Поможем написать учебную работу
Если у вас возникли сложности с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой - мы готовы помочь.
Если у вас возникли сложности с курсовой, контрольной, дипломной, рефератом, отчетом по практике, научно-исследовательской и любой другой работой - мы готовы помочь.
Азаматтық қоғам
Азаматтық қоғам құру мәселесі кеңестік жүйенің құшағынан шыққан елдердің бәрінде де кеңінен сөз болуда. Азаматтық қоғамның тұжырымдамасын жасап, оның мәнін, мазмұнын, қызметі мен құрылымын анықтауға, азаматтық қоғам институттарын жетілдіруге және оның мемлекеттік органдармен қарым-қатынасын айқындауға барынша белсенді талпыныс жасалуда. Демократия мен азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының жобасын жасап, баспасөзде талқылауға ұсынған болатын. Бұл тұжырымдаманы биылғы жылы Демократиялық реформалардың бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссия қайта қарап, оған түзетулер мен өзгерістер енгізіп, Елбасының қарауына ұсынды.
Бір сөзбен айтқанда, азаматтық қоғамға деген ықылас саясаткерлер арасында ғана емес, бүкіл зиялы қауым өкілдері арасында күшейіп отыр. Олар еліміздегі демократияландыру үдерісін осы азаматтық қоғамның дамуымен байланыстыруда. Мұның себебі, азаматтық қоғамды демократияның негізгі атрибуты ретінде қарау қазір кеңінен қолдау тауып отыр.
Қалың жұртшылық қатты зейін қойып отырған осы азаматтық қоғам дегеніміздің өзі не? Бұған деген түсінік бір ізге түскен бе? Оның ғылыми-теориялық, практикалық жағы жан-жақты зерттелген бе? Жалпы түсінік қалай? Осы мәселелер жайы бүгін әркімді-ақ толғандырып жүр.
Көпшілікке мәлім, бұл күнде біз азаматтық қоғам құруды мақсат етіп отырмыз. Шындығына салсақ, мемлекет дүниеге келгенге дейін азаматтық қоғам болған. Алғашқы қауымдық құрылыста адамдар өмірі азаматтық қоғам негізінде реттелген. Тіршілік пен адамдар арасындағы қатынасты азаматтық қоғам институттары жүзеге асырған.
Өндіргіш күштердің пайда бола бастауымен, жеке топтар мен отбасылардың қолында артық өнімдердің шоғырлануы жеке иемденуді, жеке меншікті туғызды. Осы меншікті қорғау, оған деген меншік иелерінің құқығын сақтау, меншіктер арасындағы қатынасты реттеу қажеттілігі саяси күштің мемлекеттің пайда болуына әкелді.
Мемлекеттің іргесі қаланып, оның құрылымдық шарттары нығая бастаған кезде бұрынғы азаматтық қоғам институттары ығыстырылды. Қоғамды басқару мемлекет қолына көшті. Мемлекет нығая келе, азаматтық қоғамның қызметтерін шектеп, біртіндеп олардың аясын тарылтты. Абсолютизм тұсында, тоталитарлық билік кезінде азаматтық қоғамның сүлдесі ғана қалды.
Америка мен Еуропа елдерінде либералдық демократияға көшу азаматтық қоғам институттарын қайта өмірге әкеліп, оның қызметтерін жандандыра түсті.
Дамудың демократиялық жолына түскен посткеңестік мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстанда азаматтық қоғам қалыптастыруға, оның институттарын дамытуға бағыт ұсталып отыр. Азаматтық қоғам құруды елді демократияландырудың басты шарты деген көзқарас адамдар арасында бүгін берік қалыптасты.
Сонымен, халықтың басым бөлігі саясаткерлер де, қарапайым көзі ашық азаматтар да ден қоя бастаған бұл азаматтық қоғам деген не? Азаматтық қоғам адамдардың сөз, жиналыс, еркін пікір айту, өз ойын ашық жеткізу, төл құқығын қорғай білу, еңбек ету, оқып-білім алу, әлеуметтік жағынан қорғалу, өзінің адами қажеттіліктерін қанағаттандыру деген құқықтарын қамтамасыз ете ала ма? Азаматтық қоғам көпшіліктің өмірден күткен сұраныстарына толық жол ашатын бірден-бір институт-феномен бе, әлде олардың көңілі ауған уақытша қызығушылық па? Сонда азаматтық қоғам дегеніміз не?
Кез келген адам белгілі аумаққа иелік еткен елде өмір сүреді. Бұл ел демократиялық, жартылай демократиялық, монархиялық немесе авторитарлық, империялық немесе тоталитарлық мемлекет болуы мүмкін. Мемлекеттің өз конституциясы, рәміздік белгілері бар. Мемлекеттік билік жүргізетін әкімшілік аппараты бюрократиясы бар. Ол Конституция негізінде елді, қоғамды басқарады, оның қалыпты өмір сүруін, еңбек етіп, материалдық, рухани игіліктерді дүниеге келтіруін, жасампаздық істерді жүзеге асыруын, елдің ішкі-сыртқы қауіпсіздігін, бір сөзбен айтқанда, азаматтардың өркениетті өмір сүруін қамтамасыз етуге басшылық етеді.
