай-ақ, оларды қазақ отбасы деп атау да мүмкін емес.

Бұрын аралас некеде қыз беруді емес, қыз алуды көбірек мақсат тұтқан.  Ата-бабамыздың бұл мұраты ұрпақты асылдандырудан шыққан. Ұлтаралық қарым-қатынасқа нұқсан келтіріп, айыбын мойындаған кезде татулыққа шақырған жақтың ұсынысы арқылы немесе соғыста жеңілген жақтан қыз басқа ұлтқа, сырт мемлекетке кеткен. “Қыз жауға да кетеді”, “Қыз бен қойдың бармайтын жері жоқ”, “Ел мен елді табыстырған қыз - әулие” т.б. мақалдар дәлел.

Жалған неке – жеке мүдде үшін, некеге тұру. Үй алу, азаматтық алу, қаржы мәселесіне қатысты, т.б. мақсатта жалған некеге тұратындар көбейіп  келеді. Бұл да қазақ ұлтының, мемлекеттің немесе жеке отбасының мәселесін шешуге арналмаған. Әлеуметтік тұрғыда отбасы өз қызметін атқармайды. Мұның ақыры қылмыстық істерге соғуы мүмкін.

Ертеде бұл көбінесе, қамқорлық ретінде болған. Жесірді сыртқа шығармас үшін, кем-кетіктерге материалдық мұқтаждықтан қарасу үшін.

Біржынысты неке – жыныстық ауытқушылығы бар бір жынысты жандардың (гомосексуалистер, трансвестистер) некеде тұруы. Әрине, біздің елімізде бұл неке заңды түрде тіркелмеген. Бірақ, кейбір елдерде бұларға заңмен рұқсат берілуі, қызығушылығы осы деңгейдегі жандарды еліктірмей жатқан жоқ. Бұл – адамзаттың азғындауының көрінісі. Елімізде ескерілмей, заңда қаралмай келе жатқан, бейтарап қалған тақырып. «Көгілдір» жігіттер мен «гей» ұлдар біздің қоғамда өз мәселелерін өздері шешіп жатқан сыңайлы.

Мұндай азғындық адамзат тарихында бұрын болған. Мұндай азғындықты жөнге салу үшін Алла тағала Лұт (с.ғ.с.) пайғамбарды жіберген. Пайғамбардың сөзін елемей, қайта қоқан-лоққы көрсеткен көрсеткені жөнінде де аят бар: «Дүниеде еркек пен еркектің жақындасқаны не сұмдық, сонда сендердің әйелдерің қайда? Сендер нағыз азғын жұрт екенсіңдер. – Ей Лұт! - деді олар, - егер сен райыңнан қайтпасаң, сөз жоқ, қуғынға ұшырайсың».

Азғындаудың бұл түріне селт етіп қызығуға ешқандай негіз жоқ. Қайта кез келген отбасында мұндай жандарды ауру деп қарап, өз ұрпағын ондайлардан сақтануға шақыру керек.

Ал, бұрыннан таныс та анық некенің түрі – ақ неке. Бұл кәмелетке толған жастардың келісімімен, ата-ананың ризашылығымен діни неке қидыруы немесе арнайы мекемеде тіркеуден өтуі. Мұның ерекшелігі: сырт көзден жасырын емес, арнайы куәгерлермен бірге болатын жағдай. Ақ неке деп атауының өзі білдіргендей, мұнда тазалық пен пәктік, ризашылық пен келісім, танитын ортаның құлақтандырылып, қуанышқа ортақ  болуы сияқты процедуралар толығымен орындалуы тиіс. Міне, біз қазақ жастарын отбасылық өмірге, жұбайлық өмірге даярлауда некенің осы түрін дәріптеуіміз һәм насихаттауымыз керек. Яғни, рухани құндылық деңгейіне көтеруіміз шарт. Бұл өркениет әкелген мәдениеттің жетістігі деп емес, халықтың тарихи-педагогикалық, мәдени-әлеуметтік негізі тереңнен бастау алғандығы үшін қастерлейміз. Этнобиологиялық, этнопедагогикалық және  этномәдени талаптарымызға сай болғандығы арқылы өмірімізге үлгі етеміз.

10-ДӘРІС. ЖАҢА ТҮСКЕН КЕЛІН ТӘРБИЕСІ.ҚҰРСАҚ ТӘРБИЕСІ, БАЛА КҮТІМІ.

 Қыз өз үйінің оң жағынан екінші біреудікіне келін болып түскеннен кейін келген жері келіннен алдымен ұрпақ – бала күтеді. Бұл – қазақта бір жылдың ішінде орындалуға мөлшерленетін арман. Осы уақыттың алғашқы үш-төрт айында-ақ әйелдер арасында еркектер жағы көп естибермейтін сыбыстар басталады. «Пәленшенің келіні төсегімен бірдеме көтеретін түрі бар ма?» деп ауылдағыларды қойып, алыстағылар дәметеді бұл арманды. Ал ене бұрынғы келіндерінен, келіннің абысындары жас келіншектің өзінен «Бойыңа ендігі бірдеме біткен шығар?» деп сұрай бастайды. Бөгделер келін жүкті бола бастаса денесі толып, мұрнына ноқта түсетін шығар деп сырттай бақылайды. Қазақ үшін келіннің төсегімен бала көтермеуі онша жақсы емес. Өйткені қазақ халқы өте бала жанды екені белгілі. «Ұл туғанға күн, қыз туғанға ай туады» деп, қызын ұзатқан жаққа да, ұлын үйлендірген жаққа да некеден кейінгі ең керек бақыт – бала.

Сондықтанда қазақ халқы қызының некесі оқылғаннан кейін қызының төсек-орнын (күйеу алғаш жататын күні) екі жастың пәк төсегін жақындарының ішіндегі ең көргенді, көп балалы келінге ырымдап салғызады.   Қыздың шешесі дайындалған төсекке келіп аршаның түтінімен ырымдайды. Алла-тағалаға білген құлшылығын айтып екі баласын пәле-жаладан аулақ болуын, қосақтарымен бірге қартаюын, бұл төсекке екеуінен өзге жат-жаланың жоламауын жаратқаннан тілейді. Осы екі шарт біткеннен соң екеуінің той төсегінде бірге жатуға төсек салған жеңге рұқсат етеді. Бұл тәртіп келін ұзатылып барғаннан кейін күйеубаланың дәл сондай көргенді, көп балалы жеңгесі арқылы және қайталанады. Ондағы  ене де құдағиының құлшылығын қайталайды.

Қазақтын қатал тәртібінде жоғарыдағы шарттар орындаламайынша қалыңдыққа күйеубаланың жолауы мүмкін емес. Бүйтуді көргенсіздік дейді қазақ. Қазақта көргенсіз дегенді  естігеннен өле қалған әлде қайда жеңіл. Бізге  төсек тойыдеген кәдені әдейі ататып отырған да осы сенім. Бұл сенімге бір жылдың, тіпті үш-төрт ай ғана уақыттың аталып отыруы да осыдан.  Себебі құдай қоскан қосағына қосылған жас жұбай осы мерзім ішінде төсегімен жүкті болу көп жағдайда мүмкін. Көп жағдайда, тіпті көп-көп жағдайда бұрынғы болашақ жас аналардың жәйіті осылай болған. Міне, осылай болғаннан кейін жас келін бойына біткен баланы астыртын етене бір абысынына айтады. Ол енесіне жеткізеді. Денесі толып, өңі нұрланып, беті «кірлеп» жүргенін көрген бөгделер де үлкен үйдегі енеге бұл жақсылықты қуаныш ретінде айтып, ол кісінің  болашақ қуаныш үшін бірнеше әйелдердің басын құрап, кішігірім той өткізуін, кәде жасауын қолқалайды. Бұл қуанышты бұларсыз да төрт көзімен күтіп жүрген ене жар салмаса да айтқандардың  басын қосып, еркектер араласпайтын төсек тойы делінетін ырым жасап береді. Бұл кәде бр жағынан жақын арада немерелі болатынының қуанышы болса, енді бір жағынан болашақ немеренің өз ұлынан екендігіне деген сенім. Бұл кәденің хабарын айта барған әйелге келіннің  төркініндегі шешесі кәдімгідей шүйінші береді. Екі құдағидың арасы осыдан соң тіпті жақындай түседі. «Қатын алма қайын ал деген осы» деп енесінің бала тәрбиесіне іштей разы болған күйеубала да қайын жұртын сыйлай түседі. Бұл – жарық дүниенің табалдырығын әлі аттап үлгірмеген қазақтың басынан өтіп жататын ең алғашқы әдет-ғұрып, кәде.

Қамқор ене келін түскен кезде-ақ үл немерелі болу үшін оған ырымдап алғаш сойылған малдың ұлтабарын жегізеді. Ал жүкті әйел болса, біреудің үйне өз дастарқаннынан апарған дәмді «қыз  тауып қоям» деп жемейді. Ауылдағы тәжірибелі әйелдер  келін болған бойындағы сол өзгерістен-ақ оның жүкті болғанын сезе қояды. Олар «келіннің құрсағы ақ айранға тойыпты, ақ алғысты болыпты» деп, енесіне тұспалдап жеткізеді. Осы емеуріннен-ақ енесі келінінің бойына бала біткенін біліп, қуанышты хабарды жеткізген әйелге ризашылығын  білдіреді. «Келінді атамыздың аруағы біліп, қолдап жүрсін» деп ауылдағы үлкен үйдің оң керегесіне ақ орамал таңады, осы «керегеге орамал таңу» ырымнан кейін келіннің жүкті екенін бүкіл ауыл біледі.

Егер жас келіншектің асқа тәбеті шаппай, жиі-жиі лоқсып, құсып жүргенін байқаса, оны қазақтар «жерік болу» деп атайды. Осы кезде оның әлде бір асқа ықыласы, тәбеті ерекше ауады да тұрады.   Енесі ауыл әйелдерін шақырып,қонақ етеді. Осы кішігірім той «құрсақ шашу» делінеді. Бұл томалаққа жиналған тәжірибелі аналар өз үйлерінен бір-бір дәм пісіріп әкеледі. Оның себебі – келіннің жерік болып жүрген асын тауып беру. Егер осы асы таптырмаса, яки «жерігі қанбаса»,  ол босанғанша ішкен тамағын құса береді, тамағы бойына сіңбейді. Мұны халық «ит жерік болу» дейді. Ит жерік болып дүниеге келген сәбидің ес жиғанша аузынан сілекейі аққыш болады. Жолбарыстың жүрегіне, аюдың етіне, бүркіттің миына жерік болған әйелдерден болашақ алып батырлар, ерен ойшылдар туатындығы туралы көптеген аңыздар ел ішінде әлі күнге дейін сақталған.

Ене келінге қамқоршы. Енесі аяғы ауырлаған әйелдің мезгілімен тамақтануына баса көңіл бөледі, оған көбінесе ақтан жасалған тамақтарын береді. Жазды күні келіннің тәбетін ашу үшін жуа әкеліп жегізеді. Далада өсетін жабайы  жуа мен ит жуаның көбінесе ит жуасы таңдалады.  «Іштегі бала шымыр болсын» деген ниетпен келінге сағыз шайнатады. Жерімізде жиі кездесетін құм сағыз, жер сағыз, қарағай сағыздарың ішінен құм сағыз ғана таңдалып алынады.Мүмкіндіктері болса, тауда өсетін рауағаш, қымыздық теріп әкеліп береді. Рауағашты жесе сәбидің көзі көреген, құлағы естігіш болады, ал қымыздық баланың тәбетін ашады.

Болашақ сәби еңбектей бастаған кезде жар жағалап, бор жалап, кесек жейтіні белгілі. Бұл сәби организмінде белгілі бір мөлшерде минералдардың жетіспеуінен болатындығы бүгінгі таңда ғылыми тұрғыдан да дәлелденген. Мұны аңғарған халкымыз ежелден сәби құрсақта жатқанда-ақ алдын-ала қам жасаған. Сондықтан судың бұрын иірім болған орнын тауып, осы жерден саздың иісі шығатын  қайырым топырағын үйге әкеліп қояды да «баланың сүйегінің қалыптасуына керек, кейін бөпең бор іздемейді» деп мөлшерлеп жегізіп отырады. Құрсақты әйелге көбіне жас сорпа ішкізіп, қызыл ірімшік жегізеді. Халық түсінігі бойынша ақ ірімшік жеген әйелдің баласының сүйегі бос, ал қызыл ірімшік жеген ананың сәбиінің сүйегі берік болады.  

