Будь умным!


У вас вопросы?
У нас ответы:) SamZan.net

Дипломатиялы~ ~атынастар

Работа добавлена на сайт samzan.net: 2016-03-13

Поможем написать учебную работу

Если у вас возникли сложности с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой - мы готовы помочь.

Предоплата всего

от 25%

Подписываем

договор

Выберите тип работы:

Скидка 25% при заказе до 21.5.2024

1 ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР

1.1 Дипломатия туралы жалпы түсінік

1.2 Дипломатиялық қатынастарды орнату тәртібі

1.3 Тұрақты дипломатиялық миссияларды ашу

1.4 Дипломаттар мен елшілерді қызметке тағайындау тәртібі. Агреман

1.5 Мемлекеттің тәуелсіздігін тану тәртібі және оның жолдары

1.6 Сенім грамотасын және кері шақыру грамотасын тапсыру тәртібі

1.7 Дипломатиялық қатынастардың болмау мәселесі және оның шешілу жолдары

1.8 Дипломатиялық қатынастардың бәсеңдеуі немесе қайшылықты сипат алуы

1.9 Дипломатиялық миссия қызметкерлерінің «персона нон грата» ретінде жариялануы және оның себептері

Дипломатия – мемлекеттің сыртқы саясаты мен стратегиясын жүзеге асыратын құралдардың, әдіс-тәсілдердің, механизмдердің, айла-амалдардың жиынтығы.

Дипломатия – әскери емес практикалық әдістердің жиынтығы. Сонымен қатар мемлекет және үкімет басшыларының, сыртқы істер министрлігінің, сыртқы істер ведомстволарының, шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктердің және халықаралық конференциядағы миссиялардың мемлекеттердің сыртқы саяси мақсаттары мен мүдделерін жүзеге асыру, мемлекеттің және шетелдердегі оның мекемелері мен азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы ресми қызметі.

Дипломатия түсінігімен келіссөздер жүргізу өнерін өзара байланыстырады. Дипломатияның негізгі мақсаты – мемлекетаралық және халықаралық дау-жанжалдардың алдын алу және реттеу, өзара тиімді компромистер мен шешімдерді табу, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету.

Мемлекеттер арасында дипломатиялық қатынастар олардың үкіметтері арасындағы кез келген сипаттағы достастық байланыстар негізінде орнатылады. Бірақ тұрақты дипломатиялық қатынастардың болуы тек дипломатиялық миссиялар ашылған жағдайда мойындалады. Олар өзара келісім бойынша және миссияға жүктелетін функцияларды өзара анықтау негізінде орнатылады. 1961 жылы қабылданған «дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында» белгіленген бұл функциялар төмендегідей:

1) бағыттаушы мемлекеттің атынан қабылдаушы мемлекетте өкілдік етуі;

2) халықаралық заңдар аясында бағыттаушы мемлекеттің және оның азаматтарының қабылдаушы мемлекеттегі мүдделерін қорғау;

3) қабылдаушы мемлекеттің үкіметімен келіссөздер жүргізу;

4) заңды жолдармен қабылдаушы мемлекеттегі жағдайлар мен оқиғалар туралы ақпарат жинап, ол туралы өз мемлекетіне хабарлау;

5) екі мемлекет арасындағы достастық пен ынтымақтастықты дамыту.

Дипломатиялық функциялардан бөлек дипломатиялық миссияның қызметкерлері консулдық міндеттерді де атқара алады.

Дипломатиялық миссияның ашылуына рұқсат берген мемлекет бірқатар маңызды міндеттерді атқаруы тиіс: ол шет елдік дипломатиялық миссиялардың дұрыс әрі жүйелі түрде жұмыс істеуі үшін оларға қолайлы жағдайды қалыптастырып, ерекше артықшылықтар беруі қажет. Сондай-ақ ол миссияның қызметкерлеріне өз функцияларын ешқандай кедергісіз және қауіп-қатерсіз атқаруы үшін оларға жекелей артықшылықтар мен жеке бас қауіпсіздігін беруі қажет.

Халықаралық құқыққа сәйкес жаңа мемлекетті танудың екі түрі бар:

1) де факто; 2) де юре.

1. Де факто тұрғысынан мойындау толық сипатқа ие емес. Белгілі бір мемлекеттің үкіметі жаңа пайда болған мемлекеттің өмір сүру фактiсiн мойындағанымен, онымен тікелей дипломатиялық қатынастарды орнатпайды. Алайда онымен іскерлік байланыстарды орнатуға барады. Мәселен, сауда-саттық.

2. Де юре немесе толық дипломатиялық тұрғыдан мойындау ең алдымен дипломатиялық қатынастарды орнатуды өзара келісім бойынша дипломатялық өкілдіктермен алмасуды, сауда, экономикалық, мәдени және өзге салалардағы өзара тиімді байланыстарды дамытуды білдіреді.

Дипломатиялық хаттамада жаңа мемлекетті мойындаудың құжаттық рәсімделуінің келесі түрлері таралған: мемлекет және үкімет басшыларының мәлімдемелері, ноталар алмасу және т.б. Ноталардың өзі екіге бөлінеді: вербальды және вербальды емес. Мәселен, АҚШ-тың Кеңестік Ресейді де-юре түрінде мойындауы мен екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауы АҚШ президенті мен Кеңес Одағының Сыртқы істер жөніндегі халық комиссары арасында алмасқан нотада көрініс тапты.

АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ

КСРО СЫРТҚЫ ІСТЕР ХАЛЫҚ КОМИССАРЫ

М.М. ЛИТВИНОВКЕ НОТАСЫ

Ақ Үй, Вашингтон

16 қараша 1933 ж.

Құрметті Литвинов мырза,

Мен Сізге біздің өзара келіссөздер жүргізу нәтижесінде Құрама Штаттар Үкіметінің Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Үкіметімен толыққанды дипломатиялық қатынастарды орнату және Елшілермен алмасу туралы шешім қабылдағанын аса қуанышпен хабарлаймын.

Мен біздің халықтар арасында орнап отырған дипломатиялық қатынастар мәңгілікке толыққанды және достастық сипатта болатынына, бұдан былай біздің ұлттар өзара тиімділік пен бүкіл әлемдегі бейбітшілікті қорғау үшін ынтымақтасатынына кәміл сенемін.

Құрметті Литвинов мырзаға аса ілтипатпен

Франклин Д. Рузвельт

КСРО СЫРТҚЫ ІСТЕР ХАЛЫҚ КОМИССАРЫНЫҢ

АҚШ ПРЕЗИДЕНТІНЕ НОТАСЫ

Вашингтон

16 қараша 1933 ж.

Құрметті Президент мырза,

Мен Сізге Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Үкіметінің Құрама Штаттар Үкіметімен толыққанды дипломатиялық қатынастарды орнатуға және Елшілермен алмасуға аса қуанышты екенін хабарлағаныма шексіз бақыттымын.

Мен де біздің халықтар арасында орнап отырған дипломатиялық қатынастар мәңгілікке толыққанды және достастық сипатта болатынына, бұдан былай біздің ұлттар өзара тиімділік пен бүкіл әлемдегі бейбітшілікті қорғау үшін ынтымақтасатынына шексіз үміттенемін.

Құрметті Президент мырзаға аса ілтипатпен

Максим Литвинов

Кеңес Одағының Сыртқы істер жөніндегі

Халық комиссары

Кеңес Одағы мен Канада арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауы мен Москва мен Оттавада дипломатиялық өкілдіктердің ашылуы 1942 жылы 12 маусымда Лондонда Ұлыбританиядағы КСРО-ның Төтенше және Өкілетті Елшісі И.М. Майский мен Англиядағы Канаданың Жоғарғы Өкілі Мессей арасында жасалынған арнайы келісімде көрініс тапты.

КЕҢЕСТІК СОЦИАЛИСТІК РЕСПУБЛИКАЛАР ОДАҒЫ МЕН КАНАДА ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ КЕЛІСІМ

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Үкіметі мен Канада Үкіметі төмендегілер бойынша келісті:

1. Екі үкімет тікелей дипломатиялық қатынастарды орнату мен өкілдермен алмасу туралы уағдаласты.

2. Бұл келісім қол қойғаннан кейін бірден өз күшіне енеді және ратификациялауды қажет етпейді.

3. Бұл келісім екі данада жасалынды, ағылшын және орыс тілдерінде. Екі мәтіннің күші бірдей.

Кеңестік Социалистік                                                               Англиядағы

Республикалар Одағының                                                       Канаданың

Төтенше және                                                                            Жоғарғы Өкілі

Өкілетті Елшісі                                                                          МЕССЕЙ

МАЙСКИЙ

Дипломатиялық практика мен тарихи тәжірибе дипломатиялық қатынастарды орнату мен елшілермен алмасу туралы келісімді құжаттық тұрғыдан ресімдеу болашақта қандай да бір түсініспеушіліктің туындауына жол бермейтінін көрсетеді.

Соңғы уақыттарда мемлекеттердің басым бөлігі ережеге сәйкес дипломатиялық өкілдіктерді ашуды елшіліктер деңгейінде реттейді. Бұл қағидадан үлкенді, кішілі мемлекеттердің егеменді теңдігін көрсетеді.

Мемлекеттердің арасындағы дипломатиялық қатынастардың үздіксіз дамуы уақыт өте келе бір-бірінің жерінде дипломатиялық өкілдіктерді ашу және елшілермен алмасу қажеттігін тудырды. Мәселен, XVI ғасырда Венеция мемлекеті Вена, Париж, Мадрид, Рим және өзге де жетекші еуропалық елдердің астаналарында өз дипломатиялық өкілдіктерін ашты. Ағылшын дипломаты Э. Сатоудың (1843-1929 жылдар) «Дипломатиялық практика бойынша нұсқаулық» ебегінде «елші» сөзі (французша – «ambassadeur», ағылшынша – «ambassador») бұрын «вассал», «жақтаушы» секілді түсініктен шыққандығы айтылады. XVI ғасырда түрлі тілдерге енген бұл сөз мемлекет басшыларының өкілдеріне, яғни елшілерге қатысты қолдана бастады.

Егер мемлекеттердің арасында дипломатиялық қатынастар алғашқы рет орнатылса, елші (төтенше және өкілетті елші) келгенге дейін сол елге елшілік ғимаратын ашылуға және жұмысқа дайындау мақсатында бір топ дипломатиялық және әкімшілік-техникалық қызметкерлер аттандырылады. Солардың ішіндегі ең жоғарғы рангке ие дипломат өзімен бірге өз елінің сыртқы істер министрінің хатын алып келіп, оны сол елдің сыртқы істер министріне тапсырады. Бұл хатта аталған дипломатты Уақытша сенімді өкіл ретінде қабылдау туралы өтініш жасалынады. Елші келгенге дейін ол дипломатиялық өкілдіктің басшысы міндетін атқарады. Елшілік ғимаратын дайындау барысында Уақытша сенімді өкіл шетелдік дипломатиялық және әкімшілік-техникалық жұмысшылардың иммунитеттері мен артықшылықтарын реттейтін ережелермен, сондай-ақ кедендік ережелермен танысады.

Елшіліктің салтанатты түрде ресми ашылу туралы хабары сыртқы істер министрлігіне және өзге дипломатиялық өкілдіктерге циркулярлы нота арқылы хабарланады. Нотада елшіліктің мекен-жайы, жұмыс істеу күндері мен сағаттары, оның қызметкерлерінің телефондары көрсетіледі.

Төтенше және өкілетті елшіні дипломатиялық өкілдіктің басшысы ретінде тағайындағанға дейін қабылдаушы мемлекеттің қолдауын немесе келісімін алу қажет. Дипломатиялық практикада бұл процедураны агреман деп атайды.

Агреман (французша – agrement)– қабылдаушы тараптың белгілі бір тұлғаны дипломатиялық өкілдіктің басшысы ретінде тағайындауында қолдауға ие болу немесе келісімін алу процедурасы. Агреман елшілік арқылы қабылдаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігіне құпия түрде ауызша немесе жазбаша жеткізіледі. Онда үміткер туралы қысқаша мәліметтер беріледі. Үміткерді дипломатиялық өкілдіктің басшысы ретінде тағайындау қабылдаушы мемлекеттің құзырындағы мәселе. Егер қабылдаушы мемлекет үміткерді лайықсыз тұлға ретінде таныса, агреманды кері қайтарып, оны «персона нон грата» ретінде жариялайды. Мұндай жағдайда қабылдаушы мемлекеттің, яғни агреманды кері қайтару себептерін түсіндірмеуге құқы бар. Осындай жағдай орын алса үміткерді бағыттаушы мемлекет оның кандидатурасын қайтарып алуға міндетті.

Қабылдаушы мемлекет өз келісімін бергеннен кейін елші сол елге аттанады. Содан кейін өз қызметіне кіріспес бұрын елші өз мемлекетінің президенті атынан келіссөздер жүргізуге, келісімдер жасауға толық құзырлы екенін дәлелдеу үшін қабылдаушы мемлекеттің басшысына «сенім грамотасын» тапсырады.

Агреманды алғаннан кейін, елші қабылдаушы мемлекетке жол тартуға дайындалады. Жалпы қабылданған ережеге сәйкес ол ең алдымен өзі үшін «сенім грамотасын» және өзіне дейінгі елшіге «кері шақыру грамотасын» алады. Сенім грамотасы (французша – lettres de creance) мемлекет басшысының өкілі ретіндегі елшінің мәртебесін (статусын) ресми түрде куәландыратын құжат саналады.

Кейінгі орта ғасырлар мен жаңа заман кезеңінде сенім грамоталары тым көркем әрі айшықты етіп жазылатын. Онда мемлекет басшыларының (монархтар, императорлар т.б.) толық титулына, олардың атақтары мен иеліктеріне, яғни мемлекеттің құдіреттілігін көрсетуге ерекше мән берілетін. Қазіргі кезеңде сенім грамоталарының тілі нақты, қысқа да нұсқа. Дипломатиялық практикада грамоталардың ортақ құрылымы қалыптасты.

Сенім грамоталары ресми түрде елшіні бағыттап отырған мемлекет басшысының конституциялық атауынан басталады. Содан кейін қабылдаушы мемлекет басшысының толық титулы көрсетіледі. Негізгі мәтінде жаңа елшіні тағайындау арқылы екі ел арасындағы достастық пен ынтымақтастықты дамыту және тереңдету жөніндегі тілегі келтіріледі. Осыдан кейін елшінің толық аты-жөні беріліп, елшінің өз мемлекет басшысы мен үкіметінің атынан айтатын сөздер мен мәлімдемелерге сенім білдіру туралы өтініш айтылады. Құжаттың «сенім грамотасы» деген атауы осыдан келіп туындаған.

Осылайша миссия басшысы сенім грамотасын қабылдаушы мемлекеттің басшысына өз мемлекетінің атынан келіссөздер жүргізуге, келісімдер жасауға өкілетті екенін дәлелдеу үшін осы құжатты тапсырады. Басқаша сенім грамотасын «ұсыныс хаты» деп атайды. Сенім грамотасының үлгісі:

Кімге (мемлекет басшысының толық аты-жөні және титулы)

Мәртебелім,

Мен [толық аты-жөні], аса көрнекті азаматты [бағыттаушы мемлекеттің атауы] Аса Мәртебелімнің алдында менің атымнан өкілділік ету үшін Төтенше және Өкілетті Елші ретінде тағайындадым.

Ол біздің елдер арасындағы өзара мүдделерін жақсы түсінеді және менің біздің арамыздағы ұзақ мерзімге арналған достығымызды сақтау және нығайту туралы шынайы ниетімді бөліседі.

Менің елшінің жоғарғы беделі мен қабілетіне байланысты шексіз үмітім, маған оның өз міндетін Сіздің мүддеңізден толық шығатындай етіп орындайтындығы туралы сенімді ұялатады.

Мен Сізге оны ұсына отырып, Сізден оны аса ілтипатпен қабылдауды және оның менің атымнан жасайтын кез келген мәлімдемесіне сенім білдіруге өтінемін.

Аса құрметпен,

[мемлекет басшысының қолы]

Мемлекет басшысының атынан

[сыртқы істер министрінің қолы]

[Орны]                                   [Күні]

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ПРЕЗИДЕНТІ Н.Ә. НАЗАРБАЕВ

АСА МӘРТЕБЕЛІ

ФРАНЦУЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Ф. МИТТЕРАН МЫРЗАҒА

Мәртебелім,

Біздің халықтарымыздың арасындағы ынтымақтастықты нығайту саясатын басшылыққа ала келе және Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы достастық қатынастарды дамытуға ниет білдіре отырып, мен СІЗДІҢ қарамағыңызға азамат  ____________________________________  өзімнің Төтенше және Өкілетті Елші ретінде аккредиттациялау жөнінде шешім қабылдадым.

Азамат  ____________________________________  осы грамота негізінде аккредитациялау арқылы, СІЗДЕН, АСА МӘРТЕБЕЛІМ оны ілтипатпен қабылдауды және оның менің атымнан және Қазақстан Республикасы Үкіметі атынан СІЗГЕ жасайтын кез келген мәлімдемесіне сенім білдіруге өтінемін.

Президенттің жеке қолы

                                                                     Куәландырды

Астана, Ақ Орда                                                Қазақстан Республикасының

«____» ____________ 1992 ж.                         Сыртқы Істер Министрі

Британ Достастығында монарх ондаған мемлекеттердің суверенді басшысы болғандықтан, мүше-мемлекеттер арасында миссия басшыларымен алмасқан кезде премьер-министрлер бір-біріне ұсыныс хаттарын жолдайды.

Дипломатиялық практикада қалыптасқан дәстүрге сәйкес мемлекет басшысының қайтыс болуы немесе қызметінің тоқтатуы жағдайында барлық дипломатиялық миссия басшыларының сенім грамоталары өз күшінен айырылады. Сонымен қатар осы мемлекет басшысының өз елшілеріне берген сенім грамоталарының да күші жойылады. Екі жағдайда да оларды қайта тапсыруға (жаңа мемлекет басшысына) тура келеді. Дегенмен, мұндай талап Дания, Швеция және Голландия секілді мемлекеттерде қолданылмайды.

Елші өз қызметіне тағайындалған кезде ол сенім грамотасымен бірге, өзіне дейінгі елшіге арнап кері шақыру грамотасында алып барады. Кері шақыру грамотасы (французша – lettres de rappel) қандай да бір мемлекеттің өз дипломатиялық өкілін кері шақыруын білдіретін құжат. Сенім грамоталары секілді, кері шақыру грамоталарына да мемлекет басшысы қол қойып, сыртқы істер министрінің қолымен куәландірлады және ол қабылдаушы мемлкеттің басшысына жолданады. Онда дипломатиялық өкілді кері шақыру туралы факті айтылады және оның екі ел арасындағы байланыстардың дамуы мен өркендеуіне үлес қосқандығына үміт артылады.

Қазіргі дипломатиялық практикада кейін қайтып бара жатқан дипломатиялық өкілдің қабылдаушы мемлекеттің басшысына кері шақыру грамотасын өзі тапсыру айтарлықтай сирек кездеседі. Ережеге сәйкес, оны жаңа тағайындалған елші өзінің сенім грамотасымен бірге тапсырады.

Іс жүзінде «жіберу» немесе «босату» грамоталарын бағыттау практикасы да жойылды. Сыртқы формасы жағынан олардың кері шақыру грамотасынан еш айырмашылығы жоқ. Босату немесе жіберу грамоталарында дипломатиялық өкілді «босату» немесе «жіберу» туралы өтініш жасалынады. Босату грамоталары дипломатиялық жолмен жіберіледі және жауапты қажет етпейді. Төменде кері шақыру грамотасының үлгісі беріледі:

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ПРЕЗИДЕНТІ Н.Ә. НАЗАРБАЕВ

АСА МӘРТЕБЕЛІ

ФРАНЦУЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Ф. МИТТЕРАН МЫРЗАҒА

Мәртебелім,

Мен азамат  ____________________________________ Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елші қызметінен кері шақыру арқылы басқа қызметке тағайындау жөнінде шешім қабылдадым.

Азамат ____________________________________ Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы достастық байланыстардың сақталуына өз септігін тигізді деген сеніммен, Сізден, Аса мәртебелім оның кері шақыру грамотасын қабылдауды өтінемін.

Президенттің жеке қолы

                                                                     Куәландырды

Астана, Ақ Орда                                                Қазақстан Республикасының

«____» ____________ 1995 ж.                         Сыртқы Істер Министрі

Шетелдік дипломатиялық миссия басшысының елге келуі аса маңызды оқиға. Бұрынғы заманда оған әр елде қабылданған түрлі ритуалдар мен салттарды орындауға тура келетін. Қабылдаушы мемлекетте елшіге деген құрмет ең алдымен оны бағыттап отырған мемлекет басшысының халықаралық саясаттағы жеке беделі мен құдіреттілігіне тәуелді болатын. Алайда дипломатиялық өнердің үздіксіз дамуы арқасында XVII-XVIII ғасырларда мемлекеттердің егемендігі теңдігі мен тәуелсіздігі идеясына негізделген озық дипломатиялық церемониал қалыптасты. Енді мемлекет басшылары шетелдік елшілерге құрмет көрсете отырып, өз беделімен қатар өз мемлекетінің беделін ойлады.

Қазіргі кезеңде шетелдік елшіні күтіп алу, құрмет көрсету мәселесіне қатысты ортақ қағида қалыптасқан. Әуежайда немесе вокзалда елшіні Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама қызметінің бастығы, Уақытша сенімді өкілімен бірге елшіліктің басқа да қызметкерлері қарсы алады. Кейбір елдерде елшіні қарсы алуға осы елде аккредитацияланған шетелдік елшілердің де қатысу дәстүрі қалыптасқан. Ұшақтың (вагонның) мінбесінде уақытша сенімді өкіл елшіні Мемлекеттік хаттама қызметінің бастығына таныстырады, өз кезегінде ол елшімен амандасып, әуежайдың (вокзалдың) құрметті қонақтарға арналған салонына алып жүреді. Уақытша сенімді өкіл елшіні елшілік қызметкерлерімен және оны қарсы алуға келген өзге елшілерге таныстырады.

Егер елші автокөлікпен келсе, онда ресми кездесу ұйымдастырылмайды. Елшілік Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама қызметіне елшінің келу фактісін растап, оның бірінші кездесуі мәселесін шешеді. Мұндай жағдайда бірқатар мемлекеттерде қалыптасқан дәстүрге сәйкес Мемлекеттік хаттама қызметінің бастығы өзі бірінші болып жаңа елшінің резиденциясына бармайды.

Қалыптасқан тарихи және дипломатиялық практикаға сәйкес шетелдік елші сенім грамотасын тапсыра отырып қабылдаушы мемлекеттің басшысымен алғаш рет ресми байланысқа түседі. Осы аса маңызды сәтті пайдалана отырып елші мемлекет басшысына өз елінің басшысының ыстық сәлемі мен игі тілектерін жеткізеді. Елшінің мемлекет басшысымен алғашқы кездесуінің тарихи маңызы аса зор. Сондықтан барлық мемлекеттерде сенім грамоталарын тапсыру церемониясына тыңғылықты аса байыппен дайындалады, ал дипломатиялық хаттама орнатылған және қалыптасқан тәртіпті мүлтіксіз орындауға барынша тырысады. Одан шамалы болсын ауытқу елшіге және оны бағыттап отырған мемлекет басшысына құрметтің жоқ екенін білдіруі әбден ықтимал.

Дипломатиялық хаттаманың өзге де нормаларына қарағанда сенім грамоталарын тапсыру тәртібі мен дәстүрі көптеген елдерде ұзақ жылдар бойы еш өзгеріссіз, бұзылмай сақталып келеді. Тіпті қандай да бір өзгеріс немесе жаңалық енгізілсе, онда бұл жағдай осы дипломатиялық акцияның церемониалды сипатына нұқсан тигізбеуі тиіс. Мәселен, қазіргі кезеңде көптеген елдерде елшілер сенім грамоталарын тапсыру сәтінде бұрынғы кездерге қарағанда мәтінді оқымайды. Негізінен мемлекет басшысының елшімен қысқа уақытты сұхбатын ұйымдастыруға айрықша назар аударылады. Мұндай сұхбат сипаты жағынан дипломатиялық хаттаманың шеңберінен тыс болғанымен, елшінің болашақ қызметіне жарқын сипат береді.

Сенім грамоталарын тапсыру дүниежүзі елдерінің басым бөлігінде ортақ сипатқа ие. Қабылдаушы мемлекетке келген елші Сыртқы істер министрлігінің Хаттама қызметіне бірінші болып келеді. Онда елшіні сенім грамоталарын тапсыру тәртібімен таныстырады. Сұхбаттың соңында елші сыртқы істер министрімен кездесуге жәрдем беруді өтінеді. Елшінің министрмен кездесудің күні мен сағаты туралы ақпаратты елшілікке телефон арқылы хабарланады. Министрдің нұсқауы бойынша елшіні Сыртқы істер министрінің орынбасары да қабылдауы мүмкін.

Министрмен немесе оның орынбасарымен елші сенім грамотасы мен кері шақыру грамотасының көшірмесін береді. Жасалынған өтінішке сәйкес министр сенім грамотасын тапсыру церемониясында мемлекет басшысымен кездесуді ұйымдастыру туралы уәдесін береді.

Елшілердің сенім грамоталарын тапсыру әрқашан салтанатты жағдайда өтеді. Негізінен елшілер сенім грамоталарын мемлекет басшыларының (президент, премьер-министр, монарх, король т.с.с.) резиденциясында тапсырады. Оны тапсырудың күні мен уақыты туралы Мемлекет хаттама қызметі шетелдік елшіге алдын-ала хабарлайды. Тиісінше ол осы церемонияға қатысатын елшіліктің дипломатиялық персоналар мүшелерінің тізімін жібереді.

Белгіленген уақытта елші дипломатиялық қыметкелердің (4 адамнан артық болмауы тиіс), сондай-ақ қабылдаушы елдің Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама қызметі басшысының ертіп жүруімен церемония басталмастан 5-7 минут бұрын мемлекет басшысының резиденциясына келеді.

Осы церемониядағы шетелдіктер үшін салтанатты, ұлттық киімді немесе қара түсті костюмді кию рұқсат етіледі. Қабылдаушы елдің Сыртқы істер министрлігің қызметкерлеріне қара костюм және ақ көйлек кию қажет.

Ғимаратқа кіре берісте елшіге салтанатты киімдегі комендант сәлем беріп, оның және Мемлекеттік хаттама қызметінің басшысының ертіп жүруімен елші ішке кіреді. Осы сәтте Мемлекеттің хаттама қызметінің бастығы елшіні церемонияға қатысатын Сыртқы істер министрлігінің тиісті Департаментінің бастығымен таныстырады.

Мемлекет басшысына елшінің келгендігі туралы хабарланғаннан кейін Мемлекеттік хаттама қызметінің бастығы елшіні және онымен бірге еріп жүрген елшілік қызметкерлерін, сонымен қатар басқа да ресми тұлғаларды Бас залға өтуге шақырады. Бірінші қатарда жүретін елшінің оң жағында тиісті территориялық Департаменттің бастығы, сол жағында Мемлекеттің хаттама қызметінің бастығы болады. Мемлекет басшысына 1-2 қадам жетпей топ тоқтайды. Мемлекеттік хаттама қызмет бастығы елшіні мемлекет басшысына таныстырады. Елші оған ілтипат білдіріп салемдеседі. Мемлекет басшысы оған жауап ретінде елшіге амандасады.

Елші бірқатар сәлемдеме сөздерін айтады және оны қабылдаушы елдің ресми тіліне аударғаннан кейін мемлекет басшысына сенім грамотасын және өзінің алдындағы елшінің кері шақыру грамотасын тапсырады. Бұдан кейін мемлекет басшысы да қысқаша сөз сөйлейді және ол да елшінің тіліне аударылады. Осыдан соң елші мемлекет басшысына келіп қол алысады.

Мемлекет хаттама қызмет бастығы елшіні Сыртқы істер министрінің орынбасарымен таныстырады, өз кезегінде елші мемлекет басшысын цeремонияға қатысқан елшілік қызметкерлерімен таныстырады.

Сенім грамотасын тапсыру церемониясы толығымен фото және видео пленкаға түсіріледі.

Мемлекет басшысы елшіні қысқа сұхбаттасуға шақырады. Сұхбатқа Сыртқы істер министрінің орынбасары, аудармашы және елшінің тілегі бойынша елшілік қызметкерлерінің бірі қатысады. Церемонияға қатысқан қалған тұлғалар Бас залдан шығып, сұхбаттың аяқталуын күтеді. Содан кейін барлығы Бас залға қайта оралып, ресми суретке түседі. Осыдан соң елші мемлекет басшысымен, Сыртқы істер министрінің орынбасарымен қоштасып, Мемлекеттік хаттама қызметінің дипломатиялық қызметкерлерінің ертіп жүруімен мемлекет басшысының резиденциясынан кетеді.

Ережеге сәйкес осы күні өзге шетелдердің елшілері де сенім грамоталарын тапсырады. Бұл бағыттағы тәртіп қандай да бір өзгеріссіз сақталуда.

Бірнеше күннен кейін Мемлекеттік хаттама қызметі елшіге және церемонияға қатысқан елшілік қызметкерлеріне естелік суреттерін жолдайды.

Елшілікке оралғаннан кейін ережеге сәйкес елші «шампан бокалы» типіндегі қабылдау өткізеді. Оған церемонияға қатысқан қабылдаушы мемлекеттің Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, елшілік қызметкерлері қатысады.

Осы күні елші өзге шетелдік дипломатиялық өкілдіктер басшыларына өзінің сенім грамотасын тапсырғанын және өз міндетіне кіріскенін хабарлайтын жеке ноталар жолдайды.

Сенім грамоталарын қайта тапсыру егер елде мемлекеттік құрылыс өзгерсе немесе оны қабылдаған мемлекет басшысы қайтыс болса немесе өз қызметін тоқтатса, яғни жаңа басшы келсе орын алуы мүмкін. Осы жағдайда жаңа басшы елдегі шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларынан жаңа сенім грамотасын тапсыруды талап етуі ықтимал. Мұндай жағдайда грамоталарды қайта тапсыру фактісі мемлекеттегі өзгерістерді мойындау және жаңа билікпен толыққанды дипломатиялық қатынастарды дамытуға деген ниетті көрсетеді. Мәселен, 1971 жылы 19 сәуірде Сьерра-Леонені республика етіп жариялаған жаңа президент Сиака Стивенс дәл осылай жасады. Сьерра-Леонедегі барлық шетелдік дипломатиялық миссия басшыларына сенім грамоталарын қайта тапсыруға тура келді. Сонымен қатар, шетелдердегі Сьерра-Леоненің елшілері де қайтадан сенім грамоталарын тапсырды.

Сенім грамоталарын қайта тапсыру әдетте анағұрлым қарапайым формада өтеді.

Сенім грамоталарын тапсыру церемониалы көптеген елдерде әлі де болса оның қатысушыларынан арнайы киім кию талабын қояды. Англия мен Швецияда елші және онымен бірге еріп жүретін дипломаттар фрак киеді. Африка елінің өкілдері негізінен осы жағдайға байланысты аса салтанатты ұлттық киім киюді жөн санайды.

Елшінің миссиясының аяқталуы және оның қабылдаушы мемлекеттен кетуі бірқатар хаттамалық іс-шараларды өткізумен байланысты. Елші өзінің кету уақытын белгілеп, бұл туралы сыртқы істер министрлігі мен дипломатиялық корпустың дуайеніне хабарлайды. Ол мұндай хабарды өзінің орнын басатын елшіге агреманды беру фактісі мәлім болғаннан кейін таратады.

Кейбір елдерде елші белгіленген тұлғаларға (мемлекет басшысы, үкімет басшысы, сыртқы істер министрі, өзге де ресми тұлғалар) қоштасу мақсатымен бас сұғу дәстүрі қалыптасқан. Кейбір мемлекеттерде кейін қайтып бара жатқан елші қоштасу үшін кіретін тұлғалардың тізімін өзі жасайды. Тізімді жасау барысында елші қабылдаушы елде қызмет ету кезінде мемлекеттік және үкіметтік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен орнатқан байланыстардың сипаты мен ауқымын ескереді. Бұл тізімді елші Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама қызметіне жолдап, осы кездесулерді ұйымдастыруда көмек беруді өтінеді.

Суданда қабылданған ережеге сәйкес шетелдік елші елден біржолата кетпес бұрын міндетті түрде мемлекет басшысына қоштасу үшін бас сұғуы қажет. Заир (қазіргі Конго) елшісі президенттің қабылдауын күтпей кетуге мәжбүр болғанда, оның орнына келген келесі елшіден президент сенім грамотасын қабылдаудан бас тартты. Мәселе Италияға жіберілген бұрынғы елші Суданға қайта оралып, президентке қоштасу үшін кездескеннен кейін ғана реттелді.

Елшінің біржолата кетуіне орай сыртқы істер министрі немесе оның орынбасары азанғы немесе түскі ас береді. Сыртқы істер министрінің атынан елшіге естелік сыйлық беріледі.

Елден біржолата кетпес бұрын ережеге сәйкес елші қоштасу қабылдауын ұйымдастырады. Оған қабылдаушы мемлекеттің ресми өкілдері мен дипломатиялық корпус мүшелері шақырылады. Кететін күні елші сыртқы істер министрінің атына жеке нотаны (немесе сыртқы істер министрлігінің атына вербальды нота) жолдап, онда өзінің кетуі және уақытша сенімді өкілді тағайындағаны туралы айтылады. Елшіні әуежайға (вокзалға) Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама қызметінің бастығы, елшілік қызметкерлері шығарып салады. Бұл іс-шараға кей кездерде өзге де шетелдік елшілер қатысады.

Егер елші елден автокөлікпен кетсе, онда Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама қызметінің бастығы оның резиденциясына кіріп, қоштаса алмайды. Алайда бұл норма міндетті емес.

Дипломатиялық миссия басшысының азаматтық мәселесі Қабылданған нормаға сәйкес миссияның басшысы бағыттаушы мемлекеттің азаматы болуы тиіс. Бірақ, мұндай талап оның жұбайына (күйеуіне) қойылмайды. Көп жағдайда дипломаттар шетелдік азаматтармен некеге тұра алады. Бірақ бұған ерекше рұқсат қажет және бұл жағдай дипломаттың қызметіне қауіп төндірмеуі тиіс, кедергі келтірмеуі қажет. Алайда араб елдерінде дипломаттар шет елдік азаматтармен некеге тұра алмайды. Алайда кейбір жағдайларда мемлекет басшысы дипломаттарға шығу тегі араб болып табылатын өзге елдің азаматтарымен некеге тұруға ресми рұқсат береді.

Дипломатиялық миссия мүшелерінің азаматтық мәселелері. Негізінен дипломатиялық миссияның мүшелері бағыттаушы мемлекеттің азаматы болуы тиіс. Алайда шетелдік дипломатиялық миссияларда қабылдаушы мемлекеттің азаматтары да жұмыс істей алады. Мұндай жағдайда қабылдаушы тараптың айрықша келісімін алу қажет және қабылдаушы тарап оларды кез келген сәтте кері шақырып алуға құқы бар. Мұндай дипломаттар шектеулі иммунитет пен артықшылықтарды иеленеді.

Бірнеше елдерде аккредитациялау мәселелері. Миссияның басшысы, егер қабылдаушы тараптар қарсы болмаса, бірнеше елде аккредитацияланады. Ал дипломатиялық құрамының мүшелері тағайындалады.

Халықаралық ұйымдар жанында аккредитациялау. Миссияның басшысы немесе дипломатиялық құрамның кез келген мүшесі кез келген халықаралық ұйымда өз елінің атынан өкілдік ете алады. Мұндай жағдайда олар өздері қызмет ететін қабылдаушы мемлекеттің билігіне осы мәселе туралы хабарламауға құқылы.

Дипломатиялық миссияның орналасуы. Негізінен дипломатиялық миссия мемлекеттің астанасында орналасады. Миссияның бір бөлігін құрайтын қосымша офистер қабылдаушы мемлекеттің ерекше рұқсатын алу арқылы елдің басқа аймақтарында орналаса алады.

Миссияның ауқымы мен көлемі. Дипломатиялық миссияның көлемі тараптардың өзара келісімі бойынша анықталады. Егер бағыттаушы мемлекет миссия мүшелерінің санын шамадан тыс асырып жіберетін болса, қабылдаушы мемлекет оны қысқарту туралы талабын қоя алады.

«Персона нон грата» немесе лайықсыз тұлға ретінде жариялау. Кез келген мемлекет кез келген уақытта миссия басшысын және оның дипломатиялық құрамының мүшелерін лайықсыз тұлға ретінде жариялауға және бұл туралы бағыттаушы мемлекеттің үкіметіне хабардар етуге құқылы. Мұндай жағдайда дипломаттың функциясы тоқтатылып, бағыттаушы мемлекет оны кері қайтарып алуы қажет. Егер бағыттаушы мемлекеттің үкіметі мұндай қадам жасауға асықпайтын болса, қабылдаушы мемлекет оны дипломатиялық миссияның мүшесі ретінде мойындаудан бас тартады. «Персона нон грата» ретінде жариялау дипломат келгенге дейін немесе келгеннен кейін де жасалынуы мүмкін. Қабылдаушы мемлекет шетелдік дипломатиялық миссиялардың қызметкерлерін «персона нон грата» ретінде жариялаудың себептерін түсіндіруге міндетті емес.

Сонымен қатар, жағымсыз тұлға ретінде әкімшілік және техникалық қызметтің мүшелері де танылуы мүмкін. Дипломатты «персона нон грата» ретінде жариялаудың екі негізгі себебі бар:

1) дипломаттың жеке қабілетсіздігінен туындаған себеп (қоғамдағы қылмыстық іс-әрекет т.с.с.);

2) дипломатиялық иммунитетті өз жеке мүддесіне пайдалана отырып, қабылдаушы мемлекеттің қауіпсіздігі мен өзге мүдделеріне қатер төндіру. Сонымен қатар, белгілі бір мемлекетті мұндай қадамға өш алу ниеті де итермелеуі мүмкін. Мәселен өз дипломатын «персона нон грата» деп жариялаған мемлекеттен өш алу мақсатында.

Дипломатиялық қатынастардың бәсеңдеуі немесе қайшылықты сипат алуы. Белгілі бір мемлекетте дипломатиялық өкілдіктің болмауы мынадай әдістермен шешілуі мүмкін:

1) сол мемлекетте тұрақты дипломатиялық миссиясы бар өзге мемлекетке өтініш жасау. Егер қабылдаушы мемлекет бұған қарсы болмайтын болса, тұрақты дипломатиялық өкілділігі бар ел өзге мемлекеттің атынан өкілдік ете алады;

2) басқа мемлекеттегі миссия басшысын өзге мемлекетке шақыру, аккредиттеу;

3) жоғарғы ресми лауазымы бар (мысалы, сыртқы істер министрлігінің тұрақты хатшысы) тұлғаны бірнеше мемлекетте аккредиттеу. Бірақ оның тұрғылықты жері өз мемлекетінің астанасы болып қала береді.

Кейбір жағдайда дипломатиялық миссиялар мемлекеттер арасындағы келісім бойынша кері шақыртылады. Мысалы, екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастық деңгейінің төмендігі, экономикалық жағынан тиімсіздігі, дипломатиялық қатынастарды біржолата үзуге деген ұмтылыс. Дипломатиялық миссиялар кері шақыртылып, дипломатиялық қатынастар тоқтатылған жағдайдың өзінде екі мемлекеттің арасындағы шынайы қатынастар өз жалғасын табуы мүмкін. Дипломатиялық қатынастардың үзілуі консулдық қатынастардың үзілуін білдірмейді. Тіпті соғысқан жағдайдың өзінде де мемлекеттер бір-бірінің территориясындағы шетелдік мекемелер мен оның қызметкерлерінің мүдделерін, құқықтарын қорғауы қажет.

Мемлекеттердің түрлі себептермен дипломатиялық қатынастарды мүлде үзіп, тоқтатып немесе уақытша тоқтатып жатқанын халықаралық протокол тәжірибесінен көреміз. Әдетте соғыс салдарынан немесе өзге де төтенше жағдайлар (әскери агрессия, әскери бүлік, мемлекеттік төңкеріс т.б.) салдарынан орын алып жататын дипломатиялық қатынастардың үзілуі ережеге сәйкес мемлекеттердің арасындағы барлық байланыстардың толық тоқтатылуын, дипломатиялық өкілдердің кері шақырылуын, дипломатиялық және өзге де өкілдіктердің жабылуын білдіреді. Бұл туралы ресми түрде үкіметтің, сыртқы істер министрінің мәлімдемесі немесе басқа формада баспасөзде хабарланады. Үкіметті осындай қадамға баруға мәжбүр еткен себептер түсіндіріледі.

Бірақ бірқатар уақыт өткен соң мемлекеттер дипломатиялық қатынастарды қайта қалпына келтіруі мүмкін. Дипломатиялық қатынастардың қайта қалпына келтірілуі ережеге сәйкес келіссөздер арқылы және тиісті құжаттармен алмасу жолымен жүзеге асырылады. 1969 жылы Піл Сүйегі Жағалауы (Кот д’Ивуар) Кеңес Одағымен дипломатиялық қатынастарды үзу туралы шешім қабылдады. Біраз уақыт өткеннен кейін Кот д’Ивуар үкіметі дипломатиялық қатынастарды қайта қалпына келтіруге ниет білдірді. Швейцарияның Женева қаласында екі елдің өкілетті өкілдері арасында өткен келіссөздер нәтижесінде келесі коммюнике қабылданды:

КЕҢЕСТІК СОЦИАЛИСТІК РЕСПУБЛИКАЛАР ОДАҒЫ МЕН КОТ д’ИВУАР РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖӨНІНДЕГІ БІРІККЕН КОММЮНИКЕ

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Үкіметі мен Кот д’Ивуар Үкіметі екі халық арасындағы достастық байланыстар мен ынтымақтастықты дамыту тілегін басшылыққа ала отырып, мүмкін қысқа мерзімге екі елдің астанасында елшіліктердің қызметін қайта жаңғырту туралы шешім қабылдады.

Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Дипломатия туралы жалпы түсінік?

2. Дипломатиялық қатынастарды орнату тәртібі?

3. Тұрақты дипломатиялық миссияларды ашу?

4. Дипломаттар мен елшілерді қызметке тағайындау тәртібі?

5. Мемлекеттің тәуелсіздігін тану тәртібі және оның жолдары?

6. Сенім грамотасын және кері шақыру грамотасын тапсыру тәртібі?

7. Дипломатиялық қатынастардың болмау мәселесі және оның шешілу жолдары?

8. Дипломатиялық қатынастардың бәсеңдеуі немесе қайшылықты сипат алуы?

9. Дипломатиялық миссия қызметкерлерінің «персона нон грата» ретінде жариялануы және оның себептері?

6 СЫРТҚЫ ҚАТЫНАСТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРЫ

6.1 Сыртқы қатынастар органдары туралы жалпы түсінік

6.2 Сыртқы қатынастар органдарының түрлері

6.3 Ішкі органдар

6.4 Шетелдерде орналасқан органдар

6.5 Жалпы құзырға ие органдар

6.6 Арнайы құзырға ие органдар

6.7 Сыртқы істер министрлігі

6.8 Сыртқы істер министрлігінің функциялары мен құрылымы

Сыртқы байланыстар органдары арқылы мемлекет өзге елдермен және халықаралық ұйымдармен саяси-экономикалық, құқықтық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты жүзеге асырады. Мемлекеттің сыртқы байланыс органдары ішкі және сыртқы болып екіге бөлінеді. Олардың құрылымы және өкілеттілік көлемі ішкі заңдық нормалармен қатар, халықаралық құқық тарапынан анықталады.

Өз кезегінде ішкі органдар 2 категориядан тұрады:

1) жалпы саяси (жалпы құзырға ие);

2) арнайы.

Біріншісіне мемлекет басшысын, жоғарғы заң шығару институтын, үкіметті жатқызуға болады. Арнайы органдар қатарына белгілі бір салаларда нақты белгіленген құзыр шеңберінде шетелдік субъектілермен сыртқы қарым қатынастарды жүзеге асыруға өкілетті министрліктер мен ведомствалар жатады (барлық министрліктер, кеден қызметі, миграциялық қызмет, ұлттық қауіпсіздік қызметі, шекара қызметі т.б.).

2002 жылы 7 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы заңына сәйкес дипломатиялық қызмет органдарының мәртебесін «Қазақстан Республикасының сыртқы саяси қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар дипломатиялық қызмет органдары» деп анықтаған.

Дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесi Сыртқы iстер министрлiгi, оның ведомствалары, шет елдердегi мекемелер, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгінiң қызметiн қамтамасыз ету үшiн құрылған ведомствалық ұйымдар, Сыртқы iстер министрлiгiнiң қарауындағы оқу орындары құрайды. Заң бойынша дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесiн Сыртқы iстер министрлiгi басқарады.

Дипломатиялық қызмет органдарының мiндеттерi.

Дипломатиялық қызмет органдарына мынадай мiндеттер жүктеледi:

1) Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасы мен негізгi бағыттарын әзiрлеу және Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметiне тиiстi ұсыныстар беру;

2) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық стратегиясы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi үшiн ұсыныстар әзiрлеу және Президенттiң халықаралық бастамаларын iске асыру;

3) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын iске асыру, Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық саясатын жүзеге асыруға және халықаралық беделiн нығайтуға жәрдемдесу;

4) Қазақстан Республикасының егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастардағы және халықаралық аренадағы саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерiн дипломатиялық құралдар мен әдiстер арқылы қорғауды қамтамасыз ету;

5) шет елдерде Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерiн қорғау;

6) Қазақстан Республикасының халықаралық бейбiтшiлiктi, ғаламдық және аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi күш-жiгерiн дипломатиялық құралдар мен әдiстер арқылы iске асыру;

7) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен дипломатиялық және консулдық қарым-қатынастарын жүзеге асыру;

8) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық бiрыңғай бағытын және инвестициялық саясатын жүргiзудi қамтамасыз ету мақсатында басқа да орталық атқарушы органдардың халықаралық қызметiн үйлестiру;

9) әлемдегi саяси және әлеуметтiк-экономикалық жағдайға, шет мемлекеттердiң сыртқы және iшкi саясатына, халықаралық ұйымдардың қызметiне талдау жасау және орталық мемлекеттiк органдарды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз ету.

