Поможем написать учебную работу
Если у вас возникли сложности с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой - мы готовы помочь.
Если у вас возникли сложности с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой - мы готовы помочь.
(лингвистикалық очерк)
Қазақ тiлi түпкi түркі түрiн сақтаған байырғы тiл. Қазақ тiлi ғайыптан пайда болған жоқ және оқшау жаратылған тiл емес. Оның шыққан ататегi бар. Қазақ тiлi түркi тiлдерi деп аталатын алып бәйтеректiң аса бiр iрi тармағына жатады. Бiр негiзден өрбiп, түркi ата тiлiнен тарағандықтан әзербайжан, балкар, башқұрт, ғағауыз, қазақ, қарақалпақ, қарайым, қарашай, құмық, қырғыз, ноғай, өзбек, саха (якут), татар, тофалар, тува, түрiк, түрiкмен, ұйғыр, чуваш, хакас тiлдерi түркi тiлдерi деп аталады. «Түбі бір түркі тілдерін бұтақтары тармақталып жапырақ жайған алып бәйтерекке ұқсатамыз» [149].
Қазақ тiлiнiң түркi тiлдерiмен туыстас болатын себебi ай, тәңiр, көк, жер, су тәрiздi зат есiмдер, бас, тiс көз, қол, аяқ тәрiздi дене мүше атаулары, ақ, қара, көк, сары, қызыл тәрiздi сын есiмдер, ондық, жүздiк, мыңдықты бiлдiретiн сан есiмдер, бар, кел, жүр, ұш, отыр, тұр, жат тәрiздi етiстiк, апа, қарындас, ата, келiн, қайын т.б. сияқты туыстық атаулар ортақ болып келедi. Өмiрлiк мәнi бар мұндай атаулар әдетте ауыс-түйiстiкке жатпайды, сондай-ақ олар түркi тiлдерiнiң бiр негiзден, бiр ата тiлден тарағандығының белгiсi болып табылады. Грамматикалық шақ, жақ көрсеткiштерi мен негiзгi септiктердiң түркi тiлдерiне ортақ болып келуi олардың бiр ата тiлден тарағандығын, туыстығын көрсететiн ең сенiмдi тiлдiк деректер.
Туыстығы жағынан қарақалпақ, ноғай, өзбек тiлiнiң қыпшақ диалектiсi, сондай-ақ татар, қырғыз тiлдерi қазақ тiлiне ең жақын тiлдерге жатады. Туыстығы алыс саха, чуваш тәрiздi тiлдердi, туыстығы бiршама жақын, туыстығы өте жақын тiлдердiң деректерiн салыстыру арқылы тiлiмiздiң қандай көнелiк белгiлердi сақтағанын, дыбыстық, мағыналық жақтан қандай өзгерiстердi өткергенiн өз зерттеулерiнде тiл мамандары айқындап бередi. Ғылыми мәнi зор болғандықтан тiлдердiң туыстығына зерттеушiлер ерекше көңiл бөледi.
Сонымен‚ түркi тiлдерiнiң туыстығы олардың лексикалық мағынасынан, грамматикалық құрылысынан, дыбыс жүйесiнен нақты байқалады. Сондай-ақ түркi тiлдерiнiң әрқайсысына тән лексикалық, грамматикалық, фонетикалық өзгешелiктер де болады. Ондай өзгешелiктердi туыстас тiлдердiң деректерiн салыстыру арқылы байқауға болады.
Басқа түркi тiлдерiнде [б], [ғ], [г] дыбыстары келетiн орындарда қазақтар [у], [к], [қ] дыбыстарын қолданады:
аба-ауа, тағ-тау, гелдi-келдi, ғырмызы-қырмызы.
Басқа түркi тiлдерiнде [ш] дыбысы келетiн бiраз сөздерде қазақтар [c] дыбысын қолданады: баш-бас, таш-тас т.б.
Басқа түркi тiлдерiнде сөз басында [й] келетiн жерде қазақ тiлiнде [ж] дыбысы айтылады: йаш-жас, йол-жол, йаз-жаз, йыл-жыл т.б.
Кейбiр түркi тiлдерiнде дауысты дыбыстардың созыңқы түрi болса, қазақ тiлiнде ол жоқ: тау-тоо, ат-аат т.б.
(Нұргелді Уәлиұлы, филология ғылымдарының
докторы, профессор)
Қазақ тiлi жазба мәдениетi бар тiл
Ана тiлiмiздiң даму барысында қандай кезеңдерден өткенi, қай бағытқа қарай бет бұрғаны, әлемдiк мәдениетпен қандай тiлдiк байланыста болғанын байырғы жазба ескерткiштердiң тiлдiк деректерiмен салыстыру арқылы айқындалады.