Келіннің тазалығына да айрықша көңіл бөлінеді: жиі шомылдырады, жұпар иісті көкемарал (марал оты) шөбін пайдаланады, оның иісі іштегі баланың тыныс мүшелерінің жақсы жетілуіне ықпал етеді. Шомылдырар алдына арша әкеліп түтетеді. Жүкті әйелдің беті жарылып, дақ түспес үшін бие сүтінің көбігін бетіне жағады. Ана тісінің, таза болуын да әсте естен шығармайды.  Түрлі тамақ қалдықтарынан бөлінетін жағымсыз дәм мен иістер іштегі балаға әсер етіп, оның жүрегін айнытпас үшін күніне екі рет- таңертең және жатар алдында қара жусанның қайнатылған суымен, болмаса қаратікен тұзбен аузын шайғызады. Парасатты ене келінінің әрқашан көтеріңкі көңіл-күйде жүруін қадағалайды, әзіл әңгімелермен күлдіріп отырады. Арагідік «келін көңіл» деп аталатын жастардың қызықты басқосуын ұйымдастырып, келініне жиі-жиі ән-күй тыңдатқызады. Халықта «екіқабат келін жыласа, оның баласы жасық болып туады» деген түсінік бар. Соны ескеріп, шошынбас үшін қайғылы хабар болса, қашан аман-есен босанғанша, естіртпеуге тырысады. Мезгілімен ұйықтатып, таза ауада мейлінше жиі болып, сергек жүруін қадағалайды.

Әйелдің жүкті  кезінде ескерілетін халықтық түсінікке негізделген мынандай ырымдар бар: итке «кет» деуге болмайды, бұл толғақты ауырлатуы мүмкін; арқан есуге болмайды, әйел босанар үстінде бала кіндігіне оралып қалуы мүмкін; тең буып, қаптың аузын жабуға рұқсат етілмейді, керісінше жабулы заттарды ашуға, буулы нәрселерді шешуге болады; түйе етін жеуге болмайджы, бұлай етсе жүкті келіншек баласын 9 ай емес, 12 ай көтеруі мүмкін. Бұл ырымдардың түп-төркіні көне наным-түсінікке сенген дәуірге барып тіреледі.

Тәжірибелі енелер алдын ала түсікті болдырмас үшін келіннің етегін бүріп қояды, шошымас үшін далаға түнде ешқашан жалғыз шығармайды. Келіннің мезгілі  жақындаған кезде мейірбан анасы оған қара жерді басқызып, «кеудесі түкті Жер-Ана, күш бер, қуат бер!» деп жалаң аяқ жүргізеді. Осы ырым келіннің күш-қуатын шыңдайды. Босануына үш ай қалғанда «ұзын толғақ» басталады. Бұл кезде көргені көп аналар «бөпең айдай сұлу болсын» деп айлы түнде келінін көлге шомылдырады. Ай сұлу болғанымен қызүы жоқ , сондықтан шомылған көлдің жағасынан шөп жұлып әкеліп, үйіндегі жанған ошаққа тастайды. Тіліміздегі «Айдай сұлу, оттай жылы болсын!» деген тілеу осы ырымға байланысты қалыптасса керек.

Босануына екі ай қалған кезде «орта толғақ» басталады. «Босану уақыты мезгілімен бұрын болып қалмасын» деп келіннің қолына кескіш, тескіш құралдарды (пышақ, біз, ара, т.б.) ұстатпайды.  Жүкті әйелдің босануына бір ай қалғанда оның «ай толғағы» басталады. Бұл кезде «іштегі баланың еті қызылданып кетеді» деп келініне  жас ет ұстатпайды, «кіндігіне оралып қалмасын» деп ине-жіппен іс тіккізбейді, «түсік тастайды» деп жүресінен отырғызбайды. Сонымен бірге ел ішінде жас келінді ата-анасы жетелеп апарып, жеті бұлақтың көзін аштыру, бұлаққа май құйып, теңге тастау, бастаудың басындағы әулие ағашқа ақ шүберек байлату секілді сенімдер де бар. Қариялар осындай іс-әрекеттер арқылы «сенің атаң-бабаң осы жерден су ішкен, толғатқан кезіңде сені демеп, жебеп отырады» деп, келіннің күпті көңілін  орнына түсіреді.

Әрбір ескі қазақ ауылында екіқабат әйелдерді босандыруды машық қылған қолы жеңіл кемпірлер болған. Оларды ел ішінде «аққол ана» (яки қазіргі акушер) деп атайды. Аққол аналар кез келген келіншектің  қай күні босанатынын тап басып біліп отырған. 

Бір айда отыз күн бар. Оның алғашқы үш күнін «аспанда ай көрінбейтін үш күн, өлі күн» деп атайды да, бұл күндері екі жастың ақ төсекте кездесулеріне тыйым салынады. Бұл – халық есепшілерінің болжауына сүйенген дәстүр. Ал,аққол аналардың өзіндік есебі бойынша аяғы ауырлаған әйел жердің әрбір айы 27 күннен тұрады. Әрбір айдың, яғни осы әр 27 күннің басы оның еттеккірі келген күннен басталады. Бұл алғашқы айдың өзі үш тоғызға бөлінеді: бірінші тоғыз- «етеккір тоғызы», екінші тоғызы- «арылу тоғызы», үшінші тоғызы – «кездесу тоғызы». Халықтық тәртіп бойынша, «бірінші және екінші кезеңде кездессендер екеуің де ауруға ұшырайсындар» деп, олардың кездесуіне тыйым салынады. Халықтық түсінік бойынша, үшінші тоғыздың әр тақ күні неке төсекте тән қосылса, олардан ұл туады, ал жұп күндері – қыз туады. Алғысты ана тал бойына біткен баласын тоғыз ай, тоғыз кун көтереді. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей,әрқайсысы 27 күннен  болатын тоғыз айда 243 күн бар. Аққол аналар бұған үшінші «кездесу тоғызын» қосып есептейді.  Осыдан келіп тіліміздегі «тоғыз ай тоғыз күн»  тіркесі орныққан. Тәжірибелі ана жаңылмас үшін сол сәтті күннен бастап дорбаға 243 құмалақ салып алады да, осы құмалақтың күніне біреуін лақтырып отырады, осылайша жүкті әйелдің күні жақындаған сайын құмалақ саны да азая береді.

Босануға ұш ай қалғанда «ұзын толғағы басталады» деп, келінің аман-есен босануына даыйндық жүргізеді.  Толғақ үстінде құйымшақ сүйегі ашылмай қалмауы үшін күнде кешқұрым келінінің құйымшағынан бастап жауырынына дейін бес саусақты батырып, құйрық-маймен сылап-сипайды.

Тәжірибелі аналар «орта толғақта іштегі бала  жарық дуниеге шығуға дайындала бастайды» деп есептейді. Анасының құрсағының сыртқы порымына қарап, оның ұл не қыз бала екенін де болжай алады: егер ұл болса, іші кішкене, шошақ, үшкір болып келеді; ал қыз бала домалақ, дөңес бітеді; сондай-ақ ұл жоғары, ал қыз бала төмен орналасады. Әдетте қимылдағанда қыз бала сол жақтан, ұл бала оң жақтан қозғалады. Ай толғақ мерзімі болғанда іштегі бала жиі қимылдап, анасының екі бүйіріне көп салмақ түсіреді. Толғақ қысқанда әйелдің бір мүшесін ерекше ауырта келеді. Мәселен, оның тісі ауруы мүмкін.   Тіліміздегі «Әрбір бала анасының бір тісін алады»  деген мақал осыдан  туған.  Бұл – «тіс толғақ» деп аталады.  Осылайша анасының тізесі ауырып белгі берсе, «тізге  толғақ», желкесі ауырса, «желке толғақ», т.с.с.  ұшырасады.

Ананың ай-күні толып, ай толғақ аяқталар тұста оған арнайы жеке үй дайындалады. От жағылып,су жылытады. Егер күн суық болса, киіз үйдің ішіне құрғақ  қи  төселіп, үстіне қалың текемет жайылады.  Үйдің іші-сырты, дүние-мүлкі мұнтаздай тазаланады. Осы істердің басы-қасында аққол анамен қоса-қабат кіндік шеше ұйытқы болып жүреді.  Оларға көмекке көрші-қолаң, абысын-ажындар келеді. Бір кереге мен екінші керегенің арасында әйел толғатқан кезде асылып тұратын арқан керіледі, босағасына қамшы, қылыш,  қанжар  әкеліп қойылады, өйткені бұрын «бұлар толғаққа кедергі келтіретін албасты, марту, жын-перілерді үйге кіргізбей тұрады» деген сенім болған. Немесе қоңыр аю, жолбарыс, қасқыр терісін әкеліп қойған. Бұл дәстүр «киеміз» (тотем) қолдап, қостасын» деген наным-сенімен туған.

Аққол аналар бала түсер жолдың аузының ашылуын саусағымен өлшеп көреді. Егер бес еліден асып, жеті еліге жетсе» бес елі ашылса – белге түседі, жеті елі ашылса – жерге түседі» деп, мезгілі жеттіге санайды. Осы сәтте «оң ба- оң» ырымы жасалады.  Келіншекті көрпеге орап алып,  бір жағындағылар «оң ба ?» деп аунатады, «оң» деп қарсы алған  қарсы жақ «оң ба?» деп қайтадан, кері аунатады. Осылайша үш рет аунатып,  алған келіншекті көтеріп әкеліп, ергенекке (есіктің мандайшасына) «оң, оң, оң!» деп үш рет тигізеді. Осылай істесе ғана бала оң келіп, келіншек жайлы босанады деген түсінік бар.

Қуанышы қойнына сыймай жүрген  көңілі күпті енесі дереу ала қыстай сақтаған жылы-жұмсағын қазанға салып,«жарыс қазан» асу қамына кіріседі. Самаурын қойылып, табаққа сүт пісіріледі, үй ішіндегі әбдірелер ашылып, теңдер шешіліді, әдейі арнап түйрелген қарыннан май, қаптан құрт алынады. Ұзын арқанды өткермелеп байлап шығады да, екінші ұшынан оп-оңай тарқатып жібереді. Арша тұтатылып, толғатқан әйелдің басынан  айналдырып аластайды, етек жағынан күкірт түтетеді. Мұның  бәрі толғағы оп-оңай – «әбдіре ашылғандай, тең шешілгендей, түйін тарқатылғандай,  шай қайнатымда,  сүт пісірімде, ет піскенше, жарыс қазанмен бірге жарыса тез  босансын» деген ниеттен түған ырым.

Әйелдің толғағы жиілей бастағанда ауылдың әйелдері үйдің ішіне карала арқан керіп, оған әйелді мықтап ұстатып, өздері етектеріне сүрініп айналасында болады.  Кемпірлер толғақтып отырған әйелден білген көмектерін, тәжірибелерін аямайды.Бибәтима пірлерінен тұс-тұстан медет сұрайды, жалбарынады. Бір-екі бала келсаппен жерді айнала төпештен «түсті ме, түсті ме!» деп зыр жүгіреді. Қалған әйелдер дүниеге есігін ашқалы тұрған бір жапырақ қазақтың игілігіне  бола сойылған малдың етінен босанатын әйелге, жиылғандарға ас дайындап жатады. Мұнын аты – жарыс қазан. Жарысқазан аталатыны мұндайда аяу, ірку, мөлшерлеу деген  болмауы керек. Сондықтан қазандар қатар-қатар қайнап жатуы шарт.

Егер әйел босана алмай, қатты қиналса, «бел тарту» әдісі қолданылған. Арнайы шақырылған қарулы ер адам толғатқан әйелдің белін қапсыра құшақтай, ішін төмен басып, босануына көмектеседі. Ал бала көлденең келсе, жаңа сойылған малдың ішегін қолына теріс айналдырып киген аққол ана қол салып, түзетіп жіберетін болған. Кейде баланың теріс келуі де мүмкін. Мұндай жағдайда толғатқан әйелді арқанға екі аяғын жоғары, басын төмен қаратып асып, әйелдің ішін қолмен сылау арқылы баланы оңдап, оп-оңай босандырып алатын.

Бала дүниеге келсімен даусы шығуы үшін құйрығынан шарт еткізіп ұрады да, кіндігін кеседі. Сәбидің кіндігін кескен әйел «кіндік шеше» аталады.  Екі жас үйленіп жатқан кезде-ақ кіндік-шеше болуды қалап алатын әйелдер болады. Ол үшін алдымен екі жасты арнайы қонаққа шақырып, өз дастарқанынан дәм таттырады. Кәделі астан кейін күйеу жігітке «келін құрсағын ақ айранға тойдырып жүр» деп әзілі аралас тілек білдіреді. Осыдан кейін екі үй арасында қарым-қатынас жиілеп жарастық орнайды. Кіндік шешеге біршама міндеттер жүктеледі: жүкті әйелді күту, босану үстінде басы-қасында болу, кіндігін кесу. Ол нәрестеге қырқынан шыққанда киетін ит көйлек тігіп алып келеді, бала ер жетіп, ел қатарына қосылғанша өз назарынан тыс қалдырмай әр-дайым қамқор болып жүреді.  Халық ұғымында» баланың мінезі кіндік шешесіне тартады» деген түсінік бар. Егер келіншек қиналмай босанса, әйелдер «кіндік шешесің қолы жеңіл  екен» десіп жатады. Бала ер жеткен соң, кіндік шешесінің бар жақсылығын ескеріп, оған «кіндік кесерін» береді, тұған анасынан кем көрмей,өмір бойы сыйлап өтеді.