Дипломатиялық қызмет органдарының негiзгi функциялары.

Дипломатиялық қызмет органдарына мыналар жүктеледi:

1) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкiлдiк ету;

2) Қазақстан Республикасы халықаралық саясатының стратегиясын iске асыру;

3) келiссөздер жүргiзудi және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасуды ұйымдастыру;

4) халықаралық шарттарды жасасу, орындау, қолданылуын тоқтата тұру және күшiн жою туралы ұсыныстар дайындау, оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң немесе Yкiметiнiң қарауына белгiленген тәртiппен енгiзу;

5) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастары мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне, Парламентiне және Yкiметiне белгiленген тәртiппен ұсыныстар мен ұсынымдар жасау;

6) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың, конференциялардың, кеңестердiң, форумдардың қызметiне қатысуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастық мүшесi ретiнде ғаламдық және аймақтық проблемаларды шешудегi рөлiн арттыруға жәрдемдесу;

7) Қазақстан Республикасының су ресурстары мен қоршаған ортаны халықаралық қорғау және ұтымды пайдалану, Дүниежүзiлiк мұхит ресурстарын игеру, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу саласындағы мүдделерiн қамтамасыз етуге қатысу;

8) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, оның қорғанысы мен ұлттық қауiпсiздiгiн, құқық тәртiбiн қорғауды қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен сауда-экономикалық, қаржы, ғылыми және ғылыми-техникалық, мәдени, сондай-ақ өзге де байланыстарын дамыту мен кеңейту жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеуге қатысу;

9) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың орындалуын жалпы қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру;

10) Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастар саласындағы заңдарын жетiлдiру, оны Қазақстан Республикасының халықаралық құқықтық мiндеттемелерiне сай келтiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;

11) Қазақстан Республикасының мемлекетiшiлiк және халықаралық iс-шараларын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету;

12) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекетiшiлiк және халықаралық iс-шараларды өткiзу кезiнде Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының Мемлекеттiк протоколды сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

13) дипломатиялық және консулдық артықшылықтар мен иммунитеттердiң сақталуын бақылауды жүзеге асыру;

14) Қазақстан Республикасының басқа елдермен парламентаралық байланыстарын жүзеге асыруға жәрдемдесу;

15) Қазақстан Республикасының аумағында және шет елдерде халықаралық-құқықтық нормалармен және Қазақстан Республикасының заңдарымен регламенттелетiн консулдық функцияларды жүзеге асыру;

16) шет елдерде тұратын отандастармен байланыстарды және қарым-қатынастарды дамытуға жәрдемдесу;

17) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тiркеудiң, есепке алудың және сақтаудың бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;

18) Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдiк дипломатиялық және соларға теңестiрiлген өкiлдiктердiң және консулдық мекемелердiң жұмыс iстеуiне жәрдемдесу, өз құзыретi шегiнде оларға қызмет көрсететiн ұйымдардың қызметiн бақылауды жүзеге асыру;

19) аштыққа және артта қалушылыққа, халықаралық терроризмге, дiни және саяси экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа және есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсас заттардың, прекурсорлардың және қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күрес жөнiндегi, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар зардаптарын жою жөніндегі халықаралық акцияларға өз құзыреті шегiнде қатысу;

20) шет елдерде Қазақстан Республикасының сыртқы және iшкi саясаты, елдiң әлеуметтiк-экономикалық, мәдени және рухани өмiрi туралы ақпарат таратуға жәрдемдесу;

21) Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттардың депозитарийi функцияларын жүзеге асыру;

22) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының транзиттiк-көлiктiк әлеуетiн тиiмдi пайдалануға жәрдемдесу және энергетика мен мұнай-газ салаларында Қазақстан Республикасының әлемдiк қауымдастықпен ынтымақтастығы жөнiндегi бiрыңғай мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға және жүргiзуге қатысу;

23) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарымен және өзге де ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау;

24) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын, бұқаралық ақпарат құралдарын Қазақстан Республикасының халықаралық жағдайы мен сыртқы саясаты туралы хабардар ету;

25) инвестициялық ахуалдың жақсаруына жәрдемдесу және халықаралық нарықта Қазақстан Республикасының жағымды бейнесiн қалыптастыру;

26) мемлекеттiк бағдарламаларды, басым жобаларды iске асыру үшiн тiкелей қаржы ресурстарын, соның iшiнде халықаралық экономикалық және қаржы ұйымдары тарапынан берiлетiн заемдар мен гранттар есебiнен тартуға қатысу;

27) қазақстандық тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң халықаралық нарыққа шығуына жәрдемдесу;

28) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

Жалпы қабылданған нормаларға сәйкес халықаралық келіссөздер мен кездесулерде жеке дара шешім қабылдау өз ұлттық мүдделерін басшылыққа ала отырып, келісімге қол қою өкілеттілігі мемлекет және үкімет басшысына, сыртқы істер министріне берілген.

Мемлекет басшысы халықаралық сахнада мемлекеттің бүкіл сыртқы саяси органдар жүйесіне жетекшілік етеді. Конституцияға сәйкес Президент халықаралық сахнада өз елінің, халқының атынан өкілділік етеді. Сондықтан өз елінің ең жоғарғы өкілі ретінде Ел басы халықаралық құқық субъектілерінің кез келген өкілімен келіссөздер жүргізуге, кез келген мәселе бойынша келісімдер жасауға, соғыс жариялауға (егер конституция бойынша оған мұндай өкілеттілік берілсе), өзге елдерге дипломатиялық өкілдерді тағайындауға, оларды қызметінен босатуға, жоғарғы дипломатиялық рангтерді беруге, шетелдік дипломатиялық өкілдерден сенім және кері шақыру грамоталарын қабылдауға құқылы. Халықаралық келісімдерге қол қоюда, келіссөздер жүргізуде және өзге де халықаралық актілерді жасауда мемлекет басшысына ешқандай өкілеттілік қажет емес. Дегенмен, мемелекет басшысының өкілеттілігі қандай да бір елде қабылданған конституциялық жүйеге тікелей тәуелді. Мемлекет басшысы шексіз өкілеттілікке президенттік республикаларда ие болады. Конституцияға сәйкес Президент төмендегідей өкілеттілікке ие:

1. мемлекеттің сыртқы саяси бағыттарын анықтап, оған жетекшілік жасайды;

2. өз мемлекетінің  атынан халықаралық қатынастарда өкілділік етеді;

3. келіссөздер жүргізеді және халықаралық келісімдерге қол қояды;

4. ратификациялық грамоталарға қол қояды;

5. шетелдік дипломатиялық өкілдерден сенім және кері шақыру грамотасын қабылдайды;

6. шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар жанында дипломатиялық өкілдерді қызметке тағайындайды және кері қайтарады.

Мемлекет Басшысының сыртқы саяси қызметін кең өкілеттікке ие Президент Әкімшілігі қамтамасыз етеді. Оның ішінде: мемлекет Басшысының Қазақстан Республикасының сыртқы саяси стратегиясын құруына қатысу, Республика Президентінің халықаралық ынталарын жүзеге асыру мен елдің ұлттық мәселелерін ескере отырып әлемдік қауымдастықта орнын анықтауға қатысу; сыртқы саяси мәселелерге байланысты ұсыныстар жасау, сонымен қатар халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастыққа байланысты ұсыныстар жасау, Қазақстан Республикасының әлемдік экономикаға интеграциясы; Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттерінің орындалуына қатысу және т.б. Президент Әкімшілігінің міндеттері: мемлекет басшысының қызметін ақпараттық-талдау материалдарымен қаматамасыз етуін жүзеге асыру, ішкі және сыртқы саясаттың, әлеуметтік-экономикалық жағдайға талдау жасау, мемлекеттегі, сонымен қатар, шетелдердегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың дамуына болжау жасау.

Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлігіне Сыртқы саясат орталығы жатады. Орталықтың қызметін бақылап, бағыттап отыратын, мемлекет Басшысының халықаралық қызметін қамтамасыз ететін - Президент көмекшісі. Оның негізгі қызметтері бұл - сыртқы саясат саласында Президентті ақпаратпен қаматамсыз ету және сыртқы істер министірлігінен және де басқа деректер бойынша ақпарат негізінде халықаралық байланыстарды қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасының шетелдермен саяси, сауда-экономикалық, инвистициялық саласында және ынтымақтастықтың тағы басқа түрлеріндегі мемлекет саясатын жетілдіруге байланысты ұсыныстар дайындау; Қазақстан Республикасы Президентінің шетелдерге ресми түрде баруын ұйымдастыруына қатысу және т.б.

Жоғарғы заң шығару органы мемлекеттің сыртқы саяси органы ретінде қарастырылмайды, өйткені ол мемлекеттің атынан халықаралық қатынастарда өкілділік ете алмайды, алайда, парламент мемлекеттің сыртқы саясатында маңызды рөл ойнайды. Өйткені, көптеген мемлекеттерде парламентке халықаралық келісімдерді ратификациялау немесе денонсациялау құқығы берілген.

Ратификация – халықаралық келісімдерді бекіту және мақұлдау процедурасы.

Денонсация – халықаралық келісімдердің күшін жою, одан бас тарту процедурасы.

Пролонгация – бұрын жасалынған келісімнің күшін, мерзімін ұзарту.

Осылайша, парламент үкімет пен мемлекет басшысы жүргізіп отырған сыртқы саяси курсқа қолдау көрсетуі мүмкін немесе оған күмән келтіріп, оны өзгертуді талап етуі ықтимал. Бұған қоса парламент, тиісті заңдарды қабылдау арқылы мемлекеттің сыртқы саясатына ықпал ете алады. Парламентаралық қатынастар мемлекетаралық қатынастардың дамуына оң ықпал ете алады.

Халықаралық мәселелерге байланысты парламенттің өкілеттілігі Конституция тарапынан анықталады. Ол қарулы күштердің бір бөлігін мемлекет территориясынан тыс жерлерлерде пайдалану мәселесін шешеді.

Үкімет. Мемлекеттік басқарудың жоғарғы органы ретінде үкімет мемлекеттің халықаралық байланыстарына жалпы жектекшілік етеді. Үкімет мемлекеттің сыртқы сасатын жүзеге асырады, халықаралық келісімдер жасайды, халықаралық конференцияларға делегация жібереді, шетелдік үкіметтермен келіссөздер жүргізеді.

Үкімет басшысы мемлекет басшысы секілді арнайы өкілеттіліксіз жеке дара өзге мемлекеттермен кез келген мәселеге байланысты келіссөздер жүргізуге және кез келген мәселе бойынша халықаралық келісімдерге қол қоюға толық құқылы. Үкімет кез келген сыртқы саяси мәселеге байланысты мәлімдемелер жасай алады, сонымен қатар, басқа мемлекеттердің үкіметтеріне ноталар жіберіп, жолдаулар жасай алады. Конституцияға сәйкес үкімет мемлекеттің сыртқы саясатын жүзеге асыру бағытында іс-шаралар жасайды, мемлекеттің, шетелдердің және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен байланыстар орнатады, өкілділік жасайды, өз өкілеттілігінің шеңберінде халықаралық келісімдер жасайды, мемлекеттің халықаралық келісімдерге сәйкес міндеттерінің орындалуын қадағалайды, мемлекеттің мүдделерін шетелдердегі өз азаматтарының құқықтарын қорғайды және өзге де функцияларды атқарады.

Көптеген мемлекеттерде жұмыс жасайтын Конституциялық кеңестің қызметінде сыртқы саясат мәселелері айрықша рөл ойнайды. Еліміздің Конституциялық кеңесі елдің жоғарғы мемлекеттік органы ретінде халықаралық мәселелерді де қарастырады. Парламенттің қабылдаған және Президенттің қол қойған заңының (сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызмет мәселелері бойынша) еліміздің Конституциясына сәйкестігі мәселесін қарастырады. Сонымен қатар, Конституциялық кеңес «Конституцияға сәйкес Республиканың халықаралық келісімдерін ратификациялауға дейін де қарастырады». «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылған заңдар мен халықаралық келісімдерге қол қойылмай, жүзеге асырылмайды, яғни ратификацияланбайды».

Президент үшін өздерінің концептуалды ұсыныстарын Қауіпсіздік Кеңесі сияқты құрылым дайындайды. Қазақстан Республикасының Қауіпісіздік Кеңесі, ел Конституциясы бойынша Президент бастамасымен құрылған консултациялық-кеңесші орган. Конституциялық Кеңес - елде ұлттық қауіпсіздікті және қорғаныс қабілетін, мемелекеттік егемендік, тәуелсіздік пен территориялық тұтастықты, мемлекеттегі әлеуметтік-саяси тұрақтылықты сақтауға, конституциялық заңдарды және азамат бостандығын қорғауға көмектеседі. Конституциялық Кеңес мәжіліс кворумын қаматамасыз етуге қажет барлық мүшелердің дауыстарымен Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері қабылданады.

Сыртқы істер министрлігі. Сыртқы істер министрлігі мемлекеттің сыртқы қатынастары бойынша орталықтандырылған органы ретінде өзге мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және халықаралық құқықтың басқа да субъектілермен қарым-қатынас жасауда мемлекеттің күнделікті сыртқы саяси қызметін жүзеге асыруда жауапты институт.

Оның міндеттері мен жекелей жауапкершілігі, өкілеттілік көлемі, құзыры әр мемлекетте қалыптасқан жүйеге тәуелді. Сыртқы істер министрлігі іс жүзінде әлемнің барлық мемлекеттерінде қызмет етеді. Бірақ олардың атаулары әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, АҚШ-та мемлекеттік департамент, Швейцарияда саяси департамент, Ливияда Сыртқы байланыстар бойынша халықтық бюро, Аргентинада сыртқы қатынастар және культ министрлігі, Ұлыбританияда Форин оффис, Францияда Кe д’Oрсэ. Титулдар: АҚШ-та мемлекеттік хатшы, Ұлыбританияда сыртқы істер және достастық істері бойынша мемлекеттік хатшы.

Сыртқы істер министрлігінің негізгі функциялары:

1. Өз елінің халықаралық сахнадағы өзге мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы саяси-экономикалық, құқықтық және өзге де мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;

2. Шет мемлекеттегі өз азаматтары мен заңдық тұлғаларының мүдделері мен құқықтарын қорғау;

3. Шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ресми байланыстарды жүзеге асыру;

4. Өзге елдердегі өз дипломатиялық және консулдық өкілдіктерінің жұмысына жетекшілік ету;

5. Өз елінің территориясында орналасқан  шетелдік дипломатиялық және консулдық өкілдіктерімен ресми байланыстарды жүргізу;

6. Халықаралық ұйымдардың және конференциялардың жұмыстарына қатысу;

7. Шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізу;

8. Үкіметтің нұсқауы бойынша халықаралық келісімдерді дайындау және жасау;

9. Халықаралық жағдайға шет мемлекеттегі ішкі саяси-экономикалық ахуалға талдау жасау;

10. Өз үкіметін мемлекеттен тыс жерлерде орын алып жатқан ооқиғалардан ақпаратпен қамтамасыз ету;

11. Өз үкіметіне сыртқы саяси іс-шараларды жүргізуге байланысты ұсыныстар жасау.

Сыртқы істер ведомствасы өз функцияларын атқару барысында өз үкіметінің атынан әрекет жасайды. Сондықтан, сыртқы істер министрлігінің жасаған мәлімдемелері, ноталары, ұсыныстары және өзге де актілері құқықтық тұрғыдан үкіметтің атынан жасалынған іс-әрекет ретінде қарастырылады.

Сыртқы істер министрлігінің құрылымы оның атқаратын функцияларына байланысты болып келеді.

Сыртқы істер министрлігін министр басқарады. Оның негізгі міндеті өз мемлекетінің сыртқы сясатын жүзеге асыру және оның халықаралық істеріне жетекшілік ету. Ол өз міндеттерін орынбасарларының (вице-министрлер), министрліктің тұрақты құрамының, шетелдердегі өз миссияларының, сонымен қатар, өз мемлекетінің территориясында орналасқан шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің көмегімен жүзеге асырады.

Министрлікті Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Министр басқарады.

Министрдің оның ұсынысы бойынша және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары, оның ішінде бір бірінші орынбасары болады.

Министр Министрліктің жұмысына басшылық жасайды және Министрлікке жүктелген міндеттерді орындау мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін жеке жауаптылықта болады.

Министрдің өкілеттіктері:

1) өз құзыреті шегінде шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынаста Қазақстан Республикасын білдіреді;

2) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Министрлікті білдіреді;

3) өзінің орынбасарлары мен Министрліктің құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді;

4) еңбек қатынастарының мәселелері Министрдің құзыретіне жатқызылған дипломатиялық қызмет персоналын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

5) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған персоналды, сондай-ақ жауапты хатшыны қоспағанда, заңнамада белгіленген тәртіппен дипломатиялық қызмет персоналын көтермелейді және тәртіптік жаза қолданады;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жауапты хатшы Министрлік аппаратын басқарады.

Үкіметтің, Министрдің орнынан түсуі жауапты хатшының өкілеттіктерін тоқтатуға әкеп соқпайды. Жауапты хатшы Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне және Министрге есеп береді.

Жауапты хатшының өкілеттіктері:

1) Министр қалыптастыратын саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді, Министрдің актілері мен тапсырмаларын орындайды;

2) Министрлік аппаратына басшылық етеді: оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

3) Министрлік қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастыру-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етеді;

4) Министрмен келісілген соң Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Министрліктің штаттық саны шегінде Министрліктің, ведомствоның құрылымын және штаттық санын бекітеді;

5) Министрмен келіскеннен кейін Министрліктің құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;

6) Министрліктің тәртіптік, аттестациялық және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, орындаушылық және еңбек тәртібін, кадр қызметі мен құжат айналымын ұйымдастыруды бақылайды;

7) Министрліктің қызметін қамтамасыз ету мақсатында және өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін мемлекеттік сатып алулар өткізуді ұйымдастырады;

8) Министрмен келісілген соң Министрліктің департаменттері және басқармаларының басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

9) ведомство басшысы тағайындау үшін ұсынатын ведомство басшысының орынбасарын Министрдің тағайындауын келіседі;

10) Министрдің келісім бойынша Министрліктің қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемақылар төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;

11) еңбек қатынастарының мәселелері Министрдің және басқа да жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған персоналды қоспағанда, Министрдің келісімі бойынша дипломатиялық қызмет персоналының тәртіптік жауапкершілік мәселелерін шешеді;

12) Министрліктің Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Министр бекітетін стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын әзірлеуді қамтамасыз етеді;

13) Министрліктің жыл сайынғы жұмыс жоспарын және Министрліктің қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті әзірлеуді қамтамасыз етеді және Министрге бекітуге ұсынады;

14) Министрліктің бюджеттік өтінімін дайындауды, бюджеттік өтінімді Республикалық бюджеттік комиссиясының қарауына енгізетін Министрге ұсынуды, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдерін орындауды қамтамасыз етеді;

15) Министрдің келісімінен кейін Министрлікті қаржыландыру жоспарларын және қаржылық есептілігін әзірлеуді қамтамасыз етеді және бекітеді;

16) мемлекеттік қызмет көрсетудің регламенттері мен стандарттарын әзірлеуді ұйымдастырады;

17) Министрліктің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;

18) Министрлікке келісуге түскен нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша қорытындылар дайындауды ұйымдастырады;

19) өз өкілеттіктері шегінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қатынастарда Министрлікті білдіреді;

20) еңбек қатынастарының жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жататын персоналды қоспағанда, Министрліктің персоналын лауазымдарға тағайындайды және босатады;

21) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жауапты хатшыға жүктеген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Сыртқы істер министрлігінің құрылымы.

Министрлік әдетте, түрлі бөлімдерден, басқармалардан және департаменттерден тұрады. Олардың бірінші түрі – оперативті-дипломатиялық, территориялық бөлімдер. Олардың әр қайсысы нақты мемлекетпен немесе аймақпен айналысады. Екінші түрі – оперативті-дипломатиялық, функционалды бөлімдер, басқармалар, департаменттер. Олардың қызметі нақты бір елмен немесе аймақпен шектелмей, бүкіл әлемді қамтиды. Олар нақты мәселелермен айналысады. Мысалы, құқықтық, тарихи-құжаттық, халықаралық ұйымдар, консулдық, мемлекеттік хаттама, ақпарат және баспасөз т.б. Үшінші түрі - әкімшілік-техникалық бөлімдер мен басқармалар. Бұлар шаруашылық, әкімшілік және қаржы мәселелерімен айналысады.

Министрліктің негізгі бөлімдері мен департаменттері.

1. саяси бөлім – негізінен аймақтық мәселелермен айналысады. Мысалы, Латын Америкасы, Еуропа, Таяу Шығыс, Шығыс Азия, Солтүстік Америка, Орта-Шығыс, Оңтүстік Азия, ТМД, Австралия және т.б.;

2. Біріккен Ұлттар Ұйымы бөлімі;

3. Басқа да халықаралық және аймақтық ұйымдар бөлімі;

4. Келісім-шарт бөлімі;

5. Құқықтық бөлім – барлық халықаралық құжаттармен және халықаралық құқық мәселелерімен айналысады. Сонымен қатар, ол сыртқы және ішкі мәселелер бойынша кеңестер бере алады;

6. Хаттама (протокол) бөлімі – артықшылықтар, иммунитеттер және рәсімділік мәселелер бойынша шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларымен қарым-қатынасқа, сондай-ақ конференциялар мен халықаралық кездесулер ұйымдастыруға, шетелдік меймандарды қабылдауға тікелей жауапты;

7. Сауда және экономикалық қатынастар бөлімі;

8. Мәдени қатынастар бөлімі;

9. Қарусыздану мәселесі бойынша бөлімі;

10. Баспасөз, бұқаралық ақпарат құралдары және ақпарат бөлімі;

11. Ғылыми бөлім;

12. Кадрлар бөлімі;

13. Қамтамасыз ету бөлімі;

14. Консулдық қатынастар бөлімі;

15. Әкімшілік, коммуникация және қауіпсіздік бөлімі;

16. Мұрағаттар және кітапхана бөлімі.

Мемлекеттің шетелдерде орналасқан сыртқы қатынастар органдары екі топтан тұрады:

1. тұрақты;

2. уақытша.

Біріншісіне, дипломатиялық өкілдіктер консулдық мекемелер, сауда өкілдіктері және халықаралық ұйымдар жанындағы миссиялар жатады. Екіншісіне, халықаралық конференциялардағы, кеңестердегі, конгресстердегі, саммиттердегі мемлекеттің делегациялары, сонымен қатар, арнайы миссиялар жатады.

Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Сыртқы қатынастар органдары туралы жалпы түсінік?

2. Сыртқы қатынастар органдарының түрлері?

3. Сыртқы қатынастардың мемлекеттің ішіндегі органдар?

4. Шетелдерде орналасқан органдар?

5. Жалпы құзырға ие органдар?

6. Мемлекет басшысының сыртқы саяси функциялары мен өкілеттіктері?

7. Үкімет басшысының сыртқы саяси функциялары мен өкілеттіктері?

8. Сыртқы істер министрінің сыртқы саяси функциялары мен өкілеттіктері?

9. Заң шығару органының сыртқы саяси функциялары мен өкілеттіктері?

10. Сыртқы істер министрлігінің маңызы?

11. Сыртқы істер министрлігінің функциялары мен құрылымы?

7 ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ӨКІЛДІЛІК ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР ЖАНЫНДАҒЫ МИССИЯЛАР

7.1 Дипломатиялық өкілділік туралы жалпы түсінік және оның анықтамасы

7.2 Дипломатиялық өкілділіктің басшысы және оның өкілеттілігі

7.3 Дипломатиялық өкілділік персоналы және оның негізгі категориялары

7.4 Дипломатиялық өкілділіктің негізгі функциялары

7.5 Дипломатиялық өкілділіктің қызметін тоқтау себептері

7.6 Дипломатиялық өкілділіктің әкімшілігі

7.7 Дипломатиялық өкілділіктің коммерциялық және экономикалық бөлімдері

7.8 Консулдық бөлім, баспасөз және ақпарат бөлімдері

7.9 Дипломатиялық қызметкерлер және атташе мамандар

7.10 Халықаралық ұйымдар жаныныдағы тұрақты миссиялар

7.11 Арнайы және уақытша миссиялар

Дипломатиялық өкілділік - дегеніміз бағыттаушы мемлекеттің атынан қабылдаушы мемлекетте екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарды жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейтін дипломатиялық агенттің жетекшілігіндегі мемлекеттік мекеме. Қазіргі кезеңде дипломатиялық өкілділіктің статусы мен функцияларын анықтайтын негізгі халықаралық құқықтық құжат 1961 жылы қабылданған Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясы болып табылады. Егер дипломатиялық өкілділікті елші басқарса, ол елшілік деп аталады. Егер Уәкіл немесе уақытша өкіл басқарса онда дипломатиялық миссия деп аталады. Тұрақты дипломатиялық өкілділік мемлекеттер арасында дипломатиялық қатынастар орнағаннан кейін өзара келісім бойынша ашылады.

Дипломатиялық өкілділіктің қызметі мен статусына байланысты мемлекеттер арасында болашақта келіспеушіліктер туындамас үшін тараптар қосымша келісімдер жасасады. 1961 жылға Вена конвенциясының 14-бабына сәйкес дипломатиялық өкілділік басшалары үш категориядан тұрады.

1. Мемлекет басшысының тарапынан аккредитацияланған елшілер мен нунцилер (Ватиканның елшісі);

2. Мемлекет басшыларының жанында аккредитацияланған уәкілдер мен интернунцилер классы;

3. Сыртқы істер министрлерінің жанында аккредитацияланған уақытша өкіл классы.

Дипломатиялық өкілдің қандай да бір классқа жатуы олардың дәрежелік ретін анықтау, сондай-ақ этикет мәселесі үшін ғана маңызды. Бірақ бұл жағдай олардың функцияларына, құқықтарына, міндеттері мен артықшылықтарына әсер етпейді. Дипломатиялық өкілдермен алмасу туралы келісімге келе отырып, мемлекеттер әрқашан оларға бірдей дәреже (класс, ранг) береді. Өз кезегінде бұл мемлекеттердің теңдігін білдіреді.

Дипломатиялық өкілділік басшысы миссияның барлық іс-әрекеттеріне тікелей жауап береді. Ол түрлі функцияларды өз қызметкерлерінің орындауына бере алады. Алайда, дипломатиялық өкілділік тарапынан істелінген кез келген әрекетке тікелей жауапты болады. Дипломатиялық өкілділіктің басшысының негізгі функциялары:

1. Дипломатиялық саясаттың негіздерін дайындау.

2. Қабылдаушы мемелекеттің үкіметіне өз үкіметінің ортақ маңызды мәселелер бойынша пікірі мен ұстанымын жеткізу. Мұндай жағдайда миссия басшысы екі үкіметті байланыстырушы тұлға ретінде қарастырылады.

3. Өз министрлігіне қабылдаушы елде орын алып жатқан маңызды саяси, экономикалық сипаттағы оқиғаларды баяндау. Мәселен, тікелей маңызы бар оқиғалар – ұлттық қазына, министрлер кабинетіндегі өзгерістер туралы; Жанама маңызға ие – яғни, әлеуметтік экономикалық өмірдегі өзгерістер мен тенденциялар; Үшінші жақтың пікірі – жергілікті баспасөз беттеріндегі мақалалар, дипломаттардың пікірі.

4. Өзі қызмет ететін мемлекеттегі ықпалды адамдар туралы және ұлттық байлықтың негізгі көздері туралы мағлұмат жинау.

5. Өз мемелекетінің қабылдауышы елдегі позициясын, беделін нығайтуға әсер ететін ресми және жекелей іс-әрекет жасау.

6. Жоғарыда көрсетілген функцияларды сәтті жүзеге асыру мақсатында мүмкіндігінше етене тығыз араласатын достардың ортасын кеңейту. Осы функцияларды жүзеге асыру барысында миссия басшысына миссияның түрлі бөлімдерінің жетекшілері - бас кеңесшілер көмектеседі.

Дипломатиялық өкілділіктің құрамына дипломатиялық өкілден бөлек миссияның персоналы кіреді. Қабылдаушы мемлекеттен басқа бір елдің атынан бір ғана адам өкілділік ете алады. Ал миссияның персоналының функциялары дипломатиялық өкілділік басшысына көмек көрсетумен шектеледі.

1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясы дипломатиялық өкілділік штатын төмендегідей анықтайды:

1. «Өкілділік басшысы» (chef de mission) – бағыттаушы мемлекеттің атынан қабылдаушы мемлекетте өкілділік ететін тұлға.

2. «Өкілділік мүшелері» (membres de la mission) – бұған жататындар персонал мүшелер мен басшысы.

3. «өкілділік персоналының мүшелері» (member du personnel de la mission) - дипломатиялық персонал, әкімшілік-техникалық персонал, сондай-ақ миссияның қызмет етуші персоналының мүшелері.

4. «Дипломатиялық персонал мүшелері» (member du personnel diplomatique) - дипломатиялық рангке ие өкілділіктің мүшелері

5.«Дипломатиялық агент» (agent diplomatique)- өкілділік басшысы немесе өкілділіктің дипломатиялық персоналының мүшесі.

6.«Әкімшілік-техникалық персонал мүшелері» (member du personnel administrative et technique)- өкілділіктің әкімшілік-техникалық қызметін жүзеге асыратын миссияның мүшелері.

7. «Қызмет көрсетуші персонал мүшелері» (member du personnel de service) – өкілділіктің ішкі қызметін атқаратын персонал мүшесі.

8. «Жеке қызметкер» (domestique privé) – өкілділіктің ішкі қызметімен айналысатын тұлға және бағыттаушы мемлекеттің қызметкері.

1961 жылғы Вена конвенциясының бірінші бабында жеке үй қызметкерлері туралы айтылғанымен, олар қабылдаушы мемлекет тарапынан дипломатиялық өкілділіктің қызметкерлері ретінде мойындалмайды.

Ережеге сәйкес дипломатиялық жұмысшылар бағыттаушы мемлекеттің азаматы болуы тиіс. Ал әкімшілік-техникалық және қызмет көрсетуші персоналдың құрамына қабылдаушы мемлекеттің азаматтарына кіруіне де рұқсат. Өкілділіктің дипломатиялық персоналының мүшелері алдын-ала сұраусыз бағыттаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігі тарапынан тағайындалады. Алайда, әскери –теңіз және әскери атташелерге байланысты, олардың кандидатурасын қорғаныс министрі ұсынып, осы мәселе бойынша өз елінің сыртқы істер министрінің келісімін алады. Оның үстіне қабылдаушы мемлекет бағыттаушы тараптан Вена конвенциясының 7-бабына сәйкес әскери атташелердің аты-жөнін алдын-ала хабарлауды талап ете алады.

Төтенше және өкілетті елші мен төтенше және өкілетті уәкіл дәрежесін мемлекет басшысы, қалғандарын сыртқы істер министрі тағайындайды. Дипломатиялық дәрежелер дипломаттарға өмірлікке беріледі.

Дипломатиялық қызметте миссияның бүкіл саяси және экономикалық қызметін үйлестіру жауапкершілігі миссия басшысының орынбасарына жүктеледі. Ол дипломатиялық өкілділіктің түрлі бөлімдерінің жұмысының дұрыс үйлестіруін қадағалап, қамтамасыз етеді: Персонал мүшелерінің жұмысын дұрыс ұйымдастыру, байланыс құралдары мен миссия ғимаратын тиімді әрі өз деңгейінде пайдалану. Персонал мүшелерін басты қажеттіліктермен (тұрғын үй т.б.) қамтамасыз ету. Әсіресе, миссияның қызметке жаңа кіріскен жұмысшыларына ерекше көңіл аудару.

Дипломатиялық өкілділік әкімшілігінің ең маңызды міндеттерінің бірі қабылдаушы мемлекеттердегі барлық мәселелер бойынша материал жинау және оны жаңартып отыру. Мұндай материалдар миссия басшысы мен персонал мүшелеріне қажетті болуы мүмкін. Осындай қажетті материалдардың реті:

1. Миссия тікелей іскерлік қарым-қатынас орнатқан қабылдаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігімен өзге де мекемелерінің құрылымы туралы мәлімет; әр бөлім қандай мәселелермен айналысады; кіммен байланыс орнатуға болады немесе кімнен бойды аулақ ұстау қажет;

2. Қабылдаушы мемлекетте соңғы кезеңде орын алған оқиғалар туралы қысқаша хабарлама;

3. Персонал мүшелері үшін маңызды жергілікті мәселелерге қатысты қызмет баяндамасын дайындау: Қабылдауша мемлекеттегі медициналық, стомотологиялық, көліктік, спорттық, климаттық жағдайлар, өмір сүру жағдайлары, қызметкерлерді жалдау, мектеп, балабақша, мешіт, шіркеу (бұл ақпарат бағыттаушы мемлекеттің персоналымен айналысатын тиісті кадрлар бөліміне, миссияның болшақ мүшелеріне бағыт-бағдар беру мақсатында жіберіледі.).

4. Саяси, әскери, әкімшілік, өнеркәсіптік, коммерциялық, академиялық және әлеуметтік салаларға жоғарғы ықпалға, беделге ие белгілі әрі қабілетті адамдардың тізімін жасау.

Мұндай ақпаратқа ие бола отырып, өз қызметіне жаңа кіріскен өкілділік басшысы жергілікті жағдайларды тез түсініп, қажетті іс-қимыл жасай алады. Мәселен, осы ақпараттың негізінде ол өз елінің мүддесі үшін кім маңызды, байланыс жасауда қалай қателіктерге бой алдырмау керек екенін тез түсіне алады.

Экономикалық және коммерциялық қызмет миссия жұмысы үшін аса маңызға ие. Экономикалық қызметтің түпкілікті мақсаты мынадай:

1. Қабылдаушы мемлекеттің экономикалық және қаржы саясатына талдау жасау.

2. Оның мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына ықпалын анықтау.

3. Болашақ тенденцияларды болжау.

4. Экономикалық мәселелер бойынша баяндама дайындау.

5. Осы сала бойынша қажетті келіссөздер жүргізу.

Бұл жұмыс қажетті материалдарды жинауды және оған талдау жасауды, тиісті министрліктермен, банк және қаржы секторымен байланыс жасауды талап етеді.

Коммерциялық қызмет негізгі екі функцияны атқарады.

1.Сауда мен инвестиция салуды қолдау.

2.Сауда саясатын қалыптастыру.

Дипломаттар кез келген уақытта іскерлік мүмкіндіктерді іздеп келген бинесмендерге көмек көрсетуге дайын тұруы тиіс. Олардың арнайы өтініштерін қанағаттандыруға, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге, жергілікті нарыққа табысты енуіне және қажетті адамдармен байланыс орнатуға көмектесу қажет.

Сауда саясатын жүргізу қабылдаушы мемлекеттің заңдарын жеткілікті деңгейде білуге, оның коммерциялық мәселелері бойынша позициясына байланысты.

Қару-жарақ сату мәселесі бойынша келіссөздер комерциялық бөлім арқылы емес, қорғаныс мәселесі бойынша атташе арқылы жүргізіледі.

Хатшылық және мұрағат.

Құпия материалдармен жұмыс істейтін хатшылық пен мұрағат қызметінің мүшелері ережеге сәйкес бағыттаушы мемлекеттің азаматтары болуы тиіс. Саяси емес секторларға (мәселен, мәдени немесе коммерциялық) қызметке хатшы және мұрағат жұмысшылары ретінде жергілікті мамандарды тартуға болады.

Қауіпсіздік.

Қауіпсіздік қызметкерлерінің басты міндеті қандай да бір тұлғалардың өкілділік ғимаратына заңсыз кіруіне жол бермеу, сонымен қатар жұмыс бабымен ғимаратқа кірген тұлғаларды құпия ақпаратқа, компьютерлерге, файлдар мен құжаттарға жебермеу, қадағалау. Қауіпсіздік қызметінің мүшелері бағыттаушы мемлекеттің азаматы болғаны абзал.

Техникалық қызмет және коммуникация.

Техникалық қызметкерлер коммуникацияны қамтамасыз етуге міндетті. Олардан код қою және кодтан шығару, қажет жағдайда қабылдау құралдарын, факстерді, өзге де құрал-жабдықтарды жөндеу талап етіледі. Олардың жұмыстары міндетті түрде құпия болуы тиіс және олар бағыттаушы мемлекеттің азаматтары болуы қажет.

Жергілікті мамандар.

Жергілікті мамандар әкімшілік персонал мен хатшылықтың бөлігі ретінде құпия емес сипаттағы тапсырмаларды орындауға тартылады. Олардың жұмысы жергілікті мамандардың қызметінің ұзақтығын, жергілікті дәстүрлерді, саяси өмірді, саяси қайраткерлерді терең білуін ескерсек аса маңызға ие. Ережеге сәйкес жергілікті мамандар коммерциялық, консулдық, ақпараттық бөлімдердің жұмысына, сонымен қатар аудармашы қызметіне тартылады.

Есеп жүргізу міндетті процедура санатына жатқызылады. Егер оған жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбесе, миссия үшін үлкен қиындықтарды тудыруы мүмкін. Қолда бар мүкіндікті пайдалана отырып, бұл жұмысқа білікті әрі тәжірибелі есепшіні (жергілікті маманды) тарту қажет. Бір ретке келтірілген дұрыс бухгалтерлік есеп жүйесі жергілікті есептерді өз уақытысында төлеуге мүмкіндік береді, ал төлемді кешіктіру миссияның жергілікті билікпен орнатылған қарым-қатынасына нұқсан келтіруі мүмкін.

Консулдық бөлім.

Қабылдаушы мемлекеттің астанасында орналасқан консулдық бөлім тікелей миссия басшысына бағынады және ережеге сәйкес миссия ғимаратында жұмыс жасайды. Алайда белгілі себептерге байланысты консулдық бөлім бөлек құрылым ретінде ұйымдастырылып, өз ережесіне сәйкес басқарылуы мүмкін.

Баспасөз және ақпарат бөлімі.

Баспасөз және ақпарат бөлімінің қызметкерлері жекелей елдегі жаңалықтардың қалыптасу ретін және оларды кімдер қалыптастыратынын білуі тиіс. Бұған қоса ақпаратты өндірушілермен (баспасөз, радио, теледидар) тікелей дұрыс қарым-қатынастарды орнатудан бөлек, бөлім қызметкерлері ақпараттық бюллетендерді ықпалды топтар мен тұлғалар арасына таратуға әрекет жасайды. Әдетте бюллетенді жасау барысында аудармашының (жергілікті) көмегіне жүгінеді. Мақалалар тек жазбаша түрде және сол елдің тілінде қабылданады. Мұндай бөлімдер баспасөз қызметі бұқаралық ақпарат құралдар қызметі, ақпараттық бөлім деп аталуы мүмкін.

Дипломатиялық қызметкерлер және атташе мамандар. Соңғы уақыттарға дейін өз қызметін саяси салаға арнаған кәсіби дипломаттар мен қызметі нақты саламен шектелетін атташелердің арасында қатаң айырмашылық болды. Алғашқылары дипломатиялық қызметте болып, практикада өз елінің сыртқы істер министрлігімен өздерін аккредитациялаған ел арасын байланыстырушы көпір болды. Екіншілері түрлі мемлекеттік ведомствалардың өкілдері ретінде миссия басшысының қамқорлығы мен бақылауында боласа да, ең алдымен өз департаментінің мүддесін қорғайды. Қазіргі кезеңде дипломатиялық миссияға қызмет көрсетуге қажетті персонал санының үнемі өсуіне байланысты кәсіби дипломаттар мен атташелер арасындағы айырмашылықтар біртіндеп жойылуда. Мысалы, еңбек мәселесі бойынша құқық немесе заң мамандары атташе қызметімен қатар хатшы, яғни дипломатиялық қызметті де атқара алады.

Әскери атташе.

Әскери атташе ережеге сәйкес өз елінің әскерінде қызмет ететін және қарулы күштердің өкілі ретінде белгілі бір уақытқа дипломатиялық миссияның қызметіне тағайындалады. Әскери, әскери-теңіз немесе әскери-әуе атташесінің маңызды міндеттерінің бірі өз департаментін әскери сала бойынша орын алып жатқан оқиғалардан ақпаратпен қамтамасыз ету. Әдетте әскери атташе қару-жарақты сатуға немесе сатып алуға көмектеседі, сонымен қатар көптеген елдерде оны тұрақты әскери оқу-жаттығуларға шақырады.

Мәдениет және білім мәселелері бойынша атташе.

Қазіргі кезде мәдениет мәселелері бойынша атташенің қызметі мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен достастық қатынастарды дамытуда зор маңызға ие. Мәдени байланыстар арқылы мемлекеттер кәсіби немесе әуесқой шығармашылық ұжымдармен, студенттермен алмасуды жүзеге асырып, стипендиялар тағайындайды. Кей кездерде мәдениет мәселесі бойынша атташе қызметіне көрнекті мәдениет қайраткерлері тағайындалады, алайда мұндай жағдайда миссия шеңберінде атташеге көмекші администратор беріледі. Кей жағдайда мәдениет саласы бойынша және білім саласы бойынша екі бөлек атташелер тағайындалады.

Басқа мәселелер бойынша атташелер.

Атташелер постының ауқымдылығы оларды тағайындайтын және қабылдайтын мемлекеттердің мүдделеріне тәуелді. Атташе қызметінің атауы қызмет ету саласына байланысты, мәселен, еңбек, ауылшаруашылық, балық шаруашылығы, өнеркәсіп, азаматтық авиация, қоғамдық байланыстар, жалдау, туризм, заң, иммиграция, кеме жүзу, орман шаруашылығы бойынша атташелер кездеседі.

Кейбір дипломатиялық миссияларда рухани дәрежесі бар тұлғалар (капелландар) маңызды рөл ойнауы мүмкін. Олар дипломатиялық қызметте жұмыс істеп, дипломатиялық стасустарды иелене алады.

Миссия басшысының болмауы немесе қабілетсіздігі.

Егер миссия басшысы белгілі себептермен болмаса, немесе өзіне жүктерген міндетерді атқара алмаса (мәселен, денсаулық жағдайына байланысты) немесе миссия басшысының посты бос болса дипломатиялық миссия мүшелерінің ішінен дәрежесі жоғары тұлға Уақытша сенімді уәкіл міндетін атқарады. Мұндай жағдайда бағыттаушы мемлекеттің миссиясы немесе министрлігі орын алған өзгерістер туралы, сонымен қатар, миссия басшысының өз міндетіне қайтып оралу мерзімі туралы қабылдаушы мемлекеттің үкіметіне хабарлайды. Егер миссия басшысы болмаған уақытта дипломатиялық персонал мүшелерінің ішінен ешқайсысы миссия басшысы функциясын атқара алмаса, әкімшілік немесе техникалық персонал мүшелерінің бірі қабылдаушы мемлекеттің келісімімен миссияның алдында тұрған ағымдағы әкімшілік міндеттерді орындау міндетін өз мойнына алуға өкілетті. Егер уақытша сенімді уәкіл өзіне жүктелген міндетті орындай алмаса, оның өз орнына жаңа уақытша уәкілді тағайындауға өкілеттілігі жоқ. Бұл  бағыттаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігінің құзырындағы мәселе.

Тағайындау, келу және кейін қайту.

Қабылдаушы мемлекеттің алдын ала ресми келісімі тек дипломатиялық миссия басшысын, сондай ақ кей-кезде әскери теңіз және әскери әуе атташелерін тағайындау кезінде қажет болғанның өзінде, өзге дипломатиялық қызметкерлерді тағайындаған кезде міндетті түрде қабылдаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігіне мұны хабарлау қажет. Дипломатиялық миссия басшысы ережеге сәйкес қабылдаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігінің хаттама бөліміне өзінің тағайындалуы (қызметінің аяқталуына байланысты кейін қайтуын), сонымен қатар миссияның мүшелері мен олардың отбасыларының келуі мен кейін қайтуын алдын ала хабардауы тиіс. Оның үстіне кейбір елдерде қабылданған практикаға сәйкес сыртқы істер министрлігінің консулдық бөліміне белгілі бір қызметтерге қабылдаушы елдің резиденттерін немесе азаматтарын тағайындау туралы шешімді хабарлауға міндетті.

Өз міндетін атқару үшін қабылдаушы мемлекетке келгеннен кейін миссия басшысы хаттама бөлімінің басшысымен немесе оның өкілімен кездеседі. Алайда мұндай кездесулер миссия басшысының келуі мемлекеттік ұлттық немесе діни мерекелерге, демалыс күндеріне сәйкес келіп жатса болмайды. Сонымен қатар мұндай кездесулер таңертеңгі уақытқа немесе жұмыс күнінің соңына белгіленбеуі тиіс. Миссия басшысы келгеннен кейін шұғыл түрде өз елінің сыртқы істер министрімен қатар қабылдаушы мемлекеттің сыртқы істер министріне өзін таныстыру және сенім грамотасының көшірмесін тапсыру мақсатында өзінің келетіндігін хабарлап, кездесуге өтініш жасайды.