Түркi тiлдерiнiң көбiне ортақ болып табылатын аса маңызды тарихи жазба мұралар негiзiнен үш дәуiрге бөлiнедi.
1. Көне түркi дәуiрi (III, VVIII ғасырлар). Бұдан мың жарым, екi мың жыл бұрынғы көне түркi жазуымен тасқа жазылған жазба дүниелердiң түркiтану, шығыстану ғылымында тiлдiк, тарихи, мәдени маңызы айрықша. Әсiресе V-VIII ғасырлардағы Талас, Орхон-Енисей жазба ескерткiштерi түркi мәдениетiнiң биiк деңгейде болғанын көрсетедi. Көне түркi дәуiрiне жататын жазба мұраларға Түркi қағанатының (мемлекетiнiң) ел құраған қайраткерлерi мен ел қорғаған қолбасылары Бiлге қаған, Тоныкөк, Күлтегiн, Мойынчордың басына қойылған ескерткiштердегi жазба мұралар жатады.
Аталмыш ескерткiштерде қазiргi түркi тiлдерiнде, оның iшiнде қазақ тiлiнде қолданылатын көптеген сөздер, жер-су атаулары, аспан денелерi, кiсi есiмдерi тәрiздi ономастикалық атаулар молынан ұшырасады. Қазақ тiлiндегi қосымшалардың, сөз тiркестерiнiң тарихы көне түркi дәуiрiне, тiптi одан да арғы кезеңдерге барып тiреледi.
2. Орта түркi дәуiрi. Бұл дәуiр екi кезеңнен тұрады: Қараханид және Алтын Орда кезеңi. Аталмыш дәуiрдiң бастапқы кезеңiнде түркi жұртшылығына ескi ұйғыр жазуы тарала бастады.
Қ а р а х а н и д к е з е ң i. Аталмыш кезеңдерде араб мәдениетi әлемдiк мәдениеттiң көш басында болып, ғылым мен бiлiмнiң, әдебиет пен өнердiң, iзгiлiк пен даналықтың өрiстеуiне жол ашып, соны серпiн бердi. Ғылымның жаратылыстану, медицина, философия т.б. салалары ерекше дамыды. Әлем әдебиетiнiң iнжу-маржаны саналатын көркем туындылар мен философиялық трактаттар дүниеге келдi. Отырардан шыққан отандасымыз, ғұлама ғалым әл- Фараби ғылымның жарық жұлдызы болды.
Ислам мәдениетi түркi халықтарының мәдениетiне, тiлiне айрықша ықпал еттi. Түркi тiлдерiне, оның iшiнде қазақ тiлiне ғалам, хакiм, ғылым, рақым, махаббат, ғарыш т.б. толып жатқан дерексiз ұғымдағы атаулар ендi.
Араб мәдениетiмен тығыз байланысты бұл кезеңнiң ерекшелiктерiн сипаттайтын араб жазуымен жазылған жазба дүниелерге Жүсiп Баласағұнның “Құтадғу бiлiк” (“Құтты бiлiк”) поэмасы, Махмұд Қашқаридың “Диуани луғат-ит түрiк” (“Түрiк сөзiнiң жинағы”) түркi тiлдерiнiң салыстырма сөздiгi, Ахмет Югнакидiң “ћибит-уль-хакаик” (“Ақиқат сыйы”) атты еңбегi, Қожа Ахмет Яссауидiң “Диуани Хикмати” (“Даналық кiтабы”) атты шығармалары жатады. Мерзiмi жағынан бұл кезең ХХII ғасырларды қамтиды [57; 3-7-бб.].
А л т ы н О р д а к е з е ң i. Аталмыш кездегi тiлдiк ерекшелiктердi көрсететiн Хорезмидiң “Мұхжаббатнамесi”, Құтба ақынның “Хұсрау-Шырыны”, Сайф Сарайдың “Гүлистан-бит түркиi” (“Түрiк тiлiндегi Гүлстан”), Рабғузидiң “Қисса сұләнбиясы”, қыпшақ жазбаларының бiрi “Кодекс куманикус” сөздiгi жатады. Бұл кезең мерзiмдiк жағынан ХIIХV ғасырларды қамтиды [57].