Қоғамда мемлекет билігінен, оның институттарынан басқа құрылымдар, топтар, қауымдастықтар да өмір сүреді. Өйткені адамдар мемлекет қабылдаған заңдар мен жарлықтарға сәйкес өмір сүргенімен, олардың бәрі бірдей мемлекеттік институттармен тегіс қамтыла бермейтіні белгілі. Қоғам мүшелерінің бәрі бірдей мемлекеттік қызметшілер немесе шенеуніктер емес, олардың көбі қарапайым азаматтар. Олардың өз қабілеттерін, мүмкіндіктерін, ерік-жігерін, саяси-адами сұраныстарын, өз талаптарын іске қосу үшін мемлекеттік институттардан басқа азаматтық қоғам құрылымдарын қажет етеді. Осы өмірлік қажеттіліктер азаматтық қоғамды талап етеді. Адамдардың арман-қиялынан емес, күнделікті тұрмыс-тіршілік қажеттіліктерінен туған феномен бұл азаматтық қоғам болып табылады.
Саясаттану сөздіктерінде азаматтық қоғамның анықтамасы біркелкі емес. Бірақ ғалымдар арасында қалыптасқан анықтама мынаған әкеп саяды. Азаматтық қоғам дегеніміз мемлекеттен тәуелсіз және онымен қатар өмір сүретін қоғамдық өмірдің айрықша саласы, ол әртүрлі әлеуметтік топтардан, бірлестіктерден, мәдени, ұлттық, кәсіби және басқа қауымдастықтардан құралады. Ол адамдардың сан қырлы мүдделерін бейнелеудің маңызды формалары ретінде қызмет етеді.
Гегель кезінде мемлекеттің әрекет ететін аумағы ортақ мүдделерді қорғау болса, ал азаматтық қоғамның аясы жеке мүдделерді қорғаумен ерекшеленеді деген болатын.
Ал бүгінгі әдебиеттерде азаматтық қоғамға қоғамдағы саяси қатынастардың бүкіл жиынтығын жатқызады, яғни бүкіл саяси жүйенің өмірлік негіздерін құрайтын экономикалық, әлеуметтік, оның ішінде ұлттық, адамгершілік, діни қатынастардың жиынтығы енеді.
Бүгінгі қолданыста азаматтық қоғамның мынандай анықтамасы кеңінен кездесіп жүр. Ол: азаматтық қоғам адамдардың өз еркімен құрылған ассоциациясы мен ұйымдарының саласы, олар белгілі заңдар арқылы мемлекеттік билік органдарының тарапынан араласуды, қол сұғуды мойындамайтын, мемлекетке тәуелсіз институттардың жиынтығы.
Ресей Ғылым академиясының академигі Ю.Поляков өзінше азаматтық қоғамға анықтама беруге ұмтылып, азаматтық қоғамды орта ғасыр мен абсолютизмнің жемісі емес, жаңа және қазіргі тарихтың жемісі деп бағалайды. Өйткені тарих әрқилы кезеңді бастан кешірді. Онда жағдай түрліше болды. Мемлекет адамның конституциялық құқықтарын қорғау мен қамтамасыз ету үшін қажетті әрі ықпалды құрылымдарға ие бола отырып, демократиялық қағидаттарды басшылыққа ала отырып, қоғамдық құрылысты күштеп құлатуды жақтамайтын қоғамдық ұйымдардың бәрінің жұмыс істеуіне кедергі келтірмейтін кезеңде “азаматтық қоғам пайда болады” деген пікірді айтады. (Қараңыз: “Свободная мысль ХХІ”, 2006, №1/2, 58 б.)
Азаматтық қоғам бұл дамудың белгілі сатысында экономика, саясат және әлеуметтік-рухани салаларда ерікті түрде құрылған мемлекеттік емес құрылымдар болып табылады. Екіншіден, мемлекеттік емес экономикалық саяси, әлеуметтік, отбасылық (семьялық), ұлттық, рухани, діни, адамгершілік және басқа қатынастардың жиынтығы.
Үшіншіден, еркін индивидтердің және азаматтардың өз еріктерімен топтасқан ұйымдары мен ассоциацияларының өзін-өзі көрсету саласы. Сонымен азаматтық қоғам мемлекет өзінің тікелей қарамағына алмаған қоғамның белгілі бір құрамдас бөлігі.
Бұрын қоғамда экономиканың гүлденуі қамтамасыз етілгенде демократиялық сананың өзі өз кезегімен өмірге берік енеді деген ұғым үстем болып келген-ді.
1992 жылы “Тарихтың ақыры және соңғы адам” деген еңбегінде Ф.Фукуяма бұл қағидаға соққы беріп, оны жоққа шығарды. Экономикалық өрлеу мен демократияның салтанат құруында тікелей еш байланыс жоқ деген ұйғарым жасады. Бұлар бірі бірін жетелеп өмірге әкелмейді. Тіпті демократия экономикаға кері әсер етеді деген де байлам жасады.
Адам тамағы тоқ, киімі бүтін болса да, ешқандай қанағат сезіміне бөленбейді. Ол өзін қоршаған ортаның мойындауын, бағалауын, құрметтеуін аңсайды. Мұндай сезімнің күштілігі соншалық адам баласы кейбір оқыс қимыл-әрекеттер арқылы өзін көрсетуге еріксіз тырысады. Осы жолда тәуекелге барады, оппозицияға қосылады, ереуілге шығады, билікке қарсы пікір айтады, қарсылық білдіріп, сындар айтады, әділеттілікті талап етеді. Өзін күрескер ретінде көрсетуге ұмтылады. Қоғамдағы либерализм оған мұның бәрін жасауға еркіндік береді. Өзін мойындату үшін адам бәріне барады: тәуелсіз баспасөз беттерінде сөйлейді, парламентке өтуге тырысады, саяси партиялар мен қозғалысқа қатысады. Түрлі қоғамдық бірлестіктерге барып, өзін танытуға ұмтылады. Сол арқылы ішкі наразылықтарын, тілек-талаптарын сыртқа шығарып, нақты іске айналдыруға тырысады.