Дипломатиялық өкілділіктің басшысы өз қызметінен кету алдында, осы жағдай туралы қабылдаушы мемлекеттің сыртқы істер министріне нота жолдап, мемлекет басшысынан өзін қабылдауды (аудиенция) өтінеді. Бұл қоштасу визиті жеке сипатқа ие және кейін қайтып бара жатқан миссия басшысы бұл жағдайда кері шақыру грамотасын тапсырады. Қазіргі кезде дипломатиялық практикада өз постынан босаған миссия басшысы кері шақыру грамотасымен қатар өз ізбасарының сенім грамотасын тапсыру процедурасы кеңінен тараған. Кейін қайтып бара жатқан миссия басшысы бұл туралы дипломатиялық корпус дуайеніне және өзге мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшыларына хабарлайды.

Дипломатиялық миссия басшысы өзі қызмет етенін елді тастап шыққан уақыттан, өзінің міндетін атқаруды тоқтатады. Егер миссия басшысы белгіленген мерзімнен кейін кететін болса, онда қандай да бір нақты кезеңде оның және отбасының мүшелерінің барлық артықшылықтары мен иммунитеттері сақталынады. Әдетте, кейін қайтқан дипломатиялық миссия басшысын хаттама бөлімінің өкілі шығарып салады.

Дипломатиялық өкілділік қызметі төмендегі жағдайларға байланысты тоқтатылуы мүмкін.

1. Бағыттаушы мемлекеттік немесе қабылдаушы мемлекеттің өмір сүруін тоқтақан жағдайда.

2. Дипломатиялық қарым-қатынастар үзілген жағдайда.

3. Олардың арасында әскери қақтығыстар басталған жағдайда.

Қабылдаушы мемлекеттегі шетелдік дипломатиялық миссияның кез келген қызметкері төмендегі екі жағдайға байланысты өз қызметін тоқтатуы мүмкін:

1. Бағыттаушы мемлекеттің тарпынан кері шақыртқан жағдайда.

2. Қабылдаушы мемлекеттің тарпына персона нон грата ретінде жарияланған жағдайда.

Халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттердің тұрақты өкілдігі. Мемлекеттер дипломатиялық қатынастарады бір-бірімен ғана емес, сонымен қатар халықаралық ұйымдармен де орнатып, дамытады. Бұл үшін олар ұйымдар жанынан тұрақты өкілдіктер ашып, оның жұмысына ат салысу үшін делегацияларды жібереді. Мұндай өкілдіктер мен делегациялардың құқықтық жағдайы халықаралық ұйымдардың Жарғыларының, олармен жасасқан «артықшылықтар мен иммунитеттер туралы» келісімдердің, сондай ақ 1975 жылы қабылданған мемлекеттердің универсалды сипаттағы халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасындағы өкілділігі туралы Вена конвенциясының нормалары тарапынан анықталады. Осы конвенцияға сәйкес халықаралық үкімет аралық ұйымдарға мүше-мемелекеттер олардың жанынан ұйымның ережесі рұқсат етсе өздерінің тұрақты өкілдіктерін аша алады.

Халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктің негізгі функциялары:

1. Ұйымда бағыттаушы мемелекеттің атынан өкілділік ету.

2. Бағыттаушы мемлекетпен ұйым арасындағы байланыстарды дамыту.

3. Ұйыммен және оның аясында келіссөздер жүргізу.

4. Ұйымның қызметі мен оның негізгі бағыттары туралы ақпаратты өз үкіметіне хабарлау.

5. Бағыттаушы мемлекеттің ұйым қызметіне қатысуын қамтамасыз ету.

6. Бағыттаушы мемелекеттің ұйымдағы мүдделерін қорғау.

7. Ұйыммен және оның аясында ынытымақтастықты дамыту арқылы ұйымның мақсаты мен принцптерін жүзеге асыруға ат салысу.

Халықаралық ұйымның мүшесі емес мемлекеттер төмендегі мақсаттарға сәйкес онын жанынан «бақылаушылардың тұрақты миссиясын» аша алады.

1. Бағыттаушы мемелекеттің өкіділігін қамтамасыз ету, ұйымға қатысты оның мүдделерін қорғау, онымен байланыстарды дамыту.

2. Ұйымның қызметтеріне қатысты мәліметтермен өз үкіметін қамтамасыз ету.

3.Ұйым мен арадағы ынтымақтастықтың дамуына үлес қосу және онымен келіссөздер жүргізу.

Халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттердің тұрақты өкілдіктердің персоналының құрылымы іс жүзінде дипломатиялық өкілдіктердің құрылымына ұқсас келеді: өкілділік басшысы, дипломатиялық жұмысшылар, әкімшілік-техникалық және қызмет көрсетуші персонал мүшелер. Алайда дипломатиялық миссияларға қарағанда, халықаралық ұйымдар жанындағы мемелекеттердің өкілдері мемлекет басшысы немесе сыртқы істер министрі тарапынан емес, халықаралық ұйымдар арасында аккредитатцияланады. Сондықтан оларға агреманды алу талабы қойылмайды.

Өкілділік басшысының өкілеттілігі мемлекет басшысының, үкімет басшысының, сыртқы істер министрінің, егер халықаралық ұйымның ережесі рұқсат берсе бағытаушы мемлекеттің өзге құзырлы органдардың атынан беріледі. Ережеге сәйкес ол халықаралық ұйымың Бас хатшысына бағытталады. Өз кезегінде Бас хатшы олардың халықаралық ұйымның жарғысына және оның органдарынаң регламентіне сәйкестігін тексеріп, өкілділік басшысының өкілеттілігінің мойындалғаны туралы жайтты өзге мемелекеттерді өкілдеріне хабарлайды. Халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттердің тұрақты өкілдерінің ағалық реті ұйым аясында қабылданған мемлекеттердің атауының әліпбилік ретімен айқындалады.

Тұрақты өкілділіктің персоналының мүшелеріне қатысты 1975 жылғы Вена конвенциясының 15-бабына сәйкес бағыттаушы мемлекет төмендегі жайттарды дер кезінде хабарлауы тиіс:

1. Өкілділіктің қызметкерлерін тағайындауы, қызметі, реті, дәрежесі, ағалық реті туралы.

2. Өкілділік персоналының және олардың отбасының мүшелерінің келуі мен толық кету туралы.

3. Өкілділік ғимаратының, оның қызметкерлерінің жеке резиденцияларының орналасқан жері туралы және т.б. Халықаралық құқыққа сәйкес өкілділіктің дипломатиялық, әкімшілік-техникалық персоналына негізгі дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер беріледі.

Қабылдаушы мемелекет мұндай өкілділіктерге өз функциясын дұрыс атқаруға қажетті барлық мүмкіндіктерді беруі тиіс, ал халықаралық ұйым тек оған осындай мүмкіндікті алуға қолдау көрсетіп қоймай, сонымен қатар өзі де осындай мүмкіндіктерді беруі қажет.

1975 жылғы Вена конвенциясының 40-бабына сәйкес өкілділік басшысының немесе оның дипломатиялық персоналының мүшелерінің функциясы төмендегі жағдайларға байланысты тоқтатылуы мүмкін.

1. Бағыттаушы мемлекеттің халықаралық ұйымға оларды тоқтату туралы жайтты хабарлаумен.

2. Егер өкілділік толық немесе уақытша кері шақырылса.

Аранайы миссия – бұл сипаты жағынан мемлекеттің атынан өкілділік ететін уақытша миссия ретінде қандай да бір мемлекеттің екінші мемлекетке белгілі мәселелерді бірігіп қарастыру немесе оған қатысты белгілі міндеттерді орындау үшін мемлекетке бағытталады. Келіссөздер жүгізу, құжаттарды тапсыру, ақпараттарды жеткізу немесе алмасу, маңызды мемлекеттік іс-шараларға қатысу және басқалар осындай міндеттердің қатарына кіреді.

1969 жылғы «Арнайы миссиялар туралы» конвенцияға сәйкес қандайда бір миссияны екі немесе одан да көп мемлекеттің, немесе екі және одан да көп мемлекеттердің мәселені қарастыру үшін арнайы миссияны бағыттауы мүмкін.

Басқа мемлекетке арнайы миссияны бағыттау алдын ала дипломатиялық немесе өзге каналдар арқылы қол жеткізілген келісімге сәйкес жүзеге асырылады. Арнайы миссиялардың функциялары бағыттаушы және қабылдаушы мемлекеттердің келісімі бойынша анықталады. Бұған қоса арнайы миссияны жіберу немесе қабылдау үшін дипломатиялық немесе консулдық қатынастардың болуы міндетті емес.

Бағыттаушы мемлекет өз талғамына сәйкес арнайы миссия мүшелерін тағайындайды. Бірақ алдын ала қабылдаушы мемлекетке арнайы миссияның саны және құрамы мүшелердің аты жөні және қызметі туралы ақпаратты жеткізуі тиіс. Алайда егер арнайы миссияның саны шамадан тыс болса немесе ол қабылдаушы мемлекеттегі жағдайларға сәйкес келмесе, қабылдаушы мемлекеттің үкіметі миссияны қабылдауға өз келісімін бермеуі мүмкін. Сонымен қатар қабылдаушы мемлекет бас тартудың (келіспеудің) себептерін түсіндірмей-ақ қандайда бір тұлғаның арнайы миссия мүшесі ретінде тағайындалуына рұқсат бермеуге құқұлы.

Арнайы миссия бағыттаушы мемелекеттің бір немесе бірнеше өкілінен тұрады. Олардың арасынан тағайындалған миссия басшысына миссияның мақсаты мен деңгейіне сәйкес мемлекет басшысы, үкімет басшысы немесе сыртқы істер министрі қол қойған тиісті өкілеттіліктер беріледі. Арнайы миссия құрамына дипломатиялық, әкімшілік-техникалық және қызмет көрсетуші персонал мүшелері кіре алады. Егер тұрақты дипломатиялық өкілділіктің немесе консулдық мекеменің мүшелері арнайы миссия құрамына енгізілсе, онда олар 1969 жылғы конвенцияға сәйкес берілген артықшылықтар мен иммунитеттерден бөлек, дипломатиялық өкілділіктің немесе консулдық мекеменің мүшесі ретінде өздерінің артықшылықтары мен иммунитеттерін сақтап қалады. Қабылдаушы мемлекеттің азаматы осы мемлекеттің келісімін алу арқылы арнайы миссияның құрамына енгізілуі мүмкін, бірақ қабылдаушы мемлекет кез келген уақытта оның күшін жоюға құқұлы.

Бағыттаушы мемлекеттің арнайы миссиясы қабылдаушы мемлекетпен арадағы ресми байланыстарды осы елдің сыртқы істер министрлігі немесе өзге органдармен жүргізеді. Мұндай органдар төмендегі ақпараттармен дер кезінде қамтамасыз етілуі тиіс:

Арнайы миссияның құрамы немесе кейін болатын кез келген өзгерістер туралы.

1. Миссия мүшелерінің келуі және толық кетуі, олардың миссиядағы функцияларының аяқталуы туралы.

2. Миссия мүшелерінің жанындағы кез келген тұлғаның келуі және толық кетуі туралы.

3. Миссия мүшесі немесе жеке қызмет көрсетуші персонал ретінде жалдаған қабылдаушы мемлекетте тұратын тұлғаны жұмысқа қабылдау немесе жұмыстан шығару туралы.

4. Арнайы миссияның басшысын тағайындау туралы.

5. Арнайы миссия орналасқан ғимараттың және жеке қауіпсіздікке ие жеке мекемелердің орналасқан жері туралы.

Қабылдаушы мемлекет арнайы миссияның сипаты мен міндетін ескере келе, оған өз функцияларын дұрыс арқаруға қажетті мүмкіндіктерді беруі тиіс. Алайда 1969 жылғы конвенцияның 12-бабына сәйкес қабылдаушы мемлекет кез келген уақытта, өз шешімінің себептерін түсіндірместен бағыттаушы мемлекеттің үкіметін арнайы миссия мүшелерінің немесе олардың бірінің персона нон грата немесе лайықсыз тұлға ретінде жариялағандығын хабарлайды. Мұндай жағдайда бағыттаушы мемлекет оны кері шақыруға және миссиядағы функциясын тоқтатуға міндетті. Жалпы қабылданған ережеге сәйкес қандай да бір тұлға қабылдаушы мемлекетке келгенге дейін ақ персона нон грата ретінде жариялануы ықтимал. Арнайы миссияның функциялары оның қабылдаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігімен немесе өзге органдармен ресми байланыстарды орнатудан басталады.

Арнайы миссия қызметін тоқтатуға негіз болатын себептер:

1. Тараптардың өзара келісімі бойынша.

2. Арнайы миссияның өз міндетін толық атқаруы.

3. Арнайы миссия қызметі мерзімінің аяқталуы.

4. Бағыттаушы мемлекеттің екінші тарапқа арнайы миссияның қызметін тоқтату және кейін шақыру туралы хабарлауы.

Дегенмен, бағыттаушы мемлекет пен қабылдаушы мемлекет арасындағы дипломатиялық және консулдық қатнастардың үзілуі, осы сәтте жұмыс істеп жатқан арнайы миссиялардың қызметінің тоқтауына алып келе бермейді.

Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Дипломатиялық өкілділік туралы жалпы түсінік және оның анықтамасы?

2. Дипломатиялық өкілділіктің басшысы және оның өкілеттілігі?

3. Дипломатиялық өкілділік персоналы және оның негізгі категориялары?

4. Дипломатиялық өкілділіктің негізгі функциялары?

5. Дипломатиялық өкілділіктің қызметін тоқтау себептері?

6. Дипломатиялық өкілділіктің әкімшілігі?

7. Дипломатиялық өкілділіктің коммерциялық және экономикалық бөлімдері?

8. Консулдық бөлім, баспасөз және ақпарат бөлімдері?

9. Дипломатиялық қызметкерлер және атташе мамандар?

10. Халықаралық ұйымдар жаныныдағы тұрақты миссиялар?

11. Арнайы және уақытша миссиялар?

9 ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ХАТТАМА (ПРОТОКОЛ)

9.1 Дипломатиялық хаттама туралы жалпы түсінік және оның анықтамасы

9.2 Хаттаманың дипломатиялық қызметтегі маңызы мен рөлі

9.3 Дипломатиялық хаттаманың нормалары

9.4 Мемлекеттік тудың, елтаңбаның және әнұранның дипломатиялық хаттамадағы маңызы

9.5 Мемлекеттік ресми және бейресми іс-шаралары мен церемониялары

9.6 Дипломатиялық қызметтегі ағалық ретті сақтау тәртібі

9.7 Дипломатиялық корпус

Дипломатиялық хаттама – бұл үкіметтердің, сыртқы істер ведомстволарының, дипломатиялық өкілдіктердің, ресми тұлғалардың халықаралық байланыстарда басшылыққа алатын жалпы қабылданған нормалардың, ережелердің, шарттардың жиынтығы. Дипломатиялық хаттама – бұл үкіметтер мен олардың өкілдерінің ресми және бейресми іс-шараларға қатысты әрекет ету ережелерінің жиынтығы.

Орта ғасырларда бұл түсінік құжаттарды ресімдеу және мұрағат саласында қолданылған. Кейін протокол дипломатия мен дипломатиялық қызмет саласында қолданыла бастады. Оның мәні мен маңызы арта түсті. Дипломатиялық құжаттарды ресімдеуден бөлек дипломатиялық протоколды этикет және церемония салаларында да қолданыла бастады. Қазіргі кезеңде хаттама (дипломатиялық, мемлекеттік) жалпы қабылданған халықаралық сыпайылықты мүлтіксіз орындауды білдіреді. Оған сәйкес, әрбір мемлекетте ресми билік өкілдері түрлі дипломатиялық церемониялардың тәртібін реттейді.

Осылайша протокол біріншіден, ресми дипломатиялық іс-әрекеттерді, екіншіден, негізгі келісім-шартты толықтыратын халықаралық келісімді білдіреді.

Дипломатиялық хаттама мемлекеттер арасындағы халықаралық байланыстарды орнатуға және дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенінің ажырамас бөлігі, сонымен қатар дипломатияның аса маңызды ұйымдастырушылық және саяси құралы саналады. Шет мемлекеттің жоғарғы лауазымды тұлғасына, сондай-ақ ол өкілділік етіп отырған мемлекет пен халыққа деген құрмет оның басты қағидасы болып табылады.

Дипломатиялық хаттаманың ережелері, дәстүрлері мен шарттары толық көлемде 1961 жылғы «Дипломатиялық қатынастар жөніндегі Вена конвенциясында» көрініс тапқан. Нормалардың міндеттілігі, оларды қолдану икемділік, универсалдылық, прагматизм хаттаманың негізгі сипатты белгілері ретінде қарастырылады. Хаттаманың ережелері мен нормалары түрлі ұлттар мен мемлекеттердің сан ғасырлық қарым-қатынастары нәтижесінде қалыптасты.

Халықаралық практикада ұлттық дипломатиялық хаттамалардың өзара әрекеттесу үрдісі осы бағытта «ортақ ережені» қалыптастыруға және бекітуге зор мүмкіндік берді. 1815 жылы 19 наурызда Вена конгресінің Қорытынды актісінде «Дипломатиялық агенттерге қатысты ереже» (1815 жылғы Вена регламенті) қабылданды. Бұл құжат дипломатиялық агенттерді класстарға (сыныптар) бөлген және мемлекеттердің өкілдері арасындағы қарым-қатынастар тәртібін белгілеген алғашқы халықаралық ереже саналады.

Мемлекетаралық қатынастардың тұрақтануы мен нығаюы процесінде дипломатиялық хаттаманың нормаларды әсіресе дипломатиялық қатынастарды орнату, шетелдік елшінің қабылдаушы мемлекеттің басшысына Сенім грамотасын тапсыру, іс-сапарлармен алмасу, жоғарғы және аса жоғары деңгейде ресми кездесулерді, конференциялар мен кеңестерді ұйымдастыру барысында мүлтіксіз орындау талабы қойылады.

Церемонияларды ұйымдастырудан бөлек хаттама іс-әрекеттің әдістері мен аясын, және этикет ережесін анықтайды, сонымен бірге ресми және жеке хат алмасу нормаларын, киім формасын белгілейді. Церемонияға қатысатын әрбір қатысушының ресми статусына байланысты тиісті орнын және құрмет көрсетуді қамтамасыз ету хаттаманың негізгі міндеті. Осылайша дипломатиялық және іскерлік қатынастарды жүзеге асыруға қолайлы достастық атмосфераны қалыптастыру хаттаманың негізгі мақсаты болып есептеледі.

Дипломатиялық хаттаманың негізгі нормаларын әлемнің барлық мемлекеттері белгілі бір дәрежеде басшылыққа алуы тиіс. Бірақ әр мемлекеттің дипломатиялық хаттамасы әдетте өз дәстүрлеріне, тарихына, мәдениетіне, саяси жүйесіне сәйкес өзіндік ерекшелікке ие болады. Мемлекет оған қоғамда қалыптасқан жағдайларға және тарихи дамуға байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

Қазіргі кезеңде дипломатиялық хаттаманың нормалары төмендегі жағдайларға байланысты нақты орындалуы тиіс:

1. Жаңа мемлекетті мойындаған кезде;

2. Дипломатиялық қатынастарды орнатқан кезде;

3. Тұрақты дипломатиялық миссияларды ашу кезінде;

4. Дипломатиялық өкілділіктің басшысын тағайындау кезінде;

5. Сенім грамотасын тапсыру кезінде;

6. Дипломатиялық іс-сапарлар кезінде;

7. Кездесулер, келіссөздер өткізу және келісім-шарттарға қол қою барысында;

8. Ресми делегацияларды қабылдау мен кездесу барысында;

9. Халықаралық кездесулер, конференциялар, саммиттер, форумдар ұйымдастыру кезінде;

10. Түрлі мерекелер мен қайғылы жағдайларға байланысты.

Дипломатиялық хаттамада мемлекеттік әнұран мен ту этикасын сақтау ерекше рөл ойнайды. Дипломатиялық өкілдік басшысы кез келген уақытта өз резиденциясының және елшілік ғимаратының үстіне мемлекеттік туды ілуге құқылы. Сонымен қатар олар мемлекеттік туды өздерінің қызмет көліктеріне іле алады.

Ресми түрде ұлттық қаралы немесе қайғылы күн жарияланған кезде мемлекеттік ту жартылай түсірілуі қажет. Әдетте мемлекеттік ту азанғы 8-де көтеріліп және күн батқан кезде түсіріледі. Жоғары дәрежелі шетелдік мейманды қабылдаған кезде екі мемлекеттің де туы көтеріледі.

Дипломатиялық хаттамаға сәйкес дипломатиялық қабылдаулар өткізіледі, дипломатиялық хаттар алысады, дипломатиялық корпуспен байланыстар жасалынады.

Мемлекеттік церемониялар

Мемлекеттік деңгейдегі церемониялар (мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар) жоспарлау және өткізу хаттама бөлімі басшысының құзырына кіреді. Церемониялар тәуелсіздік күнінен бөлек нақты даталарға байланысты өткізіледі. Мәселен, инаугурация (ұлықтау), ресми іс-сапарлар, мемлекеттік маңызы бар мерекелер және қайғылы жағдайлар жоғарыда аталған іс-шаралардың жоспары алдын-ала бірнеше апта немесе бірнеше ай бұрын жасалынады. Маңызды іс-шаралардың басым бөлігін ұйымдастыру барысында түрлі мекемелер арасындағы қызметті үйлестіру аса маңызды мәселе. Осы бағытта жоспарлау және үйлестіру мақсатында арнайы комитеттер құрылады. Әдетте, оларға полицияның (парковканы бақылау және жол жүру қозғалысын реттеу үшін). Армияның оркестр мен құрметті қарауылды құру үшін, баспасөздің, азаматтық биліктің, кеден қызметінің, миграциялық қызметінің, әуежайдың және басқа да маңызды құрылымдағы өкілдері кіреді.

Шет мемлекет басшысының, үкімет мүшелерінің немесе өзге де жоғарғы дәрежелі меймандардың іс-сапары кезінде сол мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің басшысы барлық ресми жиналыстар мен кештерге шақырылады.

Қазақстан Республикасының және іс жүзінде барлық егеменді елдердің мемлекеттік хаттамасы қалыптасқан дипломатиялық практика мен дәстүрлерге сәйкес мемлекет басшылығының қатысуымен өткізілетін ресми іс-шаралардың процедуралық ережелерін реттейді.

Мемлекеттік хаттама мемлекеттің ішінде және халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу барысында біртұтас хаттамалық-ұйымдастырушылық нормаларды орнатады, хаттамалық ағалық рет қағидасын бекітеді. Өз кезегінде жоғарыда аталғандар хаттамалық іс-шараларды жоспарлау мен жүзеге асыру барысында барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар бірдей міндетті болып, осы шаралардың жүзеге асыруға тартылады. Мемлекеттік органдардың Мемлекеттік хаттаманы сақтауы мен орындауын қадағалау Сыртқы істер министрлігіне жүктеледі.

Шетелдік делегациялардың сапарларын жіктеу.

Шетелдік ресми делегацияға хаттамалық церемониялар мен сый-құрмет сапардың формасына, делегацияға жетекшілік ететін тұлғаның мәртебесіне (Мемлекет басшысы, Үкімет басшысы, сыртқы істер ведомствасының басшысы немесе өзге жоғарғы лауазымды тұлға) және екі жақты қарым-қатынастардың деңгейіне сәйкес ұйымдастырылып, көрсетіледі.

Шетелдік делегацияның сапарларының деңгейі мен форматы бойынша жіктеу. Шетелдік делегацияның деңгейіне байланысты сапарлар «аса жоғары» және «жоғары» болып бөлінеді. «Аса жоғары деңгейге» Мемлекет немесе үкімет басшыларының сапарлары, ал «жоғарғы деңгейге» - сыртқы істер ведомстваларының басшылары мен өзге де ресми тұлғалардың сапарлары жатады.

Форматы бойынша сапарлар былайша жіктеледі: мемлекеттік сапарлар, ресми сапарлар, жұмыс бабындағы сапарлар, Қазақстан Республикасы Президентінің жеке мейманы ретіндегі сапарлар, бейресми сапарлар, жол-жөнекей кездесу сапарлары.

Мемлекеттік сапарлар. Жалпы қабылданған дәстүрге сәйкес мемлекеттік сапарлар шетмемлекет Басшысының сапарының аса жоғарғы категориясына жатқызылады. Мұндай сапарды негізінен шетмемлекет Басшысының осы қызметте отырған уақытында (әдетте, басында) ерекше жағдайларда және бір рет (одан артық жасамайды) жасайды. Мемлекеттік сапар кезінде аса мәртебелі Мейманды қарсы алу, кездесулер өткізу мен шығарып салу айрықша жоғары деңгейде өткізіледі. Қабылдаушы мемлекет Басшысы мәртебелі Қонақпен ресми кездесулерде президенттік биліктің символдарын пайдаланады. Сапар барысында, елді аралау кезінде Қонақты ертіп жүрудің деңгейі артады.

Жалпы алғанда мемлекеттік сапарлар церемониалды және ресми іс-шараларының ұйымдастырылуы жағынан ресми сапарлардың форматына сәйкес келеді.

Ресми сапарлар. Аса жоғарғы деңгейдегі сапарларға санатына жататын ресми сапарлар қандай да бір саяси маңызға ие және өзінің салтанаттылығымен көзге түседі. Бұл категориядағы сапарлар кезінде барлық церемониалдық сый-құрмет көрсетіледі.

Ресми сапарлар барысында бағдарламаға сәйкес тар (шағын) және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүргізу, екі жақты құжаттарға қол қою, бірігіп баспасөз конференциясын ұйымдастыру, сонымен қатар гүл шоқтарын қою, ағаш отырғызу, ресми түскі ас немесе таңертеңгі ас беру, театрға немесе концертке бару, елді аралау секілді церемониалды іс-шараларды қарастырады.

Жұмыс бабындағы сапарлар. Мұндай сапардың ресми және мемлекеттік сапарлармен салыстырғанда деңгейі төмендеу. Жұмыс бабындағы сапарларға нақты мақсаттағы сапарлар жатады. Оның барысында келіссөздер жүргізу, мәжілістер ұйымдастыру, көрмені немесе өзге де нысанды салтанатты түрде ашу, көпжақты кездесулерге, халықаралық мәжілістер мен конференцияларға қатысу, мерейтойларды тойлау, бұдан жоғары деңгейдегі сапарларды дайындау және осы секілді басқа да іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуді көздейді.

Қазақстан Республикасы Президентінің жеке мейманы ретіндегі сапарлар. Мұндай сапарлар Мемлекет Басшысының жеке шақыруы бойынша жүзеге асырылады және ұйымдастырылуы тараптардың уағдаластығы бойынша бекітіледі. Осындай сапарлардың хаттамалық ұйымдастырылуы Президент Хаттамасына жүктеледі.

Бейресми сапарлар. Бұған шетелдік мемлекет қайраткерлерінің жеке істері (демалыс, туризм және басқа да мақсаттар) бойынша Қазақстан Республикасына сапары жатады. Бейресми сапарлар барысында әдетте хаттамалық іс-шаралар қарастырылмайды.

Жол-жөнекей кездесу сапарлары. Ел аумағы арқылы транзитпен өтіп бара жатқан ресми делегацияның немесе жоғары мәртебелі мейманның (Мемлекет немесе үкімет басшысы, сыртқы істер министрі) Қазақстан Республикасына қысқаша тоқтап, аялдауы. Меймандардың өтініші бойынша және тиісті уағдаластыққа қол жеткізген жағдайда Қазақстан Республикасының лауазымды тұлғаларымен кездесулер және сұхбаттасулар ұйымдастырылады.

Енді төменде әлемдік және отандық деңгейдегі дипломатиялық хаттаманың тәжірибелерінен мысал келтіреміз.

Ең алдымен Шет мемлекеттің Басшысын қабылдау тәртібіне тоқталамыз. Ережеге сәйкес шет мемлекеттің Басшысын қабылдау тәртібін және сапар мерзімін Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы келісіп, анықтайды. Жалпы қабылданған норма бойынша шетелдік делегацияның қандай да бір мемлекетте болуы 3 күннен аспауы тиіс.

Келу мерзімін анықтау кезінде делегацияның демалыс және мереке күндері, сондай-ақ күндізгі уақыттан тыс кезде келуі кездесудің деңгейін түсіру мүмкіндігін ескеру қажет. Алда болатын сапарды дайындау бойынша жұмысшы тобы Қазақстан Республикасына сапардың басталуынан кем дегенде 5 күн бұрын келеді. Жұмысшы тобының келуіне байланысты қажетті шығындарды ережеге сәйкес бағыттаушы тарап көтереді. Дегенмен, бұл мәселе өзара сыйластық принципі бойынша шешіледі.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Қонақ елдің тиісті инстанциялары келетін делегация құрамын анықтайды, сапардың бағдарламасын дайындайды, делегацияны орналастыру, көлікпен қамтамасыз ету, тамақтану мен өзге де шығындарына байланысты мәселелерді реттейді.

Барлық шығындарды Қазақстан жағы көтеретін мемлекеттік және ресми сапарларда ресми делегация – 12 адамға дейін, ал жұмыс бабындағы сапарлар және Қазақстан Республикасы Президентінің жеке қонағы ретіндегі сапар кезінде – 5 адамға дейін қабылданады. Мұнда әр нақты кездерде өзара құрмет қағидасы басшылыққа алынады.

Келуші тараппен келіскеннен кейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігіне сапар бағдарламасы жобасын, шетелдік делегация құрамын, сонымен бірге тар (шағын) және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерге қатысатын Қазақстан делегациясының тізімін, сапар бағдарламасы бойынша қарастырылған хаттамалық іс-шаралардың жобаларын жолдайды.

Қазақстан Республикасының Президенті қаулыны жариялағаннан кейін, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Жетекшісі алда болатын сапардан кем дегенде 7 күн бұрын іс-шаралардың хаттамалық-ұйымдастырушылық жоспарын бекітіп, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен мемлекеттік органдарына сапарды дайындау бойынша нұсқаулар, сапардың жұмыс бағдарламасы мен тар және кеңейтілген құрамдағы Қазақстан жағынан келіссөздерге қатысатындардың тізімін жолдайды.

Сапарды дайындау мен іс-шаралар жоспары төмендегідей болады:

- әуежайдағы кездесудің хаттамалық-ұйымдастырушылық мәселелері (жауаптылар: Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, астана әкімі); Президент Сарайында (Президент Хаттамасы, Президент Істері Басқармасы, Республикалық гвардия);

- күзетілетін тұлғалардың жеке қауіпсіздігі мәселесі (Президенттің күзет қызметі) және қоғамдық тәртіп пен делегацияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету (Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті);

- жол жүру бағытын анықтау (Сыртқы істер министрлігі, Президенттің күзет қызметі, Ішкі істер министрлігі);

- шетелдік делегацияның сапарын қамтамасыз ететін шығындарды есептеу (Президент Істері Басқармасы, Сыртқы істер министрлігі);

- делегацияны орналастыру, тамақтандыру және көлікпен қамтамасыз ету, естелік сыйлықтарын дайындау (Президент Істері Басқармасы);

- Мемлекет басшылары арасындағы тар құрамдағы сұхбатты өткізу бойынша хаттамалық-ұйымдастырушылық мәселесі (Президент Хаттамасы, Президент Істері Басқармасы);

- кеңейтілген құрамда келіссөздерді өткізуге байланысты хаттамалық-ұйымдастырушылық мәселесі (Президент Хаттамасы, Сыртқы істер министрлігі, Президент Істері Басқармасы);

- біріккен құжаттарға қол церемониясына байланысты хаттамалық-ұйымдастырушылық мәселесі (Президент Хаттамасы, Сыртқы істер министрлігі, Президент Істері Басқармасы);

- Қазақстан Республикасы Президенті атынан ресми қабылдауды (таңертеңгі ас, түскі ас) өткізуге байланысты хаттамалық-ұйымдастырушылық мәселесі (Президент Хаттамасы, Президент Істері Басқармасы);

- тостардың мәтіндерін дайындау (теру, аудару) (Президент Хаттамасы, Сыртқы істер министрлігі);

- саяси қуғын-сүргін құрбандарының естелік Мемориалына гүл шоқтарын қою, Мемлекет басшыларының Аллеясына ағаш (тал) отырғызу церемониялары мен мәдени бағдарламамен қамтамасыз етуге байланысты хаттамалық-ұйымдастырушылық мәселесі (Сыртқы істер министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Республикалық гвардия мен астана әкімі);

- Мемлекет басшыларының атынан сыйлықтармен алмасу мәселесі (Президент Хаттамасы, Президент Істері Басқармасы);

- Қонақтың жұбайының (жолдасының) бағдарламасын қамтамасыз ету (Сыртқы істер министрлігі).

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Көлік, коммуникация және туризм министрлігімен, Қорғаныс министрлігі және Ішкі істер министрлігімен бірігіп арнайы радиоқабылдағыштарды пайдалану мәселесін реттейді; Президенттің күзет қызметі және Ішкі істер министрлігімен бірге – Қонақ елдің қауіпсіздік қызметі мүшелерінің қару-жарақтарын енгізу, ұстауды; Көлік, коммуникация және туризм министрлігімен сапармен келетін делегацияның арнайы ұшағы үшін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы ұшу, әуежайға қондыру және қызмет көрсетуге байланысты дипломатиялық рұқсат беруді.

Шет мемлекет Басшысының мемлекеттік және ресми сапары форматы төмендегілерді білдіреді:

- әуежайда, жол жүру бағаттарында және баратын жерлерге екі елдің мемлекеттік тулары мен сәлемдесу транспаранттарын ілу (астана әкімі астана әкімі, Сыртқы істер министрлігі);

- Қонақ кортежін мотоциклистер эскортымен ертіп жүру (Ішкі істер министрлігі);

- Қазақстан Республикасының Президенті Сарайында ресми кездесу церемониясын ұйымдастыру және өткізу (Президент Хаттамасы, Қорғаныс министрлігі, Республикалық гвардия);

- Қазақстан Республикасының лауазымды тұлғаларымен кездесу (Сыртқы істер министрлігі мен тиісті билік органдары);

- ресми делегацияның ел бойынша сапары (елді аралауы) (Сыртқы істер министрлігі, облыс әкімдері).

Шет мемлекет Басшыларының мемлекеттік, ресми және жұмыс бабы сапарларын дайындау мен өткізу бойынша байланыстарды ұйымдастыру мен үйлестіру Президент Хаттамасы мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама басқармасына жүктеледі. Шет мемлекет Басшыларын қабылдау тәртібіне байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар бойынша сапар мерзімі бойынша уағдаласады.

Мемлекеттік және ресми сапарлар

Шет мемлекет Басшыларының мемлекеттік және ресми сапарлары барысында келесі хаттамалық іс-шаралар қарастырылады.

1) Қарсы алу және кездесу (кездесу өткізу)

Әуежайға екі елдің мемлекеттік тулары мен ғимаратқа қазақ және Қонақтың тілінде жазылған сәлемдесу транспаранттары ілінеді. Ұшақтың трапынан әуежайдың ғимаратына дейін салтанатты киімдегі Республикалық гвардия сапқа тұрады. Осылайша шетел басшысының ресми сапары қабылдаушы ел астанасында аса салтанатты рәсіммен басталады. Қабылданған ережеге сәйкес егер Жоғарғы мәртебелі мейман астанаға тым кеш немесе азанда келсе, мұндай рәсімдер ұйымдастырылмайды.

Астана әуежайында шетел басшысын қарсы алу ресми церемониясына қабылдаушы мемлекеттің басшысының (Қазақстан Республикасының Президенті) қатысуы мүмкін. Мұндай церемония ерекше жағдайларда өткізіледі және шет мемлекет Басшысының билікте болуы кезінде бір реттен аспайды. Жоғарғы мейманның ел астанасына мейрам немесе демалыс күндері, тым кеш немесе азанда келуі кездесудің маңызын төмендетуі мүмкін екені айрықша атап өткен жөн.

Негізінен әуежайда қарсы алудың екі түрі болады:

а) Республикалық ұланның құрметті қарауылы өтетін қарсы алу рәсімі;

ә) Республикалық ұланның құрметті қарауылы өтпейетін қарсы алу рәсімі;

Әуежайда құрметті қарауыл өтетін қарсы алу ресми рәсімі бойынша, үшақ тоқтағаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Хаттамасы басшысы және қонақ елінің елшісі әуе кемесінің бортына көтеріліп, Жоғары мәртебелі мейманды сыртқа шығуға шақырады. Осы уақытта ресми делегация мүшелері екінші траппен түсіп, арнайы белгіленген орынға орналасады. Мейманды Қазақстан Республикасының Президенті ұшақтың трапында қарсы салады. Қазақ ұлттық киіміндегі қыз мейманға гүл сыйлайды. Егер жұбайы (жолдасы) бірге еріп келсе, онда екі қыз мәртебелі мейман мен оның жұбайына (жолдасы) гүл сыйлайды.

Осыдан кейін мемлекет басшысы мәртебелі мейманды белгіленген орынға өтуге шақырады (жұбайы (жолдасы) белгіленген орынның оң жағында тұрады). Құрметті қарауыл бастығы сәлемдік баянат береді. Республикалық ұлан оркестрі екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындайды. Мейман елінің әнұраны дәстүр бойынша бірінші орындалады.

Президент пен Жоғары мейман құрметті қарауыл сабының бойымен өтеді. Қазақстан Республикасының туы алдында мейман тоқтап, сәл иіліп өзінің құрметін білдіреді. Саптан өту аяқталған соң Президент пен мейман екі елдің делегациясына барып, оның мүшелерін бір-бірімен таныстырады. Бұдан кейін олар белгіленген орынға барып, Құрметті қарауыл ротасының салтанатты сап түзіп өтун тамашалайды. Мейман Президентпен бірге әуежай ғимаратының ішіндегі арнайы VIP-бөлмеге барып, қысқа сұхбат жүргізеді. Сұхбат барысында шәй, сусындар ұсынылады.

Сұхбат аяқталғаннан кейін Президент пен мейман көлікке жайғасады. Автокөліктерде екі елдің кіші-гірім тулары орнатылады. Автокөлік кортежі жол полициясының ілесуімен қалаға бет алады. Дипломатиялық практикаға сәйкес мейман жүретін бағыттарға екі елдің мемлекеттік тулары мен екі тілде жазылған сәлемдеме транспаранттары ілінеді.

Әуежайда Республикалық ұланның құрметті қарауылы өтпейтін қарсы алу рәсімі бойынша ұшақ тоқтағаннан кейін Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хаттама қызметінің басшысы мен мейман елдің Қазақстандағы елшісі әуе кемесінің бортына көтеріліп, мейманды сыртқа шығуға шақырады. Траптың алдында мәртебелі мейманды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі немесе оның орынбасары, лауазымды тұлға (Үкімет мүшесі), қала әкімі (әкімнің орынбасары) қарсы алады. Қазақ ұлттық киіміндегі қыз мейманға гүл сыйлайды. Егер жұбайы (жолдасы) бірге еріп келсе, онда екі қыз мәртебелі мейман мен оның жұбайына (жолдасы) гүл сыйлайды. Қазақстан Республикасыныңм Сыртқы істер министрі немесе оның орынбасары мейманды ресми тұлғалармен таныстырады. Мәртебелі мейман Сыртқы істер министрі немесе оның орынбасарымен бірге қысқаша сұхбаттасу үшін әуежайдағы VIP-бөлмеге кіреді. Ал ресми делегация мүшелері екінші траппен түсіп, VIP залға кіреді. Осыдан кейін одан шығып белгіленген автокөліктерге отырады.

Қонақүйге орналастырылғаннан кейін делегация басшысы Қазақстан Республикасының Үкіметінің мүшесінің ілесіп жүруімен ресми кездесуге бару үшін Президент Сарайына бағыт алады. Делегация кешкісін немесе демалыс күні келсе, ресми кездесу келесі күні таңертең ұйымдастырылады.

Жоғары мәртебелі мейманмен еріп жүретін ресми тұлғалар, Қонақ елдің Елшілігінің қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері егер жиналу уақыты сапар бағдарламасында басқаша көрсетілмесе, церемония басталмастан 15 минут бұрын Президент Сарайына келеді.

Автокөлікпен Президент Сарайының бас кіреберісіне қарсы тоқтаған мейман мен оның жұбайын Президент Хатамасының басшысы қарсы алады. Содан кейін мәртебелі мейманды Қазақстан Республикасының Президенті жұбайымен бірге бірінші қабаттағы холлда қарсы алады. Президент мейманды подиумға өтуге шақырады. Осы ретте мейман Президенттің оң жағына тұрады (жұбайлары подиумның оң жағынан бөлінген орынға барып тұрады). Құрметті қарауыл бастығы мейманға сәлемдік баянат береді. Республикалық ұланның оркестірі екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындайды. Мейман мен Президент кілемше төселген жол бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туына қарай өтеді. Оның алдына мейман тоқтап, сәл иіліп құрмет білдіреді. Бұдан кейін тараптар келіссөздер жүргізуге көшеді.

2) Келіссөздер, сұхбаттасулар, құжаттарға қол қою.

Шет мемлекет Басшысымен келіссөздерді Қазақстан Республикасының Президенті жүргізеді. Келіссөздер мен сұхбаттасуға қатысатындардың құрамы бойынша ұсынысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі тарапынан жасалынып, қалыптасқан тәртіпке сәйкес бекітіліп, қарама-қарсы тарапқа дипломатиялық арналар бойынша хабарланады.

Қазақстан Республикасының Президенті жүргізетін келіссөздер мен сұхбаттасулардың тәртібі Президенттің Хаттамасы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің уағдаластығы бойынша сапарға дейін 25 жұмыс күн бұрын белгіленіп, Президент Әкімшілігіне жолданады.

Шағын топтағы келіссөздер (алдын-ала уағдаластық бойынша екі мемлекет басшылары кездесуі мүмкін) әрбір тараптан 2-3 ресми тұлғаның қатысуымен өткізіледі (әдетте, екі мемлекеттің сыртқы істер министрлері, мемлекет басшыларының көмекшілері, екі елдің елшілері кіреді). Кеңейтілген құрамдағы келіссөздерге Президентпен бірге 10 ресми тұлға қатысады.

Қорытынды құжаттарға қол қою кезінде Сыртқы істер министрлігінің қызметкері қол қойылатын құжаттардың атауларын оқиды және құжаттарға қол қоятын ресми тұлғаларды қазақ тілінде жариялайды. Қажет болған жағдайда аудармашы оны ағылшын тіліне немесе мейман елінің тіліне аударады. Президент пен басқа лауазымды тұлғалар (делегация мүшелері) құжаттарға қол қойған кезде, оларға Сыртқы істер министрлігінің қызметкері көмектеседі.

Бағдарламаға сәйкес сапар аясында Жоғары мәртебелі мейман мен делегация мүшелерінің Премьер-министрмен, Парламент Сенаты мен Мәжілісі Төрағаларымен, Қазақстан Республикасының басқа да ресми тұлғаларымен арада кездесулер мен сұхбаттар өткізілуі мүмкін.

3) Баспасөз-конференциясы.

Сапардың бағдарламасы бойынша келіссөздер аяқталғаннан кейін біріккен баспасөз-конференциясын өткізу қарастырылады. Баспасөз-конференцияны Президент ашады. Ол журналистерге өткізілген кездесулер мен келіссөздер туралы қысқаша хабарлайды. Осыдан соң сөз мәртебелі мейманға беріледі. Журналистер мемлекет басшыларын сұрақтар қояды.

4) Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған Мемориалға гүл шоқтарын қою церемониясы.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған Мемориалға гүл шоқтарын қою церемониясына Қонақтың ресми делегациясының өкілдері қатысады. Қазақстан жағынан оған Мемлекеттік хатшы (Үкімет мүшесі), астана әкімі, Сыртқы істер вице-министрі, Республикалық гавардияның басшысы қатысады.

5) Мемлекет басшыларының Аллеясына ағаш (тал) отырғызу церемониясы.

Мемлекет басшыларының Аллеясына ағаш (тал) отырғызу церемониясына Қонақ жақтан ресми делегациясының өкілдері, ал Қазақстан жағынан Мемлекеттік хатшы (Үкімет мүшесі), астана әкімі, Сыртқы істер вице-министрі қатысады

Аллеяда Жоғары мәртебелі қонақты қала әкімі қарсы алады. Қонаққа Мемлекеттік хатшы, астана әкімі көмектеседі. Естелік тақтасы орнатылады.

6) Ресми қабылдау.

Шет мемлекет басшысының сапары бағдарламасы аясында Президент атынан ресми қабылдауды (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) ұйымдастыру көзделеді. Қонақтар тарапы мен қазақ жағынан қабылдауға қатысатын құрам бойынша тізімді Сыртқы істер министрлігі ұсынады. Өз кезегінде тізім жоғарғы басшылықтың келісім бойынша Президент Әкімшілігі бекітеді. Ресми қабылдауға қатысушыларды отырғызу тәртібін, концерттік бағдарламаны да Президент Әкімшілігі жасайды.

Жоғары мәртебелі мейман жұбайымен бірге келген жағдайда, ресми қабылдауға Қазақстан Республикасының Президентінің жұбайы да қатысады. Қабылдау барысында тілектер мен тостар айтылып, делегация мүшелеріне естелік сыйлықтар тапсырылады.

7) Театрға, концертке бару.

Театрда (концертте) құрметті орындарға Жоғары мәртебелі мейман жұбайымен бірге және мейманды осы іс-шарада ертіп жүретін Қазақстан Республикасының Президенті (жұбайымен бірге) немесе Мемлекеттік хатшы (жұбайымен бірге) жайғасады.

Залда екі елдің мемлекеттік тулары мен сәлемдесу транспаранттары ілінеді. Спектакль (концерт) басталар алдында екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалады.

Спектакль (концерт) аяқталғаннан кейін сахнаға екі себет гүл қойылады (Қазақстан Республикасының Президенті мен Мейманның визит карточкаларымен бірге).