Кіндік кесу. Кіндікті ақбалтамен кесіп, таза жіппен байлайды, түбіне күл себеді. Кіндік кескен балтаны өзге нәрсеге пайдаланбай, сақтап қояды.  Байланған кіндік үш-төрт күнде түседі. Ер баланың кіндігін ырымдап, «үй күшік болмасын» деп қырдан асырып лақтырып жібереді, ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деген оймен от басы, ошақ түбіне көмеді. Сонымен қатар бала кіндігін оқымысты болсын деген ырыммен кітап арасына сақтап қоятын, ат құлағында ойнасын деген тілекпен аттың  жалына байлайтын ырымдар да бар.  Тіліміздегі «кіндік кескен жер», «кіндік қаны тамған жер» деген қадірлі, қасиетті сөздер осы дәстүрге байланысты қалыптасқан.

Сәби келді. Сонымен бала іңгалап жерге түсісімен сырттағы екі көзі төрт болып отырған әкеге, қалған еркектерге желаяқ әйелдің бірі барып қыз болса – «кестеші», ұл болса – «жылқышы» деп хабарлайды, шүйінші алады. Ауыл-аймақ бұл күні бір жырғайды, өте-мөте  әйелдер жағы. Шүйінші қолма-қол бермесе, барасала жұлып алған тымақ пен кимешек-шылаушты қашан аларын алғашында бермей, ата-енені тоқырайтып қояды. Осы күні бір әйел балаға  кіндік шеше болады да, ол босанған әйелге қалжа әкеледі, жарыс қазанның бір жағында оның да қазаны қайнап сол күнгі  күтімін бір жағын сол көтеріп жатады. Алдыдағы шілдехананың жүгіне де ол ортақ болуға міндетті. Баланың әке-шешесі мұның  есесіне қалағанын береді.  

Жарық дүниеге келген сәбиді  емізбестен бұрын, қайнатылған таза суға малынған қасқырдың немесе сырттанның жүнімен ауыздандырады. Жаңа туған ңәрестені бірінші рет сабындап шомылдырады. Шомылдырар алдында тілін жұтып қоймауы үшін баланың тілін тартады. Алдымен баланы төбесінен бастап, жуады, одан соң судан шошынып қалмас үшін екі аяғын батырып, денесін үйретеді. Алғаш суға түсірілгенде  су тимеген жері қалмай, таза жуылуы қатты ескеріледі. Шомылдырған соң кіндік түбіне қойдын майын жағып, байлап, құндақтап анасының жанына жатқызады.

Шілде қағу. Жас босанған келіншекті енесі үнемі қадағалап, жылы киіндіреді, «шілде қағып кетпесін» деп салқыннан қатты сақтандырады. Келіннің бұтына тізе қап, аяғына кебіс кигізеді, қолын суық суға салғызбайды. «Қырық күнге дейін дене судан шошиды» деп шомылдырмайды. Туған әйелдің созылған іші қалпынакелуі үшін белін буғызады, «тісі түсіп қалмасые» деп орамалмен аузын буады,  суық су ішкізбейді, «шашы түспесін» деп тас қылып өріп тастайды.

Тымаққа салу. Егер бала күні жетпей туса, оны «шала туған» деп, тымаққа салып, адам көзі түсе бермейтін елеусіз бұрышқа, керегеге іліп, орнын жиі-жиі ауыстырып тұрады. Басқа нәрестелерге қарағанда ерекше күтімге алып, жиі-жиі тамақтандырады.

 Сүйіндір. Тұрмысқа шыққан қыз балалы болғанда оған қуанып алдымен қыздың анасы келеді, бұл әрбір қыздың анасына міндет. Бұны әрбір қазақ әйелі білуге тиысты. Анасы қызына сүйініп аналық ақылын айтып, баланың тәрбиесін, қалай күтуін түсіндіреді. Құда-құдағиының қуанышына ортақтасады. Балаға деген жасауын әкеледі. Қызы боснғанда анасының келуі, ана болған қызын көру ертеден келе жатқан дәстүр. Мұны «сүйіндір» деп атады.

 Қалжа  қой сойып, жаңа босалған әйелге берілетін ет пен сорпа. Қалжаны жақын адамдар, туған-туысқан, дос, жолдастары болуы да мүмкін. Бұл жас босаған әйелге деген құрмет және денсаулығын қалпына келтіру үшін жасалады.


11-ДӘРІС. ЕР КҮТІМІ. ОТБАСЫНДАҒЫ ӘКЕНІҢ РӨЛІ

 

Көшпелі және рулық-тайпалық негізде құрылған халықтарда туыстық байланыстар қоғамдық қарым-қатынастың негізін қалайды. Рулас ағайын, туыс, жақын туыс, аталас, бір ата баласы, бір әке баласы арасында туыстық байланыстан туындайтын парыз бен қарыз міндеттер өте көп. Олар қазақтың ғұрыптық заң-салттарымен бекітілген.

 Отбасында негізгі туыстық қатынас - ерлер жағымен есептелген. Сонымен қатар әйел жағымен де туыстық байланыстардың атаулары бар. Қыздан туған балаларды жиен деп атап, балалар үшін шешесінің туыстары нағашы, нағашы жұрт деп аталды. Қазақ салты бойынша жиенді ренжітуге болмайды, сұрағанын беріп, көңілін жықпауға тырысқан.

Жалпы алғанда, қазақтың туыстық қатынас атаулары 90ға жетеді.

Көнекөз шежіреші қариялар бір атадан келесі атаның баласын, туыстық тармақтарды еш қиналмастан-ақ тарқата береді. Осылайша, тарихи оқиғалар, аңыз-әңгімелер атадан балаға жалғастырылады.

         Туыстық жүйенің ең негізі, бел ортасы - отбасы саналады. Барлық алыс-жақын туыстық – осы отбасынан есептеледі.

Қазақ отбасы негізінен үш ұрпақтан тұрады. Ол ата, әке, бала.

 Аталар мен апалар ауыл-аймақ, ағайын арасының берекесі, ақылшысы болып келеді. Олардың әрқашанда мәртебесі биік болып, сый-құрметке бөленген. Өйткені, үлкенді сыйлауды қадір тұтқан қазақ салты бойынша көргені мен  тұрмыста түйгені көп, тәжірибесі мол адамның сыйға бөленуі заңды құбылыс деп танылған. Үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау көргенділік деп есептеледі.

Дәстүрлі қоғамда ата-апаның тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Ата-апалар жыр, дастан, ертегі айтып немере-шөберелерін рухани байытып тәрбиелеп отырған.

Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен апасы өз қолына алып, немере ыстық болғандықтан балаларынан да артық көріп, тәрбиелеген. Тұңғыш немерелер ата-апасын өз әке-шешесіндей санап, туған әке-шешесін тек қана өскеннен кейін де танып жатады. Кейде тұңғыш немересі кенже ұлының орнына, атасының қара шаңырағына ие болып та қалатын жәйт кездеседі.

Әке - әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше.

Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті.

Қара шаңырақ, үлкен үй деп атайтын әкенің үйіне болашақта кенже ұл ие болып, қарттарды бағып-қағатын, көне салт бүгінгі қазақ отбасыларында да сақталған. Ал үлкендері үйленіп үй болысымен еншілерін алып, бөлек шыққан. Жасы кіші болса да кенже иеленген үлкен үй басқа жасы үлкен туыстары үшін де қадірлі, қасиетті үй ретінде саналған.

 Қазақ қоғамындағы әйелдердің орны жайлы әңгімелегенде, Орта Азияны мекендеген басқа халықтардың әйелдерімен салыстырғанда қазақ қыздары мен әйелдерінің анағұрлым еркін болғанын айтқан жөн. Олар жүздерін жамылғылармен бүркемей, ашық өмір сүрген. Дегенмен, қазақ әйелдері үшін басты міндет – отбасы беріктігін сақтау, бала тәрбиелеу, ерлерін барынша сыйлау, рухани қолдау көрсету болып табылады.

Түйгені көп шешесі қызымен, келінімен өмір тәжірибелерін бөлісіп, болашақ үлкен өмірге дайындайды. Туыс ағыйындардың әйелдері – абысындардың қарым-қатынасы өзара көмек пен түсіністікке, берекеге құрылады. Сондықтан да, «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп», - деген.

Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: « Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», - деп мадақтайды.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта, ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар аударылған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр. Билік, батырлық, әншілік, серілік, мергендік, аңшылық, зергерлік сияқты ата-баба өнерін жеті атасына дейін жалғастырған әулеттер қазір де баршылық.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейтін қазақ қыз балаларының  тәрбиесіне аса үлкен назар аударды. Кәмелетке толғанға дейін бойжеткен болашақ отбасы өмірінің басты міндеттерінен сабақ алды. Ол ерінің адал жары, ана болу, отбасы беріктігін сақтаушы қызметіне, шаруашылықтың барлық жақтарын игеріп жүргізуге, қонақты лайықты қарсы алуға, туыстарын сыйлап қадірлеуге дайындық тәрбиесі. Көргенді отбасылары қыз баланы «қонақ» деп мәпелеп, қадірлеп өсірген. Қыз баланың тәрбиесіне ең бірінші анасы жауапты болған. Сондықтан қазақ «Шешесіне қарап қызын ал» – деген.

   Ұзатылып келген қалыңдық үйлену тойының ертеңінде бүкіл ру, әулет, ауылға келін болып саналады. Өзі аттаған босағасының, рудың адамы санатына қосылып кетеді.

Қазақ жақсы келінді қызынан кем көрмеген.

Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, тіріде өзін, өлгенде аруағын құрметтеу - жақсы келіннің әдептілігі мен тәрбиелілігінің айғағы.

Тұрмыстағы көргені мен түйгені, ақылдылығы, парасатты келінді есейе келе, ауыл-үй құлақ салып ақылдасатын ана дәрежесіне көтереді.

Қызына құда түсіп, айттырған күннен бастап жігіт қыз ауылы үшін күйеу  атанып кете барады. Күйеу қайын жұртында төрге шықпайды, оған сыбағалы асы деп асықты жілік пен төс тартылады.

Әрине, жасы егделеген сайын, күйеудің әлеуметтік мәртебесі де жоғарылайтыны белгілі. «Күйеу қартайса құда болады», сөзі осы уақыт аралығында күйеу жақтан әлденеше қыз алысып, қыз беріскендігін, күйеудің де беделді адам бола бастағандығын айғақтаса керек. Қазақтың «Күйеуді қызым үшін сыйлаймын» деген сөзінде де үлкен мән бар.

 Әуезов М. Абай жолы:  Бұл романда жазушы Құнанбайды асқан сүйіспеншілікпен жетер жеріне жеткізе суреттейді. Құнанбай Абайға әке ғана емес, заманның үлкен қайраткері, әрі үлкен тұлғасы. Ал, Абай ойы, Абай даналығы, Абай тереңдігі – тазадан тазалыққа, биіктен биіктерге шақырар жанның жарық жұлдызына айналған. Мұндай эпопеяны  халқын шын сүйген адам ғана жаза алады.  Бұл эпопеясы  болмаса қазақ өмірі, оның кім екендігі дәл сондай құдіреттілікпен дүниеге танылмас еді. « Абай жолы» халқымыздың ақыл – ойын биікке көтерген, әрбір отбасының сүйіп оқитын, тәлім-тәрбие алатын туындысы болды.

Бабам қазақ бала тәрбиесіне қашан да бей-жай қарамаған. Баланы ертеңгі ел қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кеңдікке тәрбиелейтін болған. Бір ғана «баланы жастан» деген сөздің астарынан қазақтың бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлгенін аңғаруға болады. Баласы есейіп 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп жіберетін болған, ондағы мақсат: көпті көрген көне көз қазыналы қарттардан тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін тыңдап, кең байтақ жерімізді батыр бабаларымыз ерлікпен қорғағанын, дарқан даламыздың бүгінгі және кейінгі ұрпаққа аманат екенін саналы түрде санасына сіңіріп отырған. Міне, бұл ер тәрбиесі.

Аға – бір әке-шешеден туған (немесе бір рудағы ағайын-туыстың) жасы үлкен жігіт. Ағаның жөні де, жолы да үлкен деп есептеледі. Жасы кішілер аға алдында әдеп сақтап отырғаны жөн. Олар жұмыс істеп жатса, жастар: «Мен істейін», – деп қол ұшын беруі керек. Аға – жасы кішілер үшін айбар, қорған, сүйеніш әрі мақтаныш.

Іні – бірге туған ағайынды адамдардың ер жынысты жасы кішісі. Оның жасы кіші болғандықтан жолы да кіші болады. Ол аға, апа алдында кішілік міндетін түсінуге, мойындауға тиіс. Ағайындылар бас қосқанда жеңіл-желпі жұмысты іні атқаруға тиіс. Іні – аға мен апаның ізбасары, сүйеніші, қоланаты, сенімі, үміті. Ескере жүретін бір жай – інінің баласы ағаға бала болады, ал сол балалар інінің апасына іні болып қала береді.