Бұл адамдарды азаматтық қоғам институттарына бірігуге жетелейді. Бұған көбінесе билік те себепші болады. Шенеуніктер қарапайым адамдарды көзге ілмейді, оларға азамат-тұлға деп қарамайды, тілек-талаптарын жүре тыңдайды. Бары да, жоғы да бірдей деп есептейді. Бұл адамдардың бойында ыза-кек, ашу-реніш туғызады. Оны жеке адам оңаша жүріп толық көрсете алмайды. Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпастың мәнін жете ұғынып, ұжымдасуға мәжбүр болады.
Өзін таныту, ашу-ызасын анық сездіру үшін адамдар амал-айла іздейді. Мұның бірден-бір жолы ұйымдасу, бірігу деп біледі. Сондықтан да азаматтық қоғамды мемлекеттен тәуелсіз жеке адамдардың өз еркімен ұйымдарға бірігуі, өздерін өздері танытуға мүмкіндік алуының бірден-бір алғышарты деп ұғады. Сонымен азаматтық қоғамды өмірдің өзі туғызады.
Азаматтық қоғамның құрылымы күрделі, ол негізінен үш салада көрініс береді. Біріншісі, экономикалық салада азаматтық қоғамның құрылымдық элементтеріне мемлекеттік емес кәсіпорындар кооперативтер, арендалық ұжымдар, ассоциациялар, корпорациялар және тағы басқа шаруашылық саласындағы, азаматтардың өз бастамаларымен ұйымдасқан еркін бірлестіктері жатады.
Екіншісі, әлеуметтік-саяси саладағы азаматтық қоғамның құрамына: отбасы, қоғамдық, саяси-қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, тұрғын жайдағы қоғамдық өзін-өзі басқару органдары (КСК) немесе еңбек және басқа ұжымдардағы өзара көмек беру кассалары, әлеуметтік шиеленістерді шешетін тетіктер, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары және т. б.
Үшіншісі, азаматтық қоғамның рухани өмірдегі көріністері: сөз, жиналыс бостандығын, өз пікірлерін емін-еркін жеткізу, шығармашылық, ғылыми және басқа бірлестіктердің мемлекеттен және саяси жүйеден тәуелсіз өз еркін білдіруі болып табылады.
Азаматтық қоғамның бұл үш салада бірдей өз құрылымына ие болуы оның қоғамдағы орнын әрі маңыздылығын көрсетеді.
Азаматтық қоғамның қалыптасуына бұл күнде ықылас күшейіп келеді. Оған билік те, оппозиция да, либерал-демократтар да, консерваторлар да зейін қоюда.
Либералдар болса, мемлекеттің күшеюіне мүлдем қарсы, олар биліктің ықпалын, әсер ету шеңберін тарылтып, оның үлесіне белгілі саланы ғана қалдыруды жөн санайды. Мұның бірден-бір жолы азаматтық қоғамды қалыптастыру деп түсінеді. Олар азаматтық қоғамды дамыту арқылы мемлекеттің ықпал ету аясын шектеуді демократияға жетудің бірден-бір жолы деп таниды. Мұнда белгілі бір негіз бар. Азаматтық қоғам адамдардың белсенділігін арттырады. Саяси ғана емес, әлеуметтік, рухани, адами қабілеттері мен мүмкіндіктерін толық іске қосуға кеңінен жағдай жасайды.
Қоғамның әрбір мүшесі өзінің жасына, жынысына, әлеуметтік тегіне, табиғи бейімділігіне қарай өзінің ішкі әлеуеттік қабілеттерін жүзеге асыру үшін қоғамдық ұйымдарға бірігеді, өз мүдделерін қорғауға мүмкіндік алады.
Саяси билікке араласу үшін саяси партиялар мен қозғалыстарға қатысады. Өнердегі дарынын жетілдіру үшін көркемөнерпаздар ұжымдарын ұйымдастырады. Бұдан ол өзіне ләззат алады. Зейнеткерлер де ересектер хорына қатысып, көпшілік алдына шығып, ән айтады. Бұдан материалдық пайда көрмесе де, адами қанағаттану сезіміне ие болады. Филателистер, шахматшылар, балық аулаушылар, шаңғы тебушілер, парктерде ертемен жүгіретін топтар құрылып, жұмыс істейді. Өзара араласу, қарым-қатынасқа түсу адамдарда белгілі бір қуаныш сезімін туғызады, өздеріне жігер беріп, өмірге деген құштарлығын арттырады.
Адам баласы бір-бірімен қатынас жасауға, өзара пікірлесуге ортақ мәселені бірлесіп шешуге әрқашан ынталылық танытады. Сондықтан да материалдық ынталылықтан басқа адами қажеттіліктер де азаматтық қоғамның институттарын жасақтауға себепші болады. Мәселен, тұрмысы жақсы отбасын алайық. Үй иесі ақшалы кәсіпкер, зайыбы үйде. Тұрмысқа қажеттінің бәрімен бұлар қамтамасыз етілген. Ештеңеге мұқтаж емес. Бірақ кәсіпкердің зайыбы үйде босқа отыра алмайды. Өмірге араласқысы, еңбек еткісі келеді. Өзі өнерді жақсы көреді. Живописьті жақсы түсінеді. Ол жас суретшілер клубын ұйымдастырып, оған бұл өнерге икемді жас талапкерлерді тартады. Олардың сурет көрмелерін ұйымдастырады, насихаттайды. Бұдан өзіне ләззат алады, қанағат сезіміне бөленеді.