Спектакльге (концертке) шақырылған тұлғалардың тізімін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі анықтайды.

8) Елді аралау.

Мәртебелі мейманның тілегі бойынша ресми сапардың бағдарламасында ел ішін аралау процедурасы қарастырылуы мүмкін. Мейманның және делегация мүшелерінің Қазақстан Республикасы территориясында болуы ережеге сәйкес 3 күннен аспауы тиіс.

Ел ішін аралау барысында шет мемлекет басшысын Мемлекеттік хатшы (Үкімет мүшесі), Қонақ елдегі Қазақстанның Елшісі, Президент Хаттамасы, Сыртқы істер министрлігі және Президенттің күзет қызметінің қызметкерлері ілестіріп жүреді.

Облыстарды аралаудың бағдарламасын дайындау және жетілдіру мақсатында Президент Хаттамасы, Президенттің баспасөз қызметі, Сыртқы істер министрлігі және Президенттің күзет қызметінің қызметкерлерінен жасақталған жұмыс тобы жіберіледі.

Қонақтың келу бағдараламасында облыстың көрнекті жерлеріне бару, облыс әкімі атынан қабылдаулар өткізу қарастырылады.

Әуежайда мейманды облыс әкімі (жұбайымен бірге), облыстық маңызға ие қала әкімі күтіп алады (шығарып салады). Кездесу ұйымдастырылатын жерлерге екі елдің мемлекеттік тулары көтеріледі.

9) Естелік сыйлықтар.

Мемлекеттік және ресми сапарларда Жоғары мәртебелі мейман мен делегация мүшелеріне Қазақстан Республикасы Президенті атынан естелік сыйлықтарын беру қарастырылады. Делегация мүшелеріне сыйлықтар беру екі елдің хаттамалық қызметтері арқылы жүзеге асырылады.

Халықаралық және дипломатиялық іс-шараларды өткізу кезіндегі Қазақстан Республикасының лауазымды тұлғаларының ағалық реті:

1. Президент.

2. Премьер-министр.

3. Парламент Сенаты Төрағасы.

4. Парламент Мәжілісі Төрағасы.

5. Мемлекеттік хатшы.

6. Сыртқы істер министрі.

7. Президент Әкімшілігі жетекшісі.

8. Конституциялық Кеңес Төрағасы.

9. Жоғарғы Сот Төрағасы.

10. Бас прокурор.

11. Ұлттық Банк Төрағасы.

12. Премьер-министр орынбасары.

13. Премьер-министр орынбасарлары – министрлер (министрліктердің әліпбилік реті бойынша).

14. Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшілері (аты-жөндерінің әліпбилік тәртібі бойынша).

15. Президент Көмекшісі.

16. Ұлттық Қауіпсіздік мәселесі бойынша Президент Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысы.

17. «Алтын Қыран» және «Халық Қаһарманы» ордендерінің кавалерлері.

18. Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы.

19. Жоғарғы Сот Кеңесі Төрағасы.

20. Сенат Төрағасының орынбасары.

21. Мәжіліс Төрағасының орынбасары.

22. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасы.

23. Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау бойынша Есеп комитетінің Төрағасы.

24. Президент Істерін Басқарушы.

25. Премьер-министр Кеңсесі жетекшісі.

26. Президент Әкімшілігі Жетекшісінің орынбасары.

27. Президент Кеңесшісі.

28. Қорғаныс министрі.

29. Ішкі істер министрі.

30. Министрлер (министрліктердің әліпбилік атауы бойынша).

31. Стратегиялық жоспарлау және реформалар бойынша Агенттіктің Төрағасы.

32. Парақорлыққа қарсы күрес жөніндегі Мемлекеттік комиссияның Төрағасы.

33. Мемлекеттік қызмет істері бойынша Агенттік Төрағасы.

34. Президенттің күзет қызметінің бастығы.

35. Республикалық гвардияның жетекшісі.

36. Бағалы қағаздар бойынша Ұлттық комиссияның Төрағасы.

37. Облыс, Астана, Алматы қаласының әкімдері (облыстардың әліпбилік реті бойынша).

38. Парламент депутаттары (аты-жөндерінің әліпбилік реті бойынша).

39. Қазақстан мұсылмандары Рухани Басқармасының Бас муфтиі мен Астана және Алматы архиепископы.

40. Парламент Палаталары аппаратының жетекшісі.

41. Үкімет құрамына енбейтін Агенттіктер Төрағалары (атауларының әліпбилік реті бойынша).

42. Ұлттық Компаниялардың жетекшілері.

43. Конституциялық Кеңес мүшелері.

44. Премьер-министр Кеңсесі Жетекшісінің орынбасары.

45. Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімдерінің жетекшілері.

46. Министрлер мен мемлекеттік органдардың төрағаларының орынбасарлары.

47. ІІ категориядағы қызметтегі өзге мемлекеттік қызметкерлер.

48. Қазақстанның саяси партиялары мен өзге де қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері.

49. Іскер орталардың көрнекті өкілдері, ғылым және спорт қайраткерлері.

Жұбайы (жолдасы) өз жолдасының (жұбайының) ағалық ретін иеленеді.

1815 жылы Вена конгресінде қабылданған «Дипломатиялық өкілдіктердің рангтері» туралы Регламентке сәйкес тек елшілер, легаттар мен нунцилер мемлекет басшыларының өкілдері бола алады. Қабылдаушы мемлекетте аккредитацияланған дипломатиялық өкілділік басшыларының жалпы жиынтығын «Дипломатиялық корпус» деп атайды.

Дипломаттар өзге де шетелдік дипломаттар ортасында жұмыс істейтіндіктен, олар өзара тығыз байланыста болады. Осы бағытта дипломатиялық корпус ерекше рөл ойнайды. Ол дипломатттардың ресми қызметтерінің және өмірлерінің маңызды бөлігі саналады. Американ дипломаты А. Уотсонның пікірінше «дипломатиялық корпус – дипломатиялық делдалдықтың көпжақты желісі ретінде іс-әрекет ететін бүкіл дипломатиялық миссиялардың жиынтығы».

Бұған қоса кең мағынада бұл термин барлық дипломатиялық жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелерін білдіреді. Дипломатиялық корпус арнайы ұйым болып табылмайды. Дипломатиялық корпус басшысы - дуайен дипломатиялық өкілділіктердің жетекшісі ретінде класс жағынан барлығынан жоғары және қызмет ету уақыты бойынша қалғандарынан алда тұрған тұлға. Кейбір котоликтік елдерде дуайен ретінде әрқашан Рим папасының нунцийі тағайындалады. Дуайен қабылдаушы мемлекеттен ресми ұлттық іс-шараларды өткізу барысында барлық шетелдік дипломатиялық жұмысшылардың атынан сөз сөйлейді және дипломатиялық корпус мүшелері арасындағы жекелей даулар мен келіспеушіліктерді (Мысалы, ағалық ретті сақтау мәселесі бойынша) қарастыра алады.

Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Дипломатиялық хаттама туралы жалпы түсінік және оның анықтамасы?

2. Хаттаманың дипломатиялық қызметтегі маңызы мен рөлі?

3. Дипломатиялық хаттаманың нормалары?

4. Мемлекеттік тудың, елтаңбаның және әнұранның дипломатиялық хаттамадағы маңызы?

5. Мемлекеттік ресми және бейресми іс-шаралары мен церемониялары?

6. Дипломатиялық қызметтегі ағалық ретті сақтау тәртібі?

7. Дипломатиялық корпус?

10 ҚОНАҚЖАЙЛЫҚ ЕРЕЖЕЛЕРІ ЖӘНЕ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАБЫЛДАУЛАР

10.1 Қабылдауларды өткізу дəстүрлері

10.2 Қабылдаулардың дипломатиядағы маңызы

10.3 Дипломатиялық қабылдаулардың түрлері және оларға дайындық əдістері

10.4 Дипломатиялық этикет

10.5 Қабылдауды дайындау жəне өткізу ережелері

10.6 Дипломатиялық қабылдаудағы ас мәзірі

10.7 Шақыру. Шақырылатындардың тізімін жасау. Шақыруды қабылдау

10.8 Дипломатиялық қабылдаулардағы киім туралы

10.9 Отырғызу принциптері. Алғыс білдіру. Таныстыру

Дипломатиялық қабылдаулар үкіметтердің, сыртқы істер ведомстваларының, дипломатиялық өкілдіктердің және дипломаттардың сыртқы саяси қызметінің жалпы қабылданған әрі кең таралған формаларының бірі саналады. Қабылдаулар маңызды оқиғалардың құрметіне (ұлттық мерекелер, мерейтойлар, келісімнің жасалуына бір жолы толуы, сондай-ақ елге қандайда бір Жоғарғы мәртебелі мейманның келуі), сонымен бірге сыртқы істер министрлігі, үкіметтердің және елшіліктердің күнделікті қызметі барысында өткізіледі.

Дипломатиялық өкілдік тарапынан ұйымдастырылатын қабылдаулар елшілікке қабылдаушы ел үкіметімен байланыстарды жүргізуге және дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай қабылдауларда шетелдік дипломаттар өз елінің саясатының бағыт-бағдарын түсіндіреді, қабылдаушы елде орын алып жатқан оқиғалар мен жағдайлар туралы мағлұмат жинайды, маңызды халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасады. Осыған орай кез келген дипломатиялық қабылдау, оны ұйымдастырушылар үшін де, оған қатысушылар үшін де үлкен саяси маңызға ие. Бұл бағытта мемлекеттің жетекші билік органдарының (мемлекет басшысы, үкімет, сыртқы істер министрлігі) шетелдік жоғарғы мәртебелі қонақ пен делегацияның құрметіне ұйымдастыратын қабылдауларының саяси маңызы одан анағұрлым жоғары.

Қабылдауларды өткізу дәстүрлері тарихының тамыры айтарлықтай тереңге кетеді. Қонақжайлық іс жүзінде барлық мемлекеттер мен ұлттардың аса маңызды мейірбандылығы мен абыройының нышаны болған және болып қала береді. Мемлекеттер қонақтарды қабылдаулардың тарихи және мәдени дәстүрлерін бейбітшілік пен сыпайлықтың белгісі ретінде көздің қарашығындай сақтап келеді. Қазақ халқы ежелден мейірбанды және аса қонақжай халық. Мұның ақиқат екенін шетелдік жоғарғы мәртебелі меймандар, дипломаттармен қатар, қарапайым азаматтар да мойындайды.

Көп ғасырлық дипломатиялық дәстүрлер мен практика барлық қатысушылар басшылыққа алатын, қолданатын дипломатиялық қабылдаулардың түрлерін, оларды дайындау және ұйымдастыру әдістерін, дипломатиялық этикеттің қағидаларын орнатты. Қазақстан Республикасындағы хаттамалық практика мен дәстүрлердің тарихы терең әрі ұлттық-мәдени ерекшеліктерге ие, екінші жағынан, халықаралық қатынастарда жалпы қабылданған ережелерге сәйкес келеді.

Дипломатиялық қабылдаулар бір жағынан қонақжайлықтың белгісі, екінші жағынан, ресми биліктің дипломатиялық корпуспен және шетелдік дипломаттармен қатынастарды дамытудың маңызды құралы. Мұнда этикет мәселесі ерекше рөл ойнайды. Этикет – бұл өзін-өзі ұстау, әдептіліктің, сәлемдесу және сөз сөйлеу формалары, ортада тиісті деңгейде киіну мен жүріп-тұрудың ережелерінің жалпы жиынтығы.

Олар түрлі себептерге орай ұйымдастырылады. Әр сәтте олар формасы мен маңызына, ресмилігі мен бейресмилігіне байланысты өздерінің аса салтанаттығымен немесе қарапайымдылығымен, меймандар санының аздығымен және көптігімен ерекше көзге түседі.

Еліміздің дипломатиялық хаттамасында өзге мемлекеттердегідей қабылдаулар күндізгі және кешкі, ресми және бейресми, жайғастырусыз (отырғызусыз немесе отырмай) және жайғастыру (отырғызу) болып бөлінеді. Егер шақырылғандар ресми лауазымды тұлғалар болса, онда қабылдау ресми болып есептелінеді. Күндізгіге әдетте «шампан бокалы», «шарап бокалы», «таңғы ас» секілді қабылдаулар жатқызылады.

«Шампан бокалы» ережеге сәйкес әдетте, күндізгі 12:00 басталып, бір сағатқа созылады. Бұл қабылдау негізінен ұлттық мерекенің, елшінің кейін қайтуы немесе жаңа елшінің келуі, шетелдік делегацияның елге келуі, көрменің (фестивальдің) ашылуы және басқа да маңызды оқиғалардың құрметіне өткізіледі. Қонақтар үстелге жайғаспайды. Сусындарды, тіске басар мен тағамдарды даяшылар (официанттар) береді. Ұйымдастыру тұрғысынан келгенде «шампан бокалы» үлкен шығындарды және ұзақ дайындалуды қажет етпейтін қабылдау түрі саналады.

«Шарап бокалы» осы қабылдау типіне жатады. Тек оның атауы ғана қабылдаудың ерекшелігін көрсетеді.

«Таңғы ас» күндізгі сағат 12:00 мен 15:00 аралығында беріледі. Әдетте ас беру 12:30 немесе 13:00 басталады. Ас мәзірі ұлттық дәстүрлерді ескере отырып жасалады. Таңғы асты ұйымдастыру барысында ас мәзіріне бір-екі суық тіске басар, бір ыстық тағам (балық немесе ет), тоқбасар (десерт) беріледі. Таңғы ас алдында сусындар беріледі. Сонымен қатар бірінші тағам және ыстық тіске басар да берілуі мүмкін. Кейбір елдерде бір салқын, бір ыстық, 1 тоқбасар (десерт), шай немесе конфе беріледі. Меймандарға салқын тағамға – арақ немесе шырын, балықтан жасалынған ыстық тағамға – құрғақ шарап, етке – құрғақ шарап, тоқбасарға – шампан, кофеге – коньяк немесе ликер ұсынылады. Кейбір елдерде ас барысында құрғақ жүзім шарабы, соңына таман – шампан, кофе немесе шай беріледі.

Таңғы ас әдетте бір жарым сағатқа созылады. Оның бір сағаты үстел басында, 30 минуты кофе немесе шай ішіп, әңгімелесуге кетеді. Кофе мен шай үстел басына алып келінуі мүмкін. Ережеге сәйкес меймандар егер шақыру қағазында арнайы киім формасы көрсетілмесе, күнділекті киімде келеді.

Ресми қабылдау болып есептелінетін «таңғы асқа» ереже бойынша лауазымды тұлғалар шақырылады. Қонақтардың саны 16 адамнан аспағаны абзал. Өйткені бұл жағдай қонақтарды тік бұрышты формадағы үстелге жайғастыруға мүмкіндік береді. Бірақ бұдан көп болуы да ықтимал. Қонақтарды хаттамаға сәйкес жайғастыру қажет. Ол екі топ бойынша жүзеге асырылады – жоғарғы және ортаңғы.

Таңғы ас дипломатиялық қабылдаулардың кең таралған түрлерінің бірі. Олар келісім-шартқа қол қою, делегацияның келуі, елшінің келуі немесе кетуі, мерейтойлар, Сыртқы істер министрлігінің шетелдік дипломатиялық миссиялармен тығыз байланысты дамыту құрметіне және басқа да маңызды себептерге орай ұйымдастырылады. Халықаралық және дипломатиялық хаттамада күндізгі қабылдаулардың салтанаттылығы, кешкіге қарағанда төмендеу болып есептеледі.

Кешкі қабылдаулардың «коктейль», «а ля фуршет», «түскі ас», «кешкі ас», «түскі ас-буфет» секілді түрлері бар.

«Коктейль» сағат 17:00 және 18:00 аралағында басталып, екі сағатқа созылады. Әдетте шақыруда қабылдаудың басталу және аяқталу уақыты көрсетіледі. Формасы жағынан ол «шампан бокалына» ұқсас келеді. Меймандар еркін орналастырылады. Қабылдау барысында даяшылар сусындарды, ішімдіктер мен тағамдарды тасиды және үстелге қояды. Ішімдіктердің кең ассортименті беріледі. Коктейльден бөлек, қонақтарға арақ, шарап, шампан ұсынылады. Кіші-гірім бутербродтар (канапе), тарталеткалар, жеміс-жидектер, шоколад және тәттілер секілді суық тіске басарлар тартылады. Егер қабылдау бір сағаттан астам уақытқа созылса, онда негізінен шанышқымен желінетін ыстық тағам берілуі тиіс. Қонақтар белгіленген уақытта келіп, қалаған уақытында кете алады. Алайда қабылдаудың басынан аяғына дейін болу – қонақтың үй иесін құрметтеуі деп есептеледі. Ал қонақтың аз уақыт болып кетуі екі ел арасында татулықтың жоғары деңгейде емес екенін көрсетеді.

«А ля фуршет» қабылдауы «коктейль» өткізілетін уақытта ұйымдастырылады. «Коктейль» және «а ля фуршет» қабылдаулары үстел басына жайғасу арқылы емес, тұрып тұру арқылы өткізіледі. Бұл қабылдауларда суық тағамдармен қатар, ыстық тағам да берілуі мүмкін. Меймандар үстелдерге өздері келіп, таңдаған тағамдарын алып, өзгелердің де осылай істеуіне мүмкіндік беруі үшін кері оралады. Екі қабылдаудың да салтанаттылығы айтарлықтай жоғары. Оның соңында шампан, балмұздақ, кофе немесе шай ұсынылады. Егер қабылдау ұлттық мерекенің немесе мәртебелі мейманның құрметіне берілсе, соңына таман шағын концерт қойылуы немесе фильм көрсетілуі мүмкін. Шақыруда ерекше киім формасының көрсетілуі қабылдаудың салтанаттылығының дәлелі бола алады.

«Түскі ас» қабылдаудың аса құрметті әрі салтанатты санатына жатады. Ол әдетте 20:00 немесе 20:30 басталады. Бірақ бұдан кеш болмауы тиіс. Кейбір елдердің хаттамасы бойынша бұд ертерек басталуы да мүмкін. Оның ұзақтығы үш сағат және одан көп болуы ықтимал. «Түскі асты» өткізудің маңызды шарты ретінде – үстел басына хаттамалық ретпен отырғызуды айтуға болады. Таратылатын шақыруларда міндетті түрде «түскі ас отырғызу арқылы» деп көрсетілуі керек. Салтанатты киім формасын көрсетпесе де болады, себебі «отырғызу арқылы» деген сөздің өзі ерлердің смокингте немесе фракта, әйелдер кешкі көйлекпен келу керек екенін білдіреді.

Қабылдауды ұйымдастырушылар отырғызу тәртібіне өзгертулер енгізіп үлгеруі үшін мұндай сипаттағы шақыруларға міндетті түрде не оң жауап беру керек, не бас тарту қажет. Өйткені шақыруды қабылдап, келмей қою немесе көп уақыт өтпей бас тарту, содан кейін келу тіпті жол берілмейтін мәселе.

«Түскі ас» мәзірі ұлттық дәстүрлерді немесе шет мемлекеттің өкілдерінің ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып жасалынады. Мәзір екі-төрт суық тіске басардан, бірінші тағамнан, ыстық балық еті, ыстық ет пен тоқбасардан тұрады. Бір жарым-екі сағат өткен соң «түскі астың» бірінші бөлігі аяқталады. Содан кейін меймандар қонақтар бөлмесіне өтеді. Оларға кофе, шай, ликер, коньяк ұсынылады. Қонақтар шылым шеге алады.

«Кешкі ас» әдетте 21:00 немесе одан кеш басталады және үш сағаттан астам уақытқа созылады. Оның «түскі астан» айырмашылығы тек басталу уақытында ғана. Кешкі аста ереже бойынша бірінші ыстық тағам берілмейді. Оның барысында шампан мен өзге де ішімдіктер беріліп, олардың құрметіне концерт немесе ойын-сауық бағдарламасы, би ұйымдастырылуы мүмкін.

Бірқатар мемлекеттерде меймандар үй иесіне сыйлық немесе гүл алып келеді. Оларды алдын ала жіберуге де болады. Кешкі асқа шақырылғандар саны оннан асса, отырғызу жоспары бойынша қонақтарды алдын ала таныстыру керек. Үй иелері меймандары есік алдында күтіп алады. Кешіккен қонақтар кешіккені үшін кешірім сұрап, үстел басына жайғасады.

Кеш барысында қабылдаушы тарап пен қонақтар бір-біріне тең көңіл бөлу керек. Ер адамдар жанында отырған әйелдерге көңіл бөлуі қажет. Үй иесі қонақтар құрметіне сөз сөйлейді, ал қонақтар арасында жоғарғы лауазымдысы тілек айтады.

Астың соңында басты қонақтың жұбайы ас қайыруға болады деп берген уақытта үй иесінің жұбайы орнынан тұрады. Егер ер адамдар үстел басында қалып, жұмыс жайында сөйлескісі келсе, олар үстелдің бір шетіне қарай жиналып, кофе ішіп, шылым шегеді. Тост айтылып бітпей және шарап әкелінбей, шылым шегуге болмайды.

«Түскі ас-буфет» уақыты жағынан түскіге де, кешкі ге де жатады. Себебі ол 16:00 мен 20:00 аралығындағы уақытта басталады және ұзақтығы екі сағаттан аспайды. Қонақтарды үстел басына отырғызу еркін болғанымен, мұнда дипломатиялық этикет нормаларын ескеру қажет. Барлығы үстел басына төрт-алтын адамнан отырады. «А ля фуршеттегідей» тіске басарлар қойылған дастархан жайылады, сусындар мен ішімдіктер ұсынылатын буфет болады. Меймандар таңдаған тағамдары мен тіске басарларын алып, таңдаған шағын үстелдерге келіп жайғасады. Мұндай қабылдаулар театр, концерт, кино сияқты мәдени шаралардан кейін ұйымдастырылады. Ыстық белбеуде орналасқан елдерде ол ашық жерде, бақта ұйымдастырылады. «Түскі ас-буфет» ресмилігі төмен және оған кешкі костюм кию міндетті емес.

Кешкі қабылдау түрлеріне «шай» немесе «кофе» жатады. Ол 16:00 мен 18:00 аралығында, ереже бойынша әйелдерге арнап өткізіледі. Сыртқы істер министрінің жұбайы немесе шет мемлекеттің елшісінің жұбайы өзге елшілердің және дипломатиялық қызметкерлердің жұбайларын «шайға» («кофеге») шақырады. Қабылдаудың мұндай түрі дипломатиялық миссия басшыларының жұбайларының сыртқы істер министрінің жұбайымен қоштасуында ұйымдастырылады. «Шайға» шақырылған меймандардың санына қарай бір немесе бірнеше үстел қойылады. Кәмпит, тәттілер, жеміс-жидектер, сусындар, сонымен қатар канапе қойылуы мүмкін. Кейде ашқандай тағамсыз шай немесе кофе берілуі мүмкін. Қазіргі кезеңде мұндай дипломатиялық қабылдауларды барлық мемлекеттік орындар, іскер тұлғалар да кеңінен қолдануда.

Дипломатиялық практикада сирек болса да қабылдаудың «жур фикс» түрі де кездеседі. Шақырудың бұл түрін сыртқы істер министрінің немесе елшілердің жұбайлары ұйымдастырады. Сыртқы істер министрінің жұбайы мен елшілердің жұбайлары жылдың белгілі бір мезгіліндегі әр аптаға қонақтарды қабылдаудың күні мен сағатын белгілейді. Күз-қыз мерзімінің басында бір мәрте шақыру жіберіледі. Кей кездерде «сәрсенбіде», «бейсенбіде» немесе «жұмада» деп аталатын бұл қабылдау формасы мен мазмұны жағынан «шайға» ұқсас келеді.

Халықаралық қатынастарда дипломатиялық қабылдаулардың «музыкалық», «әдеби», «би кештері», «дипломаттардың спорттық жарыстарда кездесуі» секілді түрлері бар. Канадада «музыкалық сүйемелдеумен атқа мініп серуендеу» секілді қабылдаулар өткізіледі.

Кейбір елдерде шет мемлекеттің басшысы немесе жоғарғы деңгейдегі ресми тұлғаның жетекшілігіндегі делегацияның келуіне орай салтанатты жағдайға байланысты екі қабылдау қатар өткіледі: мәртебелі мейманның құрметіне «түскі ас» берілген соң, «коктейль» немесе «а ля фуршет» типіндегі қабылдаулар да өткізіледі.

Шақырудың түрлері өткізілетін шараларға байланысты таңдалады. Шетел елшісінің құрметіне «таңғы ас» немесе «түскі ас» ұйымдастырылса, бұған жауап ретінде елші «коктейль» өткізеді. Қабылдауларда көптеген елдердің хаттамалық ерекшеліктері ескеріледі. Мұсылман мемлекеттерінде ұлттық қазалы күндері, рамазан кезінде қабылдаулар өткізілмейді.

Дипломатиялық қабылдауларға шақыру арнайы бланкілерде теріледі. Мейманның аты-жөні қолмен жазылады. Ұлттық мейрамдарға арнайы шақыру жіберіледі және кешке шақырудың мән-жайы жазылады. Шақыру билеттері 2-3 апта бұрын поштамен немесе курьер арқылы жіберіледі. Шақыруды алған тарап телефон немесе хат арқылы жауап береді.

Дипломатиялық этикет бойынша шақырылған тұлға белгіленген уақытта кешікпей келуі қажет. Кешігу әдептің бұзылғанын көрсетеді. Егер белгілі бір мекемеден бірнеше тұлға шақырылса, шені төмендегілері бірінші келуі қажет.

Қабылдауларды өткізу тәртібі. Меймандарды шақыру тәртібі. RSVP.

Әрбір дипломатиялық қабылдауды өткізу алдын-ала тыңғылықты дайындықты талап етеді. Осы үрдіс барысында алға қойылған мақсатқа байланысты қабылдаудың түрін, өткізілетін жерді анықтау, шақырылатын меймандардың тізімін жасау, шақыруды алдын-ала толтырып, тарату, ас мәзірін, егер «таңғы ас», «түскі ас» немесе «кешкі ас» ұйымдастырылса үстел басына жайғастыру жоспарын жасау төтенше маңызға ие мәселе саналады. Егер қабылдау елшінің резиденциясында немесе елшілік ғимаратында ұйымдастырылса, онда елшінің жұбайы ғимаратты дайындауға, дастарханды әрлендіруге, қабылдауда қызмет көрсететін даяшыларға нұсқаулар беруге көңіл аударуы қажет.

Қандай да бір мемлекеттің шетелдік жоғарғы мейман мен оның делегациясының құрметіне ұйымдастыратын қабылдауы мен шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктердің өткізетін қабылдаулары өзара жақын болып көрінгенімен, бірқатар айырмашылықтар да бар. Шетелдік мәртебелі меймандардың құрметіне қабылдауларды өткізуде қабылдаушы мемлекеттің дипломатиялық хаттамасының алдында ғимаратты іздестіру (егер саны шамадан тыс меймандарды қабылдау қажеттігі туындаса), қабылдау барысында қызмет көрсету секілді мәселелерді шешу тұрмайды. Осы мәселелермен қатар, егер қабылдауға ерекше салтанаттылық сипат беру қажеттілігі туындаса қабылдаудан кейін концерт ұйымдастыру да тез әрі оң шешіледі.

Ал шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктер алдында қабылдау орнын таңдау, қонақтар санын, қабылдаудың күні мен сағатын анықтау секілді мәселелерді шешу мәселелерімен жиі-жиі соқтығысып отырады. Елші негізінен қабылдауды өз резиденциясында немесе елшілік ғимаратында өткізуді жөн көреді. Елшінің резиденциясы мен елшілік ғимаратының құқықтық статусын ескерсек елшіге қонаққа келген меймандар бұл жағдайда елші өкілдік ететін мемлекеттің территориясында болады. Егер қабылдау елшілік ғимаратынан тыс жерде ұйымдастырылса, онда жоғарғы деңгейлі әрі қызмет көрсету мәдениеті аса жоғары мейманхана (ресторан) таңдалынады. Мұндай жағдайда ереже бойынша жалға алынған ғимаратта екі елдің мемлекеттік тулары мен екі ел басшыларының суреттері ілінеді.

Қабылдаудың түрін таңдау барысында қабылдаушы елдің салт-дәстүрлері ескеріледі. Кейбір елдерде мемлекет басшысы, үкімет басшысы және сыртқы істер министрінің жетекшілігіндегі шетелдік делегацияны қабылдау барысында «таңғы ас», «түскі ас» ұйымдастырылады. Қонақ тарапынан жауап ретінде іс-шара өткізу қарастырылмайды.

Қабылдаларды ұйыдастыру кезіндегі мемлекеттердің астаналарындағы дипломатиялық корпустың практикасы алуан түрлі болып келеді. Өздері өкілдік ететін елдерінің ұлттық мерекелерінің (мысалы, Француз Республикасы елшілігі 14 шілде Бастилия қамалының алынуы, АҚШ елшілігі 4 шілде тәуелсіздік күнінің құрметіне т.с.с.) құрметтеріне «коктейль», «а ля фуршет», «шампан бокалы», «шарап бокалы» секілді қабылдау түрлерін ұйымдастырады. Күнделікті дипломатиялық қызмет тәртібі бойынша елшіліктер «таңғы астарға», «түскі астарға», кино тамашалауға және т.с.с. жиі шақырады. Қабылдаудың уақытын анықтау барысында оларды мереке және демалыс күндері, ал мұсылман елдерінде «рамазан» айында өткізілмейтінін ескеру қажет. Қабылдаулар ұлттық қайғылы күндері, ал бұдан бұрын белгіленген іс-шаралар өткізілмейді.

Шақырылатын меймандар тізімін жасау – дайындық жұмысының маңызды элементі саналады. Қабылдауға шақырылатындардың жалпы саны анықталады. Мемлекеттік немесе ресми сапармен келген мәртебелі мейманның немесе делегацияның құрметіне өткізілетін қабылдауларға, оның мүшелері мен ілесіп жүретін тұлғалармен қатар, қонақ елдің елшісі мен елшіліктің жоғарғы дипломатиялық қызметкерлері де шақырылады. Ұйымдастырушы тараптан мемлекет жетекшілері, министрлер және келіссөздерге қатысқан немесе барлық сала бойынша қонақ елмен ынтымақтастықты дамытуға үлес қосушы өзге ресми тұлғалар қатысады. Егер жоғары мәртебелі мейман жұбайымен келсе, тиісінше қабылдауға ресми тұлғалардың жұбайлары да қатысады. Шақырылғандармен арадағы іскерлік байланыстардың маңызы назарға алынады. Қабылдау өткізілетін ғимарат шақырылғандардың саны мен қызмет көрсету мүмкіндіктеріне сәйкес келуі тиіс. Қабылдауда тар жерді таңдамаған абзал.

Елшіліктер ұйымдастыратын қабылдауларға қабылдаушы ел басшылары, ресми тұлғалар, қоғамдық ұйымдардың, мәдениет және ғылым саласы өкілдері шақырылады. Егер қабылдау екі жақты ынтымақтастықтың мерейтойына арналса, онда дипломатиялық корпусты шақыру қарастырылмайды. Қабылдауларды ұйымдастыру барысында елшіліктерге оппозициялық партиялардың өкілдерін шақыруда аса сақ болған дұрыс. Бұл қонақ ел мен қабылдаушы мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа сызат түсіруі әбден мүмкін.

Меймандардың тізімін мұқият жасау барысында, шақырылғандардың бірінің түрлі себептермен келе алмайтынын болжау төтенше қиын мәселе. Бұл жағдай қабылдауға кететін шығындарды есептеуде үлкен маңызға ие. Қазіргі дипломатиялық практикада елдердің дипломатиялық қабылдаулардың аса салтанаттылығын шектеуге, оларға қарапайым сипат беруге, спирттік ішімдіктерді ұсынуды шектеу немесе алып тастауға, тым қымбат тағамдардан бас тартуға ұмтылып отырғанын байқауға болады.

Дипломатиялық қабылдаулардағы ас мәзірі ең алдымен ұйымдастырушылардың ұлттық дәстүрлерін, содан кейін меймандардың талғамын, олардың ұлттық, діни ерекшеліктерін ескеруі қажет. Кімнің вегетариан тағамын жейтінін, кімнің шошқаның етін жемейтінін білу қажет. Жабайы құстың еті, оны аулауға елде тиым салған мезгілде дастарханға қойылмайды. Елшіліктегі қабылдау кезінде елшінің жұбайы ас мәзіріне ұлттық тағамдардың енгізілуін мұқият қадағалуы тиіс. Дастарханға қойылатын тағам түрлерінің барлығы негізінен жергілікті талғам мен жағдайларға байланысты болып келеді. Барлық тағамдар біріншіден, дәмді болуы тиіс, екіншіден, әдемі берілуі керек.

Қабылдауларда хрусталь, фарфор, күміс және осы секілді өзге де сапалы ыдыс-аяқтарды қою дәстүрі қалыптасқан. Қонақ бөлмесі мен үстелдерге қойылған тірі гүлдер ғимарат ішіне мерекелік рең мен жайлылық сезімін береді. Кей кездерде гүлдер қонақтардың мемлекеттік туының түр-түсіне қарап таңдалынады.

Ерекше салтанатты жағдайларда мемлекет басшысының құрметіне өткізілетін қабылдауда, жоғары мәртебелі мейман залға кіру кезінде екі елдің әнұрандары орындалады. Осындай қабылдаулар барысында концерттер қойылып, екі елдің ұлттық әндері шырқалады. Қабылдау аяқталғаннан кейін басты мейман үй иесінің ертіп жүруімен бірінші болып кетеді. Осы уақытта оркестр салтанатты маршты орындайды. Кей уақытта қабылдау өтіп жатқан ғимарат алдында құрметті қарауыл сап түзеп, бас мейман келу және кету сәтінде құрмет көрсетеді.

Қабылдауға қонақтар жазбаша шақырулар арқылы келеді. Шақыру бланкілері типографиялық әдіспен теріледі, шақырылатын мейманның аты-жөні, оның лауазымы қолмен жазылып, қабылдаудың түрі, күні, сағаты және өткізілетін орны көрсетіледі. Мәліметтердің барлығын машинкада басу бұрынғы кездерде сыпайылыққа жатпайтын әрекет ретінде қарастырылатын. Егер қабылдау елге жоғары мәртебелі мейманның келуі, мерейтой, ұлттық мереке құрметіне ұйымдастырылса, онда шақыру типографиялық әдіспен дайындалған арнайы бланктер формасында болады.

Дастархан басына отырғызуды көздейтін қабылдауды ұйымдастыру барысында алдын ала қонақтың келу-келмеуін анықтау қажет. Мұндай жағдайда шақыру бланкісінің оң жағының төменгі бұрышында бас әріптермен – RSVP (repondez, s’il vous plait – жауап қатуды өтінеміз) деп көрсетіледі. Президент, премьер-министр, сыртқы істер министрі секілді бас мейманды шақыру мәселесіне байланысты елші алдын ала олармен ауызша келісіп алады. Тек келісімді алғаннан кейін ғана, шақыру жіберіледі. Бұл жағдайда RSVP әріптері сызылып, оның орнына «p.m.» (pour memoire – есте болуы үшін) деп жазылады. Шақыру қағаздарын қабылдауға дейін бір-екі апта бұрын жіберу дәстүрі қабылданған. Өз кезегінде бұл жағдай қонақтардың өз уақыттарын қабылдауға келетіндей етіп жоспарлайды деп үміттенуге мүмкіндік береді. Шақыруларды жіберу курьер немесе пошта арқылы жүзеге асырылады.

Шақыруды алған соң онымен мұқият танысу қажет. Бұл қателіктер мен түсініспеушіліктердің, олқылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Шақырудың қай тілде жазылуына қарамастан, төмендегі жағдайларды толық анықтап алған жөн: кім, ненің құрметіне, қайда, қашан, киім формасы, шақыруға жауап беру қажет пе. Мәтінді дұрыс талдау оң шешім қабылдауға себеп бола алады.

RSVP әріптері жазылған шақыруларға және егер олар сызылмаса шұғыл жауап қатқан дұрыс. Жауапты беруді кешіктіру немесе оны бермеу ескермегендіктің белгісі ретінде бағаланады. Ең дұрысы жауап қатуды кешіктіргеннен гөрі, сыпайы түрде алдын ала шақырудан бас тартқан абзал. Сонымен қатар RSVP шақыруына жауаптың оң немесе теріс болуына қарамастан, жазбаша жауап берген дұрыс. Жауапты телефон арқылы берсе де орынды болады.

Меймандарды жайғастыру (отырғызу) тәртібі және оның кейбір ерекшеліктері.

Дипломатиялық қабылдауларды ұйымдастыру және меймандарға тиісті деңгейде сый-құрмет көрсету оңай міндет емес. Қонақтарды қабылдаудағы үй иесінің басты мақсаты – оларға барынша жағдай жасап, құрмет білдіру. Дипломаттар үшін мұндай қабылдаулар барлық ережелерді қатаң сақтау негізінде өтеді. Меймандарды үлкенді-кішілігін ескеріп, рет ретімен дастархан басына отырғыза білу үлкен мәдениет.

«Таңғы ас», «түскі ас», «кешкі ас» түріндегі қабылдауларда меймандар дастархан басына қатаң түрде белгіленген тәртіп бойынша жайғасады. Дастархан басындағы орындар анағұрлым құрметті және одан төмен болып бөлінеді. Ең құрметті орын - әйелдердің қатысуымен өтетін қабылдауларда қожайынның оң жағы, ал ерлердің қатысуымен өтетін қабылдауларда да осы секілді. Бұдан кейінгі құрметті орын қожайынның сол жағы, қожайыннан неғұрлым алшақтаған сайын орындардың құрметтілік деңгейі төмендей береді.

Ерлердің қатысуымен өтетін қабылдауларда басты мейманға қожайынға қарама-қарсы орын ұсынылуы мүмкін. Ең құрметті орындарда ең құрметті қонақтардың отыруы отырғызудың басты ережесі саналады. Бұл ережеден ауытқу қонақтың беделі мен ол өкілдік ететін мемлекеттің абырой-намысына әдейі қасақана түрде нұқсан келтіру ретінде бағалануы мүмкін.

Қонақтарды отырғызу тәртібінің өзіндік ерекшеліктері бар. Егер шақырылатын меймандардың тізімін жасау барысында дастархан басында жайғастырудың алдын ала жоспары жасалынса қабылдау барысында отырғызуда аса қиындықтар тудырмайды. Оның үстіне бұдан бөлек әйелдердің қатысуымен өтетін қабылдауларда әйелдерді қатар отырғызуға болмайтынын ескеру керек. Еуропа мемлекеттерінде ерлі-зайыптылар бір-бірінің жанында отырмайды және әйел адамның жанына әйелді, еркектің жанына еркекті отырғызбайды. Әйел адамның үстелдің соңғы жағына отыруы мүлдем дұрыс емес.

Қонақтардың дастархан басында аудармашысыз әңгімелесуін де ойластырған жөн. Олай болмаған жағдайда аудармашыларды шақыруға немесе елшіліктің кіші дипломатиялық қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге тура келеді. Хаттама бойынша аудармашылар дастархан басында, қожайын мен бас мейманның сәл артында отырады.

Дастархан басына отырғызудың тәртібін алдын ала жасағанның өзінде, оған кейінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Түскі ас немесе кешкі ас беру алдында дастархан басына меймандарды отырғызу жоспары алдын ала жасалынады. Мұнда бір жағынан, жекелей тұлғалардың арасында түсініспеушілік пен кикілжіңді тудырмайтындай етіп, екінші жағынан, қонақтардың дәрежелері мен лауазымын ескере отырып, отырғызу керек.

Қабылдауларда тек дипломаттар ғана болса, онда меймандарды отырғызу тәртібі қиындық тудырмайды. Себебі әр қонақтың дипломатиялық рангі болады. Демек дипломаттардың арасындағы ағалық ретті анықтау қиын емес. Ал рангтері бірдей дипломаттар арасындағы ағалық рет қабылдаушы елге келу уақыты бойынша анықталады. Алайда қабылдауға дипломатиялық корпус өкілдерінен бөлек, басқа да қонақтар шақырылса, қиындықтырадың тууы әбден мүмкін. Саяси және қоғам қайраткерлері, іскер орта мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ағалық ретті анықтау төтенше күрделі мәселе. Мұндай жағдайда сыртқы істер министрлігінің ең жоғары дипломатиялық лауазымы мен қызметкерлерінен, ал басқа шақырылған қонақтар арасынан жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарай анықтайды. Егер отырғызу тәртібі төңірегінде қандай да бір қиындықтар туындаса, жергілікті хаттама қызметкерімен кеңесуге болады. Осы арқылы дастархан басына отырғызуда қателіктер шешіледі. Қабылдауды ұйымдастырған үй иесінің жұбайы қызмет көрсететін персоналдың жұмысын қадағалап отыру мақсатында ас үйге қарсы отырады.

Жұбайлардың өз ерлерінің ағалық ретін иеленетінін естен шығармаған абзал. Бұл ереже әйелдердің қатысуымен өтетін қабылдауларда дұрыс отырғызуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Дипломатиялық хаттамада дастархан басындағы орындарды белгілеудің өзіндік тәртібі мен техникасы қалыптасқан. Ол үшін арнайы куверт карточкалары дайындалады. Куверткаға қонақтың аты-жөні жазылып, ол үстелдің үстіне қонақтың нақты отыратын орнын көрсету мақсатында пайдаланылады.

Меймандар жиналатын абылдау бөлмесінің кіреберісіндегі кіші-гірім үстелге немесе тақтаға отырғызу тәртібінің реттік жоспары қойылады. Онда қожайындардың меймандарды қай жерде тұрып қарсы алатыны да ескерілуі керек. Арнайы қызметкер келген қонақтарға қабылдау бөлмесіне өткенге дейін ілесіп жүруі тиіс.

Шақырылған меймандар отырғызу тәртібімен танысып, өз орнын тауып, жақын көршілерінің (әсіресе оң және сол жағындағы) атын-жөнін анықтайды. Егер жағдай мен уақыт мүмкіндік берсе олармен алдын-ала танысады. Себебі дастархан басында танысу ыңғайсыз болуы мүмкін. Шақырылған меймандардың саны шамадан тыс қабылдауларда дастархан басындағы орындар көрсетілетін арнайы карточкалар пайдаланылады.

Ұлттық мерекеге байланысты салтанатты қабылдауда елші бас мейманды күтіп алып, дастархан басына дейін алып барады. Бұл барлық қонақтар үшін қабылдаудың ресми бөлігінің басталуы туралы белгі болады. Қабылдау ұлттық мереке не өзге маңызды оқиғаға байланысты ұйымдастырылса елші сөз сөйлейді. Онда қабылдаушы мемлекет тарапынан сыртқы істер министрлігінің басшылығының бірі жауап тілек айтады. Сөйлейтін сөздер мен тілектердің мәтінін алдын ала жазбаша түрде дайындап, оқуға болады.

Қазіргі кезеңде дипломатиялық қабылдауларда дастархан басына ретімен отырғызу бұрынғы кезеңдердегідей өткір жанжалдарды тудырмаса да, бұрынғыдай жоғарғы деңгейде назар аударуды және терең құрметтеуді талап етеді. Өйткені олай болмаған жағдайда жекелей қарым-қатынастарға сызат түсуі әбден ықтимал. Тіпті кей кездерде жекелей қонақтардың ашықтылығы мен әңгімешілдігі, олардың бір-бірімен сәйкестігі, өзге де жеке қасиеттері секілді «ұсақ-түйектерді де» ескеруге тура келеді. Дастархан басына дұрыс отырғызу – қабылдауды сәтті әрі өз деңгейінде өткізудің кепілі.

Дипломатиялық қабылдау егер оны өткізудің жоспары алдын ала тыңғылықты жасалынса, сәтті өтеді. Осы бағытта барлық ұсақ-түйек мәселелерге жеткілікті деңгейде көңіл аудару қажет. Егер шақырылған меймандар саны айтарлықтай көп болатын болса, онда елші ең алдымен қабылдаушы мемлекеттің дипломатиялық хаттамасы арқылы жергілікті полицияға автокөліктер санының көп болатынын және оларды тұрақпен қамтамасыз ету қажеттігін хабарлауы тиіс.

Қабылдаудың жоспары мен схемасы қожайын мен оның жұбайының қонақтарды күтіп алатын орны көрсетілуі қажет. Қызметкерлердің біріне меймандарды залға алып жүруді тапсыру керек. Қонақтарға құрмет көрсетумен елшіліктің дипломатиялық қызметкерлері мен олардың жұбайлары да айналысулары қажет.

Ұлттық мереке немесе өзге де маңызды оқиғаның құрметіне өткізілетін қабылдауда елші мәртебелі мейманның келуін күтеді, оны қарсы алып, қонақтарға арналған бас залға алып жүреді. Өз кезегінде бұл жағдай өзгелерге қабылдауды ресми, салтанатты бөлігінің басталғаны туралы белгі болады.

Қандай да бір айрықша оқиғаға орайластырылған қабылдауда елшінің тост көтеруі қарастырылса, онда елшілік меймандар арасынан лауазымы жоғары тұлғаның жауап сөз сөйлейді деген үмітпен бұл туралы қабылдаушы елдің сыртқы істер министрлігіне алдын ала хабарлайды. Ал ел үкіметі шетелдік жоғарғы мәртебелі мейманның құрметіне қабылдау өткізу барысында, іс-шара бағдарламасында екі жақтың да сөз сөйлеуі, тост көтеруі міндетті түрде қарастырылады. Жоғарғы мәртебелінің сөйлейтін сөзі алдын ала қабылдаушы елдің тіліне, ал жауап сөз қонақ елдің тіліне аударылады. Мұндай жағдайда ауызша аудармаға жүгіну қажеттігі болмайды.

