Поможем написать учебную работу
Если у вас возникли сложности с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой - мы готовы помочь.
Если у вас возникли сложности с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой - мы готовы помочь.
Төрт қағида
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!
Ұлы Аршының Рабысы - Аллаһ Тағаладан саған бұл өмірде де, болашақ өмірде де пана болуын сұраймын, Ол сені, қайда жүрсең де, берекелі етсін және сені сый алсаң шүкірлік қылушылардан, сынақ көрсең - сабыр етушілерден, күнә жасасаң кешірім сұраушылардан етсін, өйткені осы үшеуі - бақыт негіздері болып табылады !
Біл, Аллаһ сені Өзіне бағынуға жетелейтін тура жолмен жүргізсін, әл-ханифия бұл Ибраһимнің діні. (Оның мәні) жалғыз Аллаһқа құлшылық етіп, дінді шын ықыласпен орындау. Аллаһ Тағала былай деді: «Мен жындар мен адамдарды тек Өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» (Зарият сүресі, 56-аят) .
Аллаһ сені құлшылық қылу үшін жаратқанын білген соң, сен енді, құлшылық таухидсіз (бірқұдайшылықсыз) құлшылық болып аталмайтынын біліп ал .
Егер сен ширк құлшылыққа араласса оны бұзатынын, амалдарды жойып жіберетінін және пендені Отта мәңгі қалуға дұшар ететінін білсең, мұны білу - сенің ең маңызды міндетің екені енді саған айқын болды. Мүмкін Аллаһ сені ширк деп аталатын пәледен құтқаратын шығар. Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Расында, Аллаһ Өзіне серік қосқанды кешірмейді де, одан кішісін қалағанына кешіреді» (Ниса сүресі, 48-аят).
Бірінші қағида
Сен Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) соғысқан кәпірлер Аллаһ Тағаланың Жаратушы, Ризық беруші, Басқарушы екенін мойындағанын білуің қажет. Бірақ оған қарамастан, бұл оларды Исламға кіргізбеді. Мұны Аллаһ Тағаланың мына сөздері дәлелдейді: «“Аспан мен жерден сендерді кім ризықтандырады? Есту, көру қабілеттеріңе кім иелік етеді? Өліден тіріні және тіріден өліні кім шығарады? Әрі істермен басқаратын кім?”, - деп сұра. Олар: “Аллаһ!”, - деп жауап береді. “Неліктен қорықпайсыңдар?!”, - деп айт» (Юнус сүресі, 31-аят).
Екінші қағида
Олар былай дейді: «Біз оларға өзімізді Аллаһқа жақындатуды және Оның алдында бізге шапағатшы болуды сұрап жалбарынамыз және жүгінеміз». (Көпқұдайшылардың Аллаһқа) жақындау мақсатымен дұға жасайтынын Аллаһ Тағаланың мына сөздері дәлелдейді: «Ал Одан басқа біреулерді өздеріне әулие етіп алғандар: “Біз оларға тек, Аллаһқа едәуір жақындатсын деп қана құлшылық етеміз”, - дейді. Расында, Аллаһ олардың өзара таласқандары жайында үкім етеді. Шын мәнінде, Аллаһ өтірікші және имансыз адамдарды тура жолмен жүргізбейді» (Зумар сүресі, 3-аят).
Шапағатқа ие болу мақсатында жасалатын құлшылықтарға Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқайды: «Олар Аллаһтан өзге зиян да тигізбейтін, пайда да әкелмейтін нәрселерге құлшылық етеді де: “Бұл біздің Аллаһтың алдындағы шапағатшыларымыз”, - дейді» (Юнус сүресі, 18-аят). Ал шапағат ету екі түрге бөлінеді: теріске шығарылатын шапағат және бекітілген шапағат. Теріске шығарылатын шапағат ол, Аллаһтан өзгелерден, Оның ғана шамасы жететін нәрселерде сұралатын шапағат. Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, иман келтіргендер! Сауда да, сүйіспеншік те, шапағат та, болмайтын бір күннің келуінен бұрын сендерге берген несібемізден Аллаһ жолында жұмсаңдар. Ал имансыздар - олар залымдар» (Бақара сүресі, 254-аят). Бекітілген шапағат ол Аллаһтан сұралатын шапағат. Сонда, шапағатшы шапағат етумен ардақталған, ал шапағат етілетін кісі - сөздері мен амалдарына Аллаһ разы болып табылатын адамдар болу керек. Және шапағат ету тек Аллаһ рұқсат бергеннен кейін ғана мүмкін болады, бұл жөнінде Аллаһ Тағала: «Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді?» - деді (Бақара сүресі, 255-аят).