Жоғарыда азаматтық қоғамның анықтамасына әрі оның құрамына тоқталдық. Азаматтық қоғамға деген үлкен ықыласты, оны қалыптастыруға мүдделілікті айттық.
Өткен жылы Демократия мен азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия мәжілісінде “Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың (2006-2011 ж. ж.) тұжырымдамасы” әзірленіп, баспасөзде жұртшылықтың талқылауына ұсынылды. Оны жаңадан құрылған Мемлекеттік комиссия да қайта қарап, өз өзгерістерін енгізді.
Баспасөзде жарияланған жобаның өзінде (“ЕҚ” мен “Казахстанская правда”, 9.07.05) азаматтық қоғамға жете мән берумен бірге бірқатар екіұшты пікірлер де кездеседі.
Бұл жобада қоғам елдің экономикалық, саяси дамуының белгілі бір кезеңінде, халықтың әл-ауқаты, мәдениеті мен өзіндік төл санасы өсуі кезінде азаматтық қоғамға ұласады деп жазылған. Шындығына келгенде, бұл көрсеткіштер азаматтық қоғамның дүниеге келуін туғызбайды, керісінше, азаматтық қоғам бұл биік деңгейді қамтамасыз ету үшін өмірге келеді, яғни азаматтық қоғам адам баласының тіршілік етуінің маңызды факторына айналады, материалдық, мәдени және рухани өрлеуді, халықтың өзіндік танымын қамтамасыз етеді. Сол үшін халық азаматтық қоғамды қажет етеді. Азаматтық қоғам адам дамуының жиынтығы-салдары емес, сол адам қоғамының қалыптасуының құралы, себебі болып табылады. Себеп пен салдарды шатастырмай, яғни атты арбаның соңына емес, алдына жегу керек.
Азаматтық қоғам, шындап келгенде, халықтың әл-ауқатының жақсаруына, мәдениеті мен санасының өсіп-өркендеуіне қызмет етеді. Ал жобада айтылғандай, азаматтық қоғам бұл алғышарттар дайын болғанша күтіп отыра алмайды, керісінше, бұл өрлеуді азаматтық қоғамның өзі қамтамасыз етеді. Молшылық қашан болады, материалдық-рухани игілік қашан жасалады деп, азаматтық қоғамға ұмтылмай, қол қусырып отыра беруге әсте де болмайды. Жобадағы қағидаға сүйенсек, кедей елде ешқашан азаматтық қоғамға үміт арту мүмкін емес. Бұл теріс пікір.
Мұның өзі азаматтық қоғамның шын мәнісі мен басты мұратын түсінбеу деген сөз. Керек болса, алғашқы қауымдық құрылыс тұсында да азаматтық қоғам өмір сүрген.
Сондай-ақ жобада “азаматтық қоғамды қалыптастырудың аса маңызды алғышарты адам тұлғасы маңызының артуы болып табылады”, делінген. Бұл да дәл ұғым емес. Мұнда себеп пен салдардың орны ауысып кеткен. Азаматтық қоғам тұлға (личность) рөлі артуының алғышарты емес, керісінше оның нәтижесі, салдары болып табылады.
Біз азаматтық қоғамды құруға не үшін ұмтыламыз? Өйткені азаматтық қоғам адамның тұлғалық мәнісінің артуына себепші болады. Сол үшін оған тырысамыз. Тұлғаны дамыту азаматтық қоғамды қажетсінеді. Сол қоғам өмірге келгенде адамның тұлғалық мәні арта түседі.
“Азаматтық қоғам саяси жүйені демократияландыру жағдайында ғана өсудің биік деңгейіне көтеріледі” деген тұжырым да дәл емес, даулы қағида. Керісінше, азаматтық қоғамның дамуы мен нығаюының өзі саяси жүйені демократияландыруға әсер етеді.
Саяси жүйені жетілдірудің өзі азаматтық қоғамды қалыптастыруға тікелей байланысты. Сондықтан да біз бұл күнде тоталитаризм мен авторитаризмге жол бермеу үшін азаматтық қоғамға иек артып отырмыз, сол арқылы саяси жүйені жетілдіруге күш салудамыз.
Қазақстан халықтары Ассамблеясын өзінің құрылымы, қызметі жағынан азаматтық қоғам институтына жатқызуға болады. Бірақ оның құрамында билік өкілдерінің, шенеуніктердің көп болуы оны бұл сипатынан қашықтата түседі. Қазір ол билік пен ұлттық диаспоралардың арасындағы дәнекерлік институт болып отыр. Оған ұлттық мәдени орталықтар мен ұлттық құрылымдар енеді. Бұлар ұлт диаспоралары арасында белгілі мәдени, этнографиялық құндылықтарды, ұлттық әдет-ғұрыпты, ұлттық тіл мен өнерді дамытуда белгілі рөл атқаруда. Ұлттық элиталардың қоғамдық өмірге араласуына жағдай жасауда. Олар өз диаспораларының мүддесін қорғап, солардың көңіл-күйлерін, саяси ахуалын бейнелеп отыр. Бірақ бұл орталықтар саяси институттар болып табылмайды. Олар ұлтаралық қатынастардың түбегейлі мәселелеріне тереңдеп бойлап, олардың көкейкесті мәселелерін талдап-шешуге, сүбелі, перспективалық міндеттерді алға тартуға әлі әзір емес. Ұлтаралық қатынастардың терең құбылыстарын зерделеп, олардың мән-мағынасын, өмірде кездесетін қайшылықтарын шешудің жолдарын көрсетуге әлі қабілетсіз, әлсіз.