Тост көтеру «таңғы ас», «түскі ас», «кешкі ас» секілді қабылдауларда да қарастырылады. Әдетте ол қабылдаудың соңына таман шампан берілген сәтте жасалынады. Тостың мәтіні алын ала дайындалып, оқылуы да мүмкін. Кей кезде қожайын тосты жазбаша мәтінсіз ақ айта береді. Бірақ бұл мәтіннің алдын ала дайындалмағанын білдірмейді, барлығы тыңғылықты алын ала дайындалып қояды. Дипломатиялық хаттама тосты қабылдаудың басында айтуға рұқсат береді.

Дипломатиялық қабылдаулар қатысушыларға түрлі тақырыптар бойынша әңгіме қозғауға және өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасуға зор мүмкіндік береді. Ал отырғызусыз қабылдауларда («коктейль», «а ля фуршет» және басқалары) топ-топ бойынша сұхбаттасуға мүмкіндік ашылады.

Таңғы ас (түскі ас, кешкі ас) барысында қожайын мен оның зайыбы жоғары мәртебелі мейманға айрықша көңіл бөле отырып, барлық қонақтарды әңгімеге тартуға тырысады. Осыған орай, ереже бойынша дастархан басында барлық қатысушылардың қызығушылығын тудыратын мәселелер айтылады. Мәселен, әдебиет, өнер, сурет, кино, мәдениет, спорт салалары бойынша жаңалықтар немесе бүкіл әлемде қызу талқыға түсіп жатқан баспасөз беттеріндегі мәліметтер. Этикет бойынша қонақтар дастархан басында даулы проблемаларды және түрлі себептермен қатысушылардың біріне жағымсыз болып көрінетін мәселелерді талқыламауды жөн көреді, оған жол бермеуге тырысады.

Елшінің ұйымдастырған шағын қабылдаулар барысында қонақ бөлмесінде кофе немесе шай ішу кезінде ережеге сәйкес еркектер мен әйелдер екі бөлек топты құрайды. Бұл жағдайда маңызды саяси мәселелер бойынша пікір алмасу орын алуы ықтимал. Кез келген қабылдаудың түпкілікті мақсаты белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу, ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету екені айқын. Қабылдауды қожайын көбіне өз үкіметінің тапсырмасын орындау және қандай да бір маңызды ақпаратты қабылдаушы мемлекеттің ресми тұлғасына хабарлау мақсатында пайдаланады. Мұндай сәтті мейман да елшіге қандай да бір мәселе бойынша маңызды ақпаратты хабарлау, оның пікірін білу үшін пайдалануға тырысады. Осы себептен қабылдауды дайындау кезінде әңгіме мен сұхбаттың жоспарын мұқият ойластырып, жоспарлаған дұрыс.

Алдын ала жақсылап ойластырылып, ұсақ-түйегіне дейін тамаша дайындалғанына қарамастан кейбір қабылдаулар қызмет көрсету мәдениетінің төмендігінің салдарынан құлазып, өз мазмұнын жоғалтуы мүмкін. Осыған орай қабылдауда қызмет көрсетуге қандай да нұсқаусыз, айтпай ақ қашан, нені және қалай беру, нені және қашан алу, тағамды беруді кімнен бастап, кімнен аяқтау, тост айтылып, сөйлеген кезде, жалпы қабылдау барасында өз-өзін қалай ұстау керек екенін тамаша білетін біліктілігі аса жоғары, тәжірибелі әрі кәсіби метрдотелдер мен даяшыларды тарту қажет. Қабылдауды басынан аяғына дейін өткізу тамаша әрі аса жоғары деңгейде болу басты шарт.

Дипломатиялық этикет дипломаттың іс-әрекетінің нормасы ретінде аса маңызға ие. Дипломаттың іс-әрекеті мен қимылына қарап, ол өкілдік ететін мемлекет туралы көзқарас қалыптасады. Дипломаттың дұрыс іс-қимыл жасамауы, ол өкілдік ететін мемлекеттің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Отанын тыс жерде қызмет ететін дипломатқа өз салт-дәстүрлері мен әдеттерін таңыуға, оны насихаттауға болмайды, керісінше қабылдаушы мемлекеттің дәстүрлері мен заңдарын құрметтеуге міндетті. Бұл қағида немесе ереже барлық дипломаттарға бірдей міндетті саналады. Осы бағытта бастапқы кезде айрықша немесе үйреншіксіз болып көрінетін мәселеге қатысты ойламай, асығыстықпен пікір білдіру немесе сын айтудан асқан тәрбиесіздік жоқ деп есептеледі. Дипломатиялық этикет дипломат өкілдік ететін мемлекет қоғамының әлеуметтік, мәдени-рухани және моральдық салттарының көрініс бейнелейтінін ұмытпаған жөн. Екінші жағынан, түрлі елдердің дипломаттары арасындағы сан ғасырлық өзара байланыстарының нәтижесінде этикет саласында жақсы іс-әрекеттің жалпы қабылданған ережелері мен нормалары қалыптасты.

Дипломаттың бірінші парызы – нақтылық, барлығын өз уақытында істеу. Дипломат қабылдауға дәл уақытында келуі тиіс және онда сыпайлық (әдеп) ережесі талабынан артық уақыт болмауы қажет. Қабылдауға оның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда келу әдеп пен сыпайылыққа жатпайды деп есептелінеді. Ең дұрысы белгіленген уақытта келіп, кету қажеттілігі туындаса қожайын мен оның жұбайынан кешірім сұрап, кеткен абзал. Қонақтың қабылдау басталғаннан кейін 15-20 минут өткен соң себебін түсіндірместен кетуі достық қатынастарды бұзу қадамы ретінде бағалануы ықтимал.

Қонақтарды отырғызу арқылы өткізілетін қабылдауларға (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) кешігіп келу туралы мәселе болмауы тиіс. Мұндай қабылдауларға меймандар 3-5 минут көлемінде жиналып, өзара амандасулар мен танысулар мақсатында пайдаланылатын кіші-гірім үзілістен кейін дастархан басына шақырылады. Егер қандай да бір себептер қонақты кешігуге мәжбүрлесе, қабылдау басталғаннан кейін келгеннің өзінде, ол қожайын мен оның жұбайына жақын келіп, ұсақ-түйегіне дейін тоқталмай, кешігудің басты себебін түсіндіріп, амандасып, қалған меймандарға ілтипат білдіріп, өзіне белгіленген орынға жайғасуы керек.

Қабылдауға бірінші болып кіші қызметкерлер, содан кейін үлкендері, ал елші соңында келеді. Одан кету керісінше жүргізіледі, яғни алдымен үлкендері, содан кейін кішілері. Қонақтарға барлығы бірден кетудің қажеті жоқ, ең дұрысы бірте-бірте кеткен жөн. Қабылдауларда ұзақ қалуда дұрыс емес, өйткені қабылдаудың созыла түсуі қожайындар үшін ауыр болуы мүмкін. Қабылдауға келген және кеткен кезде әрбір қатысушының қолын алып амандасу міндетті емес. Тек қожайын мен оның жұбайының қолын алып, амандасуға және қоштасуға болады, ал қалғандарымен сәл иіліп сәлемдесу қажет.

Шақырылған меймандарға айрықша құрмет ретінде дипломатиялық қабылдауларда киім формасы шақыруда көрсетілуі мүмкін. Осы жағдайға байланысты шақырудың төменгі оң бұрышында «смокинг» типіндегі костюмді білдіретін «Black tie» - «қара галстук», кей кездерде «фракті» білдіретін «White tie» - «ақ галстук» деп жазылуы мүмкін. Кейбір жағдайларда, әсіресе ыстық белбеуде орналасқан мемлекеттерде салтанатты қабылдауларда қонақтар ұлттық үлгідегі киім киіп келуі мүмкін.

Меймандардың сыртқы келбеті, іс-қимылы, дастархан басында өз-өзін ұстай білуі, сөйлеу және әңгімелесу мәдениеті – этикеттің маңызды элементі саналады.

Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Қонақжайлық ережелері мен маңызы?

2. Дипломатиялық өткізу дəстүрлері?

3. Қабылдаулардың дипломатиядағы маңызы?

4. Дипломатиялық қабылдаулардың түрлері және оларға дайындық əдістері?

5. Дипломатиялық этикет?

6. Дипломатиялық қабылдауды дайындау жəне өткізу ережелері?

7. Дипломатиялық қабылдаудағы ас мәзірі?

8. Дипломатиялық қабылдауға шақыру. Шақырылатындардың тізімін жасау. Шақыруды қабылдау?

9. Дипломатиялық қабылдаулардағы киім туралы?

10. Дипломатиялық қабылдауда отырғызу принциптері. Алғыс білдіру. Таныстыру?

11 ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ АРТЫҚШЫЛЫҚТАР МЕН ИММУНИТЕТТЕР

11.1 Дипломатиялық иммунитет туралы жалпы түсінік және оның анықтамасы

11.2 Дипломатиялық артықшылықтар туралы жалпы түсінік

11.3 Дипломатиялық иммунитеттер мен артықшылықтарды берудегі негізгі мақсат

11.4 Дипломатиялық өкілділіктің артықшылықтары мен иммунитеттері

11.5 Консулдық мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері

11.6 Жеке артықшылықтар мен иммунитеттер

11.7 Толық артықшылықтар мен иммунитеттер

11.8 Шектеулі артықшылықтар мен иммунитеттер

Мемлекеттердің сыртқы қатынастар органдары , яғни дипломатиялық өкілдіктері, консулдық мекемелері, халықаралық ұйымдар жанындағы миссиялары, олардың қызметкерлері және отбасы мүшелері халықаралық құқыққа сәйкес белгілі деңгейде дипломатиялық иммунитеттер мен артықшылықтарды иеленеді.

Иммунитет – латынның immunitas – «тәуелсіз», «нұқсан келтірілмеген» деген сөзінен шыққан, ол ең алдымен дипломатиялық өкілдіктерді және олардың қызметкерлерін қабылдаушы мемлекеттің юрисдикциясынан (заңдарынан) босатуды, ал артықшылықтар (привилегия) оларға берілетін ерекше құқықтар мен артықшылықтарды білдіреді.

Дипломатиялық иммунитет – шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктеріне және олардың қызметкерлеріне берілетін ерекше құқықтар мен артықшылықтардың жиынтығы: дипломатиялық тұлғаның, дипломатиялық өкілдікке тиесілі қызмет ғимараттарының, тұрғын үйлердің және меншіктердің жеке қауіпсіздігі, олардың қабылдаушы мемлекеттің сотынан тәуелсіз болуы, салықтардан, қоғамдың жұмыстардан, кедендік бақылаудан босатылуы және т.б.

Дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар жанындағы миссияларға өздеріне жүктелген функцияларды қабылдаушы мемлекеттің билігінің тарапынан бақылаусыз, еркін атқару мақсатында берілетін ерекше артықшылықтар, жеңілдіктер мен құқықтардың жиынтығы. Өз кезегінде бұл мемлекеттердің егемендігінің теңдігі принципінен шығады.

Дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттерді реттеуге байланысты алғашқы келісім 1815 жылы қабылданған Вена регламенті болды. Ал 1818 жылғы Аахен конгресінде бұл регламентке толықтырулар енгізілді. Ал екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттерді реттеуге және жүйелендіруге бағытталған бірнеше халықаралық келісімдер жасалынды. Атап айтсақ, 1961 жылғы дипломатиялық қатынастар жөніндегі Вена конвенциясы, 1963 жылғы консулдық қатынастар жөніндегі Вена конвенциясы, 1969 жылғы арнайы миссиялар жөніндегі конвенция, 1975 жылғы мемлекеттердің өкілділігі және олардың универсалды сипаттағы халықаралық ұйымдармен қатынасындағы өкілділігі туралы Вена конвенциясы және басқалар.

Халықаралық ұйымдардың жарғыларында, кейбір көпжақты конвенцияларда және екі жақты келісімдерде халықаралық ұйымдардың артықшылықтары мен иммунитеттері айқындалады. Ал екі жақты консулдық конвенцияларда әдетте консулдық артықшылықтар мен иммунитеттер белгіленеді. Сонымен қатар дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер мемлекеттердің ішкі ұлттық заңдарымен реттеледі.

Дипломаттардың иммунитеттерге ие болуы және ерекше артықшылық жағдайы қоғамда қабылданған дәстүрлі ереже. Мұндай дәстүр тек дипломат мамандығына және өзге мемлекетке деген құрметпен ғана шектелмейді. Шет мемлекеттердің өкілдері өздерінің дипломатиялық функциялары мен міндеттерін қабылдаушы мемлекет тарапынан физикалық және моральдық қысымға ұшырамай, толық құқықтық еркіндік жағдайында ғана қанағаттанарлық деңгейде орындайтындығын тарихи практика дәлелдеп берді. Көптеген өркениетті және құқықтық мемлекеттерде дипломаттарға берілетін артықшылықтар мен иммунитеттер мәнсіз және артықтау болып көрінуі мүмкін. Өз кезегінде бұл қабылдаушы мемлекеттердің азаматтарының түсінбеушілігін және наразылығын тудыруы ықтимал. Алайда, бұрын да қазір де мемлекеттер бір-бірінің дипломаттары мен дипломатиялық өкілдіктерінің толық артықшылықтары мен иммунитеттерін ресми түрде ашық мойындаған жағдайда ғана дипломатиялық қатынастар мен ынтымақтастық дамиды.

Артықшылықтар мен иммунитеттер дипломатиялық миссия мен оның функцияларына және жекелей тұлғаға қатысты қолданылады. Дипломатиялық миссияға берілген артықшылықтар мен иммунитеттер 1946 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының артықшылықтар мен иммунитеттер туралы конвенциясына сәйкес осы ұйым аясында да қолданылады.

Дипломатиялық өкілділіктің артықшылықтары мен иммунитеттері.

Мекеменің, оған іргелес жатқан территорияның және мүліктердің жеке бас қауіпсіздігі мен иммунитеттері.

Өкілділіктің ғимараты мен территориясы және миссия басшысының жеке резиденциясы иммунитетке ие (жеке бас қауіпсіздігіне). Мұндай жеке бас қауіпсіздігін егер қабылдаушы мемлекеттің азаматтары немесе тұрақты тұрғыны болмаған жағдайда миссияның дипломатиялық , әкімшілік және техникалық персоналының мүшелері иеленеді. Қабылдаушы мемлекеттің өкілдері мұндай ғимараттар мен оған іргелес жатқан территорияларға миссия басшысының рұқсатынсыз кіре алмайды. Қабылдаушы тарап мұндай ғимараттар мен территорияларды қандай да бір қауіп-қатерден, басып кіруден, нұқсан келтіруден қорғауы тиіс, сондай-ақ миссиядағы тәртіптің бұзылуының және оның абыройына, намысына нұқсан келтіру әрекеттерінің алдын алуы қажет, оған жол бермеуі керек. Ғимарат пен оған іргелес жатқан территориялар, мүліктер және миссияға тиесілі көлік құралдары тінтуден, реквизициялаудан, тұтқындаудан немесе сот шешімін орындаудан босатылған. Миссияның дипломатиялық, әкімшілік-техникалық персоналы мүшелерінің көліктері де осындай иммунитетке ие.

Дипломатиялық корпустың көлік құралдарының ерекше мәртебесін бекіту үшін Қазақстан Республикасы мен өзге де мемлекеттерде Ішкі істер министрлігі органдары тарапынан айрықша нөмерлік белгілер беріледі: CMD – дипломатиялық миссия басшысы, D – дипломатиялық қызметкерлер, T – әкімшілік-техникалық және қызмет көрсетуші персонал мүшелері. Бірақ түрлі мемлекеттерде қабылданған заңға сәйкес дипломатиялық қызметкерлер жол жүру ережесін бұзғанда жауапқа тартылуы мүмкін. Мұндай жағдайлар орын алса, дипломаттарға әдетте қабылдаушы мемлекеттің азаматтарына қатысты шаралар қолданылады. Бірақ олар жазаланбайды, тек бұл туралы миссия басшысына баяндалады.

Жазбалардың, құжаттардың, корреспонденциялардың және мұрағаттардың иммунитеті. Бұлардың барлығы кез келген уақытта қай жерде болмасын жеке бас қауіпсіздігіне ие.

Байланыс жасау еркіндігі және иммунитеті.

Дипломатиялық миссия барлық қызмет мәселелері бойынша еркін байланыс жасауға және осы бағытта қабылдаушы мемлекеттегі кез келген құрал-жабдықты қолдануға құқылы. Миссия өз үкіметімен, қай жерде орналасқанына қарамастан кез келген үкіметтік миссиялармен және консулдық мекемелермен байланыс жасаудың кез келген әдісін, атап айтсақ курьерлерді, кодталған немесе шифрленген хабарламаларды қолдана алады. Алайда, сымсыз байланыс құралдарын тек қабылдаушы елдің үкіметінің рұқсатымен ғана орнатып, пайдаланады.

Дипломатиялық пошта (сөмке, чемодан т.б.).

Бұл қызмет мақсатында пайдаланылатын құжаттар мен жабдықтардан тұратын дипломатиялық пошта секілді нақты белгіленген, мөрленген сөмке немесе контейнер. Дипломатиялық пошта әдетте маңыздылық жағынан ілесіп жүретін және ілесіп жүрмейтін болып екі түрге бөлінеді. Дипломатиялық пошта иммунитетке ие, оны ашуға немесе тұтқындауға болмайды. Оны тез жеткізу үшін кез келген мүмкіндік қолданылуы тиіс. Дипломатиялық пошта дипломатиялық курьер арқылы тасымалданады, ол қабылдаушы мемлекеттің тарапынан қамқорлыққа ие. Жеке бас қауіпсіздігіне ие дипломатиялық курьерді ұстауға немесе тұтқындауға болмайды. Дипломатиялық курьер сыртқы істер министрлігінің әдеттегі қызметкері ретінде әр іс-сапар кезінде өз министрлігінің немесе миссия басшысының тарапынан оның статусын куәләндыратын және дипломатиялық поштаны құрайтын багаж орындарының санын көрсететін құжатпен қамтамасыз етілуі тиіс. Тұрақты дипломатиялық курьер жоқ болса, мемлекет немесе миссия өзге себеппен іс-сапар жасайтын тұлғаны осы мақсатта пайдалана алады. Мұндай жағдайда ол министрліктің немесе миссия басшысының тарапынан қажетті құжаттармен қамтамасыз етіледі. Бұған қоса ол тұрақты дипломатиялық курьер секілді иммунитет пен жеке бас қауіпсіздігін иеленеді. Бұдан басқа жағдайларда дипломатиялық пошта ұшақ экипажының командиріне сеніп тапсырылады. Миссияның тиісті мүшесі дипломатиялық поштаны экипаж командирінің қолына тікелей тапсыруға және одан тікелей алуға құқылы. Экипаж командирі дипломатиялық поштаны құрайтын багаж орындарының санын көрсететін құжаттармен қамтамасыз етілуі тиіс. Бірақ ол дипломатиялық курьер ретінде қарастырылмайды.

Мемлекет пен оның дипломатиялық миссияның арасындағы байланыс үшінші ел арқылы жасалынған кезде, соңғысы қабылдаушы мемлекет секілді жеке бас қауіпсіздігі құқығын беруге міндетті. Дипломатиялық пошта дипломатиялық курьер секілді үшінші ел арқылы өткен кезде жеке бас қауіпсіздігін иеленеді. Бірақ дипломатиялық курьерлер тиісті визаларды алуы қажет.

Салықтан босатылу.

Дипломатиялық миссияның жекеменшігі немесе жалға алынғаны болып табылатын ғимараттар мен оған іргелес жатқан территорияларға қатысы бар мемлекеттік, аймақтық және жергілікті деңгейдегі барлық салық түрлерінен босатылады. Алайда, миссия арнайы қызмет түрлеріне (мәселен, су, электорэнергия, қоқсық шығару т.б.) төлемдерді төлейді. Бірақ мұндай құқық миссия басшысымен немесе оның үкіметімен келісім жасасқан тұлғаларға берілмейді. Осы себептен келісімде резиденция мен миссияға байланысты кез келген төлемдер мен салықтарға миссия басшысы мен оның үкіметінің жауап беретіндігі айтылады. Дипломатиялық миссияның қызмет етуі процесі нәтижесінде түскен кез келген сыйақыға және пайдаға салынатын салықтан босатылған.

Импорттау құқығы және кедендік салықтан босатылуы. 

Дипломатиялық миссия тиісті заңдарға сәйкес қызмет мақсатында пайдалану үшін құрал-жабдықтарды импорттауға құқылы. Осы бағытта ол кедендік және өзге салықтардан босатылады. Алайда, миссия қосымша қызметтерге қатысты, атап айтсақ өзінің мүлігін тасымалдау, сақтау және жеткізуге байланысты төлемдерден босатылмайды. Елге енгізілген мұндай тауарлар қабылдаушы мемлекеттің территориясында қабылданған заңдарға сәйкес сатылмайды және таратылмайды.

Жекелей артықшылықтар мен иммунитеттер.

Толық дипломатиялық иммунитеттер мен артықшылықтар дипломаттарға және олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне, егер олар қабылдаушы мемлекеттің азаматтары немесе тұрақты тұрғыны болмаған жағдайда беріледі. «Отбасы» түсінігі түрлі мемлекеттерде әрқилы түсіндіріледі. Әдетте оған жұбайы (немесе күйеуі) және дипломаттың кәмелет жасқа толмаған балалары енгізіледі. Жесір немесе бойдақ дипломат я болмаса жұбайы бірге еріп келмесе, өз отбасына өзімен бірге тұрақты түрде тұратын шешесін немесе әпкесін қосуға құқылы. Мұндай категорияға заң бойынша дипломат жауап беретін ер балалар мен қыз балалар да енгізілген.

Шектеулі дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер миссия персоналы мүшелерінің үш категориясына беріледі:

1. Өздері жұмыс істейтін мемлекеттің азаматтары немесе тұрақты тұрғындары болып табылатын тұлғаларға;

2. Әкімшілік-техникалық персонал мүшелеріне;

3. Миссия мүшелерінің жеке қызметкерлеріне.

Иммунитетті иелену дипломатқа қабылдаушы мемлекеттің территориясында жеке басына пайда табу мақсатында істелінетін кез келген кәсіби немесе коммерциялық қызметпен айналысуға жол бермейді. Иммунитет осындай сипаттағы қандай да бір іс-әрекеттерге тыйым салады. Әдетте дипломатиялық миссияның мүшелері қабылдаушы мемлекеттің тарапынан дипломатиялық куәліктермен қамтамасыз етіледі. Куәлікке дипломаттың суреті жапсырылып, қолы қойылады.

Қабылдаушы мемлекеттің дипломат пен оның отбасы мүшелеріне берген иммунитеті оларды бағыттаушы мемлекеттің заңдарынан босатуды білдірмейді.

Иммунитеттердің мерзімдік ұзақтығы.

Жекелей артықшылықтар мен иммунитеттер миссия мүшесінің қабылдаушы мемлекетке өз қызметіне кірісуге келгеннен бастап, немесе ол елге келгеннен кейін қабылдаушы елдің министрлігіне хабарлағаннан бастап беріледі. Артықшылықтар мен иммунитеттер миссия мүшесі өз жұмысының аяқталуына байланысты елден кеткен кезде немесе ол бірден кетпесе бірқатар уақыттан кейін (мәселен, 4-6 аптадан кейін) тоқтатылады. Бірақ қызмет міндеттерін атқару процесінде жасалынатын іс-әрекеттер бойынша заңдық жауапкершілікке қатысты иммунитет уақыт жағынан шектелмеген. Жеке тұлға ретінде жасалынған кез келген іс-әрекетке байланысты заңдық жауапкершілік иммунитеті дипломатиялық жұмыс аяқталғаннан кейін өз күшін жояды. Егер миссия мүшелерінің бірі қайтыс болса, оның отбасы мүшелері бұрын берілген артықшылықтар мен иммунитеттерді қабылдаушы мемлекеттен кеткенге дейін қолданады.

Шетелдік дипломатиялық миссияның қызметкерлерін және олардың отбасылaрын қабылдаған мемлекет оларды кез келген физикалық зорлық-зомбылықтан қорғап, олардың абыройы мен намысына нұқсан келтіруіне жол бермеуі тиіс.

Қылмыстық жауапкершілікке қатысты иммунитет.

Дипломат, сонымен қатар оның отбасының мүшелері (егер олар қабылдаушы мемлекеттің  азаматтары немесе тұрақты тұрғындары болмаса) қабылдаушы мемлекеттің заңдарына сәйкес қылмыстық жаупкершілікке қатысты иммунитетті иеленеді.

Азаматтық және әкімшілік жауапкершілікке қатысты иммунитет. Дипломат, сонымен қатар оның отбасының мүшелері (егер олар қабылдаушы мемлекеттің  азаматтары немесе тұрақты тұрғындары болмаса) қабылдаушы мемлекеттің заңдарына сәйкес азаматтық және әкімшілік жауапкершілікке қатысты иммунитетті иеленеді. Алайда бұл шарт төмендегі жағдайларға байланысты ескерілмейді:

1. Қабылдаушы мемлекеттің территориясында орналасқан жеке меншікке жататын қозғалмайтын мүлікке қатысты іс-әрекет.

2. Мұралық мәселеге байланысты іс-қимыл. Дипломат өз мемлекетінің атынан емес, жеке тұлға ретінде атқарушы және мұрагер болып есептелінсе, ол әкімшілік және азаматтық жауапкершіліктен босатылмайды.

3. Қабылдаушы мемлекетте өзінің ресми қызметінен бөлек, кез келген кәсіби немесе коммерциялық қызметке қатысты іс-қимыл. Мұндай шектеулер дипломаттың жұбайына және отбасына қатысты қолданылады.

Дипломатиялық иммунитеттен айыру құқұқтық жауапкершілікке қатысты иммунитетті иеленген тұлғаны мұндай қамқорлықтан өз елінің үкіметі айыруы мүмкін. Заң бойынша қандай да бір дипломатты азаматтық және әкімшілік қудалауға қатысты имммунитетінен айыру, оны сотқа тартуды білдіреді.

Дипломаттың, сонымен қатар оның отбасының мүшелерінің (егер олар қабылдаушы мемлекеттің азаматтары немесе тұрақты тұрғындары болмаса) жеке және қызметтік құжаттары, жазбалары, хаттары иммунитетті иеленеді.

Дипломаттың, сонымен қатар оның отбасының мүшелерінің (егер олар қабылдаушы мемлекеттің азаматтары немесе тұрақты тұрғындары болмаса) мүліктері иммунитетті иеленеді.

Қоғамдық міндеттерден босату. Дипломат және онымен бірге тұратын отбасы мүшелері (егер олар қабылдаушы мемлекеттің  азаматтары немесе тұрақты тұрғындары болмаса) барлық жекелей және қоғамдық жұмыстардан, әскери міндеттерден, қозғалатын және қозғалмайтын мүліктерді реквизициялаудан, әскери контребуциядан, төралқа ретінде сотқа қатысудан босатылады. Дипломат және онымен бірге тұратын отбасы мүшелері (егер олар қабылдаушы мемлекеттің  азаматтары немесе тұрақты тұрғындары болмаса) сотта куәгер ретінде жауап беруге міндетті емес. Егер олар осындай қадамға барса, әділ сотқа көмек көрсету мақсатында жасалынады.

Мемлекеттік және жергілікті салық төлеуден босатылу.

Дипломат және онымен бірге тұратын отбасы мүшелері (егер олар қабылдаушы мемлекеттің азаматтары немесе тұрақты тұрғындары болмаса) қозғалатын және қозғалмайтын мүліктерге салынатын барлық салықтың түрлерінен, сондай-ақ мемлекеттік, аймақтық және жергілікті деңгейдегі салықтардан босатылады. Алайда төмедегі жағдайларға байланысты бұл шарттың күші таралмайды;

1. Тауарларға немесе қызмет түрлерінің құнына енгізілген жанама салықтар, мәселен, қосымша құн салығына байланысты.

2. Қабылдаушы мемлекеттің территориясында орналасқан жеке қозғалмайтын меншікке қатысты салықтар. Алайда мұндай қозғалмайтын мүліктер бағыттаушы мемлекеттің және миссия мақсаттарына қызмет жасаса  салықтар төленбейді.

3. Вена конвенциясының 39-бабына сәйкес қабылдаушы мемлекеттің тарапынан алынатын мұралыққа қатысты салықтар. Бірақ қызмет функцияларын орындау барысында пайдаланылатын, оның иесі қабылдаушы мемлекеттің резиденті немесе азаматы болмаса, жеке қозғалатын мүлікке қатысты салық алынбайды.

4. Қабылдаушы мемлекетте жеке кірістен алынатын салық және осы елде кәсіпкерлік қызметтен түсетін пайдаға салынатын салық.

5. Қосымша қызмет түрлері үшін салынатын салық. Мәселен, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, қоқсықтардан тазалау және т.б.

6. Қызмет төлемдерін, қарыз міндеттерін, төлеу және тіркеу.

Кедендік салықтардан босату.

Дипломат және онымен бірге тұратын отбасы мүшелері (егер олар қабылдаушы мемлекеттің  азаматтары немесе тұрақты тұрғындары болмаса) жергілікті ережелерге сәйкес жеке қолданысқа қажетті заттарды импорттауға құқұлы. Мұндай заттар кедендік және импорттауға байланысты өзге салықтардан босатылғанмен, қосымша қызмет түрлеріне (сақтау және тасымалдау) қатысты қосымша қызмет төлмдерден босатылмайды. Дипоматтар және олардың отбасының мүшелері қабылдаушы мемлекеттің елге салық төленбей кейіннен сатылған немесе екінші қолға өткен заттарға қатысты қойған талаптарының барлығын орындауы тиіс.

Әлеуметтік қамсыздандыру талаптарынан босатылу.

Дипломат және онымен бірге тұратын отбасы мүшелері (егер олар қабылдаушы мемлекеттің азаматтары немесе тұрақты тұрғындары болмаса)  қабылдаушы мемлекеттің заңдарына сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру талаптарынан босатылады. Бұған қоса егер қабылдаушы мемлекеттің азаматтары болмаса, дипломаттың жеке қызметкерлері де осы талаптан босатылады. Дипломат өзі жалдаған кез келген тұлғаға қатысты  әлеуметтік қамсыздандыру ережесіне бағынуы тиіс. Кейбір елдерде өзінің қалауы бойынша дипломатқа әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік беріледі. Кей жағдайда бұл мәселе қабылдаушы мемлекет пен бағыттаушы мемлекет арасындағы бұрын жасалған келісім бойынша анықталады.

Жеке багажды тексеруден босату.

Дипломат және онымен бірге тұратын отбасы мүшелері (егер олар қабылдаушы мемлекеттің  азаматтары немесе тұрақты тұрғындары болмаса) жеке багажды тексеруден босатылады. Алайда кеден қызметкерлері багажда иммунитетке қатысы жоқ немесе заңсыз егізілген   заттардың бар екендігіне көз жеткізсе, багаж  дипломаттың немесе оның өкілетті өкілінің тікелей қатысуымен тексеріледі.

Еркін жүріп-тұру құқұғы. Қабылдаушы мемлекетте қызмет ететін дипломатиялық миссия персоналының барлық мүшелері осы елдің территориясы бойынша шексіз әрі еркін жүріп-тұруға құқұлы. Алайда,  ұлттық қауіпсіздік үшін маңызы бар территориялар мен объектілерге кіруге олардың құқұғы жоқ.

Үшінші ел арқылы өту.

Қажетті визалар болған жағдайда дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері өз қызметіне келу немесе кейін қайтқанда үшінші ел арқылы өткенде қажетті қауіпсіздік пен иммунитетті иеленеді. Осындай жағдайда дипломаттар өз министрлігінің тарапынан іс-сапардың мақсатын түсіндіретін хатпен немесе дипломатиялық визамен қамтамасыз етілуі тиіс. Дипломатиялық багаж тексерілмеуі тиіс, егер тексеру туралы шешім қабылданса, оған нақты себептер қажет.

Дипломаттың жауапты міндеттері. Қабылдаушы мемлекеттің артықшылықтар мен иммунитеттерді беруі дипломаттардың жауапкершілік және шыншылдық деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді. Дипломаттың жауапты міндеттері:

1. Ол қабылдаушы мемлекеттің ішкі істеріне араласпауы қажет.

2. Қызмет ғимараттары мен мекемелерін өзге (жеке) мақсаттарға қолданбауы қажет.

3. Иммунитетті жеке бас пайдасына пайдаланбауы керек.

4. Иммунитетті пайдалана отырып заңдарды бұзбауы тиіс.

Шектеулі артықшылықтар мен иммунитеттер.

Қабылдаушы мемлекеттің азаматтар саналмайтын дипломатиялық өкілділiктің дипломатиялық емес персоналы.

Миссияның әкімшілік және техникалық персонал мүшелері және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері (егер олар қабылдаушы мемлекеттің  азаматтары немесе тұрақты тұрғындары болмаса) дипломаттарға берілетін барлық иммунитеттерді иеленуге құқұлы. Бірақ қызмет бабынан тыс істелінген іс-әрекеттерге қатысты оларға азаматтық және әкімшілік иммунитеті таралмайды. Барлық дипломатиялық артықшылықтарды иеленуге құқылы болғанымен, олар жеке багаждарының тексерілуінен босатылмайды. Қызмет мақсаты үшін елге енгізген заттарға кедендік салық салынбайды. Олар қызмет бабымен үшінші ел арқылы өткенде артықшылықтар мен иммунитеттерді иеленбейді. Алайда, мұндай елдер олардың жүріп-тұруына кедергі келтірмеуі қажет.

Миссияның қабылдаушы мемлекеттің азаматтары саналмайтын қызмет көрсетуші персоналының мүшелері иммунитетті қызметті орындау барысында жасалынатын іс-әрекеттерге қатысты иеленеді. Өздерінің қызметі үшін алатын жалақыларына салынатын салықтардан босатылады. Өз елінің әлеуметтік қамқорлығында болғандықтан, оларға қабылдаушы мемлекеттің әлеуметтік қамсыздандыру бойынша талабы таралмайды.

Қабылдаушы мемлекеттің азаматтары саналмайтын миссияның дипломатиялық персонал мүшелерінің жеке қызметкерлері өз қызмет үшін алатын жалақыға салынатын салықтардан болсатылады. Олар ешқандай артықшылықтар мен иммунитеттерді иеленуге құқұлы емес. Тек қабылдаушы мемлекет қажет деп тапса, бірқатар жеңілдіктер берілуі мүмкін. Оларға артықшылықтар тек миссияның функциясын атқаруға кедергі келтірмеу мақсатында беріледі.

Қабылдаушы мемлекеттің азаматтары немесе резиденттері болып табылатын дипломаттар және миссия персоналының өзге мүшелері.

Қабылдаушы мемлекеттің азаматтары немесе резиденттері болып табылатын дипломаттар құқықтық жауапкершілік пен жеке бас қауіпсіздігіне байланысты иммунитетті өз функциясын орындау барысында жасалынатын ресми іс-әрекеттерге қатысты иеленеді. Дегенмен де кейбір елдерде оларға өзге де артықшылықтар беру мәселесі қарастырылған. Қабылдаушы мемлекеттің азаматтары немесе резиденттері болып табылатын миссияның дипломатиялық емес персонал миссиясы мен жеке қызметкерлер қабылдаушы мемлекеттің үкіметі дұрыс деп тапқан артықшылықтар мен иммунитеттерді ғана иеленумен шектеледі. Осыған қарамастан осы категориядағы тұлғаларға салынатын кез келген шектеулер дипломатиялық миссияның өз функцияларын дұрыс атқаруына еш кедергі келтірмеуі керек.

Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Дипломатиялық иммунитет туралы жалпы түсінік және оның анықтамасы?

2. Дипломатиялық артықшылықтар туралы жалпы түсінік?

3. Дипломатиялық иммунитеттер мен артықшылықтарды берудегі негізгі мақсат?

4. Дипломатиялық өкілділіктің артықшылықтары мен иммунитеттері?

5. Консулдық мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері?

6. Жеке артықшылықтар мен иммунитетер?

7. Толық артықшылықтар мен иммунитетер?

8. Шектеулі артықшылықтар мен иммунитеттер?

12 ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ КАДРЛАР, ОЛАРДЫҢ ЖЕКЕ БАСЫНЫҢ ҚАСИЕТТЕРІ МЕН ӨНЕРІ

12.1 Дипломаттарға қойылатын талаптар

12.2 Дипломаттың бойында болуға тиiстi қасиеттер

12.3 Дипломаттық қызмет және кәсiби кадрларды дайындау

12.4 Дипломаттарды дайындау мен кәсiбилiктерiне қойылатын талаптардың эволюциясы

12.5 Көрнектi дипломаттар дипломаттық кадрлардың үлгiсi ретiнде

12.6 Қазақстан Республикасында дипломаттық кадрлардың қалыптасу процесi

12.7 Қазақстан Республикасының дипломаттық қызмет кадрлары

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялауымен еліміздің сыртқы істер министрлігі өз жұмысын бастады. Осы бағытта дипломатия мен халықаралық қатынастар саласы бойынша кәсіби мамандардың тапшылығы айтарлықтай сезілді. Білікті мамандарды дайындау мақсатында еліміздің бірқатар жоғарғы оқу орындарында халықаралық қатынастар, аймақтану, халықаралық құқық, әлемдік экономика және халықаралық журналистика салалары бойынша факультеттер мен кафедралар ашылды. 1996 жылы Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігі жанынан Дипломатиялық Академия құрылды. Кейіннен бұл оқу орны ел Президенті жанындағы Басқару Академиясының құрамына Дипломатиялық институт болып кірді. Қазіргі таңда еліміздің тәуелсіздік алуының арқасында техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, дипломатия саласында мыңға жуық кәсіби дипломат мамандар жұмыс істейді.

Әр дәуірде дипломаттарға қойылатын талаптар әр түрлі болғанымен, олардың ішкі мәні бірдей. XVI ғасырдағы белгілі Венеция дипломаты Оттавиано Маджи дипломаттар мынадай талаптарға жауап беру керектігін айтады: «Ол тек жақсы христиан ғана емес, сонымен қатар теолог-ғалым болуы керек; ол философ болуы керек, Аристотельмен және Платонмен жақсы таныс болуы керек; ол кез келген сәтте ең абстрактілі мәселелерді диалектикалық формада түсіндіріп, ойын жеткізе білуі керек; ол классиктерді білуі керек, математика, сәулет өнері, музыка, физика, азаматтық және діни құқық салаларының майталман маманы болуы керек; ол тек латынша классикалық дәлдікпен сөйлеп, жазып қана қоймай, сонымен қатар грек, түрік, испан және француз тілдерін білуі керек; оның тарих, құқық, география, әскери ғылымдар бойынша терең білімі болуы шарт; ол ақындарды қадір тұтып, өзімен бірге Гомердің шығармаларын алып жүруі керек».

Қандай да бір дәуірдің дипломаттарға қандай талаптарды қойғанына қарамастан, олардың ең озық әрі жақсы қасиеттері әрқашан өз деңгейінде бағаланып келді. Әрине орта ғасырлардағы венециандық дипломат Оттавиано Маджидің талаптарына бүгінгі күннің дипломаттары жауап бере алмауы мүмкін. Бірақ оларға бүгінгі күннің шындықтары мен ерекшеліктерін ескере отырып талаптар қойылады.

Дипломаттарға, соның ішінде жас мамандарға қойылаты білікті талаптар:

- шет тілдерін жоғарғы деңгейде меңгерумен қатар, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Дипломатиялық қызмет» туралы заңын, халықаралық келісімдерді жақсы білу;

- әлемдік сахнада орын алып жатқан жаһандану үрдісінің жағымсыз жағымсыз жақтарына тосқауыл жасай білу;

- өз елінің ұлттық мүддесі мен қауіпсіздікті сақтау жолымен таныс болу;

- ақпараттың технологияларды жақсы меңгеріп, ағымдағы мәліметтерді кәсіби деңгейде талдап отыру;

- жұмыс барысында қызметкер мемлеттік –тіл қазақ тілін, сонымен қатар шет тілдерде өз мамандығы мәселесі төңірегінде еркін сұхбат жүргізіп, сараптамалық құжаттар жаза білу;

- жас маман өзін моральдық және этикалық жағынан дамыта отырып, сұхбат жүргізу кезінде, ұжыммен қарым-қатынастарда жылы, ілтипатты, қарапайым болуға әрі сыйластық қатынасты ұстануға тиіс;

- шет мемлекеттерге елшілікке және өзге де дипломатиялық мекемелерге қызметке барған кезде өте сақ болып, сол елдің заңдарын мен тәртібін сақтаулары шарт;

- көп жыл істейтін тәжірибелі дипломаттар әрдайым өз білімін, кәсіби деңгейін көтеруі керек, мемлекеттік қызмет жүйесін жақсы білу қажет;

- басқа мемлекеттің өкілдерімен сауатты сұхбат жазбаларын жүргізу үшін министрлік басшыларымен бірге келіссөздерге қатысқан жөн және т.с.с.

Белгілі отандық дипломат, Төтенше және Өкілетті елші Сайлау Батырша-ұлы «әр дипломаттың басты қасиеті – Отанына деген сүйіспеншілігі, ел мүддесін ойлап, соған қалтықсыз қызмет етуі, адамгершілігі, азаматтық және идеологиялық ұстанымының жоғары болуы. Сонымен бірге, дипломат ешбір партияның мүшесі болмауы керек, өйткені ол топтардың немесе партияның мүддесіне емес, тұтас мемлекеттің мүддесіне қызмет етеді. Білікті дипломат өз елінің тарихын, мәдениеті жақсы біледі» деп пікір білдіреді.

Дипломатия мен халықаралық қатынастар саласындағы жас мамандармен жүйелі жұмыстың нәтижесінде озық ойлы, дарынды білім иелері дипломатиялық қызметтің жауапкершілігін арттырады. Еліміздің, халқымыздың, мүддесін қорғауда жоғарғы білікті, ұлтжанды, жаңаша ойлайтын, халықаралық өмірдің жаһандық мәселелерін шешуде ұшқырлық таныта білетін дипломатиялық қызметкерлер тәрбилеуді басты назарда ұстау – заман, уақыт талабы.

Осылайша, нағыз дипломаттың бойында келесі қабілет-қасиеттер қалыптасуы қажет: Қазақстанның абырой-беделін шет елдерде жоғары мәртебеде көрсете білу, Отанымыздың, халықтың ұлттық мүдделерін қорғау; қазақ елінің тарихында қалыптасқан ескі дәстрүрлердің, соның ішінде сақ, үйсін, қаңлы, түркі қағанаттары, қыпшақ хандығы, Алтын Орда, Ақ Орда және де Қазақ хандығы дәуірлеріндегі ұлттық елшіліктің салттарын бүгінгі заманға лайықтап, халықаралық хаттаманы (протокол) ескере отырып, тиімді пайдалану; халықаралық сахнадағы саяси үрдістерге, көршілес және әлемдегі мемлекеттердің дипломатиясына кәсіби деңгейдегі жан-жақты талдау жасау, тиісті қорытындылар шығару т.с.с.

Дипломат оған қойлатын барлық талаптарға жауап беруі тиіс. Ол табысты бизнесмен, дарынды администратор және мемлекеттік шенеунік болуы қажет. Оның үстіне өзге елдерді, өзге мәдениеттер мен қоғамдарды сонымен қатар олардың даму және өмір сүру механизмдерін дұрыс әрі дәл түсінуді талап ететін қызмет түрі саналады. Дипломат адамдарды шынайы түрде құрметтеп жақсы көруге, оларға шынайы түрде қызығушылық танытуға міндетті. Дипломаттарға қажетті кәсіби білім мен жеке қасиеттері төмендегідей болуы қажет.

1. Ең алдымен өз елінің және сыртқы саясаттағы басымдылықтарды анықтайтын қағидаларды терең білу және түсіну. Мәселен, өз елінің географиясы, тарихы, мәдениеті, саяси әлеуметтік, экономикалық, демографиялық құрылымы, институттары, адам және экономикалық ресурстары, ауыл шаруашылығы, өнеркәсібі, қаржы жүйесі және т.б.

2. Өз елімен тікелей және жанама түрде аралсатын өзге елдерді, аймақтық және халықаралық ұйымдарды, сондай ақ әлемдік және аймақтық саясатқа әсер ететін қуатты держеваларды, олардың тарихын, мәдениетін және осыған байланысты басқа мәселелерді білуі қажет.

3. Халықаралық қатынастардың механизмдері мен процедураларын білу. Өз кезегінде бұл дипломатиялық миссиялар мен консулдық пункттердің ауқымды әлемдік желісін, олардың функцияларын, практикасы мен құрылымын; сауда мен қаржы мекемелерін, әлемдік желісін, олардың қызметін; Біріккен Ұлттар Ұйымы мен өзге де халықаралық институттарды, мемлекетаралық және халықаралық қатнастардың бағытын анықтайтын, ережесін орнататын халықаралық құқықты; халықаралық институттардың қызметін реттейтін заңдарды; сонымен қатар қазіргі әлемдік ақпараттық кеңістікте және бұқаралық ақпарат құралдарында орын алып жатқан жағдайларды, олардың әлемдік саясатқа ықпалын білуді міндет етеді.

Дипломаттардың кәсіби қасиеттері:

1. Келіссөздер жүргізу қабілеті.

2. Бақылау, талдау баяндамаларды дайындау қабілеті.

3. Өкілділік және миссияны басқару қабілеті.

4. Коммуникативті және жария дипломатиялық қабілеті.

5. Түрлі мәдениеттерді салыстыра білу қабілеті.

6. Жеке бас қасиеті мен саяси білімі.

7. Интеллектуалдық және білім алуға деген құштарлық.

8. Интеллектуалдық көпжақтылығы.