Бұл кезеңдегi көркем туындылар ХVХIХ ғасырлардағы қазақ жыраулары мен ақындарының сөз байлығы мен тiл өрнегiне ерекше әсер еттi. Әсiресе көркем әдебиет тiлi жаңа мазмұндағы тұрақты сөз орамдары мен бейнелi тiркестермен байи түстi. Бұл кезеңдегi жазба туындылар, сондай-ақ қазақ қоғамындағы араб әлiпбиiне негiзделген ескiше жазба тiлдiң қалыптасуына игi әсерiн тигiздi. ХV ғасырлардан бастауын алатын қазақтың ескi жазба тiлi ХХ ғ. басына дейiн қолданылып келдi де, халықтық негiздегi жазба тiлмен ұласып кеттi.
Ж а ң а т ү р к i д ә у i р i ХV ғасырдан қазiрге дейiн. Жаңа түркi дәуiрiнiң бастапқы кезеңiнде (ХIVХVғғ.) көптеген түркi этностары тайпалық одақтар мен ру-тайпалық бiрлестiктер, мемлекеттiлiгiнiң болуымен, елдiкке жетуiмен байланысты халық, ұлт болып қалыптаса бастады. Осы кезеңнiң өзiнде-ақ қазақ тiлiнiң халық, ұлт тiлi ретiндегi бейнесi айқындала түстi. Алтайдан Атырауға дейiнгi күллi қазақ ру-тайпаларының бәрiне ортақ сөздiк қоры мен сөздiк құрамы, сөйлем жүйелерiнiң түрлерi, дыбыс құрылысы болды. Басқаша айтқанда, халықтық, ұлттық тiлдiң бiртұтас сомдалған өзегi қалыптасты. Бұлар халық тiлiнiң тұрақты элементтерi деп аталады. Әрине, халық тiлiнiң сомдалған өзегiнен тысқарылау жатқан, әр жерде әртүрлi дыбысталатын (киiз кигiз, құман құмған,) әр түрлi ұғынылатын там “үй”, там “мола” т.б. тәрiздi элементтер кездеседi. Бұлар белгiлi бiр аймақта ғана кездеседi. Халық тiлiндегi ортақ элементтерге қарағанда қолданылатын шекарасы бар шеткерi элементтердiң саны мүлде аз, жуық шамамен жетi-сегiз пайыздан аспайды.
Жаңа дәуiрдiң бастапқы кезеңiнде қазақ қоғамында араб жазуы қолданыла бастады. Жазу-сызудың бұл түрi Орта түркi дәуiрiндегi, Алтын Орда кезеңiндегi жазба ескерткiштердiң тiлiнiң негiзiнде пайда болды және сол кезеңдердiң емле үлгiсiмен жазылды, яғни халық тiлiнiң, сөйлеу тiлiнiң дыбыс жүйесiне негiзделмеген болатын, лексикалық жүйесiнде жұртшылыққа бейтаныстау араб, парсы сөздерi көп кездесетiн. Дегенмен бертiн келе халық тiлiнiң, сөйлеу тiлiнiң элементтерi аталмыш тiлдiң дыбыс, сөз жүйесiне бiрте-бiрте ене бастады. Сөйтiп, бiршама халық тiлiнiң дыбыс, сөз ерекшелiктерiн бейнелейтiн қолданыстар қалыптасып, жүйелi түрде жұмсала бастады. Сөйтiп‚ қазақ қоғамында ескi қазақ жазба тiлi деп аталатын жазба тiл қалыптасты.
Е с к i қ а з а қ ж а з б а т i л i. Араб әлiпбиi негiзiндегi қазақтың ескi жазба тiлi шамамен ХV ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейiнгi аралықта қызмет еттi. Ол негiзiнен Қазақ хандығы iсқағаздарында, дипломатиялық қарым-қатынас iсiнде қолданылды. Қадырғали би Жалайыридiң “Жамиғ-ат тауарихы” [150], Әбiлғазы баћадүр ханның “Шежiре түрки” атты тарихи жылнамаларын аталмыш жазу үлгiлерiне жатқызуға болады [151]. Ескi қазақ жазба тiлiнiң үлгiлерiне Махамбет Өтемiсұлы, Әбiлхайыр ханның Ресей патшасы Елизаветаға жолдаған дипломатиялық жазбаларын, Ш.Уәлихановтың хат-қағаздарының тiлi т.б. жатады. Мүрсейiт қағазға түсiрген Абайдың қара сөз түрiндегi шығармаларының тiлiн ескi қазақ жазба тiлiнiң үлгiлерi деп тануға болады. Ескi қазақ жазба тiлiнiң нормалары‚ әсiресе ХIХ ғасырдың аяғына таман сөйлеу тiлiнiң ықпалына көбiрек ұшырап, халық тiлiнiң элементтерi жүйелi сипат ала бастады. Бұл тұста iлгерiшiл демократиялық бағыт ұстанған “Айқап” журналы, “Қазақстан” газетi т.б. осы сияқты басылымдардың орны ерекше болды. Әсiресе ХХ ғ. басындағы көркем әдеби шығармалар тiлiнде сөйлеу тiлiнiң нормалары айқын көрiндi, бiрақ ескi жазба тiлiне тән сөз үлгiлерi де жиi кездесiп отырды.