Үшінші қағида
Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) түрлі объектілерге құлшылық ететін адамдардың үстінен жеңіске жетті. Олардың арасында періштелерге құлшылық ететіндер, пайғамбарлар мен әулиелерге (ізгілерге) құлшылық ететіндер, ағаштар мен тастарға құлшылық ететіндер және күн мен айға құлшылық ететіндер бар еді. Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) олармен соғысты және олардың арасында айырмашылық жасаған жоқ.
Бұған Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқайды: «Олар мен ешбір бүлік қалмағанға дейін және дін бүтіндей Аллаһқа тән болғанға дейін соғысыңдар» (Әнфәл сүресі, 39-аят).
Күн мен айға құлшылық қылатын көпқұдайшылар туралы Аллаһ Тағала былай деді: «Түн мен күндіз, күн мен ай Оның аяттарынан. Күнге де, айға да табынбаңдар, бірақ оларды жаратқан Аллаһқа ғана табыныңдар, егер сендер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар» (Фуссиләт сүресі, 37-аят).
Періштелерге құлшылық қылатындар туралы Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Ол сендерге: «Періштелер мен пайғамбарларды тәңір жасап алыңдар!» - деп бұйырмайды» (Әли `Имрән сүресі, 80-аят).
Адамдардың пайғамбарларға құлшылық қылатындарына Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқайды: «Аллаһ: “Әй, Мәриям ұлы `Иса! Сен адамдарға: «Мені және анамды Аллаһтан өзге екі тәңір етіп алыңдар», - деп айтқан ба едің?”, - дейді. Ол былай айтады: “Сен пәксің! Оған құқығым болмаған нәрсені мен қалайша айта аламын? Егер солай айтқан болсам, онда оны білетін едің. Сен менің жанымдағыны білесің, ал мен Сенің Жаныңдағыны білмеймін. Расында, Сен көместерді білушісің!”» (Мәида сүресі, 116-аят).
Көпқұдайшылардың ізгілерге (әулиелерге) құлшылық қылатынына Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқайды: «Олардың сиынғандары Раббыларына қайсылары жақын боламыз деп, уәсиля ізденеді. Мейірімін үміт етіп, азабынан қорқады» (Исра сүресі, 57-аят).
Ағаштар мен тастарға құлшылық етілетініне Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқайды: «Ләт пен Узза туралы хабарлаңдаршы, және үшінші сұмпайы Мәнәт (туралы)!» (Нәжм сүресі, 19-20-аяттар).
Әбу Уәқид әл-Ләйси жеткізген хадисте былай айтылған: «Бірде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге Хунайнға жол тартады. Олармен бірге жақын арада Ислам қабылдаған мұсылмандар болады. Кенет, көпқұдайшылар көпке дейін жанынан шықпай, әркез береке тілей отырып қару жарақтарын ілетін (Зәт әл-ануат деген) бір талдың жанынан өтіп бара жатқанда жақын арада Ислам қабылдаған мұсылмандар: "Иә, Аллаһтың елшісі! Біз де олардыкіндей Зәт әл-ануат болуын қалаймыз"-дейді. Сонда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): "Аллаһу әкбар! (Аллаһ ұлы!) Бұл бұрынғылардың салты. Жаным қолында болғанмен ант етемін, сендер Исраил ұрпақтарының Мұсаға айтқан сөзін айтып тұрсыңдар: «Бұлардың тәңірлері сияқты бізге де тәңір жасап бер. Мұса оларға: "Шынында сендер надан қауымсыңдар”- дейді» (А`раф сүресі, 138-аят). Шынында сендер бұрынғылардың салтымен жүресіңдер"-дейді Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)» (Тирмизи 5/218).
Төртінші қағида
Қазіргі замандағы қөпқұдайшылар жасап жүрген ширктерінде бұрынғы көпқұдайшылардан қорқыныштырақ. Өйткені ерте замандағы көпқұдайшылар есендік кезінде Аллаһқа теңдес (серік) қосатын, бірақ бақытсыздық кездерінде Ол үшін ықыласты болатын. Ал біздің кезіміздің көпқұдайшылары үнемі: есендікте де, бақытсыздықта да Аллаһқа теңдес (серік) қосады. Бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Қашан олар кемеге отырса, Аллаһқа діндерін шын ықыласпен орындап, жалбарынады, ал Ол оларды құтқарып, құрлыққа шығарса, олар Аллаһқа серік қосады» (`Анкәбут сүресі, 65-аят)