9. Лидердік қасиеті және практикалық ақыл ой.

Төменде 2002 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Дипломатиялық қызмет туралы» заңында белгіленген дипломатиялық мамандарға байланысты шарттар беріледі.

Дипломатиялық қызмет органдарына қызметке тұру

Дипломатиялық қызметке жоғары бiлiмi бар, өзiне жүктелген мiндеттердi орындау үшiн тиiстi iскерлiк, моральдық, кәсiби қасиеттерге қол жеткiзген әрi денсаулық жағдайы дұрыс Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.

Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.

Қазақстан Республикасының төтенше және өкiлеттi елшiлерiн Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкiлдерiн Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды және керi шақырып алады.

Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң орынбасарлары, ведомстволардың басшылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады. Басқа лауазымдарға тағайындауды және дипломатиялық қызметтен босатуды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi жүргiзедi.

Дипломатиялық қызмет органдарына қызметке тұру азаматтар алдын ала мiндеттi арнайы тексеруден өткеннен кейiн жүзеге асырылады. Шет елдегi жұмыстан кейiн Қазақстан Республикасына оралған дипломатиялық қызметтiң қызметкерi, егер ол жазаларға тартылмаған болса, бұрын Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған лауазымынан төмен емес лауазымға тағайындалады.

Дипломатиялық қызмет органдарына қызметке алғаш тұрған адамдар үшiн үш айға дейiн мiндеттi сынақ мерзiмi белгiленедi. Сынақ мерзiмiнен өтудiң тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi белгiлейдi. Бұрын сотталған және ақтала алмайтын негiздер бойынша қылмыстық жауапкершiлiктен босатылған, сондай-ақ ұнамсыз себептермен мемлекеттiк қызметтен босатылған адамдар дипломатиялық қызмет органдарына қызметке қабылданбайды.

Дипломаттық дәрежелер

Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiне атқаратын лауазымы және бiлiктiлiгi ескерiле отырып, мынадай дипломаттық дәрежелер берiледi:

1) атташе;

2) үшінші хатшы;

3) ІІ сыныпты екiншi хатшы;

4) І сыныпты екiншi хатшы;

5) ІІ сыныпты бiрiншi хатшы;

6) І сыныпты бiрiншi хатшы;

7) ІІ сыныпты кеңесшi;

8) І сыныпты кеңесшi;

9) II сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл;

10) І сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл;

11) Төтенше және Өкiлеттi Елшi.

Дипломаттық дәрежелердi беру тәртiбi

1. Төтенше және Өкiлеттi Елшi, І және II сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл дипломаттық дәрежелерiн Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бередi.

Басқа дипломаттық дәрежелердi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi бередi.

Дипломаттық дәрежелердi беру тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн ережемен белгiленедi.

2. Қызметкердiң дипломаттық дәрежесi, әдетте, дипломатиялық қызметте атқаратын лауазымына сәйкес болуға немесе бiр саты жоғары не төмен болуға тиiс.

3. Дипломаттық дәрежелердi беру тиiстi куәлiктер тапсырумен және қызмет тiзiмiндегi (еңбек кiтапшасындағы) жазбалармен расталады. Дипломаттарға дипломаттық дәрежелер өмiр бойына берiледi және сақталады. Бірақ Қазақстан Республикасының «Дипломатиялық қызмет туралы» заңы оларды белгілі бір себептермен осы дәрежелерден айыру немесе төмендету шарттары қарастырылған.

Дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерi

1. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi үшiн дипломаттық дәрежелерде болудың мынадай мерзiмдерi белгiленедi:

1) атташе, үшiншi хатшы, ІІ және І сыныпты екiншi хатшы үшiн - екi жыл;

2) ІІ және I сыныпты бiрiншi хатшы, II сыныпты кеңесшi үшiн - үш жыл.

І сыныпты кеңесшiден бастап және одан жоғары дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерi белгiленбейдi.

2. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерiне:

1) Сыртқы iстер министрлiгiндегi және оған бағынысты ұйымдардағы жұмыс;

2) шет елдердегi мекемелердегi жұмыс;

3) Сыртқы iстер министрлiгiнiң Қазақстан Республикасы аумағындағы өкiлдiктерiндегi жұмыс;

4) бұрынғы КСРО мен одақтас республикалардың сыртқы iстер министрлiктерiндегi жұмыс;

5) халықаралық ұйымдардағы жұмыс;

6) Сыртқы iстер министрлiгiнiң жоғары оқу орындарындағы және ғылыми мекемелерiндегi ғылыми немесе оқытушылық жұмыс;

7) Сыртқы iстер министрлiгiнiң саласы бойынша оқу орындары мен ғылыми мекемелерде бiлiктiлiктi арттыру;

8) Сыртқы iстер министрлiгi жоғары оқу орындарына, аспирантураға, докторантураға және ғылыми мекемелерге уақытша жiберген адамдардың оқу мерзiмi есептеледi.

Дипломаттық дәреженi мерзiмнен бұрын және кезектен тыс беру, төмендету, одан айыру және қалпына келтiру

Жекелеген жағдайларда, жұмыста елеулi табыстарға қол жеткiзсе немесе айрықша еңбек сiңiрсе, белгiленген мерзiм өткенге дейiн (мерзiмiнен бұрын дәреже беру) немесе дәреже берудiң кезегi сақталмастан (кезектен тыс дәреже беру) дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң дәрежесi өсiрiлуі мүмкiн.

Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгiнен жұмыстан босатылған адамдар Қазақстан Республикасының және өздерi болатын елдердiң заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғатын iс-әрекеттер жасаған жағдайда олардың дипломаттық дәрежесі төмендетiлуi немесе олар дипломаттық дәрежесiнен айырылуы мүмкiн.

Мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн дипломатиялық қызмет органдары жүйесiнен босатылған кезде дипломатиялық қызмет қызметкерi сонымен бiр мезгiлде дипломаттық дәрежесiнен де айырылады.

Дипломатиялық қызмет қызметкерiн дипломаттық дәрежесiнен айыру немесе оның дәрежесiн төмендету дәреже берiлгендегiдей тәртiппен жүргiзiледi.

Дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң бұрынғы дипломаттық дәрежесiн қалпына келтiру қызметтiк аттестаттаудан өткеннен кейiн жүргiзiледi.

Дипломатиялық қызметтен өту.

Дипломатиялық қызмет органдарында лауазым ауыстыру, қызмет атқару

Дипломатиялық қызмет персоналының лауазым ауыстыруы кадрлардың бiлiктiлiгi, кәсiби даярлығы, олардың ротациясы мен мамандану принциптерi ескерiле отырып, қызмет бабындағы қажеттiлiкке сәйкес жүзеге асырылады.

Дипломатиялық қызмет органдарында бос қызмет орындарына тұру, келесi жоғары тұрған және төмен тұрған санаттарда қызметке тұру жолымен қызмет бабында орын ауыстыруды қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарына сәйкес жүргiзiледi.

Дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң лауазымы шет елдердегi мекемелердегi жұмысы кезеңiнде, оның шет елде болу мерзiмi қызмет бабындағы қажеттiлiкке байланысты ұзартылған жағдайларды қоспағанда, бiр реттен артық өсiрiлмейдi.

Ротация

Дипломатиялық қызмет органдарында дипломатиялық қызмет персоналының ротациясы жүзеге асырылады.

Ротация шеңберiнде дипломатиялық қызмет персоналы, оның кәсiби даярлығы мен мамандануы ескерiле отырып, шет елдегi дипломатиялық қызмет органдарына жұмысқа жiберiледi немесе өздерiнiң қызметiн Сыртқы iстер министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiнде жүзеге асырады.

Дипломатиялық қызмет персоналының ротациясы мынадай түрлерге бөлiнедi:

1) сыртқы ротация - Сыртқы iстер министрлiгiнен шет елдердегi мекемелерге және шет елдердегi мекемелерден Сыртқы iстер министрлiгiне ауысу;

2) iшкi ротация - Сыртқы iстер министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерi арасында ауысу.

Шет елдердегi мекемелердегi жұмыстар арасындағы кезеңде дипломатиялық қызмет персоналының Сыртқы iстер министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiндегi жұмыс мерзiмi, әдетте, кем дегенде екi жыл болуға тиiс.

Дипломатиялық қызмет жұмыскерлерiнiң шет елдердегi мекемелердегi үздiксiз жұмыс мерзiмi үш жылдан аспауға тиiс. Қызмет бабындағы қажеттiлiк пен сол адамның келiсiмi бойынша аталған мерзiмдi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi ұзартуы мүмкiн.

Дәлелсiз себептермен шет елдегi мекемеге жұмысқа барудан бас тарту тәртiптiк тұрғыдан терiс қылық болып табылады және тәртiптiк жаза қолдану үшiн негiз бола алады. Шет елдегi мекемеге жұмысқа барудан бас тарту үшiн дәлелдi деп танылатын себептердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi белгiлейдi.

Шет елдегi дипломатиялық қызмет органдарына жұмысқа жiберу кезiнде дипломатиялық қызмет персоналына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде бiржолғы жәрдемақы төленедi.

Қызметтiк аттестаттау

Дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарына сәйкес қызметтiк аттестаттаудан өтедi.

Жоғары оқу орындарына, ғылыми мекемелерге жіберу

Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi өздерiнiң келiсiмiмен кәсiби даярлық пен тағылымдамадан өту, көкейкестi халықаралық проблемаларды ғылыми тұрғыдан талдап әзiрлеу үшiн Қазақстан Республикасының не басқа елдердiң жоғары оқу орындарына, ғылыми мекемелерiне уақытша жiберiлуi мүмкiн. Мұндай жағдайда, олар Сыртқы iстер министрлiгiнiң кадрлар резервiне енгiзiледi.

Тағылымдама немесе ғылыми iссапар аяқталғаннан кейiн дипломатиялық қызмет қызметкерi өзi кадрлар резервiне енгiзiлгенге дейiн атқарған қызметiнен төмен емес дипломатиялық қызметке тағайындалады.

Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек қатынастарын тоқтату

Дипломатиялық қызметтi тоқтату үшiн:

1) дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң өз еркiмен жұмыстан босату туралы өтiнiш беруi;

2) еңбек шарты мерзiмiнiң бiтуi не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша еңбек шартын бұзу;

3) дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң өз табысы мен мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiметтер беруi;

4) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту;

5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген мiндеттер мен шектеулердi сақтамау;

6) аттестаттаудың терiс нәтижелерi;

7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де себептер негiз болып табылады.

Дипломатиялық қызметтiң персоналын жұмыстан дипломатиялық лауазымға тағайындау құқығы берiлген тиiстi лауазымды адам босатады. Дипломатиялық қызметтiң персоналы дипломатиялық қызмет органдарынан өз еркiмен кеткен кезде Сыртқы iстер министрлiгiнiң резервiне алынады. Сыртқы iстер министрлiгiнiң резервi туралы ереженi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi бекiтедi.

Дипломатиялық қызмет персоналының құқықтары мен мiндеттерi

1. Өзiнiң кәсiби функцияларын жүзеге асырған кезде дипломатиялық қызмет персоналының:

1) дипломатиялық қызмет органдарының қызметiн жақсарту жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;

2) шет елде болу кезеңiнде халықаралық құқық нормаларына сәйкес белгiленген артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдалануға;

3) Қазақстан Республикасының азаматтарына Конституцияда және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде кепiлдiк берiлген өзге де құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға құқығы бар.

Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi мемлекеттiң сыртқы саясаты мәселелерi, Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастар саласындағы заңдарын жетiлдiру жөнiнде, оны Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық мiндеттемелерiне сай келтiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге де құқылы.

Дипломатиялық қызмет персоналы:

1) дипломатиялық қызмет атқаруға байланысты мiндеттердi адал орындауға;

2) болатын мемлекетiнiң заңдарын, дәстүрлерi мен әдет-ғұрпын құрметтеуге;

3) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны, дипломатиялық қызмет аяқталғаннан кейiн де, жарияламауға;

4) өзiнiң кәсiби деңгейiн, бiлiктiлiгiн, жалпы саяси даярлығын арттыруға, мемлекеттiк және шет тiлдердi бiлуiн жетiлдiруге;

5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.

Дипломатиялық қызмет органдарында қызметте болуға байланысты шектеулер

Дипломатиялық қызмет персоналы үшiн Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы және мемлекеттiк қызмет туралы заңдарында көзделген шектеулер қолданылады.

Дипломатиялық қызмет персоналын көтермелеу

Қызмет бабындағы мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны, орындаған тапсырмаларының жоғары сапасы, бастамашылдығы, шығармашылық белсендiлiгi, ұзақ әрi мiнсiз қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн және жұмыстағы басқа да жетiстiктерi үшiн дипломатиялық қызмет персоналы:

1) дипломаттық дәрежесiн мерзiмiнен бұрын өсiрумен;

2) бiржолғы ақшалай сыйақымен;

3) Сыртқы iстер министрлiгiнiң ұсынуымен Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн ведомстволық наградалармен;

4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген көтермелеу шараларының өзге де нысандарымен көтермеленуi мүмкiн.

2. Ерекше еңбек сiңiргенi үшiн дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен марапаттауға ұсынылуы мүмкін.

Дипломатиялық қызмет персоналының жауапкершiлiгi

Дипломатиялық қызмет персоналы өзiне жүктелген мiндеттердi бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.

Дипломатиялық қызмет персоналына мынадай тәртiптiк жазалар қолданылады:

1) ескерту;

2) сөгiс;

3) қатаң сөгiс;

4) дипломаттық дәреженi берудi бiр жылға дейiн кiдiрте тұру;

5) лауазымын немесе дипломаттық дәрежесiн төмендету;

6) дипломаттық дәрежесiнен айыру;

7) қызметке сәйкес еместiгi туралы ескерту;

8) жұмыстан босату.

Дипломатиялық қызмет персоналына тәртiптiк жаза қолдану Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

Дипломатиялық қызмет персоналын керi шақырып алу

Шет елдердегi мекемелерде жұмыс iстейтiн дипломатиялық қызмет персоналы қызметтiк мiндеттерiн өрескел бұзған, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының немесе болатын елiнiң заң актiлерiнде белгiленген жауаптылыққа әкеп соғатын әрекеттер жасаған жағдайда оған тәртiптiк ықпал ету шараларын қолдануға қоса, ол Қазақстан Республикасына мерзiмiнен бұрын керi шақырып алынады.

Дипломатиялық қызмет персоналын мерзiмiнен бұрын керi шақырып алуға отбасы мүшелерiнiң дәл сондай әрекеттер жасауы да негiз болып табылады.

Дипломатиялық қызметтi қаржылық және материалдық-шаруашылық жағынан қамтамасыз ету

Дипломатиялық қызметтi және оның органдарын қаржылық жағынан қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

Дипломатиялық қызмет органдары консулдық iс-әрекеттер жасаған кезде жұмсайтын күтiлмеген шығыстар Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Консулдық жарғыда белгiленген тәртiппен өтелуге жатады.

Құрметті консул аппаратының қызметін және соған байланысты iс-шараларды қаржыландыру құрметтi консул бөлетiн қаражат есебiнен жүзеге асырылады.

Дипломатиялық қызмет органдары көлiкпен, қызметтiк үй-жайлармен, байланыс құралдарымен және басқа да қажеттi мүлiкпен қамтамасыз етiледi.

Дипломатиялық қызмет органдарының Қазақстан Республикасының аумағы мен шет елдегi жылжымайтын және өзге мүлiктi иелену, пайдалану және оларға билiк ету тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес белгiленедi.

Дипломатиялық қызмет персоналына берiлетiн кепiлдiктер мен өтемдер

Дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасы мүшелерiн материалдық және әлеуметтiк жағынан қамтамасыз ету атқаратын қызметiнiң қиындығы, оған байланысты қауiп-қатер, сондай-ақ шет мемлекеттiң өзiндiк ерекшелiктерi ескерiле отырып жүзеге асырылады.

Шет елде болу дипломатиялық қызмет персоналына және отбасы мүшелерiне қандай да болсын зиян келтiрмеуге тиiс.

Шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасы мүшелерiне көмек көрсету мен қорғауға байланысты мiндеттердi шет елдегi мекеменiң жетекшiсi орындайды.

Шет елдегi қызметi кезiнде дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi не оның отбасы мүшелерi ауырған, қайтыс болған, отбасында бала туылған жағдайда, дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң және (немесе) оның отбасы мүшелерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген мөлшерде жәрдемақы алуға құқығы бар.

Дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасы мүшелерi бюджет қаражаты есебiнен медициналық көмектiң кепiлдiк берiлетiн көлемiмен қамтамасыз етiледi.

Шет елдегi мекемеде жұмыс iстейтiн дипломатиялық қызмет персоналының және бiрге тұратын отбасы мүшелерiнiң жыл сайынғы ақылы демалыс берiлуiне не отбасы мүшелерiнiң бiрi қайтыс болуына байланысты барып-қайту көлiк шығыстарының төленуiне құқығы бар.

Дипломатиялық қызмет персоналы өзiмен бiрге тұратын отбасы мүшелерiнiң саны, лауазымдық жағдайы, жергiлiктi мән-жай және Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн нормативтер ескерiле отырып, шет елде тұрғын үймен қамтамасыз етiледi.

Тұрғын үйдi ұстауға төлейтiн нақты шығыс Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген нормалардан асып кеткен жағдайда ол бюджет қаражаты есебiнен өтелуге тиiс.

Шет елдегi жұмыс кезеңiнде дипломатиялық қызмет персоналының балаларына жалпы орта бiлiм беру бюджет қаражаты есебiнен төленуге тиiс.

Шет елдегi мекемеде әкiмшiлiк-техникалық бос қызмет орындары болған жағдайда, шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналы отбасыларының мүшелерiне уақытша жұмысқа тұру құқығы берiлуi мүмкiн.

Қарулы немесе азаматтық жанжалдар жағдайында не шет елдердегi мекемелер мен олардың персоналының қауiпсiздiгiне қатер төнген жағдайда, сондай-ақ шет елдердегi мекемелер орналасқан жерлердегi төтенше жағдайлар кезiнде Сыртқы iстер министрлiгi дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және қорғау үшiн қажеттi шаралар қолданады.

Дипломатиялық қызметтiң қызметкерiне немесе жұмыскерiне не оның отбасы мүшелерiне шет елде болу уақытында, өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн не солармен байланысты қызметтi атқару кезiнде келтiрiлген залал Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен өтеледi.

Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде не шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде алған жарақаттың салдарынан қызметтен босатылғаннан кейін бiр жыл ішінде қаза тапқан жағдайда, дипломатиялық қызметтiң қайтыс болған қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң отбасы мүшелерiне оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысы бойынша есептелетiн алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтем төленедi.

Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан жағдайда, қаза тапқан адамның отбасының Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқығы бар.

Дипломатиялық қызметтiң қызметкерiне немесе жұмыскерiне шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде алған жарақат, жаралану (контузия), мертiгу, ауру салдарынан болған мүгедектiк белгiленген кезде, оған оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысымен есептелген мөлшерде:

1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражат;

2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражат;

3) III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтем төленедi.

Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде мүгедектiкке әкеп соқпаған ауыр мертiгу (жарақат, жаралану, контузия) жағдайында, оған оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша есептелетiн - үш айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде, жеңiл мертiгу жағдайында бiр айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтем Yкiметi бекiтетiн нормативтер ескерiле отырып, шет елде тұрғын үймен қамтамасыз етiледi.

Тұрғын үйдi ұстауға төлейтiн нақты шығыс Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген нормалардан асып кеткен жағдайда ол бюджет қаражаты есебiнен өтелуге тиiс.

Шет елдегi жұмыс кезеңiнде дипломатиялық қызмет персоналының балаларына жалпы орта бiлiм беру бюджет қаражаты есебiнен төленуге тиiс.

Шет елдегi мекемеде әкiмшiлiк-техникалық бос қызмет орындары болған жағдайда, шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналы отбасыларының мүшелерiне уақытша жұмысқа тұру құқығы берiлуi мүмкiн.

Қарулы немесе азаматтық жанжалдар жағдайында не шет елдердегi мекемелер мен олардың персоналының қауiпсiздiгiне қатер төнген жағдайда, сондай-ақ шет елдердегi мекемелер орналасқан жерлердегi төтенше жағдайлар кезiнде Сыртқы iстер министрлiгi дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және қорғау үшiн қажеттi шаралар қолданады.

Дипломатиялық қызметтiң қызметкерiне немесе жұмыскерiне не оның отбасы мүшелерiне шет елде болу уақытында, өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн не солармен байланысты қызметтi атқару кезiнде келтiрiлген залал Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен өтеледi.

Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде не шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде алған жарақаттың салдарынан қызметтен босатылғаннан кейін бiр жыл ішінде қаза тапқан жағдайда, дипломатиялық қызметтiң қайтыс болған қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң отбасы мүшелерiне оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысы бойынша есептелетiн алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтем төленедi.

Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан жағдайда, қаза тапқан адамның отбасының Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқығы бар.

Дипломатиялық қызметтiң қызметкерiне немесе жұмыскерiне шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде алған жарақат, жаралану (контузия), мертiгу, ауру салдарынан болған мүгедектiк белгiленген кезде, оған оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысымен есептелген мөлшерде:

1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражат;

2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражат;

3) III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтем төленедi.

Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде мүгедектiкке әкеп соқпаған ауыр мертiгу (жарақат, жаралану, контузия) жағдайында, оған оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша есептелетiн - үш айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде, жеңiл мертiгу жағдайында бiр айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтем төленедi.

Егер дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң қаза табуы (қайтыс болуы), жарақаттануы, жаралануы (мертігуі), ауыруы қызметтiк мiндеттердi орындауға байланысы жоқ жағдайларда болғаны белгiленген тәртiппен дәлелденсе, аталған сома төленбейдi.

Жерлеуге жұмсалатын шығыстарды өтеу

Дипломатиялық қызметтiң шет елде қайтыс болған (қаза тапқан) қызметкерiн немесе жұмыскерiн жерлеу үшiн оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы қызметi бойынша лауазымдық айлықақысынан есептелетiн үш айлық қаражат мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленедi.

Дипломатиялық қызметтiң қайтыс болған (қаза тапқан) қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң мәйiтiн Қазақстан Республикасына жеткiзу және осыған байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек қатынастарын реттеу

Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек қатынастары осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi.

Шет елдердегi мекемелерде қызметтердi қоса атқаруға немесе уақытша жоқ қызметкерлердiң немесе жұмыскерлердiң мiндеттерiн орындауға рұқсат етiледi.

Шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналының еңбек жағдайларын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.

Дипломатиялық қызмет персоналының еңбегiне ақы төлеу

Дипломатиялық қызмет персоналының еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн еңбекке ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi.

Шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналының еңбегiне ақы төлеу болатын елiнiң саяси, әлеуметтiк-экономикалық және материалдық-тұрмыстық жағдайлары ескерiле отырып айқындалады.

Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiне ақшалай төлемдер жасау

Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң дипломаттық дәрежесi үшiн, шет тiлдерiн бiлгенi үшiн, мемлекеттiк құпия болып табылатын мәліметтермен жұмыс істегені үшiн ақшалай төлем алуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген өкiлдiк керек-жарағы құнының мөлшерiнде жыл сайынғы ақшалай өтем алуға құқығы бар. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң өкiлдiк керек-жарағы туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

Жыл сайынғы демалыстар

Дипломатиялық қызметтiң персоналына ұзақтығы отыз күнтiзбелiк күн жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi.

Дипломатиялық қызметтiң шет елдердегi мекемелерде жұмыс iстейтiн қызметкерiне немесе жұмыскерiне кезектi еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыру үшiн оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысының екi еселенген мөлшерiнде жәрдемақы төленедi.

Дипломатиялық қызметтiң персоналын зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтiк қорғау

Дипломатиялық қызметтiң персоналын зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтiк қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.

Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Дипломаттарға қойылатын талаптар?

2. Дипломаттың бойында болуға тиiстi қасиеттер?

3. Дипломаттық қызмет және кәсiби кадрларды дайындау?

4. Дипломаттарды дайындау мен кәсiбилiктерiне қойылатын талаптардың эволюциясы?

5. Көрнектi дипломаттар дипломаттық кадрлардың үлгiсi ретiнде?

6. Қазақстан Республикасында дипломаттық кадрлардың қалыптасу процесi?

7. Қазақстан Республикасының дипломаттық қызмет кадрлары?

13 БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫНЫҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ

13.1 БҰҰ-ның құрылуы, мақсаттары және құрылымы

13.2 БҰҰ дипломатиясы және оның ерекшеліктері

13.3 БҰҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы рөлі, превентивті дипломатия

13.4 БҰҰ аясындағы дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер

13.5 БҰҰ-дағы дипломатиялық хаттама

13.6 БҰҰ-дағы ағалық рет

13.7 БҰҰ-ға мүше-мемлекеттер арасындағы ағалық рет

БҰҰ 1945 жылы 26 маусымда Сан-Франциско конференциясында 51 мемлекеттің оның жарғысына қол қоюы нәтижесінде құрылды. Жарғыда ұйымды құрушы мемлекеттердің түпкілікті мақсат-мүдделері көрініс тапты. Осылайша ауқымды өкілеттілікке ие қуатты ұйым дүниеге келді.

Бұдан бұрын Ялтадағы кездесу барысында Үлкен үштік БҰҰ-ны құру туралы жобаға өздерінің жетекшілігіне кепілдік беретін шарттарды енгізді. БҰҰ-ның алдындағы халықаралық универсалды ұйым - Ұлттар Лигасы бірауыздан шешім қабылдау принципі салдарынан қабілетсіз болып қалды. Жаңа универсалды ұйым ұлы державалардың директориясы, яғни вето құқығына ие Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері (АҚШ, КСРО, Біріккен Корольдік, Қытай және Франция) тарапынан басқарылады делінді. Бас Ассамблея демократияның халықаралық масштабта жүзеге асуының айқын көрінісі саналды. Онда тұрақты мүшелер өзара ынтымақтастық пен келісімді сақтай отырып, шектеулі билік өкілеттілігіне ие болады.

БҰҰ-ның ішкі құрылымы

Қауіпсіздік кеңесі

Тұрақты 5 мүшеден бөлек оған екі жылға сайланатын 10 тұрақты емес мүшелер де кіреді. 1946 жылы ол барлығы 11 мүшеден тұрды, ал 1966 жылдан кейін – 15 мүшеге жетті. Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мәселесінде шешуші рөлді ойнайды, мемлекеттерге белгілі бір міндеттерді жүктейтін резолюцияларды қабылдайды, сондай-ақ басым дауыспен белгілі дәржеде міндеттеу шешімдерін де қабылдай алады.

Бас Ассамблея

Орган барлық мүше-мемлекеттердің делегацияларынан тұрады (1946 жылы олардың саны 51 болды). Ол Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерін сайлайды және Ұйымға жаңа мүшелерді қабылдайды. Орган өте ауқымды өкілеттілікке ие. Бірақ ол тек «ұсыныстарды (recommandation)» қабылдау арқылы ғана іс-қимыл жасай алады. Өз кезегінде қабылданған ұсыныстарды мүше-мемлекеттердің басым бөлігі (үштен екісі) қолдап дауыс берген сәтте өз күшіне енеді. Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынысы бойынша Бас Ассамблея үйлестіруді жүзеге асыратын және маңызды саяси рөлді ойнай алатын Бас хатшыны тағайындайды (хатшылық Біріккен Ұлттар Ұйымының әкімшілік органы болып есептеледі). Кеңес-американ келісімі нәтижесінде бұл маңызды қызметке норвегиялық Тюргве Ли тағайындалды.

Отар территорияларды басқаруды бақылау үшін құрылған Қамқорлық кеңесі, Экономикалық және әлеуметтік кеңес, штаб-пәтері Гаагада орын тепкен Халықаралық сот секілді Біріккен Ұлттар Ұйымының өзге де органдары арнайы міндеттерді атқарады. БҰҰ-ның аясында Халықаралық валюта қоры, Халықаралық қайта құру және даму банкі, Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы, Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) секілді ондаған арнайы мекемелер қызмет етеді.

БҰҰ-ның Бас Хатшылары

Тюргве Ли (Норвегия) 1946 жылдың 2 ақпаны – 1952 жылдың 10 қарашасы.

Даг Хаммаршельд (Швеция) 1953 жылдың 31 наурызы – 1961 жылдың 18 қыркүйегі.

Ситху У Тан (Бирма) 1961 жылдың 3 қарашасы – 1971 жылдың 31 желтоқсаны.

Курт Вальдхайм (Австрия) 1972 жылдың 1 қаңтары – 1981 жылдың 31 желтоқсаны.

Хавьер Перес де Куэльяр (Перу) 1982 жылдың 1 қаңтары – 1991 жылдың 31 желтоқсаны.

Бутрос-Бутрос Гали (Египет) 1992 жылдың 1 қаңтары – 1997 жылдың 1 қаңтары.

Кофи Аннан (Гана) 1997 жылдың 1 қаңтары – 2007 жылдың 1 қаңтары.

Пан Ги Мун (Корея Республикасы) 2007 жылдан бері. Екінші мерзімге сайланды. Оның мерзімі 2017 жылы қаңтарда аяқталады.

БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес ұйым өз қызметінде келесі мақсатты көздейді:

- бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау;

- ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту;

- халықаралық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру мен адам құқығын құрметтеуді қолдау;

- осы мақсаттарға қол жеткізуде ұлттардың бірлесіп әрекет ететін орталығы болу.

БҰҰ дипломатиясындағы бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ең маңызды құралы бүгінгі күні ұйымның «бітімгершілік операциялары» мен жанжалдардың алдын алуға бағытталған «превентивті дипломатия» болып отыр. БҰҰ-ның бітімгершілік операциялары Ұйымның Жарғысына сәйкес Бас Ассамблеяның қабылдаған бірқатар резолюцияларына негізделеді. Дегенмен, БҰҰ Жарғысында мұндай сипаттағы операцияларды жүзеге асыру мәселесі қарастырылмаған. Осыған қарамастан Бас Ассамблея қандай да бір жанжалды реттеуге байлансты бітімгершілік миссияны жүзеге асыруды тұрақты түрде қарап отырады.

БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларын жүзеге асыру мыналарды білдіреді:

- Жанжалды зерттеу және табыстыру мақсатында жанжалдасушы тараптармен келіссөздер жүргізу;

- Қантөгісті тоқтату жөніндегі келісімнің орындалуын бақылап, тексеру;

- Гуманитарлық көмек көрсету;

- Заң мен тәртіптің қамтамасыз етілуін қадағалау;

- Жағдайға бақылау жасау.

Превентивті дипломатия БҰҰ-ның саясатындағы аса маңызды құрал болып табылады. Превентивті дипломатия - дегеніміз белгілі бір іс-шара жасалынғанға дейін немесе жанжалдың зорлық-зомбылық формасына ие болғанға дейін, олардың алдын алуға бағытталған дипломатиялық іс-әрекет. 1945 жылдан бері БҰҰ бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында барлығы елуге жуық бітімгершілік операциясын жүргізген екен.

БҰҰ аясындағы дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер

Біріккен Ұлттар Ұйымының 1946 жылы 13 ақпанда қабылдаған «Артықшылықтар мен иммунитеттер туралы» Конвенциясының 5 бабында Ұйымның лауазымды тұлғаларының құқықтық мәртебесі бекітілген.

БҰҰ-ның Бас хатшысына және оның орынбасарына, сонымен қатар олардың отбасы мүшелеріне АҚШ үкіметі тарапынан елшілер мен олардың отбасы мүшелеріне берілетін дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер, жеңілдіктер беріледі. Өзге лауазымды тұлғалар келесі иммунитеттерді пайдаланады:

1) өз функциясын орындау барысында жасалынатын барлық ресми іс-әрекеттерге қатысты;

2) Ұйым оларға еңбектері үшін төлейтін айлықтары мен сыйақыларына салынатын барлық салық түрлерінен босатылады;

3) мемлекеттің барлық қызметтік міндеттерінен бостау;

4) шетелдіктердің келуіне қатысты барлық шарттардан бостау;

5) бірдей рангтегі дипломаттарға берілетін валютаға қатысты жеңілдіктерді иелену;

6) халықаралық дағдарыс немесе шиеленіс туындауына байланысты дипломаттарға берілетін репатрация бойынша жеңілдіктерді иеленеді;

7) тиісті елде өз қызметіне кіріскеннен кейін үй жиһаздары мен мүліктерін салықсыз енгізу құқығын иелену.

БҰҰ-ның Бас хатшысы Ұйымның қандай да бір лауазымды тұлғасына иммунитетті беруден бас тарту құқығын иеленеді. Оның пікірінше мұндай иммунитеттер әділеттілікті орнатуға және тиісті тұлғаны жазаға тартуға кедергі келтірсе, кез келген тұлғаны осындай құқықтарынан айыра алады.

БҰҰ-ның «Артықшылықтар мен иммунитеттер туралы» Конвенциясының 22 бөлімінің, 6 бабында Ұйым аясында эксперттер ретінде уақытша жалданған тұлғалар иеленетін арнайы иммунитеттер қарастырылған. Олар сипаты төмендегідей:

1) жеке басын тұтқындау мен ұстауға, жеке багажын тұтқындауға байланысты иммунитетті иеленеді;

2) өз ресми қызметтерін орындау барысында жасалынтаны барлық әрекеттерге (оның жазғандары мен айтқандарын қоса есептегенде) қатысты иммунитетті иеленеді. Бұл иммунитетті олар өз миссияларын аяқтағаннан кейін де иелене береді;

3) қағаздар мен құжаттардың жеке бас қауіпсіздігі (қол сұғылмаушылығы);

4) БҰҰ-мен қарым-қатынастар жасаула шифрлерді, курьерлерді және мөр басылған вализаларды қолдану құқығы;

5) уақытша ресми іссапар (командировака) кезінде өзге шетелдік өкілдерге берілетін ақша және валюта мәселесіне байланысты жеңілдіктер;

6) дипломатиялық өкілдерге берілетін жеке багажға қатысты иммунитеттер мен жеңілдіктер.

БҰҰ-ның Бас хатшысы лауазымды тұлғалармен қатар, егер қажет деп тапса уақытша жалданған эксперттер мен мамандарға қатысты иммуниттер мен жеңілдіктерден бас тарта алады.

Құрама Штаттар үкіметі БҰҰ Хатшылығының қызметкерлеріне, Нью-Йорктегі БҰҰ-ның Орталық мекемелерінде жұмыс істейтін тұлғаларға дипломатиялық жеке куәліктерін бермейді. Ал Швейцария үкіметі Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бөлімдерінің қызметкерлеріне мұндай куәліктерді береді.

Іссапар (командировка) бабымен сыртқа шығатын Біріккен Ұлттар Ұйымының лауазымды тұлғаларды БҰҰ жолдама құжатпен қамтамасыз етеді. Бұл құжат БҰҰ-ның «Артықшылықтар мен иммунитеттер туралы» жалпы Конвенциясына қосылған елдерде жүріп-тұруға мүмкіндік береді. Арнайы мамандандырылған мекемелер өз лауазымды қызметкерлеріне жоолдама құжат бере алады. Бірақ келісім бойынша оларға БҰҰ-ның куәлігі де берілуі мүмкін.

Түрлі елдердің салық органдары қабылдаушы мемлекеттің азаматтарының тікелей салықтардан босаталуы мүмкіндігі туралы мойындайды. Алайда АҚШ үкіметі өз азаматтарын салық төлеуден босатпайды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының артықшылықтар мен иммунитеттер туралы Конвенциясы, сонымен қатар штаб-пәтерлер жөніндегі келісім-шарттар заңдық тәртіптегі қиындықтарды шешу процедурасын белгілейді. Конвенцияның 4 бабында Ұйымға мүше-мемлекеттердің өкілдерінің, ақпараттық агенттіктердің эксперттері мен жұмысшыларының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен өзге де барлық тұлғалардың Орталық мекемелерге кіру мен шығуы туралы құқықтарын көрсетеді. Алайда осындай иммунитеттерді өз жеке басына пайдалана отырып, зиян келтіруге әрекет жасайтын шетелдік азаматтардың қызметін қарсы АҚШ-тың қоғамдық тәртібі мен ұлттық қауіпсіздігін қорғауға байланысты іс-шаралар жасалынады. АҚШ үкіметі мұндай келеңсіз жағдайларға қарсы күресу үшін ауқымды полицейлік шаралар қабылдаған.

Конвенцияның 5 бабында БҰҰ-ның Орталық мекемелерінің АҚШ үкіметімен келісімі нақты айқындалған. Онда Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы немесе арнайы мамандандырылған мекемелер жанындағы Вашингтонда аккредиттелінген дипломатиялық өкілдіктердің басшыларына Құрама Штаттар үкіметі беретін шексіз иммуниттерді пайдаланатын елші немесе өкілетті министр дәрежесіндегі басты тұрақты өкілдері мен дипломатиялық иммунитетті иелену құқығы тек БҰҰ-ны Бас хатшысы, АҚШ үкіметі және тиісті мүдделі үкімет арасында жасалынған келісім-шарт бойынша берілетін өкілдіктердің өзге де тұрақты мүшелері арасындағы айырмашылықтар көрсетіледі. Осының негізінде АҚШ үкіметі қандай да бір тұлғалардың дипломатиялық артықшылықтар мен иммуниттерді иелену құқығына қатысты белгілі бір талаптар мен шектеулерді орнату өкілеттілігін иеленеді. Осы шарттар негізінде олар АҚШ үкіметі жанында аккредиттелінген дипломаттарға берілетін артықшылықтар мен иммунитеттерді иеленуге толық құқылы.

Конвенцияның 5 бабына сәйкес кейбір ескертпелермен немесе алдын ала уағдаластыққа сәйкес дипломатиялық агенттердің артықшылықтары мен иммунитеттері АҚШ-та өкілділігі жоқ, бірақ американ үкіметінің жанында аккредиттелінген мындай мемлекеттердің өкілдеріне беріледі:

1) елші немесе өкілетті министр дәрежесіндегі барлық бас тұрақты өкілдерге;

2) тиісті деңгейде ерекше тізімге енгізілген өкілдіктің тұрақты мүшелеріне;

3) үкіметтердің елші немесе өкілетті министрі дәрежесінде арнайы мамандандырылған мекемелерге жұмысқа тағайындаған басты тұрақты өкілдерге немесе тұлғаларға;

4) тиісті деңгейде ерекше тізімге енгізілген арнайы мамандандырылған мекемелердің өзге де тұрақты өкілдеріне немесе олардың өкілдіктерінің тұрақты мүшелеріне.

Конвенцияның 6 және 7 баптарында БҰҰ-ның штаб-пәтеріннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне қатысты полицейлік іс-шаралар туралы егжей-тегжейлі айтылған. 8 бапта АҚШ үкіметі мен Ұйым арасында орын алған келіспеушіліктер мен дауларды реттеуге байланысты әдістер туралы айтылған. 9 бапта БҰҰ-ның Орталық мекемелерін басқа жақа ауыстыруға байланысты туындаған проблемаларға арналған.

Америка Құрама Штаттарымен штаб-пәтер бойынша жасалынған келісім-шартта американ үкіметі мойындамаған өкілге немесе мүше-мемлекеттің миссия персоналына қатысты мәселе ерекше ескертпемен айтылады. Осындай жағдайда АҚШ үкіметі берілген артықшылықтар мен иммунитеттерді БҰҰ-ның Орталық мекемелері, резиденциялары және кеңселерімен, егер олар Орталық мекемелерден тыс ауданда тұрса, онда осы аудан мен резиденция немесе жұмыс орны арасындағы жол шеңберінде, егер олар ресми іссапармен жүрсе, онда бағытталған ақырғы пункті немесе кейін қайту пунктімен шектеуге құқылы. Демек мұндай өкілдер немесе тұлғалар тек БҰҰ-ның мекемелері, мекемелері арасында жол жүру, ресми іссапар кезінде барып-қайтатын бағыт аясында ғана осындай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдалана алады.

Штаб-пәтер бойынша Швейцариямен арада жасалынған келісім бұдан әлдеқайда жұмсақ болып келеді. Халықаралық ұйымдардың орналасуы Швейцария Конфедерациясы үшін де, Женева қаласы үшін үйреншікті нәрсе болып кеткендіктен, онда осы бағыттағы саяси дәстүрлер мен әкімшілік практика өз тамырын тереңге жайған.

1946 жылы 19 тамызда Швейцарияның Федералды кеңесі мен БҰҰ-ның Бас хатшысы арасында жасалынған Конвенция қалыптасқан дәстүрлердің рухына сәйкес келді. Оған сәйкес түрлі иммунитеттермен (ғимараттар мен мұрағаттардың қол сұғылмаушылығы, валюталарға қатысты жеңілдіктер, тікелей және жанама салықтардан босатылу, байланыс құралдарына қатысты жеңілдіктер т.с.с.) қатар БҰҰ-ның юрисдикциясына байланысты заңдық мәртебесі мен иммунитеттері мойындалды.

Бұдан бөлек арнайы формада (келісім-шарт, атқарушы шарт), немесе Швейцарияның Федералды кеңесі мен Женевада орналасқан БҰҰ-ның арнайы мамандандырылған мекемелері арасындағы хат алмасу негізінде келісім-шарттар жасалынды. Олар 1955 жылы Федералды кеңес екі заң қабылдағаннан кейін кодификацияланды. Кейбір ерекше ескерпелер негізінде оларға сәйкес БҰҰ жүйесіне кірмейтін үкіметаралық ұйымдарға жеңілдіктер мен артықшылықтар беру мәселесі қарастырылған.

БҰҰ-дағы дипломатиялық хаттама

БҰҰ-ның жарты ғасырдан астам тарихында дипломатиялық қызмет пен дипломатиялық хаттаманың белгілі дәстүрлері қалыптасты. Әсіресе жоғарғы мәртебелі шетелдік меймандарды қабылдаудағы дәстүрлердің маңызы зор. Ұйымның хаттамалық қызметкерлері Нью-Йоркке БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің тұрақты өкілдерінің келуіне байланысты барлық хаттамалық мәселелермен айналысады. Атап айтсақ, құжаттарды тіркеу, жеке куәліктерін беру, иммунитеттер және артықшылықтармен қамтамасыз ету, БҰҰ-дағы шетелдік миссиялар мен АҚШ өкілділігі арасында делдалдық жасау, БҰҰ Бас хатшысының іс-шараларын хаттамалық тұрғыдан қамтамасыз ету т.с.с.

БҰҰ Хаттамасының ең маңызды функцияларына мыналар жатады: Ұйым қатарына жаңа мүшені қабылдауды рәсімдеу; мемлекеттік туларды көтеру; жоғарғы мәртебелі қонақтарды күту, кездесу; жаңа тұрақты өкілге өкілеттіктерді тапсыруды ұйымдастыру; Бас Ассамблеяның мәжіліс залына елдердің делегацияларын орналастыру.

Мемлекет басшысының, үкімет басшысының, сыртқы істер министрінің іс-сапар бағдарламасын миссия басшысымен талапқа сәйкес келістіріп алғаннан кейін, БҰҰ Бас хатшысының бекітуіне беріледі. Мемлекет және үкімет басшысын әуежайдағы ұшақ алдында БҰҰ Бас хатшысының атынан Хаттама бөлімінің бастығы күтіп алады. Кездесуге қонақ елдің БҰҰ-дағы өкілі мен АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің хаттама бөлімінің өкілі қатысады.

БҰҰ штаб-пәтерінде мемлекет басшысын Бас хатшы күтіп алады. Осы салтанатты жағдайға орайластырылып БҰҰ-ның қауіпсіздік қызметінің өкілдерінен құралған құрметті қарауыл сап түзейді, қонақ елдің мемлекеттік туы мен БҰҰ-ның туы көтеріледі. Жоғарғы мәртебелі мейман Бас хатшының ертіп жүруімен сұхбаттасу үшін Бас хатшының кабинетіне немесе конференц-залға көтеріледі. Мемлекет басшысының құрметіне таңғы ас беріледі. Оған БҰҰ-ның лауазымды қызметкерлері, БҰҰ-ның мүше-мемлекеттерінің тұрақты өкілдері, өзге де ресми тұлғалар қатысады. Іс-сапар барысында мемлекет басшысының Бас хатшымен кездесуі әдетте ғимараттың 38 қабатындағы кабинетте өтеді. Пікір-талас барысында мемлекет басшысы күн тәртібіндегі сөйлейтін тұлғалардың тізіміне қарамастан бірінші сөйлеуге құқылы.

БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына келген Сыртқы істер министрлерін әуежайда Бас хатшының жеке өкілі күтіп алады.

БҰҰ-ның мүше-елдерінің тұрақты өкілдері Нью-Йоркке келгеннен кейін хаттама қызметінің басшысына жолығады. Сұхбат барысында өкілеттіліктің дұрыс рәсімделуі мен оларды Бас хатшыға тапсырудың ұсақ-түйектері талқыланып, анықталады. Белгіленген күні тұрақты өкіл БҰҰ ғимаратына келеді. Оны кіре берісте хаттама қызметінің басшысы күтіп алып, конферен-залға алып жүреді. Бас хатшы өкілеттілікті қабылдап, тұрақты өкілмен амандасып, сұхбаттасуға шақырады. Қысқа сұхбаттасудан кейін шампан бокалы беріледі.

БҰҰ қатарына жаңа мүше қабылданған кезде ғимарат алдында мемлекеттік туы салтанатты түрде көтеріледі. БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің тулары ағылшын әліпбиі бойынша ғимарт жақтан қарағанда оңнан солға қарай қатар-қатар орналасады. Тулар азанда көтеріледі және ымырт болған кезде түсіріледі.