Азаматтық қоғам институттарының құрамына мемлекеттік емес тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары да жатқызылып жүр. Шындап келгенде, бұлардың да өз өзгешелігі бар.
Көптеген газет-журналдар мен электрондық ақпарат құралдары мемлекеттен тендер арқылы тапсырыс алады немесе үкіметке жақын кәсіпкерлер мен банктердің, ірі корпорациялардың қаржысымен күн көреді. Сондықтан да оларды азаматтық қоғамның функцияларын толық мәнінде атқарып, жалпы азаматтық мәселелерді шешумен айналысады деп айту қиын.
Сондай-ақ азаматтық қоғам құрылымына үкіметтік емес ұйымдар жатқызылып жүр. Бұлардың өзіне де сын көзбен қарау керек.
Үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету деген ұғым пайда болды. Сонда бұл ұйымдар билік жүргізетін мәселелерді атқаратын болса, әрі бұл үшін бюджеттен қаржы алып істейтін болса, онда ол қалай үкіметтік емес болады? Әдетте үкіметтік емес ұйымдар деп мемлекеттік құрылымдардан өзгеше, азаматтардың өз кәсібіне, жасына, жынысына, білім дәрежесіне, бейімділігіне қарай өз ынталарымен қоғамдық ұйымдарға бірлесіп, қоғамға да, өздеріне де пайдалы қызмет атқаратындарды айтамыз. Олар мемлекеттен бір теңге де алмай, шетелдік не отандық үкіметтік емес қорлардан, демеушілерден, қайырымдылық ұйымдардан түскен қаржымен белгілі бір әлеуметтік, мәдени, саяси, рухани, психологиялық, адами, тәрбиелік міндеттерді шешумен шұғылданады. Қазір билік пен үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орындау шеңберіндегі әріптестігі жүзеге асырыла бастады. Мұның өзі үкіметтік емес ұйымдарды түгелімен азаматтық қоғамға жатқызуға болмайды деген сөз. Әсіресе коммерциялық және алпауыт басқарған жекеменшік корпорациялар. Бұлар қоғамда ықпалды күшке айналғаны сонша, билікпен жең ұшынан жалғасып кеткен. Олар өз мүдделерін билікке тықпалауға бейім әрі ықпалды. Сондықтан да оларды азаматтық қоғам мүдделерін толық бейнелей алады деп айту қиын.
Азаматтық қоғам тұжырымдамасының жобасында саяси партиялардың рөлін арттыру жайы да ескерілген. Саяси партияларға мемлекеттік қолдауды ұлғайту деген ой айтылған. Мұны қалай түсінуге болады? Саяси партиялардың біразы билік партиясы болып табылады. Сондықтан да оларды биліктің саясатынан өзгеше өзіндік халықтық сипаттағы бағыт-бағдар ұстай алады деп айту ертерек секілді. Сол себептен саяси партиялардың бәрін азаматтық қоғамға жүктелетін функцияларды атқарады деп айту қиын.
Айтылған жобада азаматтық қоғамның қазақстандық моделін (үлгісін) қалыптастыру деген тіркес бар. Мұны қалай түсінуге болады? Азаматтық қоғамның аймақтық, ұлттық үлгілерінің болғаны ма? Шынында, азаматтық қоғамның этностық ерекшеліктері жоқ, ол жалпы азаматтық, халықтық сипатқа ие, оның таптық, ұлттық, өңірлік сипаты жоқ.
Бір сөзбен айтқанда, азаматтық қоғам мемлекеттік құрылымдарды алмастырмауға тиіс. Мемлекеттік құрылымдар өз функциясын, азаматтық қоғам өз қызметтерін атқаруы абзал. Олар бір-бірін қайталамай, бір-бірін толықтырып отыруы қажет. Мемлекеттің қолы жетпей тұрған мәселелерді азаматтық қоғам өз иелігіне алуға тиіс. Ал үкімет оған кедергі келтірмей, түсіністікпен бірлесіп, өмір сүруі керек. Билік пен азаматтық қоғам адамдардың бейбіт, жарасты тіршілік етуіне көмектесуі қажет.
Азаматтық қоғам уағыз жүргізуші институт емес, ол нақты іспен айналысушы, адамдардың өмір сүру салаларының бәрінде экономика, саясат, рухани салаларда өзін белсенді түрде көрсете білуі керек.
Осыған орай азаматтық қоғам институттарын мемлекет тарапынан қаржыландыру жайына тоқтала кетейік. Мұның өзі даулы пікір. Бұл ел конституциясына сәйкес келе бермейді. Оның үстіне үкіметтен қаржы алу белгілі бір мөлшерде тәуелділікке алып келеді. Оның ақиқатты толық айта алмауына әкеледі. Сөйтіп қоғамдық пікірді дәл бейнелей алмайды. Шетелдік грант арқылы жұмыс істеу де үкіметтік емес ұйымдарға толық тәуелсіздік береді деп айту қиын. Мұнда да ішкі есеп жоқ емес. Дегенмен де бұл тікелей мемлекет қаржысы есебінен күн көру емес. Сондықтан да мұндай грантпен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар қоғамдағы шындықты біршама еркін айта алады деуге болады. Бірақ бұған парламенттік талқылау кезінде көп күдік келтірілді. Енді конкурста жеңген жобаға грантты мемлекеттің өзі беретін болды. Бірақ мұның қолайсыз, тиімсіз жағы да бар. Мұндай ұйымның қоғамдық пікірді дәл әрі нақты бейнелей алуына сенім аз.