Әке – ұрпақ  иесі, панасы, айбары, үй басшысы және асыраушысы және тәрбиешісі. Жеті атадан санағанда екінші ұрпақ. Ол тек бір отбасы ғана емес, ауыл, ру қамқоршысы, үлкен-кішіге бірдей азамат, ел ағасы ретінде көрінеді.

Әр отбасы – жеке мемлекет. Бұл мемлекеттің іргетасын қалаушы, оны басқарушы, отағасы – әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Ұлы күш пен сабырлықтың иесі болып табылатын – әке. Әке өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызы ерекше. Қанша дегенмен, жүрегі жұмсақ аналарымыз кейде тым еркелетіп жібергенде, әкенің салмақты сөзі ауадай қажет болып жатады.

Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің орны ерекше. Әке үйі барлық балалары үшін «үлкен үй», «қара шаңырақ» деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті. Әке тәрбиесі арқылы, ұл мен қыз балалардың өздеріне тән мінез-құлықтарын ерекше сергектікпен қалыптастыратындығы да анық. Әсіресе,  ұл бала үйдегі де, сырттағы да ер адамға қажет тағылымдарды, көбінесе әкесінен үйренуге ұмтылады. Сондықтан да, әке тәрбиесі дұрыс та, мейірімді болу керек. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», – деп бекер айтпаса керек.

Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», – деп мадақтайды. Отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта, ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар аударылған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр.

«Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі» дей отырып, баласын оқытып, күнін көре алатындай мамандық иесі етіп қалдыру, балаларды жақсы көріп, оларға көңіл бөлу, үйленер жасқа келгенде баласын үйлендіру, баласына ат қою, баласын сау етіп өсіру – бұлар әкенің басты міндеттерінің бірі.

Кей уақытта бала әкесіз өсіп, анасының тәрбиесінде болады. Алайда, баланың жігіт болып өсуі немесе қызға тән кейбір қасиеттерін бойына жинап өсуі де осыдан. Баланың өмірінде болып жатқан әр түрлі жағдайлардың бәрі баланың ақыл-ой, санасына байланысты. Дегенмен, дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда әкеге байланысты. Ары қарай өмір теңізінде кез болар қиындыққа төтеп беру де, суға кету де осы бағыттың нәтижесін бермек. 

Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Бұл үй ішіндегі әдептің бастау көзі. Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы керек. Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «…Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй, балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі». Ұлы жазушы М. Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, онын тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.

Әкені құрметтеу – айрықша парыз. Халқымыздың мақал-мәтелдерінен, даналық сөздерінен де ата-ананың қадір-қасиеті туралы айтылған асыл сөздерді табар едік. «Алты аға бірігіп – әке болмас, жеті жеңге бірігіп – ана болмас», – деген сөзде де терең ой жатыр. Ата-ананың үміт-арманы баласымен бірге жасайды.

Әке мұрасы және мұрагерлік құқық

Мұрагерлік – қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүліктің басқа адамға (адамдарға) – мұрагерлерге ауысуы. Мұрагер, мирасқор – әкеден қалған мал-мүліктің иесі. Егер әке-шешесі қайтыс болса, оның жиған-тергені, барлық қазынасы, мал мүлкі оның баласына қалады. Мұра бірнеше адамға, мысалы, ұлына, қызына, қызметшісіне бөлінуі мүмкін. Мұрагер бірнешеу болса, мұра қайтыс болған кісінің өсиеті бойынша немесе заң жолымен шешіледі.

Өсиет - белгілі бір адамның жасы жеткенде немесе жан тәсілім алдындағы кейінгі ұрпақтарына, туған-туысқандарына айтып кететін ақыл, кеңесі, өтініші немесе соңғы тапсырмасы. Дәстүр бойынша кейінгі адамдар айтылған өсиетті бұлжытпай орындауға тиіс. Қайтыс болған азаматтың мұрасы басқа адамдарға әмбебап құқық мирасқорлығы талаптарымен ауысады.. Мұра ашылған кезде тірі жүрген, сондай-ақ мұра қалдырушының тірі кезінде іште қалған және мұра ашылғаннан кейін тірі туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады. Мұра ашылғанға дейін құрылған және мұраның ашылу уақытында болған заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет өсиет бойынша мұрагерлер болуы мүмкін.

12-ДӘРІС. Отбасындағы ата мен әке, ана мен ене салты

«Отбасы» деп аталатын кішігірім мемлекеттің әрбір «тұрғынының» жай-күйін күйттеген Ислам әлемі ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты да назардан тыс қалдырмаған ғой. Шынтуайтына келгенде, отбасындағы барлық ахуал отағасы мен отанасының бір-біріне деген сыйластығына тікелей байланысты екені даусыз. Себебі сол қос кейіпкердің үй-ішіндегі өз рөлдері мен міндеттерін, бір-бірінің алдындағы құқықтарын қаншалықты жете түсініп, соларды Алла разысы үшін қай дәрежеде орындай алуларынан тұтас отбасындағы ахуал қалыптасады. Шаңырақтың басқа да мүшелерімен олардың қарым-қатынасы, сыйластығы туындап жатады. Ойымыз дәлелді болуы үшін аса мәшһүр шынайы хадисті мысалға келтіре кетсек. Әл-Бұхари мен Мүслімнен жеткен сахих хадисте былай делінеді. Бір жолы бір кісі келіп: «О, Алланың елшісі! Адамдар арасында менің сыйыма айрықша лайық кім?» деп сұраған екен. Сонда Пайғамбарымыз салла Аллаһу әлейхи уәссалам: «Сенің анаң», – деп жауап береді. Әлгі адам: «Содан кейін кім?» дейді сұрағын жалғастырып: «Сенің анаң», – дейді Мұхаммед (с.а.с.). Әлгі адам: «Ал содан кейін кім?» деп тағы қайталай сұрағанда: «Сенің анаң», – деп жауап берген екен Расулалла (с.а.с.) үшінші мәрте. «Содан кейін ше?» деп қайталай сұрағанда: «Сенің әкең» деген екен Алла елшісі (с.а.с.).

Демек, Жаратушы Иеміздің белгілеуі бойынша, кез келген пенде үшін анасының хақы айрықша жоғары! Әсіресе, сол шаңырақтың отағасы болып отырған оның ұлы үшін. Мұндай жағдайда, яғни Алланың ризалығын іздеп өмір сүрмекке ұмтылған шынайы иманды әйел некелі жарын қадірлеп, құрмет тұтады. Сондықтан күйеуінің мойнындағы ең басты осынау міндетін, яғни оның өз анасын мейлінше разы етуі тиіс міндетін мейлінше мүлтіксіз атқаруына өз үлесін де қоспаққа келін барын салады. Яғни жақсы жар, иманды келін енесін өз анасындай құрметтеуге, бар жағдайын жасауға тырыспақ. Себебі жаннаттан үміткер әрбір келін оның бір кілті енесімен қарым-қатынасында жатқанын терең сезінеді. Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Жаратушымыз «Лұқман» сүресінің 14-аятында: «Маған және ата-анаңа алғыс айт. Қайтып келер жерің – менің алдым», – дейді. Бәрін Білуші Алла Тағала аталған аятта: «Сыйлауға, алғысқа лайық» деп Өзінен кейінгі орынға ата-ананы қойып отыр. Адамзатты жаратып, отбасын құрып, оның мүшелеріне өзара сыйласу тетіктерін көрсеткен Алла, расында да, сиынуға лайық жалғыз Құдірет қой! Осының өзі адамзат табиғатына, оның қос дүниесіне Жаратушының жасап отырған шексіз қамқорлығы, даналығы екені сөзсіз.

Енді мәселенің екінші жағына тоқталсақ: Егер ене міндет атаулының бәрін өзінен ысырып, келінінің ғана мойнына іліп қойған болса, онда 14 ғасырдан аса уақыттан бері жер бетінде иманды келісім мен татулықтың салтанат құруын қамтамасыз етіп келе жатқан Шариғат заңдарының ене тарапынан орындалуы кемшін тартар еді ғой! Демек, отбасы ынтымағына салиқалы ененің де қосар үлесі, арқалар жүгі қомақты. Бір Жаратушының әмірлерінен қаймығып, өзіне жүктелген аманаттарды ойлаған ене өз келініне перзентіндей қарап, оған өзі жинақтаған өмір тәжірибелерін ұдайы үйретуге тырысатыны имандылық ұйыған орталардағы сандаған мысалдар арқылы белгілі боп отыр. Себебі ақ босағасын адал ниетпен аттаған келініне келсап сияқты қарамай, оған туған перзентіндей мейірімін салу – ене үшін Алла тарапынан жүктелген үлкен міндет, Қиямет күнінде сұралатын аманат.

Ал жас келінге үй шаруасын жүргізуде орынды талап қойып, оның жалқаулық қамытын абайсызда киіп алмауын қадағалай білуі – ене үшін келесі міндет. Ененің бар білгенін, өмірден түйгенін келініне жалықпастан үйретуі де – ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа апаратын ізгі әрекет. Дәл қазір сіздің көз алдыңызда отырған ене дегеніңіз – кешегі келін. Ал бүгінгі келін – ертеңгі ене емес пе!? Тепе-теңдік заңдылығы керемет үйлесімін тапқан осынау әсем Жаратылыстың ене мен келін де – бір бөлшегі. Олардың арасындағы «сыйластық» деп аталатын қарым-қатынас әлемі құны түкке тұрмайтын «пендешілік» деген азғырындының құрбаны боп кетсе өкінішті-ақ. Мұның өзі сол Жаратылыс дүниесіне жасалған қиянат болар еді. Біздің ұлы аналарымыз осыны терең түсінгендіктен де бірін-бірі қонағындай сыйлаған

Ене тәрбиесі

Қазақ әйелдері тек тағдырының ғана қожасы болумен шектелмей, қоғамдық өмірге, саясатқа, мемлекет ісіне, ғылым мен мәдениет майданына белсене араласып, еркектермен бірге қоғамның тең құқылы азаматтарына айналды. Отбасы басында әйелдердің тұратындығы олардың күйеулері өлген соң балаларының әлі үйленбегендігінен, тіпті кейбірі үйленсе де, отбасы тағдырын қолына алып, басшылық етуге әлі тәжірибесінің болмауынан деп қараған жөн. Мұндай отбасылар әсіресе соғыс уақытында, соғыстан кейінгі он жыл ішінде көп болды.

Егер отбасы қорының көпшілігі әке табысынан тұрып, әке әлі тұғырдан түспеген жағдайда қолындағы жас баласымен келіні толық әке ықпалында болады. Ал егер отбасы қоры негізінен бала мен келін табысынан тұрып, әке-шеше қартайып, үй шаруашылығымен айналысатын жағдай туғанда, әсіресе зейнетке шыққан кезде, отбасы тізгіні балаға өтеді. Әрине, үлкенді сыйлау дәстүріне байланысты олардың ой пікірімен санаса отырып, кейде тіпті көрер көзге отбасы тізгінін соларға берген болып, іс жүзінде өзі басшылық етеді. Мұндайда әке-шеше баласының келісімінсіз өз беттерімен отбасы өміріндегі маңызды мәселелерді шешпейді.

Ауылдық жерлерде әлі де болса үй шаруасын істеуге байланысты  ескі дәстүр сақталып келеді. Үй шаруасының аса бір қатты қайырымы болмаса, күнделікті күйбең негізінен әйелдер үлесіне тиетіндігі айрықша дәлелдеуді керек етпейді. Сондықтан ең алдымен үйдегі әйел еңбегіне тоқталайық.

Үй шаруасындағы әйел еңбегін жеңілдететін көптеген жаңалықтар ауыл өміріне еніп жатыр. Айталық, қазіргі әйелдер бұрынғыдай тезек теріп, тобылғы, қурай алып, оны жаяу арқалап тасып отқа жақпайды. Көпшілік жердің отыны көмір, ағаш, қи, газ болып отыр. Бұларды түсіру қазір әйелдер үлесіне тіптен жатпайды. Ал тамақ дайындау мен үйге от жағуда да көптеген жеңілдіктер туып отыр. Қазіргі күні ауылдық жерлерде салынып жатқан үйлердің көбеюі мен қала үй жиһаздарының көптеген түрлерінің кеңінен таралуы үй шаруасындағы әйел еңбегін жеңілдетуде әсерін тигізіп отыр.

Осы күні үй шаруасына еркектер де араласады. Қоғамдық жұмыстан бос кезінде малға қарау, үйді жинау, малдың қысқы жем-шөбін дайындау, отын түсіру, диірменге ұн тартқызу, бақшаға қарау т.б. жұмыстарды еркектер істейді. Сөйтіп, жаңа тіпті қазақ отбасында қарым-қатынастың қалыптасуы, ең алдымен, келіннің күй-жайының жақсаруымен, оның қайын жұртымен қарым-қатынасының жаңа жағдайға байланысты мүлдем өзгергенінде болып отыр.