Ескi қазақ жазба тiлiнiң сол кездердегi қазақ қоғамы үшiн тарихи-мәдени маңызы аса зор болды. Өйткенi ол қоғамдық сананың құқықтық, ғылымдық, эстетикалық (көркемдiк) түрлерiн қалыптастыру мен дамытудың тiлдiк құралы ретiнде жұмсалды. Олай болса, ескi қазақ жазба тiлi мәдени ұлттық тарихымызда ерекше құндылық деп танылуға тиiс.
Ескi қазақ жазба тiлiнiң емле жүйесi тым күрделi болды. Себебi оның тiлдiк жүйесiнде, бiрiншiден, Қараханид дәуiрiнен келе жатқан байырғы түркiлiк сөздер мен тұлғалар, екiншiден, қалың жұртшылық бiле бермейтiн араб, парсы сөздерi, үшiншiден, қазақтың кәдiмгi сөйлеу тiлiне тән элементтер болды. Жазба тiлi жүйесiнде мұндай үш түрлi элементтердiң аралас-құралас жүруi, оның емле жүйесiн оқып игеруде көп қиындық келтiрдi. Сондай-ақ қазақтың ескi жазба тiлiн халықтың белгiлi бiр әлеуметтiк тобы ғана қолданды. Жалпыхалықтық игiлiкке айналып, бұқаралық сипат ала қоймады.
Т ө т е ж а з у. ХХ ғ. басында халқымыздың ұлы перзентi, ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы ескi қазақ жазба тiлiн күллi қазақ халқының игiлiгiне айналдыру идеясын ұсынды. Басқаша айтқанда, жазу-сызуды демократияландыру арқылы күллi халықты сауаттандыру iсiне бар бiлiмiн, күш-жiгерiн салды. Халықты жаппай сауаттандыруды, бiлiм берудi тезiрек қолға алмаса, қазақ қоғамының заман ағымына iлесе алмай, қалып қоятынын терең түсiне бiлген ғалым жүйесi аса күрделi ескi қазақ жазба тiлiне түбегейлi реформа жасады. Алдымен‚ ол араб әлiпбиiн пайдалана отырып, халық тiлiнiң тоғыз дауысты (а-ә, ы-i, о-ө, ұ-ү, е) және он тоғыз дауыссыздан (б-п, д-т, г-к, ғ-қ, ж-ш, з-с, й, л, м, н, ң, р, у) тұратын дыбыс жүйесiн негiзге алып, қазақ әлiпбиiн түздi. А.Байтұрсынұлы ұсынған жазба тiл нормасы бiрыңғай халықтық тiлдiң сөз, грамматика, дыбыс жүйесiне сүйендi, соларды таяныш еттi, ескiтүркiлiк сөз үлгiлерi мен қалың жұртшылыққа түсiнiксiз араб, парсы элементтерiнiң қолданылуы шектеулi болды. А.Байтұрсынұлы жазуы халықтық тiлдiң сөз үлгiлерiн жазба тiлде бiрiздi қолданудың жүйесiн жасады. Сөйтiп, А.Байтұрсынұлы халық тiлiне негiзделген жазбаша тiлдiң тұңғыш рет оқулықта, оқу құралдарында заңдастырылған нормасын (кодификацияланған нұсқасын) жасады. Тiлiмiздiң заңдастырылған жазу нормаларын А.Байтұрсынұлы негiздеп бердi.
А.Байтұрсынұлы ұсынған жазу жүйесi жалпақ жұртшылықтың ықыласына бөлендi. Ден қойған адам оны бiр-екi айдың iшiнде-ақ үйренiп алатындай 24 әрiптен тұратын жүйесi ұғымға жеңiл, емлесi оңай болды. Жұртшылық сондықтан бұл жазуды бұрынғы жазудан бөлектеп, төте жазу, төте оқу деп атады. А.Байтұрсынұлының төте жазуын тек қазақ зиялылары ғана емес, әлемдiк тiл ғылымының (лингвистиканың) көрнектi өкiлдерiнiң бiрi Е.Д.Поливанов, фонетика зерттеушiсi Яковлев т.б. арнайы тексере келiп, аса жоғары бағалады. Алайда төте жазудың Кеңестер Одағындағы ғұмыры ұзаққа бармады. 1929 жылы қазақ жазуы латын графикасына негiзделген, 29 әрiптен тұратын жазуға көштi. Ал 1940 жылы қараша айынан бастап латын негiздi қазақ жазуы 41 әрiптен тұратын осы күнгi орыс графикасына бейiмделген жазуға көштi. Ал ҚХР-дағы миллионнан астам қандастарымыз осы күнге дейiн төте жазуды қолданып келедi. Онда төте жазумен оқулықтар, оқу құралдары, газет-журналдар, әр түрлi кiтаптар шығады [1].