Делегацияларды БҰҰ Бас Ассамблеясының мәжіліс залына жеребе бойынша оналастырылады. Ол жыл сайын Бас Ассамблеяның сессиясы қарсаңында өткізіледі және мәжілістің басынан соңына дейін әрекет етеді. Делегацияларды орналастыру жеребе бойынша бірінші болу бұйырған мемлекттен басталады. Бұған қоса дипломатиялық дәрежелері бірдейлер өз қызметіне кірісу уақытына қарай орналасады.

Делегация басшыларының дәрежесі бірдей болмаса да, олардың құқықтары бірдей болады және оларға бірдей құрмет көрсетіледі. Шетелдік делегацияның мүшелеріне дипломатиялық иммунитеттер мен артықшылықтар, жеке бас қауіпсіздігі, құжаттардың, жүктің, багаждың қол сұқпаушылығы, байланыс құралдарын пайдалану құқығы, шетелдік дипломаттарға берілетін өзге де жеңілдіктер беріледі.

БҰҰ-дағы ағалық рет

Әрбір мемлекет өз мүддесін және халықаралық практиканы, сыпайылықты ескере келе өз дипломатиялық хаттамасын жасайды. Дәл сол секілді Біріккен Ұлттар Ұйымы жалпы әлемдік мәжіліс орны ретінде мүше-мемлекеттердің абыройы мен мүддесіне еш қайшы келмейтін, барлық өкілдердің көңілінен шығатын ұйымның хаттамалық ережесін дайындауға және анықтауға айрықша көңіл бөледі. Халықаралық деңгейде мүше-мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың арасындағы ағалық рет мәселесіне қатысты қандай да бір ресми келісім-шарт жасалынбағандықтан, Біріккен Ұлттар Ұйымының Хаттамалық қызметіне қолдану барысында аса жұмсақтық пен сақтықты талап ететін ұйымның ерекше жүйесін дайындауға және кодификациялауға тура келді. Төменде қазір кең көлемде қолданылып жүрген практика туралы көрсетіледі. БҰҰ-ның аясында оның түрлі бөлімшелері, арнайы мамандандырылған мекемелері мен Хатшылық арасында жалпыға бірдей иерархиясы жасалынып, бір ізге түсірілген. Нью-Йорктегі БҰҰ-ның арнайы мамандандырылған мекемелерінің ағалық ретінің хронологиялық тәртібі өзгертілген және қазіргі уақытта ағалық реттің төмендегідей тәртібі қолданылады:

1. Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ);

2. Біріккен Ұлттардың азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы;

3. Ағартушылық, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО);

4. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы;

5. Халықаралық қайта құру және даму банкі;

6. Халықаралық қаржы корпорациясы;

7. Халықаралық даму ассоциациясы;

8. Халықаралық валюта қоры;

9. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы;

10. Бүкіләлемдік пошта одағы;

11. Халықаралық электрбайланыс одағы;

12. Бүкүләлемдік метеорологиялық ұйымы;

13. Үкіметаралық теңіз кеңесші ұйымы.

Хатшылыққа қатысты мынадай ереже қолданылады: Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының орны хаттамада мұқият қаралады. Өйткені БҰҰ-ның бүкіл әлем бойынша жоғарғы мәртебесі мен беделі оған өзіне ерекше назар аударуды және айрықша құқықтар беруді талап етуге мүмікіндік береді. Осыған орай басты мәртебелі мейман ретінде қарастырылады, тиісінше оған хаттаманың шеңберінен тыс шығатын құрметтер көрсетіледі. Бұған ешкім де ренжімеуі де, наразы болмауы да керек.

Тұрақты өкілдермен салыстырғанда бірінші орын ешбір мәселесіз Бас хатшыға беріледі. Әдетте БҰҰ-ның Бас хатшысына премьер-министрге көрсетілетін құрмет пен сыйластық көрсетіледі. Алайда кейбір үкіметтер мемлекет басшыларын қабылдау кезінде көрсетілетін қосымша құрметті Бас хатшыға көрсету дәстүрін қалыптастырған.

Ереже бойынша әуежайда Бас хатшыны не премьер-министр, немесе оның орынбасары, егер мемлекет басшысы үкімет басшысының функциясын атқарса өзі, сыртқы істер министрі және сыртқы істер министрігінің хаттама қызметінің бастығы күтіп алады. Бас хатшыны күтіп алуға кей кездерде БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің дипломатиялық корпусының мүшелері, сонымен қатар қабылдап отырған мемлекеттің территориясында орналасқан БҰҰ-ның арнайы мамандандырылған мекемелерінің филиалдарының жоғарғы лауазымды тұлғалары да қатысады.

БҰҰ-ның Хатшылығының лауазымды тұлғаларына қатысты келесі ереже қолданылады. Бас хатшыдан кейін оның орынбасарлары мен ағалық рет бойынша үлкен қызметкерлер орналасады. Арнайы мамандандырылған мекемелердің Бас директорлары мен Бас хатшылары БҰҰ-ның Бас хатшысының орынбасарларының алдында жүреді.

Бірдей мәртебедегі лауазымды тұлғалар негізінен ағалыққа байланысты бірдей құқықты иеленеді. Алайда дәрежелері бірдей болғанына қарамастан Хатшылықтың лауазымды тұлғалары арнайы мамандандырылған мекемелердің лауазымды тұлғаларына қарағанда ағалық реті жоғары болады.

Ресми негізде шақырылатын немесе міндетті түрде әр тұлғаның жеке дәрежесін назарға алынатын қабылдауларда ағалық рет бойынша мәртебелі меймандар ағалық ретпен былайша орналасады:

1. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы;

2. Арнайы мамандандырылған мекемелердің Бас директорлары;

3. БҰҰ Бас хатшысының орынбасарлары мен олармен дәрежесі бірдей жоғары лауазымды тұлғалар аты-жөні бойынша әліпбилік ретпен;

4. Біріккен Ұлттар Ұйымының, Ұйым органдарының және арнайы мамандандырылған мекемелерінің лауазымды қызметкерлері дәрежелеріне сәйкес орналасады.

БҰҰ-ға мүше-мемлекеттер арасындағы ағалық рет

Халықаралық құқықта және БҰҰ-ның Жарғысы бойынша ең басты қағида ретінде мемлекеттердің теңдігі белгіленген. Оларға сәйкес барлық мемлекеттер күш-қуаты мен мүмкіндіктеріне қарамастан тәуелсіздікке ие және тең болып есептелінеді. Егер мемлекттердің өкілдерінің дәрежесі бірдей және бірдей функцияларды орындайтын болса, онда олар өз елдерінің әліпбилік атауы бойынша рет-ретімен орналасады. Бұл әліпбилік тәртіп Бас Ассамблея өз жұмысын бастаған уақытта әр жыл сайын өзгеріп отырады. Тұрақты өкілдіктер мүшелері де әліпбилік тәртіп бойынша орналасады. Егер өкілділік басшысы қандай да бір себептермен мәжіліске қатыса алмаса немесе іссапармен басқа жақа кетсе, оның орнын уақытша басқан тұлға бұл туралы өз уақытында тиісті орындарға хабарламаса, онда оған Уақытша сенімді өкіл ретінде ерекше орын берілмейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысын Ассамблея мүшелері, Қауіпсіздік Кеңесі мен комиссиялар тікелей жүзеге асырады. Мүше-мемлекеттердің өкілдерінің арасындағы ағалық рет мына жағдайдарға байланысты өзгереді: Ұйымның ресми мәжілісіне; делегацияның жекелей мүшелерін орналастыруға; Хатшылықтың лауазымды тұлғалары т.с.с.

Бұл органдардың әрқайсысында мүше-мемлекеттердің өкілдеріне қатысты хаттама өзгеріп отырады. Үстел басына отырғызу негізінде өткізілетін қабылдауларда немесе жекелей сипаттағы қабылдауларда әр мейманның жеке дәрежесі, сондай-ақ БҰҰ-дағы ресми мәртебесі ескеріледі. Қандай да бір делегацияның өкілдері немесе мүшелері отырғызу негізіндегі қабылдауға бірмезетте бір немесе бірнеше мемлекеттердің өкілдерімен бірге шақырылған кезде елдердің ағылшын әліпбиі бойынша атауына байланысты үстел басына жайғасады. Ағалық реттің мұндай тәртібі рет-ретімен екінші, үшінші, содан кейін төртінші өкілдерге қатысты да қолданылады. Мұндай әр тұлғаның жеке дәрежесі олардың лауазымына байланысты ескеріледі.

Тұрақты өкілдіктер мен тұрақты миссиялар хаттамалық жағынан келгенде айтарлықтай проблеманы тудырады. Араларында елші дәрежесін иеленетін бірнеше тұлға болуы мүмкін миссиялардың сандық құрамы мен олардың персоналының мәртебесі аккредиттелінген дипломатиялық корпуспен байланысты проблемаға қарағанда әлдеқайда күрделі болып келеді.

Тұрақты өкілдіктердің басшылары егер ресми церемонияларға қатысатын болса, онда бірінші категорияны құрады және өздері өкілдік ететін елдердің ағылшын әліпбиі бойынша атауына байланысты рет-ретімен орналасады. Содан кейін БҰҰ-ның хаттамалық ережесіне сәйкес елшілерге теңестірілген БҰҰ Бас хатшысының орынбасарлары орналасады.

Көптеген тұрақты өкілдіктерде кеңесші функциясын атқаратын елші дәрежесіндегі тұлғалар жеткілікті. БҰҰ Бас хатшысының орынбасарлары олардың алдындағы орындарға орналасады. Кездесудің сипатына байланысты елші дәрежесін иеленбейтін делегация басшылары өзге делегациялардың құрамындағы екінші немесе үшінші елшілердің алдындағы орындарға жайғаспауы да мүмкін. Қабылдауды ұйымдастырушы тарап дипломаттарға қатысты хаттамалық қателіктер жіберіп алмас үшін алдын ала анықтама жасап, жобаны аса тыңғылықты дайындауы қажет. БҰҰ-ның жанында аккредиттелінген тұрақты дипломатиялық өкілдіктер осы ұйыммен қатынастарда шетелдік миссиялар ретінде қарастырылатындықтан, олардың мүшелері халықаралық сыпайлыққа сәйкес өздерімен бірдей дәрежеге ие Хатшылықтың лауазымды тұлғаларынан биік тұрады.

Осы негізде жалпы қабылданған халықаралық сыпайылық ережесіне сәйкес бірдей дәрежені иеленгеніне қарамастан, Хатшылықтың лауазымды тұлғаларына қарағанда дипломаттарға құрмет көрсетуге айрықша мән беріледі.

Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. БҰҰ-ның құрылуы, мақсаттары және құрылымы?

2. БҰҰ дипломатиясы және оның ерекшеліктері?

3. БҰҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы рөлі?

4. БҰҰ-ның превентивті дипломатиясының мәні?

5. БҰҰ аясындағы дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер?

6. БҰҰ-дағы дипломатиялық хаттама?

7. БҰҰ-дағы ағалық рет?

8. БҰҰ-ға мүше-мемлекеттер арасындағы ағалық рет?

14 КӨПЖАҚТЫ ДИПЛОМАТИЯ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ ДИПЛОМАТИЯНЫҢ КОНФЕРЕНЦИАЛДЫ ФОРМАСЫ

14.1 Көпжақты дипломатия дипломатиялық тәжiрибенi дамытудың компонентi ретiндегі маңызы

14.2 Көпжақты ынтымақтастықтың ұйымдық формалары

14.3 Халықаралық конференция түсiнiгi

14.4 Халықаралық конференциялардың жұмыс тәртiбi

14.5 Конференциялардағы дипломатиялық жұмыстың түрлерi

14.6 Конференцияны өткізудің парктикасы мен процедурасы

14.7 Конференцияны басқару (үйлестіру)

14.8 Конференцияның дипломатиясы

Халықаралық келіссөздер ең алдымен ортақ келісімдерге қол жеткізудегі дипломатияның ерекше формасы саналады. Егер бұл екі жақты келісөздер сипатында өтсе, онда оған конференциялық сипат берудің қажеті жоқ. Жалпы алғанда, көпжақты келіссөздер ресми конференция деңгейінде өткізіледі. Мемлекетаралық қатынастардың және олардың арасындағы мәселелердің жаһандық сипат алуымен халықаралық және дипломатиялық  конференцияларды өткізу дәстүрге айналды.

Конференцияның процедурасы мен практикасы, оны басқару, ұйымдастыру мен дипломатиясы мәселелерін жан-жақты зерттеуге Джон Кауфманның «Конференция дипломатиясы» еңбегі арналған. Конференцияларды өткізудің практикасы мен процедурасы ең алдымен мүмкіндігінше оң нәтижеге қол жеткізуге және конференцияның барлық қатысушыларының мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған жалпы қабылданған ережелерге қатысты.Ал конференцияның дипломатиясы өз еліне неғұрлым көп пайда алып келуге  ұмтылып отырған нақты делегаттың білімі мен тәжірибесіне көңіл бөледі. Конференция сәтті аяқталуы үшін оның төрағасынан немесе президентінен жоғарғы дипломатиялық тәжірибе мен қабілеттілік талап етіледі. Ол конференцияның проктикасы мен процедурасын, сонымен қатар оны басқару өнерін жақсы білуі тиіс.

Халықаралық конференцияларды төмендегі қағидалар бойынша жіктеуге болды:

1. Екіжақты немесе көпжақты;

2. Бір немесе бірнеше мәселеге арналған;

3. Арнайы (ad hoc) немесе әдеттегі;

4. Тұрақты хатшылығы бар немесе онсыз.

Мақсаттарына сәйкес халықаралық конференцияларды төмендегідей жіктеуге болады:

1) бір немесе бірнеше мәселелерді ортақ талқылау мақсатындағы форум;

2) үкіметтерге немесе халықаралық ұйымдарға міндетті емес ұсыныстарды дайындау;

3) үкіметтер үшін міндетті шешімді шығару;

4) үкіметаралық ұйымның хатшылығының қызметін анықтайтын шешім шығару немесе нұсқауларды дайындау;

5) келісімдерді және өзге де ресми халықаралық құжаттарды талқылау және дайындау;

6) халықаралық деңгейде ақпарат алмасуды қамтамасыз ету, мәселен, БҰҰ-ның атомды бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі Конференциясы;

7) халықаралық бағдарламаларға ерікті түрде қаржы құюға қол жеткізу, мәселен, БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі комиссияға, Азық-түлікпен қамтамасыз етудің бүкіл әлемдік бағдарламасы және т.б.

Конференцияларды өткізудің практикасы мен процедурасы

Кез келген ресми конференция бірқатар жазбаша ережелер негізінде жұмыс істеуі тиіс. Олар қатысушылардың қызметін бағыттап, анықтайды, сонымен қатар, конференция төрағасы қандай да бір мәселеге байланысты күмән немесе келіспеушілік туындай қалса олардың көмегіне жүгінеді. Мұндай жазбаша ережелер бұдан бұрынғы сессияларда қабылдануы тиіс және кейінгі өтетін сессиялаарда оларды басшылыққа алуы қажет немесе жазбаша ереженің жаңа жобасы жаңа конференцияның қарауына және бекітілуіне берілуі қажет. Мұндай жағдайда ереже жоба түрінде алдын ала таратылады. Онда конференцияның өтетін уақыты және жері көрсетіледі.

Күн тәртібі

Конференцияның күн тәртібіне әдетте қаралстырылу ретіне қарай талқыланатын мәселелер енгізіледі. Жоба немесе алдын ала белгіленген күн тәртібі негізінен комиссия мүшелерінің немесе конференция хатшылығының тарапынан дайындалады. Қатысушылар талқылануға ұсынылған мәселелермен толық танысуы үшін күн тәртібі мәселелері конференция басталғанға дейін таратылуы қажет. Осылайша, күн тәртібіне енгізілетін мәселелер алдын ала конференция хатшылығына немесе комиссия мүшелеріне бағытталуы тиіс. Өз кезегінде олар күн тәртібіндегі мәселелерді өңдеп, қатысушыларды хабардар етуге үлгеруі тиіс. Кейбір конференциялардың аясында (мәселен, БҰҰ-ның Бас ассамблеясы) күн тәртібіндегі жекелей пункттерді түсіндіретін түсіндіру меморандумы мідетті түрде таратылады.

Делегациялар құрамы

Делегацияның құрамын анықтау барысында процедуралардың ережелері басшылыққа алынады. БҰҰ өкілдерді (бестен аспайтын) немесе балама өкілдерді (бестен аспайтын) және осындай құрамдағы қажетті кеңесшілер мен эксперттерді мойындайды.

Сенім грамоталары

Сенім грамотасы – бұл қандай да бір тұлғаның конференцияға қатысуға өкілетті екендігін куәләндыратын құжат. Ережеге сәйкес арнайы комиссия грамотаның шынайылығы мен түпнұсқалығын тексеріп, оның нәтижесін пленарлы мәжілісте баяндайды. Сенім грамоталары тиісті мемлекеттік органдар тарапынан беріледі және конференцияларды өткізу процедурасының ережелеріне сәйкес келуі қажет. Толыққанды өкілеттілік нақты жағдайларда талап етіледі. Мәселен, қандай да бір келісімнің мәтініне қол қою кезінде.

Бақылаушылар

Бақылаушыларды конференцияға жіберу және олардың статусы ең алдымен конференция процедурасының ережесіне тәуелді. Алайда, Қандай жағдай болмасын олар дауыс беру құқығын иеленбейді. Дегенмен, БҰҰ Бас ассамблеясында бақылаушылар мәселені талқылауға қатыстырылуы мүмкін, ал Қауіпсіздік кеңесінде әдеттегі процедура басшылыққа алынады.

Ресми және жұмыс тілдері

Ресми тілдер деп мәтіндер мен резолюциялар жарияланатын, пікір-таластар ұйымдастырылатын тілдерді айтады. Жұмыс тілдері пікір-таластарда және конфренцияға қатысушылардың тілінен немесе тіліне аударған кезде қолданылады.

Жариялылық және ашықтылық 

Конференциялар негізгі үш категориядан тұрады:

1. Қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін толық ашық;

2. Толық жабық. Қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары тиісті ақпаратты конференция қатысушалары қабылдаған коммюнике арқылы ғана біле алады.

3. Қатысушыларының саны шектеулі конференциялар. Қоғам мен журналистер болып жатқан жағдайлар туралы ақпаратты қатысушылардан, яғни олардың өткізген баспасөз-конференцияларынан, телеинтервьюлерінен  немесе өзге де жолдармен алады.

Хаттамалық жазбалар

Кез келген конференцияға қойылатын негізгі талаптардың бірі – шешімдердің қабылдануы немесе қабылданбауы деген мәселеге қатысты толық ашықтылықтың болуы. Осы мақсатта конференцияны өткізу мен қол жеткізілген келісімдер бойынша хаттамалық жазбалары түпнұсқасында сақталынады. Ал конференцияға қатысушылар олардың дұрыстығын растауы қажет. Бұл жазбалар негізгі үш категорияға бөлінеді:

1. Стенографиялық есеп (қолдан немесе аудижазбаға жазылған);

2. Арнайы баяндамашының бақылауымен әдетте хатшылық дайындайтын қорытынды есеп;

3. келісімдер мен резолюциялар мәтіні.

Жалпы қабылданған ережеге сәйкес конференцияға қатысушылар қабылданған құжаттың мазмұндық жағын жетілдіру үшін оған шағын ғана өзгерістер енгізуге құқылы.

Қатысушылардың құқығы

Қатысушылардың құқығы мен олардың іс-қимылының шектеулі сипаты әдетте процедуралық ережеде алдын-ала белгіленеді. Егер конференция төрағасы қанағаттанарлық нәтижеге қол жеткізу үшін және конференцияның дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет деп тапса, онда оған өзгерістер енгізе алады. Әдетте бұл ережеге мыналар кіреді:

1. Әр мәселе талқыланған кезде бір мәрте сөз сөйлеу құқығы;

2. Қарсылық білдіру құқығы (егер қатысушылардың бірінің сөйлеген сөзі мен пікірі орынсыз немесе намысқа тию деп бағаланса);

3. Процедуралық ұсыныс жасау құқығы (бұл мәжіліс өткізудің әдісі ретінде қарастырылады және конференция төрағасы оны міндетті түрде дауысқа салуы қажет);

4. Қандай да бір қатысушының сөйлеген сөзі мен пікіріне жауап беру құқығы.

Ұсыныстар жасау және шешім қабылдау

Конференцияда шешім әдетте қатысушылардың бірінің немесе бірнешеуінің қарауына берілген жазбаша ұсыныстар арқылы қабылданады. Ұсыныстар резолюция жобасы ретінде қарастырылады. БҰҰ-да ол негізінен преамбула және жұмыс бөлігі формасына ие болады. Жалпы қабылданған ереже бойынша жалпы қарау мен талқылауға түсіндіру меморандумы берілуі қажет.

Резолюция жобасына енгізілетін өзгертулер мен шағын өзгертулер (олар кейін қайтарылуы да мүмкін) дауыс беруге дейін берілуі мүмкін. Дауыс беруге ең алдымен шағын өзгертулер, содан кейін ғана өзгертулер берілуі қажет. Өзгертулер құжаттың негізгі мазмұнына қайшы келмеуі тиіс. Олардың негізінде құжат жобасының белгілі бір бөлігін толықтыруға, алып тастауға немесе қайта қарауға болады. Осы мәселеге қатысты шешім қабылдаудың себептерін қатысушылардың бірі оған дауыс беру кезеңінде ауызша түсіндіре алады.

Дауыс берудегі кворум және басымдылықты талап ету

Дауыс беру әдетте қатысушылардың басым бөлігінің дауыс беруі (яғни қатысушылардың жартысынан көбі) негізінде жүргізіледі. Кейбір жағдайларда (әсіресе, маңызды мәселелерді талқылау барысында) процедура ережесіне сәйкес қатысушылардың үштен екісінің дауысы қажет немесе шешім басым көпшілікке ие болу арқылы қабылданады.

Конференцияларда әр мемлекет әдетте бір дауысты иеленеді. Алайда Халықаралық еңбек ұйымы, Халықаралық валюта қоры секілді ұйымдарда (олардың процедураларының ережелері бойынша) қандай да бір елдің ұйымның жарғылық капиталына қатысу деңгейіне немесе қаржылай жарна құюының ауқымына негізделген дауыс беру ережесі қабылданған.

Процедура ережесі аясында екі түрлі кворум қабылданған:

1. Қатысулары дауыс беруге қажетті мүшелердің немесе қатысушылардың ең төменгі (минималды) саны;

2. Келіссөздерді бастауға қажетті мүшелердің немесе қатысушылардың ең төменгі (минималды) саны;

БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде дауыс беру қатысушылардың екі категориясы бойынша жүзеге асырылады: тұрақты және тұрақты емес мүшелер. Әр мемлекет бір дауыстан иеленетін Бас Ассамблеяда егер қандай да бір мәселеге байланысты дауыс теңдей екіге дауыстар екіге айырылса, онда дауыс беру 48 сағат ішінде өтуі тиіс келесі мәжіліске ауыстырылады, ал егер дауыс беру тағыда алдындағыдай қайталанатын болса, онда шешім қабылданбайды. Дегенмен, бұл процедура лауазымды тұлғаларды сайлауда қолданылмайды.

Дауыстарды санау мынадай әдістер арқылы жүзеге асырылады:

1. Қол көтеру арқылы;

2. Тізім арқылы;

3. Орнынан тұру немесе түймені басу арқылы;

4. Құпия дауыс беру немесе пошта арқылы дауыс беру негізінде.

Консенсус арқылы ұсыныстарды айқындау

Консенсус – латыншадан «consensus» – келісім, бірауыздан қолдау деген мағына береді. Ол ең алдымен дауыс бермей-ақ, түрлі позицияларды өзара табыстыру немесе келістіру арқылы шешім қабылдау процудрасын білдіреді. Қабылданған ережеге сәйкес әр жекелей ұсынысқа байланысты дауыс берудің қажеті жоқ (мәселен, конференцияны түскі асқа байланысты уақытша үзуге байланысты). Барлық қатысушылардың ашығуына байланысты төраға үзіліс жасау туралы ұсыныс жасайды. Бұл шешім резолюцияны қабылдамай-ақ дауыстардың консенсусына негізделеді. Ол төрағаның резолюцияны қабылдауға уақытты бөлудің қажеті жоқ деген ұсынысына негізделіп, көбіне процедуралық шешімдерге қатысты қолданылады.

Дауыстардың консенсусы жағдайында резолюция қабылдау негізінен ресми шешімдер категориясына жатқызылады. Ол ағымдағы және қайшылықты емес мәселелерді, сонымен қатар қатысушылардың азғантай бөлігі қарсы болған сұрақтарды (бірақ ашық дауыс беруге келгенде оз позицияларын жарияламауды жөн көреді) қарастыру барысында қолданылады. Консенсус термині «бір ауыздан қолдау» түсінігінің синонимі ретінде түрлі үкіметаралық ұйымдарда кеңінен қолданылуда. Оған сәйкес барлық делегаттар ұсынысты толық бекіткенге дейін өз көзқарастарын білдіре алғады және олар резолюция жобасын толық қолдамауы да ықтимал. Алайда барлық делегаттар оның дұрыстығына күмән келтірмеуді жөн көреді.

Шағын комитеттер және жұмысшы топтар

Мәселелердің түрлі аспектілерін қарастырып, содан кейін барлық есептерді бір пленарлы мәжілісте талқылау үшін конференциялар шағын комитеттер мен жұмысшы топтарына бөлінуі мүмкін. Шағын комитеттер және жұмысшы топтар арнайы мәселелер бойынша ұсыныстар жасаудың нәтижелі құралы бола алады. Егер конференциялар айтарлықтай ұзақ уақытта жиналатын болса, онда олар сессиялар арасында жұмыстарды үздіксіз жүргізудің құралы ретінде қарастырылады.

Лауазымды тұлғаларды сайлау

Президент, вице-президенттер және тиісті жағдайларда арнайы баяндамашы өз қызметіне сайлау арқылы (көптеген конференцияларда қабылданған жалпы норма) немесе ротациялық принципке сәйкес (мәселен, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасының ауысуына байланысты) кіріседі. Ad hoc конференцияларда конференцияны өткізуші елдің өкілі әдетте уақытша төраға міндетін атқарады.

Мәжіліс, хаттама, ағалық рет

Екіжақты конференцияларда негізінен әдеттегі дипломатиялық хаттама жүргізілді. Көпжақты конференцияларда ағалық рет елдердің алфавиттік тәртібіне (не ағылшын немесе француз тілдері негізінде) сәйкес жүзеге асырылады. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында ағалық рет алфавиттік тәртіп бойынша бір сессиядан екіншісіне өткен уақытта өзгеріп отырады.

Конференцияны басқару, төрағалық етуші тұлғалардың рөлі

Конференция төрағасы мен футболдағы реферидің рөлдері арасында ұқсастықтар бар. Екеуіне де іс жүзінде бірдей міндет жүктелген, яғни неғұрлым көп пайда табуды көздейтін кәсіби ойыншылардың амалдар мен әдіс-тәсілдерді қолдануына бақылау жасау. Төраға ақылға қонымды белгілі уақыттың шеңберінде ойынның ережеге сәйкес жүріп жатқанына және ақтық шешім барлық қатысушылардың мүдделеріне жауап беретініне кепілдік беруі керек. Оның қолында ережелер жазылған кітап болады (процедуралар ережесі). Алайда егер төрағаның өзінің барлық тәжірибесі мен дипломатиялық қабілетін қолдана отырып барлық қатысушыларды өз шешімдеріне бағындырып, қабылдаттыра алмаса, олардың мүдделеріне жауап беретініне көндіре алмаса теоректикалық тұрғыдан жетекші саналатын оның өкілеттілігі маңызынан айырылып, пайдасыз болып қалады. Конференция төрағасына да, футбол рефериіне де әділ болу, ережені білу, көрегенділік, жағдай мен уақытты сезіну, сабырлық пен ұстамдылық қасиеттері қажет.

Төрағаның функциялары екі категориядан тұрады: процедуралық және негізгі.

І. Процедуралық функциялар

а) Конференцияны ашу, жабу және олардың арасында үзілістер жариялау;

ә) Өкілдерді мінбеге (трибуна) шақыру;

б) Ережеге сәйкес, егер қажет болса немесе талап етілсе сөз сөйлеулерді уақыт бойынша шектеу;

в) Конференцияның ережесі мен процедурасын сақтау мәселесіне байланысты шешім қабылдау;

г) Қатысушыларды орынсыз ескертпелерді жасамауға шақыру;

д) Конференция жұмысының әдеттегі режимде өтуін қамтамасыз ету.

ІІ. Негізгі функциялар

а) Қатысушылар төрағаның қарауына беретін (мәселен, елді немесе жаңа комиссия мүшесін таңдау) арнайы функцияларды беру;

ә) Конференцияның мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік беретін делдал рөлін атқару.

Өз кезегінде бұл функциялар мынадай формаларға ие болуы мүмкін:

1. Бейресми талқылаулар мен пірік-таластарға қажетті уақыт бөлу;

2. Төраға қатыспайтын бейресми пірік-таластарды ұйымдастыруға мұрындық болу;

3. Тығырықты жағдайдан жол табу мақсатында түрлі өкілдер арасында пірік-таластар ұйымдастыру;

4. Егер төраға барлығы үшін тығырықты жағдайдан шығудың қанағаттанарлық жолын тапса, жекелей өкілдер арасында пікір-таластардың өтуіне қолғабыс жасау.

Құрамына айтарлықтай ауқымды қатысушыларды (мемлекеттер) енгізген ұйымдардың халықаралық қатынастарға ықпалының артуы ең алдымен төраға үшін неғұрлым белсенді рөл ойнау қажеттілігі мен мүмкіндігін беруді қажет етіп отыр. Делегаттар өздерін немесе өкілділік ететін елді жарнамалау үшін емес, ортақ шешімді табу мақсатында жиналады. Олардың барлығы қандай да бір тараптың мүддесін қанағаттандыра бермегенімен, жалпы ұйым мен оның барық мүшелері үшін дұрыс шешімді шығаруға тырысады. Делегаттар позитивті дипломатияны қолдануға әрекет етеді, ал төраға осы мақсаттарды біле отырып, резолюция жобаларын барлығының қарауына беруде үлкен мүмкіндікті иеленеді және «электронды редактордың» арқасында ақтық нұсқасы жасалынғанға дейін түзетілген бірқатар жобаларды қарауына мүмкіндік туады.

Хатшылық

Хатшылық конференцияға әкімшілік тұрғыдан қолдау көрсетеді. Ол тек төраға мен қатысушыларға жәрдемдесіп қана қоймай, сонымен бірге конференцияны дайындап, жабады. Егер хатшылық тұрақты болса, онда ол сессиялар арасында әкімшілік функцияларды атқарады және жетекші органның әдеттегі немесе арнайы директивасына сәйкес іс-әрекет жасап, атқарушы рөлде ойнай алады.

Өткізілетін орны белгілі болған конференцияның басталуына дейін хатшылық төмендегі міндеттерді атқаруы тиіс:

1. Шақыртуларды тарату;

2. Хаттамаларды дайындау;

3. Қабылдау;

4. Көлікпен қамтамасыз ету;

5. Жергілікті билікпен байланысты қамтамасыз ету;

6. Конференц-залды микрофонмен, қажетті деген қаламдармен, кофеге арналған кеселермен қамтамасыз ету;

7. Күн тәртібін және өзге де ілеспе құжаттарды, конференция процедурасының ережесін дайындау және тарату.

Конференцияны өткізу барысында хатшылық барлық әкімшілік жұмыстарды орындайды. Атап айтсақ, аудармашылармен қамтамасыз ету, төрағаның немесе процедура ережесі тарапынан анықталған мөлшерде есептер мен мәжілістердің хаттамаларын дайындау. Құжаттардың басым бөлігі, әсіресе резолюциялар жобалары мен өзге де шешімдер қатысушылардың қолында болуы қажет. Осыған орай машинисткалардың қызмет бүкіл жұмыс күні бойы ұйымдастыру талабы қойылады. Конференция аяқталған соң тазалықты қамтамасыз етуден бөлек, хатшылыққа негізгі екі міндет жүктеледі: 1. Қатысушылар шағын қателіктерді, орфоргафия мен грамматикадағы олқылықтарды түзетуге мүмкіндік алуы үшін есептерді (конференция хаттамаларын) жариялау. Олар бастапқы кезде жоба формасында шығарылады; 2. Конференцияда қабылданған түрлі шешімдерді орындау.

Негізінен хатшылық басшысы конференция өткізудің процедуралық ережелерінде белгіленген функцияларды орындайды. Бұл функцияларға тұрақты есеп беру, шығындардың тізімін жасау және хатшылықтың қызметкерлеріне қатысты өзге де міндеттер енгізілуі мүмкін.

Конференция дипломатиясы

Ортақ мәселелерді талқылау және барлық қатысушылар үшін тиімді шешімді іздестіру конференцияның негізгі мақсаты саналады. Бұл процесс негізінен дипломатияның дәстүрлі әдістерінің көмегімен жүзеге асырылады. Алайда көпжақты диплрматияның шапшаң дамуы алдымен Ұлттар Лигасының, содан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуына, өз кезегінде ол халықаралық ұйымдардың, конференциялар мен комиссиялардың санының өсуіне алып келді, сонымен қатар дәстүрлі дипломатияға қосымша сипат беріп, яғни оған топпен дауыс беру феноменін енгізді. Сан мен бірлік қуатты күшке айналатындықтан және дауыс беруге құқы бар көптеген мемлекеттерде қажетті деген барлық мәселелерді зерттеуге мамандардың тапшы болуына орай қандай да бір топтың мүддесі көбіне жекелей ұлттық мүддеге қайшы келе бермейді. Оның үстіне ұлттық мүдделер айтарлықтай мығым болған жерде белгілі бір топтың мүддесі үстемдік етеді. Топпен дауыс беру жүйесі лауазымды тұлғаларды сайлауды алдын ала дайындаған кезде және қайшылықтарды тудырмайтын мәселелер бойынша ақпараттармен алмасу кезінде пайдалы болуы мүмкін. Осындай топтардың негізгі типтері мынадай болады: саяси және мәдени, экономикалық, аймақтық, экономикалық келісімдер арқылы өзара байланысты мемлекеттер.

Қазіргі кезеңде жетекші топтар ретінде төмендегілерді атасақ болады:

1. Африкалық топ;

2. Азиялық топ;

3. Еуропалық топ;

4. Араб елдерінің тобы;

5. 77 тобы (Африка, Латын Америкасы мен Азияның дамушы елдері, бүгінгі күні олардың саны жүзден асады);

6. Латын Американдық топ.

Сонымен қатар қазіргі кезеңде қандай да бір мәселе бойынша ортақ мүддені қорғау мақсатында ұйымдастырылатын арнайы топтар белсенді қызмет етуде. Мысалы, теңіз конференцияларын өткізу барысында біртұтас саяси және аймақтық топтың мүшелері белгілі бір мәселе төңірегіне топтасқан арнайы топтармен түрлі проблемалар бойынша қайшылыққа түсуі мүмкін.

Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Көпжақты дипломатия дипломатиялық тәжiрибенi дамытудың компонентi ретiндегі маңызы?

2. Көпжақты ынтымақтастықтың ұйымдық формалары?

3. Халықаралық конференция түсiнiгi?

4. Халықаралық конференциялардың жұмыс тәртiбi?

5. Конференциялардағы дипломатиялық жұмыстың түрлерi?

6. Конференцияны өткізудің парктикасы мен процедурасы?

7. Конференцияны басқару (үйлестіру)?

8. Конференцияның дипломатиясы?

15 КЕЛІССӨЗДЕР ДИПЛОМАТИЯНЫҢ ҚҰРАЛЫ РЕТІНДЕ

15.1 Келіссөздер түсінігі және қазіргі кезеңдегі ерекшеліктері

15.2 Белгілі дипломаттардың келіссөздер өнеріне қатысты концепциялары

15.3 Келіссөздердің құрылымы және ерекше белгілері

15.4 Келіссөздердің негізгі функциялары

15.5 Келіссөздерді жіктеу және оның негізгі түрлері

15.6 Халықаралық келіссөздердің негізгі кезеңдері және оған дайындық

15.7 Келіссөздердің стратегиялары мен тактикалық амалдары

15.8 Келіссөздердегі делдалдық немесе «үшінші жақтың» көмегі

15.9 Келіссөздердің қорытынды құжаттары

1961 жылғы дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының 3-бабының 1 тармағында дипломатиялық өкілдіктің негізгі функциясы ретінде «қабылдаушы мемлекеттің үкіметімен келіссөздер жүргізу» деп көрсетілген. Келіссөздердің халықаралық қатынастар мен мемлекетаралық қатынастардағы, дипломатиядағы маңызы мен рөлі өте зор. Келіссөздер ең алдымен кез келген мәселені бейбіт жолмен, сұхбаттасу арқылы шешуді көздейді. Кез келген келіссөздердің түпкілікті мақсаты даулы мәселелер төңірегінде нақты оң нәтижеге қол жеткізу.

Келіссөздер – ең алдымен дипломатиялық қызметтің маңызды құралы. Бұрынғы кезеңдерде келіссөздерді дипломатиямен байланыстырып, дипломатияның өзін келіссөздер жүргізу өнері ретінде қарастырған. Келіссөздер дегеніміз – ол адамдар арасындағы өзара әрекеттесу түрлерінің бірі. Адамдар арасындағы вербальды және вербальды емес байланыстардың көптеген түрлері бар. Консультациялар, кеңесу, пікір-таластар, дөңгелек үстелдер, әңгімелесу, сұхбаттасу, арбитраж, делдалдық, қайырымды қызмет көрсету солардың қатарына жатады.

Келіссөздер француз тілінде «negociation», ағылшын тілінде «negotiation» терминінің түбірі латын тіліндегі «negotium» («negotium: nec, ni – «жоқ» және otium – «бос уақыт») сөзінен шыққан. Бұл терминнің бастапқы кезде қолданылуы сауда-саттықпен және көпестердің қызметімен (французша «negociant», ағылшынша «negotiant» - саудагер, негоциант) байланысты болған.

Француз дипломатиялық сөздігінің анықтамасы бойынша «келіссөздер – тек миссия басшысы ретінде дипломатиялық агенттің ғана емес, сонымен қатар бүкіл сыртқы саяси құрылымдар мен мекемелердің, жалпы дипломатияның өмір сүруінің басты мәні болып табылады. Ал дипломаттың және дипломатияның ресми қызметінің қалған формалары мен түрлері оған тәуелді жағдайда болады». Шынымен де келіссөздерсіз дипломатияның, сыртқы саяси мекемелердің өмір сүруін елестету мүмкін емес, онсыз бұлар өздерінің басты мәнін жоғалтатыны хақ.

Халықаралық құқық сөздігі халықаралық келіссөздерге келесідей анықтама береді: «түрлі мемлекеттердің өкілдері арасындағы пікір алмасу, ортақ мәселелерді шешу, дауларды реттеу, барлық салаларда ынтымақтастықты дамыту, келісімдердің жобасын дайындау және қол қою бағытындағы байланыстардың негізгі формасы».

Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардағы келіссөздердің маңыздылығын бірқатар ежелгі және орта ғасырлық ойшылдар атап өткен еді. Мемлекеттердің бағзы замандардан ақ келіссөздерді арадағы келіспеушіліктер мен дауларды шешуде қолданғанын дипломатия тарихынан көруге болады. Б.з.д. 1278 жылғы Египет перғауыны ІІ Рамзес пен хетт патшасы ІІІ Хаттушил арасындағы келіссөздер мен соның нәтижесінде жасалынған келісімді мысал ретінде келтіруге болады.

Кейінгі орта ғасырларда белгілі итальян ойшылы Николло Макиавелли өзінің «Билеуші» шығармасында дипломатияның теориясы мен келіссөздер жүргізу өнерін жан-жақты дамытты. Мемлекеттік мүддені бірінші орынға қойған Макиавелли ұлттық мақсаттарға қол жеткізуде «барлық әдістерді» қолдануға болатынын атап өтті. Макиавеллидің дипломатиясы мен келіссөздер жүргізу әдісі ең алдымен күшке, алдау мен өтірікке, құйтырқылық пен арандату, шантажға негізделді. Оның теориясы кейінгі орта ғасырлар мен жаңа заман басында еуропалық дипломатияда кең көлемде қолданылды.

Жаңа заман басында Еуропадағы ең тәжірибелі келіссөздер жүргізушілердің бірі болған француз мемлекеттік қайраткері кардинал Ришелье өзінің атақты «Саяси өсиет» шығармасында былай деп жазады: «Мен тіпті дәл осы сәтте қандай да бір нәтижеге қол жеткізбегеннің өзінде, мемлекеттің игілігі мен болашағына қажетті келіссөздерді кез келген жерде, үздіксіз, ашық немесе құпия түрде жүргізу қажеттігі туралы ашық мәлімдеме жасаймын». Кардинал Ришелье заманында дипломатия мен келіссөздер жүргізуде құпиялық және айлакерлік әдістері жиі қолданылды. Алайда Ришелье өзіне дейінгі теоретиктер мен дипломаттарға қарағанда келіссөздерді үздіксіз жүргізу мәселесіне айрықша мән берген.

Көптеген мемлекет қайраткерлер, саясаткерлер мен ойшылдар мемлекетаралық қатынастардағы келіссөздердің маңызын әрқашан атап өткенімен, ХVIII ғасырға дейін келіссөздер өнеріне байланысты ғылыми еңбектер болған емес.

Макиавеллизм XVII-XVIII ғасырларда Еуропаның монархиялық мемлекеттерінің сыртқы саясаты мен дипломатиясында ең кең таралған және жиі қолданысқа түскен саяси ілім болды. Бірақ Макиавеллидің көзақарастарына дипломатия мен дипломатиялық өнердің мүлде басқа концепциясы қарсы келді. Бұл жаңа концепцияның авторы аса көрнекті француз дипломаты Франсуа де Кальер болған еді.

1716 жылы Кальердің «Мемлекет басшыларымен келіссөздер жүргізу әдістері» («De la manière de négocier avec les souverains») еңбегі жарық көрді. Зерттеу еңбегінде дипломатия сөзін іс жүзінде қолданбағанымен, де Кальер дипломатия өнерін жан-жақты дамытты. Кальердің еңбегі бүгінгі күнге дейін өзектілігінен айырылған жоқ. Ол қазір дипломаттарды дайындау жөніндегі Батыс және Шығыс мектептерінде міндетті түрде оқытылады. Оның жариялануымен дипломатия теоретикалық тәсілдер мен жоғарғы моральдық принциптерге негізделген ғылым және өнер ретінде қарастырыла бастады. Оның басты себебі грек және рим дәуірлерінде дипломатия айлакерлік пен алдау кәсібі болған, ал Византия мен орта ғасырлар кезеңінде айлакерлік және алдау әдістері жоғарғы өнер деңгейіне дейін жеткізілді. Өзіне дейінгі ойшыларға, тіпті кардинал Ришелье, кардинал Мазариниге қарағанда, француз дипломатиясындағы қалыптасқан ескі дәстүрлерге қарамастан Франсуа де Кальер тұңғыш рет алдауды келіссөздер жүргізудің әдісі ретінде қарастырудан бас тартты.

«Мемлекет басшыларымен келіссөздер жүргізу әдістері» еңбегінде Кальер «Алдау – бұл келіссөздер жүргізіп отырғанның ақыл-ойының дәлелі және соның көрінісі. Табысқа қол жеткізу жолында алдау амалының қолданылып жүргендігі жасырын емес. Оған негізделген табыс пен дипломатияның ғұмыры бұлыңғыр болады. Шындыққа және жоғарғы интеллектіге негізделген келіссөздер дипломатқа алда орын алатын сұхбаттарда үлкен артықшылықтар береді» деп жазған.

Келіссөздер – дипломатиялық қызмет пен өнердің жүрегі, қозғаушы күші. Нақ осы мәселе Кальердің концепциясында жаңашылдық көзқарас тұрғысынан толық көрініс тапты. Франсуа де Кальер ең алдымен адамзат және дипломатия тарихындағы мәңгі өзекті сұраққа жауап береді, яғни күш пен ақыл-ой, әскери потенциал мен дипломаттың сөзі бір-біріне қалай сәйкес келуі тиіс. Кальердің көзқарасы бойынша барлық мемлекеттер «ақыл-ой мен көз жеткізудің барлық мүмкіндіктері қолданып бітпейінше, қаруды қолданбауы керек» деген басты қағиданы басшылыққа алуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде дипломаттар өз елдеріне пайданы қарулы күштерден кем алып келмейді. Осындай қағиданы ұсына келе Кальер былай дейді: «Егеменді принциптер негізінде келіссөздер жүргізу өнері төтенше маңызға ие, ұлы мемлекеттердің тағдыры келіссөздерді жүргізу деңгейіне, оларды жүргізетін министрлердің қабілетіне тікелей байланысты».

Франсуа де Кальердің тұжырымдауынша келіссөздер – бұл тек кәсіби дипломаттар ғана меңгеретін өнер. Кәсібиліктің төмендігі келіссөздер процесіне орасан-зор нұқсан келтіреді деп есептеген ол оны жүргізу міндетін ойыншыларға, құмарпаздарға, ішкіштерге, бағынбайтындарға, өз-өздерінен тез шығатындарға ешқашан жүктемеу қажеттігін ерекше атап өтті.

Кальер кардинал Ришельенің келіссөздер үздіксіз жүргізілуі қажет деген пікірімен келісіп қана қоймай, оны ғылыми тұрғыдан негіздеп, идеялық жағынан дамыта түсті. Ол мемлекеттер ортақ мәмілеге келе алмағанның өзінде дипломатиялық қатынастарды сақтап қалу қажеттігін дәріптеді. Кәсіби дипломат қандай жағдай болмасын, есікті тарс жаппай, өзін сабырлы ұстауы тиіс.