Қазіргі келіндердің отбасындағы бар мәселелерге тікелей араласып, ақыл қосып отыртын шын мәнісіндегі тең құқысы бар екендігін қажет етпейді. Жаңа отбасын құрушы қазіргі жастардың ішінде он жылдық, қала берді жеті жылдық мектеп бітірмегені кемде-кем. Орта және жоғары дәрежелі мамандық алғандары қанша. Мұндай жағдай жас жұбайлардың білімділігін, мәдениеттілігін, парасаттылығын, адамгершілік қасиеттерін молайтып, жаңа өмірдің кілтін өз қолына ұстай білуіне мүмкіндік береді. Олар үйде де, түзде де қол ұстасып, отбасы және қоғам мүддесіне сай еңбек етіп, өнегелі жастар қатарынан табылуды мақсат етеді.

Қазақ қауымында ежелден бері қалыптасып келген жақсы дәстүр – үлкенді сыйлау. Бұл дәстүр қазір де қажеттілігін жойған жоқ. Патриархалды әдетке байланысты бұрынғы келіндер өзі келін болып түскенге дейінгі туған күйеуінің барлық туыстарына ат қойып, олардың атын атамаса, қазіргі келіндер үлкен туыстарының ғана атын атамайды. Ал өзінен, күйеуінен кіші туыстарына ат қоюды бұрын әдептілік делінгенмен, қазір мүлдем салттан шықты. Қазіргі келіндер: қайын атасын – ата, енесін – апа, қайын ағаларын – аға, көке, жәке, үлкен абысындарын тәте деп атайды.

13-ДӘРІС: ҚАЗАҚ ОТБАСЫНДАҒЫ ҚЫЗ БАЛА ТӘРБИЕСІ ҚЫЗ СЫНЫ

Қыз бала тәрбиесiне қатысты көптеген ғылыми еңбектер жазылып, қыздар тәрбиесіне арналға тәрбие бағдарламалары да бар. Алайда, олардың өзіндік көздеген мақсаттары мен міндеттері бар. Біздің мақсатымыз қыз балаларды ұлттың сақтаушысы ретінде қарап, оларды отбасылық өмірге даярлауда этномәдени құндылықтар тұрғысынан мүмкіндік табу.

Пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.с.): “Кiмнiң үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терiмен тапқанымен киiндiрiп бақса, олар (яғни, қыздарды тәрбиелеп өсiргенi) ол үшiн тозақ отынан қалқан болады”, - деген. Бұл шынымен де қыз бала тәрбиесiнiң ата-ана үшiн оңайға түспейтiндiгi. Қыз баланың ары мен абыройы, сыры мен сымбатын сақтауы, келешек өмiрiне даярлығы әрқайсысы өз алдына дербес тақырып. Бұл тақырыптарда қаншама ғылыми еңбектер, мақалалар жазылып жүр.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор К.Ж. Қожахметова ұлттық тәрбие арқылы сана-сезiмi толысқан қазақ қызының бейнесiн төмендегi өлшемдермен бағалайды.

Тектiлiгi: тектi жердiң қызы әдептi, көргендi, инабатты, iске шебер, қиыншылыққа төзiмдi, өскен ортасы мен ата-анасының артынан жаманат сөз ергiзбейдi. “Көрiп алған көрiктiден, көрмей алған тектi артық”.

Ақыл-парасаты: бойжеткеннiң дүние-мүлiкке көзқарасы, зейiн-зердесi, туған-туысқандарымен қарым-қатынасы, бауырмалдығы, қайырымдылығы, ұқыптылығы, мiнез-құлқы. “Алған жарың жақсы болса, жұмақтағы хормен тең, жаман болса, маңдайға бiткен сормен тең”.

Сыр-сымбаты: Сұңғақ бойлы, сыңғырлаған дауысты, оймақ ауыз, күлiм көз, жайдары мiнездi, алма мойын, ақша беттi, ақ тамақ, аршын төстi, тал шыбықтай бұраң белдi, сүмбiл шашты, керiлген ақ маңдайлы, сүйрiктей ақ саусақты, сүрме қасты, ұзын кiрпiк, ақ бiлек, маржан тiс, қыр мұрынды т.с.с.

Iскерлiгi: басты мiндетi – ерiн күте бiлу, аналық борышы – бала тауып өсiру, тәрбиелеу, қонақ күту, шай құю, құрт қайнату, iркiт пiсiру, кесте тiгу, шiлтер тоқу, киiз басу, киiм тiгу, кiлем тоқу. “Өнерсiз қыздан без, өнегесiз ұлдан без”.

Бұл күнде сырт көзге қазақ қызы қандай? Бұл жөнiнде түрлi пiкiрлер естiп жатамыз. Еуропаша жалаңаштанып, қысқа кофтасы кiндiгiн жаппай, тар шалбар мықында iлiнiп, иығынан iшкi дүниесi көрiнiп қазақ қызы өркениет көшiне iлесiп кетiп барады. Келесi бiр толқын етек-жеңiн қымтанып, басындағы орамал бiр тал шашын көрсетпей, ақ маңдай мен алма мойынды орай жауып, мұсылмандығы “мен мұндалап” тұр. Бұлар да жаһанданудан сақтанған сыңайлы.  Бұл туралы  “Қазақ қызы өз бейнесiнен айырылып барады… Қазақ қызы әлеуметтiк кодын жоғалтып алды” деген әредiк ойлар айтылады. Бұл сұраққа Философия ғылымдарының кандидаты, дiнтанушы, мәдениеттанушы Мұртаза БҰЛҰТАЙ: “Ислам дiнi орта жолды ұсынады, әрқандай қатыгездiкке, әсiре сiлтеушiлiкке қарсы. Дiнiмiздiң Құран Кәрiмде келтiрiлген қағидаларының барлығы да жүзеге асыруға өте қолайлы және ешкiмдi қинамайтын, ешкiмге ауыртпалық бермейтiн қағидалар. Жоғарыда зайырлылықтың дiни сенiм бостандығы мен ғибадаттарды еркiн жүзеге асырудың кепiлi екенiн айтып өттiк. Осы себептерге байланысты кейбiр мұсылман әйелдер мен қыздарымыздың бастарын жабуларына кедергi жасауға яки оларды тек осы себептi сынауға қарсымын. Дiнiмiзде зорлық-зомбылық жоқ, заңдарымыз да солай. Егер де кейбiр қыздарымыз, апаларымыз өз сенiмдерiне сәйкес бастарын жапқылары келсе, жапсын. Ал, кiмде кiм басын жапқысы келмесе, оны да ешкiм зорламасын” – деген  пiкiр айтады [155].

Дәл осы сұраққа дiнтанушы Қайрат Жолдыбайұлы: “Бiз өзгелердiң мәдениетiне елiктеп, ислам дiнiнiң қағидаларына қарсы шыға алмаймыз. Қазiргi қазақ қоғамы өзiнiң халықтық әдет-ғұрып, салт-санасынан айырылып қалды деп жатқаны рас. Бұл орамал тартқан он шақты қызға қарата айтылған сөз болмаса керек-тi. Бүгiнде әбүйiрiн шашып, кiндiгiн ашып, сандарын жарқыратып жүрген қазақ қыздары туралы “қазақта мұндай жоқ едi”, - деп байбалам салмаймыз. Бiрлi-жарым адам өздерiнiң дiни түсiнiктерiмен орамал тартса, “қазақ  қызы келбетiн жоғалтып алды” деп даурығамыз. Шындығына келсек, қазақтың қорқатын нәрсесi – орамал тарту емес, шын қорқыныш – көше жағалап жүрген жеңiл мiнез, не болса соған елiктегiш ұшқалақ, ұлт тәрбиесiнiң өнегесiн көрсете алмайтын “шала қазақ” қыздардың көбеюi. Ұлтымыздың ұрпағын өмiрге әкелiп, тәрбие берер болашақ аналар осылар емес пе?” – деп жауап бердi [156].

Ұлттық тәрбие берудi негiзге алар болсақ, этнопедагогика  ғылымына жүгiнемiз. Халықтық, ұлттық тәрбиенiң денi халықтың салт-дәстүрiне ғана емес, дiни сенiмiне негiзделуi шарт. Ислам дiнiнiң кейбiр талаптарын “догма” деп түсiнiп келген қалпымызға өзi зерттеген ғылымын дiнмен байланыстырып, жауап тапқан ғалымдардың тұжырымды пiкiрiн бiлгенiмiз қыз бала тәрбиесiнде ұстанар қағида болмақ.

С.Асфендияров атындағы Мемлекеттiк медицина университетiнiң емдiк гигиена кафедрасының меңгерушiсi, медицина ғылымының докторы, профессор Қарлығаш Тоғызбаева нәзiк жыныстыларға  мұсылмандық әдепке сай жүрудiң қажеттiлiгiне ғылыми дәлелдер келтiредi:

…Ашық-шашық киiнген әйелдер көркiмен ер-азаматтарды елiктiрiп, құмарлықтарын оятып қана қоймайды, ол өзiне де қатер төндiредi. Бiрiншiден, ғылыми дәлелденгендей “көз тию” деп аталатын пәлекеттен аман қалу мүмкiн емес.  …Әрине, “көзi өткiш” адамдар сирек кездеседi. Бiрақ, бүгiнгi ғылым анықтағандай, әсiресе ер адамдардың тесiле қараған көзi өте зиянды екен. Сөйтiп, …бұл дүниеде түрлi дертке ұшырайды, жолы, бағы байланады… Екiншiден, ер адамдар көбiне көктен, әйелдер жерден қуат алады. Сондықтан да болар, әйелдiң шашы магнит тәрiздi ауадағы кiр-лас қуатты  жинағыш келедi. Бұл да оның әсiресе, бас ауруына ұшырауына әсер етедi. Автордың өз тәжiрибесiнде кездескенiндей, орамал тартқаннан кейiн, “басының сақинасы” т.б. дертiнен жазылып кететiндер аз емес көрiнедi. Үшiншiден, ашық-шашық жүрген әйел көктен өзiне қажет емес қуат алады. Сөйтiп, онда еркектерге тән тестостерон гармоны пайда болады, нәтижесiнде ағзаның гармональды бұзылуы етек алып, жыныс органдарындағы қатерлi iсiк, т.б. ауруларға жол бередi.

Ал, баланың бiтуi мен тууына аса қажет әйелге тән экстрогенос гармондарының керектi мөлшерде қалыптасуына ықпал ететiн – жерден келетiн қуат ұзын, кең көйлек арқылы әйел денесiне молынан, еркiн өтедi. Тар шалбар бұл процеске кедергi жасайды.

…Осы қуаттар үйлеспеуiнен қоғамда жан түршiгерлiк ауытқушылықтар пайда болуы мүмкiн (лесбиянкалар, гомосексуалистер, трансвестистер т.б.). Күштi феминистiк қозғалыстар салтанат құрған батыста бедеу әйелдер мен еркектердiң көбеюi, сөйтiп моральдық азғындаудың шыңына жетпеген ТМД елдерiнен бала асырап алу өзектi мәселеге айналуы тегiн емес.

Осындай жүрек айнытар жағымсыз құбылыстың негiзгi себебi – тән және рух тазалығының, әдептiлiктiң жойылуы. Өз қолымызбен өзiмiзге қиянат жасап жүргенiмiздi түсiнгiмiз келсе, тәрбиенiң тарихи мұраларынан үлгi ұстанғанымыз әрбiр қазақ отбасының бақытына барар жолды тапқанмен бiрдей болмақ. Әрбiр ата-ана отбасында өз қыздарына осыны нақты дәлелдермен түсiндiре бiлсе, сұрқия көрiнiстерден де ада болар едiк.

Оң жақта отырып ата-анадан тәрбие алған қыздың адалдығы мен пәктiгiн, абыройын құндылық деңгейiне көтеруiмiз керек. Ертеңгi бiр отбасының тұтқасы болар қазақ қыздарының бақыты мен баяны бүгiнгi алған тәрбиеге байланысты. Нағыз өмiр – отбасылық өмiр, жұбайлық өмiр. Өмiрге даярлау тек мектептiң ғана емес, әрбiр ата-ананың мiндетi. Болашақ өмiрдiң этноәлеуметтiк рөлдерiн меңгеруге баулу, жан саулығы мен деннiң саулығын сақтау, тазалық пен адалдық ұғымының талаптарына сай болу - өз бағының гүлденуiне себiлген iзгiлiк дәнi. Сан талапқа сай сұрыпталып, iрiктелген iзгiлiк дәнiн даярлау – баршамыздың жауапкершiлiгiмiз.