(Нұргелді Уәлиұлы, филология ғылымдарының
докторы, профессор)
Тапсырма: 1. Қазақ тілі жазба мәдениетінің даму тарихын дәптерге кестеге түсіріп келіңіздер.
2. Латын әліпбиіне көшу мәселесі жөнінде мәліметтер іздестіріп, ол туралы әңгімелеңіздер.
Қазақ тiлi кемел тiл. Тiлдiң кемелдiгiн көрсететiн негiзгi белгiлердiң барлығы да қазақ тiлiнiң құрылым жүйесiнен толық табылады.
Грамматика жүйесiнде уақыт пен кеңiстiкке қатысты модальдық мағыналардың бейнеленуi; сан‚ сапа‚ себеп-салдарлық‚ қатыстық‚ қимылдың өту сипаты тәрiздi т.б. грамматикалық мағыналардың болуы; грамматикалық субъектi мен объектiнiң аражiгiнiң айқын көрiнуi және олардың логикалық субъектi мен объектiден ажыратылуы тiлдiң грамматикалық құрылымының дамығандығын көрсететін негiзгi белгiлер болып табылады. Грамматикалық құрылыстың ежелден келе жатқан негiзгi категориялары қазақ тiлiнде барынша тұрақты екенi байқалады.
Дамыған тiлдiң негiзгi белгiлерiнiң бiрi сөз байлығы. Сөз байлығы дегенiмiз тек сандық көрсеткiш қана емес. Ол‚ ең алдымен‚ сөз алуандығы деген ұғымды қамтиды. Ал сөз алуандығы дегенiмiз не? Әдетте, тiлде ақиқат дүниедегi әрбiр зат‚ құбылыстың бас-басына телiнген атаулары бар. Олар әрбiр затты даралап көрсетедi (изен‚ жусан‚ тырнақ‚ саусақ‚ шынтақ т.б.), сонымен қоса‚ ең бастысы‚ олардың басын бiр ұғымға жинақтайтын (қара от; қол тәрiздi) атаулардың; деректi атаулармен бiрге (мектеп‚ кiтап т.б.) бейдерек атаулардың (бiлiм‚ өнеге‚ тәрбие‚ ұғым‚ өнер т.б.); сондай-ақ сезiм-күйдi көрсететiн (монтию‚ жайраңдау‚ томсыраю‚ күлiмсiреу т.б. тәрiздi) сөздермен қоса ой-танымдық (интеллектуалдық) мазмұндағы (қанағат‚ абырой‚ ар-ұят‚ адамгершiлiк тәрiздi) сөздердiң болуы, қазақ тiлi лексикалық жүйесiндегi сөздердiң алуан түрлiлiгi сөз байлығының сапасын көрсетедi.
Халықтың тарихи тағылымы‚ көргенi мен көңiлге түйгенi‚ логикалық‚ эстетикалық таным-бiлiмi қазақ тiлiнiң сөз байлығында жинақталған. Қазақ тiлi осылардың субстанциялануы‚ материализациялануы. Қазақ тiлi жалпыадамзат өмiрiнiң барлық салаларында жасалған аса маңызды бiлiмдi, қорытылған тәжiрибенi кемел тiл ретiнде өзiнiң сөздiк қоры мен сөздiк құрамында жинақтаған тiл. Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл деген жоғары мәртебеге ие болуы ендiгi жерде оның жинақтауыш қызметiне тән мүмкiндiктерiн кеңiнен аша түспек.
Кемел тiлге тән тағы бiр негiзгi белгi небiр нәзiк айырмашылықтарды дәл көрсете алатын тiлдiк амал-тәсiлдердiң болуы; ең бастысы‚ тiлдiк-стильдiк құралдардың‚ амал-тәсiлдердiң 1) бейтарап‚ 2) кiтаби‚ 3) сөйлеу тiлi деп аталатын үшендiк (триадалық) жүйе құруы. Қазақ әдеби тiлiнiң қарамағындағы құралдардың үшендiк жүйесi өз iштерiнде әрi қарай тарам-тармақтарға бөлiнедi. Әдеби тiлдiң кiтаби тiл және сөйлеу тiлi деп аталатын типтерi бар. Ал кiтаби тiлдiң көркем әдебиет стилi‚ ғылыми стиль‚ ресми стиль‚ публицистикалық стиль деп аталатын салаларға тарамдалуы оның қоғамдық өмiрдiң барлық саласындағы қарым-қатынастың жүзеге асуын қамтамасыз ете алатынын көрсетедi.