Франсуа де Кальер өз еңбегінде дипломатияның мақсаты – алдау деген теорияны толықтай теріске шығарып, ол ең алдымен дипломатия өзара сенімділік пен қайырымдық ерікке негізделеді деп тұжырымдады. Николло Макиавеллиге қарағанда Кальер мүлдем қарама-қарсы пікірді ұстанып, дипломатиялық өнердің басты мәні – алдамау деп есептеді. Оның пікірінше алдау – ресми қолдануға еш лайықты емес, дипломаттар өтірікті айтудан бойын аулақ ұстаулары тиіс. Мұнда бір көзбен қарағанда Кальер тым идеалистік немесе утопистік идеяны насихаттап отырған секілді. Кальердің өзі тәжірибелі дипломат, елші және француз корольі XIV Людовик Бурбонның кеңесшісі болған. Сондықтан оны утопист деп бағалау орынсыз. Дипломаттар мен елшілерді өтірік айтпауға шақыра отырып, ол екі басты ережені басшылыққа алуды талап етті: біріншісі, өз ойыңның түпкілікті мәнін ашпау; екіншісі, қарама-қарсы жақтың айтақандарына оңайлықпен сенбеу, бірақ әріптеске деген сырттай сенімнің бар екенін көрсету.

Франсуа де Кальердің еңбегінің жариялануы және оның концепциясының дипломатиялық қызметте біртіндеп пайдалана бастауы күш, алдау, айлакерлік қағидаларына негізделген, мәмілеге келу мен келісімдерді теріске шығаратын Николло Маиавелли дипломатиясының күйреуіне алып келді.

Іс жүзінде бүкіл өркениетті елдердің дипломаттарының барлығы Франсуа де Кальердің еңбегін дипломатия мен келіссөздер өнері бойынша жазылған ең үздік шығарма екенін мойындайды. Ағылшын дипломаты Гарольд Вильсон Кальердің еңбегін дәл осылай бағалаған болатын.

ХХ ғасырдың ортасына дейін Франсуа де Кальердің еңбегі келіссөздер мәселесі бойынша іс жүзінде жалғыз ғылыми шығарма болып қалды. Келіссөздерді зерттеудегі ауқымды бетбұрыс ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында орын алды. Соңғы ширек ғасырда келіссөздерді зерттеу жүйелі түрде ғылыми жолға қойылды. Бүгінгі күні келіссөздер мәселесі бойынша мыңнан астам еңбек, мақалалар жарияланған. Оның 80 пайызы Батыс елдерінде жарық көрген және басым бөлігі ағылшын тілінде.

Халықаралық келіссөздердің адамдардың арасындағы әдеттегі әрекеттесуден айырмашылығы неде? Бұл сауалға жауап беру үшін келіссөздердің негізгі ерекше сипатты белгілерін анықтау қажет. Сонымен келіссөздердің сипатты белгілері төмендегідей:

1. Мәселенің болуы.

Шынымен проблеманың болуы кез келген келіссөздерді жүргізуге қажетті басты себеп екені даусыз

2. Тараптардың мүдделерінің ортақтығы және айырмашылығы (қарама-қайшылығы).

Бұл мәселе келіссөздердің ең маңызды белгілерінің бірі саналады. Егер мүдделер ортақ болса, мемлекеттер арасында байланыстар бейтарап болуы мүмкін, ал қайшылықты болған жағдайда конфронтация орын алуы ықтимал. Келіссөздер жүргізу үшін негізінен аралас мүдделер болу қажет.

3. Келіссөздерге қатысушылардың өзара тәуелділігі.

Өзара тәуелділік келіссөздерге қатысушыларға өз мүдделерін жеке дара жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Мұндай өзара тәуелділік деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын, келіссөздерді табысты аяқтауға деген мүмкіндік солғұрлым мол болады.

4. Күрделі құрылым.

Мұнда мәселе келіссөздер процесінің кезеңдері туралы болып отыр. Зерттеушілер келіссөздердің үш кезеңін көрсетеді: біріншісі, дайындық; екіншісі, өзара әрекеттесу, яғни келіссөздердің өзі; үшіншісі, имплементация (ағылшынша – жүзеге асыру; келіссөздердің нәтижелеріне талдау жасау және қол жеткізілген келісімдерді орындау).

5. Тараптардың сұхбаты (диалогы).

Кез келген келіссөз қандай да бір проблеманы талқылауды білдіреді. Сондықтан, сұхбаттасу келіссөздердің ажырамас элементі болып табылады. Басқаша айтқанда, тараптардың сұхбатынсыз келіссөздер ешқашан болмайды.

6. Мәселені бірігіп шешу.

Бұл келіссөздердің ең маңызды сипатты белгісі саналады.

Осылайша, келіссөздер – дегеніміз ортақ шешім мен мәмілеге келу мақсатында тараптардың идеяларды, ақпараттарды, альтернативаларды (баламаларды) талқылау бағытындағы сұхбаты (диалогы).

Халықаралық және дипломатиялық практикада келіссөздер жүргізудің өзіндік формалары мен типтерінің болатынын көрсетеді. Келіссөздердің типтерін анықтау үшін ең алдымен оны жікке бөліп қарастыру қажет. Келіссөздерді жіктеуге мынадай критерийлер негіз бола алады:

- тараптардың келіссөздерді жүргізуге деген қызығушылығы;

- келіссөздердегі өкілділік деңгейі;

- келіссөздерге қатысушылардың мұқтаждықтары;

- талқыланатын мәселелер;

- келіссөздерге қатысушылардың саны;

- келіссөздердің тұрақтылық деңгейі;

- келіссөздердің формасы.

Американ ғалымы Дж. Дин тараптардың қызығушылық деңгейіне байланысты келіссөздердің үш типін көрсетеді:

1. Қатысушылардың (немесе олардың бірінің) оның нәтижелі болуына аса қызығушылық танытпауы;

2. Қатысушылардың орташа деңгейде қызығушылық танытатын келіссөздер;

3. Қатысушылардың шынайы нәтижеге қол жеткізуге қызығушылық танытатын келіссөздер.

Өкілділік деңгейіне байланысты келіссөздерді саяси және дипломатиялық келіссөздер болып екіге бөлінеді.

Саяси келіссөздер аса жоғары (саммиттер) деңгейде (мемлекет, үкімет басшыларының қатысуымен) және жоғары деңгейде (сыртқы істер министрлерінің қатысуымен) өтеді. Онда әлемдік саясат пен халықаралық қатынастардың аса маңызды әрі төтенше өзекті мәселелері қарастырылады. Ережеге сәйкес, олардың қатысушылары арнайы өкілеттілікті қажет етпейді және өз елдерінің ұлттық мүдделерін басшылыққа ала отырып жеке дара шешім қабылдауға толық құқылы. Мәселен, Қазақстан Республикасының заңдары бойынша арнайы өкілеттіксіз келіссөздер жүргізу құқығы Президентке, премьер-министрге, сонымен қатар сыртқы істер министріне берілген.

Дипломатиялық келіссөздер дипломатиялық өкілдіктер деңгейінде өткізіледі. Олардың қатысушыларының нақты нұсқаулар негізінде іс-әрекет жасауы және жеке дара шешім қабылдай алмауы дипломатиялық келіссөздердің басты ерекшелігі саналады.

Қатысушылардың мұқтаждығына байланысты француз ғалымы Ж.-И. Нирамбер келіссөздерді мынадай типтерге бөлуді ұсынды:

1. Қатысушының қарама-қарсы жақтың мүддесін қанағаттандыруға ұмтылыс білдіруі;

2. Қатысушының екінші тарапқа өз мұқтаждықтарын қанағаттандыруға мүмкіндік беруі;

3. Өзінің де, қарама-қарсы жақтың да мүдделерін қанағаттандыруға тырысу.

Талқыланатын мәселелерге байланысты келіссөздерді төмендегідей етіп жіктесек болады:

- экономикалық мәселелер бойынша келіссөздер;

- саяси мәселелер бойынша келіссөздер;

- әскери-қауіпсіздік мәселелер бойынша келіссөздер;

- экологиялық мәселелер бойынша келіссөздер;

- гуманитарлық мәселелер бойынша келіссөздер;

- мәдени мәселелер бойынша келіссөздер және тағы басқа.

Қатысушылардың деңгейіне байланысты келіссөздер екі жақты (екі мемлекеттің қатысуымен) және көп жақты (үш және саны одан да көп мемлекеттердің қатысуымен, халықаралық ұйымдар аясында) болып бөлінеді.

Тұрақтылық деңгейіне байланысты келіссөздер бір реттік (бір мәрте болатын) және тұрақты (үзіліспен тұрақты түрде өтетін) болып бөлінеді.

Өткізу формасына байланысты келіссөздер былайша бөлінеді:

- конгресстер;

- саммиттер;

- конференциялар;

- кездесулер;

- сессиялар;

- форумдар;

- кеңестер және тағы басқа.

Келіссөздерді функциялары.

Кез келген келіссөздердің басты функциясы – даулы мәселелерді бірге талқылап, ортақ пікірге келу, келісім-шарт жасасу. Келіссөздер мемлекеттердің сыртқы саясаатын жүзеге асырудың маңызды құралы болғандықтан өзге де функцияларды атқаратыны сөзсіз. Бірқатар зерттеушілер келіссөздердің мынадай функцияларын көрсетеді:

- ақпараттық-коммуникативтік;

- реттеушілік;

- үгіт-насихат;

- өзінің ішкі және сыртқы саяси міндеттерін шешу;

- халықаралық сахнада іс-әрекеттерді үйлестіру;

- бүркемелеу және тағы басқа.

Ақпараттық функция – қарама-қарсы тараптың қандай да бір мәселеге қатысты көзқарасын айқындау, өз мүдделері мен мәселелері туралы ақпарат беру. Коммуникативтік функцияның басты міндеті – байланыстарды ретке келтіру, пікірлер алмасу.

Реттеушілік функцияның басты міндеті – келіссөздерге қатысушылардың іс-қимылдарын бақылау және ретке келтіру.

Кейбір келіссөздерді қандай да бір мемлекет өзінің халықаралық сахнадағы беделін арттыру, аса жоғары саяси мәртебеге қол жеткізу мақсатында пайдалануы әбден мүмкін.

Кей кездерде келіссөздер арқылы қандай да бір тарап өзінің шынайы позициясын жасыруға, өзгелердің назарын екінші деңгейдегі мәселеге аударту мақсатында қолданылуы да ықтимал.

Келіссөздер бір сәттік үрдіс емес, керісінше ол өте күрделі және ұзақ процес болып табылады. Сондықтан келіссөздер бірнеше кезеңдерден тұрады. Іс жүзінде барлық зерттеушілер келіссөздер процесін үш кезеңге бөліп қарастырады:

1. бастапқы;

2. пікір-талас;

3. қорытынды.

Келіссөздердің бірінші кезеңінің міндеті – тараптардың мүдделерін, көзқарастары мен ұстанымдарын зерттеу, анықтау. Бірінші кезеңде тараптар мәселе бойынша өз позицияларын түсіндіреді, ұсыныстар жасайды, осы ұсыныстар бойынша қажетті түсініктемелер береді және екінші жақтың позициясы бойынша мәліметтерді тыңдайды. Осы кезеңде келіссөздердің ақпараттық-коммуникативтік функциясы толық көлемде орындалады. Тараптар бір-бірінің позициялары мен мүдделері турасында неғұрлым көп мағлұматтар ала отырып, ортақ тіл табуға, ұстанымдарын ортақтастыруға тырысады.

Екінші кезеңнің міндеті – күн тәртібіндегі мәселені талқылау және мүмкін болатын шешімдердің нұсқаларын анықтау, негіздеу. Яғни пікір-таластар жүргізу. Түрлі тактикалық амалдарды қолдана отырып қатысушылар екінші жақты өзі ұсынып отырған нұсқаның немесе ұсыныстыңЯғни пікір-таластар жүргізу. Түрлі тактикалық амалдарды қолдана отырып қатысушылар екінші жақты өзі ұсынып отырған нұсқаның немесе ұсыныстың анағұрлым дұрыс екеніне көзін жеткізуге барынша тырысады. Кей кездерде тараптар мәселе бойынша ортақ тіл таба алмаса, келіссөздер осы кезеңде аяқталып жатады. Егер тараптар ортақ тіл табуға ерік-жігер білдіріп, ұстанымдарын ортақтастыра алса, онда екінші кезеңнің соңында болашақ шешімнің жобасы анықталады. Өз кезегінде бұл үшінші, яғни ақтық кезеңге өтуге зор мүмкіндік береді.

Үшінші кезеңнің міндеті – позицияларын келістіру және қорытынды келісімдерді дайындап, аяқтау. Келісімнің сұлбасы анықталған соң келісім-шарттың мәтіні бойынша жұмыстар жасалынады. Бұл кезеңде кәсіби мамандар жұмысқа тартылады.

Келіссөздерді тараптардың мүдделері еш сәйкес келмейтін мәселеден бастау оны соза түсудің немесе сәтсіздікпен аяқтаудың жарқын жолы саналады. Сондықтан келіссөздерге аса байыппен әрі тыңғылықты дайындалған абзал.

Келіссөздерге дайындалу шартты түрде екі кезеңнен тұрады:

1. ұйымдастырушылық кезең;

2. теоретикалық кезең.

Ұйымдастырушылық кезең келіссөздерді жүргізудің мән-жайын анықтап алу мақсатында екінші жақпен байланысқа түсуді, ал теоретикалық – оған тыңғылықты дайындалуды білдіреді.

Келіссөздерге дайындалудың бірінші кезеңінің негізгі міндеттеріне бұдан бөлек – келіссөздерді қайда, қашан және кіммен өткіземіз деген сұрақтарға тиісті жауаптар табу да кіреді. Тиісінше ұйымдастырушылық дайындықтың мынадай кезеңдері болады:

- кездесудің орны мен уақытын анықтау;

- келіссөздерді өткізудің деңгейін анықтау;

- күн тәртібін анықтау.

Келіссөзді өткізудің орны мен уақытын анықтау ең алдымен келіссөздер өтетін елді, уақытын, тиісті ғимаратты анықтауды, делегацияларды өз деңгейінде орналастырудың ыңғайлы шарттарын іздеуді, делегацияларды қажетті байланыспен, техникамен, көлікпен және өзге де құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді, үстел басына отырғызу жоспарын жасауды білдіреді.

Келіссөздерді өткізудің деңгейін анықтау делегациялардың сандық және сапалық құрамын, олардың деңгейлерін (делегациялардың жетекшілері, өкілділік деңгейі) қатысушылардың функцияларын анықтауды білдіреді.  

Күн тәртібін анықтау мына мәселелерді талқылауды білдіреді: күн тәртібіне қандай мәселелерді қою, мәселелерді ретімен талқылау, олардың регламенті, келіссөздердің ресми және жұмыс тілдерін анықтау және т.с.с.

Келіссөздердің табысты аяқталуы немесе керісінше болуы осы мәселелерді дұрыс шешуге тікелей байланысты.

Халықаралық келіссөздерді өткізудің орны негізінен өзіне барлық міндеткерлікті (қаржылай, қауіпсіздік т.с.с.) алатын мемлекеттің астанасы немесе инфрақұрылымы дамыған өзге де қаласы бола алады. Келіссөздер негізінен ірі халықаралық ұйымдардың штаб-пәтерлері немесе хатшылықтары орналасқан қалаларда жиі-жиі өткізіледі. Париж, Нью-Йорк, Женева, Вена, Брюссель, Страсбург қалалары осы санатта лидерлер саналады. Кейінгі уақыттарда Алматы мен еліміздің саяси орталығы – Астана қаласы да халықаралық келіссөздерді өткізудің маңызды орталығына айналу үстінде.

Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтері 38 қабаттан тұратын алып ғимарат. Бұл ғимараттың жалпы пайдалы көлемі – 700 мың шаршы метрді құрайды. Бас Ассамблеяның мәжіліс залына шамамен 3,5 мың адам сыйып кетеді.

Төменде халықаралық келіссөздерді өткізуде делегациялардың оналасу тәртібін көрсетеміз.

Екі жақты келіссөздер тік төрт бұрышты үстелде өткізіледі. Ортада бір-біріне қарамас қарсы делегация басшылары, олардың оң және сол жағында дәрежесі бойынша делегация мүшелері, үстелдің екі басында – хатшылар жайғасады. Ал аудармашы делегация басшысының сол жағында немесе сәл арт жағында отырады (№ 1 нұсқа).

№ 1 Нұсқа

ДМ                 ДБ  А              ДМ

Х                                                                    Х

ДМ                А  ДБ                  ДМ

ДБделегация басшысы.

Ааудармашы.

Ххатшы.

ДМделегация мүшелері.

Көпжақты келіссөздерде делегацияларды отырғызу нұсқалары. Үстелдің формасына байланысты делегациялар ресми тілдегі әліпбидегі әріптер бойынша рет ретімен отырады (№ 2 және № 3 нұсқалар).

№ 2 Нұсқа

                          Төраға және хатшы

                       А                                     Z

                 L                                               M

         Делегациялар                   Делегациялар

№ 3 нұсқа

                                    Төраға

                                және хатшы

Делегациялар    А                               Z          Делегациялар

№ 4 Нұсқа шақырылғандар мен шықырған тараптар арасында саяси себептермен келіспеушілік туындаса қолданылады.

№ 4 нұсқа

                                                            Төраға

Шақырылған                                    Шақырушы                                 Шақырылған

мемлекеттер                                     мемлекеттер                                мемлекеттер

делегациялары                                делегациялары                            делегациялары

№ 5 нұсқа делегециялар тобы өзге елдердің өкілдерін күткен жағдайда қолданылады.

№ 5 нұсқа

Төраға және хатшы

     Шақырушы                                                                                  Шақырушы

     делегациялар                                                                               делегациялар             

                                                               

Шақырылған

делегациялар мен тұлғалар

Келіссөздер барысындағы аса өткір мәселелердің бірі – оның ресми және жұмыс тілін анықтау болып табылады. Әсіресе келіссөздерге түрлі тілде сөйлейтін мемлекеттер қатысқанда ресми тілді таңдау біршама қиынға соғады. Келіссөздердің тілі – ресми және жұмысшы болып бөлінеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының басты органдарында (арнайы мамандандырылған органдар мен Халықаралық сотты есптемегенде) француз, ағылшын, араб, испан, қытай және орыс тілдері ресми болып есептелінеді. Қауіпсіздік кеңесі мен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының сессияларында бұл тілдер жұмысшы (пікір-таластар жүргізіледі, құжаттар толтырылады т.с.с.) болып саналады.

Келіссөздердегі регламент мәселесінің маңызды бөлігі ретінде – шешім қабылдау тәртібін жатқызуға болады. Қазіргі кезеңдегі халықаралық келіссөздерде шешім қабылдаудың негізгі екі түрі қолданылады: дауыс беру және консенсус.

Дауыс беру барысында негізгінен мына қағидалар қолданылады: қарапайым басымдық қағидасы (50% астам, 50%+1 дауыс), квалификациялық басымдық (ереже бойынша дауыстың 2/3 бөлігі), дауыс берудің аралас жүйесі.

БҰҰ Бас Ассамблеясында шешімдер мүше-мемлекеттердің өкілдерінің квалификациялық басымдықпен дауыс беруі арқылы қабылданады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде дауыс берудің арнайы тәртібі орнатылған. Оған сәйкес 15 мүшенің 9-ы жақтап дауыс берсе шешім қабылданды деп есептелінеді.

Консенсус (латынша consensus – келісім, бірауыздан) – дауыс бермей, позицияларды жақындастыру (бір нүктеге қиылыстыру) арқылы шешім қабылдау процедурасы.

Келіссөздерге теоретикалық дайындық.

Келіссөздерді өткізу, оның барысы мен нәтижелі болуы оған деген тыңғылықты дайындыққа тікелей байланысты екені сөзсіз. Күн тәртібінде қарастырылатын мәселелердің күрделігіне байланысты теоретикалық дайындық бірнеше күннен бірнеше жылға созылуы әбден ықтималы. Теоретикалық дайындық негізінен екі аса маңызды сұраққа жауап іздейді: 1. Келіссөздер не үшін қыжет? 2. Келіссөздерден мен нені күтем, қандай нәтижеге қол жеткізуді көздеймін?

Зерттеушілер теоретикалық дайындықтың келесі негізгі кезеңдерін көрсетеді:

1. Мәселеге талдау жасау және мүмкін болатын ATNA дайындау (ATNA – келіссөздердің шешімдеріне балама (ағылшынша Alternatives To a Negotiated Agreement).

2. Келіссөздердің концепциясын және ондағы өз позицияңды анықтап, дайындау.

3. Келіссөздердің стратегиялары мен тактикасын дайындау.

4. Қажетті құжаттарды дайындау (сөйлейтін сөздер, мәлімдемелер, резолюцияларды жобалары т.с.с.).

Келіссөздердің түпкілікті мақсаты – оң нәтижеге қол жеткізу екені айқын. Бірақ кей мемлекеттер келіссөздерден басқа да нәтижелер күтуі мүмкін. Осы бағытта келіссөздердің мақсатын анықтау үшін келіссөздердің мәнін және тақырыбын мұқият зерттеп, талдау қажет. Бұл жұмысқа эксперттер тартылады және мынадай мәселелерден тұрады: өз мүдделері мен келіссөздердің шешімдерінің балама нұсқаларын анықтау, қарама-қарсы жақтың мүдделері мен баламаларын болжап, талдау жасау.

Келіссөздердің концепциясын дайындау – негізгі мақсаттарды анықтау, басым бағыттар деңгейін, талқыланатын мәселелер бойынша шешім қабылдаудың мүмкін нұсқаларын айқындау және келіссөздердегі позициясын белгілеу.

Бұдан кейін келіссөздердің стратегиялары мен тактикалары айқындалады.

Келіссөздердің қарсаңында тараптарға «келіссөздердің ісін (досье)» дайындау қажет. Оған анықтама материалдары (келіссөздерге байланысты БАҚ материалдары, қатысушы елдер туралы анықтама, ғылыми әдебиеттердің аннотациясы), құжаттар (келіссөздерге қатысушыларға арналған нұсқаулықтар, сөйлейтін сөздердің мәтіні, ұсыныстар, қорытынды құжаттардың жобалары) кіреді.

Келіссөздерге дайындық үшін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Премьер-министр Кеңсесіне жолданатын ақапарттық-талдау материалдарының тізіміне мыналар кіреді:

- шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерге арналған тезистер;

- келіссөздерге қатысушы тұлғалардың өмірбаяны, саяси портреті;

- елдер туралы анықтама;

- екі жақты қарым-қатынастар туралы анықтама: қысқаша тарихи анықтама, ресми және саяси, сауда-экономикалық, мәдени, ғылыми-техникалық, гуманитарлық байланыстар хронологиясы;

- елдің экономикасы туралы анықтама;

- елдің ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы анықтама;

- елдің сыртқы саясаты туралы анықтама;

- екі жақты келісім-шарттар кешені туралы анықтама: жасалынған келісімдер тізімі, олардың орындалуын талдау, болашаққа деген ұсыныстар;

- делегациялар туралы анықтама.

Келіссөздер барысында қол қойылуы ықтимал құжаттардың тізіміне мыналар жатады:

- құжаттардың ағымдағы жағдайы туралы ақпарат;

- тараптардың позицияларын бағалау;

- қорытынды құжаттарға қол қоюға байланысты «жақтау» немесе «қарсылыққа» байланысты аргументтер.

Келіссөздер жүргізу барысында түпкілікті мақсатқа қол жеткізу үшін түрлі стратегиялар мен тактикалық амалдар қолданылады.

Стратегия – дегеніміз іс-қимылдың түпкілікті мақсаты. Ал мақсат – бұл күтілетін іс-әрекеттің нәтижесі. Келіссөздерде қолданылатын стратегиялар мемлекеттердің сыртқы саяси стратегияларына, оның мәдениеті мен тәжірибесіне тікелей тәуелді болып келеді.

Зерттеушілердің басым бөлігі стратегиялардың мынадай түрлерін көрсетеді:

- саудаласу стратегиясы;

- әріптеспен бірлесе отырып мәселені шешу;

- принципиалды стратегия.

Британ дипломаты Гарольд Никольсон саудаласу стратегиясын – «жауынгерлердің» әдісі, ал екіншісін – көпестердің қаруы деп бағалаған. Біріншісі – қатаң, екіншісі – жұмсақ стратегия болып табылады.

Қатаң стратегия тұрғысынан келгенде келіссөздердің қатысушылары – қарсыластар, келіссөздердің мақсаты – кез келген жолмен жеңіске жету, кез келген әдестерді қолдануға болады. Жұмсақ стратегия тұрғысынан келгенде келіссөздерге қатысушылар – дос, мақсаты – тіпті ұлттық мүддеге нұқсан келіп жатса да қарама-қарсы тараппен дұрыс байланыстарды сақтап қалу.

Принципиалды стратегияның мәні – басты назар тараптардың позицияларына емес, олардың мүдделеріне аударылады. Мақсат – келіссөздер бойынша әріптестің мүдделерін ескере отырып, мәселені бірлесіп шешу. Ғалымдар бұл стратегияны ең нәтижелі деп бағалайды.

Тактика – бұл стратегияға (мақсат) қол жеткізу әдіс-тәсілдері. Келіссөздер процесінде қолданылатын тактикалық амалдар Ф.Ч. Икле, Р.Фишер және У. Юри, Я. Нергеш, М. Лебедева, Л. Белланже, В. Исраэлян, Ж.-К. Альтман және өзге де ғалымдардың еңбектерінде қарастырылып, талданады.

Тактикалық амалдардың түрлері:

- Қысым көрсету тактикасы.

Оның түрлері: 1. сес көрсету; 2. жалған сес көрсету; 3. ультиматум (шартымызды қабыл алыңдар, болмаса біз кетеміз т.с.с.).

- Бастапқы кездегі талаптарды көтеру тактикасы.

Оның басты мәні – келіссөздерге қатысушылар өздері шынайы қол жеткізетін мүмкіндіктен әлдеқайда көп нәрсені талап етуі.

- Дисквалификация тактикасы.

Оның мәні –тараптың ұсынып отырған аргументінің шынайылығын немесе жалғандығын негіздеудің орнына қатысушылардың бірі екінші жақтың жеке басының артықшылықтары мен кемшіліктерін бағалауға тырысады. Бұл тактикалық амалдың көріністері: 1. дүрсе қою (Сіздің түріңіз шаршаңқы, солыңқысыз, Мен Сізден әйеліңіздің кетіп қалғанын естідім т.с.с.); 2. жала жабу; 3. қасақана әдейі алдау, жаңылыстыру; 4. шантаж; 5. мазақтау, келемеждеу; 6. өсек-аяң тарату; 7. айғай-шу шығару.

- Өз позицияң туралы жалған түсінік беру тактикасы.

Оның мәні – қарама-қарсы тараптың назарын сіз үшін екінші кезектегі мәселеге аударту, яғни сіз үшін оның маңызы барлығынан жоғары екеніне оның көзін жеткізу. Бұдан кейінгі уақытта бұл мәселені амалын тауып күн тәртібінен алып тастап, шынайы мүддені көрсетеді.

- Екі жақты түсіндіру тактикасы.

Оның мәні – келіссөздер нәтижесінде жасалынған келісімнің кейбір шарттарына екі түрлі сипат беру. Яғни екі түрліше бағалау. Қарама-қарсы жақты жаңылыстыру.

- Талейран тактикасы.

Белгілі француз дипломаты Шарль-Морис Талейранның атымен тікелей байланысты бұл тактикалық амалдың мәні – алдымен келіссөздердің қаруын (аргументтер, принциптер) табу, оларды қолдану тактикаларын меңгеру (жаттығулар арқылы), одақтастарды өз араларындағы болмашы қайшылықтары мен келіспеушіліктерін пайдалана отырып, ыдыратып, бөліп тасту, оларды тізе бүктіру.

- Блок құру тактикасы.

Негізінен көп жақты келіссөздер барысында қолданылады. Оның мәні – келіссөздер процесі барысында мүдделері бір-біріне сәйкес келетін тараптар бір блок құрады.

Келіссөздер процесіндегі делдалдық.

Халықаралық және мемлекетаралық даулар мен қайшылықтарды шешу барысында «үшінші жақты» көмекке тарту ежелгі замандардан бері қолданылып келе жатқан дәстүр. Бүгінгі күні «үшінші жақ» түсінігі мыналардан тұрады: «делдал», «келіссөздер процесінің барысына бақылау жасау», «арбитр».

Дипломатиялық сөздікте делдалдық халықаралық және мемлекетаралық дауларды бейбіт жолмен шешудің құралдарының бірі ретінде қарастырылған. Оның мәні – дау-жанжалға қатысы жоқ қандай да бір үшінші тарап халықаралық құқыққа сәйкес өз еркі немесе дауласушы тараптардың өтініші бойынша келіспеушілікті бейбіт жолмен шешу мақсатында тікелей өзінің қатысуымен олардың арасында келіссөздер ұйымдастырады.

Осылайша, делдалдық – үшінші жақтың жанжалдасушы тараптарға екеуінің де мүдделерін қанағаттандыратын шешімді табуға көмек көрсету үрдісі. Делдалдықты кей кезде «қайырымды көмек» деп атайды.

Осы анықтама негізінде делдалдық пен арбитраждың ортақ және ерекше белгілерін айқындауға болады. Делдалдық пен арбитраждың ортақ белгісі ретінде – дауласушы тараптардың арбитр мен делдалды таңдауын айтсақ болады, яғни жауласушылардың өздері ғана кімге өтініш жасау қажеттігін анықтайды.

Айырмашылығы – арбитрдің шешімі дауласушы тараптар үшін міндетті заңдық күшке ие болады. Арбитрге өтініш жасаған кезде тараптар үшінші жақпен арбитр ретінде байланысқа түседі және оның беделіне арқа сүйейді.

Делдалдық бойынша керісінше – тараптар проблеманы өзара талқылайды (делдал арқылы немесе оның көмегімен). Делдалдық айтарлықтай ұзақ уақыт жүзеге асырылуы мүмкін, ал арбитраж – салыстырмалы түрде уақыты жағынан қысқа үрдіс саналады.

Ереже бойынша делдалға тараптар жанжалды мәселені өз беттеріне шеше алмаған жағдайда жүгінеді. Халықаралық практикаға сәйкес делдал рөлін – жеке тұлғалар, ұйымдар, халықаралық институттар, мемлекеттер және бірнеше мемлекет атқара алады.

Делдалдың белгілі деңгейде билік ету құқығын иеленетініне қарамастан, оларға қандай да бір шешімді күштеп таңу өкілеттілігі берілмейді. Олар тек келіссөздерді ұйымдастыру арқылы шешім қабылдауды жеңілдетуге өкілетті.

Делдалдықтың мақсаттары:

- тығырықты жағдайдaн шығудың жолдарын іздестіру;

- келісімге қол жеткізу;

- кейінгі уақыттарда конструктивті келіссөздерді жүргізу үшін оң өзгерістер енгізу;

- талқыланатын проблема туралы дұрыс түсінік қалыптастыру;

- келісімге келу жолындағы кедергілерден өту;

- проблеманы шешудің кеңейтілген амалын іздестіру;

- шынайы жағдайды ескеру;

- келіссөздерді жүргізуге көмек көрсету;

- келіссөздер процесінде бір-бірін түсіну арқылы диалогтың сапасын арттыру.

Келіссөздердің қорытынды құжаттары.

Ереже бойынша келіссөздер тараптардың бірігіп қорытынды құжаттарға қол қоюымен аяқталады. Оның үстіне келіссөздер тек тараптардың қорытынды құжаттарды қабылдауы жағдайында ғана табысты аяқталды деп есептеледі.

Келіссөздер табысты аяқталды деп есептелуі үшін, ақтық уағдаластық қандай талаптарға жауап беруі тиіс:

- барлық тараптардың заңды мүдделеріне толық жауап беру, толығымен қанағаттандыру;

- абай болу;

- тараптар арасындағы қатынастарды шиеленістірмеу;

- ерікті түрде қабылдану, яғни күштеп немесе мәжбүрлі түрде қабылдаттырмау қажет;

- жазбаша түрде рәсімделуі қажет;

- екі жүзді сипатта болмауы керек;

- толық болуы қажет;

- тараптар үшін ақылға сыйымды уақытта қол жеткізілуі кере;

- ең бастысы барлық уағдаластықтар жазбаша формада рәсімделіп, заңдық тұрғыдан бекітілуі аса маңызды мәселе.

Ауызша келісімдердің (джентльмендер келісімі) жасалуы бірқатар кемшіліктері бар. Біріншіден, ауызша келісім тараптарға одан ауытқып кетуге мүмкіндік береді. Екіншіден, мұндай келісімі түрліше түсіндіруге, екі жүзді сипат беруге болады. Үшіншіден, кез келген тарап ондай келісімнің жасалынғанын мойындамауы да мүмкін.

Халықаралық келіссөздердің қорытынды құжаттары:

- шарт (келісім-шарт);

- конвенция;

- хаттама (протокол);

- ноталармен алмасу;

- modus vivendi;

- декларация;

- меморандум;

- коммюнике.

1965 жылғы Халықаралық келісім-шарттар құқығы туралы Вена конвенциясы «халықаралық келісім-шарт» түсінігіне мемлекеттер арасында жазбаша формада жасалынған халықаралық шарт деген анықтама береді.

Қатысушылардың санына байланысты келісім-шарттар екі жақты немесе көп жақты болуы мүмкін. Өз кезегінде көп жақты шарттар универсалды (жалпы) және партикулярлы (қатысушылар санының шектеулі болуы) болуы мүмкін.

Келісім-шарт ашық және жабық болуы мүмкін. Ереже бойынша жабық шарттарға халықаралық ұйымдардың жарғылары, екі жақты келісім-шарттар жатқызылады. Үшінші жақтың мүндай шарттарға қатысуы оны жасаған мемлекеттердің келісімі негізінде жүзеге асырылады.

Ашық келісім-шарттарға қосылу процедурасын жүзеге асыру арқылы кез келген мемлекет қосыла алады. 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы және 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциялары ашық келісім-шарттар қатарына жатады.

Реттеу объектісі бойынша келісім-шарттарды саяси, экономикалық, құқықтық және басқа мәселелер бойынша бөліп қарастыруға болады.

Келісім-шарттар оған қол қойған өкілдердің деңгейіне байланысты да өзгешеленуі де мүмкін. Мемлекет басшылары арасындағы, үкімет басшылары арасындағы, сыртқы істер министрлері арасындағы т.с.с.

Екі жақты құжаттар әдетте шарт, ноталар алмасу, modus vivendi (уақытша келісім) формасында, ал көпжақтылар – келісім-шарттар немесе конвенциялар формасында жасалынады.

Олар көлемі жағынан аса ауқымды сипат алған сәтте, «пакті» (мысалы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пакті т.с.с.), немесе «қорытынды акті» (1975 жылғы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша кеңестің Қорытынды Актісі т.с.с.) терминдері қолданылады.

Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес халықаралық келісімдердің төмендегідей түрлері қарастырылған:

- мемлекетаралық келісім-шарттар (Қазақстан Республикасының атынан шет мемлекеттермен жасалынады);

- үкіметаралық келісім-шарттар (Қазақстан Республикасының үкіметінің атынан жасалынады);

- ведомстваралық келісімдер (министрліктер мен ведомствалар атынан жасалынады).

Конвенция – дегеніміз арнайы мәселелер (саяси, экономикалық, мәдени, гуманитарлық, әскери, қауіпсіздік, дипломатиялық т.с.с.) бойынша жасалынған көпжақты келісім-шартты (мәселен, 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясы, 1951 жылғы Босқындардың мәртебесі туралы Конвенция, 1979 жылғы Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық формаларын жою туралы Конвенция, 1989 жылғы Балалар т.с.с.) ресми формада рәсімделген келісім-шарт.

Хаттама (Протокол) – келіссөздердің нәтижесін бекітетін ресми құжаттар қатарына жатады. Хаттаманың келесі түрлері болады: қол қою туралы хаттама және қосымша хаттама.

Қол қою туралы хаттама қазіргі дипломатиялық практикада бұрынғыдағыдай жиі қолданылмайды. Оны негізінен негізгі келісім-шартқа «постскриптум» ретінде қолданады. Тараптар оны шарттың құрамдас бөлігі ретінде қарастырғанымен, жеке құжат ретінде қол қойылмайды. Оның ресмилігі негізгі келісім-шартқа қарағанда төмендеу, негізгі шартқа қосымша ретінде жекелей баптар мен тарауларға түсініктеме, қол қоюшылардың ескертпелері ретінде беріледі.

Қосымша хаттама келісім-шарттың ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады. Негізгі мәтінге қосымша немесе түзетулер ретінде берілуі мүмкін.

Халықаралық келісім-шарттар ноталар алмасу формасында жасалынады. Мұндай жағдайда келіссөздердің соңында қандай да бір мемлекеттің өкілі екіншілеріне нота жолдайды. Ондағы мақсат – келісімнің жобасы бойынша мәмілеге келу. Егер келіссөздердің қатысушылары келісім-шарттың белгілі бір тұстарын нақтылау қажет деп тапса, онда олар бұл мәліметтің нота түрінде рәсімделінуін талап ете алады. Ноталардың мазмұндық жағы бірдей болуы тиіс. Ноталар алмасу арқылы кей кездерде екінші деңгейдегі келісімдер де жасалынуы мүмкін.

Декларациялар, коммюнике халықаралық келісім-шарттың ең жедел формаларына жатады. Декларациялар мен коммюнике қысқа мерзімдегі келіссөздердің нәтижесінде жасалынады. Коммюнике (латын. communico – хабарлаймын, мәлімдеймін) – халықаралық келіссөздердің барысы немесе қорытындысы туралы ресми хабарламалар, мәлімдемелер.Олардың келісім-шарттардан басты айырмашылығы – ешқандай заңдық немесе құқықтық күшті иеленбеуінде.

Осылайша, келіссөздердің қорытынды құжаттары түрлі атаулар мен формаға ие болуы мүмкін, таңдауды келіссөздердің қатысушылары жасайды.

Құрылымдық тұрғыдан халықаралық келісім негізгі үш бөлімнен тұрады.

1. Преамбула.

Преамбулада келісім-шартты жасап отырған өкілетті тұлғалардың тізімі келтіріледі. Ереже бойынша бұдан бөлек келісім-шарттың мақсаты мен міндеттері, қағидалары мен шарттары, өкілдердің өкілеттілігі келтіріледі.

2. Негізгі бөлім (мәтін).

Негізгі мәтінде келісім-шарттың шарттары немесе мәнін бекітетін баптар реттік нөмер бойынша беріледі.

3. Қорытынды баптар (хаттамалық баптар).

Қорытынды баптар әдетте төмендегідей мағлұматтарды береді.

- келісім-шарт күшіне енген уақыты мен орны;

- шарттың мерзімі және оны үзудің жолдары;

- терминдердің анықтамасы;

- даулы мәселелерді реттеу әдістері;

- ескертпелер;

- басқа мемлекеттердің қосылу тәртібі;

- түзетулер енгізу мен қайта қарау тәртібі;

- келісімнің тілі (тілдері);

- ратификациялау және ратификацияланған құжатты сақтау тәртібі;

- тіркеу тәртібі;

- қол қойған уақыты мен орны;

- қолдар және кей кезде өкілетті өкілдердің мөрі.

Келіссөздер процесіндегідей, қорытынды құжаттардың тілін (тілдерін) таңдау аса маңызды шарт. ХVII ғасырда халықаралық құжаттардың басым бөлігі латын тілінде жасалынса, ХVIII ғасырдың соңынан келісімдерді жасау француз тіліне көшірілді. ХХ ғасырдың ортасынан бері бұл дәстүрден бас тарта бастады. Қазіргі дипломатиялық практикада бұл мәселе былайша шешіледі. Екі жақты келісімдер келісуші тараптардың тілінде, ал көп жақты келісімдер бір немесе бірнеше тілде жасалынады.

БҰҰ-ның аясында немесе бастамасымен өткен келіссөздердің қорытынды құжаттары қалыптасқан ереже бойынша бес тілде жасалынады: француз, ағылшын, испан, араб, қытай және орыс. Мемлекеттердің атаулары мен реттік нөмірі әліпбилік ретпен жүйеге келтіріледі, осы тәртіппен келісімге өкілетті тұлғалар қол қояды. Әліпбиді таңдау келіссөздерге қатысушылардың уағдаластығы бойынша анықталады.

Келісімнің мәтіні бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгеннен кейін халықаралық келісім-шарт өкілетті тұлғалардың қолымен алдын ала бекітіледі. Содан кейін ратификацияланып, өз күшіне енеді.

Келесі кезең – қол қою. Егер келісім-шарт бойынша оны ратификациялау қажет болса, онда қол қоюдың аса мәні болмайды. Келісім-шартқа қол қою әдетте салтанатты формада өтеді. Екі жақты келісім-шартқа қол қою барысында өкілетті өкілдер келісім-шарттың түп нұсқасына кезектесіп немесе бір мезетте қол қояды. Көпжақты келісімдерге қол қою кезінде өкілетті тұлғалар келіссөздер кезіндегідей ретпен орналасу арқылы, қол қояды. Арнайы өкілеттіліксіз және қандай да бір нұсқаусыз халықаралық құжаттарға қол қою құқығына Қазақстан Республикасының Президенті, премьер-министр, сыртқы істер министрі ие.

Қол қойылғаннан кейін құжат қандай да бір мемлекеттің заңнамаларында белгіленген нормаға сәйкес не парламенттің (көбінесе), не мемлекет басшысы тарапынан ратификациялануы қажет. Қазақстан Республикасының заңдары бойынша халықаралық келісімдерді ратификациялау Парламенттің құзырында.

Егер уағдаластық бойынша ратификациялау қарастырылмаса, онда келісім-шарт бірден өз күшіне енеді. Келісім-шарттар негізінен ратификациялық грамоталармен алмасқан сәттен немесе оны депозитарийге сақта үшін өткізілген кезден бастап өз күшіне енеді. Ратификациялық грамоталармен алмасу және келісім-шарттың түп нұсқасын сақтауға өткізу хаттама толтыру арқылы рәсімделеді.

БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес осы ұйымға мүше-мемлекеттер арасында жасалынатын барлық келісім-шарттар БҰҰ-ның Хатшылығында тіркеліп, жариялануы тиіс. Бұл талапты орындамау келісім-шарттың заңдық күшінен айырылуына алып келмейді, бірақ бұдан кейінгі уақытта Халықаралық сотта немесе БҰҰ-ның басқа органдарында оларға сілтеме жасауға болмайды.

Келісім-шарт өз күшінен мына жағдайларда толық айырылады: мерзімінің өтуіне байланысты, оны толық орындаған жағдайда, жаңа келісімнің жасалуына орай, денонсациялау (келісімді орындаудан бас тарту). Халықаралық-құықтық әдебиеттерде денонсация немесе келісімнен шығуды кей кезде «күшін жою» және «бас тарту» деп атайды. Күшін жою – тараптардың уағдаластығы бойынша келісім-шарттың күшін жою, ал бас тарту – қандай да бір тараптың бір жақты шешіммен келісімнен бас тарту. Тараптардың уағдаластығы бойынша мерзімін аяқталғанға дейін келісім-шарттың мерзімі қайтадан ұзартылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының заңдары бойынша халықаралық келісім-шарттан бас тарту немесе күшін жою өкілеттілігі осы келісімді жасау ұсынысын жасаған органдардың құзырындағы мәселе. Мемлекетаралық және үкіметаралық сипаттағы келісім-шарттары денонсациялау туралы шешімді Қазақстан Республикасының Парламенті, ал ведомствоаралық сипаттағыларды – Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Келіссөздер түсінігі және қазіргі кезеңдегі ерекшеліктері?

2. Белгілі дипломаттардың келіссөздер өнеріне қатысты концепциялары?

3. Келіссөздердің құрылымы және ерекше белгілері?

4. Келіссөздердің негізгі функциялары?

5. Келіссөздерді жіктеу және оның негізгі түрлері?

6. Халықаралық келіссөздердің негізгі кезеңдері және оған дайындық?

7. Келіссөздердің стратегиялары мен тактикалық амалдары?

8. Келіссөздердегі делдалдық немесе «үшінші жақтың» көмегі?

9. Келіссөздердің қорытынды құжаттары?

PAGE  39




1. на тему- ldquo;У чому полягає ораторське мистецтво промовцяrdquo; У свій час ще Платон казав що ldquo;красно
2. Гигиена и основы экологии человека 001
3. Дикарь Wild One 1953 моя оценка 5 2 Дикие ангелы The Wild ngels 1966 моя оценка 5 3 Бунт на колёсах Rebel Rousers 1967 моя
4. реферат дисертації на здобуття наукового ступеня кандидата геологічних наук Київ 2002 Дисертацією є ру
5. Контрольная работа- Програмне забезпечення ПК
6. Господством называется возможность встречать повиновение определенных групп людей cпецифическим или всем
7. д. 53-02 ук2 д. 62-23 ук3 пр
8. Спецэлектроника на рынке
9. ПЕДАГОГИКА Л
10. Show институтов развития Russin Strtup Tour которое пройдет в 26 городах России 20 января 2014 года в городе Тольятти
11. тематичне моделювання та обчислювальні методи Автореферат дисертації на здобуття наукового ст
12. это отношения между людьми группами людей по поводу производства распределения и потребления материальны
13. Статья 29 Ограничения обязанности и запреты связанные со службой в полиции 2
14. . общественные отношения регулируемые м-у народным частным R
15. Книга Эшли об узлах Книга сообщества http---vk
16. Система вентиляции и отопления вагонов
17. Творческий процесс методика креативности из пяти шагов
18. Mkers willing to grpple with the issues
19. I. Перечень технологического оборудования IV.html
20. Культура Киевской Руси