Сондай-ақ бағыты мен мазмұны жағынан бизнесті құрайтын үкіметтік емес ұйымдар жеткілікті, олар қоғамдағы ірі мәселелерді шешеді, билікке белгілі дәрежеде ықпал етеді. Олардың билікпен ымыраласып кетуі жиі кездеседі. Сондықтан да бұларды бүтіндей азаматтық қоғам институттарына жатқызу қиын.
Коммерциялық бағыттан өзге тұрғындардың, азаматтардың мүдделері мен талаптарын шешетін, ынталылық негізде жұмыс істейтін олардың ұйымдары азаматтық қоғамның өзегін құрайды.
Либералдық демократия өкілдері азаматтық қоғамды алдыңғы кезекке шығарып, қоғам, ел өміріндегі мемлекеттің рөлін шектеуге, оның бірқатар өмір салаларына араласуын тежеуге, оның назарында қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті, сыртқы қатерден сақтауды ғана қалдырып, қоғам тіршілігінен алшақтатуды насихаттап келеді. Мұнымен келісуге болмайды. Мемлекеттің мәнін-мазмұнын кеміту, тежеу емес, керісінше оның рөлін күшейту, мықты мемлекет жасақтау қажет. Мықты мемлекеттікті қамтамасыз ету деген сөз аузынан от шашқан, қаһары айбындаған, бәрін басып-жаныштауға құштар, күш пен озбырлықты қару еткен айдаһар тектес мемлекет құру емес, керісінше адамның құқығы сақталатын, оны аяққа басуға мүмкіндік берілмейтін, заңдарының орындалуы күшті, экономикасы мен ғылымы, мәдениеті мен әлеуметтік саясаты жетілген, отан қорғау қабілеті мен қауіпсіздігіне елдің сенімі күшті мемлекет құру деген сөз. Сондықтан да мемлекет әлеуетін тежеу, оның ықпал ету аясын тарылту мақсатында азаматтық қоғамға біржақты үміт арту өзін әрдайым ақтай бермейді. Азаматтық қоғамды барлық қиындықтан құтқаратын абсолюттік институт деп те қабылдауға болмайды. Жуырда “Известия” газетінде (7. 06.06) Ресей ғалымы В.Федоровтың мақаласы шықты. Ол азаматтық қоғамның өзінің де ала-құлалығын жазды. Онда ұлтшылдардан бастап интернационалистерге, нарықты қолдаушылардан большевиктерге дейінгі түрлі ағымдар бар. Сонда скинхедтер мен оған жақын, ыңғайлас азаматтардың ұйымдарын қайда жатқызуға болады? Cондықтан да азаматтық қоғамды нендей бір киелілер қоғамы деп қарауға болмайды, деп жазды ғалым. Мәселен, Германия мен Францияда азаматтық қоғам кең өріс алған. Одан не пайда? Канцлер Г.Шредер 2010 жылға арналған жаңа бағдарлама ұсынып, іске асыра бастап еді, азаматтық қоғам шу көтеріп, бундестагқа мерзімінен бұрын сайлау өткізіліп, канцлер қызметінен кетуге мәжбүр болды. Өткен жылғы Франциядағы иммигрант жастар ұйымдастырған тәртіпсіздіктер мен демонстрациялар нені көрсетті: дамыған азаматтық қоғамның өзі негізгі әлеуметтік проблемаларды шешуді қамтамасыз ете алмайды. Биыл да студенттердің жаппай ереуілі болды. Үкімет қабылдаған өз шешімін қайтарып алуға мәжбүр болды. Сарапшылардың айтуына қарағанда, бұл қарар жастардың өзі үшін қажетті әрі пайдалы екен.
Мұның өзі азаматтық қоғам елдегі көкейкесті мәселелерді шешуде үнемі дұрыс бағыт ұстайды деп кесіп айтуға болмайтынын дәлелдейді. Азаматтық қоғам адамдардың қалыпты өмірін қалыптастырудың қажетті шарттарының бірі, бірақ ол жалғыз ғана амалы емес. Сондықтан да кейбір ағымдар мен демократтардың жалықпай қақсап келе жатқанына қарамастан, мықты мемлекеттің қоғам алдындағы рөлін, қажеттілігін бекерге шығару дұрыс емес. Ең бастысы, биліктің үстемдігін емес, заңның үстемдігін қамтамасыз етуіміз керек.
Рас, бұл күнде басқарудың бір орталықта, бір қолда шоғырлануын ешкім де дұрыс деп санамайды. Қоғамда бұл пікір толық қалыптасқан. Мұның өзі оңды құбылыс. Сондықтан да біздің елімізде мемлекеттік биліктің өңірлік, аймақтық буындарға да қарай ауысуына, жергілікті өзін-өзі басқаруға көшуге талпыныс жасалып отыр. Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссия саяси жүйені жетілдіру мақсатымен осы мәселеге де үлкен мән беріп, арнайы жұмыс тобы ұсыныс әзірлеуде. Жергілікті өзін-өзі басқарудың құрылымдық жүйесі мен оны қаржыландыру мәселелерін шешуді ойластыруда. Жергілікті өзін-өзі басқарудың мемлекеттік әрі қоғамдық негіздегі екі формасын ұтымды ұштастыра білуге күш салынбақ. Унитарлық мемлекетте жергілікті өзін-өзі басқару деген сөз елді басқаруды жергілікті әкімшілікке түбегейлі беру деген сөз емес.