Тiлдiң кемелдiгiн танытатын осындай объективтi белгiлерге қарағанда қазақ тiлi өз мүмкiндiгiн жарыққа шығарған‚ яғни құрылым жүйесi дамыған тiлдердiң санатына жатады. Қазақ тiлiнiң мұндай дәрежеге жетуi‚ әрине‚ ондаған ғасырларда әртүрлi кезеңдерден‚ қазақ этносының рулық‚ тайпалық‚ тайпалық одақ‚ халық болып қалыптасып‚ ұлт болып ұюы‚ ата кәсiбi‚ ата жұрты тарихымен‚ шаруашылығы‚ мәдениетi‚ мемлекеттiлiгiнiң болуымен тығыз байланысты. Қазақ тiлi әрқилы тарихи кезеңдерден өте келе қазақ халқының (ұлтының) ұлттық тiлi болып қалыптасты.
Қазақ тiлi қазақ халқының ұлттық әдеби тiлi. Қазақ тiлi небiр күрделi ойды‚ аса нәзiк мағыналық реңктердi дәлме-дәл бере алатындай құрылымы мен жүйесi дамыған‚ стильдiк тармақтары сараланған‚ сөз байлығы аса мол‚ ұлттық тiл деңгейiне көтерiлген қазақ халқының ұлттық тiлi‚ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi.
Қазақ тiлi Әлемдiк тiл кеңiстiгiнде қайталамасы жоқ‚ ғасырлар бойы гуманизм мен прогреске‚ қазақтардың ұлттық тұтастығы мен бiрлiгiн нығайтуға қызмет етiп келе жатқан тiл.
Қазақ тiлiнде адамгершiлiк пен бауырмалдықты‚ өнеге мен iзгiлiктi уағыздайтын небiр көркем сөз үлгiлерi жасалған. Абайдың ойшылдыққа толы ұлы мұрасы‚ М.О.Әуезов сомдаған көркем дүниелер ұлттық шеңберден шығып‚ әлемдiк деңгейдегi өркениетке үлес болып қосылуы қазақ тiлiнiң эстетикалық‚ дүниетанымдық қуатының басқа да әлеуметтiк мүмкiндiгiнiң аса зор екенiн танытады.
Жалпыхалықтық қазақ тiлiнiң әдеби тiл‚ қарапайым сөйлеу тiлi‚ жергiлiктi сөйлеу тiлi (диалект) тәрiздi түрлерi бар. Жалпыхалықтық тiлдiң жергiлiктi сөйлеу тiлi‚ қарапайым сөйлеу тiлi тәрiздi түрлерiне қарағанда‚ әдеби тiл өзiнiң қырналып‚ екшелiп‚ сымбатталғанымен‚ тiл тұтынушылардың бәрiне ортақ нормаларының қалыптасқанымен‚ функционалдық стильдiк тармақтарының саралана түскенiмен ерекшеленедi. Жалпыхалықтық тiлдiң ең жоғары формасы болып табылатын қазақ әдеби тiлi қазақ халқының қоғамдық өмiрiнiң барлық саласында дерлiк қызмет етедi. Оның қоғамдық өмiрдiң бұқаралық ақпарат; көркем әдебиет; ғылым-бiлiм; ресми‚ құқық‚ саясат салаларында және тұрмыста қолданылатын стильдiк тармақтары бар.
Өзiнiң әлеуметтiк мүмкiндiгiн аша түсу үшiн әдеби тiлдiң нәр алып отыратын қайнар көздерi болуға тиiс. Қарапайым сөйлеу тiлi‚ жергiлiктi сөйлеу тiлi қазақ әдеби тiлiн байытудың бұлақ көздерi болып табылады. Сондай-ақ байырғы кездегi ауызша әдеби тiлдiң үлгiлерi (жыраулар әдебиетi‚ эпикалық‚ тарихи жырлар т.б.) және бастауын шағатай‚ ортаазиялық түрки тiлiнен алатын қазақ топырағында жасалған қазақ ескi кiтаби тiл үлгiлерi де қазiргi қазақ әдеби тiлiн байытудың көздерiне жатады. Қазақ тiлi “өз буына өзi семiрiп‚ өз қазанында ғана қайнаған тiл емес”. Оның өзге де ұлт тiлдермен алыс-берiсi бар. Сөз қатарын ауыс-түйiс жолымен молықтыру әсiресе лексика-терминология жүйесiнен айқын байқалады.