Қазақ халқы бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Баланың ана құрсағында пайда болуына, оның өмірге келуіне, оның алғашқы қадамына, алғаш атқа отыруына, алғаш жолға шығуына арналған жеке-жеке әдет-ғұрпымыз, жол-жоралығымыз бар. Халқымыз сонымен қатар бала тәрбиесіндегі ананың ролін өте жоғары бағалаған. Тіліміздің өзін ана тілі деп атауы-аналарға көп жүк артады. Аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін көрсетеді.

Ана-барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді. Ол адамды өзінің тілінде, ана тілінде сөйлетеді. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Яғни, қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы ғана жауапты емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болып отыр. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу-халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі.

Ал, қазіргі заманда бала тәрбиесіне тек қана ана емес, радио мен теледидар, газет-журнал, кітаптар мен кинолар, барлар мен дискотекалар жан-жақты әсер етіп, оны тәрбиелеуде. Бұл тәрбиенің жағымды жақтары да, жағымсыз жақтары да толып жатыр. Ата-аналары күнұзақ жұмыста, бала тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен-күнге азайып барады. Сондықтан қыздарымыз өзімен-өзі қалып бара жатқан жайы бар.

Мектеп жасындағы қыз балалар тәрбиесін негізінен үш кезеңге бөлуге болады. Бастауыш сыныптар кезеңіндегі тәрбиенің мақсаты тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйрете отырып, баланың көп білуге құштарлығын арттыру, кітап оқу мәдениетін дамыту.

Бесінші-сегізінші сыныптар арасында алғашқы кезеңдегі тәрбие түрлері ары қарай дамытыла түседі. Бұл тұста, жас ерекшелігіне қарай, қыз бала анасынан ешнәрсе бүкпейді. Қит еткен нәрсенің бәрін айтып келеді. Сол шыншылдығы мен ашықтығын пайдаланып, қыз баланың келешегіне ең керекті нәзіктік, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру-басты борыш. Сонда бұл сипаттар келешекте жарасымды жар, аяулы ана, қоғамымыздың белсенді мүшесі болатын қыз баланың бойынан әрқашан нұр болып төгіледі.

Үшінші кезең тоғызыншы-он бірінші сыныптарды қамтиды. Бұл аралықтағы тәрбие алдыңғы кезеңдермен тығыз байланысты. Адамға деген мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға ата-анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.

Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу, ер-тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына, қарындастарына мінгізу, киімнің әсем-сәндісін, әшекейлі бұйымдардың жақсысын қыздарына арнау-ежелгі дәстүр. Жиын-тойларда қыз баланы әр уақытта сыйлы орынға отырғызған. Жаңа келін болып түскен жеңгелері де қайын сіңлілерін атымен атамай «Еркежан», «Шырайлым» деп еркелеткен. Орта Азия мен Қазақстанда жалғыз келе жатқан қызды көрсе, оған қорғаныш болып, баратын жеріне дейін шығарып салатын болған. «Қыз өссе-елдің көркі, гүл өссе-жердің көркі» дегендей, қызғалдақтай болып өсіп, көктеп келе жатқан гүлдің мезгілсіз солып қалмауына қамқорлық жасаған. «Қызға қырық үйден тыю» деген мақал да осының айғағы. Міне, осындай тәрбиелік мәні зор дәстүрлерді атадан балаға мирас етіп қалдырып отырған.

Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға да үлкен сын еді. Жүн түту, жіп иіру, шекпен тоқу, кесте тігу, құрақ құрау, оюлап киіз басу, кілем тоқу, арқан есу, көрпе көктеу тағы басқа өнерді қыздарына бөгде босағаға бармай тұрып-ақ үйреткен. Осылай еңбекке баулу арқылы отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін дамытып, психологиялық жағынан даярлай бастаған.

Қыздарымыздың асыл қасиеті, жан-дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулетке, байлыққа, жиһазға қызықпағандығын жыр-дастандардан білеміз. Қазақ қыздары махаббат атты асыл сезімді айрықша қастерлеп, аялаған. Сүйген адамымен қол ұстасып бірге жүрсе, тіпті қатықсыз қара көже ішсе де бақыттымын деп, өмірге риза болған.

«Қыз» ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді.Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді.

Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді-тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел-ана. «Ағайын тату болса- ат көп, абысын тату болса-ас көп»,-деген ұлағатты сөз осыдан туса керек.

Кең байтақ ұлы даланы мекендеген қара орман халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт дәстүрінің, мінез-құлықтарының да біркелкі ұқсас болып келуі бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным,Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі.

Қазақтар әдетте елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қалың елге сіңірген. Бұл жақсы үрдіс, ғибратты ғадет бүкіл ұлттың бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелеткен, парасаттылыққа баулып еркін өсірген.

Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Қазақтың батыл қыздары, ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі.Пәрәнжі-сәтір кимеген, сөйте тұра еркіндік пен есерліктің ара жігін ажырата білген парасатты, тапқыр, төзімді, өнерлі, шашын төбесіне түйіп жауға шапқан батыр қыздар қазақта болған.

«Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» деп қызға сеніммен арқа сүйеу де тек қазақта. Қыздар тәрбиесі қоғамда рухани құндылықтарды, ұлы мұраттарды иманды және инабатты бәсекемен қалыптастырады. Бұл адамның ішкі түйсігіне өрелі қасиеттерді алға шығарады. Сол адамдық қасиеттерді бойына сіңіре білген жандардан тараған ұрпақ ақыл мен алғырлықтың бүкіл бітім-болмысын одан да артығырақ жақтырады.

Қызды тәрбиелеу, өсіру, ер жеткізу ең маңызды мәселе. Қыз өсіру – гүл өсірумен бірдей! Гүлге әлсін-әлсін су құйып, ауа жеткізіп, айналасын арам шөптерден тазартып отыру керек. Мұндай тиянақты күтім болмаса гүл солып қалады. Қыз да сондай. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге, білім мен мәдениет керек. Қазақта әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салып отырады. Білген білімін аямайды. Әр қыз өз отбасының тәрбиесімен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағып жатады. Әрине, бұрын отбасылардың бәрі бірдей білімді болған жоқ. Өнерден құралақандары да көп болған. Ғылымға қол жетпейтін еді.

Қазақ қыздары ғасырлар бойы осындай отбасылық тәрбиемен өсті. Олардың отбасынан алған бар тәрбиесі жақсы келін болу ғана еді. Одан өзге ешқандай мамандықтары болған жоқ. Жан-жақты білім беретін, әртүрлі мамандықтарға үйрететін, өз бойындағы өнерін өрістететін мемлекеттік тәрбие алуға қазақ қыздарының қолы XX ғасырдың орта кезінде ғана жетті. 1944 жылы Алматыда қазақ қыздарына арналған Мемлекеттік педагогикалық институт ашылған. Бұл институт өз қыздарын жақсы келін болуға ғана емес, әр саладағы жақсы мамандар болуға тәрбиеледі.

Қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамға тоқталсақ-тәуелсіз, еркін еліміз осы заманның даму үрдісі жылдамдығымен зымырап келеді. Алдағы мақсат-дамыған елу елдің қатарына ену. Ал қоғам да уақыттан қалмай, ортамызға келген жаңа дүниелерге еніп, қалыптасу үстінде.

Уақыт талабы – жарнамалық технология. Сондықтан қоғам уақыт талабына сай өмір сүру үшін, заман, адамдардың жеке тұлғалық факторларды талап етеді. Ұлттық сана-сезімге сіңіп, арғы тегімізден келе жатқан адами қасиеттерімізді жойып алмауды қажет еткендей. Қазақ халқы ежелден келе жатқан мәдени мұрасымен тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрін жалғастырып келеді. Осы байлықты нарықты заманда қалыптастырып, ұлттық қасиетін жоймау керек. Ең басты мәселе адам тәрбиесі, оның қоғамдағы алатын орны. «Орта түзер ойыңды, ойың түзер-бойыңды»-деп, Абай атамыз айтқандай мемлекеттік тұрғыда назар аударуды қажет ететін ұлттық сана-сезім, тәрбие бар.

Осы орайда-болашақ сүйікті жар, ардақты ана-қыз баланың алар орны ерекше. Негізінен ұлттық сипаты бар тәрбиенің негізі-ауыл. Ал ауыл жастары қалаға келе тілдерін бұза сөйлегеннен бастап, ұлттық сипаты бар тәрбиеден аулақтай бастады. Осыдан бастап өзгергенде бейне бір жарнамалық заманмен жарысқа түскендей. Ұлттық сипаты, рухани құндылығы жоқ «Батыстың» тәлім-тәрбиесін қомағайлана жұтады. «Батыс» демекші, технология әлемін, теледидар беттерін жаулаған рухани құндылыққа зәру жарнамалық дүниелері-бейне бір жер шарындағы ірге тасынан өз тілі, діні, ұлттық мәдениеті бар елдермен күреске түскендей. Осы орайда «Батыс мәдениетін» дүние жүзіне таралған жайылмалы дертті ісік екенін мойындағандай боласың. Мәселен: парасатты, кішіпейіл, сыпайы тағы басқа ибалық мінездердің бәрін иманды қаракөз қыздарымыздың арасында сақтаулы. Өкінішке орай, біреуден көргенімізді қайталап істеу керек болып тұрады.

Артымызда өсіп келе жатқан сіңілілеріміздің өзі есепшіл, өркөкірек, сезімге сенбей «ақшаға» ғана сенетіндер қатары көбеюде. Тәрбиені ата-анасына емес, теледидар, компьютерден алып келе жатқан жастар буыны қалыптасып келеді. Кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Осыдан барып бала әке-шешесінен суып, оларға деген сыйластықтан мүлдем қалады. Бала кезінен жылылық мейірімді көрмеген адам баласы қатыгездікпен өседі. Жүрегін бойлаған суық ызғардың өшін өзгелерден алатын жандар болады. Сондықтан бұл да ата-ананың жылылығы, жақындығы жастар тәрбиесіне әсерін тигізеді. Қазір, жасыратын не бар, бұрын дәстүрімізде болмаған сүреңсіз жағдайлар бой көрсетуде. Қаладағы қазақ қыздарының көбі бір-бірімен орысша сөйлеседі. Өз ұлтының тілінде сөйлеуге талпынбайтыны өз алдына, кейбіреулері тіптен оны намыс көреді. Күнделікті өмірдегі көріністерге бір сәт назар аударайықшы. Мысалға, қыз балалардың бір-біріне қазақша «сәлеметсіз бе» деп амандасуының өзі «мамбетка», «мамбет» деп, қорлайды. Бірақ, бұған кімді кінәлаймыз? Соқыр желді айдаумен бірдей ғой. «Қасқырдың аяғы асырайды» демекші, қазіргі заманымыз жанталас заманына айналды.

Мектеп қабырғасында жүрген бірсыпыра қыздарымыз жарассын-жараспасын денелерін жартылай жалаңаш қалдыратын киімдер киіп, қымбат әшекейлер, алтын тағып, бет-ауыздарын бояп, өздерінің инабаттылығы мен сыпайылығынан, жастық жарасымдылығынан айырылады. Табиғаттың өзі жан дүниесін сұлу, нәзік, мейірбан етіп жаратқанына мән бермейді. «Жастықтың өзі жастығымен әдемі» дегендей, жас қыздардың өздері-ақ қырдың қызыл гүліндей әсем ғой. Табиғат берген көрік пен сымбаттан артық не бар.

Қыздардың ішінде ұрлық жасайтындар мен шылым шегіп, арақ ішетіндер де кезігеді. Демалыс сабақтарынан шашын дудыратып ұйыстырған, ұнамсыз ерсі киім киіп, аяғын бірінің үстіне бірін салып, темекі түтінін құмарлана жұтып отырған сылқым бикештерді жиі жолықтыруға болады. Қастарында отырған адамдардан именбейді. Ал, енді осыны көрген жас қыздарымыздың бұларға еліктемесіне кім кепіл?

Кейде аялдамадан кейбір қыздарымыздың үлкен бар, кіші бар-ау деп қымсынбай жігіттермен құшақтасып, сүйісіп тұрғанын көргенде шыдамай төмен қарайсың. Ардақтауды, мәпелеуді, құпиялықты қалайтын махаббат атты құдіретті аяққа таптау емес пе бұл?

Әрине, мұндай көргенсіздіктің өзіндік себептері көп екенін білеміз. Бірақ ең бастысы тәрбиенің кемшілігі екендігінде дау бола қоймас. Тек өз ұлтын, тілін сүйіп, қастерлейтін адам ғана сонау әлімсақтан мирас болып келе жатқан ата-ананы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірбандық, инабаттылық сияқты ізгі қасиеттердің иесі бола алады.