Бұл жергілікті биліктің қарамағына белгілі бір мәселелерді, атап айтқанда, күнделікті тұрмысқа, тіршілікке қажет жайларды шешуді алыстағы орталыққа сілтемей, жергілікті жерде қанағаттандыруға мұрсат беру деген сөз. Мұның өзі орталықтың уысынан төменгі билік біржола шығып кетеді деген сөз емес. Бұл қабылданған жалпы заңдар негізінде, соның шеңберінен шықпай жергілікті жерде билік жүргізу болып табылады. Заң арқылы жүйелі түрде күнделікті тіршілік мәселелері оқу-білім, дәрігерлік көмек, зейнетақы, ауыл-аймақтағы қоғамдық тәртіпті сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, некеге отыру, бала мен қарттарға қамқорлық жасау жүзеге асырылады. Бірақ мұның бәрі мемлекеттік заңдар негізінде, Конституция аясында жүргізіледі. Елді басқару халыққа жақындайды, олардың ұсақ-түйекпен орталыққа шапқылауын азайтып, мәселелерін жергілікті жерлерде шешуіне мүмкіндік туғызады. Бірақ бұл мемлекет өзінің реттеушілік тізгінінен біржола айрылады деген сөз емес. Өз функциясын, өз міндетін мемлекет елдегі бірыңғай ортақ заңдармен реттеп отырады. Жергілікті өзін-өзі билеуде қоғамдық өзін-өзі басқаруды да дамытудың маңызы зор. Өйткені халықтық өзін-өзі басқаруы қожайын мен құлдың айырмашылығын жоққа шығарады, деп Ф.Фукуяма бекерге айтпаған. Мәселен, көше комитеттері, ақсақалдар алқасы, ойын-сауық, демалыс кештерін ұйымдастырудың қоғамдық формалары, түрлі өнерпаздық бірлестіктер, шахмат, спорт клубтары және басқалардың жергілікті тіршілікті жандандыруда, олардың мән-мазмұнын шырайландыруда, тұрғындардың белсенділігін арттыруда маңызы күшті. Кезінде кеңес заманында мұндай институттар болған. Қазір олар ұмыт болды. Кеңестік кезеңдегінің бәрі жаман деген желеумен бәрі мансұқ етілді. Бұл дұрыс емес. Ол формаларды өмір қажеттіліктері, уақыттың өзі туғызған. Олардың пайдалыларын қазір де іске қосқан абзал.
Азаматтық қоғам жағдайындағы адамдарды қалыптастыру жайы Ресей ғалымдары М.Кузьмин мен О.Артеменконың назарына іліккен. (Қараңыз: “Вопросы философии”, №6, 2006). Бұл маңызды проблема. Өйткені азаматтық қоғам адамдар арасындағы қатынасқа да өз әсерін тигізеді. Жаңа азаматтық қоғам өзіне сай келетін қоғамдық қатынастардың субъектілерін жаңа адамдарды қалыптастыруды қажет ететіні сөзсіз.
Дәстүрлі ескі қоғамнан жаңа азаматтық қоғамға өту жаңа қатынастарға сай келетін жаңа адамдардың қалыптасуын күн тәртібіне қояды. Нарық заманы өзіне сай “жаңа қазақтар”, “жас түркілер”, “жаңа іскер адамдарды” туғызды. Дәстүрлі қоғам жағдайында сауда-саттыққа жақын адамдарға көзқарас басқаша болды, олар өз орталарында “ала қарғадай” оқшау сезілді. Енді оларға деген теріс көзқарас, салқын қабақ таныту атымен жойылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Отан” партиясы съезінде: “Қазақстан бизнесінің лидерлеріне құрметпен қарауды үйренетін уақыт жетті”, деп атап айтуы да сондықтан.
Дәстүрлі қоғам адамының азаматтық қоғам қалыптасқан жағдайдағы адамнан ерекшелігі бүгін көзге айқын ұрып тұр. Жаңа замандағы адамды тәрбиелеу қазіргі күнде отбасы (семья), білім ордалары және басқа әлеуметтендіру институттарының алдына үлкен міндеттер қояды.
Әр заманның өз қаһармандары болған. Мұндай дәуір мойындайтын тұлғалар бүгінгі азаматтық қоғам жағдайында да ауадай қажет. Әзірше мұндай еліктеуге тұрарлық өнегелі тұлғалар аз болып тұр. Посткеңестік дәуірде бұрынғының бәрін мансұқ ету жастардың бойында нигилизмді, күдікшілдік сезімдерді бекіте түсті. Оларды мұндай сезімнен арылту бүкіл қоғамның міндеті.
Азаматтық қоғам адамдардың өзіне сенімін орнықтырып, белсенділігін арттырғанымен бірге жағымсыз мінез-құлықтардың да бас көтеруіне жол ашты.
Еңбекті дәріптеу, қастерлеудің орнына еңбектен қол үзу (эмансипация от труда), еңбек етпеудің ләззатын сезіну, тер төкпей өмірдің барлық рахатын игеруге ұмтылу, гедонистік сипаттағы сезімге тояттау басымдық ала бастады.