Әсiресе ауызша дәстүрде дамыған эпос‚ тарихи жырлар‚ ақын-жыраулар поэзиясы тәрiздi көркем эпикалық шығармалар мен ұлы Абай бастаған алыптар шоғыры жазба дүниелерiнің стандартты тiлдiк нормаларды қалыптастыруда рөлi айрықша болды. Сондықтан да байырғы эпикалық шығармалар мен ХVХIХ ғғ. ақын-жыраулар поэзиясындағы ауызша тiл мен жазба тiл дәстүрлерiндегi сөз үлгiлерi бүгiнгi әдеби тiлдiң нәр алатын ең басты бұлақтары болып отыр. Өйткенi әдеби тiлдiң ең жақсы үлгiлерi жазбаша‚ ауызша тараған тарихи-мәдени мұраларда ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастығы үзiлмей үздiксiз жетiп отырған.
Қазақ әдеби тiлiн жасаушы халықтың өзi. Әдеби тiлдiң қалыптасуы мен дамуына аса көрнектi сөз зергерлерi‚ мәдениет‚ ағарту‚ бiлiм мен ғылым‚ қоғам қайраткерлерi ерекше еңбек сiңiрiп‚ үлес қосты. Әдеби тiлдегi көркем сөз‚ даналық сөз‚ танымдық‚ тәрбиелiк сөз үлгiлерiн ұрпақтан ұрпаққа жеткiзiп отырды. Тiлдiк құралдарды саралап‚ талғап қолданудың үлгiсiн көрсете отырып‚ тiлдiң iшкi мүмкiндiктерiне сүйене келiп‚ өздерiнiң тыңнан жасаған бедерлi сөз өрнектерiмен әрдайым әдеби тiлдiң байып‚ сапалық дамуына әсер еттi. Сөйтiп, әдеби тiлдiң дәлдiк, өткiрлiк, байлық, икемдiлiк, серпiндiлiк тәрiздi iшкi қуатын шыңдай түстi.
Тiлдiк ұжымның дүниетанымының кеңеюi‚ ақыл-ойының кемелденуi тiлдiң құрылым жүйесiнiң дамуына әсер етедi. Ал тiлдiң лексика-грамматикалық құрылым-құрылысындағы сапалық даму қоғамдық ой-сананың түрлерiн қалыптастыру мен дамытудағы‚ қоғам мәдениетiн жетiлдiрудегi‚ объективтi ақиқат туралы әлеуметтiк таным-бiлiмдi жинақтаудағы‚ оны шашаусыз ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзудегi‚ тәрбие берудегi‚ адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеудегi тiлдiң қызметiн күшейте түседi. Сөйтiп‚ қоғам тiлдi дамытса‚ өз кезегiнде тiл қоғамдық сананың дамуына да ықпалын тигiзедi.
Қазақ тілі мемлекет құрушы этностың тілі. Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995), Тiл саясаты туралы тұжырымдамасы (1996) және осыларға негiзделген Қазақстан Республикасындағы Тiл туралы Заңы (1997) республикадағы тiлдердiң ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретiнде қызмет етуiн және тiл алуандығын көздейдi. Республикада мемлекеттiк тiл ретiнде бiр ғана тiлге қазақ тiлiне конституциялық мәртебе берiлiп отыр.
ҚР-да қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiнде қызмет етуiнiң бiрнеше алғышарттары бар. Атап айтқанда, сол тiлдi қолданушылар санының жеткiлiктi болуы, табиғи және табиғи емес тiлдiк ортаның болуы, Республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмiрдiң әр алуан саласында қызмет етуi және ауызша әрi жазбаша түрде қызмет етуi сияқты сыртқы факторлардың болуы, сондай-ақ қазақ тiлiнiң құрылым-жүйесi жетiлген, лексика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша дәстүрi бар ұлттық тiлдердiң бiрi ретiндегi iшкi тiлдiк факторлардың болуы қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiнде қызмет етуiне мүмкiндiк бередi.
Мiне, осы айтылғандардың барлығы қазақ тiлiнiң Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiл ретiнде қызмет етуiне аса қажеттi алғышарттардың жеткiлiктi және қазақ тiлiнiң iшкi әлеуеттiк мүмкiндiктерiнiң мол екенiн көрсетедi.