Қыздарымыз осындай ұлтжандылығымен, өздеріне тән нәзіктігімен, сүйкімділігімен және рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын жоғары ұстай білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым абыройлы сыйлы. Ертеңгі күні не болатынын білмегендіктен, тек өздеріне сеніп, бүгінгі күнмен ғана өмір сүретін адамдар тобына айналып бара жатырмыз ба?-деп, қорқамыз. Себебі, біздің қоршаған ортамыз келген жаңа дүниелерге еніп, қалыптасу үстінде. Сондықтан шығар, біз, өзіміздің адами құндылықтарымыздыжоғалтып, кейбірі ну орманның ішінде жүргендей адасып, теріс жолға түскендері қаншама?

Қазір қазақ қыздары бұзылу қаупін бастан кешіруде. Олардың бірсыпырасының әрекеттері ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқаны байқалады: ар сақтау, ұятты білу, үлкенді ардақтау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау ұмытылып барады, тіпті жойылып барады деуге болады. Сондықтан барлық жоғары оқу орындарында қыз тәрбиесіне арналған арнаулы курс жүргізілсе, бұл ұлттық маңызы бар оқиға болар еді деп ойлаймын. Мұны Білім және ғылым министрлігі ойланса екен. Қыз тәрбиесіне байланысты арнаулы оқулықтар шығарылуы қажет.

Бізде оқып, білім алып жатқандар негізінен ауыл қыздары. Ауылдағы ең қажетті, әрі қасиетті шаңырақ, бар қазақтың алтын бесігі-мектеп. Сондықтан да қазақ халқының алтын бесігі-ұлттық мектептерге маман дайындау-біздің институт ұжымы үшін өрелі, әрі қастерлі міндет. Ұлы даланың дана қыздарының бүгінгі жас ұрпағы елдіктің ұраншысы және инабатқа толы өмірдің қозғаушы күші болса екен дейміз. Өз халқын сүйе білген жас адамдардың бойында ұлттық намыс та, ұлттық рух та, жарасымдылық та молынан табылады.Жас өскін талшыбық сияқты. Оны аялап-мәпелесең, бәйтерек болып өседі. Қыздар саналы да тәрбиелі болып өссе, терең білім алса, жоғарыда айтылған өрелі міндет биігінен көрінеріміз хақ.

Өзіміз аталмыш жастардың біреуі бола отырып, жастардан жиіркенуге шақырудан аулақпыз. Күнделікті жол үстінде тіл мен сипаты бұзылмаған, көркемділігі мен инабаттылығы бойына жарасқан қаракөз апай-сіңілдерімізді топтап жолықтыруға болады. Ұлттық салт-дәстүрімізді, рухани қазынамызды жоғалтпай заман ағымынан қалмау-уақыт талабы. Өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекетіміздің тірегі жастар! Ал біздің жастарымыздың баянды болашағына сеніміміз мол!  

14-ДӘРІС. Отбасында қыз баланың атқаратын әлеуметтік рөлдері

Қазақ халқының сан ғасырлар қалыптасып, тарих талқысынан өткен, салт пен әдет-ғұрып аясында өрбіп, тәрбие шеңберінде дамитын, заман талабымен жаңғырғанымен, қалпын сақтайтын тамаша дәстүрлері бар. Солардың негізгісі – “үш жұрт”. “Үш жұрт” – ұғымы туысқандықты сақтайтын этноәлеуметтік тұтастық. “Жігіттің үш жұрты” болып патриархалды түсінікке сай айтылғанымен, мейлі ер, мейлі әйел болсын, отау тігіп отбасын құрғаннан бастап, туысқандық қарым-қатынасты үш жұрты арқылы өрбітеді. Үш жұрттың біріншісі – өз жұрты. Оған әкесінен тараған бірге туған бауырларымен қатар әкесінен арғы аталарынан қосылатын ағайындарына дейінгі туысқандары жатады. Оларды жеті атаға дейін санай бастағанда бір қауым ел болатын ағайын-жұрт. Өз отбасыңдағы әке мен шеше, ата мен әже, аға мен іні, апа мен қарындас немесе сіңілі, сондай-ақ, өз бауырларыңның жарасты жұптары: жеңге мен келін, жезде мен күйеу бала, абысындар бір шаңырақ астында туысқандық қарым-қатынас арқылы өз міндеттерін – әлеуметтік рөлдерін атқарады.

Екіншісі – нағашы жұрты: туған анасының төркін-жұрты. Яғни, жиеннің танымы бойынша шешесінің туған әке-шешесі, ата-әжесі, аға-інісі мен апа сіңлілері және олардың жұптары мен балалары. Осы орайда нағашы ағаның баласы да нағашы іні болып, туыстық қалпын сақтағанмен, нағашы апаның баласы “бөле” деп аталады. Өйткені, оның сүйегі – басқа жұрттыкі.

Үшінші – қайын жұрт: жігіт үшін алған әйелінің төркіні немесе әйелдің келін боп түскен жері. Келген келін үшін: қайын ата мен қайын ене, қайын аға мен абысын, қайын апа мен жезде, қайын іні мен келін, қайын сіңлі мен күйеу бала т.б. Ал, жігітке қайын ата мен қайын ене, қайын аға мен жеңге, қайын апа мен үлкен бажа, балдыз бен келін, балдыз бен кіші бажа сияқты қайын жұрт деп аталатын туыстар тобы.

Этноәлеуметтік рөлдер “үш жұрт” аясында өз қызметін жан-жақты өрістетеді. Халқымызда “Ағайын жұрт – күншіл, қайын жұрт – міншіл, нағашы жұрт - сыншыл” деген сөз бар. Бұл бір жағынан әлеуметтік-психологиялық сипаттама болғанымен, әлеуметтік-педагогикалық жағынан үш жұрттың адамды тәрбиелеудегі ұстанатын қағидасын көрсетеді. Демек, қазақтың жігіті немесе қызы үш жұртына жағу үшін үш түрлі ұстанымға сай әлеуметтенуі тиіс. “Күншіл”, “міншіл”, “сыншыл” ұстаным – адамды шыңдайтын аса өткір талаптар.

Өз жұртын күншіл деудің өзі – ағайын жұрттың өз адамына деген талабының жоғарылығы. Қазақ тілінің сөздігінде “күншіл – іші тар, қызғаншақ” деген түсінікті береді. Қазақ өз туысы мен өз ағайынына әр ісімен есеп беріп отыруы қажет. Жолға шығарда қоштасып, келсе барып сәлем беріп, іс бастарда ақылдасып, өз тойыңда ағайынға ерік беріп, олардың тойы мен азасында басқа жұрттан мол үлес қосуы қажет.  Бұл талаптан шығу өте  қиын, екінің бірінің қолынан келе бермегендіктен де өз жұртыңның өкпесіне қаласың. Ағайын арасындағы араздық осы міндеттердің дұрыс орындалмауынан шығады да “күншіл” деген айып тағылады. Дегенмен, бұл да ағайынмен арадағы этноәлеуметтік қарым-қатынасын реттеудің биік талабы.

“Міншілдік” пен “сыншылдық” – талабы жоғары, басқа, өзге жұрттың үлесі. Міншіл саналған қайын жұрт туралы “Жағаңның қызылдығы мен қолыңның ұзындығына қарайды, жуас болсаң жүндейді, мықты болсаң күндейді” дейді. Әлеуметтік тұрғыдан қойылған бұл талапқа төтеп беру, өмір сүру салтында ыңғайын алу, ығына жығылу – психологиялық шеберлікті қажет етеді. Құдаласу мен құдандалы-жекжаттық қарым-қатынастың реттелуі – тұтастықты сақтаудың басты кепілі. Этноәлеуметтік рөлдер мен этноәлеуметтік қарым-қатынастардың аса қажеттілігі мен сынға түсер жері осы.

“Нағашы жұртың – сыншыл, Жақсыңа сүйінеді, жаманыңа күйінеді, әрдайым тілекші тілеуқор болып жүреді” дегендейін, сынаудың түбі адал ниет екендігін байқауға болады. “Жиен ел болмас” деп, қайрай сынағанымен, “қыздан туғанның қиығы жоқ” деп, сыртқа теппей бауырына тартқан. “Қыздың баласын кезек сүй” десе, оның сүйегі басқа екендігін ескерткендігі. “Жиен неге ел болмасын, малы болса” деу арқылы өмірге ынталандырады. Жиен нағашыға еркін, “жиенді ұрғанның қолы қалтырайды” деп, нағашы жиендер үшін еркіндік педагогикасын қолданады. Демек, нағашы жұрт баланың кішкентайынан тәрбиеленуі мен әлеуметтенуіне өзіндік үлес қосатындығынан да адамның тәрбие мектебінен лайықты орнын алады.

Бұл “үш жұрттың” жігітті немесе қыз баланы тәрбиелеуде өзіндік өмірге бейімдеу-әлеуметтендіруде, тәрбиелеуде өзіндік педагогикасы, өзіндік психологиясы бар екендігіне көз жеткіздік. Демек, “үш жұрт” мүшелерінің де өз рөлі – өз үлесі бар екендігіне де көз жеткізуге болады.

“Өз жұртың” -  өзіңді өмірге әкелген әке-шешең немесе ата-анаң. Бұл жерде “әке” мен “ата” атауы шатыстырылмауы керек. “Ата” да әкенің бір кездегі ресми атауы. Абай: “Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ”, - деп айтқандай, ата – бұл күнде де әкеге ресми атақ. Бірақ, ата – ана сөзімен қатар тұрғанда, әкені ұқтырады да ата әжемен қатар тұрып үлкен әкенің атауын береді. Отбасындағы әлеуметтік рөлдерді анықтау үшін толық отбасын түсіндіруден бастайық.

Қазақ отбасында тәрбиеге мейлінше ықпалды ата мен әже рөлдері. Әкеге әке болып келетін тұлға, отбасы педагогикасына ерекше ықпалды бейне – Ата. Беделі жағынан әкеден жоғары, өмірлік тәжірибесі бай, эмоциялық-мейірімділік тұрғыда тәрбие беруді меңгерген, отбасының тірегі. Бала тәрбиесіне үлес қосуға мүмкіндігі бар. Отбасындағы ең үлкен рөл – атаныкі. Өз отбасы мен басқа балаларының, ағайын-туыстың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысатын ақсақалдар этноәлеуметтік қарым-қатынастың реттеліп, этноәлеуметтік рөлдердің сақталуына басшылық жасап отырады. Отбасындағы немере тәрбиесіне ата педагогикасының қосары үлесі мол болмақ. Атада әке мен шешеге қарағанда талап қоюшылықтан гөрі, еркіндік пен мүмкіндік берушілік көп. Ізіне ертіп жүріп үйрету мүмкіндігі көбірек. Ауыз әдебиетімен таныстыру мен табиғат пен қоршаған ортаға бейімдеу арқылы танымын кеңейтетін ата педагогикасы рулық шежіре мен жеті атаны түгелдеуге үйретеді.

 Әже – жанұядағы ғана емес, өзінің басқа балаларының отбасындағы қарым-қатынасты реттейтін, балаларды өмірге бейімдеудің қарапайым түрлерін мейірім арқылы жеткізе білетін ақылшы, отбасының алтын қазығы. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтау арқылы, отбасылық құндылықтарды дәріптеу арқылы этноәлеуметтік қарым-қатынастарға ықпалды жол көрсетуші. Үй-ішілік жұмыстарды реттеу, ағайын-туыстармен қарым-қатынас, сыйластықты сақтаудың әлеуметтік-педагогикалық орталығы іспеттес. Әке  – отбасының иесі, ерекше беделді тұлға. Алайда, беделдік пен биліктің басымдығынан әке педагогикасы тәрбиелеуші қызметтен көрі басқарушылығы басым түсіп жатады.

Ата мен әже педагогикасы арқылы отбасында тәлім алған, өмірлік дағдылары қалыптасқан баланың жан-жақты әлеуметтенгендігі мен әлеуметтік рөлдерге бейімделгендігі адамгершілік сипаттарымен көрініс береді. Бұл бір жағы тәжірибелілік нәтижесі болса, екінші жағынан, тұрақты да ерінбей-жалықпай мейірім арқылы берілген тәрбиенің жемісі.

Әке – шаңырақ иесі.  Отбасы мүшелерінің жауапкершілігі толығымен ер-азаматқа жүктеледі. «Отағасы» деп аталуының себебі де осында болса керек. Үйге табыс кіргізу, жан басы мен мал басының қамқорлығы, өз балаларын өсіріп-тәрбиелеуге мүмкіндік жасау, ағайын-туыс арасындағы байланыс ер адамның басшылығымен жүзеге асырылуы тиіс.

Әйел – отбасының ұйытқысы. Өмірге бала әкелуден бастап, уақтылы емізіп, бағып-қағып, өсіріп-тәрбиелеу – әйел-ананың тікелей міндеті. Үй-ішінің, отбасы мүшелерінің тазалығы, тамақ дайындау, үй-іші тірліктерін ұқсату, туған-туыстармен әлеуметтік қарым-қатынастар орнату сияқты көптеген мәселелер әйелдің араласуымен атқарылады.