Мұның өзінің еңбекті тәрк етіп, бойкүйездікке, жатыпішерлікке, тоғышарлыққа ұрындыруы ықтимал. Ол адамды азғындыққа бейімдеп, ақсаусақтыққа үйретеді. Еңбек бірінші өмір қажеттілігі болудан қалып, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп күн көруге машықтандырады. Адамды жасампаздық үдерістен айырып, аз бейнетпен көп пайда табуға жетелейді. Бас ауыртпай күн кешу, рахатын көруге құмарта түседі. Еркіндікті шексіз сезіну адамдарды еңбектен де бос болу, яғни адам мінез-құлқының құндылығын еңбек ету өлшемімен емес, керісінше еңбектен азат болу, уақыттың құнын қызық-думанмен бағалау өріс ала түсті.
Жаңа идеал-мұраттар өнімді еңбекке бейімделмей, тұтынуға бағытталумен ерекшелене бастады.
Мемлекет меншігін жекешелендіру кезінде шексіз байлықты еңбексіз, маңдай терсіз иелену адамдардың бойында аз қиналып, көп пайда табу психологиясын бекіте түсті. Өндіруші емес, арадағы делдалдық қатынас алға шығып, негізгі кәсіп екінші кезекке ысырылды. Ат төбеліндей азшылықтың еңбектен қол үзуі арзан жұмыс қолдарының болуынан туды. Соның салдарынан еңбектен жалтарып, тұтынуға ғана машықтанған адамдар тобы қоғамда екшеліп шыға бастады. Еңбек ету уақыт өткізу, қызық қуу үшін емес, одан ләззат, қанағат сезіміне бөлену үшін де керек. Өз еңбегінің жемісін көру адамға қанат бітіреді, оның мақтаныш сезімін туғызады. Ал бізде еңбекке көзқарас қалай болып отыр? Мұны бір сөзбен кесіп айтуға болмайды. Көз бояп, алдау-арбаумен көп ақша тауып, баю бар да, сондай-ақ саналы, таза еңбек етіп, одан әрі табыс, әрі ләззат алып, күн көру де бар. Бірақ мұның қайсысына басымдық берілетіні қоғамдық пікірде еш сараланбаған. Сондықтан да еңбек адам мәртебесін, оның қоғамдағы орнын бағалаудағы негізгі өлшем болмай отырғаны ешкімге де құпия емес. Мұның бәріне сын көзбен қараған жөн.
Қысқасы, азаматтық қоғам он бес жылда кең өріс алмады, демократия Америкадағыдай биікке көтерілген жоқ деп бүгін қара аспанды суалтудың керегі бола қоймас. Мәскеу бір күнде салынбаған деген көршілерімізде қанатты сөз бар емес пе.
Бізге демократия да керек, азаматтық қоғам да керек. Әділеттік пен теңдік те керек. Өркениеттілік пен зиялылық та қажет. Бірақ соның бәрі бір-екі онжылдықта бола қоя ма?
Халық, ұлт өзінің қалыпты даму шеңберінен бірден аттап кете ала ма? Адам өз бойынан жоғары секірсе, мерт болмай ма? Қоғамның даму заңы да солай.
Асығыс батыс демократиясын Африканың сахарасына әкеп таңғанмен, ол жеміс бере ме? Тропиканың кипарисін Африка топырағы қабылдай ала ма? Әрине, жоқ. Демократия да солай.
Жеке алғанда, тарихи ортасынан бөлініп алынған бірде-бір құбылыс жұмаққа жеткізбейді. Қоғамның даму кешенді алғышарттарға тікелей байланысты. Мәселен, Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру де бізді жарылқай салмайды. Жарылқаса Қырғызстанды жарылқар еді ғой. Дайындықсыз бұл ұйымға кіру қырғыздарды жоқшылықтан құтқарған жоқ. Бірақ солай екен деп, бұл ұйымға кіруден біз қашып отырған жоқпыз. Дайындалып жатырмыз.
ЕҚЫҮ-ға төрелік ету де бізді ұшпаққа шығармайды, оған өтпей қалсақ та, Қазақстан қаусап қалмайды. Бірақ елдің еңсесін көтеру, әлемге өз мүмкіндігін таныту үшін бұл төреліктің, әрине, зияны жоқ. Сондықтан да талаптанып жатырмыз.
Алматы 2014 жылы қысқы олимпиада өткізу құқығына ие бола алмай қалды. Бұған қайғырып, қара жамылудың да еш қажеті жоқ. Елдің мерейін көтеру үшін ұсыныс жасадық. Өтпей қалды. Өкінетін ештеңе жоқ.
Ең бастысы адамның дұрыс даму бағытынан ажырап қалмауы. Мемлекеттің өз стратегиясы бар. Сол бағытты сенімді түрде жүзеге асыра беру қажет. Эволюциялық жол да мұратқа жеткізеді. Мәселе елдің бейбіт, жасампаз іспен шұғылдануына қалыпты жағдай жасау болып табылады. Сонда межеге алған істің бәрі біртіндеп жүзеге асады.
Бұл үшін азаматтық қоғам құруымыз керек. Бұл әлемдік тәжірибе мойындаған құбылыс. Бірақ бұған науқан ашып, график-кесте жасап, бесжылдық жоспар белгілеудің де қажеті жоқ.
Қоғамдық пікір қолдаған, өмір қажет еткен азаматтық қоғам институттары жасақталып, жұмыс істеуге құқылы. Бұған билік те, оппозиция да ынталы екендігі сөзсіз.
Ең бастысы, азаматтық қоғам адамдардың мақсат-мұратын қанағаттандыруға, олардың тіршілігін ажарландырып, әрлендіруге жұмыс істеуге тиіс.
Алдан осыны күтеміз.