Мемлекеттiк тiлдiң қоғамдық қызметi. Мемлекеттiк тiлдiң қоғамдық қызметi қоғамдық өмiрдiң аса маңызды мынадай салаларында жүзеге асады: басқару, ақпарат, бiлiм беру мен тәрбие (мектепке дейiнгi мекемелер, бастауыш, орта мектеп, жоғары мектеп), ғылым мен техника (ғылыми-зерттеу мекемелерде); қоғамдық ғылымдар, жаратылыстану мен нақты ғылымдар, техникалық және қолданбалы ғылым, экономика салаларында, ғылымның жалпыға ортақ салаларында, ғылымның салааралық түрлерiнде, бұқаралық ақпарат құралдары саласында, iс жүргiзу саласында; мемлекеттiк, қоғамдық-саяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда; дене тәрбиесi, спорт, туризм; денсаулық сақтау мен емдеу мекемелерiнде; қоғамдық тамақтандыру орындарында; мәдени мекемелерде (театр, кино); дипломатиялық қарым-қатынаста; әскери-патриоттық тәрбие және бiлiм беру iсiнде; шаруашылық жүргiзу және ұйымдастыруда; өндiрiс және өнеркәсiп орындарында; Қазақстан Республикасында өтетiн республикалық, республикааралық‚ халықаралық құрылтай, конференция, мәжiлiс, жиындар т.б. Сонымен, қазақ тiлi дәстүрлi, тұрақты, қатаң тiлдiк нормасы бар, стильдiк тармақтары сараланған, жалпыхалықтық тiлден ұлттық деңгейге көтерiлген тiл.
Мемлекеттiк тiлдiң жоғарыда аталған қоғамдық қызметiн мiнсiз атқаруы үшiн оның ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлi нормаларын қатаң сақтау, жарыспалы қолданыстарды (босаң нормаларды) ғылыми негiзде саралап, тиiмдi нұсқаларын сөздiктер мен грамматикаларда дер кезiнде заңдастырып отыру аса қажет. Тiлдiк нормамен байланысты мұндай шаралар мемлекеттiк тiлдiң мәдениетiн көтередi.
* * *
Сөйтiп‚ жоғарыда айтылғандарды қорыта келе‚ бiздiң ана тiлiмiз “қазақ тiлi қандай тiл?” деген сұрауға қысқаша былай деп жауап беруге болады:
- түпкi түрiн сақтаған түркi туыстас байырғы тiл;
- ежелден жазба мәдениетi бар тiл;
- әдеби тiл‚ жергiлiктi тiл (диалектi)‚ сөйлеу тiлi‚ қарапайым сөйлеу тiлi ескі жазба тіл тәрізді қайнар көздері бар ұлттық тіл;
- демографиялық тiрегi бар тiл;
- дәстүрлі нормасы бар әдеби тіл;
- құрылым-құрылысы кемелденген, сөз байлығы аса мол тiл;
- егемен Қазақстан Республикасы өз қамқорлығына алған мемлекеттiк тiл.
Міне, қазақ тілінің қандай тіл екенін байқататын мұндай деректер тілдік тұлғаның санасында болуы шарт.
(Нұргелді Уәлиұлы, филология ғылымдарының
докторы, профессор)
Заманнан заман оралған...
Кейбір мамандар көшпенділерге тән монолингвизмді сонау скиф заманынан бермен қарайғы құбылыс деп санайды. Алайда, ежелгі хун замандарынан Оңтүстік Сібірден Балқанға дейін созылып жатқан малшы-жаугерші этностық топтардың бір тілде сөйлегендерін дәлелдейтін деректер баршылық. Үйсін, қаңлы, оғыз-түрік, қарлық, түркеш, қыпшақ мемлекеттері заманында да шекара алуандығымен болғанмен, тіл әрұдайылығы болмағанға ұқсайды. Басқаны айтпағанда, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани еңбектері жеткілікті айғақ бола алғандай. Әріге кетпеген күннің өзінде де, өз заманында Еуразиядағы ең үлкен мемлекет болған Алтын Орда империясының басты түсінісу құралы қыпшақ болғаны, ал оның қалыптасуы мен жан-жаққа таралуының қайнар көзі бұрынғы қыпшақ, қазіргі қазақ даласы болғаны әмбеге аян. Содан бері қазақтар сол баяғы атамекенінде ешқайда табан серіппей баянды мекен етіп келеді. Сол баяғы сөйлеген тілінде сөйлеп келеді.
(Ә.Кекілбай. Тіл және тәуелсіздік.
Астана, 2007. 123-124 бб.)
PAGE 5