Әке мен шеше – отбасында баланы әлеуметтендіретін басты тұлғалар. Өз перзенттерінің заманға лайық білім алып, тәрбиеленуіне жағдай жасайды. Барлық істе өздері үлгі болады.  Шын жанашырлық та туған ата-ананың көңілінен табылады.

Отбасындағы ер баланың рөлі үйде басқа балалардың да болуына байланысты, ата-ананың талабына сай жүктеледі. Ұлдың үлкені отбасындағы балаларға жаппай қамқорлық жасайды. Ұлдың кенжесі – «қара шаңырақ» иесі. Ата-анаға етене жақын өседі, себебі: өскенде ата-анамен бірге тұратын – кенже ұл. Үйдегі жалғыз ұл анасынан әлпештеу көргенімен, әкенің бірден-бір сенімді көмекшісі болуға тиіс.

Сырттың жұмыстары: отын-су әкелу, малға қарау, жем-шөп дайындау, қора-қопсы, аула тазалықтарын реттеу жүктеледі. Егер үйде қыз бала болмаған жағдайда анасының да үй-ішіндегі жүгін жеңілдетуге тырысады. Базарға, дүкенге барып азық-түлік әкелу, тұрмыстық заттарды қозғау сияқты жұмыстарға, сынған жеңіл-желпі заттарды шегелеу, бекіту, жалғау тәрізді істерді атқаруға үйренеді. Үйде ешкім болмаған жағдайда өзіне өзі қызмет ете білетіндей (ас пісіріп ішу, кірін жуып-үтіктеу, ине ұстап, түйме қадау т.с.с.) дағдылар қалыптасса айып емес.

Қыз бала табиғатынан-ақ отбасылық жұмыстарды атқаруға бейім болып келеді. Сәби жасынан қуыршақпен ойнатудың маңызы зор. Өз ыдысын жинап үйренгеннен бастап-ақ, дастарқанға не қойылу қажеттігін, қандай ыдыстарға не салыну керектігін білу арқылы үстел жасау, кір жуу, шаң сүрту, гүл өсіру, үй тазалығы сияқты жұмыстарды бірте-бірте меңгеруі тиіс. 12-13 жастан бастап тамақ даярлауды үйреткен дұрыс. Іс тігу, үй-ішін көңілге қонымды үйлестіре қою сықылды жұмыстардың қыз балаға тікелей қатысты екенін ұғындыру қажет.

Қыз балаға өмірде жүктелер жауапкершілік аз емес. Отбасындағы басқа балаларға көмекші болып, болысып жүреді. Қызы бар үйдің өзіндік қызығы бар. Сезімталдық пен мейірімділікті отбасындағы өз рөлін меңгеруге негіз ету керек.

Қыз баланы балиғат жасына, табиғи өзгерістерге дайындау өте қажет. Ананың немесе отбасында жеңге мен үлкен қыз балалардың оңаша әңгімелесуі, құпия ұстауы, сыр сақтауы маңызды. Бұл үлкен жауапкершілікті сезіндіру өте қажет.

Отбасындағы келіннің рөлі өзінің келген ортасын сыйлау, құрметтеу арқылы үй-ішінің тірліктерін атқаруды меңгерумен басталып, отбасылық қарым-қатынастың реттелуі келіннің іс-әрекетінен көрініс табады. Қайын-жұрттың атын атамау – ат тергеу, үлкенге құрмет көрсетіп, бата алу, сәлем жасап – алғыс алу сияқты сыйластық кілті келінде болуға тиісті. Басты мақсат: келген жерінде орнын табу, сыйлай білу, сыйымды болу арқылы өз тамырын жайып, өсіп-өну.

Жеңгелік рөл келіннің келген жеріндегі өзінен кішілерге қамқорлығын көрсетуі арқылы іске асады. Өзінен үлкен болғанымен, күйеуінен кішінің бәрін “қайны-қайынсіңлілер” қатарында қарап, оларға жарасымды да ұтымды және өздеріне ұнамды ат қоюы – жеңгенің келген ортасына сіңісуінің басты шарты. Қайныларына  қыз таңдауға бағыт-бағдар, кеңес береді. Өйткені, бір шаңырақ астында өзімен абысынды-келінді жақын жүретін, қызметті бөліп атқаратын әйелдің дұрыс адам болып келуіне немқұрайлылық танытпайды. Ақылдасып, қыз көңілін табуға психологиялық нұсқаулар, ұсыныстар жасайды. “Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан” деген мәтел қайныны шын қолдаушылардың бірі екендігі. Қыз бала үшін жеңге таптырмайтын жанашыр. Өз тәжірибесінен көргені мен түйгенін айта отырып, сыр бөлісетін жеңгелер институтының әлеуметтік мәні биік болуы тиіс. Этноәлеуметтік рөлдің ішінде жауаптылығы жағынан да, жақындығы жағынан да жеңгенің рөлі жоғары.

Қазақ отбасында күйеу бала рөлін алып жүрудің де өзіндік қырлары бар. Күйеу балаға ғана қатысты қайын-жұрттың үлкенінен-кішісіне дейін тіл табысу, көңілінен шығу – құдалық қарым-қатынасты реттеудің басты факторы. Үлкен жиындарда күйеу балаға тапсырылатын жұмыстар оның қарымдылығына сай жүктеледі. «Күйеу атымен күл тасы» деген мәтел күйеу баланың қандай тұрмыстық жұмыстарға дейін көмектесетіндігін көрсетсе, оның сыйласымға ие болуын «әкенің жақсылығы жездедей-ақ» деп бағалаған. Күйеу баланың рөлі қайын-жұрттың ортасында жүзеге асып, баға беріледі. Халқымыз күйеу балаға ағайын арасындағы той-қазада арнайы тапсырмалар жүктегенімен, “пайғамбарымыз да күйеу баласын сыйлаған” деп, сый-құрмет көрсетіп отырады. Мал сойылғанда күйеу бала үшін арнайы мүше – төс тартып, жеңгелер тарапынан этноәлеуметтік қарым-қатынастықты жүзеге асырып, сыйластықты дамытып жатады.

“Өкіл әке” мен “өкіл шеше” рөлдері де ел ішінде бүгінге дейін сақталған. Төркіні алыс қыз, кәсіп іздеп келген кірме жігіт немесе туған-туысы жоқ жетім-жесірге қазақтың бауырмалдығы мен қайырымдылығы туысқандықтың осындай бір жасанды жолын қарастырады. “...өкіл ағайын болғандар туған әке, туған баладан кем қатынаста болмаған. Өкіл ағайындардың бір рудан болмағы міндетті емес. Кез келген жарлы-жақыбайға, жетім-жесірге өкіл әке болады да өкіл баласының өз қолы өз аузына жеткенше қамқорлығына алады. Өкіл ағайындардың балалары бір-біріне үйленуге болмайды. “Әкемнің өкіл баласы еді” деп Сисембей деген кісіні әкем өмір бойы қатты құрмет тұтып өтіп еді”, - дейді белгілі сәулетші С.Назарбекұлы. Қазақ отбасындағы әлеуметтік рөлдер мен этноәлеуметтік рөлдердің өз қызметін дұрыс  атқаруы өзара туысқандық қарым-қатынастарды нығайтып, әулет ішінде, ру мен ел ішінде, жұртшылық қауым мен қоғамның ынтымағына, этномәдени ерекшелік пен ұлт тұтастығына  мүмкіндік береді.

Ер бала өз үйінде ата-анасына – ұл, ата-әжесіне – немере, сырт көз-әлеуметке балиғат жасында – бозбала, кәмелеттік жасында – жігіт, өзінен үлкендерге – іні, кішілерге – аға, нағашыларға – жиен, қыздың балалары өзара – бөле, жеңгелерге – қайны, келіндерге – қайын аға, жезделерге – балдыз, құда-жекжатқа – құда бала, қалыңдық қасында – күйеу жігіт, қайын-жұртындағы келіншегінен үлкендердің бәріне – күйеу бала, қайын-жұрттағы келіншегінен кішілерге – жезде, қайын-жұртының күйеу балаларына – бажа, әйеліне – күйеу, балалы болған соң – әке, қыз ұзатып, келін түсірсе – қайын ата, құда-жекжатқа – құда, немерелі болса – ата, жиеніне – нағашы ата, шөберелі болса – үлкен ата болып әлеуметтік және этноәлеуметтік рөлдерді атқарады.

Қыз бала өз үйінде ата-анасына – қыз, ата-әжесіне – немере, балиғат жасына келген соң бойжеткен, өзінен кішілерге – апа (әпке), өзінен үлкен қыздарға – сіңлі, өзінен үлкен ұлдарға – қарындас, нағашыларына – жиен қыз, қыздың балалары өзара – бөле, жездеге – балдыз, келіндерге – қайын апа, күйеу балаға – қайын бике, жеңгелерге – қайын сіңлі, құда-жекжатқа – құдаша, ұзатылар кезде қалыңдық, келін боп түсер үйдің есігін аттап, бетін ашқан соң келін, қайын-жұртындағы күйеуінен жасы кішілерге – жеңге,  балалы болған соң ана, өзінен кіші келіндерге – абысын, күйеуіне – әйел, келін түсірсе не қыз ұзатса келіні мен күйеу баласына – ене, құда-жекжатқа – құдағи, немерелі болса – әже, жиеніне – нағашы әже, шөберелі болса – үлкен әже болмақ.

Демек, қыз бала да, ер бала да отбасылық өмірде немерелік туысқандықты есептемегеннің өзінде жиырмадан астам рөлдерді меңгеруге тиісті екен. Бұл рөлдер зерделеп отырсақ, “үш жұрттың” аясында қызмет атқарады. Егер қыздың да, жігіттің де үш жұрты болатынын ескерсек, алты жұрт болады. Ал, жұптасқан екі жастың жұрттары төрт жұрт болып қысқарады. Қазақтың дүниетанымында “алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деуінің негізінде үш жұрт жатқан болса керек. Халқымыз әлеуметтік рөлдердің маңыздылығын осы мақалдың аясына сыйдырған сыңайлы. Қазақтың тұрмыстық өміріндегі әлеуметтік рөлдер осылайша ерекшелене түседі. Туыстық жақындықтарға байланысты қазақы этноәлеуметтік рөлдер өз сипаттарын заманға сай жақсарта отырып, ұлттық ерекшеліктерді де жоғалтпауға, құндылықтарын бағалауға, оның тәрбиелік маңызын арттыруға үлес қосады.

Сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқы өзінің өмірлік салты мен мәдениетін, ұлттық тәрбиесін жаңа заманға үйлестіре білгенімен, негізгі тамырынан байланысын үзбейді. Этномәдени құндылықтарды өмірлік мұрат ету тәрбиеге негіз болмақ және оның іргетасы отбасында қаланады. Ата-ананың парызы көңіл қалауымен үйлесетін жарымен жұптаса, өмірлік құндылықтарды мойындай өмір сүруден тұрмасы белгілі. Отбасының тірегі – ата-ананың басты міндетіне өз ұрпағын заман талабына сай өмірге, сондай-ақ, отбасылық өмірге даярлау жатады. Өмірлік ұрпақтардың сабақтастығы берік болуы үшін: баланың денінің сау болуы, дұрыс тәрбие мен білім алуы, өз өмірлік жұбын дұрыс таңдап, отбасылық одақты дұрыс құруы қажет. Бұл - өте жауапты іс. Адамзат баласына ортақ бұл ұстаным, қазақ отбасындағы ата-анаға өте үлкен жауапкершілік жүктейді.




1. Для каждого человека покупка квартиры является очень ответственным и серьезным шагом
2. кредитной политики- понятие формы цели инструменты денежнокредитного регулирования Государственное ре
3. реферату- Історія української державностіРозділ- Політологія Історія української державності З кінця IX с
4. методические рекомендации по темам курса для студентов экономических специальностей всех форм обучения
5. Диалогическая речь.html
6. Они свойственны живой материи на всех уровнях ее организации от молекулярных и субклеточных до биосферы
7. 1 Учебный год 1
8. тема заработной платы влияют не только на решение людей о поступлении на работу но и на их отношение к работе
9. Статья 784 Общие положения о перевозке 1
10. Экономические показатели работы
11. Конструкционные стали и сплавы 1
12. Реферат- Отклоняющееся поведение школьников и учащихся профшколы
13. Контагиозный пустулезный стоматит (дерматит) овец и коз
14. Статья- Башня инженера Никитина
15. Она мне понравилось намного больше чем книга которую Максим Котин написал про меня
16. КОНТРОЛЬНАЯ РАБОТА ПО ДИСЦИПЛИНЕ- ИНФОРМАЦИОННЫЕ ТЕХНОЛОГИИ В ЮРИДИЧЕСКОЙ ДЕЯТЕЛЬНОСТИ ВАРИ
17. голокристаллическая состоит целиком из кристаллов и не содержит вулканического стекла Полукристалличес
18. Вооруженные силы США
19. на все сру Такое имя ей дал Мастер Гахан которое сказали духи и выгнал ее из кувана
20. то ногой или обул новые ботинки на скользящей подошве и т